Ислам асыл дініміз

Ассалямуалейкум! Сұрайын дегенім, мәзхаб ұстану дұрыс па?

Айгул

Уағалейкумуссалам! Айгул, мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығына «мәзһаб» делінеді.

Мәзһаб ұғымын жете түсіне алмаған кейбір кісілер халық арасында: «Сен Пайғамбардың (с.а.у.) сүннетімен жүресің бе, жоқ әлде Ханафи мәзһабын ұстанасың ба?» дегендей сөздерімен Ханафи мәзһабын ислам дінінен бөлек етіп көрсетуге тырысуда. Әрине, мұндай сөздердің астарында мәзһаб ұстанушылардың адасқандығы меңзелгендіктен, ел арасында діни дүрдараздық пен бүлікке себеп болуда.

Ханафи мәзһабы Пайғамбар (с.а.у.) жолынан бөлек, жеке басына дара жол емес. Мұхаммед Ғазали: «Мәзһабтар – Исламның теңдессіз мәдениеті һәм тіректері» десе, Ибн Тәймия: «Ислам мәзһабтары – жұмаққа жетелер жолдар»(Әбдул Желил Жандан, Мүслүман ве Мезһеб, 13-бет. «Елест» баспасы, Стамбул, 2004 ж.) деп, мәзһабтардың исламды түсіндіруші мектептер екенін білдірген.

Шариғат үкімдерінің қайнар көзі болып табылатын Құран және хадистің әрбір сөзінің тілдік негізгі бірнеше мағыналарымен қатар ауыспалы мағыналары да бар. Тіпті, кейде аят пен хадистердің бір әрпінің өзі бірнеше мағынаны білдіреді.

Мысалы, басқа мәсіх тартуды әмір еткен «Маида» сүресінің 6-аятында: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобыққа дейін жуыңдар», – делінген. Бұл аятта басқа мәсіх тартудың көлемі нақты белгіленбегендіктен, шафиғиларда бастың кішкентай бөлігіне мәсіх ету, тіпті, су себу жеткілікті. Ал ханафиларда, кем дегенде, бастың төрттен біріне мәсіх ету парыз болса, малики және ханбалиларда басты түгел мәсіх ету парыз. Әр мәзһаб өзінің ұстанған көзқарасын қолдап, шариғи дәлел келтіргендіктен, бәрі дұрыс. Себебі, барлығы берген пәтуаларын аятта қолданылған «бастарыңды» деген мағынаны білдіретін «руусикум» сөзінің алдына қосылып жазылған «ب» яғни, «би» әрпінен шығаруда. Араб тілінде «би» әрпі әр түрлі мағынада келеді, айталық:

1. «әз-Заайда» – өзіндік ешқандай мағынасы жоқ, тек өзінен кейінгі сөзді көркемдеу үшін келеді.

2. «Лит-табъид» – «кейбір» деген мағынаны білдіреді.

3. «Лил-илтисақ» – «тигізу, жанастыру, бітістіру» деген мағыналарды білдіреді.

Имам Ахмед пен Имам Малик: «Бұл жердегі «би» әрпі тек қана сөзді әдемілеу үшін келген (заайда) яғни жеке тұрғанда мағынасы жоқ артық әріп болғандықтан, бастың барлық жерін мәсіх ету керек» дейді.

Ал имам Шафиғи, бұл жердегі «би» әрпі «кейбір» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, қолдың бастың кейбір жеріне, тіпті бірнеше тал шашқа тиюі мәсіх ету болып саналады деп пәтуа берген.

Ал Әбу Ханифа болса, бұл жерде «би» әрпі «тигізу, жабыстыру, жанастыру» мағынасында келгендіктен, мәсіх тартудың құралы саналатын алақанның басқа тиюі мәсіх ету болып саналады деп пәтуа берген. Алақанның аясы бастың төрттен бірі болғандықтан, бастың осы мөлшерін мәсіх етуді парыз санаған.

Жоғарыдағы «Би» әрпінен байқағанымыздай, Құран және хадистердің бір сөзі, тіпті, бір әрпі көптеген үкімдерге негіз бола алады. Сондықтан, араб тілін жетік меңгермеген адамның бұл мәзһабтардың ешбірін ұстанбай-ақ өздігімен ижтиһад жасаймын деуі үлкен қателік.

Аяттардың түсу себептері, кейбір себептерге байла-нысты хадистердің, бір қарағанда, бір-біріне қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де кездеседі. Және хадистердің «сахих лизәтиһи», «сахих лиғайриһи», «хасан лизәтиһи», «хасан лиғайриһи», «әлсіз», «жалған», «мутауатир», «ахад», «мәшһур», «ғариб» сияқты қуаттылық жағынан үкім шығаруда үлкен әсерлі дәрежелері бар. Бұларды кез-келген қарапайым адам тереңнен талдап, ара-жігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайды. Алла тағаланың өзі барлық мұсылмандарды мұндай ауыр жүкпен міндеттемейді. Керісінше, Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар»(«Нахл» сүресі, 43-аят.),– деп, білім иелеріне жүгінуді жүктеген. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) бақилық болғаннан кейін сахабалар мен табиғиндардың Хижаз аймағындағылары Абдуллаһ ибн Омардан, ал Куфадағылары Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды ғалым сахабалардан пәтуа сұрап, солардың айтқан үкімдерін негізге алып амал еткен болатын.

Ендеше, ана тілдері арабша әрі Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды көздері көрген сахабалардың және сахабаларды көзі көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділерге жүгінген болса, кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа секілді Құран ілімімен қоса хадис ілімін, мантық-қисын, фиқһ негіздерін, сахаба пәтуалары мен басқа да ғұламалардың көзқарастарын, т.б. ислами ілімдерді жетік біліп, әрбір аятты зерделеп, мыңдаған хадисті мұқият зерттеген мүжтәһид ғалымдардың шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Ал өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы әрі өзгелерді де шатастыруы әбден мүмкін. Бейнебір асау толқынды теңізге желкені жоқ әлсіз қайықпен шыққан ақылсыз бейшараға ұқсамақ. Міне, сондықтан, Ханафи мәзһабы исламнан бөлек, Пайғамбар (с.а.у.) сүннетінен өзгеше жол емес, керісінше, Құран аяттары мен хадистерде білдірілген ақиқаттарды анықтап, үкімдерді халыққа түсіндіруші мектептердің бірі болмақ.

«Мәзһаб ұстанбаймын» деген қатардағы адамның мысалы мынаған ұқсайды: физика ғылымында ғалымдардың анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адамдар сол формулаларды қолдана отырып есептерін шығарады.

Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Ал ол үшін ондай адам зеректілік пен ыждаһат бойынша өзінің алдындағы оқымысты ғалымдардан да асып түсіп, білімі олардан да терең болуы қажет. Олай болмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекер. Міне, дәл осы тәрізді мәзһаб ұстанбаймын деген адам да Имам Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Имам Ахмад ибн Ханбал секілді мүжтаһиттік дәрежеге жетпеген жан болса, мәзһабсыз жүрем деуі бос әурешілік.

Мәзһаб ұстанбаймын деген адам хадистердің сахихтығы мен әлсіздігін өз біліміне сүйеніп біліп отырған жоқ. Хадис ғалымдарының хадистерге берген анықтауына жүгініп отыр. Ал хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтау – әр хадис ғалымының хадистерді қабылдаудағы шарттары мен талаптарына, зеректігі мен ыждақаттылығына қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан, кейде біреуінің сахих дегенін екінші бірі қабылдамауы мүмкін. Әр хадисті өзі жеке зерттеп, оларды риуаят еткен хадис тізбектеріндегі мыңдаған адамның өмірбаянын жеке-жеке тексеріп, сараламаған қатардағы адам – хадис ғалымдарының сахих дегеніне – сахих, әлсіз дегеніне – әлсіз деп хадистерге берген үкімдерін айна-қатесіз қабылдайды. Бұл дегеніміз – хадис ілімінде белгілі бір мәзһаб ұстанып отыр деген сөз. Ал енді фиқһта белгілі бір мәзһаб ұстауға қажеттілік жоқ деген адам хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтауда да мәзһаб ұстанбауы тиіс. Ал ұстанады екен, онда фиқһ мәселелеріндегі мәзһаб ұстануға да қарсы шықпауы керек (Зафар Ахмад әл-Ъусманиют-Таһауани, Қауағиду Ъилмил-хадис, 466-457-бет. «Дарус-Салам» баспасы, Каир қаласы, 2000 ж.).

Бірде маған бір студент: «Мен мәзһаб ұстанбай-мын»,– деді. Мен оған: «Жоқ, ұстанасың», – дедім. Ол маған: «Қалайша?» – деді. Мен оның кімнің діни мектебінен сусындап жүргенін сезгендіктен: «Сен, Насруддин Албанидің мәзһабын ұстанасың ғой»,– дедім. Егер менің осы сөзім жаңсақ болса, аты аталған кісінің жаңылысқан бір жерін айтып берші? – дедім. «Сен, соның дұрыс дегенін – дұрыс, бұрыс дегенін – бұрыс деп айна-қатесіз қабылдайсың. Міне, сен «мәзһаб ұстанбаймын» дейсің, бірақ іс жүзінде мәзһабтасың», – дегенімде ойға қалды.

Ижтиһад(ғалымдардың белгілі бір мәселеде құран, хадис, ижмағ, қиас секілді шариғи қайнаркөздерден діни үкім шығаруы) жасауға ғылыми деңгейі жетпейтін бұқара халық егер де тарихта өзін дәлелдеген һәм ұстанымдарын Құран мен сүннетке негіздеген Ханафи, Мәлики, Шафиғи, Ханбали секілді мәзһабтармен жүрмесе, онда жалпы қоғамда анархия, бейберекеттік белең алады. Әр адам Құранды өзінше шала түсініп, нәпсілерінің қалауына қарай жорамалдай бастайды. Үкім шығаруда белгілі бір тәсіл мен ереже-қағидаларды ұстанбағандықтан, өздері де адасады, өзгені де шатастырады. Мұндай жағдайда қоғамда төрт мәзһаб емес, сансыз қате «мәзһабтар» дүниеге келеді.

Қазіргі таңда мәзһабсыздықтың туын көтеріп, сойылын соғып жүргендер, шын мәнінде, халықты өздерінің түсінген шала діни ұғымына, яки өздері жақтап жүрген басқа бір адамның жолына – «мәзһабына» шақыруда.

 

Ассаламуғалейкум  уа рахматтулаһи уа баракатуһ! АЛЛАҺ разы болсын!!! Суреті бар иті бар үйге періштелер кірмейді деп  естігенмін, қазіргі заманда офис деген кабинет деген жағдайында қалай болады сол жөнінде қалай ойлайсыздар?

Болатхан Жанабаев

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Болатхан Жанабаев, расында Жәбрейіл (ғ.с.) періште Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Біз жанды заттың суреті болған үйге және иті бар жерге кірмейміз»,(Бухари, Китабуль Либас – 5615 хадис) – деген.

Еліміз – зайырлы мемлекет! Бұл дегеніміз – елімізде діни сенім еркіндігі бар. Демек, жекелеген адамдар үшін шариғат қағидаларын орындауына шектеу қойылмаған.

Ассаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Суреттерді немесе тұлғалардың портретін офистегі қабырғаларға ілу, сол сияқты үйде ілініп тұрса ол жөнінде қандай пікір айтасыздар?

Болатхан

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Болатхан, қабырғасында адамның немесе жануардың суреті ілулі болған бөлмеде намаз оқу мәкрух болады.

 

Ассалаумағалейкум имам ағалар, Аллаһ жұмыстарыңызға берекет берсін! Менің сұрағым: Құранды кирилше әріптерімен жаттасам бола ма? Сіздерден өтініш кирилше 1 пара Құранды жазып беріңіздерші, Алла ризалығы үшін, жаттауым керек. Көктемге дейін жаттасам деген ниетім бар еді. Аллаһ нәсіп етсе! Өтініш Сіздерден кирилше аударып беріңіздерші. Өткенде интернеттен оқып қалдым 1 пара Құран «Фатиха» сүресінен басталып, «Бақара» сүресінің 141- аятына дейін дегенді оқыдым. Жалпы бір пара Құран қалай анықталады. Осыған жауап берсеңіз.

Жеңіс

Уағалейкумуссалам! Жеңіс сізге де Аллаһ разы болсын! Шындығында қасиетті Құранды кирилл әріпінде дұрыс жазу да, дұрыс оқу да мүмкін емес яғни, араб әріптері кирилл әріптерімен немесе латын әріптеріментранскрипциялау өте қиын, себебі араб тілінің көптеген дыбыстары қазақ немесе ағылшын тілінде аналогтары жоқ, сондықтан олардың дәлме-дәл айтылуын арнайы белгілерсіз беру қиын. Сол себепті, Құран жаттаудан бұрын оны арабша оқуды үйрену керек немесе ұстаздың көмегімен ғана кирилл әріпінде жаттауыңызға болады.

Саламатсыздар ма? Мен ниеттеніп Аллаһқа құлшылық етіп намазға жығылғым келеді, бірақ түк миыма қонар емес. Оқимын бірақ сол уақыттан кейін ұмытып қаламын?

Гулмира

Уағалейкумуссалам! Бірде хазірет Али (р.а.) Аллаһ елшісіне келіп Құранды жадында сақтай алмайтынын мұң етіп: «Құранның көкейіме қонар түрі жоқ. Оны жадымда жаттай алар емеспін» дейді. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Алиге: «Жұма күні түннің үштен бірінде ұйқыдан тұр. Бұл періштелер куә болатын сәт. Осы кезде жасалған дұғалар қабыл болады. Егер осы уақытта тұра алмасаң түннің бастапқы кезінде немесе ортасында тұрып, төрт рәкат намаз оқы. Бірінші рәкатінда «Фатиха» мен «Ясин» сүресін оқы, екінші рәкатында «Фатиха» мен «Духа» сүресін, үшінші рәкатта «Фатиха» мен «Сәждә» сүресін, төртінші рәкатта «Фатиха» мен «Мүлік» сүресін оқы. «Әттәһиятты» бітірген кезіңде, Хақ тағалаға жақсылап хамд айтып, шүкіршілік жаса. Маған және басқа да пайғамбарларға салауат айт. Еркек–әйел барша мүминдер үшін Аллаһтан мағфират (кешірім) тіле»-деп кеңес береді.

Хазірет Али бес немесе жеті түн бойы аталған намазды оқып, дұғасын жасайды. Сосын келіп: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мен бұрындары төрт-бес аяттың өзін жаттай алмай әлек болатынмын. Қазір қырық аятқа дейін жаттай аламын. Аяттарды құдды Аллаһтың кітабы көз алдымда тұрғандай еркін оқимын. Бұрындары бір хадисті естіп, оны қайталасам да жаттай алмай қиналатынмын. Қазір хадистерді естіп, оларды риуаят еткенде бір әріптің өзін ұмыт қалдырмайтын болдым»(Тирмизи, Даауат, 114)-деген екен.

 

Ассаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Һумәзә сүресін жазып бере аласыздар ма? Сіздерге АЛЛАҺ разы болсын.

Төлеген

 

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Төлеген, Һумәзәһ суресінің арапшасы:


بِسۡمِ اللّٰہِ الرَّحۡمٰنِ الرَّحِیۡمِ

  1. وَيْلٌ لِّكُلِّ هُمَزَةٍ لُّمَزَةٍ
  2. الَّذِي جَمَعَ مَالًا وَعَدَّدَهُ
  3. يَحْسَبُ أَنَّ مَالَهُ أَخْلَدَهُ
  4. كَلَّا ۖ لَيُنبَذَنَّ فِي الْحُطَمَةِ
  5. وَمَا أَدْرَاكَ مَا الْحُطَمَةُ
  6. نَارُ اللَّهِ الْمُوقَدَةُ
  7. الَّتِي تَطَّلِعُ عَلَى الْأَفْئِدَةِ
  8. إِنَّهَا عَلَيْهِم مُّؤْصَدَةٌ
  9. فِي عَمَدٍ مُّمَدَّدَةٍ

 

Транскрипциясы: Бисмилләһир Рахманир Рахиим

1. Уәйлулли кулли һумәзәтиллумәзәһ

2. Әлләз̃ии жәмәъа мә ләууәъаддәдәһ

3. Йәхсәбу әннә мә ләһу әхләдәһ

4. Кәллә ләйумбәз̃әннә фил хутамәһ

5. Уәмә әдракә мәлхутамәһ

6. Нәруллаһилмууқадәһ

7. Әлләтии тәтталиъу ъаләл әфидәһ

8. Иннәһә ъаләйһим му'садәһ

9. Фии ъамәдим мумәддәдәһ

 

Халифа Алтай аудармасы бойынша: (Мағынасы)

Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһның атымен бастаймын.

1. Бүкіл қорлаушы, өсекшіге нендей өкініш!

2. Сондай мал жиып, оны санағандарға.

3. Негізінен малы, өзін мәңгі жасатады деп ойлайды.

4. Олай емес, әлбетте ол «Хұтамаға» тасталады.

5. «Хұтаманың не екенін қайдан білесің?»

6. Ол, Алланың жағылған оты,

7. Сондай жүректерді шалатын.

8. Расында олар, ол отқа қамалады,

9. Ұзын діңгектерге байланады.

Саламатсыз ба? Ана сүті және кекіру дәретті бұза ма?

Уағалейкумуссалам! Шариғат бойынша ана сүтінің шығуы және кекіру дәрет бұзбайды. Өйткені дәретті бұзатын шарттарынан емес. ӘбуХанифа мәзхабы бойынша дәрет тек төмендегі жағдайларда ғана бұзылады.

1. Үл­кен-кіші дә­рет, қан, мә­ни, мә­зи, уәди се­кіл­ді нә­жі­сат­тың не­ме­се қан­дай бір сұйық, не қою нәр­се­нің шы­ғуы. 

2. Мұ­рын­нан не­ме­се де­не­нің кез-кел­ген же­рі­нен қан, ірің се­кіл­ді нәр­се­лер­дің шы­ғуы. Ауыз­дан кел­ген қан егер тү­кі­рік­тің кө­ле­мін­дей не­ме­се тү­кі­рік­тен көп бол­са, дә­рет­ті бұ­за­ды. Аз бол­са бұ­зыл­майды. Де­не­нің бас­қа же­рі­нен шық­қан қан айна­ла­сы­на жайыл­са, дә­рет­ті бұ­за­ды. Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.а.у.): «Әр­бір ақ­қан қан үшін дә­рет алу ке­рек», – дейді. Егер ине ұшын­дай бір қан шы­ғып, қа­тып қал­са дә­рет­ке зиян­ды­ғы жоқ. Тіп­ті оны қол­мен сүр­тіп не үгі­тіп тас­тау да дә­рет­ті бұз­байды. Сол се­кіл­ді жа­ра­дан ақ­қан ірің мен са­ры су да қан се­кіл­ді. 

3. Жел шы­ғуы. Ха­дис­те жел­дің шы­ғып-шық­па­ға­ны жайлы кү­мәнданған адам­ға жел­дің дыбысы яки исі се­зіл­мейін­ше, дә­рет­тің бұ­зыл­майты­ны жайлы айты­ла­ды (Бу­ха­ри, Уду', 34).

4. Аузы то­лып құ­су. Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.а.у.): «Құ­су – дә­рет­ті бұ­за­ды», – дейді(Тир­ми­зи, Та­һа­рат, 64). Ауыз то­ла су, та­мақ, қан, за­пы­ран се­кіл­ді құ­сық­тар дә­рет­ті бұ­за­ды. Қа­қы­рық тү­кі­рік се­кіл­ді бол­ған­дық­тан дә­рет­ті бұз­байды. 

5. На­маз­да ­дау­ыс­тап кү­лу. Бұл – жа­нын­да­ғы адам­ға ес­ті­ле­тін­дей кү­луі. Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.а.у.): «Кім­де-кім на­маз­да ­дау­ыс­тап күл­се, дә­ре­тін жа­ңа­лап, на­ма­зын қайта оқы­сын» дейді(Зәй­лаи, Хафз Аб­дул­лаһ ибн Юсуп. Нас­бур-­Раиә ли Аха­ди­си Һи­даиә. 1973. 1, 47-54).

6. Ақыл-есі­нен айыра­тын жағ­дай­лар дә­рет­ті бұ­за­ды. Ұйық­тау, ақы­лы­на нұқ­сан ке­лу, та­лу, мас бо­лу се­кіл­ді жағ­дай­лар. Бі­рақ ұйық­тау мә­се­ле­сі бас­қа. Егер адам бір нәр­се­ге сүйе­ніп не­ме­се жан­тайып жат­са, я бол­ма­са аяқ­та­рын со­зып оты­рып ұйық­та­са, дә­рет бұ­зы­ла­ды. Өйтке­ні, мұн­дай ер­кін ұйық­та­ған жағ­дайда жел шы­ғу ық­ти­ма­лы бар. Бі­рақ адам жер­ге жақ­сы­лап оты­рып, еш­бір жер­ге сүйен­бе­се не­ме­се на­маз­да қиям­да, рү­күғ­та, сәж­де­де ұйық­та­са, тіп­ті на­маз­дан тыс осы­лайша ұйық­та­са, дә­ре­ті бұ­зыл­майды.

7. Жы­ныс­тық қа­ты­нас­та бо­лу.

8. Ер­лі-зайып­ты­лар­дың жы­ныс мү­ше­ле­рі­нің киім­сіз бір-бі­рі­не тиюле­рі.

9. Мә­сі­лер­ге мә­сіх етіл­ген­нен кейін тұр­ғын­ға бір күн, бір түн­нің, ал жо­лаушы­ға үш күн­нің өтуі не­ме­се мә­сіх етіл­ген­нен кейін сол уа­қыт ішін­де мә­сі­нің бі­реуін бол­сын шешуі.

Үзір­лі адам­ның ал­ған дә­ре­ті­нің уақы­ты шы­ғуы. Бел­гі­лі бір се­бе­бі бар, мы­са­лы, ті­сі қа­най бе­ре­тін адам әр на­маз уақы­ты­ның ішін­де сол уа­қыт үшін дә­рет алу ке­рек. Жа­ңа азан оқыл­ған­да сол уа­қыт­қа ар­на­лып ал­ған дә­ре­ті бұ­зы­ла­ды да, оған жа­ңа уа­қыт үшін қайта дә­рет алуы қа­жет.Тәйәм­мүм жа­са­ған адам­ның су­ға қо­лы же­туі.

 

Ассаламуғалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Тамыр ұстап ауру көру турасында исламда қандай үкім бар? Олай істеу ширк күнасына жатады ма?

Ризабек

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Ризабек, тамыр ұстап диагноз қою шығыс медицинасына тән. Тамыр ұстап диагноз қоюда ширк күнасына себеп болар сену мен сендірулерден сақтану, яғни, Аллаһтың бірлігі мен біліміне шек келтірмеу керек.

Жалпы, Ислам діні ғылым іздену-құлшылық деп ұғып, ғылым салалары – Алланы танытатын дәлелдер деп оған қолдау танытты. Көптеген аяттары арқылы Құран адамды табиғатты зерттеуге құлшынтып, ондағы астарлы хикметтерді көре білуге шақырды. Мұсылман ғұламалар математика, астрономия, оптика, физика, химия, медицина мен дәріханалық салаларда таңғаларлық биікдеңгейге жетті.

Ассаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Менің қояр сұрағым: Осы Мәуліт күні қашан?

Төлеген

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Төлеген, осы үстіміздегі айдың 12–нен 13–не қараған кештің таңы Мәуліт таңы, 13–і Мәуліт күні болды. Ал біздің облыстық мешіттің ұйымдастыруымен өтетін «Мәуліт кеші» рухани шарасы 25 қаңтар–сенбі күні сағат 14.00-де «Баласағұн» мәдениет сарайында болады. Келіңіз, құрметті қонағымыз болыңыз!!!

Ассаламғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Сізге Аллаh разылығы үшін қоятын сұрағым бар жауап берсеңіз, мысалы бесін намазында дәрет алса сол дәрет бұзылмаса сол дәретпен екінті намазында оқи беруге бола ма сол бір дәретпен Аллаh разылыгы үшін жауап жазссаңыз?

Жеңіс

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Жеңіс, бесін намазына алған дәретіңіз бұзылмаса, сол дәретіңіз бұзылғанға дейінгі уақыты келген (екінті, шам, құптан т.б.) намаздарды өтеуіңізге болады.