Ислам асыл дініміз

Әйел адмдарға айт намазына бару уәжіп па?

Сандуғаш

Ассалам уағалейкум! Сандуғаш  Әйел адамдарға айт намазына бару уәжіп емес. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдерге айт намазына баруға рұқсат берген.  Бірақ, хайыз кезінде әйел адамдарға мешітке кіруге болмайды.

Ассалаумағалейкум!Құрметті имам, менің сізге сұрағым ДІН бірінші тұрады ма? әлде Қазақтың салт-дәстүрі тұра ма? 2)Нашид тыңдаған дұрыс па ???

Жомарт

Уғалейкум ассалам! Жомарт,  Әлбетте, мұсылман адам үшін дін бірінші орында тұрады. Себебі, діндегі бұйырылған амалдар Аллаһтың бұйрығы, бұлжытпай орындауға міндеттіміз.  Екіншіден, дін үкімдері қияметке дейін өзгермейді, ал салт-дәстүр өзгеріп тұрады.  Құранның  «Әли-Имран» сүресінің 19-аятында: «Алланың қасында шынайы дін Ислам. Сондай Кітап берілгендер, өздеріне мәлімет келгеннен кейін араларындағы күншілдіктен ғана талас-тартысқа түсті. Кім Алланың аяттарына қарсы келсе, күдіксіз Алла тез есеп көруші.» деп айтылған. Бірақ, салт-дәстүр дінге қайшы келмесе, оның орны бөлек.2) Нашид тыңдауға болады.  Хандақ соғысының алдында сахаба Адбулла ибн Рауаха Хандақ орын қазып жүріп, нашид  айтқанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны қайтармаған.

Ассалаумағалейкум!Құрметті имам Біз жұма сайын мешітке барамыз.мешітке шын ниетпен бару деген не? 2) Жұмаға барған адамнын қандай күналары кешіріледі осы жайнда айта кетсеніз Жауабынызға рахмет!

Асқар

Уағалейкум ассалам! Асқар  Алла тағала әрбір қадамыңызға сауаптан жазсын. Мешітке шын ниетпен бар дегеніміз - ол сіздің мешітке келердегі дайындығыңыз; бой дәреті болу, таһарат алу, таза киім кию, иіс су себіну, барша ластықтан тазару, мүмкіндігінше мешітке жаяу бару, сондай-ақ мешітке келгенде риядан сақтанып намазды шын ықыласпен оқу, құтпа оқылып жатса зер салып тыңдау, уағыздарды шын көңілмен тыңдау т.б. Қысқасы, мешітке дүнияуи мақсатты көздеп емес, ақыретті ойлап келуіңіз - сіздің шын ниетпен мешітке келгендігіңізді білдіреді.

Әрине Жұма барша мұсылманның қасиетті күні болып саналады. Исламның қоғам болып өмір сүруге, бірігуге берген маңызының бір көрінісі - Жұма намазынан байқалады. Расында «жұма» сөзі «жинау және бір жерге басын құрау» деген мағынаны білдіретін «жамғ/جمع» түбірінен өрбіген. Жұма күні мүминдердің мейрамы болып жарияланған  және қасиеті туралы көптеген хадис-шәріптер риуаят етілген. Бұл күннің басқа күндерден артықшылығы көп. Мысалы, абзал құлшылық саналған әрі мұсылмандардың басын құраған Жұма намазы да, дұға-тілектер қабыл болатын ерекше уақыт та, көптеген айтулы оқиғалар да тек сол күні жүзеге асқан.

Сонымен қатар, Хақ Тағала жұма күні құлдарының топ-тобымен жиналып құлшылық етулеріне дән риза болады. Осы себепті жамағатпен намаз оқу, Жұма намазы, Айт намаздары және қажылық сияқты көпшілік болып орындайтын құлшылықтар жеке орындағанға қарағанда анағұрлым абзал саналған.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ей иман келтіргендер! Жұма күні намазға шақырылған (азан айтылған) уақытта дереу Алланың зікіріне асығыңдар және сауда-саттықты тастаңдар. Егер біле-білсеңдер, бұл әрине сендер үшін ең қайырлысы» (Жұма сүресі, 62/9-аят), - деген болатын.

Ол күні Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір адам жақсылап дәрет алып, Жұма намазына келсе және құтпаны зер салып тыңдаса, сол арқылы келесі Жұма арасындағы күнәлары кешіріледі әрі бұған үш күн тағы қосылады. Кімде-кім құтпа оқып жатқанда қиыршық тастармен ойнаса, болмашы нәрсемен шұғылданған болады әрі Жұманың қасиетінен құр алақан қалады» (Имам Мүслім, Жұма, 27; Сондай-ақ қараңыз: Әбу Дәуіт, Салат, 202-23/1050; Имам Тирмизи, Жұма, 5/498; Ибн Мажәһ, Иқама, 62, 81).

Жоғарыдағы хадистен жұма намазын оқу бір апталық күнәға кәффарат болатынын байқаймыз. Дегенмен жұма намазын оқып қойсақ жетіп жатыр деп, бес уақыт намазды тәрк етсек қателескеніміз. Біле білсек бес уақыт намаз бәрінен абзал тұрған құлшылық болып табылады. Балиғат жасына толған әрбір мұсылман жасқа бес уақыт намазды оқу - парыз. Сүйікті пайғамбарымыз: «Раббыңыз - Алладан қорқыңыздар! Бес уақыт намазды оқыңыздар. Рамазан оразасын ұстаңыздар. Малдарыңыздың зекеттерін толық өтеңіздер. Басшыларыңызға бағыныңыздар! (Солай болғанда ғана тура) Раббыңыздың жәннатына кіресіздер». (Имам Тирмизи, Жұма, 80/ 616). Сондықтан мұсылман баласы жұма намазынан бұрын бес уақыт намазын нақтылап алуы керек.

Ассалаумағалейкум! Қазіргі таңда ғаламтор арқылы  танысу көбейіп кетті. Соның салдарынан ертеңгі күні бірі опық жесе, бірі шынайы бақытын тауып жатады. Ислам діні осы мәселеге қалай қарайды.

Сабира,
Шымкент қаласы.

Уағалейкум ассалам! Асыл дініміздің шариғат үкімі  бойынша,  қыз бен жігіттің  танысуы тек үйлену мақсатында  ғана жүзеге асады. Қыз бен жігіттің бір-бірін сырттай көруге немесе басқа біреулер арқылы жан-жақты сұрастырып білулеріне рұқсат етілген.  Қазіргі  таңда ғаламтор арқылы немесе көшеде бір-бірімен кездесіп, танысып жатады. Бүгінгі таңдағы заман дамуының сұранысы бойынша барлыққа келген, хабарласу желісін пайдалануда тұрған қателік жоқ. Басты танысу шынайы үйлену ниетімен болса дұрыс. Тұратын жерлері шалғай болса, екі жастың хат беріп, хат алысуына ғаламтор арқылы жүзеге асса болады. Аллаһ тағала «Рум» сүресінің 21-аятында:

«Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар»

деп айтқан. Атам қазақ «бір көріп біліс, екі көр де таныс, үшінші де табыс»,- дегенді бекер айтпаса керек. Негізінде үйленудегі мақсат айқын, көзқарас  дұрыс болу керек. Басты назарда бес мақсат: зинадан сақтану, ұрпақ сүю, текті сақтау, екі тарап бір-біріне серік болу, шаңырақ көтеру болса ғана құба-құп.

ассаламу алайкум ва рахматуллахи ва баракатух. құрметті ұстаз сізге сұрағым, ғұсұл жоқ кезде дәрет алып намаз оқуға боладыма? мен жатақханада тұрамын бізге баня аптасына 2 рет беріледі.гұсұл алғанға дейін әшейін дарет пен намазды өз уақытында оқуға боладыма?? жауап үшін алдын-ала рахмет.

Ыхылас

Уалейкум ас салам уа рахматуллахи  уа баракатух, Ыхылас мырза, жүніп болған ер мен әйелдің намаз оқуы харам. Сондықтан сіз жүніптіктен арылу үшін міндетті түрде сіздің ғұсыл алуыңыз парыз. Алла тағала бұл жайлы Құран Кәрімде былай деген болатын: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар» (Мәидә сүресі, 6-аят). Тағы бір аятта: «Тазаланбастан жүніп күйінде намаз оқымаңдар» (Ниса сүресі, 43-аят) деп қатаң ескертеді. Бұл аяттардан ғұсылсыз жүніп күйде намаз оқуға болмайтынын байқаймыз. Ықылас, ғұсыл алу соншалықты қиын шаруа емес. Кейбіреулер ғұсыл алуды телегей теңізге түсіп шомылудай көреді. Әсте олай емес. Бөлмеңіздің бір бұрышына үлкендеу шараны қойып, бір құман жылы су дайындап сонымен-ақ ғұсылыңызды алуға әбден болады. Міндетті түрде шалпылдатып су құйыну шарт емес. Ең бастысы, бүкіл денеңізге су жеткізіп жуынсаңыз жетіп жатыр.

Ассаламуалейкум! Құрметті бас имам, алыс сапарға шыққанда намазды алдын-ала оқып қойса бола ма?

Мен жақын арада бiр аптаға сапарға шығамын. Бәрiмiзге белгiлi жолда, пойызда намаз оқуға мүмкiндiк бола бермейдi. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

Сапар шегетiн күндерiмдегi намазды жолға шықпас бұрын оқуға бола ма? Не болмаса  сапардан келгеннен кейiн бәрiн қосып оқи ма? Осы жайында толығырақ жазсаңыздар. Алдын ала рахмет. Алла риза болсын!

 Айнұр.

Маңғыстау облысы,

Бейнеу  ауданы.

Уалейкум ассалам! Негізінде намазды өз уақытында оқу парыз етілген. Намаз уақыты кірді ме, көпке созбай оқу керек. Құран Кәрімде бұл жайт анық айтылған. Ниса сүресінің 103-аятында: «Намаз - мүминдерге белгілі бір уақытта парыз етілді» - делінген. Уақыты кірмей оқылған намаз - намазға саналмайды. Ол жай нәпіл намаздың бірі болып қалады. Ал сапарға шыққан жолаушыларға дініміз Ислам үлкен жеңілдіктер қарастырған. Мысалы, парыз намазды қысқартып оқу, тұрып оқуға мүмкіндік болмаған жағдайда отырып оқу және т.б. Сондай-ақ қозғалыстағы ұшақта, көлікте құбылаға бет бұру шарт емес, көлік қай бағытқа қарай кетіп бара жатса, сол бағытқа бет бұрып намаз оқи беруге болады. Ал намаз оқуға тіпті мүмкін болмаған жағдайда сапардан оралғасын қазасы өтеледі.

Ассаламуалейкум! Намаз оқитын адамдарда геморрой болмай ма?

Бірде таныс дәрігер «Намаз оқитын адамда геморрой болмайды» деп айтып қалған еді. Намаз оқитындар 5 уақыт дәрет алады. Қарап отырсам, расымен намазға жығылған адамдарда гемаррой болғанын естіген емеспін. Және кейде өз атам дәретті суық суға ала беретін.

Сұрайын дегенім, сонда дәрет суының  қасиеті болғаны ма?

Рашид  

Павлодар облысы

Уалейкумассалам, Рашид мырза, дәрет суының негізінде тән тазалығына үлкен пайдасы бар, әрі тәннің саулығына да. Дәрет суын былай қойғанда, күнделікті өмірде үстіне мұздай су құйынып, көптеген ауруыларынан айыққан адамдарды білеміз.  Бірақ денсаулыққа, руханиятқа бәрінен бұрын намаз пайдалы екенін естен шығармайық. Иә, расында намазда көптеген пайда бар. Алайда мұсылман адам бес уақыт намазды Алланың тікелей бұйрығы деп оқуы керек. Жаратқан Иеміздің әрбір әмір-бұйрықтарында біз үшін көптеген хикмет-сырлар бар. Намаз оқыған кезде Алла әмір еткен әрбір қимыл-әрекеттің  тәнге де, рухқа да үлкен пайдасы бар. Намаз тек гемаррой ғана емес, көптеген ауруларға ем екендігі қазіргі ғылымда дәлелденіп отыр. Біріншіден, намазда атқарылған қимылдар адамға жеңіл келгендіктен адамды жалықтырмайды. Әрі тәуліктің түрлі уақыттарында оқылғандықтан адамды әрдайым сергек етеді.

 Екіншіден, рукуға барып иіліп, сәжде жасаған кезде соқыршектегі қалдық заттар төмен қарай ішекке түседі екен. Демек соқыршектің белгілі бір дәрежеде тазаруына септігі тиетінін байқаймыз.

Үшіншіден, намаздың арқасында маңдайын күніне ең кемі 80 рет сәждеге тигізген адамның миына жүйелі түрде қан молынан барып тұрады. Ми жасушалары жеткілікті қоректенгендіктен намаз оқитын кісілерде есте сақтау қабілетінің нашарлауы және алжу сияқты аурулар аз кездеседі.

Төртіншіден, намаз оқитын адамдардың көздеріне қан жеткілікті түрде жетіп тұрады, себебі жүйелі түрде иіліп, тұрып, сәждеге барады. Ондай кісілерде көзішілік қан қысымының көтеріліп кету қаупі аз болады. Көзді катаракт және  «Суқараңғылық» сияқты аурлардан қорғайды. Бесіншіден, намаз оқу кезіндегі жүйелі қимыл-әрекеттер асқазандағы тамақтың араласуына, өттің оңай ағуына және өт қабындағы сұйықтықтың қоюланып кетпеуіне, бүйректе тас жиналмауына үлкен септігін тигізеді. Міне сол секілді геморройға да үлкен пайдасы бар.  Жалпы, намаз көптеген ауруға мыңда бір ем.

Ассаламуалейкум!  Азаматтық неке күнә санала ма?

Менің жүріп жүрген жігітім бар. Бір жылдан кейін үйленуді жоспарлап қойдық. Бірақ, ол қазірден бастап бірге тұруды, азаматтық некені қалайды. Негізі «мұсылман адамдар некеге отырғаннан кейін ғана бірге тұруға болады. Ол күнә» деп айтады. Осы рас па?

 Бұл жайында шариғатта не деп айтылған? Некеге отырмай бірге болу күнә санала ма?

Құралай Н.,

 Алматы қаласы

Уалейкум ассалам! Ислам діні азаматтық некеге қатаң тыйым салады. Азаматтық неке дегенде есімізге неке қимай-ақ бір шаңырақтың астында бірге тұрған екі жас түседі. Ата-ана келісімі бар, куәгерлері  дайын тұрған неке өте оңай жүзеге асыралатын рәсім екенін біле тұра қыз бен жігіт неге некеге тұрғысы келмейді? Себебі некесіздік екі жақтың мойындарына ерлі-зайыптылық міндеттерді жүктемейді. Сондықтан  азаматтық некені мұсылманша неке деп айтуға мүлде болмайды.  Азаматтық неке екі жақтың өз-өздерін алдағаннан басқа түк те емес. Ол бар болғаны, зина жасағанмен тең. Азаматтық некеде шын мәнінде ер мен әйелдің бір-біріне деген жауапкершілігі болмайды. Қаласа, «Біз бір-бірімізге сай емес екенбіз, мінезіміз жараспайды» екен деп екі жаққа айырылып кете салады. Қаласа, қайта қосыла салады. Міне, сондықтан, некесіз отбасын құру үлкен күнә екенін бігеніңіз жөн, Құралай ханым. Жігітіңізге азаматтық некеге отырмайтыныңызды осы бастан айтыңыз. Тұрмыс құруға ниеттенсеңіз ең дұрысы исламша некелеріңізді қиюға асығыңыз. Болашақ жарыңызға да осыны түсіндіріңіз. Қысқасы, Ислам діні шариғат шарттары бойынша некелеспей бас қосуға үзілді-кесілді тыйым салады. Ал бірақ сіз АХАЖ  бөліміне неке қидырмай, мешітке куәгерліңізбен келіп неке қидырсаңыз неке жүзеге асады, бұл азаматтық некеге жатпайды, шариғат шарттарына сай некелеріңіз қиылған болады.