Ислам асыл дініміз

Ассалаумағалейкум! Жаңадан намаз оқып жүрген едім. Осы жаңа жылдың басынан бері намаз оқымағалы 5 күн болды. Сұрайын дегенім: осы 5 күндегі қаза намазымды өтегім келеді. Қалай өтесем болады???

Ернар

Уағалейкумуссалам! Ернар, Жаратушы Иеміз қасиетті Құран Кәрімді: «Намаз мұсылмандарға арнайы белгіленген уақыттарда парыз етілді», - дейді. Ал енді сол намазды ешбір себепсіз өз уақытынан кейін қаза етіп оқу - өте үлкен күнә. Егер сіз ұмытып кетіп немесе ұйықтап қалып намазыңызды өз уақытында оқи алмасаңыз, оның қазасын өтейсіз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Сендердің қайсыларың ұйықтап қалу немесе бейғамдық себебінен бір уақыт намазын оқымаса, есіне түскен кезінде оқысын. Өйткені  Алла Тағала : «Мені зікір ету үшін намаз оқы» деген болатын», « Бір адам бір намазын ұмытып кетсе, есіне түскен уақытында оқысын. Намаздан одан басқа кәффараты жоқ», «Кімде-кім  бір намазын ұйқы себебінен  немесе ұмытып кетудің салдарынан оқи алмаса, оны есіне түскен кезінде оқысын» деген еді. 
Жалпы, ғалымдардың бірқатары себепсізден-себепсіз намазын қаза еткен адамға қаза намазды өтеместен бұрын тәубе етуді ұсынған.  Қаза намазды оқырда тек парызын және үтір уәжіпті ғана оқисыз. Сүннет намаздарының қазасын оқуға міндетті емессіз. Қаза намазды есіне түскен кезде өтелуі тиіс. Тек мәкруһ уақыттар (Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт. Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады. Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.) болмауы керек.

Ассалаумалейкум!!! Мен ауруханада жан сақтау (реанимация) бөлімшесінде врач болып жұмыс атқарамын. Дежурстваға келгенде дәрет алғанда реттілікті бұзып қоямын, өйткені тез арада алу керек. Ауыр жағдайда науқастар жатады. Алматы мешітіне барғанымда имам Ханафи мазхабында дәретте реттілікті сақтау сүннет деп айтып еді. Соған байланысты істеп тұрамын, ал үйде рет ретімен аламын. Осы мәселе жөнінде толығырақ айтып беріңіздерші!!! Алла разы болсын!!!

Дастан

Уағалейкумуссалам! Дастан, расында дәретті тәртібімен (ретімен) алу сүннет. Яғни, алдымен қолды, бет-жүзді, содан-соң екі білекті шынтағымен жуу, басты мәсіх ету, аяқтарды жуу.

Демек, дәреттің тәртібін (ретін) қасақана бұзу мәкрух болады. Ал егер үзірлі  жағдайға тап болғанда мүбахқа айналады, яғни рұқсат етіледі.

 

Ассаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Менің қояр сұрағым: Осы өз-өздеріне қол жұмсаған адамдардың жаназасы шығарылмайды деген рас па?

Төлеген

Уағалейкумуссалам уарахматуллаһи уабаракатуһ! Төлеген, Исламда өз-өзіне қол жұмсау үлкен күнә болып есептеледі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кімде кім өз-өзіне қол жұмсаса, өзін өлтірген затпен тозақта жазаланады(Бухари – 84)», - дейді. Әйтсе де, мәйіті жуылып, кебінделіп,  жаназа намазы оқылады(Әл Фатауаль Һиндия – 1/179 бет. Бейрут – Ливан).

 

Ассаламуғалейкум имамдар! Менің білейін дегенім, 1. Намазхан туыс әйел кісілер көшеге шыққанда иіс су сеуіп шығады, ол дұрыс емес десең түсінбейді. Сонда ол кісілердің духи сеуіп шығып жұмыста, сосын үйде оқыған намаздары қабыл болмай ма? Себебі далаға духи сеуіп шыққан әйел ғұсыл құйынуы керек деген хадис бар ғой. 2. Үйдегі үлкендер депозитке ақша салады. Өсім харам десең, тыңдамайды. Егер үлкендерден ақша алып, оған бір жұмыс жасайын десем, сонда бастаған жұмысым харам бола ма? ЖәәзакАллаһу хайран!

Уағалейкумуссалам! 1. Әйел адам иіссуды өз ерінің алдында ғана себуі тиіс. Сауабы сонда болады. Ал көшеге шыққанда не қонаққа барғанда, бөтен еркектердің көңілін аударатындай аңқып кетпеуіне көңіл бөлу керек. Өйткені, Пайғамбарымыз еркектер қолданатын әтірдің иісі айналаны аңқытатындай өткір, ал әйелдердің иіссуы айналасына қатты сезілмейтіндей болуы керектігін айтқан(Тирмизи – 2788.; Нәсәи -5117). http://www.hablullah.com/?p=1284 – Атия Сақар.

2. Исламда өсім алу да, өсім беру де харам етілген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Өсім жеушіден басқа ешкім қалмайтын бір заман әлбетте адамдарға келеді. Тіпті ол (кез-келген адам) өсім жемесе де, оған оның буы (зияны, ықпалы) жетеді», - дейді өзінің хадисдерінің бірінде. Өсім (кредит, риба, пайыз) бүгінгі біздің күнделікті өмірімізге кіргені соншалық кейбір мұсылмандардың өміріне әбден сіңіп кетті деуге болады. Депозитке ақша салу екі түрлі келісім-шарт бойынша іске асыруға болады:Біріншісі ешқандай ақысыз (процентсіз), бірақ сол соманы сақтау кепілдігін беретін жинақтаушы депозиті.
Екіншісі инвестициялық депозит. Инвестициялық депозитке салған жеке немесе заңды тұлға, банкпен бірге, ол қаражатты қолданатын компаниямен серіктес болады және барлық тәуекелдер мен пайданы өз ара үлестіреді.

Бірақ мынаны да айта кеткен жөн. Қажеттілік және зәрулік жағдайда, тыйым салынған кейбір істер мүбахқа айналады, яғни рұқсат етіледі. (Мысалы: Адам өміріне немесе денсаулығына қауіп төну секілді т.б. өте зәру жағдайларда «Зәрулік, тыйым салынған нәрселерді мүбах етеді» деген қағидаға сүйенеді.) Бірақ, шын мәнінде өте зәрулік, өте мәжбүрлік жағдайда ғана болуы керек. Ең дұрысын бір Аллаһ біледі!

Ассалаумағалейкум! Намаздан кейін «Иә, Аллаһ! Сенің разылығың үшін!» - деп 3-4 ракағат парыз оқыса бола ма? Немесе парыз намазынан кейін қайта «Иә, Аллаһ! Сенің разылығың үшін!» - деп 3 ракағат оқыса бола ма?

Кенжебек

Уағалейкумуссалам! Кенжебек, нәпіл намаздарды (яғни, «Иә, Аллаһ! Сенің разылығың үшін!» - деп оқылатын ерікті намаздарды) мәкрух уақыттарынан өзге кез-келген уақыттарда оқуыңызға болады. Және ескеретін нәрсе, нәпіл намаздарды жұп ракағат етіп оқылғаны дұрыс.

Нәпіл намаз оқудың мәкрүһ уақыты: 1. Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт. 2. Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады. 3. Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.

Ассаламуғалейкум! Намазды дұрыс оқудың жолдарын айтып жіберсеңіздерші!

Назерке

Уағалейкумуссалам! Назерке, біздің сайттағы арнайы «НАМАЗ» айдарына қараңыз:  http://hibatulla.kz/ru/namaz.html  немесе  «ӘЙЕЛДЕРДІҢ НАМАЗ ОҚУ ҮЛГІСІ» айдарына қараңыз: http://hibatulla.kz/ru/art_24.html

 

Ассаламуғалейкум! Армандаған арманың орындалу үшін қандай дұға қажет?

Жалғас

Уағалейкумуссалам! Жалғас, әрбір дұға қабыл болады, бірақ оның қайырымы сұралған нәрсенің дәл өзі берілгені секілді, кейінірек берілуі де мүмкін, тіпті бұ дүниеде емес, ақыретте берілуі мүмкін. Бұлар толығымен Аллаһ тағаланың даналығымен жүзеге асатын іс. Мысалы: Сырқат кісі дәрігерге: «Маған мына дәрілерді бер», – десе, дәрігер  дәл соның айтқан дәрілерін бермеуі мүмкін. Қайсысы керек болса, соны береді, ал пайдасыз дәрілерді бермейді немесе одан да тәуірін, пайдалысын береді. Енді осыны шартты түрде салыстырып көрсек, Аллаһ тағала да құлдарының дұғаларын әрқашан естиді, естігенін оларға сездіреді, көңілін жайландырады. Өйткені, Аллаһ – пендесіне күре тамырдан да жақын. Бірақ, белгілі бір хикметке байланысты, құлының қалағанының бәрін бермеуі мүмкін. Себебі, құлына ненің пайдалы екендігін Аллаһ жақсы біледі. Біз Аллаһ тағаланың ісіне араласа алмаймыз, өйткені Ол – мүліктің иесі, не істеймін десе де мүлкіне өзі еге. Мейіріміне де, қаһарына да ризамыз. Ол әбестік жасамайды, әр ісінде бір емес, мыңдаған даналық бар.

Дұғаның да намаз секілді құлшылықтың түрі екендігін естен шығармаған жөн. Оны да шын ықылас, таза ниетпен жасау керек және бұ дүниелік пайданы көздемеген жөн. Адам шынайы көңілімен Жаратушысына жалбарынып, Оның разылығына ұмтылуы керек. Алайда, кейде Ұлы Жаратушы өзінің шексіз рақымымен құлына мейрімін төгіп, қуантуы мүмкін. Сондықтан нәтижесін көруге асығып, тезірек мақсатыма жетсем екен деген ниетпен жасалған дұғалардың қабыл болуы неғайбіл.

Дұғаны бірден нәтижесін көру үшін емес, Жаратқан Иеміздің разылығына кенелу үшін үзбей жасауға тырысуымыз керек. Тілеу тілеп, жалбарынуды тоқтатпау керек. Әрдайым әр нәрсенің жақсылығын тілеу, күнәні кешіруші, мәртебемізді көтеруші Жаратушымызға адал ниетімізді көрсету, соған күш салу әрі сынақ әлемінде жүргенімізді естен шығармай құлшылығымыздың жемісін ақыреттен күту – шынайы ғибадаттың басты шарты.

Ассаламуғалейкум, Аллаһ разы болсын! Қояр сұрағым мынадай, ғұсыл алуға мүмкіншілік болмаса және дәретім бұзылмаса келесі намазды оқи беруге болады ма? Алдын ала рахмет!

Асқар Лутипуллаев

Уағалейкумуссалам! Асқар Лутипуллаев, ғұсыл алуға мүмкіншілігіңіз болмаса, яғни, төрт жағдайда: 1. Су жоқ немесе су болғанымен жеткіліксіз я болмаса суға баратын жол қауіпті және сатып алуға судың қымбат я болмаса сатып алар ақшасы жоқ жағдайларда тәйәммүм алынады.

2. Суды пайдалануға шамасы жетпеу. Қапаста қалу, жабайы аңдардан, ұрлықтан қорқу, т.б. себептермен суды пайдалана алмаған адам тәйәммүм алады.

3. Суды   пайдаланса,   ауруға   шалдығуынан   яки науқасының қозатынынан қорыққан адам тәйәммүм алады.

4. Судың аса қатты суық болуы. Суды пайдалану мүшеге  қатты  зиян  немесе  ауруға  шалдықтыратын жағдайда тәйәммүм алады.

Тәйәммүм алудың шарттары: 1. Тәйәммүм алуға ниет ету; 2. Таза жер (топырақ, тас, тозаң, құм секілді) жынысын табу; 3. Бірінші, қолдарын таза жер жынысына соғып, қолдарына жұққан топырақпен бетіне (қос алақанымен) мәсіх тарту; 4. Екінші, қолдарын таза жер жынысына соғып, қолдарына жұққан топырақпен екі қолына (сол алақанымен оң қолына, оң алақанымен сол қолына) шынатақтарымен қосып мәсіх тарту;

Ассаламуғалейкум!Имам ағалар, менің сіздерге сұрағым бар еді. Менің тістерім алтынмен қапталған еді. Жалпы қапталған, пломбаланған тіс ғұсылдың дұрыстығына кедергі болады деп естіп,уайымдап жүрмін ол қалай болады, Имам Ағзам мәзһабы бойынша қалай болады? Соныда айта кетсеңіздер! Тағыда бір мәселе әйел босанып ауруханадан келгеннен кейін үйдегі жары мен балашағасына тамақ дайындап берсе, үй тірлігіне араласа берсе болады ма, қырқынан шықпай тұрып? Алдын-ала рахмет!

Айгерім

Уағалейкумуссалам! Айгерім, тіске пломба салу емдік мақсатта болғандықтан, алдын ала ғұсыл құйынудың не дәрет алудың қажеті жоқ. Себебі, тіске салынған пломба – жарақат үстіне оралған таңғыш іспетті. Ал шариғатта су денедегі жарақатқа зиянын тигізсе, жарақат таңылып, ғұсыл мен дәретте сол таңылған орамалға мәсіх тартылады. Алдын ала дәретті болу шарт емес(Маусули, Ихтияр, 1-том, 97 бет.; М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, ғылымхал, 87 бет).

Сондай-ақ, Имам әл-Маусули өзінің Ихтияр ли Тағлилиль Мухтар атты еңбегінде былай дейді: «...Егер аяғының жарылған (http://www.almaany.com/home.php?language=arabic) жеріне дәрі жақса және жағылған дәріден теріге су жұқпайтын болса, дәрінің үстінгі бетінен судың ағуы жеткілікті»(Маусули, Ихтияр, 1-том, 98 бет)Сондықтан да, ауызды шайғанда пломбаның салдарынан тісіңіздің ойығына су тимей жатса, оның ғұсылға еш кедергісі жоқ.

Екінші сауалыңызға сәйкес, мүмкіндігінше жаңа босанған әйел кісінің қырқынан шыққанша күтінгені дұрыс. Жалпы, шариғатта бұған қатысты шектеу қойылмаған. Демек, жаңа босанған әйел кісі денсаулығын күте жүріп, шамасына қарай үйдің тірліктеріне араласып, жолдасы мен бала-шағасына тамақ әзірлеуіне болады.

 

Асаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа бакатуһ! «Йасин» сүресін қабір басында марқұмға бағыштап оқуға бола ма?

Жасұлан

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Жасұлан, оқуға болады. Бұл жайлы Хаким мен Ибн Хиббанның сахих деп баға берген мынадай хадисі бар: Мағқал ибн Ясардан риуаят етеді, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Өлілеріңе «Йасин» сүресін оқыңдар!»-деді(Әбу Дәуід, 8-том, 385-бет. Муснад Ахмад. Әс-сунанул-Кубра лин-Насайй. Әл-муғжамул-Кубра лит-Табарани, Шуғабул-иман лил-Бәйһақи, 5-том, 469-бет. Сахих ибн Хиббан, 12-том, 496-бет. Бұл хадисті Дарәқутни және Ибну Қаттан әлсіз десе де, Ибн Хиббан мен әл-Хаким сахих деп баға берген. Ибн Хиббан хадистегі «өлілеріңе» деген сөзді «әл үстінде, өлім төсегінде жатқан адам» деп жорамалдаған. Оның бұл жорамалына Мухибб әт-Табари хадисте «өлілеріңе» деп нақты айтылғандықтан, оны басқаша жорамалдау үшін басқа қуатты дәлел керек деп қарсы жауап берген).