Ислам асыл дініміз

Алла бізді өзіне Құлшылық ету үшін жаратқанын білеміз. Бірақ бізге зәру еместігі айтылады. Сонда деймін, не мақсатпен жаратты бізді? Анықтап байқасаң жәй ғана қызық үшін, осылар қалай өмір сүрер екен деп жасағандай көрінеді. Іште сұрақ көп. Жақсылап жеткізе алмай жатырмын. Ағат сөйлесем Алладан кешірім сұраймын.

Асан

Құрметті Асан, шындығында Аллаһ Тағала адамдарды Оның серігі болмаған жалғыз өзіне құлшылық етулері үшін жаратты және пайғамбарларды адамдардың жаратылуынан болған хикметті оларға баяндаулары үшін, оған шақыру үшін және құлшылықтың түрлері мен оның қателіктерін, оған қарама қайшы келетін нәрселерді адамдарға баян етулері үшін жіберді. Аллаһ Тағала осы өмірді, осы дүниені ақыретке кесіп өтетін бір жол қылды.

Кімде кім өмірін Аллаһқа бой ұсынумен, Оған құлшылық етумен және құлшылықтың барлық түрінде Аллаһты бірлеумен әрі оның жіберген пайғамбарларына ерумен өткізсе, амал қылу майданынан (осы өмірден) зор сыйлықтар мен табыстарға ие болатын майданға (ақыретке) аттанып, ондағы нығметтер мен қуаныштарға, ондағы құрмет пен бақытқа бөленеді. Ол сондай сыйлық, оның нығметі ешқашан таусылмайды, онда адамдар өлмейді, олардың киімдері тозбайды, олардың жастық шақтары өтпейді, керісінше олар әрдайым нығметте, әрдайым амандықта, әрдайым жастық шақта бақытты өмір сүреді. Оларға Аллаһ тарапынан былай делінеді: «Әй, жәннәт иелері! Сендер бұнда өмір сүресіңдер де, ешқашан өлмейсіңдер, сендердің дендерің сау болады да ешқашан ауырмайсыңдар, сендер әрдайым жас боласыңдар да ешқашан қартаймайсыңдар, сендер нығметке бөленесіңдер де, ешқашан қорлық көрмейсіңдер»(Абу Хурайрадан имам Муслим, Тирмизий және имам Ахмад риуаят еткен).

Міне, Аллаһқа құлшылық еткен және пайғамбарына бой ұсынғандардың халдері осындай, олар жәннәтта қалаған нәрселерінің барлығына қол жеткізеді. Олар осы өмірде жалбарынып дұға қылып сұрағандарына жетеді. Олар жәннәтта Ұлы Аллаһ Тағаламен қалағандарынша жолығада да, Оның құрметті, аса ұлы жүзін көреді. «Бұл аса жарылқаушы, тым мейірімді Аллаһ тарапынын болған бір сыйлық»(Фуссилат 32). Ал кіде кім өмірін Аллаһқа құлшылық етусіз, оның пайғамбарына қарсы келіп, өзінің ойына, нәпсісіне және шайтанға ерумен өткізсе, шындығында ол осы дүниеден жаза дүниесіне, қорлық, қайғы қасырет, азап пен қиыншылық дүниесіне, онда адамдар әрдайым бақытсыздықта, азапта болатын тозаққа аттанады. Бұл жайында Аллаһ Тағала былай дейді: «Ал енді қарсы келушілер үшін тозақ оты бар. Оларға өлім үкімі берілмейді, олардан азап жеңілдетілмейді.

Әрбір қарсы келушілерді осылай жазалаймыз»(Фатыр 36); «Күдіксіз кім Раббысына күнахар болып келсе, рас оған тозақ бар; онда ол өлмейді де тіршілік өмір де сүрмейді»(Таха 74); «Расында біз залымдар үшін дуалдары қоршап алатын тозақ отын әзірледік. Егер олар су сұрап жалбарынса, оларға еріген кен тәрізді беттерін қуыратын бір су беріледі. Ол нендей жаман сусын, әрі нендей жаман орын»(Кәф 29). Басқа аятта Аллаһ Тағала тозақтағы азап туралы: «Оларға қайнар су ішкізіліп, ішектері туралады»(Мумтахина 15) -дейді. Міне, Аллаһқа қарсы келушілердің жағдайлары осындай болады. Бұдан мақсат, шындығында бұл дүние амал қылу дүниесі, Аллаһ Тағала разы болатын істерді істеу арқылы Оған жақындайтын дүние. Өзінің амалдарын есеп, хисап қылып, қылған амалдарым дұрыс па, әлде бұрыс па деп

ойланатын дүние. Дініміз Ислам үшін қызмет ететін, оны үйренетін, бір бірімізге жақсылыққа және тақуалыққа жәрдем ететін дүние. Адамдарға Аллаһтың ақиқат дінін жеткізетін және осы ақиқат жолында бір бірімізге сабыр сақтауды өсиет ететін және білім, амал әрі құлшылық дүниесі. Аллаһ Тағала айтады: «Жын мен адамдарды өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым. Олардан бір несібе тілемеймін әрі олардан мені тамақтандыруларын да қаламаймын, шүбасыз Аллаһ ризықтандырушы және мықты күш иесі»(Зәриат). Аллаһ Тағала адамдар мен жындарды өзіне құлшылық етулері үшін жаратты. Аллаһтың оларға бір қажеттілігі болғандықтан жаратпады, өйткені Аллаһ Тағала ешкімге мұқтаж емес. Бұл жайлы Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй адамдар! Сендер Аллаһқа мұқтажсыңдар. Аллаһ Тағала ешкімге мұқтаж емес, ол өте мақтаулы.

Қаласа сендерді жоқ етеді де, орындарыңа жаңа ел әкеле алады, бұл Аллаһқа қиын емес»(Фатыр 15-16). Аллаһ Тағала адамдарды аздан көп қылу үшін немесе төмен жағдайдан жоғары жағдайға көтеру үшін жаратпады, керісінше оларды ұлы хикмет үшін жаратты. Ол хикмет: жын мен адамдардың Аллаһқа құлшылық етіп оны ұлықтаулары, одан қорқулары және оны мадақтаулары, оның көркем есім, сипаттарын біліп сонымен оған мадақтар айтулары. Аллаһ Тағала жақсы көретін істерді істеу әрі ол жақсы көретін сөздерді айту арқылы Аллаһқа қарай жүз бұрулары. Аллаһтың оларға берген нығметтеріне шүкірлік етіп, сынаған сынақтарына сабыр сақтаулары, сондай ақ дін үшін қызмет көрсетіп Аллаһтың ұлылығы жайында пікір жүргізулері.

Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Ол сондай Аллаһ, жеті көкті жаратқан және жерді де сол сияқты жаратқан, күмәнсіз Аллаһтың әр нәрсеге күші толық жететіндігін білулерің үшін әмірлері жер мен көктің арасына түсіп тұрады. Сондай ақ Аллаһтың білімі әр нәрсені өз ішіне алады»(Талақ 12); «Ең жақсы атаулар Аллаһқа тән. Оған сол аттарымен жалбарыныңдар»(Ағраф 180); «Шәксіз көктердің және жердің жаратылуында, түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар. Олар тіке тұрып, отырып, жанбасынан жатып (әр халде) Аллаһты еске алады. Сондай ақ олар көктер мен жердің жаратылысы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен бұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта дейді»(Әл-Имран 190-191).

Сіз бұл дүниеде жаратылғансыз, бірақ бұнда мәңгілікке қалмайсыз. Кейбір адамдар осы өмірде әр түрлі амалдар қылып, ұзақ өмір сүрсе де, қаншама мал жиса да, қаншама ұрпақ қалдырса да соңында оған өлім жетіп, осы өмірден ақыретке аттанады. Ал кейбіреулері дүниеге келіп, санаулы сағаттар ғана өмір сүріп, ешқандай амал қылмастан ақыретке аттанып кетеді. Бұл дүниеде барлық нәрсе бірдей емес, бұл жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныш, пайда мен зиян, бай мен кедей, әдемі ман құбыжық, ауру мен сау, тақуа мен күнақар, кәпір мен мүмін араласқан дүние. Бірақ сіздердің жаратылыстарыңыздан болған мақсат: ол аса пәк болған Аллаһты бір деп білу, оған ешкімді серік қоспау, оның бұйрығы мен тыйымдарын ұлықтау, өз қажеттеріңізді тек қана Аллаһтан тілеу, діни және дүние істеріңізде тек одан жәрдем сұрау, Аллаһтың пайғамбарыәкелген Құран мен сүннетке ергесу, оларға өз еріктеріңізбен бой ұсыну, пайғамбар бұйырған нәрселерді жақсы көру, қайтарған нәрсесін жек көру. Сондай ақ Раббыларыңыздың рақымын үміт ету және азабынан қорқу!

Ассаламуғалейкум уарахматуллаһи уабаракатуһ! Ұстаз сізге қояр сауалым бар еді: менің анам маған намаз оқуға рұқсатын берді, бірақ орамал тағуға рұқсатын берген жоқ! Мен Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының тумасымын, менің бұл қаламда көптеген діни адасулар көп болғаннан анам қорқады...анам мектепте дінтану сабағынан береді, он күн бойы курстан өткен, сол курста анамның миына құйғызып тастаған,хиджаб киюге болмайды, ол Пакистанның,Араб елдерінің киімі деп.....сол үшін рұқсат бермейді..... егер анама қарсы шығып, өз бетіммен кие берсем қалай 
 болады??????????? рахмет!

Гулайым

Уағалейкумуссалам! Гулайым, ата-ананың разылығын алу, оларға деген құрмет көрсету, қарсы шықпау дініміздің басты бұйрықтарының бірі екені баршамызға мәлім. Көптеген Құран аяттары мен хадистерде ата-анаға жақсы мәміле жасау жайында айтылады.    

Дегенмен, олар кейде пендешілікке беріліп бізді шариғатқа теріс келетін әрекеттерге итермелеп, күнә істерге шақыруы мүмкін, мүндай жағдайларда ата-анамызға бағынбауымызға дініміз рұқсат береді.

Бірақ,  бұл «ата-анаға дөрекі мінез көрсетіп яки араздасып, олардан безіп кету керек» деген сөз емес. Керісінше, майдалап, жұмсақ түсіндіруге тырысуыңыз тиіс. Алда-жалда көнбей жатқан күннің өзінде сый-құрметіңізді аямауыңыз ләзім! Алла тағала бұл жайында былай дейді:

«Егер ата-анаң білмейтін нәрсеңді – Маған серік қосуға зорласа, оларға бағынба! (Дегенмен) Олармен бұл дүниеде жақсы қарым-қатынаста бол!..»(Лұқман сүресі – №15 аят.)

 

Ассаламуғалейкум! Менің атым Зияда.Менің қояр сұрағым, мен көп намазымды қаза қылып алдым, енді оларды қалай өтеймін? Айтайын дегенім қаза намазды бірінші оқимын ба , әлде кейін ба? Рахмет!

Зайда

Уағалейкумуссалам! Зайда, Жаратушы Иеміз қасиетті Құран Кәрімді: «Намаз мұсылмандарға арнайы белгіленген уақыттарда парыз етілді», - дейді. Ал енді сол намазды ешбір себепсіз өз уақытынан кейін қаза етіп оқу - өте үлкен күнә. Егер сіз ұмытып кетіп немесе ұйықтап қалып намазыңызды өз уақытында оқи алмасаңыз, оның қазасын өтейсіз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Сендердің қайсыларың ұйықтап қалу немесе бейғамдық себебінен бір уақыт намазын оқымаса, есіне түскен кезінде оқысын. Өйткені  Алла Тағала : «Мені зікір ету үшін намаз оқы» деген болатын», « Бір адам бір намазын ұмытып кетсе, есіне түскен уақытында оқысын. Намаздан одан басқа кәффараты жоқ», «Кімде-кім  бір намазын ұйқы себебінен  немесе ұмытып кетудің салдарынан оқи алмаса, оны есіне түскен кезінде оқысын» деген еді. 
Жалпы, ғалымдардың бірқатары себепсізден-себепсіз намазын қаза еткен адамға қаза намазды өтеместен бұрын тәубе етуді ұсынған.  Қаза намазды оқырда тек парызын және үтір уәжіпті ғана оқисыз. Сүннет намаздарының қазасын оқуға міндетті емессіз. Қаза намазды есіне түскен кезде өтелуі тиіс. Тек мәкруһ уақыттары(Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт. Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады. Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.) болмауы керек.

 

Ассаламуғалайкум! Менiң қояр сұрағым: бөлмеде аю, қоян, т.б ойыншықтар тұрса намаз оқи берсе болады ма?

Ақжан

 

Уағалейкумуссалам! Ақжан, намаз оқып тұрған кісінің алдында, төбесінде, оң және сол жағында және артқы жағында тірі заттың суреті немесе мүсіні (аю, қоян т.б. ойыншықтар) тұрса бұл мәкрүһ болады.

 

Ассаламуғалайкум! Алдынғы сұрағыма жауап бергендеріңізге көп рахмет! Келесі сұрағым шашты қырқуға байланысты және жаюға осыған байланысты не айта аласыздар?

Алия

Уағалейкумуссалам! Алия, әйел баласына керек кезде шашын қиюына рұқсат. Себебі «Сахих Муслимде» жеткізілген хадисте Абдрахман бин Ауфтың баласы табиғин әрі ғұлама Әбу Сәләмәның(Айша анамыздың сіңлісі Умму Кульсумнің сүт баласы) айтуы бойынша, ардақты Пайғамбарымыздың жұбайлары шаштарының ұзындығын кейде қысқартатын болған(Сахих Муслим, Китабуль Хайз, 320-хадис).  Бұл әйелдерге шаш қиюға рұқсат деген сөз. Осы уәжді хадисші әрі Шафиғи мәзһабының фиқһ білгірі Имам Нәуәуи (р.а.) аталмыш хадиске түсініктеме беру барысында: «Сондай-ақ бұл хадис шашты аздап қысқарту әйелдерге рұқсат екеніне дәлел»(Сахих Муслим шарихы, Китабуль Хайз, 320-хадис), - деу арқылы құптап отыр.

Алайда, шаш алу кезінде еркектердің шашына ұқсатып тым қысқа алмауды ескерген жөн. Өйткені Алла Елшісі өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Қиямет күнінде Алла назар аудармайтын кісі үшеу. Олар: Ата-ананы құрметтемейтіндер, еркекке ұқсауға тырысатын әйелдер  және өз жарын қызғанбайтын еркектер... .»(Нәсәий, Китабуз Зәкәт, 2562-хадис), - деп қатаң түрде ескертеді. Ендеше, бұл хадистен әйел заты өзінің табиғи ерекшеліктерін қай жағынан болмасын өзгертпеуі керек екенін аңғарамыз.  

Ал, екінші сұрағыңызға келер болсақ, әйел кісінің жүзі, білезікке дейін қолы және тобыққа дейінгі аяғынан тыс жерлерінің бәрі жабық болуы тиіс. Мысалы, шашының төрттен бірі намазда ашылып қалса, намазын қайта оқиды.

Әйел күйеуімен ұрсып әкесінің үйіне кетіп қалса, бірнеше ай қайтпаса және күйеуі «көзіме көрінбе, ұрып өлтіремін» деген, бірақ талақ бермеген, неке бұзылады ма?

Феруза

Құрметті Феруза, шариғатта егер ер адам «талақ» деген сөзді нақты айтпай, «көзіме көрінбе», «көргім келмейді», «кет», «жоғал бар» деген секілді сөздер айтса, онда оған бірден ажырасу үкімі берілмей, оның ниетіне назар аударылады. Егер бұл сөздер ажырасу ниетінде айтылмаған болса, талақ болып есептелмейді(Ибн Нүжәйм әл Ханафи, Әл Бахрур Раик – 3/519 бет). Осыны негізге алсақ, сіздердің жағдайларыңызда неке бұзылмаған болып есептеледі. Сондықтан да, арадағы түсініспеушілікті ұмытып, бір-бірлеріңіздің қателіктеріңізді кешіріп,  ары қарай отбасылық өмірлеріңізді жалғастырыңыздар. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейіп барады. Көбіне болмайтын бір себептерді сылтау етіп, жанжалдасып, ақыр соңы ажырасумен бітеді. Бұл қоғамдағы отбасы құндылықтарының ақсауына әкеп соғады. Сондықтан да, мұсылман баласы Пайғамбарымыздың (с.а.у) отбасыға қатысты айтқан әрбір сөзін ту етіп, шаңырақтың шайқалуына жол бермеуі қажет.

 

Ассаляму 'алейкум! Бір намазхан жігіттерден естіп ем, бас имам Данияр ағамыз резюмелерін мен суреттерінді алып келіндер, жар табуға жардемдесем шариғатқа сай депті деп. Осы рас па екенін білгім келеді. Рас болса электронды түрде жіберуге бола мекен? Болса қайда жібереміз? Жауаптарыңызды күтем. Алла разы болсын!!!

Ануар

 

Уағалейкумуссалам! Ануар, сіз естіген сөздер шындыққа жанаспайды. Шындығы сол, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттердің бірде-бірінде және ешбір дін қызметкерлері жеңгетайлықпен айналыспайды. Себебі, ондай әрекеттер Атазаңымызда көрсетілген заңдарға қайшы. Жалпы, Ислам – ғайбат, өсек айтпауға, нақақтан нақақ жала жаппауға үндейтін асыл дін. Қасиетті Құранда Алла тағала: «Көзің жетпей тұрып, көңіл аударма. Өйткені, құлақ, көз, көңіл – бәрі де көргеніне, естігеніне жауапты» (Исра сүресі, 36-аят), – деген.

 

Менің жасым 18 де, 2 жыл бұрын намазды бастадым, бірақ 1 аптадан кейін бастап кеттім, себебі ата-анам қарсылық көрсетті қазіргі таңда кітап оқуыма да, таспих тартуыма да қарсы, қандай іс-әрекет жасасам болады?

Әлия

Құрметті Әлия, ата-ананың разылығын алу, оларға деген құрмет көрсету, қарсы шықпау дініміздің басты бұйрықтарының бірі екені баршамызға мәлім. Көптеген Құран аяттары мен хадистерде ата-анаға жақсы мәміле жасау жайында айтылады.    

Дегенмен, олар кейде пендешілікке беріліп бізді шариғатқа теріс келетін әрекеттерге итермелеп, күнә істерге шақыруы мүмкін, мүндай жағдайларда ата-анамызға бағынбауымызға дініміз рұқсат береді.

Бірақ,  бұл «ата-анаға дөрекі мінез көрсетіп яки араздасып, олардан безіп кету керек» деген сөз емес. Керісінше, майдалап, жұмсақ түсіндіруге тырысуыңыз тиіс. Алда-жалда көнбей жатқан күннің өзінде сый-құрметіңізді аямауыңыз ләзім! Алла тағала бұл жайында былай дейді:

«Егер ата-анаң білмейтін нәрсеңді – Маған серік қосуға зорласа, оларға бағынба! (Дегенмен) Олармен бұл дүниеде жақсы қарым-қатынаста бол!..»(Лұқман сүресі – №15 аят.)

Ассаламуғалейкум! Арман Куанышбаев, Абдусаттар Сманов, Ділмұрат және Октам, осы аталған кісілердің әлеуметтік желіде көптеп уағыздары жүр. Оны бүкіл Қазақстан халқы күнделікті көріп, сол кісілерден білімін де жинап жатқандары аз емес. Солардың айтқандарымен жүреді. Ал енді сұрақ: бұл ісіміз дұрыс па? және қай кісілерді ҚМДБ құптайды?

Қайрат

Уағалейкумуссалам! Қайрат, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған Ақпараттық-насихаттық (АНТ) тобының мүшелері Арман Қуанышбаев пен Абдусаттар Смановтың уағыздарын тыңдауыңызға болады.

 

Ассаламуғалейкум уарахматуллаһи уабаракатуһ! Менде бір сұрақ бар едіСүбіханАллаһ егер бір адам дәрет алып сосын оның зәрі шығып кете беретін болсаАллаһуағлам, 3 күндей болыпқалды сөйтіп жүргенінеол қайтадан алса қайтадан шығып кетеді ол не істеуі қажет???

Уағалекумуссалам уарахматуллаһи уабаракатуһ! Шариғатта  зәр тоқтамау, іштің тоқтаусыз өтуі, үнемі жел шығуы, мұрыннан немесе жарадан тоқтаусыз қан ағып тұруы сияқты үзірлі жағдайлардың біріне тап болған кісі бес уақыт намаздың әрқайсысына дәрет алады. Бір уақыт намазға алған дәреті келесі намаздың уақыты кіргенге дейін (дәретті бұзатын басқа бір жағдай болмайынша) жарамды.  Сол уақыт ішінде дәретін жаңаламастан қалаған құлшылығын жасай алады(Маусули, Ихтияр: 1/105-107 бет). Ендеше, сіз де үзір иесі ретінде тап осылай әр уақыты кірген парыз намаз үшін дәрет алуыңыз керек. Бұл дәретіңіз келесі намаздың уақыты кіргенге дейін жарамды. Ал намаз уақыты кірмей тұрып алған дәретіңіз енді кіретін намазға жарамсыз. Оған қайта дәрет алу керек болады.  Сондықтан, намаз уақыты кіргеннен кейін дәрет алуға тырысыңыз. Сонда дәретіңізді жиі алған болмайсыз.

Бір адамды үзірлі деп есептеуіміз үшін бойындағы үзірі бір намаз уақыты бойы жалғасуы керек. Содан кейінгі намаз уақыттарында бір рет болсын көрінуі оны үзірлі деп есептеуге жеткілікті. Мысалы, бесін намазының уақыты кіргеннен бастап шыққанға дейін мұрнынан тоқтамай қан аққан кісі үзір иесі саналады. Келесі екінті уақыты ішінде бір рет болсын мұрынан қан ағуы,  үзірінің тоқтамағандығының белгісі. Бұл кісі келесі келетін шам намазы кіргенде дәретін жаңалауы шарт.

Керісінше, бойындағы үзірі бір намаз уақыты бойы көрінбесе, бұл ол үзірдің тоқтағандығының көрсетеді.