Ассаламуғалейкум! (Зуль-Қа’да, Зуль-Хижжә, Мухаррам, Ражәб) харам айлары туралы түсіндіріп беріңізші!
Әсел
Уағалейкумуссалам! Әсел, Алла Тағала айтты: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі харам айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық жасамаңдар» («әт-Тауба», 36)
Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Уақыт Алла көктер мен жерді жаратқан күндегі түрге қайтып келді. Жыл он екі айдан тұрады. Олардың төртеуі харам болып табылады. Үшеуі: зуль-Қа'да, зуль-Хижжә және әл-Мухаррам бір-бірінің артынан ілеседі, ал төртіншісі Ражәб айы жумада әл-ахир мен ша’бан айларының ортасында» (әл-Бухари 3197)
Бұл айларда соғысуға тыйым салынуының себебі – ол айларға құрмет көрсету еді. Осы айларда бір – бірлерімен соғыспай, ғибадаттармен айналысатын. Бұл айларға құрмет ететіні соншалықты, әкесін өлтірген адамды көрсе, оған қол жұмсамайтын. Алла Тағала осы харам айларда күнә істерге және қан төгіске тыйым салды. Әрине, Алла Тағаланың тыйымдары негізінде бүкіл уақытқа арналған. Бірақ, басқа айларға қарағанда бұл айларда күнә істерге мұқият болуға дініміз үндейді.
Араб күнтізбесіндегі айлардың реті мен мағынасы:
Мұхаррам (арабша. тыйым салынған) – хижра жыл санауы бойынша алғашқы ай. Қасиетті айлардың бірінен саналады. Оның атауы осы ай ішінде әскери іс-қимылдарға тыйым салынуына байланысты шыққан.
Сафар (араб. бос) – Бұл айда адамдар әскери жорыққа аттанатын болғандықтан арабтардың үйлері қаңырап бос қалатын. Сондай-ақ, тайпалар бір-біріне шабуыл жасаған кезде ауылдардың түгін қалдырмай тонап кететіндіктен де осылай аталған деген әңгіме бар.
Раби' әл-аууал (араб. алғашқы көктем). «Раби'» – көктем, маусымының атынан қойылған. Және бұл ай «Мәуліт айы» деп те аталатыны баршаңызға белгілі. Мәулiт – араб сөзі, сөздік жағынан алғанда, қазақшасы “туған күн ”– деген мағына бередi. Бұл Алла Тағаланың ең сүйiктi пендесi, Адамнан (ғ.с.) Исаға (ғ.с.) дейiнгi барлық пайғамбарлардың соңғысы, әрi сардары Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) дүниеге келген айына атау етiп қойылған.
Раби' әл-ахир (араб. соңғы көктем). Алдыңғы айдың жалғасы.
Жұмада әл-уля (араб. алғашқы мұздың қатуы) – ислам келмей тұрғанда Жумада әл-хамса деп аталған. Бұл айдың атауы суық келіп, судың беті мұз қата бастаған кезге сәйкес келеді.
Жұмада әл-ахир (араб. мұздың соңғы қатуы) - алдыңғы айдың атауы секілді қалыптасқан.
Ражаб (араб. доғару) – тыйым салынған айлардың бірі. Арабтар бұл айда сауыт-саймандарын шешкен. Яғни, соғыстарды тоқтатқан.
Шағбан (араб. бөлуші, ажыратушы) – ережеп пен рамазан айын бөліп тұрғандықтан осылай аталған. Өзге деректерде, арабтар су іздеуге тарқап кететіндіктерінен немесе Раджаб айынан кейін бұрқ етіп басталатын соғыстарға аттанғандарынан осылай аталған.
Рамазан (араб. шыжыған) – күннің шыжып тұрған кезіндегі маусым.
Шәууәл (араб. көтеруші) – Ораза айт тойланатын ай. Бұл айдың атауы түйелердің жемі таусылып, жүдеп, сүттері шықпаған кезінде құйрықтарын көтеруімен байланысты шыққан.
Зуль-ка'да (араб. отыру айы, арқаны кеңге салатын ай) – қасиетті төрт айдың біреуі. Сарбаздар жорықтан қайтатын кез.
Зуль-хижжа (араб. қажылық айы) – Құрбан айт тойланады. Бұл айда арабтар Ислам келгенге дейін де қажылықтарын өтейтін болған. Қасиетті айлардың бірі.