Ислам асыл дініміз

Ассаламуғалейкум! 4444 рет оқыса тілегін орындалатын бір дуға бар дейді. Өтінемін соны жазып жіберіңізші. Алла разы болсын.

Бану

Уағалейкумуссалам! Бану,«Тафсир аль-Куртуби» кітабының тәпсіршісі Имам Куртуби: – қандай да бір қиын сәттерде «Ас-Салатун-Нәрия» салауатын 4444 рет оқып, дұға оқылса, Аллаһ Тағала айтылған тілектерді қабыл алады, – деген екен. «Ас-Салатун-Нәрия» салауатынның транскрипция: «Аллаһумма салли саләтән камиләтән уәсәллим саләмән тәммән ‘алә сайидинә Мухәммәдини-лләзи тәнһалю биһиль-‘уқаду уәтәнфариджу биһиль-курабу уатукза биһиль-хауаиджу уәтунәлю биһир-рағаибу уәхуснуль-хәкәтим. Уа юстәскәль-ғамәму биуәджһиһиль-кәрими уә‘алә әлиһи уә сахбиһи фи кулли ләмһатин уәнәфәсин би'адәди кулли ма‘люммин ләк». Мағынасы: «Уа, Аллаһ! Ол арқылы түйіндер шешілетін, қайғы-қасірет кетірілетін, қажеттер өтелетін, мұрат-мақсаттар мен көркем нәтижелерге қол жеткізетін, жарқын дидары арқылы бұлттар жауан төгетін асыл мырзамыз Мұхаммедке және оның әулиетіне һәм сахабаларына әрбір қас қағымның, әрбір шыққан демнің Өзіңе белгілі санындай мөлшерде кәміл салауатың мен толықтай сәлеміңді жолдай гөр!». Сауаттан кейін оқылытын дұға: «Раббана атина фиддуня хасанатан уа фил ахирати хасанатан уа қина ғазабаннар» Мағынасы: «Уа, Аллаһым! Бұл дүниенің жақсылығы мен ахыреттің жақсылығын бере гөр, тозақ отынан сақтай гөр!».

Ассаламуғалейкум! Адам омірден откен соң қиямет күніне шейін қабыр азабын да бола ма. Қиямет күнінен кейін жәннәт не тозаққа кіре ме

Кенжебек

Уағалейкумуссалам! Кенжебек, Аллаһ Тағала алдымен топырақтан пішін жасап адамды бейнелеп, артынан оған жан бергендіктен, пенде жан мен тәннен тұрады. Адам өмірі төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - рухтар әлеміндегі өмір, яғни тәніміз жаратылмастан бұрын жанымыздың бар болуы. Аллаһ Тағала рухтарды жаратып алып, оларға алғашқы тәблиғды жасағанын аятта былай деп келтіреді: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» - дегенде, олар: «Әрине, куәміз», - деген. Қиямет күні бұдан хабарымыз жоқ, - демеңдер» (7.Ағраф-172). Екінші кезең - осы өмірдегі тіршілігіміз. Бұл өмірдегі тіршілік өмірге келумен басталып, бұл пәнимен қош айтысумен аяқталады. Дүние өмірінің ең ұлы мақсаты - әркімнің ақырет үшін не істей алғандығы, сынақтан қалай өткендігі, нәтижесі қалай болатындығымен өлшенеді. Үшінші кезең - өлгеннен кейінгі қиямет күніне дейінгі аралық, яғни бұл кезең қабір өмірінен тұрады. Төртінші кезең - қиямет қайымның басталуынан мәңгілікке дейін созылған ақырет өмірі, яғни, салихалы ғұмыр кешкендер – жәннәтқа, имансыз яки мунафиқ болып өмірден өткендер – тозаққа қоныстануын қамтиды.

Қабір өмірі - ақырет өмірінің есігі, ақыреттің бастамасы не баспалдағы іспетті. Қайтыс болған кісі мейлі көмілсін, мейлі көмілмесін, мейлі хайуанаттарға жем болсын яки суға батып, отқа жанып күл болсын, қандай жағдайда жан берсе де ол кісі үшін қабір өмірі басталған болып саналады.

Екі түрлі қиямет бар. Біріншісі, қабір өмірінен бастау алатын кіші қиямет. Екіншісі, Исрафил періштенің Сурға үрлеуімен басталатын нағыз қиямет қайымның басталуы. Адам жан беріп, қабірге қойылған соң Жаратушысына есеп беруге көшеді де Мункәр, Нәкир атты екі періштенің сұрақ-жауабы басталады. Сұрақтың біріншісі, «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Қай дінді ұстандың?» деп, одан әрі рет-ретімен жалғаса түседі. Дүниеде иманды, салихалы ғұмыр кешкен кісі бұл сұрақтарға мүдірмей дұрыс жауап береді. Мұндай жандарға жәннәт есіктері ашылып, жәннәттің кереметтері көрсетіледі. Егер марқұм болған кісі имансыз яки мунафиқ болып дүниеден өткен болса, екі періштенің сұрақтарынан тосылады (Тирмизи, Қияма – 26). Ондай пенделерге тозақ есіктері ашылып, ондағы азаптың белгілері көрсетіледі. Сондықтан қабірде имансыз жан азап шегеді де, иман еткен мумин сыйға бөленеді.

Әһли сүннет сенімі бойынша, иман етпеген кәпірлер мен кейбір күнәһар муминдер қабір азабын тартады. Имам Ағзам Әбу Ханифа

Ғалымдар қабір азабының хақтығына қатысты дәлел ретінде төмендегідей тұжырымдарды келтіреді:

1. Құранда Ферғауын және оның адамдары қиямет қайымға дейін қабірде азап шегетіндігі туралы айтылады: «Олар ертелі-кеш отқа тасталады. Қиямет-қайым болған күні: Ферғауындықтарды азаптың ең қаттысына кіргізіңдер» (40.Ғафыр-46).

2. «Аллаһ сондай иман келтіргендерді, дүние тіршілігінде де, ақыретте де мықты сөзбен бекітеді» (14.Ибраһим-27). Бухаридің риуаяты бойынша, бұл аят қабірдегі азаптың болатындығын білдіреді. Себебі, бұл аяттың қабір азабы жайында түскендігін Хазіреті Пайғамбарымыз сахабаларына айтқан.

Ал, Хазіреті Пайғамбарымыздың төмендегі хадистері қабір азабының болатындығын ашық, әрі анық түрде баян етеді.

1. Абдуллаһ ибн Аббастан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз бір зираттың қасынан өтіп бара жатып екі қабірді көрсетіп, сол қабірде жатқан екі мәйіттің азап шегіп жатқандығын сахабаларына айтады. Пайғамбарымыз: «Мына қабірдегі екі мәйіт не үшін азап шегіп жатқанын білесіңдер ме?» - деп сұрағанда сахабалары: «Аллаһ және Оның Елшісі біледі», - десті. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз: «Бұл екеуі де үлкен күнәнің азабын шегіп жатқан жоқ. Бірі кіші дәреттен сақтанбайтын, екіншісі өсек таситын. Бұлардың қиналып жатқандары әлгі екі әдеттің азабы», - деп үн қатты да, бір жас шыбықты алып, екіге

бөліп, екеуінің қабірінің басына егіп қойды. Соңынан: «Осы екі шыбық қурағанға дейін бұл екі адамның қабірдегі азабын жеңілдетеді» (Бухари, Жанайз 82; Муслим, Иман 34; Әбу Дәуіт Тахара 26) деді.

2. «Қабір жәннәт бақшаларынан бір бақша яки жәһәннам шұңқырларынан бір шұңқыр» (Тирмизи, Қиямет 26).

3. Келесі бір хадисте: «Мәйіт қабірге көмілгеннен кейін біреуі - Мункәр, екіншісі - Нәкир деп аталатын қара көк түсті екі періште келеді де, қабірдегі кісіге: «Анау Мұхаммед (с.а.у.) деген кісі жайында не айтасың?» - деп сұрайды. Ол: «Ол Аллаһтың құлы және Елшісі. Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның құлы және Елшісі екендігіне куәлік етемін» деп жауап береді. Бұдан кейін екі періште: «Біз сенің осылай айтатындығыңды білген едік», - дейді. Содан кейін олар оның қабірін жетпіс құлаш кеңейтеді. Кейінірек ол мәйіттің қабірін жарық қылады. Ең соңында періштелер мәйітке: «Жат, ұйықта», - дейді. Періштелер оған: «Сен төсектес болған (әйелің) және ең көп жақсы көрген кісі жағынан ояндырылатын махшар күніне дейін ұйықтай бер», - дейді. Егер өлген кісі мунафиқ болса, періштелерге былай деп жауап береді: «Елдің Мұхаммед жайында бір нәрселер айтқанын естідім. Мен де солар сияқты айттым. Одан басқа ештеңе білмеймін». Періштелер оған: «Осылай дейтініңді білген едік», - деседі. Содан кейін қара жерге: «Мына адамды сыға алғаныңша сық», - дейді. Қара жер оны сыққан сайын сыға түседі. Сыққандығы соншалық, сүйектері сырқырап кетеді. Әлгі бейбақ махшар күніне дейін қабірде осылай азап шегеді» (Тирмизи, Жәнәиз – 70).

4. Бірде Хазіреті Осман бір қабірдің қасында тұрып, сақалы су болғанша жылайды. Қасында тұрған кісілер оған:

- Сен жәннәт пен тозақты айтқан кезде жыламайсың да, қабірді көріп мұншалықты неге көп жылайсың? – деп сұрайды. Сонда Хазіреті Осман:

- Расулуллаһ былай деген еді: «Шындығында қабір ақырет қонақтарының алғашқысы. Егер өлген кісі одан сәтті өтсе, одан кейінгі кедергілер оған жеңіл болады. Ал егер пенде одан құтыла алмаса, яғни қабір азабын шексе, кейінгі сатылар одан да бетер ауыр болады», - деді. Хазіреті Осман сөзін ары қарай жалғастырып былай дейді:

- Расулуллаһ бұған қоса: «Мен дүниеде қабірден бетер сүйкімсіз және қорқынышты ешбір нәрсе көрмедім» (Ибн Мажа риуаяты) деді.

Хазіреті Осман қабірге көміліп жатқан мәйітті көрген сәтте мына бір өлең жолдарын еске алатын:

«Егер сен қабір азабынан құтылсаң, үлкен бір пәлекеттен құтылғаның.

Егер одан құтылмасаң, тіпті құтылуың жөнінде ойлай да алмаймын»

5. Фатима бинти Әсәд Пайғамбарымыздың көкесі Әбу Тәлібтің жары, Хазіреті Әлидің анасы еді. Ол алғаш иман еткен мұсылмандардың бірі болып, Мадинаға көшкен болатын. Пайғамбарымызға бала жасында көп қызмет жасаған бұл әйел оны өз балаларынан артық жанына жақын көретін. Сондықтан Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) те оны ерекше сыйлап, құрмет көрсететін. Фатима ханым хижреттің төртінші жылы (626) Мадинада қайтыс болады. Ол қайтыс болғанда Хазіреті Пайғамбарымыз оған деген ілтипатын: «Бүгін анам қайтыс болды» деген сөздерімен білдірген.

Фатима ханым қайтыс болғанда, Пайғамбарымыз үстіндегі көйлегін (жейдесін) шешіп оған кебін қылды және жаназасын да өзі шығарды. Сонан соң Пайғамбарымыз оның қабіріне өзі түсіп біраз уақыт жатып көреді де, жылап тұрып мәйітті жайғастырады. Сахабалар мұны көріп: «Уа, Расулуллаһ! Сенің бұрын-соңды бұлай жасағаныңды көрмеп едік», - деп таңырқайды. Аллаһ Елшісі оларға:

«Әбу Тәлібтен кейін осы әйелдей маған жақсылық жасаған ешкім болған емес. Жұмақтың жібегін жамылсын деп өз көйлегіммен кебіндедім. Қабірде өткізетін сәттері оңай болсын деп көріне өзім жатып тұрдым» - деп жауап береді

Қабір азабы тек кәпір мен күнәһар мұсылмандар үшін ғана дегенімізбен мұның негізгі ақиқатын бір Аллаһ қана біледі. Дегенмен о дүниелік болған әрбір пенде қабірде сан-алуан сұраққа тартылып, тиісті жазасына, не болмаса лайықты сыйына қауышатыны сөзсіз. Себебі, Хазіреті Пайғамбарымыз Сағд ибн Муаз есімді сахабасы қайтыс болғанда былай дейді: «Әлбетте, қабір қысымы бар. Егер одан біреу құтылар болса, Сағд ибн Муаз құтылар еді» (Ахмад ибн Ханбал, 6/55).

Имам Ағзам Әбу Ханифа айтуы бойынша, қабірде пайғамбарлардан, содан соң сәбилер мен шейіттерден сұрақ сұралмайды

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына үнемі мына дұғаны үйрететін. Аллаһтың қалауымен біз де осы дұғаны айтуды әдетке айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді:

«Аллаһым, расында да мен тозақ отынан Саған сиынамын. Қабір азабынан Саған сиынамын. Мәсих Дәжжалдың фитнәсінен Саған сиынамын. Өмір мен өлімнің фитнәларынан Саған сиынамын» (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мажа риуаяты).

Ассаламуалейкум! Мен сабақтан кешігіп келетін едім 1:40 бесін намазын кешігіп оқимын сол бола ма, болмаса мектепте оқи берсем ше?

Жеңісбек

Уағалейкумуссалам! Жеңісбек, Тараз қаласыдағы мешіттерде Бесін намазын жамағатпен оқу уақыты 13:40-та болып бекітілгенімен, оның уақыты Асыр намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады. Демек, Бесіннің алғашқы уақытынан бастап Асыр уақыты кіргенге дейінгі уақыт – Бесін намазының уақыты болып саналады.

Ассаламуғалейкум! Данияр Әлимұхаммедұлы! Мені көптен бері мазалап жүрген сұрағым бар. Намазды бастағаныма Аллаһ қаласа, 1 жыл болады. Жұмысқа тұрғаныма 10 айдай болды. Мемлекеттік қызметтемін. Осыған байланысты Таң намазынан басқасын жинап, кешке жұмыстан қайтқан соң оқуыма тура келеді. Сонымен қатар, Құптан намазынан басқаларының парыз намаздарын ғана оқимын. Мұндай жағдайда қалай етуге болады?Алдын ала рахмет!Алла разы болсын!

Жания

Уағалейкумуссалам! Жания, бұл жалған дүние болған соң сыналмайтын пенде жоқ. Аллаһ Тағала әркімді әрқалай сынайды. Біреуді бай не кедей, патша немесе құл қылып жаратады. Оларға өтеуге тиіс болған бүкіл әмірлерді бұйырып, тыйым салынған нәрселерден тию арқылы сынайды. Кейін ақыретте есеп беру алаңына жиналғанда ешқандай сылтау таба алмай қиналады. Патша болған едім құлшылық қылуға қолым тимеді десе, Аллаһ Тағала Сүлеймен де патша болды, бірақ құлшылығын тастамады. Кедей едім десе, Иса да кедей еді, бірақ кедейлігі ғибадатына кедергі бермеді. Аурумын десе, Аюып та науқас болды, бірақ Аллаһты еске алуды ұмытпады. Құл болдым десе, Юсуф та құл болды, бірақ құлдығы өзінің құлшылыққа арналған пенде екеніне кедергі болмады дейді.

Сондықтан бұл сынақ өмірдің қиыншылығына сабыр етіп Аллаһтың бұйырған әмірлерін өз уақытында өтеуге тырысу қажет. Өйткені ертеңгі күніміз не болары бір Аллаһқа аян. Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Намазды толық орындаңдар. Өйткені, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз етілді» (Ниса сүресі, 103-аят). Демек, намазын қазаға қалдырған адамның ісінде береке болмайды. Намазды уақытында оқуды мақсат тұтқан адамның басқа істері де жеңілдейді.

Ассаламуғалейкум! Мен жаңа жылдан бері намаз оқымай жүрмін. Соның қазаларын қалай өтеуге болады. Яғни, бір апта болды оқымағаныма, қазасын өтегім келеді. Жауабын айтыңыздар... Алдын ала рахмет...

Ернар

Уағалейкумуссалам! Ернар, Жаратушы Иеміз қасиетті Құран Кәрімді: «Намаз мұсылмандарға арнайы белгіленген уақыттарда парыз етілді», - дейді. Ал енді сол намазды ешбір себепсіз өз уақытынан кейін қаза етіп оқу - өте үлкен күнә. Егер сіз ұмытып кетіп немесе ұйықтап қалып намазыңызды өз уақытында оқи алмасаңыз, оның қазасын өтейсіз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Сендердің қайсыларың ұйықтап қалу немесе бейғамдық себебінен бір уақыт намазын оқымаса, есіне түскен кезінде оқысын. Өйткені  Алла Тағала : «Мені зікір ету үшін намаз оқы» деген болатын», « Бір адам бір намазын ұмытып кетсе, есіне түскен уақытында оқысын. Намаздан одан басқа кәффараты жоқ», «Кімде-кім  бір намазын ұйқы себебінен  немесе ұмытып кетудің салдарынан оқи алмаса, оны есіне түскен кезінде оқысын» деген еді. 
Жалпы, ғалымдардың бірқатары себепсізден-себепсіз намазын қаза еткен адамға қаза намазды өтеместен бұрын тәубе етуді ұсынған.  Қаза намазды оқырда тек парызын және үтір уәжіпті ғана оқисыз. Сүннет намаздарының қазасын оқуға міндетті емессіз. Қаза намазды есіне түскен кезде өтелуі тиіс. Тек мәкруһ уақыттар (Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт. Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады. Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.) болмауы керек.

Ассаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Менің қояр сұрағым: Осы Мұсылман адамға ән айту харам ба?

Төлеген

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Төлеген, 1. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ән айтуға, музыка тыңдауға рұқсат ететін де, тыйым салатын да көптеген хадистері бар. Музыкаға байланысты дәлелдердің әр түрлі болуына байланысты ғұламалардың кейбіреуі жалпы музыканы харам десе, енді біреулері адамға пайдалысы адал, ал зияндысы харам деп пәтуа берген(әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.).

Ән айту немесе музыка тыңдау – егер адам баласының уақытын босқа өткізіп, ғибадаттарына кедергі жасаса, нәпсісін қоздырып, ойына харам нәрселерді салып, жаман пиғылдарға жетелейтін болса, даңғырығының қаттылығынан мидағы клеткаларды өлтіріп, адам мінезін ұшқалақтыққа тәрбиелесе онда – харам. «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі музыкаға байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін музыкаларға байланысты болса керек» – дейді ХІ ғасырда өмір сүрген тақуалығымен танымал ханафи ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәблууси өзінің «Идахут-дәлалат фи самағил-әәләәт» (музыка аспаптарын тыңдауға байланысты дәлелдерді түсіндіру) атты кітабында(әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.).

Ал егер музыка керісінше адам бойындағы мүлгіп жатқан жақсы сезімдерін жетілдіретін, рухын, миын тыныштыққа бөлейтін, шаршағанда жүйкелерін дем алдыратын, ойына көркем пікірлер салатын, ішкі болмысына жақсы әсер ететін әуен болса, онда неге харам делінсін!

Хазірет Алидің (Алла Тағала одан разы болсын): «Тәннің шаршайтыны тәрізді жүрек те шаршайды. Сондықтан оны қызық хикметтермен дем алдырыңдар!», «Жүректеріңді анда-санда дем алдырып тұрыңдар! Себебі, жүрек зорықса, тас соқырға айналады»(Мухаммед Абдур-Рахман әл-Марғашли, әл-Ғина уәл-мәғазиф фил-иғламил-муғасир уә хукмуһә фил-ислам, 229-бет. «Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут. 2006 ж.) дегені риуаят етілген.

Ассаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Менің қояр сұрағым: Осы дәретсіз немесе ғұсылсыз Мұсылман адамға "Биссмилләһ" деп айту күнә ма?

Төлеген

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Төлеген, шариғатта ғұсылды да, дәретті де "Биссмилләһ" – деп айтумен бастау сүннет. Демек, дәретсіз немесе ғұсылсыз кезде мұсылман адамның "Биссмилләһ"–деп айтуына рұқсат.  Сондай-ақ, Хакам (р.а.): «Мен ғұсылсыз кезімде де «Бисмилләһи, Аллаһу Әкбар»,- деп малды соя беретінмін»,-деді.

Ассаламуалейкум, Данияр имам! Менің сізге қояр сұрағым, бір мазхабты ұстану сүннет пе әлде уәжіб амалға жатады ма? Бір мазхабты ұстанып, екінші мазхаб амалын дұрыс деп таптым деп амал етуге бола ма?

Жанболат

Уағалейкумуссалам! Жанболат, мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығына «мәзһаб» делінеді.

Мәзһаб ұғымын жете түсіне алмаған кейбір кісілер халық арасында: «Сен Пайғамбардың (с.а.у.) сүннетімен жүресің бе, жоқ әлде Ханафи мәзһабын ұстанасың ба?» дегендей сөздерімен Ханафи мәзһабын ислам дінінен бөлек етіп көрсетуге тырысуда. Әрине, мұндай сөздердің астарында мәзһаб ұстанушылардың адасқандығы меңзелгендіктен, ел арасында діни дүрдараздық пен бүлікке себеп болуда.

Ханафи мәзһабы Пайғамбар (с.а.у.) жолынан бөлек, жеке басына дара жол емес. Мұхаммед Ғазали: «Мәзһабтар – Исламның теңдессіз мәдениеті һәм тіректері» десе, Ибн Тәймия: «Ислам мәзһабтары – жұмаққа жетелер жолдар»(Әбдул Желил Жандан, Мүслүман ве Мезһеб, 13-бет. «Елест» баспасы, Стамбул, 2004 ж.) деп, мәзһабтардың исламды түсіндіруші мектептер екенін білдірген.

Шариғат үкімдерінің қайнар көзі болып табылатын Құран және хадистің әрбір сөзінің тілдік негізгі бірнеше мағыналарымен қатар ауыспалы мағыналары да бар. Тіпті, кейде аят пен хадистердің бір әрпінің өзі бірнеше мағынаны білдіреді.

Мысалы, басқа мәсіх тартуды әмір еткен «Маида» сүресінің 6-аятында: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобыққа дейін жуыңдар», – делінген. Бұл аятта басқа мәсіх тартудың көлемі нақты белгіленбегендіктен, шафиғиларда бастың кішкентай бөлігіне мәсіх ету, тіпті, су себу жеткілікті. Ал ханафиларда, кем дегенде, бастың төрттен біріне мәсіх ету парыз болса, малики және ханбалиларда басты түгел мәсіх ету парыз. Әр мәзһаб өзінің ұстанған көзқарасын қолдап, шариғи дәлел келтіргендіктен, бәрі дұрыс. Себебі, барлығы берген пәтуаларын аятта қолданылған «бастарыңды» деген мағынаны білдіретін «руусикум» сөзінің алдына қосылып жазылған «ب» яғни, «би» әрпінен шығаруда. Араб тілінде «би» әрпі әр түрлі мағынада келеді, айталық:

1. «әз-Заайда» – өзіндік ешқандай мағынасы жоқ, тек өзінен кейінгі сөзді көркемдеу үшін келеді.

2. «Лит-табъид» – «кейбір» деген мағынаны білдіреді.

3. «Лил-илтисақ» – «тигізу, жанастыру, бітістіру» деген мағыналарды білдіреді.

Имам Ахмед пен Имам Малик: «Бұл жердегі «би» әрпі тек қана сөзді әдемілеу үшін келген (заайда) яғни жеке тұрғанда мағынасы жоқ артық әріп болғандықтан, бастың барлық жерін мәсіх ету керек» дейді.

Ал имам Шафиғи, бұл жердегі «би» әрпі «кейбір» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, қолдың бастың кейбір жеріне, тіпті бірнеше тал шашқа тиюі мәсіх ету болып саналады деп пәтуа берген.

Ал Әбу Ханифа болса, бұл жерде «би» әрпі «тигізу, жабыстыру, жанастыру» мағынасында келгендіктен, мәсіх тартудың құралы саналатын алақанның басқа тиюі мәсіх ету болып саналады деп пәтуа берген. Алақанның аясы бастың төрттен бірі болғандықтан, бастың осы мөлшерін мәсіх етуді парыз санаған.

Жоғарыдағы «Би» әрпінен байқағанымыздай, Құран және хадистердің бір сөзі, тіпті, бір әрпі көптеген үкімдерге негіз бола алады. Сондықтан, араб тілін жетік меңгермеген адамның бұл мәзһабтардың ешбірін ұстанбай-ақ өздігімен ижтиһад жасаймын деуі үлкен қателік.

Аяттардың түсу себептері, кейбір себептерге байла-нысты хадистердің, бір қарағанда, бір-біріне қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де кездеседі. Және хадистердің «сахих лизәтиһи», «сахих лиғайриһи», «хасан лизәтиһи», «хасан лиғайриһи», «әлсіз», «жалған», «мутауатир», «ахад», «мәшһур», «ғариб» сияқты қуаттылық жағынан үкім шығаруда үлкен әсерлі дәрежелері бар. Бұларды кез-келген қарапайым адам тереңнен талдап, ара-жігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайды. Алла тағаланың өзі барлық мұсылмандарды мұндай ауыр жүкпен міндеттемейді. Керісінше, Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар»(«Нахл» сүресі, 43-аят.),– деп, білім иелеріне жүгінуді жүктеген. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) бақилық болғаннан кейін сахабалар мен табиғиндардың Хижаз аймағындағылары Абдуллаһ ибн Омардан, ал Куфадағылары Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды ғалым сахабалардан пәтуа сұрап, солардың айтқан үкімдерін негізге алып амал еткен болатын.

Ендеше, ана тілдері арабша әрі Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды көздері көрген сахабалардың және сахабаларды көзі көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділерге жүгінген болса, кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа секілді Құран ілімімен қоса хадис ілімін, мантық-қисын, фиқһ негіздерін, сахаба пәтуалары мен басқа да ғұламалардың көзқарастарын, т.б. ислами ілімдерді жетік біліп, әрбір аятты зерделеп, мыңдаған хадисті мұқият зерттеген мүжтәһид ғалымдардың шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Ал өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы әрі өзгелерді де шатастыруы әбден мүмкін. Бейнебір асау толқынды теңізге желкені жоқ әлсіз қайықпен шыққан ақылсыз бейшараға ұқсамақ. Міне, сондықтан, Ханафи мәзһабы исламнан бөлек, Пайғамбар (с.а.у.) сүннетінен өзгеше жол емес, керісінше, Құран аяттары мен хадистерде білдірілген ақиқаттарды анықтап, үкімдерді халыққа түсіндіруші мектептердің бірі болмақ.

«Мәзһаб ұстанбаймын» деген қатардағы адамның мысалы мынаған ұқсайды: физика ғылымында ғалымдардың анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адамдар сол формулаларды қолдана отырып есептерін шығарады.

Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Ал ол үшін ондай адам зеректілік пен ыждаһат бойынша өзінің алдындағы оқымысты ғалымдардан да асып түсіп, білімі олардан да терең болуы қажет. Олай болмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекер. Міне, дәл осы тәрізді мәзһаб ұстанбаймын деген адам да Имам Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Имам Ахмад ибн Ханбал секілді мүжтаһиттік дәрежеге жетпеген жан болса, мәзһабсыз жүрем деуі бос әурешілік.

Мәзһаб ұстанбаймын деген адам хадистердің сахихтығы мен әлсіздігін өз біліміне сүйеніп біліп отырған жоқ. Хадис ғалымдарының хадистерге берген анықтауына жүгініп отыр. Ал хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтау – әр хадис ғалымының хадистерді қабылдаудағы шарттары мен талаптарына, зеректігі мен ыждақаттылығына қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан, кейде біреуінің сахих дегенін екінші бірі қабылдамауы мүмкін. Әр хадисті өзі жеке зерттеп, оларды риуаят еткен хадис тізбектеріндегі мыңдаған адамның өмірбаянын жеке-жеке тексеріп, сараламаған қатардағы адам – хадис ғалымдарының сахих дегеніне – сахих, әлсіз дегеніне – әлсіз деп хадистерге берген үкімдерін айна-қатесіз қабылдайды. Бұл дегеніміз – хадис ілімінде белгілі бір мәзһаб ұстанып отыр деген сөз. Ал енді фиқһта белгілі бір мәзһаб ұстауға қажеттілік жоқ деген адам хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтауда да мәзһаб ұстанбауы тиіс. Ал ұстанады екен, онда фиқһ мәселелеріндегі мәзһаб ұстануға да қарсы шықпауы керек (Зафар Ахмад әл-Ъусманиют-Таһауани, Қауағиду Ъилмил-хадис, 466-457-бет. «Дарус-Салам» баспасы, Каир қаласы, 2000 ж.).

Бірде маған бір студент: «Мен мәзһаб ұстанбай-мын»,– деді. Мен оған: «Жоқ, ұстанасың», – дедім. Ол маған: «Қалайша?» – деді. Мен оның кімнің діни мектебінен сусындап жүргенін сезгендіктен: «Сен, Насруддин Албанидің мәзһабын ұстанасың ғой»,– дедім. Егер менің осы сөзім жаңсақ болса, аты аталған кісінің жаңылысқан бір жерін айтып берші? – дедім. «Сен, соның дұрыс дегенін – дұрыс, бұрыс дегенін – бұрыс деп айна-қатесіз қабылдайсың. Міне, сен «мәзһаб ұстанбаймын» дейсің, бірақ іс жүзінде мәзһабтасың», – дегенімде ойға қалды.

Ижтиһад(ғалымдардың белгілі бір мәселеде құран, хадис, ижмағ, қиас секілді шариғи қайнаркөздерден діни үкім шығаруы) жасауға ғылыми деңгейі жетпейтін бұқара халық егер де тарихта өзін дәлелдеген һәм ұстанымдарын Құран мен сүннетке негіздеген Ханафи, Мәлики, Шафиғи, Ханбали секілді мәзһабтармен жүрмесе, онда жалпы қоғамда анархия, бейберекеттік белең алады. Әр адам Құранды өзінше шала түсініп, нәпсілерінің қалауына қарай жорамалдай бастайды. Үкім шығаруда белгілі бір тәсіл мен ереже-қағидаларды ұстанбағандықтан, өздері де адасады, өзгені де шатастырады. Мұндай жағдайда қоғамда төрт мәзһаб емес, сансыз қате «мәзһабтар» дүниеге келеді.

Қазіргі таңда мәзһабсыздықтың туын көтеріп, сойылын соғып жүргендер, шын мәнінде, халықты өздерінің түсінген шала діни ұғымына, яки өздері жақтап жүрген басқа бір адамның жолына – «мәзһабына» шақыруда.

Ассаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ. Осы арақ ішіліп отырған жерде отыруға бола ма, болмай ма? Үлкендер айтады: Ішпесең болды отыра бер деп. Сонда бұл қалай болмақ?

Төлеген

Уағалейкумуссалам уарахматуллаһи уабаракатуһ! Төлеген, мұсылман арақ-шарап қойылған жерде отырмауы тиіс. Омар (р.а.): «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): "Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, арақ қойылған дастарқанға отырмасын", – деген сөзін естіп едім», – дейді (имам Ахмад). Мұсылман тыйым іс-әрекетті көрсе, оны тоқтатуы парыз. Ал, егер шамасы келмейтін болса, өзі ондай жерден кетуі қажет. Әділ халиф деп танылған Омар бин Абдулазиз арақ ішкендерді, олармен қоса ішімдікті аузына алмаса да сол дастархан басында отырғандарды дүреге жығатын болған.

 

Ассаламулейкум! Менің сіздерге қояр сұрағым, тәһәжжуд намазын қай уақытта жане неше ракағат оқу керек? Алдын ала рахмет! Аллаһ разы болсын!!!

Ақжарқын

Уағалейкумуссалам! «Тәһәжжуд» сөзінің бір мағынасы – қысқа ұйқыдан кейін ояну дегенді білдіреді. Демек, түннің бір уағында ұйқыдан оянып оқыған абзал. Деректерде келген бір риуаят бойынша Хажжәж ибн Омар деген сахаба былай дейді: «Түннің барлығын ояу өткізсе, тәһәжжүд оқыған болып саналады деп ойлайсыңдар ма?! Шынында тәһәжжүд – қысқа ұйқыдан кейінгі намаз, қысқа ұйқыдан кейінгі намаз, қысқа ұйқыдан кейінгі намаз!»(Тәфсируль Құртуби, Исра сүресі – 79 аят түсіндірмесі).  Сондай-ақ, Исра сүресіндегі тәһәжжуд намазы жайында айтылған аятты да тәпсіршілер «ұйқыдан кейін түннің бір уағында оқылатын намаз» деп түсіндірме берген(Тәфсирут Табари; Тәфсируль Бәғәуи; Тәфсиру Ибни Кәсир, Исра сүресі – 79 аят түсіндірмесі). Демек, аталмыш нәпіл намазын оқығысы келген кісі әуелі ұйықтап, кейін түннің бір уағында (таң намазы кіргенге дейінгі уақыт ішінде) оянып тәһәжжуд оқиды. 

Тәһәжжуд намазын екі рекағатта бір сәлем берумен бір рет, екі рет және төрт рет қалағанынша оқуға болады. Әбу Ханифа «төрт ракағатта бір сәлем берумен оқыған абзал» десе, оның екі шәкірті Әбу Юсуф пен Мұхаммед «екі ракағатта бір сәлем берумен оқыған абзал» деген. Көптеген ғалымдар соңғы пікірді қолданған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тәһәжжуд намазын ұзақ оқитын және рукуғ пен сәждеге барғанда көп дұға айтатын. Тәһәжжуд намазында ұзақ тұру көп сәжде еткеннен абзал. Ұзақ оқылған алты ракағатты намаз, қысқа оқылған сегіз ракағатты намаздан абзалырақ.