Ассаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!!! Менің қазіргі жұмыс жасап жатқан колледжімде, «Қазақстандағы қазіргі діни ахуал» Баяндама: оқу керек еді соған қазіргі мысалдармен студенттерге кішкене ұғымды болатындай қайдан материалдар алсам болады??? Рахмет, Аллаһ разы болсын!
Мубарак
Уағалейкумуссалам! Мубарак, мына баяндама үшін дайындалған материалмен танысыңызшы:
Дінім - Ислам, мәзһабым – Әбу Ханифа
Біздің қазақ халқы – мұсылман, діні – Ислам екендігі жөнінде үнемі Елбасшымыз Н.Ә.Назарбаев биік мінбелерден тектен текке айтып жүрген жоқ. Сан ғасырлар бойы исламдық жолды ұстанған ата-бабаларымыз осы дінге лайықтап өз әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімін қалыптастырған, әрі оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырған. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі болып табылады.
Кешегі келмеске кеткен кеңестік кезіңінде қазақтың мәдениетіне, әдебиетіне, салт-дәстүріне, тіліне, ділі мен дініне қиянат жасалды. Оған тарих куә. «Құдайсыздар қоғамы» дегенге дейін құрғызған сол заманда да талай зұлматты бастан кешкен ата-бабаларымыз тағдыр тезіне төзіп, сабыр сақтап, сенімдеріне селкеу түсірген емес. Енді егемен ел атанып, етек-жеңімізді жинап, еңсемізді тіктедік. Аллаға шүкір, бүгінде халқымыз Ислам діні мен имандылыққа бет бұруда.
Ислам он төрт ғасырдан бері бүкіл адамзатты сенімі мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамастан бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келе жатқан Аллаһ тағаланың бірегей діні. Тарих сахнасына көтерілгеннен бергі уақыт ішінде өмірдің өзі көрсеткендей Ислам дінінің ғылым, білімнің, мәдениет, яғни өркениеттің сарқылмас кәусар бұлағы екендігін әлем мойындағалы қашан. Ислам әлемге даңқты жерлестеріміз Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, һибатулла ат-Тарази, Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани, Ұлықбек, Мұхаммед Захир ад-Дин Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулати, Имам Замин Түркістани секілді кемеңгер ғұламаларды берді. Ғылымның көптеген саласына даңғыл жол ашты.
Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне де ХІІ жарым ғасыр болды. Халқымыз ежелден Ислам ғұламасы, шариғаттың білгірі Әбу Ханифа Нұғман Сәбитұлы (р.а.) негізін қалаған Ханафи мазһабын (діни құқықтық мектеп) ұстанады. Бұл мазһаб тұнған ізгілік пен бүкіл адамзатқа ортақ асыл құндылықтарға бай. Орта Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни алауыздықтың болмай, ұрыс – керіс, дау – жанжалдан іргесін аулақ ұстауының да бірден - бір сыры осында. Өйткені құлшылық амалдарының бір болуы, ондай жат пиғылдың тууына жол бермейді.
Өкінішке орай, бүгінде дін атауын жамылған кейбір ағымдар Ислам дінін жақсы жағынан ғана танытудың орнына қатыгездік пен дөрекілік арқылы ата дінімізге залалын тигізуде. Қазақ атамыз: «іштен шыққан жау жаман» - дейді ғой. Басқа дінді немесе секталарды уағыздайтын миссионерлерге қарағанда, Исламның атын жамылып келіп жатқан уағызшылардың қаупі күштірек сияқты. Себебі, жалпы қазақтың қаракөздері басқа діннің және діни топтардың уағызына үрке қарайды. Көп жағдайда психологиялық, әлеуметтік, қоғамдық немесе рухани сияқты түрлі проблемаларға душар болып жүрген кісілер басқа дінді уағыздайтын миссионердің құрған тұзағына тұтылуы мүмкін.
Ал сәләфи, хизбут-тахрир секілді басқа да исламды уағыздап келіп жатқан топтарға иісі қазақтың мұсылмандық болғандықтан, алдануы тез болып жатыр. Әрине бұл мәселе қауіпті. Себебі ақиқат, таухид, тура жол, таза ислам, Құран мен сүннет секілді керемет девиздермен әңгімені бастаған кезде, діни сауаты атеизм мен исламның ортасында қалқып тұрған қазақтың азаматы леп-лезде
осы жалған ұрандардың артында кеткенін білмей қалады. Исламға қатысты дәстүрлі емес мұндай топтардың таралуының артында үлкен күштер тұрғандай көрінеді.
Мысалыға сәләфилік бағытты алатын болсақ, бұл топ қай қоғамға барса да, нәтижесі сол қоғамды бөліп жарумен, мүшелерінің арасына алауыздық салумен және агрессияны оятуымен көрінеді. Себебі, сәләфизм немесе уахабизм (екі атау болғанымен зат біреу) басқа дін өкілдерін қоя тұрғанда, исламға қатысты бағыттардың ешбірін мойындамайтын, олардың баршасын адасушылар мен тозақыларға теңейтін топ. Міне осы ережемен өмір сүретін бағыттың басқа пікірге агрессиямен қарап, түрлі шараларға баруы табиғи жәйт секілді. Демек, бұл – агрессия мен дөрекілікке негізделген бағыт.
Сәләфилік идеология кеңес өкіметі құлағаннан кейін Орта Азияға, соның ішінде қазақ жеріне де келе бастады. Олар елімізде алғашқы кезде қайырымдылық қорлар ашып, сауат ашу курстарын, араб тілін үйретеміз деген желеумен бірқатар жастарды адастырды. Қала берсе орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты жоқ қандастарымызды қатарларына тарта білді. Тоқсаныншы жылдары көптеген жастар діни білім алу мақсатымен мұсылман жұрттарына барды. Соның ішінде осы идеологияның шырмауына іліккендер оқуын тәмамдап, елге оралған соң, сол діни ағым ұстанымдарын жаюға кірісті.
Бірте-бірте халқымыз сан ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі Ханафи мәзһабына тіл тигізу, ата дәстүрі мен әдет-ғұрыпты мойындамау, оған құрмет көрсетпеу, мәдени және тарихи ошақтарды зиярат етуді дінде жоқ деу, ата-баба зираттарын қирату сияқты жәйттер көрініс беріп келеді. Бұл – діни сауатсыздардың әрекеті. Арнайы мамандардан, сенімді білім көздерінен білім алмағандықтан орын алады. Көбіне, сәләфилік бағыттағы уағызшылардың уағызын тыңдап, соларға ергендердің тарапынан көрініс табуда. Мұндай жат пиғылды ағымдардың жетегіне жастарымыз бен балаларымыз еріп кетпес үшін имандылық мәселесінде және ислам шариғаты жөнінде өзімізде діни сауатты болуымыз керек. Біздің қазіргі кездегі проблемамыз – діни сауатсыздық. Діни сауат — рухани иммунитет.
Тұтастай алғанда, елімізде діни және рухани білім беру мәселесі өзекті болып отыр. Қазақстандық дәстүрлі дін қызметкерлерінің дін атын жамылған жалған ілімдермен халық аудиториясы үшін күрес барысында жеңіліс табуы қоғамда жиі орын алып отыр. Сондықтан қоғамымыз діни тәрбие саласындағы сауатты, теориялық дайындығы жоғары, халықты өзіне тарта білетін кадрларға және дәстүрлі діндер қызметкерлеріне мұқтаж болып отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанда заманауи білім алумен қатар теологиялық дайындықтан өтуге мүмкіндік беретін дәстүрлі діндердің діни оқу орындарын құру мен олардың қызметіне қолдау көрсетуге ерекше мән берілуде. Олар – Алматы қаласындағы жоғары білікті имамдарды, теологтар мен аудармашыларды даярлайтын «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті және исламдық 9 медресе қызмет атқарады.
Ислам озық ой мен прогресс діні ретінде қай кезде де ғылыми-ағартушылық бағытты негіз етіп алды. Сондықтан да алғашқы күннен адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранға үңілумен қатар мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Шебердің құдіретіне саналы түрде бас идірді. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы да ойланғанға ғибрат. Сондай-ақ, «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары» (Әбу Дәуіт), «Тал бесіктен көр бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Ажлуни), «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мажа), «Ілім үйренуге шыққан адам Алла жолында» (Муслим) деген секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша насихаттаған.
Қорыта айтқанда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Діни экстремизмді алатын болсақ, ол адамдар арасына ірткі салуға, өшпенділік отын тұтатуға, қантөгістер ұйымдастыруға жол ашады. Пиғылы бөтен, қазақтың болмысына жат ағымдарға қазір тосқауыл қоймасақ, онда ертең бірлігімізге сызат түседі.
Егер елімізде нағыз таза мұсылман, Құранның жолымен жүретін халық көп болса елде береке, бірлік тыныштық болады» - дейді.
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «…Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып алар жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан азады. Жаманшылыққа бір ілігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» - деген.
Халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқам. Үшінші, дәмін, дәстүрін сыйламайтын балалар өсіп келе жатыр. Мен солардан қорқамын» - деген екен.
Шын мәнінде, Ислам діні сан ғасырлардан бері мемлекеттің тірегі ретінде ақыл мен парасаттың, озық ғылым мен ұлы өркениеттің, мәдениет пен татулықтың діні қызметін атқарып келеді. Ата-бабаларымыз таңдаған ұлы жол қай кезде де елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, тәрбие мен өнегеге бастады. Салтымызға сіңіп, дәстүрімізге айналды. Қыз ұзату, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, келін түсіру, баланы қырқынан шығару секілді салттарымыздың қай-қайсысы да мұсылмандық таныммен әдемі үйлесуде. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без», «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» сынды тәрбиелік мақалдардың көпшілігі мұсылмандық этикамен тығыз астасып жатыр. Сондықтан ұлт тәрбиесінің мәйегі болған дініміз алдағы уақытта да осы жүрісінен жаңылмақ емес.
Баршамыз мақтаныш тұтатын кешегі өткен Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Туркістани (1286-1357), Һибатулла әт-Тарази, Хусам ад-дин әс-Сығнақи және басқа да Сығнақ пен Кердер ғалымдары, Тараз бен Отырар ғұламалары, берісі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. – бәрі де фиқһта Ханафи мәзһабын, ақидада (сенімде) Матуриди мектебін ұстанған. Сондықтан о бастан сунниттік екеніміз, іс-амалда Ханафи мәзһабы мен сенімде Матуриди жолын таңдауымыз ұлт ретінде ұйысып, мемлекет ретінде дамуымызға тың серпін берген. Ендеше бүгінгі күні дінде де ата-бабамыз салып кеткен сара жолды ұстануымыз аса маңызды.