Ислам асыл дініміз

 Әссаламу алейкум! 1)Тәкаппарлықтан қалай арылуға болады?(көптеген діни сайттарда тек зияндарын айтып қана қояды, Оның тек қана емін айтсаңыз екен) Қалай өзін басқалармен бірдей көруге болады? қалай қарапайым боламыз? 2)Өзін өзі жақсы көруден қалай арылуға болады?

Уа ғалейкумуссалам! Әділ, 1. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Көңілінде түйірдей тәкаппарлығы болған адам жәннатқа кірмейді», - деуде.
Шынында өзін құл әрі әлсіз жаратылыс екенін сезінген әрбір адам биік-биік таулар мен аяғының астына төселген ұшы қиырсыз жерге қарап, қарапайымдылықты үйренуі керек. Жер жүзі шексіздігіне қарамай табанымызға төселіп, таулар да ұлылығына қарамастан төбелерінен ұшақтың ұшып, адамдардың ерсілі-қарсылы өтуіне жол беруде. Олай болса, сол тау мен жердің тәкаппарлығы қайда?!
Демек, қарапайымдылық құрметтің ең үлкені. Ал сол қарапайымдылықтың ең әдемі үлгісін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көрсетіп берді. Сара жолды қалыптастырып, күллі көркем-мінезді тал бойына топтастырған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өміріндегі көрсеткен қарапайымдылығына тоқталып өтелік.
Хазреті Омардың (р.а.) риуаяты бойынша пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай бұйырған екен: «Христиандар Мариямұлы Исаны асыра ұлықтағанындай (кұдай дәрежесінде) мені жақсы көруде артық кетпеңдер. Мені Алланың құлы және елшісі десеңіздер сол жетеді».
Ал, хазреті Әнастың (р.а.) жеткізген хабарында Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ей, адамдар! Өз ретімен сөйлеңдер. Шайтан сіздерді адастырмасын. Алла мені қандай дәрежеде көрсе, сендер де мені сондай дәрежеде қабылдаңдар. Мен тек Алланың құлы әрі елшісімін», – деп бұйырған.
Барша мұсылмандардың анасы хазреті Айша (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісінің алдына тамақ әкелдім. Мен ол кісіге: «Жантайып ішіңіз! Жантайып ішкен өте жақсы», – дедім. Сонда Алла Елшісі басын иді. Қай жерде болса да маңдайы сәждеде болатын. Сосын маған былай деді: «Құл қалай жесе, мен де отырып ішемін, тек жатып емес». «Өмірінің соңына дейін Расулалланың жантайып ішкенін көрген жоқпын», – деді хазреті Айша анамыз.
Әнас ибн Маликтің айтуына қарағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) жүннен тоқылған киім киіп, есекке де мініп, киімін жерге түсіріп отыратын болған.
Үлкендердің насихатын тыңдайтын. Ешкіні сауып ішіп, сорпаға да шақырса барады екен.
Хазреті Пайғамбарға: «Саған биік орын жасайық. Сол жерде тұрып адамдарға насихат етіңіз», - дегендерге: «Ұлы Алла мені жоғарылатып немесе өз жағына қайтарып алғанға дейін өкшемнің айналасында жиналатын түрде араларыңда болуымды жалғастырамын», - деп, мынаны өсиет еткен: «Мені өз дәрежемнен артық ұлықтамаңдар. Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жаратты».
Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) аурулардың жағдайын сұрап, жаназаларға қатысатын болған. Үлкен-кіші, бай-кедейлердің әрқайсысының шақырғанын қабыл етеді екен. Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Хазреті Пайғамбардың бойында қатал патшаларда болмайтын үш ерекшелік бар. Есекке мінеді. Кім шақырса, соған барады. Жерге түскен құрманы сүртіп алып жейді».
Алла Елшісі (с.ғ.с.) қасындағы отырған адамның ыңғайсыздықтан дірілдегенін байқап: «Өзіңді еркін ұста, мен патша емеспін. Мен күнге кептірілген етті жеген кұрайыштық әйелдің ұлымын», – деп кішіпейілдігін көрсеткен.
Бірде расулуллаһ сахабаларымен көшеде кетіп бара жатады. Бір әйел Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жақындай келіп: «Ей, Алланың Расулы! Менің саған айтар мұңым бар», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ыңғайлы жерге отырыңыз, мен де қасыңызға отырайын», – деп ол кісінің сөзін бастан-аяқ тыңдаған екен.
Міне, жоғарыдағы сахабалар жеткізген риуаяттарға қарағанда, екі дүние шырағы сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір амалында өте қарапайым болған. Және де кейінгі үмметтеріне қарапайым болуды әмір етті. «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімде артық үстемдігі жоқ. Алланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді. Сол секілді Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына жүз еселік дәреже береді», - деген пайғамбарымыздың осы сөзінде біз үшін үлкен өнегелі өсиет жатыр. 
2. Алла елшісі (с.а.у.) мүбәрак хадисінде: «Өзің үшін жақсы көрген нәрсені басқалар үшін де жақсы көрмейінше кемел иманға жете алмайсыңдар» деген. Тағы бір хадис шәріпінде: «Ілімнің ең үлкені Алладан қорқу, надандықтың ең үлкені өзіне өзі таңдану» деген.

 

Ассаламуалейкум уа рахматуллахи. менің білгім келгенім, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) бір хадисінде әрбәр бала дүниеге мұсылман болып келеді бірақ оларды атa-анасы тәрбиесіне байлансты не яхуди,христиан болады деген хадисы барғой? егер ата анасы христиан болса баласы дүниеге келгеде мұсылман боладымы??? Рахметтт!!! 

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Бауыржан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді.» - деген (Табарани).
Хадис шәрифте мұсылмандықтың адам санасында орнығып қалыптасуында немесе жойылуында балалық, жастық шақтағы атқарылатын істердің маңыздылығы білдірілуде. Олай болса әрбір мұсылманның бірінші міндеті - баласына ислам дінін және Құран кәрімді үйрету.
Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балаларына Құран кәрім үйреткендерге немесе Құран кәрім ұстазына бергендерге үйретілген Құран кәрімнің әр бір әрібі үшін қасиетті Қағбаны 10 рет зиярат еткеннің сауабы беріледі және қиямет күні басына дәулет тәжі киіледі. Бүкіл адамдар оны көріп қызығады.» - дейді (С. Әбәдийа).
Балаларға иман, Құран кәрім және Аллаһу та'аланың әмірлерін үйретіп сонымен жүруге дағдыландырса, дін және дүние бақытына қауышады. Бұл бақытқа, сауапқа ата-анасы, ұстазы да ортақ болады.

 

Әссәләму алайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!менин сурайын дегеним жұмыста хиджапка карысы яғни намазымды окып болғансон хиджаб кимейак жай гражданский ашық шашық емес киіммен жүре беруге болама?

Уа ғалейкумуссалам! Айзат, хижап сөзі араб тіліндегі حجاب (хиджәб) сөзінен шыққан. Мағынасы “жамылғы” және “перде” деген сөздерді белдіреді. Алла Та’ала адамзат баласына VII ғасырдың басында Ислам дінін таратқанда мұсылман әйелдер үшін әурет жерлерін бөтен еркектерден жасырудың міндет екендігі белгілі болды. Қасиетті Құран Кәрімнің Нұр сүресінің 31-аятында: “Мүмін әйелдерге де айт: “(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа. (Беті, қол-аяқтары. Ж.Б.М.К.) Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін” делінген.
Демек, мұсылман әйелдер үшін әурет жерлерін бөтен еркектерден жасыру намаздың ғана үкімі емес, намаздан тыс уақыттарда да парыз.

Ассаламу алейкум! Менім мынандай сұрағым бар, жалпы әтір жайында не айтасыздар. себу дұрыс па әлде харам ба?

Уа ғалейкумуссалам! Жандәулет, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Шындығында, харам да, халал да анық. Олардан басқа, (адал-арамдығы) белгісіз күмәнді мәселелер де бар. Адамдардың көбі олардың харам не халал екенін біле бермейді. Ал күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстағанның діні мен ары таза болмақ(Тирмизи)»,- дейді. Ендеше, мүмкіндік болса құрамында спирті жоқ иіссуларды себуге тырысыңыз. Қазіргі таңда мұндай спиртсіз иіссуларды іздесеңіз, оңай табасыз.

Ал, құрамында спирті бар иіссуларды қолдануға келер болсақ, оны кейбір ғалымдар дұрыс емес дейді. Олар: «Спирт те мас қылатын ішімдіктер тәрізді нәжіске жатады. Сондықтан, құрамында спирті бар парфюмерия немесе косметика сияқты заттарды қолдану намазға кедергі келтіреді», – деген уәжді алға тартады.

Әйтсе де, ондай иіссуларды себінуге рұқсат дейтін ғалымдар да жоқ емес. Олар  нәжісті екіге бөліп қарастырады. Біріншісі қан, зәр іспетті киімге немесе денеге тисе, намазға кедергісі бар табиғи нәжіс. Екіншісі, пұт, темекі сияқты денеге тисе намазға кедергісі жоқ рухани нәжіс. Олар: «Спиртті ішу – харам. Десе де, денеге немесе киімге тисе намазға кедергісі жоқ, яғни рухани нәжіс санатынан» дегенді айтадыЯғни, спиртті әтірге араластыруға, медициналық мақсатта т.б. қолдануға болады. Намазға ешқандай кедергісі жоқ. Ал, оны жүзім шарабына теңеп, табиғи нәжіс деу күмәнді. Өйткені, Маида сүресіндегі арақты «нәжіс» деген аяттың мағынасын «жек көріңішті әрекет» деп  түсінуге де болады.  Алайда бұл, спиртті ішуге болады деген сөз емес» деген тоқтамға келген.

Бұл тұжырымды Ханафи мәзһабындағы ғалымдар да құптайды. Өйткені, Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің (р.а.) сөзіне қарағанда: үлкен дәрет, зәр, қан сияқты нәжістер қатарына тек Құранда аты аталған жүзімнен жасалған шарапты ғана жатқызамыз. Ал бұдан өзге мас қылатын ішімдіктерді ішуге тыйым салынғанымен, денеге немесе киімге тиіп кетсе, намазға кедергісі жоқ». Ханафи мәзһабының ғұламасы Мухаммад Захид әл-Кәусәри (1879-1951ж) туысына жолдаған хатында Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің осы қағидаларына сүйене отырып былай дейді«спирт» Әбу Ханифа (р.а.) бойынша «нәжіс» емес. Имам Ағзамның осы сөзі көп жерде тығырықтан шығарады. Спирттің әтірге қосылып, киімге себілуі намазға ешқандай кедергі тудырмайды».

Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракатух құрметті имамдар! Алдымен сіздерге үлкен алғысымды білдіргім келіп тұр. Осы сайтты көркейтіп, мұсұлмандардың керегіне жарайтын материалдар мен мақалаларды жариялап, қойылған сұрақтарға жауап бергендеріңіз үшін. Ал енді сұрақ. Менің намаз оқып бастағаныма жарты жылдан асты, алайда ол намаздардың көбісі қаза болды. Арада көп күн намаздарым оқылмайды. Сосын қайтадан бастаймын. Қысқасы, намаздарым толық емес. Мен не істесем болады ? Көбінесе бұған себеп туған туысқандарымның үйге келуі. Яғни, олар не айтады деген оймен оқылмайды. Иманымды қалай күшейтсем болады? Және www.sunnaonline.ru,talib.ru сайттары Ханафи мазхабына сай ма? Яғни ол сайттарға кіре берсе дұрыс па? Сіздер шейх Хасан Алидың лекциялары туралы не айтасыздар?

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Фатима, намаздарды үзірсіз (себепсіз) қазаға қалдыру үлкен күнә болады. Қаза болған намазды мүмкіндік болуымен дереу оқып алу керек. Қаза намазды оқу парыз болып табылады, сонымен қатар қазаға қалдырғаны үшін қосымша тәубе ету де керек.

Сонымен қатар, Сіз көрсеткен сайттар мен Сіз атаған лектор (уағызшы) елімізге еш қатысы жоқ сайттар мен лектор (уағызшы) екен. Сондықтан, Сізге қазақстандық исламдық ресми (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына немесе ҚР Дін істері агенттігіне қатысты) сайттарды пайдалануға және қазақстандық ресми дін ғалымдарды тыңдауға кеңес береміз.

Әссәләму алайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Аллаһ разы болсын сіздірге ! Сұрағым спортқа қатысатын адам жекпежекке жарысқа шығады қарсыласын соққыға жығады ол қалай болад күнама кейн Ұтқан адамға сыйлық береді немесе ақшалай сыйлық береди ол һарам емеспа жауап жазссаңыз??

Жеңіс

Уағалейкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Жеңіс, дінімізсалауатты өмір салтын арттыратын дүниелерді құптайтыны мәлім. Ендеше, спорт түрлеріне де оң көзбен қарауы заңдылық. Мұсылмандарды күшті, қуатты болуға шақырған(Муслим) Пайғамбарымыздың өмірінен қазіргі кездегі спорт түрлеріне ұқсас бірнеше мысалдар бере кетелік. 

1. Жүгіру. Сахаба Абдулла ибн әл-Харис былай дейді: «Алла елшісі Аббастың ұлдары Абдулланы, Убайдулланы және Кәсирді қатар қойып: «Кім маған бірінші келеді, соған мына, мына нәрселерді беремін», – дейтін. Олар жарыса жүгіріп келіп, Оның арқасына, көкірегіне отыратын. Ал, Ол (с.а.у) оларды құшақтап, беттерінен сүйетін»(Һәйсәми – 5/342 бет, №9352 хадис). Айша анамыз да былай дейді: «Пайғамбар екеуміз жүгіріп жарысқанымызда мен Оны оздым. Кейін салмақ қосқанымнан соң Оны тағы оздым, артынша Мұхаммед (ғ.с.) менен озды. Ол: «Бұл алдыңғы озғаныңның ақысы», – деді.»(Әбу Дәуід – №2578 хадис)

2. Ат жарысы. Сахаба Ибн Аббастан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жүлде тек ат жарысына немесе түйе жарысына, яки найза лақтыру (садақ ату) жарысына беріледі»(Әбу Дәуід – №2574 хадис), – деген.

3. Күрес. Мекке қаласының атақты палуаны Руқанә ибн Абдязид деген кісіні Пайғамбарымыз дінге шақырады. Палуан діннің ақиқаттығын дәлелдеуін сұрайды. Сонда Алла елшісі оған: «Егер мен сені күресте жеңсем, менің айтқандарымның ақиқаттылығына сенесің бе?», – деп сұрайды. Әлгі палуан келіседі. Пайғамбарымыз бірнеше рет оның жауырынын жер иіскетеді...»(Ибн Хишам)

4. Мергендік. Сахаба Ибн Аббастан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жүлде тек ат жарысына немесе түйе жарысына, яки найза лақтыру (садақ ату) жарысына беріледі»(Әбу Дәуід – №2574 хадис), – деген.

5. Суда жүзу. Пайғамбарымыз (с.а.у) алты жасында бір айдай нағашыларында болғандығын еске ала отырып былай дейді: «Мына жерге анам мені қалдырған еді. Әкемнің қабірі де осы жерде. Мен сол кездері Ади ибн Нәжжар ұлдарының суында жақсы жүзетінмін»(Әл-Мунтазам фи тарихил умәм).

Жоғарыдағы мысалдардан Алла елшісі өзінің үмметіне салауатты өмір салтын насихаттап, соны дамытуға шақырғанын байқаймыз. Ендеше, мұсылман кісі деннің саулығына септігін тигізетін және оны шынықтыратын спорт түрлеріне әуестенгені жөн.

Ассалаьалейкум енбектеринизге Алла разы болсын!! мына мусылмандарга шошка жануары неге харам болган? Алдын ала рахмет!

 

Уағалейкумуссалам! Асқар, шариғат тұрғысынан доңыз етінің харам болу: араб тілінде «Иман» – «амандықты қамтамасыз ету», – деген сөздік мағына бере отырып, түсінік тұрғысынан білімге негізделген мұсылман санасын айқындайды. Яғни адам тіршілігіндегі қауіпсіздік пен тыныштық оның Жаратушысына деген сенімін білдіріп, илләһи заңдылықтар мен талаптарына бой ұсыну дәрежесін, әрі халал (адал) мен харамның (арамның) аражігін қаншалықты ажырата білу қабілетіне тікелей байланысты болған түсінігі мен парасаттылығын аңғартпақ.

Шариғатымызда доңыз еті харам, яғни оның етін тамақ ретінде пайдалануға қатаң түрде тыйым салынған. Етпен қоректенетін жыртқыш аңдардың барлығының еті және кейбір шөпқоректі жануарлардың еті шариғатымызда арам, бірақ белгілі бір өңдеуден өткеннен кейін адалданып терісі, қылшықтары, сүйегі, тұяқтары тұрмыс қажеттілігін өтейтін бұйымға айналатыны баршамызға мәлім. Тек доңыздың терісі, тұяғы, қылшықтары ғана қанша өңдегенмен арам күйінде қалады. Бұлай болуы, бәлки, бұл жиіркенішті хайуанның жартылай етқоректі болуынан әрі нәжістің қай түрінен де бас тартпайтын ластыққа құмарлығынан болар.

Осы хикметтегі «іші де лас» деген сөзге көңіл аударайық. Қазіргі физиологиялық зерттеулер доңыздың несеп жүйесінде өзіндік ерекшелік бар екенін көрсетіп отыр. Несеп қышқылының бар болғаны 3 пайызы ғана сыртқа шығады екен. Ал адамда, бұл көрсеткіш 90 пайыз. Яғни, доңыз несебі оның денесінде түгелдей қалып, зат алмасу процесіне қайта қосылып отыратыны анықталды. Доңыздан шығып тұратын жағымсыз иістің басты себебі осы болса керек. Сонда доңыздың денесі өз несебіне бөгіп тұрады. Ғылыми сараптаманың осындай нәтижелерімен танысқаннан кейін шошқа шұжығын ұнататындардың көбісі, тіршілігінде өз несебіне «тұздықталған» мұндай «манираттан» бас тартып, Ислам талаптарына сай құрылған халал дүкендердің дәміне құмартып алды. Елбасының халқымызға арнаған соңғы жолдауында бірсыпыра батыс мемлекеттерінің халал ет өнімдеріне үлкен қызығушылық танытып отырғанын, сондықтан халал ет өнімдерін дайындау отанымыздың тамақ өндірісін дамытудағы басты сала болуы керек екендігі айтылған еді. Ет өнімін молайтамыз деп құлшынып жүрген іскер азаматтарымызға бұл үндеу таныс болса керек.

Мұсылманға тән халал тағам Құран Кәрімде анық айтылып, шариғатымызбен бекітіліп берілген. Сондықтан қандай жағдай болмасын мұсылмандар, Құранды басшылыққа алып, алып, Раббымыз тыйған нәрселерден тыйыламыз. Аллаһ тағала «Бақара» сүресінің 172-173 аяттарында: «Әй мүминдар! Ризықтандырғандарымыздың жақсысын жеңдер, әрі Аллаһқа шүкіршілік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар. Шынайы түрде сендерге өлексені, қанды, доңыз етін және Аллаһтан басқаның атынан бауыздалғанды харам қылды», – деп қатаң ескертсе, «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Аллаһтан басқаның атынан бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа», – деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсы адал, қайсысы арам екенін атап көрсетеді. Бұл Илләһи үкімді орындау барша мұсылманға парыз. Ал парыздың – Жаратушының рахымына бөлейтін ұлық ғибадат екенін барлығымыз да білсек керек.

Бұл үкім кезінде Мұса (ғ.с.) үмметтері иаһудилар мен Иса (ғ.с.) үмметтері христиандарға да берілген болатын. Иаһудилар бұл үкімді әлі де ұстап келеді. Ал христиандар Інжілде жазылған (Қосзаңдылық 14:8): «Ал, шошқа аша тұяқты болса да, күйіс қайырмайды. Ол сендер үшін таза (халал) емес, оның етін жемеңдер және олардың өлігіне жоламаңдар!» – деген Аллаһ тағаланың бұйрығын тәрк етіп, «амандықты қамтамасыз етуді» ұмытты.

Медициналық тұрғыдан: мұсылмандардың доңыз етінен бас тартуын, Аллаһ әміріне бой ұсына отырып, өз денсаулығына жасаған қамқорлығы деп пайымдаған жөн. Аса ашқарақ әрі жиіркенішті бұл жаратылыс, лас нәрсенің барлығын қорек ете беретіндіктен, олардың бүкіл ағзасы зиянды микроқоздырғыштар мен паразиттердің кең көлемде өсіп-өнетін мекені болып табылады. Олай болса доңыз етін пайдалану, мына төмендегі зардапты кеселдердің пайда болу ошағы екенін ескергеніміз жөн:

– TRICHINELLA SPIRATIS (трихинеллез). Доңыз етін жеуге салынған тыйымның басты себебі осы аурудың қоздырғыштары. Ет пісірілгенде, буланғанда, бұқтырылғанда жеткілікті түрде термиялық өңдеуден өтпеген болса, онда доңыз денесінде болатын трихина құртының қоздырғыштары (домалақ гельминттер) адам ішегінде қос жынысты құрттарға айналып, қан ағысымен бұлшық ет тканьдарына жетіп, көбейе бастайды. Бұлшық ет жан шыдатпас ауруға, жұмсақ тканьдар ісініп, дене қызуы арта түседі. Бұл кеселмен жүйке тканьдары мен жүрек бұлшық еттері де (миокард) зақымданатыны анықталған. Бүгінгі дамыған медицина бұл дертке еш ем таба алар емес. Сондықтан, бұл індеттен сақтайтын жалғыз ғана сенімді жол – доңыз етін тағамға пайдаланудан саналы түрде бас тарту болып табылады.

– TAENIA SOLIUM (цистицеркоз). Доңыздың ішек-қарын жолдарында тіршілік ететін шошқа солитерінің личинкасы адам денесіне өткенде, қан тамырлары арқылы бүкіл ағзаны дертке шалдықтырады да, миды зақымдайды. Ми қабығы қабынып, бастың ішкі қысымы артып, қояншық ауруының белгілері жиі байқалатын болады.

– АСКАРИДАЛАР МЕН ШОШҚА ЦЕПЕНІ (ішек құрттары). Бұл аурудың әсерінен ас қорыту жолдары бұзылып, дене қуаты азайып, адам үнемі әлсіреп жүреді.

– SCHITOSOMA JAPONICUM. Бұл кеселге ұшырағанда адам қансырап, қан азаю зардаптары пайда болады. Уақыт өте жұлыны не миы зақымданып, сал болып қалады немесе өлім құшады.

– ШОШҚА ТІЛМЕСІ. Бұл өте қауіпті эпидемиялық кесел. Ауру жұққанда індет тез жайылып, адамның жаппай қырылған кездері болған.

– TOXOPLASMA GOUNDII – өте қатерлі ауру. Бұл ауруға шалдыққан анадан туған сәби, өмір сүрмейді. Тірі қалған күннің өзінде ол не соқыр, не керең болып қалады. Ересектерде бауыр мен көкбауырдың ұлғаюы мен созылмалы безгек ауруы, өкпенің қабынуы, цереброспиналдық менингит, делбе індеттері пайда болып, әрі көру, есту қабілетінен айырылуы мүмкін. Доңыз етін көп мөлшерде қолданатын адамдар оның майлылығы тым жоғары болғандықтан сезімдіктен қатты азап шегеді әрі олардың терісінде ірің кеулеуі жиі байқалады. Доңыз майының сіңімділігі өте төмен, өйткені май гидролиздік ыдырауға түспейді. Сондықтан доңыз майына тойып алған адам тоқ болып тұрса да ашқарақтыққа салынып, тоқтаусыз жей береді. Яғни созылмалы мешкейлік ауруға ұшырайды.

Салеметсиз бе№Наби деген сөздің мағынасы қалай?

Уағалейкумуссалам! Айгерім, арабша «Нәби» деген сөздің қазақша мағынасы «Пайғамбар» деген сөз.

Аллаһқа уәде бергеннен кейін орындау міндетпе? Орындамаған жағдайда не күтеді пендені? Рахмет!

Құрметті Жарқын! Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Олар, Аллаһқа берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар» (Рағыд сүресі, 20-аят). Бұл аят тақуа, діндар мұсылмандардың келісім-шарттарына бекем, уәделерін толық орындайтындықтарын білдіруде. «Берген уәделеріңді және жасасқан келісім-шарттарыңды орындаңдар. Өйткені уәде беру жауапкершілікті міндеттейді» (Исра сүресі, 34-аят). «Келіссөз жасасқандарыңда, Аллаһқа берген уәделеріңді орындаңдар» (Нахыл сүресі, 91-аят). Бұл аят дана халқымыздың «Уәде – Құдай сөзі» деген нақыл сөзімен ұштасып жатқандығын көрсетуде. Тағы бір аятта: «Ей иман келтіргендер! Берген уәделеріңнің шарттарын толық орындаңдар» (Мәйда сүресі, 1-аят) делінген.

Ассаламуалейкум! Алла Тагала аспанда деу дұрыспа?

Уағалейкумуссалам! Алмат, араб тілінде «аспан» сөзінің негізгі мағынасы «жоғары» дегенді білдереді. Міне біз «Алланың жоғарыда (аспанда)» екендігін меңзеген аят, хадистерден осы мазмұнды түсінуіміз қажет. Яғни, Оның мәртебесінің жоғарылығы, даңқының асқақтығын. Мәселен, біз күнделікті өмірде «бұл мәселені жоғарыдағы адамдар шеше алады» десек, ол адамдардың денелерімен жоғарыда емес, мәселені шешуге ықпалы бар биік мансап, жоғарғы лауазым иелері екендігін түсінеміз.

 Алланы төбеміздегі аспанда деп пайымдау астрономия ғылымы тұрғысынан да қате. Себебі, жер шары домалақ болғандықтан, аспан да салыстырмалы түрде әр жақта болады. Яғни, жердің мына бетіндегі адамның аспан деп көрсеткен жоғарғы жағы жердің арғы бетіндегі адам үшін төменгі жақ болып саналады.

Хадис ілімінің майталман білгірі Ибн Хажар Асқалани: «Ақыл-түйсігіміз Раббымызға тән сырларды түсіне алмайды. Оның берген қандай да бір үкіміне «неге? қалай?» деп айтылмайды. Сондай-ақ оның болмысы «қайда?» деп те сұралмайды» – деген.

Себебі, Алла мекен мен заманға тәуелді емес. Алла Тағала мекен де, Аршта та, уақыт та жоқ кезде бар еді. Сондықтан, Алла Тағала аспанды да, Аршты да, тағы басқа орынды да мекендемейді.

Түптеп келгенде, мекен мен заманның өзі Алла Тағаланың билігіндегі нәрселер. Құранның: «Көктер мен жердегі жаратылыс кімнің иелігінде? – деп сұра да, оларға «оның бәрі – Алланікі» де»(«Әнғам» сүресі, 12-аят)- деген аяты мекеннің де, оның ішіндегілердің де Алланың иелігінде екендігін білдіреді.

Алла Тағала – мәңгі, ешбір өзгеріске ұшырамайды. Яғни, Хақ Тағала мекен жоқ кезде қалай болса, мекен жарытылғанан кейін де өзгеріссіз қала береді. Бұл жайлы Хазірет Әли: «Алла Тағала Аршты өзіне мекен үшін емес, керісінше құдіретін паш ету үшін  жаратты», «Алла Тағала мекен жоқ кезде де бар еді. Ол бұрын қалай болса, қазір де дәл  солай»(Абдул-Қаһир әл-Бағдади) – деп, Аллаға мекен тән еместігін әрі Ұлы Жаратушының өзгеріске ұшырамайтындығын білдірген.

Хужжатул-Ислам Әбу Жәғфар әт-Тахауи өзінің мәшһүр «Тахауия ақидасында» былай дейді: «Алла Тағала шектеуліктен, тіректер мен ағзалардан, құралдардан пәк. Оны кейіннен жаратылғандар тәрізді алты жақ (оң, сол, алдыңғы, артқы, жоғарғы, төменгі жақтар) қамтымайды»(Әби Хафсин Сиражиддин Умар ибн Исхақ әл-Ғазнауий әл-Һинди).

Әбу Ханифа (Алла оған разы болсын!) фиқһул-әбсат кітабында: «Менен «Алла қайда?» деп сұраса, былай деп жауап беремін: «Жаратылысты жаратпас бұрын, мекен атаулы жоқ кезде де Алла бар еді. «Алла Тағала айна?», яғни «қайда?» деген сауал да, жаратылыс та, жалпы ешнәрсе жоқ кезде де бар болатын. Алла барлық нәрсенің жаратушысы!»

Абай Хакім бір өлеңінде Алланың мекенсіздігін меңзеп былай деген:

«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың оны ойламай,
Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!».

Күллі ислам ғалымдары Алла Тағаланың  мекенсіздігін бірауыздан білдірген. Абдул-Қадир ибн Таһирит-тамиими әл-Бағдади бұл жайлы: «Алланы мекен қамтымайтындығын әрі Оған уақыт ұғымы жүрмейтіндігін Әһлус-сунна уал-жамағат ғалымдары бір ауыздан ижмағ еткен».(Абдул-Қадир ибн Тааһирит-тамиими әл-Бағдади)