Ислам асыл дініміз

Сетевой маркетинкпен паида табудын шариги укими харамга жата ма жок па?

Құрметті Құрманғазы, Бүгінде елімізде «ЖЕЛІЛІК МАРКЕТИНГ» ұғымы қанатын кеңге жайды. Табыс көзінің жаңа бір түрі болып есептелетін бұл жүйеге, көңілін аударған қандастарымыздың қатары, күннен күнге өсуде. Жеңіл ақша табуды уәде ететін бұндай экономикалық жүйе, күнделікті тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналғаны қашан. Әсері жанамай өткен отбасы кемде кем болар.

Ол жайында айтылғандарға құлақ түріп, жазылғандарға көз жүгіртсеңіз, жаңаша табыс көзі екенін көресіз. Алайда, күнделікті өмірін Ислами негіздермен өлшеп, әрбір қадамын діни құндылықтармен таразылайтын мұсылман қандастарымыздың көкейінде, «бұл жүйеге асыл дініміздің тоқтамы қандай екен?» деген сауал туындауы заңдылық. Себебі, Ислами экономика жүйесінің өзіңдік жалпылама қағида-ережелері және экономикалық көзқарасы, принциптері бар. Қоғамның маслахатын (игілігін) көздейтін Ислам діні, бұл жаңа экономикалық жүйе жайында да айтары жок емес.

Желілі маркетинг дегеніміз не?

Желілік маркетинг немесе көп деңгейлі маркетинг (ағыл. multilevel marketing, MLM) дегеніміз – тәуелсіз дистрибьютерлер (тауар өткізуші агент) желісін құру арқылы өнімді немесе қызмет түрін өткізу, сату. Әрбір агент, тауарды сатумен қоса, өзінің қанатының астына өзгеде агенттер жинауға құқылы. Әрбір агенттің табысы – өнімді сатқаны үшін берілетін үстеме ақша және қол астындағы агенттерінен түскен сыйақы, бонус.

Желілі маркетингтің шығу тарихы, өткен ғасырдың орта белінен басталады. Алғаш рет желілі маркетинг 1945 жылы, американдық Lee S. Mytinger және William S. Casselberry атты екі кәсіпкердің, «Nutrilite Products» компаниясының ұлттық дистрибьюторы болуымен басталады. Аталмыш кәсіпкерлер бизнестерін, желілік маркетингтің іргелі негіздерін қолдану арқылы жүргізді. Кейінен, бұл жүйе кең етек жайды.

1950 жылдардың соңында АҚШ-та осы жүйені арқау еткен екі компания құрылды. Олар:Shakleeжәне Amway. Аталмыш екі компания, қазіргі таңдағы, желілі маркетинг жүйесінің алпауыт өкілдерінің бірі болып саналады. ( Amwayмаркетинг желісі, алғаш рет 1959 жылы «American Way Corporation» деген атпен Рич ДеВос және Дже Ван Эндел тарапынан іргесі қаланды). Желілі маркетинг схемасының табыс көзі 1980-1990 жылдары шарыктау шегіне жетті дейді мамандар. Қазіргі таңда АҚШ-тың көптеген штатында желілі маркетинг заңды түрде реттелсе, Қытайда қатаң шектеулер қойылған екен.

Желілі маркетинг идеасы

Осы жүйені ұрандаушылардың айтуы бойынша желілі маркетінгтің негізгі идеасы екеу:

Делдалдықтың жоқтығы. Себебі, дүкендегі тауардың құны, өңдірілген зауыттағы бағасынан әлдеқайда жоғары, ол, дүкенге келем дегенше, бірнеше алып-сатарлардың қолынан өтетіні мәлім. Ақырында, тұтынушы, бастапқы құнынан бірнеше есе артығымен алуы мүмкін. Ал, МЛМ-де делдалдық деген түсінік жоқ, тек, алушы, сатушы және өндіруші зауыт бар.

Жарнамалауы үшін берілетін үстемақы. Мысалы, сіз қандайда бір затты сатып аласыз. Сатып алған затыңызды достарыңызға, туыстарыңызға айтуыныз мүмкін. Олар сіздің сөзіңізге жүгініп сол затты сатып алса, сізге бонус беріледі.

Қысқаша айтар болсақ желілі маркетингте сауда былай өрбиді. Мысалы, бір өндіріс сабын өндіріп оны 200 тенгеге сатады. Осы үрдісті ары қарай дамытқысы келген зауыт, біреуге, «егер біздің сабынды сатып алсаң, біздің тауарымызды өзгеге сату мүмкіншілігін береміз, оның үстіне, әрбір тапқан тұтынушың үшін және де оның тапқан клиенті үшін саған белгілі үстемақы беріліп отырады» деп усыныс жасайды. Осылайша алғашқы тұтынушы, әрбірінен белгіленген тенгеден табыс алып отырады. Бұның шегі жоқ.

Желілі маркетингтің ерекшеліктері

Бір желіге кіру үшін және үстемақыға ие болу үшін, сол желінің тауарын сатып алу шарт (бір рет болса да).

Үстемақының шексіздігі

Неғұрлым ерте  қосылсаң, сол ғұрлым көбірек табысқа кенелесің.

Системаға, шақырған адам арқылы кіру, соның қанатының астында болу.

Тауардың өтуінен гөрі, желідегі агентердің артуына көбірек маңыз беріледі.

Канатының астына көбірек адамдар жинап, ақырында солардан түсіп отыратын табыстың арқасында, жатып ішерлікке қол жеткізуді мақсат тутады (пассивный доход).

Желілі маркетингтің үкімі

Желілі маркетинг жүйесіне байланысты үкім Құран және хадисте тікелей айтылмағаны анық. Алайда, Құран мен хадисте ислами экономиканың іргелі негіздері қамтылған. Ғалымдар осы негіздерді арқау етіп, заманға сай туындап жатқан қандай да бір мәселеге үкім береді. Сол мәселердің бірі – желілі маркетинг жүйесі. Қазіргі таңдағы Ислам ғалымдарының басым көпшілігі сауданың мұндай түріне, ислами негіздерге теріс деген баға беріп отыр. Оңды көзқарас білдіргендер де жоқ емес.

Мамандардың көлденен тартқан дәлелдеріне тоқталмай тұрып, бүгінгі тақырыбымызға қатысты, жалпылама Ислам Экономикасының іргелі қағидаларын қысқаша түсіндіріп кеткенді жөн көрдік.

Ислам экономикасының кейбір іргелі негіздерін айтар болсақ, олар төмендегідей:

Саудада негізгі принцип-рұқсаттық. Яғни, егер бір мәселеге қатысты ашық үкім немесе қағида яки ереже болмаса, ол мәселеге рұқсат деген үкім беріледі. Құран Кәрімде:«Ей мүминдер! Келісім шарттарыңа берік болыңдар.»(Майда 1-аят) және «Алла Сауданы халал қылды..»(Бақара сүресі 285 аят) деген  сияқты сауданың халалдығын көрсетер аят-хадистер баршылық.

Біреудің ақысын жемеу (Байғуль-ғащ уат тадлис!). Яғни, саудада қандай-да болмасын, айлакерліктен, алдап-арбаудан, көзбояушылықтан ұзақ тұрған жөн. Ислам діні біздің күнделікті тіршілігімізде, соның ішінде саудада әділ, шыншыл болуымызды міндеттейді. Ешкімнің ала жібін аттамастан, екі жақты келісім жасасқанда, айлакерлікке жүгінуге тиым салады. Құран Кәрімде:«Бір-біріңнің дүниелеріңді зұлымдықпен жемеңдер..» деген (Бақара сүресі, 188-аят) және де Ағраф сүресінің 85-аятында:«..Таразыдан жемеңдер. Адамдардың заттарын кем өлшеп бермеңдер …» деген.

Сатылатын өнім айдан анық, нақты болуы керек. Бар болуы да, жоқ болуы да ықтимал қандайда бір өнімге келісім жасалмайды. Бұны шариғатта «Ғарар-белгісіз» деген терминмен түсіндіреді. Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «ғарар-белгісіз» дүниені сатудан тыйғанын айтады. Мысалы, Аспанда ұшып жүрген құсты сатуға болмайды, себебі оған қол жетуі екі талай.

Пайыздан (РИБА) құлан таза болу шарт. Алла Тағала,  Бақара сүресінде 285-аятында «Алла сауда-саттықты халал, пайызды харам етті» деген.  Демек, саудаға пайыз араласатын болса, ол сауда бірден бұзылады.

Шариғатта пайызды екі түрге бөліп қарастырады:

А) Рибаль Фадл. Яғни, Тартылатын немесе өлшенетін сорты бір екі тауарды, бір бірімен айырбас жасарда, бірі екіншісінен артық кетсе пайыз жеген болады. Мысалы, бір грамм өнделмеген алтын, екі грамм сырғамен айырбас жасалса, бір грамм пайыз жеген болады.  Себебі, екеуіде бір сорттан, екеуіде таразыланады. Ал егер, сорттары бөлек болып жатса, бірі екіншісінен артығымен берілсе, әбестігі жоқ. Алайда араға уақыт қоймай, қолма-қол берілуі шарт. Мысалы, бір грамм алтынды, 5 грамм күміске айырбастаса, айырбас сол жерде, қолма қол берілуі тиіс. Егер 5 грамм күмісті ертен беремін десе, арадағы 4 грамм, НЕСИЕ пайызын тудырады. Мұндағы мақсат, алдау-арбауды бертарап етіп, адамдарға тиетін зиянның алдын алу болып табылады. Әрі несие пайызына жол бермеу үшін алдын алу шарасы болып саналады.

Ә) Несие пайызы (Кешіктіру пайзы). «Уақытында берілмеген қарыздың уақытын созғаны үшін, алынатын артық төлемді несие пайызы деп атайды». Қазіргі таңда Банк жүйелеріндегі несие пайыздары осыған кіреді.

5. Рисктен ұзақ тұру. Бұны фиқта «МӘЙСИР» деп атайды. Яғни, жасалған келісімнің нәтижесі, алушыға оңды ма, әлде теріс пе, шығынға ұшырайды ма, жоқ па екендігі белгісіз. Мұндай келісім шарт дұрыс емес. Мысалы, бір кісі көрмеген біреудің үйін 10 миллионға сатып алды делік, алайда алушы үйдің шынайы бағасынан бейхабар.  Егер, үйдің құны берілген ақшадан төмен болып шықса, алушы шығынға ұшырайды. Ал, негізгі құны берілген ақшадан жоғары болса, бұл жағдайда алушы пайда көреді. Міне осы пайда мен шығыны белгісіз бүкіл келісім шарт «мәйсир» қатарына кіріп, шариғатта дұрыс болып саналмайды. Бұған ұтыс ойындарды да жатқызсақ болады.

6. Халал өнімдер сатылуы тиіс. Арақ-шарап, шошқа еті, өлексі т.б. шариғатта харам саналатын заттар сатылмауы керек.

Жалпы негіздер жоғарыда атап өтілді. Енди, басты тақырыбымыз жайында мамандар қандай үкім берген екен, соған тоқталайық.

Бүгінде мамандардың басым көпшілігі, желілі маркетингті теріске шығарып отыр. Осыған байланысты бірнеше уәждер көлденең тартылды. Олар төмендегідей:

1. Желілі маркетинг жүйесі, түптеп келе «құмар» мен «мәйсир»ге саяды. Себебі, «құмар» мен «мәйсир» келісім түрі бір шетінен белгісіздікті тудырса (ғарар), екінші жағынан қатерлі. Ал, Желілік маркетингтің жоғарыда айтылып өткен ерекшеліктерінің бірі «бұл жүйеде тауардың өтімінен гөрі, көбіне мүшелердің артуы, әрі олардан түсетін үстемақы көзделеді». Яғни, бір кісі желіге кірер алдын, бір тауар тұтынуды ойламайды, кейінен түсіп жататын үстемақыны мақсат етеді. Себебі, бұл жүйеге кірер бұрын алынатын тауар, көбінесе алушыға қажеті жоқ. Тауар, тек болашақта болуы «ықтимал» үстемақыға қол жеткізуге апаратын алғы қадам ғана. Кірерден алдын берілетін ақша, келешекте болып-болмауы екі талай пайда үшін салынған «салым» ретінде есептеледі. Осы жағынан құмар ойынына ұқсап тұр. Сондықтан да харам деген үкім беріледі.(Майда сүресі -9 аят)

2. Желілік маркетінгтің схемасы жоғарыда айтып өткен «пайыз» түрін қамтиды. Пайыз жеу Ислам дінінде харам деп табылғаны анық.(Бақара сүресі 278-279 аяттары) Яғни, желіге мүше болу үшін берілетін ақша, болашақта бірнеше есе қайтады деген мақсатпен беріледі. Бұл, пайызға қарыз бергенге ұқсайды.

3. Айлакерлік пен көзбояушылық байқалады. Яғни, сырт көзге өнімді өткізіп жатқан секілді көрінсе де, негізгі мақсат адамдарды жинап солардан түсіп отыратын үстемақыны көздейді. Оның үстіне қомақты ақша уәде етіп, адамдарды осылайша өздеріне тартуға тырысады.

4. Әуелгі клиенттерден түскен пайда бонус ретінде есептелгенімен, кейіннен кіріп төменгі сатыдан алынған үстемақы бонус емес, басқалардың тауып жатқан тірі ақшасына қол сұғу болып табылады.

Түркиялық, Ислам құқығы маманы, ғалым, проффессор, доктор Хайреддин Караман мырза, аталмыш схема жайында өз ойын былай өрбітеді: «… Біріншіден, сатылып жатқан өнімдер халал болуы шарт (айтуларына қарағанда, табиғи пайдалы өнімдер екен сатып жатқандары); Екіншіден, пайыз бен айлакерліктен құлан таза болуы керек. Үшіншіден, адамдарды ысырап және бекер мал шашпаққа ынталандырмауы тиіс. Ал енді, осы үш талап аясында аталмыш сауда схемасын сараптайтын болсақ, мынадай натижеге қол жеткіземіз: 1. Бұл желі, адамдарға қомақты табыс уәде ете отырып, оларды алып-сатарлыққа итермелеуде. Яғни жанама түрде болса да, айла бар; 2. Өнімді керек етпесе де, ықтималды табысқа қол жетесің деп, бөтен өнімдерді алғызуда; 3. Отандық ақшаның бекерден бекер шетел асып, оның өзге елге кетуіне себепкер болуда. Міне осы алғы шарттарға сүйене отырып айтарым, мұндай сауда түріне кіру дұрыс емес».

Қорыта келе айтарымыз, жоғарыда айтылған дәлелдерге сүйенсек, желілі маркетинг жүйесі ислами экономика түсінігіне қайшы екен. Бұл сауда түрінен қолдан келгенше ұзақ жұрген дұрыс шығар. Десе де, айтылғандарға анықтап қарасақ, келтірілген дәлелдердің  бәрі дерлігі мына сұрақтың төңірегінде ымырыласқандығын байқауға болады: «Дистрибьютерлердің көздеген мақсаты өнімді өткізу ме, әлде үстемақы табу ма?». Даудың түбі осы сұраққа жауап іздеу болып отыр. Демек, желілі маркетингтің бір мүшесі болып кіру харам, ал тек тұтынушы ретінде өнімін алу  халал десек қателеспеспіз. Ең дұрысын Алла біледі!

 

ассалаумағалейкум! Жауаптарыңызға рахмет!
кешіріңіздер, менің сұрағым мынандай:

1. көлік сақтандырушысы болып жұмыс істеу харам ба? азан кз сайтында сақтандыру харам делінген. уйге келетін напақа осы жұмыс арқылы болып жатыр. сонда отбасымызбен харам жеудеміз ба? 

2. саудамен айналысқанда адал болу үшін үстінен қанша процент қосу керек? мысалы 1 затты 500 немесе 1000 теңгеге алсам, басқаларға қаншаға сатуға болады шариғатта.

Уа ғалейкумуссалам! 1. Көлікті сақтандыру мемлекеттің қолданыстағы заңы аясында міндетті  болғандығы және шетелге кіру немесе бару кезінде белгілі бір мерзімдік көлікті сақтандыру қажетті болғандығы себепті сақтандырушыға күнә болып саналмайды. 
2. Ислам сауда жасауды ешқашан да тыймаған, керісінше насихаттаған. Алайда сауда мәселесінде адалдықты талап ете отырып, мынадай ережелерді қояды: 1) Таразы мен өлшемде (метр) әділ болу. Бұл жайында Құранда былай дейді: «Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер» («Рахман» сүресі, 9-аят). Сондай-ақ, Мутаффифин сүресінің 1-7 аяттарында: «Кем өлшеушілерді қарғыс атсын! Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Сонда олар қияметте қайтып тірілетіндеріне сенбей ме екен? Ол күнде адам біткен күллі әлемнің Иесінің алдында тікесінен тік тұрады. Ондайлар (өлшеммен, таразыдан) жегенін қойсын. Жаман адамның амалы сөз жоқ сиджинде тұрады», – делінеді. 2) Өтірік айтпау және өтірік ант-су ішпеу. Жаратушы Иеміз Құранда бұл жайында: «Аллаға берген серттері мен анттарын аз ақшаға айырбастайтындарға қиямет күнінде ешқандай несібе жоқ. Ол шақта Алла оларға тіл қатпайды, қарамайды, күнәдан тазартпайды. Олар ауыр азапта қалады» («Әли-Имран» сүресі, 77-аят), – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Алушы мен сатушы базардан шыққанға дейін ерікті. Егер екеуі де шынын, яғни тауардың кемшілігі мен құнын жасырмай айтса, саудалары өздеріне берекелі болмақ. Керісінше, тауардың кемшілігін, құнын жасырып, өтірік айтса, бәлкім пайда табар. Бірақ сауданың берекесін жояды» (Бұхари, Бую-19; Муслим, Бую-11).  Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Үш сынып адам бар. Алла тағала қиямет күні олармен сөйлеспейді, оларға қарамайды және оларды ақтамайды. Олар үшін ауыр азап бар», – деп, осы сөзді үш рет қайталайды. Сонда Әбу Зәр (р.а.): «Ей, Алланың елшісі! Мақұрым қалатын, зиянға ұшырайтын адамдар кімдер?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Киімін кібірленіп жерге сүйретіп жүрген, жасаған жақсылығын міндетсінген және сататын тауарына өтірік ант ішіп, алымсақ шақырған кісі», – деп жауап берді. (Мүслім, Иман-46). Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) астық сататын базарға барады. Бір бидай сатушының бидайын ұнатып, оны ұстап көрмек болып, қолын сұққанда астыңғы жағы дымқылдау болады. Сонда расулулла (с.ғ.с.) бидайдың иесіне: – Ей, бидайдың иесі, мынау не? – деп сұрайды. Саудагер: – Ей, Алланың елшісі, жауынның астында қалып, су болып қалды, – дейді. Сонда пайғамбарымыз: – Сол дымқыл жағын адамдардың көруі үшін бидайдың үстіне шығарып қоймайсың ба? Бізді алдайтын бізден емес, – деді. (Мүслім, Иман-43). Осы ретте пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Саудагердің ынсабына қалдырған алушыдан артық ақша алу харам» (Хайтами, Мәжмауз-зауаид уә мәнбаул-фәуәид, ІҮ,76), – деген хадисі барлық саудагерге сабақ болары анық. 3) Қарызға батқанға жеңілдік жасау. Пенденің қарызын кешірсе, оның қарызының қайтарымын Алла сауаппен беретіндігін мына бір аятта баян етеді: «Кімде-кім Алла үшін қарыз-несие берсе, оның қайтарымын Алла еселеп қайтарады және зор сауап жазады» («Хадид» сүресі, 11-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисте: «Сатқан кезде, алған кезде, қарызын сұраған кезде, қарызын төлеген кезде жеңілдік жасаған пендеге Алла мархамат етсін» (Бұхари, бую-16), – делінеді. Сонымен қатар, келесі хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім қарыз алған жанға уақыт берсе немесе қарызын кешірсе, Алла оны (қиямет күні) өз көлеңкесіне қояды» (Мүслім, Зухд-18), – дейді. Расулулла (с.ғ.с.) алдыңғы өткен үмметтердің бірінің басынан өткен мына бір оқиғаны баян етеді: «Сендерден алдын өткен бір қауымда жомарт бір кісі өлген кезде періштелер оны сұраққа алады: – Өмірде бір жақсылық істедің бе? – деп сұрайды. Ол: – Қарамағымдағы кісілерге нұс-қау беріп, жарлыларға қарызын төлеуде уақыт бергіздім, байға жеңілдік жасауды бұйырғанмын, – деп жауап берді. Алла тағала да: «Бұл құлымның күнәсін кешірің-дер, оны жарылқадым», – деп бұйырды (Бұхари, Бую-17). 4) Сауда адамды Алланы еске алудан ғапыл етпеуі керек. Бұл жайында «Нұр» сүресінің 37-аятында Алла тағала: «Алланың есімін еске алудан, намаз оқудан, зекет беруден ондай адамдарды сауда-саттық істері де тоса алмайды. Олар жүректері де, көздері де орнында тұрмайтын тауқыметті (қиямет күнінен) қорқады», – дейді. Намаз бен ораза сіздің саудаңызға кедергі келтірмейді. Алайда саудамен айналысу нәтижесінде намаз бен құлшылыққа уақытым жоқ деп уәж айту ақыретте Алланың рақымынан мақұрым қалуға себеп болады. 5) Тауарды ұстап, құнын көтермеу. Пенде болғасын әркім өз пайдасын өзгеден артық санайтындығы анық. Алайда Ислам мұсылманға: «Өзің үшін қалаған нәрсені дін бауырың үшін қаламасаң, толық иман еткен болып саналмайсың», – деп бұйырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай іске тыйым сала отырып, бұлай пайда тапқысы келетін пенденің күнәһар екендігін бір хадисінде айтып өтеді. 6) Тыйым салынған харам затты сатпау. Айталық, доңыз етін, өлексе, арам өлген малдың, жыртқыш аң-құстардың етін жеу, шарап, қан ішу секілді тыйым салынған әрекеттерді баршамыз білеміз. Міне, осындай харам заттарды сату да шариғат бойынша күнә саналады. Мысалы, ішімдік жайында бір хадисте былай делінеді: «Алла ішімдікке, оны ішкенге, оны ұсынғанға, сауда үшін сатып алғанға және сатқанға, оны езген, ездірген, тасыған және тасытқанға лағынет етсін» (Әбу Дауд, 3/328, 3674-ші хадис). Ал мына хадисте пайғамбарымыз: «Алла тағала ішімдікті және оның ақшасын харам етті. Сол секілді арам өлген малдың етін және ақшасын харам етті. Шошқаның етін және ақшасын да харам етті» (Әбу Дауд, 3/279, 3485-ші хадис), – деп, мұндай тыйым салынған заттарды қолдану тұрмақ, оны сатып, түскен пайдасын жеуді де біздерге харам еткен. Алла тағала ондай қателескен бауыр-ларымызды кешіріп, жүректеріне иман байлығын берсін! Жаратушы Иеміз баршамызға адал табыс табуды нәсіп етсін!

Таблиғи жамағат ағымы туралы мағлұмат бересізба?

Асель

Құрметті Асель, 2013 жылғы 26 ақпанда Астана қаласы прокуратурасының арызы бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотымен «Таблиғи Жамағат» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның қызметіне Қазақстан Республикасында тыйым салу туралы шешім шығарылды. Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешімді шығару барысында көрсетілген ұйымның қызметінің экстремисттік бағыттығы жөніндегі қолда бар материалдармен қатар «Таблиғи Жамағат» халықаралық ұйымы Ресей Федерациясында, Өзбекстан Республикасында және Тәжікстан Республикасында сот тәртібімен экстремистік деп танылғаны және тыйым салынғаны назарға алынған.

Қаза намаздары қалай өтейді?

Сауле

Уағалейкумуссалам! Сәуле, Жаратушы Иеміз қасиетті Құран Кәрімді: «Намаз мұсылмандарға арнайы белгіленген уақыттарда парыз етілді», - дейді. Ал енді сол намазды ешбір себепсіз өз уақытынан кейін қаза етіп оқу - өте үлкен күнә. Егер сіз ұмытып кетіп немесе ұйықтап қалып намазыңызды өз уақытында оқи алмасаңыз, оның қазасын өтейсіз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Сендердің қайсыларың ұйықтап қалу немесе бейғамдық себебінен бір уақыт намазын оқымаса, есіне түскен кезінде оқысын. Өйткені  Алла Тағала : «Мені зікір ету үшін намаз оқы» деген болатын», « Бір адам бір намазын ұмытып кетсе, есіне түскен уақытында оқысын. Намаздан одан басқа кәффараты жоқ», «Кімде-кім  бір намазын ұйқы себебінен  немесе ұмытып кетудің салдарынан оқи алмаса, оны есіне түскен кезінде оқысын» деген еді. 
Жалпы, ғалымдардың бірқатары себепсізден-себепсіз намазын қаза еткен адамға қаза намазды өтеместен бұрын тәубе етуді ұсынған.  Қаза намазды оқырда тек парызын және үтір уәжіпті ғана оқисыз. Сүннет намаздарының қазасын оқуға міндетті емессіз. Қаза намазды есіне түскен кезде өтелуі тиіс. Тек мәкруһ уақыттар (Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт. Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады. Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.) болмауы керек.

Әссәләму алайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Аллаһ разылығы үшін Мен өткенде бір дұғаны аударып берсеңіз деп жазған едім Сонда сіздер Жеңіс, бұндай дұғаның негізі күмәнді деп жазыпсыз Енді мен мысалы үйде ескі жане бір кітапша бар ішінде дұғалар бар кейн сол дұғаларда біреуінде бұл дұғаға күмән келтірсе кәпір болад кейн бұның сауаптарынан мақрұм қалады деген Мен ол дұғалардың аудармасын білмесем ойымда сәлде болсын күмән болады сонда не болады Әстағфируллаһ? Кейін сол бір кіта! пшада Нұрнама дұғасы бар ода Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа Алейхиуассалам жайлы жазылған 18 мың ғаламнан бұрын адамдардан бұрын Пайғамбарымыздың нұрын жаратып бпсын сәждеге қойған деп жазылған Осы жайлы толық жазып жіберсеңіз Аллаһ разылығы үшін өтініш ?

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Жеңіс, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діндік талдау және сараптама бөлімінің тексеруінен өткен кітаптарды ғана оқуға кеңес береміз. Бұл бөлімнің мамандары «Нұр-нама» кітабын бірнеше тексеруден өткізді. Кітапта бірқатар түсініксіз, тіпті араб тілінде жазылмаған мәтіндер де бар болып шықты. Сондықтан да бөлім қызметкерлері бұл кітапты одан әрі тексеруден бас тартты.
Содай-ақ, Аллаһу Та’ала ешнәрсе жаратпастан бұрын пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейхиссаламның киелі нұрын жаратты. Тәпсір және хадис ғалымдарының көпшілігі: «Хақ Та’ала өз нұрынан әсемдік пен бір негіз жаратып, одан бүкіл жаратылысты кезегімен пайда еткізді. Бұл – Мұхаммедтің нұры деп аталады. Барлық рух пен дененің бастауы мен шығу көзі осы негіз болып табылады» дескен.
Сахабалардан Жабир бин Абдуллаһ бір куні: «Иа, Расулаллаһ! Аллаһу Та’ала ең ауелі нені жаратты?» деп сұрағанда: «Бәрінен бұрын сенің пайғамбарыңның, яғни менің нұрымды өз нұрынан жаратты. Ол кезде лаух, калем, жұмақ, тозақ, періште, көк пен жер, күн, ай, адамдар мен жындар жоқ болатын» дейді. 
Мұхаммед нұры Адам әлейхиссаламның жүрегі мен денесі жаратылғаннан кейін оның екі қасының арасына қойылды. Адам алейхиссалам өзіне рух берілгеннен кейін маңдайында Шолпан жұлдыз сияқты жарқырап тұрған бір нұр бар екенін сезеді. 
Адам әлехиссалам жаратылған кезде Хақ Та’ала оған: «Абу Мұхаммед, яғни мұхамедтің әкесі» дегенін жүрекпен түсініп: «Иа, Раббым! Маған неге Әбу Мұхаммед дедің?» деп сұрағанда Аллаһу Та’ала: «Ей, Адам! Басыңды көтер» деді. Адам алейхиссалам басын көтеріп қараған кезде Арш – ы алада пайғамбарымыздың (алейхиссалам) нұрдан жазылған «Ахмет» деген есімді көреді. Сонда: «Иа, Раббым! Бұл кім?» деп сұрайды. Аллаһу Та’ала «бұл сенің тегіңнен шығатын бір пайғамбар. Оның есімі көктерде Ахмет, ал жерде Мұхаммед. Егер ол болмағанда сені де, жер мен көкті де жаратпас едім» дейді.

Ассаламуалейкум! Менің қызым 1-сыныпта оқиды, мектепте 8-наурыз мерекесіне арнап мұғалімге және қыздарға сыйлыққа ақша жиналып жатыр. Соған ақша берген дұрыс па, әлде бас тарту керек пе? Қызыма сыйлық алмағанын қалай түсіндірсем болады, үйде ондай даталарды тойламаймыз, жақындарымызға да сыйлық жасамаймыз. Жауап берсеңіздер екен, Аллаһ разы болсын, істеріңізге береке берсін.

Уа ғалейкумуссалам! Гүлназ, мұсылман жамағаты үшін екі ғана мейрам бар, ‘Ид аль-адха – Құрбан айт және ‘Ид аль-фитр – Ораза айт. Және осыған қосымша әр аптада болатын мейрам – Жұма күні, сондай-ақ, жақсы үрдісіміз болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған айы - Мәуліт айы. Ал, 8-наурыз – Аналар мерекесін еліміз мемлекеттік деңгейде атап өтетінін және отандастарымыз бен туған-туыс, ел-жұртымыз мерекелейтінін ескерген жөн.

Ассаламу алейкум! Менім мынандай сұрағым бар, Анамның асқазаны аурад, кезінде өт калтасын алыптастаған, енді өт бөлінбегендіктен асқазаны ауырад, соган медиктер КРЕОН деген дәрі жазып берді, интэрнеттен көрерсіз, құрамында шошқа текті ұйқы безі тітінен өндірілген деп жазылып тұр, сұрақ осы дәріні ішуге болама? Анам намаз оқиды.

Уағалейкумуссалам! Азамат мырза, Ислам наусқастанған адамды ем іздеуге шақырады.  Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір бәдәуи: «Уа Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол (с.а.у.):  Әрине. Ей Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар»(Тирмизи – 4/383), – деп емделу керектігін айтқан.  Бірақ бұл кез келген дәрі-дәрмекті ішуге болады деген сөз емес. Ішетін дәрінің құрамында харам қоспалардың болмауы шариғаттың басты талабы.  Өйткені, Пайғамбарымыз  харам нәрселермен емделуден тыйған(Әбу Дауд – 4/217 бет.; Бухари).  Осыны назарға ала отырып, Ислам Фиқһ Одағы 2002 жылы, қантардың 5-10 аралығында Мекке қаласында өткен кезекті отырысында, бұл мәселе жайлы мынадай қаулы шығарды: «..харам қопасыз өзге дәрі-дәрмек табылмай жатса ғана, сенімді дәрігердің нұсқауына сүйене отырып, құрамында тым аз мөлшерде харам қоспасы бар дәрілерді ішуге болады. Әйтсе де, мұсылман елдеріндегі фармацевтикалық орталықтарды харам қоспасыз дәрілер даярлауға және дәрігерлерді науқастарға құрамында «харам қоспасы жоқ» дәрілер  жазуға шақырамыз..»(Доктор Ахмәд Сәлүс, Маусуғатуль Қадоял фиқһиятиль мұғасыра, 719-720 бет. Қатар).

Кей ғалымдар:«Таблетка түріндегі дәрілерді жасау кезінде оларды жоғарғы температурадағы ыстықтан өткізеді. Оның құрамындағы харам қоспа буға айналып, өзіндік табиғатын жоғалтады. Сондықтан, құрамындағы харам қоспа шариғатқа теріс емес. Мүмкіндік болса өзге дәріні іздеп көру керек. Харам қоспасыз дәрі табылмаған жағдайда, онда амал жоқ бұған рұқсат»(Сағдуд Дин Әл Кубби, Әл-Муғамалатуль Малитуль Муғасыра, 388-394 бет, Бәйрут. ), - деп харам қоспа қосылған дәрілердің өзін де екіге бөліп қарастыруға болатындығын алға тартады.

Ендеше, алдымен білікті дәрігермен кеңесе отырып сырқатыңызға құрамында харам қоспасы жоқ дәріні қарастырғаныңыз жөн. Ондай дәрі табылмаған жағдайда ғана сұрағыңызда көрсеткен дәріні ішуге болады.

 

Әссәляму алейкум уа рахматуллаһи уа барәкәтуһ құрметті имамдар! Маған екіжүзділік деген не екенін және оның белгілері мен арылу жолдарын айта аласыздар ма?! Алланың нұры жаусын! Алдын ала рахмет

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Фатима, мұнафықтықтың екі түрі бар.
Бірінші түрі: Нифақу акраб, яғни, екіжүзділіктің ауыр түрі. Нифақтың бұл түрін — иътиқадта (сенімде) болатын екіжүзділік деп айтса да болады. Иътиқадта екіжүзді болған адам сырт көзге Исламды қабылдаған болып, іштей дінге қарсы болады. Иътиқадтағы екіжүзділік алты түрлі жолмен болады:
1. Мухаммадтың (солләллаһу ъаләйһи уә салләм) пайғамбарлығына кәміл сенбеу.
2. Пайғамбарымыздың (солләллаһу ъаләйһи уә салләм) кейбір сөзін болса да жалғандыққа шығару.
3. Пайғамбарымызға (солләллаһу ъаләйһи уә салләм) деген сүйіспеншіліктің болмауы.
4. Пайғамбарымыздың (солләллаһу ъаләйһи уә салләм) сүннәтін құрметтемеу.
5. Діннің нашарлауын қош көру.
6. Діннің күш алуын қаламау.
Аллаһ Тағала айтады: «Адамдардың екіжүзділері«Аллаһ Тағалаға, Ақырет күніне иман келтірдік»–дейді. Бірақ олар иман келтірмей-ді. Олар Аллаһ Тағаланы және иман келтіргендерді алдауға тырысады. Бірақ олар өздерін ғана алдағандарын сезбейді. Олардың жүректерінде күпірлік, күмән мен екіжүзділік дер-ті бар. Аллаһ Тағала олардың сол дертін арттыра түседі. Сондай-ақ оларға өтірікшіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар. Оларға: «Жер жүзінде бұзықтық қылмаңдар»–делінсе, олар: «Біз бұзықтықты түзеушіміз»–дейді. Ақиқа-тында олардың өздері бұзақы, алайда оны түсінбейді. Егер оларға: «Адамдар иман келтіргендей иман келтіріңдер»–делінсе, олар:«Ақымақтар сияқты иман келтірейік пе?»–дейдіРасында олардың өздері ақымақ емес пе? Бірақ олар оны білмейдің. (Бақара сүресі, 8-13 аяттар)
«Мұнафықтар (екіжүзділер) Аллаһ Тағаланы алдамақшы болады. Алайда, Аллаһ Тағала олардың өздерін алдауға ұшыратады (яғни, мұнафықтар Аллаһ Тағаланы алдай алмайды, керісінше өздері алданады)Олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Намаздарын адамдарға көрсе-ту үшін ғана оқып, Аллаһ Тағаланы өте аз еске алады». (Ниса сүресі, 142 аят)
«Негізінен мұнафықтар тозақтың ең төменгі қаба-тында болады. Әрі оларға ешбір жәрдемші таба алмайсың». (Ниса сүресі, 145 аят)
Нифақтың екінші түрі: Нифақ асғар, яғни, амалда болатын екіжүзділіктің жеңіл түрі.
«Пайғамбарымыз (солләллаһу ъаләйһи уә салләм): «Мұнафықтың белгісі үшеу: егер ол сөйлесе жалған сөйлейді, уәде берсе уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат қылады»–деді».
Хадисті Әбу ·урайрадан Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

Ассалаумағалейкум Имам ағалар! Сіздерден сұрарым "Көкпар" ойыны негізі шариғатта дұрыс па қазіргі көкпар неге десеңіз құмар ойын сияөты ғой одан қала брсе ат жануардың өкпесін өшіріп қамшылап шаба береді. Осы шариғат бойынша қаншалықты дұрыс бұрысын ажыратып беріңіздерші. Алла разы болсын 

Уа ғалейкумуссалам! Жеңіс, аталмыш ойында спорттық ерекшелігі басым екендігі даусыз, алайда мына талаптарды қатаң ескеру керек. Олар:
* Ақша тігілмеу керек. Өзара ақша тігіп ойнау – харам.
* Бұл ойындар Алланың парыз еткен бес уақыт намазын қаза етуге апармау керек.
* Ойын барысында ұрыс-керіс, боғауыз, бір-бірінің намысын таптау сияқты мұсылманшылық тәлім-тәрбиеге жат әрекеттер болмауы тиіс.
* Бүкіл уақытын соған арнап, одан да маңызды істерден мақұрым қалмау.
* Аталмыш ойындарды ойнауда қызығына шектен тыс батып тапқан таянған қаржысын сол ойынды ойнауға жұмсамау шарт. Себебі, бұндай әрекет те «бекер мал шашпақ» қатарына кіретіндіктен дұрыс емес. Бекерден бекер шектен тыс ойынға жұмсағаннан гөрі, сол қаржыны мұқтаж жанға беру әлдеқайда пайдалы.
Жоғарыдағы талаптар ескерілмеген жағдайда, аты аталған ойындарды ойнау да күнә.

Әссаламу алейкум!

1)иманға қатысты уасуасалардан қалай арылуға болады?

2)тәкаппарлықтан қалай арылуға болады?(көптеген діни сайттарды тек зиянын,себебін жазып қояды, Тек емін айтсаңыз екен,қалай қарапайым боламыз)

 

Уа ғалейкумуссалам! 1.Періште, адамдарға жақсы ойлар (илһам) салады. Шайтан, адамның жүрегіне жаман ойлар (уәсуәсә) салады. Халал жеген адам, илһаммен уәсуәсәні бір-бірінен ажыратады. Харам жейтіндер ажырата алмайды. Адамның нәпісі де көңілге (жүрекке) жаман ойлар әкеледі. Бұл ойларға, қалауларға «хауа» делінеді. Илһам мен уәсуәсә тұрақты емес. Ал нәпістің хауасы болса, тұрақты болады және барған сайын артады. Уәсуәсә, дұға және зікірмен азайып жойылады. Хауа болса, тек күшті «мүжахадамен» (күреспен) азайып жойылады. Шайтан итке ұқсайды. Итті қуған сайын қашса да, басқа жақтан қайта келеді. Ал нәпіс жолбарыс сияқты. Шабуылы тек қана өлтірумен бітеді. Адамдарға уәсуәсә беретін шайтанға осы себептен «ханнас» делінген. Адам, шайтанның бір уәсуәсәсына алданбаса, шайтан одан бас тартады. Басқа уәсуәсаға бастайды.
2. Шынында өзін құл әрі әлсіз жаратылыс екенін сезінген әрбір адам биік-биік таулар мен аяғының астына төселген ұшы қиырсыз жерге қарап, қарапайымдылықты үйренуі керек. Жер жүзі шексіздігіне қарамай табанымызға төселіп, таулар да ұлылығына қарамастан төбелерінен ұшақтың ұшып, адамдардың ерсілі-қарсылы өтуіне жол беруде. Олай болса, сол тау мен жердің тәкаппарлығы қайда?!
Демек, қарапайымдылық құрметтің ең үлкені. Ал сол қарапайымдылықтың ең әдемі үлгісін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көрсетіп берді. Сара жолды қалыптастырып, күллі көркем-мінезді тал бойына топтастырған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өміріндегі көрсеткен. «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімде артық үстемдігі жоқ. Алланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді. Сол секілді Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына жүз еселік дәреже береді», - деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы сөзінде біз үшін үлкен өнегелі өсиет жатыр.