ассалаумағалейкум. кешіріңіздер.
саудамен айналысқанда адал болу үшін үстінен қанша процент қосу керек? мысалы 1 затты 1000 теңгеге алсам, басқаларға қаншаға сатуға болады шариғатта нақты қанша қосу керек? көп қосып жіберемін ба деп қорқып тұрмын.
Уа ғалейкумуссалам! Ислам сауда жасауды ешқашан да тыймаған, керісінше насихаттаған. Алайда сауда мәселесінде адалдықты талап ете отырып, мынадай ережелерді қояды: 1) Таразы мен өлшемде (метр) әділ болу. Бұл жайында Құранда былай дейді: «Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер» («Рахман» сүресі, 9-аят). Сондай-ақ, Мутаффифин сүресінің 1-7 аяттарында: «Кем өлшеушілерді қарғыс атсын! Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Сонда олар қияметте қайтып тірілетіндеріне сенбей ме екен? Ол күнде адам біткен күллі әлемнің Иесінің алдында тікесінен тік тұрады. Ондайлар (өлшеммен, таразыдан) жегенін қойсын. Жаман адамның амалы сөз жоқ сиджинде тұрады», – делінеді. 2) Өтірік айтпау және өтірік ант-су ішпеу. Жаратушы Иеміз Құранда бұл жайында: «Аллаға берген серттері мен анттарын аз ақшаға айырбастайтындарға қиямет күнінде ешқандай несібе жоқ. Ол шақта Алла оларға тіл қатпайды, қарамайды, күнәдан тазартпайды. Олар ауыр азапта қалады» («Әли-Имран» сүресі, 77-аят), – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Алушы мен сатушы базардан шыққанға дейін ерікті. Егер екеуі де шынын, яғни тауардың кемшілігі мен құнын жасырмай айтса, саудалары өздеріне берекелі болмақ. Керісінше, тауардың кемшілігін, құнын жасырып, өтірік айтса, бәлкім пайда табар. Бірақ сауданың берекесін жояды» (Бұхари, Бую-19; Муслим, Бую-11). Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Үш сынып адам бар. Алла тағала қиямет күні олармен сөйлеспейді, оларға қарамайды және оларды ақтамайды. Олар үшін ауыр азап бар», – деп, осы сөзді үш рет қайталайды. Сонда Әбу Зәр (р.а.): «Ей, Алланың елшісі! Мақұрым қалатын, зиянға ұшырайтын адамдар кімдер?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Киімін кібірленіп жерге сүйретіп жүрген, жасаған жақсылығын міндетсінген және сататын тауарына өтірік ант ішіп, алымсақ шақырған кісі», – деп жауап берді. (Мүслім, Иман-46). Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) астық сататын базарға барады. Бір бидай сатушының бидайын ұнатып, оны ұстап көрмек болып, қолын сұққанда астыңғы жағы дымқылдау болады. Сонда расулулла (с.ғ.с.) бидайдың иесіне: – Ей, бидайдың иесі, мынау не? – деп сұрайды. Саудагер: – Ей, Алланың елшісі, жауынның астында қалып, су болып қалды, – дейді. Сонда пайғамбарымыз: – Сол дымқыл жағын адамдардың көруі үшін бидайдың үстіне шығарып қоймайсың ба? Бізді алдайтын бізден емес, – деді. (Мүслім, Иман-43). Осы ретте пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Саудагердің ынсабына қалдырған алушыдан артық ақша алу харам» (Хайтами, Мәжмауз-зауаид уә мәнбаул-фәуәид, ІҮ,76), – деген хадисі барлық саудагерге сабақ болары анық. 3) Қарызға батқанға жеңілдік жасау. Пенденің қарызын кешірсе, оның қарызының қайтарымын Алла сауаппен беретіндігін мына бір аятта баян етеді: «Кімде-кім Алла үшін қарыз-несие берсе, оның қайтарымын Алла еселеп қайтарады және зор сауап жазады» («Хадид» сүресі, 11-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисте: «Сатқан кезде, алған кезде, қарызын сұраған кезде, қарызын төлеген кезде жеңілдік жасаған пендеге Алла мархамат етсін» (Бұхари, бую-16), – делінеді. Сонымен қатар, келесі хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім қарыз алған жанға уақыт берсе немесе қарызын кешірсе, Алла оны (қиямет күні) өз көлеңкесіне қояды» (Мүслім, Зухд-18), – дейді. Расулулла (с.ғ.с.) алдыңғы өткен үмметтердің бірінің басынан өткен мына бір оқиғаны баян етеді: «Сендерден алдын өткен бір қауымда жомарт бір кісі өлген кезде періштелер оны сұраққа алады: – Өмірде бір жақсылық істедің бе? – деп сұрайды. Ол: – Қарамағымдағы кісілерге нұс-қау беріп, жарлыларға қарызын төлеуде уақыт бергіздім, байға жеңілдік жасауды бұйырғанмын, – деп жауап берді. Алла тағала да: «Бұл құлымның күнәсін кешірің-дер, оны жарылқадым», – деп бұйырды (Бұхари, Бую-17). 4) Сауда адамды Алланы еске алудан ғапыл етпеуі керек. Бұл жайында «Нұр» сүресінің 37-аятында Алла тағала: «Алланың есімін еске алудан, намаз оқудан, зекет беруден ондай адамдарды сауда-саттық істері де тоса алмайды. Олар жүректері де, көздері де орнында тұрмайтын тауқыметті (қиямет күнінен) қорқады», – дейді. Намаз бен ораза сіздің саудаңызға кедергі келтірмейді. Алайда саудамен айналысу нәтижесінде намаз бен құлшылыққа уақытым жоқ деп уәж айту ақыретте Алланың рақымынан мақұрым қалуға себеп болады. 5) Тауарды ұстап, құнын көтермеу. Пенде болғасын әркім өз пайдасын өзгеден артық санайтындығы анық. Алайда Ислам мұсылманға: «Өзің үшін қалаған нәрсені дін бауырың үшін қаламасаң, толық иман еткен болып саналмайсың», – деп бұйырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай іске тыйым сала отырып, бұлай пайда тапқысы келетін пенденің күнәһар екендігін бір хадисінде айтып өтеді. 6) Тыйым салынған харам затты сатпау. Айталық, доңыз етін, өлексе, арам өлген малдың, жыртқыш аң-құстардың етін жеу, шарап, қан ішу секілді тыйым салынған әрекеттерді баршамыз білеміз. Міне, осындай харам заттарды сату да шариғат бойынша күнә саналады. Мысалы, ішімдік жайында бір хадисте былай делінеді: «Алла ішімдікке, оны ішкенге, оны ұсынғанға, сауда үшін сатып алғанға және сатқанға, оны езген, ездірген, тасыған және тасытқанға лағынет етсін» (Әбу Дауд, 3/328, 3674-ші хадис). Ал мына хадисте пайғамбарымыз: «Алла тағала ішімдікті және оның ақшасын харам етті. Сол секілді арам өлген малдың етін және ақшасын харам етті. Шошқаның етін және ақшасын да харам етті» (Әбу Дауд, 3/279, 3485-ші хадис), – деп, мұндай тыйым салынған заттарды қолдану тұрмақ, оны сатып, түскен пайдасын жеуді де біздерге харам еткен. Алла тағала ондай қателескен бауыр-ларымызды кешіріп, жүректеріне иман байлығын берсін! Жаратушы Иеміз баршамызға адал табыс табуды нәсіп етсін!