Ассалаумагалейкум Алла разы болсын философияның исламға пайдасы және оның орны жайлы ақпрат берінізші казир болса!
Уа ғалейкумуссалам! Асқар, фәлсафашыларды күпірлікке апаратын үш мәселе бар. 12-ші ғасырда Фәлсафашыларға сын айтып, олардың қателіктерін тапқан Имам Ғаззали «Тахафутул-фәләсифа»(фәлсафашылардың мінін әшкерелеу) атты еңбегінде оларды 20 мәселеде сынап, 3 мәселеде күпірлікке барды деп айыптайды.
Жалпы Ғазали оларды Дахрийун(материалисттер), Табиғиун(натуралисттер) және Иләһийун(метафизиктер) деп үш топқа бөледі. Ғазали бұлардың алғашқы 2 тобын сынаудың өзі қажетсіздеп біліп, олардың зындықтар, кәпірлер екендігі айдан анық екендігін айтады. Ал үшінші топты 3 мәселеде адасты дейді.
3 мәселеге келер болсақ:
1- «Алла Тағала жүзи (жекелеген деталь) мәселелерді біліп-білмейтіндігі» жөнінде: Имам Ғаззали Алла Тағаланың ілім сипаты барлық нәрсені қамтитындығын, ешбір нәрсенің Аллаға жасырын қалмайтыны жөніндегі Құран аяттарымен дәлелдеп береді.
Аллаһтың жузи нәрселерді білмеуі мүмкін емес. Өйткені, Аллаһ бүкіл мақлұқатты жаратқандықтан барлық нәрсені біледі. Яғни болғанды, болатынды, ашықты, жасырынды, құпияны, адамның не істегенін, керек десеңіз жер бетіндегі бір ағаштан түскен жапырақты да біледі. Себебі, Аллаһтың «алим» деген сипаты бар. Аятта бұл мәселені былай келтіреді: «ғайыптың (көместің) кілттері Соның жанында. Оны Ол өзі ғана біледі. Және құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де Аллаһ оны біледі» (6. Әнғам – 59). Ендеше, Аллаһ қалайша жузи (кішкентай, бөлік пен бөлшектерді) нәрсені біле алмайды дейміз? Әлбетте, бұл қисынсыз тұжырым. Басқалай болған жағдайда Аллаһтың сипаттарына нұқсандық келтірген болып шығамыз.
2- «Әлемнің басы бар ма жоқ па, яғни жаратылған ба, ежелден бар ма» мәселесі:
Әлемнің басы жоқ дейді фәлсафашылар. Себебі басы бар болса неліктен Алламен бірге емес белгілі бір уақытта жаратылды. Оған дейін Алланың құдіреті жетпеді ме деген сауал қояды.
Ғаззали Алла Тағала қалаған нәрсесін қалаған уақытында жаратындығы жөнінде дәлел келтіреді.
Аллаһтың зати сипаттарының біреуі «Қидәм». Қидәмнің мағынасы – бастауы жоқ. Аллаһ әуелден бері бар және бұл сипат тек Аллаһқа ғана тән. Әуелде, минус шексіздікте Аллаһтан басқа ештеңе жоқ еді. Аятта да бұл мәселені былай келтіреді: «Ол Аллаһ әуелгі әрі соңғы» (57. Хадид-3). Ал әлем болса Аллаһтың жаратуымен кейіннен болған материя. Сондықтан әлем ешқашан әуелгі бола алмайды. Себебі, әлемнің жаратылуына байланысты Құранда көптеген аяттар бар екендігі баршамызға мәлім. Мысалы:
«Көктер мен жерді жоқтан бар етуші» (6. Әнғам-101).
«Ол Аллаһ, қайсыларың жақсы амал істейді деп, сынау үшін көктер мен жерді алты күнде жаратты» (11. Худ-7).
«Әуелде көк пен жер біртұтас еді. Біз екеуінің арасын ажыраттық, жанды мақұлықтың барлығын судан жараттық. Кәпірлер осыны қалай білмейді. Оған неге сенбейді?» (21. Әнбия-30).
Осы айтылған аяттардан шығатын қорытынды, әлем кейіннен 6 күнде жаратылған, оның ешқандай да әу бастан бері болмағандығы айдан анық (қосымша мағлұмат үшін мына аяттарды қараңыз: Хижыр-85; Нахыл-3; Фурқан-59; Фуссилат-11; Қаф-38; Хадид-4).
3- Денемен тірілу мәселесін фәлсафашылар жоққа шығарады: Олардың айтуынша хашр тек рухани болады.
Ахлу сунна уал-жамаға бойынша хашр әрі рухани, әрі денемен де болады. Қайта тірілудің тәнмен, әрі жанмен болатындығына мына аят айқын дәлел бола алады: «Олар өздерінің қалай жаратылғанымен жұмыстары жоқ. «Міне, мына шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» - деп бізге дәлел айтпақшы болады. Сен оларға айт: «Оны тірілтетін (сол адамды) әу баста жаратқан құдіретті Аллаһ. Ол бар нәрсені біліп тұрады» (36.Ясин 78-79). «Негізінен ондай аяттарымызға қарсы шыққандарды жедел тозаққа саламыз да, олардың терілері жанған сайын азапты татулары үшін, оны басқа терілерге ауыстырамыз. шәксіз Аллаһ тым үстем, хикмет иесі» (4.Ниса-56).
Екінші айтылған аят тозақтағы адамның халін бей- нелеген кезде оның тозақ отында жазалануы тәнімен, әрі жанымен болатындығын ашық түрде білдіруде.