Ислам асыл дініміз

Сәлеметсіздерме, неке ажырасу кезінде куәгерлер қажет емес деп неке бұзылуда. Алайда Талақ сүресінің 2 аятында "... туралықпен ажыратыңдар. Өздеріңнен екі кісіні айғақ қойыңдар. Куәгерлерді алла үшін дұрыс орындаңдар .." делінген. Осы аят бұрмалануда емес пе? куәгер қажет емес деп еркектер әйелдерді ойыншыққа айналдырып жіберген секілді, олардың айтатыны бізге осылай үйретті дегені ғана. неке бұзу алла алдында дұрыс орындалмаса неке бұзылмағаны, бұзылмаған некеде басқамен семья құ! ру нағыз зинаның өзі емес пе? Сосын бірден 3 рет талақ айту да дұрыс емес. себебі 1 рет талақ айтылғанда қойылатын уақыт мерзімі көрсетілген, ол жастарға ойлануға берілген уақыт емес пе. сондықтан 3 рет талақ айтып кеткен еркектер бұл жерде де дұрыс орындамай жатқаны. қазіргі өмірде еркектер әйелдерді ойына келгенін жасап, куәгерсз талақ сөзін айтып әйелдерді қорлап жатқаны жоқпа. Ал талақ сүресі осы жайттардан сақтау үшін берілген сүре емес пе?

Құрметті Маржан! Төл дініміз кейбір діндегілер сияқты ажырасуға тыйым салмай, керісінше оған қатысты өзіндік талаптар мен шарттарын реттеп, жасалу жолдарын түзеді. Исламнан бұрын жәһилият кезеңінде арабтар өз әйелдеріне қалаған кезде талақ айтып, қалаған кезде қайтарып жататын. Белгілі бір шегі не жолы жоқ-тын. Бұл - әрине әйел кісіге деген зұлымдық, оған көрсетілген әділетсіздік. Ислам келгеннен кейін, мұндай тұрпайылықты тоқтатты. Еркектің талақ айту құқын «үшеуге» шектеді. Үшіншісінде не қалдырасың, не дұрыс жолмен ажырайсың деді. Мұндай шектеу әр бір отағасына жауапкершілікті сездіріп, ажыраспастан бұрын жан-жақты таразылап, отбасы тірегінің бірі саналатын жарын бағалауына алып келді.

Отбасы - өзінше бір мемлекет іспетті. Оның іргесі өзара түсіністік, бауырмалдылық және сүйіспеншілікке құрылғаны жөн. Сонда ғана іргесі берік отбасы болмақ. Бірақ, кейде жанұя шаттықтан көрі қайғыға, бақыттан көрі қасіретке толып, отбасы мүшелері үшін шаңырақ «тозаққа» айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар арасында пайда болған мәселені анықтап, оны оңды шешуге тырысу керек. Оңтайлы шешімге көнбеген ерлі-зайыптылар жақсылықпен ажырасады.

Десе де, дініміздің себепсізден-себепсіз ажырасуды құптамайтынын да айта кету керек. Бұл – ерлі-зайыптылардың соңғы шешуші қадамы болуы тиіс. Одан бұрын, ерлі-зайыптылар арасында пайда болған мәселені анықтап, оны оңды шешуге тырысу ләзім. Әбу Дәуідтің хадис жинағында келтірілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы ол – талақ»(Әбә Дәуід, Китабут Талақ – №2178 хадис), – дей отырып, жөнсіз ажыраспауға үндеп отыр. Сондықтан да болар, кей ғалымдарымыз ажырасудың өзін  жағдайына қарай уәжіп (ажырасуға міндетті), мәндуб (өз еркі) және харам (ажырасуға тыйым салынады) деп бөлген(Абдур Рахман әл-Хәлләф, Әхкәмуль әхуәлиш шахсия – 143 бет).

Некені бұзатын сөздер

Шариғатта некені бұзатын сөздер екі түрлі болып келеді:

  1. Ашық. Бұл категорияға кіретін сөз «талақ» сөзі. Және әр елдің ана тіліндегі тек «талақ» мағынасына келетін сөздерді де осы топқа кіргіземіз. Біздің тілде некені бұзу сөзі көбіне «ажырасу» сөзімен білдіріліп жататындықтан, оны да «ашық сөздер» қатарына кіргізсек қателеспеспіз. Яғни, әйеліне «сенімен ажырастым» деп өткен шақта, нақтылап айтылған болса, бір талақ орнына жүріп, ниеті қарастырылмайды.
  2. Ауыспалы (әл-киная). Ажырасу мағынасында да, өзге мағынада да қолданылуы мүмкін сөздер осы топқа жатады(Бадаиғ – 4/225 бет). Мысалы «үйіңе кет», «көргім келмейді», «киіміңді жина» сияқты астарында нені мақсат етіп тұрғаны белгісіз сөздерді айтқан адамның ниеті қарастырылады. Егер ниеті ажырасу болса, некелері бұзылады. Ал, ондай ниеті жоқ болса некелері бұзылмайды.

Бірінші категорияға жататын сөздер – «рижғи талақ» үкімінде. Бұл дегеніміз – бірінші рет не екінші рет «сені талақ еттім» деп айтқан  кісінің талағы (егер де үш рет айтпаған болса) арадағы некені бұзбайды. Сондықтан, ері үш хайыз келу уақыты ішінде әйелімен татуласуына құқылы. Неке жаңартуына керегі жоқ. Рижғи талақта татуласу – әйеліне «мен райымнан қайттым», «сөзімді қайтарып алдым», «сенімен ажыраспаймын», «сені қайтардым» деп айту сияқты сөз жүзінде   немесе  оны (әйелін) махаббатпен сүю, аймалау т.б. әрекеттері арқылы іс жүзінде жүзеге асады(Алә’уддин әл-Кәсәни, Бадаиғ – 3/383 – 395 бет; әл-Лүбәб – 3/54 бет). Айта кететін маңызды мәселе, бір рет талақ айтқан болса, үш рет талақ айту құқы екіге кеміген болады.  

Алайда, үш хайыз келу уақыты ішінде әйелін қайтармаған болса, «кіші байын талақ» үкіміне кіріп, некелері бұзылады. Қайта татуласқысы келсе, әйелінің рұқсатымен некесін жаңартуы тиіс. 

Екінші категорияға жататын сөздерді (ауыспалы) қолданған кісінің талағы «кіші байын талақ» үкімінде, әрине егер ажырасу ниетінде айтқан болса. Егер ниеті ажырасу болмаса, онда ештеңе емес. Кіші байын талақта ерлі-зайыптылардың некелері бұзылады. Бұдан кейін, әйелімен татуласқысы келген ері, әйелдің ризалығымен, мәһр белгілеп, некелерін жаңартулары шарт.

Ері ауыспалы сөздерді ұрыс үстінде немесе ерлі-зайыпты арасында  өзара ажырасу мәселесі қозғалып жатқан кезде тілге алған болса, сол сәттегі ахуалға сүйене отырып, ниетке қарамай, «кіші байын талақ» деген үкім кейде берілуі де мүмкін.

«Рижғи (қайтару) талақ» пен «Кіші байын талақтың» қасында, тағы «Үлкен байын талақ» деген талақ түрі бар. Үлкен байын талақтың үкімі –  ерлі-зайыптылардың некелерін мүлдем бұзып, қайта қосылу құқынан айырады. Қайта қосылу үшін әйел басқа ер кісіге тұрмысқа шығып, белгілі бір себептермен ажырасып жатса ғана, әлгі бұрыңғы еріне халал болады. Үлкен және кіші байын талақтың арасындағы айырмашылық, кіші байын талақта  ерлі-зайыптылар қайта қосылулары үшін өзара ризалықпен, мәһр белгілеп неке жаңартулары жеткілікті. Ал үлкен байын талақта  олай емес.

Үлкен байын талақты тудыратын себептер мыналар:

  1. Ері әйелін үшінші рет талақ етіп отырған болса;
  2. Үш рет талақ айту құқын бір мезетте, яки бір тазалық уақытында  қолданған болса;
  3. Ауыспалы мағынасы бар сөздерді «үш талақпен ажырау» ниетінде айтқан болса(Мұхаммед Ғашиқ әл-Бәрани, «Әт-Тәсһилуд-зарури»: Талақ-38 бет);

Шариғаттың үйреткен талақ ету тәсілі қандай?

Шариғатта үш түрлі талақ ету жолы бар. Екеуі - шариғатқа сай құптарлық, үшіншісі - шариғатқа теріс. Олар мынадай:

1. Әхсан талақ (ажырасудың ең абзал жолы-أحسن الطلاق):

Бұл тәсілде ері әйеліне ашық талақ ету сөзімен бір «рижғи талақ» айтып, үш етеккір келу уақыты бойы оған жақындаспайды.Мұндағы мақсат – ері өз қарарында сенімді ме, әлде асығыс берілген шешім бе, соған көзін жеткізуге мұрсат береді. Осы уақыт аралығында райынан қайтып, әйелімен татуласып, әлі де отбасын сақтап қалу жолын таңдар деген үміт. Ибн Әби Шәйбәнің «әл-Мусаннәф» атты кітабында келтірілген риуаятта, сахабалардың да талақ етудің осы тәсілін артық көретіндігі Ибраһим ән-Нәхаъи(Ибрахим ибн Язид ән-Нәхәғи, Ирак өңірінің ғұлама, фиқһшысы әрі хадисте «сиқа/сенімді» деген атаққа ие. Оның риуаят еткен хадистерін Нәсәий, Әбу Дәуід, Даруқутни сыңды ғұламалар өз хадис жинақтарына алған, кішкене күнінде Айша анамызға келіп, оны көрген кісі) тарапынан риуаят етілген(Ибн Әби Шәйба, әл-Мусаннаф –4/57, «ат-талақ»).

Әхсән талақ мына талаптарға мән берілгенде жүзеге асады:

  • Хайыз немесе нифастан тазарған болуы тиіс. (Хайыз не Нифас кезінде талақ ету күнә).   
  • Сол таза уақытында жыныстық қатынасқа түспеген болу керек. Жыныстық қатынасқа түскен болса, келесі хайыздан тазарғанша талақ айтпағаны дұрыс. Себебі, жыныстық қатынасқа түсіп қойған тазалық күндері әйелін талақ ету күнә.
  • Талақ сөзін бір рет айтады да,  үш хайыз келу уақыты бойы онымен жақындаспайды.  Бірақ бұл талақ «рижғи талақ» болғандықтан, осы үш хайыз уақыты толық бітпейінше некелері сол қалпында сақталады және үш хайыз ішінде ері райынан қайтып, әйелімен қайта татуласуына құқылы. (Рижғи талақ).

Татуласу – әйеліне «мен райымнан қайттым», «сөзімді қайтарып алдым», «сенімен ажыраспаймын», «сені қайтардым» т.б. деп айту сияқты сөз жүзінде   немесе  оны (әйелін) махаббатпен сүю, аймалау т.б. әрекеттері арқылы іс жүзінде жүзеге асады(Алә’уддин әл-Кәсәни, Бадаиғ – 3/383 – 395 бет; әл-Лүбәб – 3/54 бет).

Тағы айта кету керек, мұнда үш хайыз келу уақыты өткенше райынан қайтпаған болса, «кіші байын талақпен» (жоғарыда тоқталдық) неке бұзылады. Әйелімен қайта қосылғысы келсе, әйелдің ризалығымен, жаңадан мәһр беріп, некелерін жаңартады(Әл-фиқһ алал мәзәһибиль арбаға – 4/266 бет).

2. Хасан талақ:

Шариғатта көрсетілген талақ ету жолының екіншісі – хасан талақ. Мұны «сүннет талақ» деп те атайды. Мұнда да жоғарыда айтып өткен шарттар қарастырылады (ахсан талағының шарттары). Тек бір айырмашылығы бар, бұл ажырасу тәсілінде  ер кісі  өзіне берілген үш талақ ету құқын,  үш хайыздан кейінгі үш тазалық уақытына  бөліп-бөліпайтады.  

Мысалы, ері әйелінің етеккірден тазарған уақытында, онымен жыныстық қатынасқа түспей «мен сені талақ еттім» деп бір рет ашық талақ сөзін айтады да, келесі хайызды күтеді. Хайыз келіп, сол хайыздан тазарғаннан кейін жыныстық қатынасқа түспестен тағы солай екінші рет талақ етеді де екінші хайызды (қатынасқа түспестен) күтеді. Екінші хайыздан тазарғаннан кейін үшінші талағын айтады.  Бұдан кейін әйелі иддет мерзімі ретінде бір ғана хайыз уақытын күтеді. Себебі алдында екі хайыз уақыты өтті(Бадаиғ – 4/189 бет).

Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «...Талақ екі рет (болса), онда не туралықпен ұстау немесе (үшінші талақ айтып) жақсылықпен ажырасу керек»(Бақара сүресі- 228- 229 аят), – дей келе бөліп айтуды меңзесе, Талақ сүресінде: «Әй Пайғамбар! Қашан әйелдеріңді талақ қылсаңдар, онда оларды белгілі мерзімінде ажыратыңдар және сол мерзімді есептеңдер»(Талақ сүресі – 1 аят), – делінген.

Сондай-ақ, Нәсәидің хадис жинағында келтірілген бір хадисте сахаба Абдулла  былай дейді: «(Талақ әс-сүннә) Пайғамбарымыздың үйреткен талақ түрі мынадай – ері өз әйелін (етеккірден) таза кезінде, жыныстық қатынасқа түспей бір рет талақ етеді. Кейін тағы бір етеккір көріп, одан тазарғаннан кейін (екінші рет) талақ етеді. Тағы бір етеккірі келіп одан тазарғаннан кейін (үшінші рет) талақ етеді. Одан кейін (қосымша) бір хайыз мерзім күтеді»(Нәсәи, әс-Сунәнуль Кубра, «Китабут Талақ», 2 баб/5557 хадис).

Ажырасудың бұл тәсілі – отбасында ұрыс-керіс өршіп, ерлі-зайыптылық міндеттемелер орындалмай, үйден береке кеткен кезде қолайлы. Өйкені, кейде әйелі отаналық міндеттемелерді орындамай өз еріне қарсы шығып жүргенімен, отағасы оны іштей қимауы мүмкін, бірақ ажыраспауға да шара жоқ. Осындай жағдайдаларда, талақты бөліп айту арқылы, өзін біртін-біртін дағдыландыруға тырысады, қимастық сезімі басым түскен жағдайда, қайта татуласуға мүмкіндік бар.

Мұны да, «рижғи талақ» қатарына жатқызамыз. Яғни, алдыңғы айтылған екі талақта арадағы неке бұзылмайтындықтан, райынан қайтып, қайта татуласуына  құқылы. Неке жаңартылмайды және әйелінің ризалығы шарт емес, себебі әйелі әлі ол кісінің некесінде болып қала бермек.

Бірақ, одан кейін үшінші рет талақ етер болса, арадағы неке «үлкен байын талақпен» бұзылады. Бұдан кейін әйелі өзге ерге тұрмысқа шығып, одан ажыраспайынша, алдыңғы ері оны қайта некесіне ала алмайды. Бұл жайында Құранда: «Егер (үшіншісінде) талақ еткен болса, басқа ерге тұрмысқа шықпайынша (және кейін одан ажыраспайынша), оған ол әйел адал емес», – дейді

3. Бидғи талақ. Бұл – дініміздің үйреткен ажырасу тәсіліне кереғар. Ханафи мәзһабында талақтың осы түрін қолданған кісі күнә істеген болып есептеледі, бірақ талағы іс жүзіне асады(Абдур Рахман әл-Хәлләф, Әхкәмуль әхуәлиш шахсия – 143 бет).   

Бидғи талаққа мыналар жатады:

  • Әйелін хайыз кезінде талақ ету. Хайыз кезінде талақ ету - күнә. Бұл кезде талақ еткен кісі, еткен талағын қайтарып, келесі хайыздан тазарған уақытын күткені абзал. Содан кейін қаласа талақ етеді, қаламаса етпейді(Әл-Ихтияр – 3/144 бет). Бұл Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің тұжырымдары.  Себебі, Муслимнің хадис жинағында келтірілген хадисте, әйелін хайыз кезінде талақ еткен сахаба Абдулла ибн Омарға, Алла елшісі былай деп бұйырады: «Еткен талағын қайта алсын (әйелін қайтарсын)! Осы хайызы тоқтап, келесі хайызынан тазарған уақытына дейін күтсін. Сол кезде қаласа некесінде ұстайды, қаламаса талақ етер»(Сахих Муслим: Китабут Талақ «Бәбу тахрими талақил хаиз», №1471 хадис).
  • Хайыздан тазарған уақытта, әйелімен жыныстық қатынасқа түсіп, сол тазалық ішінде оны талақ ету.
  • Бір сәтте үш талақпен талақ ету. Бір мезетте үш талақпен талақ етудің күнә екеніне қатысты Сахих Муслимде көрсетілген риуаятта былай делінген Абдулла ибн Омар: «...бір мезетте үш талақпен талақ еткен болсан арадағы некелерін бұзылды деген сөз. Ол басқа біреуге тұрмысқа шықпайынша (және одан ажырамайынша) онымен некелесе алмайсың. Бұл әрекетің  Раббыңның бұйрығына қарсы. (Оның көрсеткен) Әйеліңді талақ ету жолына теріс».(Сахих Муслим: Китабут Талақ «Бәбу тахрими талақил хаиз», №1471)
  • Бір тазылық уақытында бірнеше рет талақ айту.(Бадаиғ – 4/201-202 бет)

Қорытындылай келе айтарымыз, дінімізде талақ ету құқы - тікелей отағасына тән(Ақыл-есі дұрыс, кәмілетке толған болуы шарт), әйел кісі кей жағдайларда ғана ажырасуды талап ете алғанымен, оған тікелей талақ ету мүмкіндігі берілмеген. Бұл - әйел затының нәзік табиғатын, әрі аса сезімталдылығын ескергендіктен болса керек.  Әйтсе де, жоғарыда айтылғанда мұсылманға «ажырасу» ең соңғы шешім болуы тиіс, одан бұрын татуласу жолдарын қолданып көруі шарт. Ажырасуға бел буған болса, жөн-жосықсыз талақ айта салмай, сүннетке сай шариғаттың үйреткен жолымен жасауды бұйырады.

 

Ассаламуалейкум уа рахматуллахи уа баракатух. Менде, туған әпкем де бір үйде намазды бөлек оқитын едік, жамағат болып оқуымызға тиым шығар деп. Ол дұрыспа?

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Әйел адамның өз араларында имам болуы мәкрүһ жолымен рұқсат. Әйел имам болған уақытта басқа әйелдермен бір сапта тұрады. Имам болған әйелдің алдыға шығуы – мәкрүһ. Бұл туралы, Айша анамыз (р.а.) парыз намазында әйелдердің ортасында бір сапта тұрып имамдық еткендігі жайында айтылса, Хажира бинт Хусейн: «Умму Сәләмә (р.а.) әйелдердің ортасында бір сапта тұрып, екінті намазында бізге имамдық етті»(Әс-Сүнән әл-кубра, әл-Бәйһәқи, 3-том, 131-бет.),-деген. Имам әл-Кәсәни: «Ханафи мәзһабы бойынша әйелдер өз араларында бір сапта тұрып, имамдық етуіне рұқсат етілгенімен, ұнамсыз амалға жатады. Айша мен Умму Сәләмә (р.а.) анамыздың бұлай істеуінің себебі – ерлердің көзіне түспеу, тасалану мақсатымен, өз арасында имамдық еткен»,-деген (Бәдәиғ ас-санаиғ фи тәртиб әш-шәрәиғ, әл-имам Алауддин Әбу Бәкр ибн Масғұд әл-Кәсәни әл-Ханафи, 1-том, 493-бет, «Дар әл-жадид» баспасы, Каир, 2004ж. Ибн Құддама: «Әйелдер өз арасында бір сапта ортада тұрып, имамдық етуінің мәкрүһ амалға жататуы – парыз намаз болғандықтан ерлерге ұқсамау мақсатында болған»,-деген. Муғни, Ибн Құддама, 3-том, 37-бет. «Һижр» баспасы, Каир.1992ж.).

 

Мұсылман адам сүннетсіз болса, ол адамның тілеген тілегі қабыл бола ма? 

Құрметті Берікжан! Ислам адамның сыртқы тазалығы мен ішкі пәктігін қастерлейтін дін. Асыл дініміз тазалыққа негізделгені һәм мұсылман баласын тазалыққа үндейтіні де белгілі.
Дінімізде фитри (адам болмысына сай) сүннет амалдары бар. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адам тазалығына қатысты үйреткен сүннеті боп табылады. Фитри сүннет амалдарды жасамау адамның денсаулығына едәуір зиянды. Сонымен бірге, фитри сүннетті орындап жүру адамды пәк және таза етеді. Бұл амалдарға берік адам көркем де әдемі кейіпке кіреді, әрі тұла бойы үйлесімді сұлулыққа еніп, қош иіске бөленеді.
Осы амалдардың бірі баланы сүндетке отырғызу. Бұл көнеден келе жатқан сүннет. Әбу Һурайра (р.а.) келтірген деректе пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың досы Ибраһим сексен жасында сүндетке отырған...»,-деген.
Бұл бала денсаулығы үшін пайдалы және тән тазалығын дұрыс ұстауға ықпал етеді.
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Бес амал болмысқа тән, олар: кіндік асты түгін тазалау, сүндет жасату, мұрт басу, қолтық асты түгін алу және тырнақ алу»,  - деп айтылған (Әбу Дауд және Термизи).
Болмыс тазалығына қатысты Айша (р.а.) анамыздан жеткен тағы бір хадисте: «Он амал болмысқа тән: мұрт басу, сақал қою, мисуак қолдану, ауызды сумен шаю, мұрынды сумен тазалау, тырнақ алу, аяқ-қол буындарын жуу, қолтық асты түгін алу, кіндік асты түгін тазалау және сумен әурет мүшені жуу», - деп көрсетілген (Ахмед және Муслим).
Бұл екі хадистің бірінде жоқ сүннет екіншісінде айтылған. Алайда екі хадисте де «сүндет жасату» бар.
Атам қазақ та бұл сүннет амалды әу бастан орындап дәстүріне сіңдірген. Сүндетке отырғызуға қатысты белгіленген арнайы жас мөлшері жоқ. Алайда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі немересін Хасан мен Хусейінді туылғаннан соң жеті күннен кейін сүндетке отырғызғандығы жайлы дерек бар. Бұл Байһақидің кітабында, Айша (р.а.) анамыздан жеткен риуаят.
Ғұламалар баланы жеті жасқа дейін сүндетке отырғызуды кеңес етеді. Өйткені, шариғатымызда жеті жасар баланың төсегін бөлек салу сияқты нұқсаулар бар. Бұл бала есейіп жатқандығын және оның әуретіне қарамау керектігін де ұғындырады. Демек, бұл амалды мейлінше ертерек жасаған құп саналады. Алайда, ештен кеш жақсы демекші, есейіп кеткеннен кейінде сүндет жасатса болады, бірақ денсаулық жағын және дәрігер кеңесін ескерген де жақсы.
Бірақ, сүндеттелмеген адам мұсылман емес немесе дұғасы қабыл болмайды деу өте қате түсінік. Себебі, аты айтып тұрғандай ол сүннет амалы.

Ассалаумағалейкум уа рахматуллахи уа баракатух. Намаз оқудың тәртібін толықтай жазып бере аласыздар ма? АЛЛАХТЫҢ НҰРЫ ЖАУСЫН!!!

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Төлеген, сіздің сұрауыңызға орай, таң намазының екі ракағат сүннетін оқу тәртібін жолдаймыз.

Азан айтылады.
Ниет. Аузу билләһи минаш-шайтанир-ражим
Бисмилләһир-рахманир-рахим
Иләһи ниет қылдым Алла ризалығы үшін бүгінгі таң намазының 2 рәкәт сүннетін оқымаққа, жүзімді қараттым Құблаға, халисан лилләһи таала. Аллаһу әкбар деп екі құлақ қағылады қолдарды кіндіктің үстіне қойып намаз басталады. 
1 – рәкат.  
  "Сүбханака” дұғасы оқылады. 
"Сүбханака Аллаһумма уа бихамдика уа табаракасмука уа таала жаддука уа ләә иләһа ғайрук”.
Аузу билләһи минаш-шайтанир-ражим
Бисмилләһир-рахманир-рахим
Әлхамду лилләһи раббил аламиин. Аррахманир-рахими малики иаумиддин. Йәкә на'буду уа иәкә наста'ин. Иһдинассиратал-мустақим. Сираталлазина ән'амта 'алайһим. Ғойрил мағдуби 'алайһим уаладдааллиин. 
(Әмин)
 Бисмилләһир-рахманир-рахим
Иннә а'тайнәкал каусар. Фасалли лираббика уанхар. Иннә шәни'ака һуәл әбтар.
Рукуғ. Тізеге қарай Аллаһу әкбар деп еңкейіп, Субхана раббиал 'азиим деп – 3 рет айтылады да тіке тұрып - Самиаллаһу лиман хамидах рәббана ләкәлхамд,-деп сәждеге 
2 рет- барып, Субхана раббиал а'ла деп – 3 рет айтылады да екінші рәкатқа тіке тұрады. 
2 – рәкат. Бисмиллә - мен басталып Фатиха сүресі оқылады. 
Бисмилләһир-рахманир-рахим
Әлхамду лилләһи раббил аламиин. Аррахманир-рахими малики иаумиддин. Йәкә на'буду уа иәкә наста'ин. Иһдинассиратал-мустақим. Сираталлазина ән'амта 'алайһим. Ғойрил мағдуби 'алайһим уаладдааллиин. 
(Әмин)
Ихлас сүресі оқылады. 
Бисмилләһир-рахманир-рахим
 Қул һуаллаһу ахад. Аллаһуссомад. Ләм иәлид. Уа ләм иулад. Уа ләм иакун ләһу куфуан ахад.
Рукуғ. Тізеге қарай Аллаһу әкбар деп еңкейіп Субхана раббиал 'азиим деп – 3 рет айтылады. Одан тұрып бара жатып
Самиаллаһу лиман хамидах рәббана ләкәлхамд, Аллаһу әкбар– деп айтып барып сәждеге барады. 
2 рет- Сәжде. Субхана раббиал а'ла деп – 3 рет айтып барып отырады да мына дұға оқылады. 
Әттахииәту лилләһи уассалауату уаттайбат. Ассаләму алайка аййуһәннәбииу уа рахматуллахи уа баракатуһ. Ассаламу 'алайна уа ала 'ибадилләһиссалихин. Әшһәду ән лә иләһа иллаллаһу уа әшһәду әннә Мухаммадан 'абдуһу уа расулуһ.
Аллаһумма салли 'ала Мухаммадин уа ала али Мухаммад. Кәма саллайта 'ала Ибраһима уа ала али Ибраһим. Иннәка хамидун мажид.
Аллаһумма барик ала Мухаммадин уа ала али Мухаммад. Кәма баракта ала Ибрахима уа ала али Ибрахима иннәка хамидум мажид. Раббана атина фид-дуниа хасанатан уа фил-ахирати хасанатан уа қинаа азабаннар. Раббанағфирлии уали-уалидаййа, уа лил-мүминина иаума иақумул-хисаб – деп барып
Ассаламу алайкум уа рахматуллаһ – деп екі жаққа сәлем беріледі. 
Аллаһумма антассалам уа мин кәссалам, тәбаракта раббана иә залжалали уал икрам. Аумин.

Сондай-ақ, біздің сайттың мына http://hibatulla.kz/ru/namaz.php сілтемесіне қараңыз!

Ассаламу алейкум. Менің сұрағым: намаз кезінде төрт мәсһабты ұстануға бола ма және оның реті қандай болу керек? Рахмет!

Уа ғалейкумуссалам! Әсем, мүмкін болғанша мәзһаб ауыстырмаған дұрыс. Зәру болған жағдайда, "Әһлу сунна уәл-жамаға" жолын берік ұстанған төрт (Әбу Ханифа, имам Мәлик, имам Шафиғи, Ахмед ибн Ханбал) мәзһабтың біріне ауыстыруға болады. Аталған төрт мәзһабтағы айырмашылықтар тек «абзал» және «дұрыс» деген сөзде ғана. Яғни біз өз мәзһабымызды абзал санаймыз да, ал қалған үш мәзһабты дұрыс деп білеміз. Алайда біздің мәзһаб дұрыс, қалған үшеуі бұрыс деу адасушылық болып есептеледі.

АССАЛАУМАЛЕЙКУМ УА РАХМАТУЛЛАХИ АУ БАРАКАТУХУ Уважаемый Имам. у меня 2 вопроса: 1) в разделе намаз для женщин в 1 ракате после суры фатиха не указан дополнительная сура, правильно ли это? 2) у меня с детство учили уважать киблу и соответственно лежать надо правильно (кыбыланы теппей), а у меня в квартире не получается кровать ставить именно таким образом. считается ли это грехом? Заранее спасибо, АЛЛА РАЗЫ БОЛСЫН!

 

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Жанар, әрбір парыз намаздарының алғашқы екі ракағатында, сүннет және нәпіл намаздардың барлық ракағатында «Фатиха» сүресінен кейін қосымша бір сүре немесе бірнеше аяттар оқу. Ол «зәм сүресі» деп те аталады. Зәм сүресі үшін қасиетті Құраннан қалаған бір сүрені немесе бірнеше аяттарды оқуға болады.
"Құбыланы" құрметтеп, құбылаға аяқ созбай жату орынды, бірақ жағдайға орай, мәжбүрлікпен құбылаға аяқ созып жату айыпқа саналмайды. Ең дұрысын, Алла біледі!

Ассалауалейкум уа рахматулахи уа баракатух! Сапарда тан намазынын сунети окыладыма? Рахмет!

 

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Қуаныш, сапарда таң намазының сүннеті оқылады және өзге уақыттардағы намаздардың сүннеттері де жағдай болса оқыған жақсы.

Ассалаумагалеикум! Аллах разы болсын! Мен өте жалқау болып бара жатырм ж/е еріншек. Осы кезде не істеуге болады!

Уа ғалейкумуссалам! Саке, кемеңгер, ойшыл Абайдың қара сөзінде: «Алла тағала кедейлік, байлықты жаратты. Бірақ, адамдарды бай, кедей еткен Құдай емес деп нанып, ұқсақ болар, әйтпесе, жоқ», – деген даналығы ақыл-ой иелері үшін үлкен ғибрат. Жоқтан бар еткен, 18 мың ғаламды жаратқан, тіршілік иелеріне жан беріп, ризықтандырған, көмескілерді білуші Жаратушы Иеміз Сүбхан Алла тағалаға кімнің не үшін кедей, бай болатыны сонау әлімсақтан белгілі. Байды да, кедейді де Алла тағала махаббатымен жаратты. Екеуіне де бірдей денсаулық берді, көруге көз, еңбек етуүшін қол-аяқ, сөйлеп, ішіп-жеп, қатынас жасау үшін ауыз берді. Он екі мүшесін екеуіне бірдей етіп, еш ақау, кемшіліксіз жаратты. Екеуіне де бұл дүниеде еш кедергісіз еңбек етіп, ішіп-жеп, ойнап-күліп, мал-мүлік жинап, жанұя құрып, бала өсіруге, жалған дүниедегі жанды, жансыз жаратылыстың бәрін пайдалануына еркіндік берді жомарт жаратушы Алла!

Ендеше Алла тағала еш айырмасыз бірдей етіп жаратқан адамзат неге кедей, неге бай? Ол бізге қасиетті Құран Кәрімді түсіріп, ардақты соңғы пайғамбар Мұхаммедті (с.ғ.с.) елші етіп жіберіп, бұл дүниеде қалай өмір сүріп, қалай еңбек етіп, тіршілік жасау тәсілін үйретті. Алла тағала адам баласына парыздарды жүктеді, халал мен харамды  белгіледі, межелерді анықтады. Лағнеті Шайтанға ермеуді, оның жолымен жүрмеуді,  алданбауды ескертті.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Шын мәнінде біз адам баласын біріккен тамшыдан жараттық. Оны сынаймыз. Сондықтан оны еститін, көретін қылдық. Расында оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкіршілік етсін, мейлі қарсы келсін», – делінген. Пайдалы, келешекте жаннатқа апаратын бұл дүниенің игілік, нығметтеріне жеткізетін   жолға түсу, әлде азғырушы Шайтанның алдауына еріп, көрсетілген тура жолдан тайып, тозаққа апаратын жолға түсу – әркімнің өз қалауында.
Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде адамға еңбек етуден басқа ештеңе жоқ», – дейді Алла тағала («Нәжім» сүресі, 39-аят). «Жұма» сүресінің 10-аятында: «Намаздарыңды өтеңдер де, жер жүзіне таралыңдар. Алланың мархаметінен несібе іздеңдер. Сондай-ақ, Алланы көбірек зікір етіңдер, әрине, құтыласыңдар», – деп, адамзатты еңбек етуге, өзіне ғана құлшылық етуге бұйырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ішіңде ең қайырлы адам бұл дүние үшін ақыретті ұмытпай, ақырет үшін бұл дүниені ұмытпай, екі дүние үшін еңбектеніп және адамдарға ауыртпалығын артпайтын адам», – десе, Хазреті  Омар (р.а.): «Ешбір ризық іздеместен, «Аллам, маған ризық бер» демесін. Көктен алтынның да, күмістің де жаумайтынын жақсы білесіңдер», – деген. Сондай-ақ, жалқаулық жөнінде дана Абай:
“Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер
 мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз”,
 – десе, келесі бір шумағында:
“Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын”,
 – деп жұмыссыздықтан, еріншек, жалқаулықтан болатын зиянды анық көрсетіп берді.
Халқымыз: «Еріншектің ертеңі бітпейді», «Жарлылық жанға тыныш, жатып ішер ас болса», «Жалқау қойға жүн ауыр», «Ұйқы мырза, үш күн, үш түн ұйықтасаң да болмас риза» деп мақалдап, жалқаулық пен еріншектіктің түбі кедейлікке апарып соқтыратынын айтқан.
Алла берген денсаулық пен күш-қуатты дұрыс пайдаланып, адал еңбек етсек, ең бірінші өзімізге, одан кейін туыстарымызға, халқымызға, мемлекеттімізге пайда келтіреміз.
Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адамның жеген ең қайырлы тағамы өз колының күшімен, маңдай терімен тапқаны», – деген. Алланың пайғамбары Дәуіт те (ғ.с.) өз еңбегімен күн көретін адамның табысы берекелі болатынын айтқан. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп хәкім Абай айтқандай, кедейлік пен жоқшылыққа апаратын еріншектік, жалқаулық деген дұшпанды адал еңбекпен ғана жеңе аламыз.
Еңбек байлыққа жеткізеді, кедейшіліктің мұң-мұқтажынан құтқарып, қайғы-қасіреттен арылтады. Сабырлық, шыдамдылық, қайраттылық және төзімділік сынды көркем мінездің шыңына жеткізеді. Сондай-ақ, еңбексіз ғылым-білімді, өнерді үйрену мүмкін емес.
Ислам діні адамдарға бұл дүниеде және ақыретте бақытты болудың барлық жолын көрсетті. Ал оған жету үшін имандылықпен қатар адал еңбектің де қажет екені сөзсіз. Ендеше адамзатты осынша азғындап, рухани құлдырауға жеткізетін, мұқтаждыққа апаратын еріншектік, жалқаулық және тоғышарлықтан сақтанайық.

Ассаламу алеикум! Менің ата-анам туыстарым намаз оқуға рұқсат етпейді не істесем болады және Ата-анамнан тығылып екі рәкат намаз оқысам бола ма?

Уағалейкумуссалам! Нұрбол, ата-ананың разылығын алу, оларға деген құрмет көрсету, қарсы шықпау дініміздің басты бұйрықтарының бірі екені баршамызға мәлім. Көптеген Құран аяттары мен хадистерде ата-анаға жақсы мәміле жасау жайында айтылады.    

Дегенмен, олар кейде пендешілікке беріліп бізді шариғатқа теріс келетін әрекеттерге итермелеп, күнә істерге шақыруы мүмкін, мүндай жағдайларда ата-анамызға бағынбауымызға дініміз рұқсат береді.

Ендеше, ата-анаңыз намаз, ораза сияқты дін негіздерін орындауға қарсы шықса, мұнысына құлақ аспауыңыз күнә саналмайды.  

Бірақ,  бұл «ата-анаға дөрекі мінез көрсетіп яки араздасып, олардан безіп кету керек» деген сөз емес. Керісінше, майдалап, жұмсақ түсіндіруге тырысуыңыз тиіс. Алда-жалда көнбей жатқан күннің өзінде сый-құрметіңізді аямауыңыз ләзім! Алла тағала бұл жайында былай дейді:«Егер ата-анаң білмейтін нәрсеңді – Маған серік қосуға зорласа, оларға бағынба! (Дегенмен) Олармен бұл дүниеде жақсы қарым-қатынаста бол!..»(Лұқман сүресі – 15 аят.)

 

Әссәләмү ғәләкум уә рахматуллаһи уә бәрәкәтүһ құрметті мұсылман бауырлар!Қасиетті Аллаһ айы Ережеп айы қайырлы құтты мүбәрәк болсын! Менің сауалым мынадай арнайы қандай намаздармен құлшылық амалдар бар және бір ай ораза тұту туралы айтып өтсеңіз екен?

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Ринат Тоқтасынұлы,Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ережеп бұл ұлы ай. Алла бұл айда мейірімін төгеді. Ережеп айында бір күн ораза ұстаған адам бір жыл ораза ұстағандай сауап алады, жеті күн ораза ұстаған адам үшін жәһаннамның есігі жабылады, сегіз күн ораза ұстаған адам үшін жәннат есіктері ашылады, ал он күн ораза ұстаған адамға Алла қалағанын беріп, армандарына жеткізеді, он бес күн ораза ұстаған адамның Алла өткен күнәларын кешіреді. Ережеп айында Алла Нұхты (а.с.) кемеге мінгізді және Нұх та сол түнді оразамен өткізді, өз қасындағыларға да ораза ұстауды әмір етті»(Табарани).

Ибн Аббас (р.а.): «Расулуллаһтың (с.ғ.с.) оразаны көп ұстайтыны  соншалық, біз Расулуллаһты (с.ғ.с.) ешқашан ауыз ашпайды деп ойлайтынбыз»(Муслим), -дейтін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:

«Қасиетті Ережеп айының басында бір күн, ортасында бір күн және соңында бір күн ораза ұстағанға Ережеп айының барлық күні ораза ұстағандай сауап беріледі»(Мифтахуль жаннат)-деген.

Ережеп айында нәпіл намаз оқу туралы «Ғимадул ислам» деген кітапта: «Кімде-кім Ережеп айының бірінші бейсенбісi (яғни, ертең 1 мамыр) күні 16 рәкат нәпіл намаз оқып, әр рәкатында бір «Фатиха» сүресіне қосып «Ықылас» және «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқыса, дүниеден өткенде анасынан жаңа туғандай пәк болар. Қиямет күні тірілгенде шаһидтермен бірге тірілер», - деп жазылған.