Ислам асыл дініміз

Мен намаз окығаныма бір жылдан асты. Сол кезде зор қарқынмен ынтамен бастап едім. Қазірде ықыласым бар, бірақ тез шаршаймын шатасамын. Бір күн оқысам екі күн оқылмай қалатын күндерім болды, оның үстіне проблемаларым көбейіп намазға деген ынтам басылып барады. Оқысам сол ынта жоқ ойым бөлініп кетеді. Мүмкін мен дұрыс оқымайтын шығармын, көңілім бір жақта емес. Өзімді қалай жеңсем болады, сол қарқынымды қалай күшейтсем болады. Рахмет!

 

Құрметті Гүлмира! Алла Тағала адамзатты жарату себебін баян етіп, «Зарият» сүресінің 56-аятында: «Мен адамдар мен жындарды Өзіме құлшылық қылу үшін ғана жараттым»,—дейді.   Демек, өмірдің өзегі — құлшылық. Ал, құлшылық болған жерде қиыншылықтың болуы да заңдылық. Себебі, сынаққа сабырлық жасаған жандар, Алла алдында ардақты болады. 
Намаз – Алла тағалаға жасайтын құлшылықтардың негізі. Намаз оқу арқылы пенде Жаратушының алдындағы негізгі парызын өтей отырып, өзінің екі дүниедегі қажеттіліктеріне қол жеткізеді.
Күнделікті намаз оқып, құлшылықтар жасау кейбір жандар үшін ерекше қиындық ретінде көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, мұның еш қиындығы жоқ. Тек ерекше ынта мен ықылас қойған адамға аз ғана сабыр мен төзім жеткілікті.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім намазға жалқаулық етіп, немқұрайлы қараса, ол адамға Алла тағала 15-түрлі жаза береді. Олардың алтауы осы дүниеде. үшеуі өлер кезде қабірде. үшеуі қабірден шыққан соң», - делінген. Солардың ішінде, осы дүниеде алатын 6-жаза:
1. Ол кісінің дүниесінде, өмірінде береке болмас.
2. Алла тағала ол кісінің жүзінен нұрын кетірер.
3. Істеген істеріне сауап жазылмас.
4. Алла тағала ол кісінің дұғасын аспанға көтермейді.
5. Осы дүниеде адамдар арасында абыройсыз болар.
6. Ол кісі үшін біреудің еткен дұғасы қабыл болмас.
Жан тапсырар кездегі 3 жаза:
1. Жан тапсырар кезде қатты қиналар.
2. Барша дүниенің тамағын берсең де аш болып өлер.
3. Дүниедегі бар теңіздің суын берсең де, сусап, шөлдеп өлер.
Қабірде көретін 3 түрлі жаза:
1. Қабірі тар болар.
2. Қабірінің іші от болар.
3. Қабірде «шужағу-л ақрағ» деген жылан шағып азаптар.
Оның көзі оттан, тырнағы темірден, тырнағының ұзындығы бір күндік жолдай, даусы күркілдеген күндей қатты болар. Ол айтар: «Алла тағала сені таң намазын оқымағаның үшін бесін намазына дейін, бесін намазын оқымағаның үшін аср намазына дейін, аср намазын оқымағаның үшін шам намазына дейін, шам намазын оқымағаның үшін құптан намазына дейін тұрып азаптауды бұйырды». Азаптаушы жылан әрбір ұрғанында күнәһар адам алпыс қарыс жердің астына дейін кіріп кетер. Жылан тырнағын қайта суытып алып, қайта ұрар. Осылайша қиямет күніне дейін намаз оқымаған адамды азапқа салар.
Қиямет күні көретін үш түрлі азабы:
1. Ол кісінің жүзін қатты отқа күйдірер.
2. Есеп-қисап берер кезде Алла тағала ашулы көзбен қарар.
3. Алла тағала ол кісіге қатты есеп қылар да, тозақ отына тастауға әмір етер.
Ендеше, адамның міндеті тек қана ішіп-жеу емес, Алла тағалаға құлшылық жасау екенін ешкім де ұмытпауы тиіс.

 

Аccаламу ғалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Жасап жатқан жұмыстарыңызға АЛЛА Тағала берекетін берсін! Қояр сұрағым, Неге дұғамыз қабыл болмайды, күнахар болғанымыздан ба? Әлде, Алла Тағала сынақ ретінде қабыл етпейді ме? Қандай уакыттарда, қандай намаздарда дұғаны қабыл етеді? Жауап бергендеріңізге, алдын ала рахмет!

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Жанболат, дұғам қабыл болмады деп асықпау керек. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің: «Тілегенімді қайтейін, тілегім қабыл болмай жатыр», — деп асықтырмаған дұғаларың қабыл», — деді.

Түсініктеме: «… асықтырмаған дұғаларың қабыл» — дұғаның жүзеге асуын асықтырмау тілектің қабыл болуының шарты. Біз әдетте қажетімізді тілеп, пендешілікпен Алла тағала сұрағанымызды бере қалады деп бір керемет болуын күтеміз. Алайда тілегіміздің қабыл болуына лайық болу жағын ойламаймыз. (Аудармашыдан).
Және Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Күнәлі іс пен туыстық қатынасты үзуді тілемесеңдер және: «Тілегенімді қайтейін, тілегім қабыл болмай жатыр», — деп дұғасы қабыл болуын асықтырып, үмітін үзіп тілеуін доғарған адам тәрізді болмасаңдар дұғаларың міндетті түрде қабыл болады», — деді.
Тағы да, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағаладан қажетін тілеген адам тілегінде табанды болсын. Тілегенде: «Уа, Тәңірім! Қаласаң сұрағанымды бер», — демеңдер. Өйткені Алла тағалаға ешкім нұсқаушы бола алмайды», — деді.
Тағы да, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): 
Дұғаның абзалы:«Иә, Аллаһ тағала! Сен менің Раббымсың, мен Сенің құлыңмын. Мен өзіме зиян келтірушімін, әрі өзіме зиян келтіруші екенімді мойындаймын. Күнәні Сенен басқа ешкім кешіре алмайды. Менің барлық күнәмді кешіре гөр», — деп тілеуің», — деді.
Бір ауылда дұғасы екі етілмей қабыл болатын бір адам бар екен. Дұғалары қабыл болмайтын бір топ адам әлгі адамның алдынан шығып, мұның сыры мен жай-жапсарын сұрайды.
Дұғасы қабыл болатын адам бір топ адамнан: «Дәл қазір сендер танымайтын бір адам келіп қарызға ақша сұраса берер ме едіңдер?» - деп сұрайды.
Олар бірауыздан:
–  Танымайтын адамға қалай қарыз береміз, - дейді.
– Жарайды, егер мен сұрасам берер ме едіңдер? - деп тағы сұрақтың астына алады. Сен сұрасаң, әрине, береміз, - дейді. Олардан не үшін беретіндіктерінің себебін сұрағанда, былай жауап қайырады:
– Біз сені жақсы танимыз. Сен сөзінде тұрасың, өтірік айтпайсың, шыншылсың. Сен әрдайым жақсылық істейсің, - дейді. Сонда әлгі адам:
Міне, Алла тағала да дәл солай. Өзін жақсы танитын, өзіне берік сенетін, әрдайым Оны еске алатын, құлдық міндетін қолынан келгенше дұрыс атқаратын адамдардың дұғасын қабыл етеді, - деген екен.
Үндiстан ғалымдарының бiрi Мұхаммед бин Ахмед Заһид «Тарғибус салат» атты кiтабының 54 бөлiмiнде былай деген: «хадис шәрифте: «Дұғаның қабыл болуы үшiн екi нәрсе қажет. Бiрiншiсi, шын ықыласпен дұға ету керек. Екiншiсі, жеп-iшкенi және киген киiмi халал болуы керек. Мүміннің бөлмесiнде харам жолмен табылған бір жіп болса бұл бөлмеде сұралған дұға қабыл болмайды» - делiнген. Ықылас  – Алла тағаладан басқа еш нәрсенi ойламай, жалғыз Алла тағаладан ғана тiлеу. Сондықтан да әһли сүннет ғалымдары білдіргеніндей иман келтіру, Ислам шарттарына мойынсыну, бiреудiң ақысын жемеу және бес уақыт намаз оқу керек.
-Бір күні Ибраһим бин Адһам Басра көшелерінде, келе жатыр еді, адамдар оның жан-жағына жиналып былай айтты:
-Әй, Әбу Исхақ, Ұлы Алла Құранда Мүмин сүресінің 60-шы аятында «маған дұға етіңіз, дұғаңызды қабыл етейін» деп бұйырды. Біз жылдар бойы дұға етеміз, алайда дұғамыз қабыл болмай жатыр. Сол кезде Ибраһим Адһам былай деді: -Әй Басра халқы, он нәрседен жүректерін өлген, бұл жағдайда дұғаларыңыз қалай қабыл болады? 
1) Ұлы Алланы білесіздер, ол үшін істелуі хақ болған нәрселерді істемейсіздер.
2) Құран Кәрімді оқисыздар, бірақ оның әмірлеріне қарап әрекет етпейсіздер.
3) Расулуллаһты (с.ғ.с.) жақсы көргендеріңізді айтасыздар, бірақ оның сүннеттеріне амал етпейсіздер.
4) Шайтанның дұшпан болғанын білесіздер де айтасыздар, сүйте тұра оған бас иіп, соның ыңғайын жасайсыздар.
5) Жәннатқа кірем деп айтасыздар, бірақ оның әрекетін жасамайсыздар.
6) Тозақ отынан құтылғаныңызды айтасыз, бірақ бір жағынан өзіңізді оған тастайсыз.
7) Өлім хақ деп айтасыздар да, ол үшін ешқандай бір дайындық жасамайсыз.
8) Дін бауырларыңыздың айыптарын айтасыздар, бірақ өз айыптарыңызды көрмейсіздер.
9) Раббыңыз берген нығметтерін жейсіздер, бірақ оған шүкіршілік етпейсіздер.
10) Өлгендеріңізді қолдарыңызбен көмесіздер, бірақ одан ешбір ғибрат алмайсыздар- деген екен.

Ассалямуалейкум уа рахматуллахи уа баракатуху!!! зинақорлық және зинақорлардың жазасы жайлы айтсаңыздар!! Осы Имамға сұрақ бөлімінің қойылған сұрақтары мен берілген жауаптарын кітап қылып шығарсаңыздар нұр үстіне, нұр болар еді!!! Алла разы болсын сіздерге!!!

 

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Торғын, некесіз жыныстық қатынастың барлық түрі зина болып есептеледі. Ол Ислам дінінде үлкен күнә. Яғни Ислам діні мұндай іс-әрекетке қатаң түрде тыйым салады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 32 аятында былай дейді: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол».
Зина жасаған қауымға Алланың мейірімі түспейді және ондай қауымның басына әртүрлі бәлекеттерді жібереді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бір хадисінде: «Зинақорлықтың алты түрлі жазасы бар. Оның үшеуі осы дүние де, үшеуі ахырет күнінде болады. Осы дүниедегі үш жазасы; Ол адамның бетінен нұры кетеді, кедей болады, өмірі қысқа болады. Ал, ахиреттегі үш сипаты: Алланың қаһарына ұшырайды, ахиретте есебі қиын болады, сондай-ақ, мәңгі отта қалады.-деп айтты».(ӘбуЛәйс Самарқанди,Қуррату-л-Ғуюн 21бет). Зинақорлықтың қауіптілік денгейі осынай қорқынышты зинақор адам айықпас дертке ұшырауы да ғажап емес. Соның ішінде ғасыр індеті болған ЖҚДБ-тің (СПИД)  жұқтырып алуы мүмкін.
Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте: «Зинақор зина жасағанда иманы кетеді. Ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманы кетеді, арақ ішуші арақ ішіп жатқанда иманы кетеді». (Бұхари,Муслім,Әбу Дәуіт,Термези,Нәсәилер риуаят еткен)
Міне, зинақорлықтың дүние-ақыреттік зияндарының бір парасы осындай.

Ассаламу алеикум ағалар! Сұрайын дегенім, дәрінің құрамында 1-2% дай спирт болса, ол дәрі харамға жатады ма?

Уа ғалейкумуссалам! Нұрлан, Ислам наусқастанған адамды ем іздеуге шақырады.  Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір бәдәуи: «Уа Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол (с.а.у.):  Әрине. Ей Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар»(Тирмизи – 4/383), – деп емделу керектігін айтқан.  Бірақ бұл кез келген дәрі-дәрмекті ішуге болады деген сөз емес. Ішетін дәрінің құрамында харам деп танылған заттардың болмауы шариғаттың басты талабы.  Өйткені, Пайғамбарымыз  харам нәрселермен емделуден тыйған(Әбу Дауд – 4/217 бет.; Бухари).  Осыны назарға ала отырып, Ислам Фиқһ Одағы 2002 жылы, қантардың 5-10 аралығында Мекке қаласында өткен кезекті отырысында, бұл мәселе жайлы мынадай қаулы шығарды: «..спиртсіз өзге дәрі-дәрмек табылмай жатса ғана, сенімді дәрігердің нұсқауына сүйене отырып, құрамында тым аз мөлшерде спирті бар дәрілерді ішуге болады. Ал, спиртті түрлі микробтарды өлтіруге,  жарақаттарды бетін сүртуге, жалпы сыртқы қолданысқа пайдалануға рұқсат. Денеге жағатын түрлі иісмайлар (крем) осыған жатады. Әйтсе де, мұсылман елдеріндегі фармацевтикалық орталықтарды спиртсіз дәрілер даярлауға және дәрігерлерді науқастарға құрамында «спирті жоқ» дәрілер  жазуға шақырамыз..»(Доктор Ахмәд Сәлүс, Маусуғатуль Қадоял фиқһиятиль мұғасыра, 719-720 бет. Қатар).
Кей ғалымдар:«Таблетка түріндегі дәрілерді жасау кезінде оларды жоғарғы температурадағы ыстықтан өткізеді. Оның құрамындағы спирт буға айналып, өзіндік табиғатын жоғалтады. Сондықтан, құрамындағы спирт шариғатқа теріс емес. Ал, шикізаты спиртте тұндырылған сұйық дәрілердегі (настойка) спирт көбіне өзгермей өз қалпында қала беретіндіктен, мүмкіндік болса өзге дәріні іздеп көру керек. Спиртсіз дәрі табылмаған жағдайда, онда амал жоқ бұған рұқсат»(Сағдуд Дин Әл Кубби, Әл-Муғамалатуль Малитуль Муғасыра, 388-394 бет, Бәйрут), - деп спирт қосылған дәрілердің өзін де екіге бөліп қарастыруға болатындығын алға тартады.
Ендеше, алдымен білікті дәрігермен кеңесе отырып сырқатыңызға құрамында спирті жоқ дәріні қарастырғаныңыз жөн. Ондай дәрі табылмаған жағдайда ғана сұрағыңызда көрсеткен дәріні іше беруіңізге болады.  

 

Ассаламу ғалейкум! Неке алтын сақинасының орнына күмістен жасалған қылыш суреті бар сақина тақса болады ма?

 

Уа ғалейкумуссалам! Дастан,

Кейбір деректерде «неке жүзігін тағу» дәстүрі сонау ертеректе (Исламнан бұрын) Мысыр елінен шыққан делінсе, кейбір жазушылар оның түп тамыры Көне Грек жерінде жатыр деседі. Бұл қазіргі таңда біздің елімізде де әдетке айналған неке рәсімі болып табылады. Қоғамымызда неке жүзігін тағу үйленгендіктің белгісі саналады.
Неке жүзігін тағу шариғатта жоқ екені рас. Осыған байланысты «неке жүзігін тағу күнә емес пе?» деген сұрақтың тууы заңды. Бұл мәселге екі қырынан қараған дұрыс: 
Біріншісі: некесін қиып жатқан мұсылман екі жас батыс еліне еліктеп, солардың дәстүрі ғой деп ұнатып, соларға ұқсау үшін неке жүзігін тағатын болса, олардың бұл рәсімдері хадисте айтылғандай мұсылман еместерге ұқсау болып есептеледі. Бұл – күнә. Әбу Дәуідте келген «кім бір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан саналады(Әбу Дәуід)» деген хадистің де айтпағы осы.
Екіншісі: жоғарыда айтылғандай, қазіргі таңда неке жүзігі қоғамымызда екі жастың үйленіп, үй болғандығының, бұл жұптардың басы бос емес екендігінің белгісі ретінде әдетке айналған. Сол себепті, үйленгелі жатқан мұсылмандар бұл әрекеттерін тек қоғамымызда қалыптасқан дағды бойынша тағып, ниеттері «неке жүзігі – үйленгеннің нышаны» деген түсінікке саятын болса, батысқа еліктеу деген ойларына кіріп те шықпайтын болса, неке жүзігін тағудың (ер кісілерге күміс неке жүзігін тағу шартымен) еш әбестігі жоқ. Өйткені, Ханафи мәзхабының ғұламасы Ибн Нүжәйм (х.926/970. м.1520/1563 ж.) деген есіммен әйгілі Зинуддин ибн Ибрахим Ибн Нужәим әл-Ханафи былай дейді:  «Бір әрекетімізді өзге діндегілерге ұқсап кетеді деуіміз үшін  екі шарты бар» дейді: 1. Аталмыш әрекеттің өзі шариғатта тыйым салынған болуы керек (мысалы, темекі шегу, арақ ішу, бөтен қыз бен еркектің билеуі т.б.); 2. Шариғатқа теріс келмегенімен ол әрекетті өзге діндегілерге ұқсау мақсатында жасаған болуы.
Ендеше, отбасы құрғысы келген мұсылман кісілер мына талаптарды ескеретін болса, «неке жүзігін» тағуға рұқсат: Біріншісі – неке жүзігін тағарда ер кісі алтын емес, күміс жүзік таңдауы ләзім. Әйелге алтын жүзік болады. Екінші талап – неке жүзігін тағарда батыстағыларға еліктеу ниеті болмауы тиіс. Міне, осы екі талапты ескеретін болсақ, неке жүзігін тағудың шариғатқа еш терістігі жоқ.

Сәлеметсіздер ме, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Кезінде бір күнә істеп қойып едім, тәубе етіп жасырмақшы болғанмын, бірақ елдің бәрі оны біліп қойып өмірімнің бәрі берекесіз болып кетті, уақыт зымырап, істегенім, білімім бірі зая болды. Жұмыста ешқандай қадір-қасиетім қалмады, ата-анаммен сөйлеспеймін, олар мені ұмытып кетті, қарауымда сіңлім бар, оны қалай асыраймын. Енді бәледен құтылу үшін қандай дұға оқуға болады және ол қабыл бола ма? Тек сіздерге ғана хабарласып отырмын, басқа ешкім маған қарамайды. Жаратушымыз сіздерге разы болсын, екі дүние бақытын тілеймін, рахмет!

 

Көп истиғфар ету керек. Бір хадис шәрифте: «Истиғфарды жалғастырған, көп оқыған адамды Аллаһу та’ала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны еш ойламаған жерден ризықтандырады» делінген(Нәсаи).
Көптеген аяттарда: «Менi көп зiкiр етiңдер» және «Иза жәа» сүресiнде «Маған истиғфар етiңдер. Дұғаларыңды қабыл етемiн, күнәләріңді кешiремiн»- делiнген. Аллаһу та’алаға көп истиғфар етудi әмiр еткендiгi осыдан көрiнiп тұр. Сондықтан Мухаммед Масум хазірет екiншi том, сексенiншi хатында: «Бұл әмірге ұйып, әр намаздан соң 3 рет истиғфар дұғасын оқимын және 67 рет «Әстағфируллаһ» айтамын. Истиғфар дұғасы мынадай: Әстағфируллаһәл азыйм әлләзи ла илаһа илла хууәл һайял қайюма уа әтубу иләйһ
Сiзде осыны оқыңыз! Әрбiр айтқанда «Менi кешiре гөр Аллаһым» деп мағынасын ойлап айту керек. Оқығандарды және жанындағыларды дерттерiнен, қиыншылықтарынан құтқарады. Көптеген кiсi оқып пайдасын көп көрдi. Ұйықтарда «Иа Алла, иа Алла» және 3-рет «Әстағфируллаһ мин кулли мә керихаллаһ» - деп айтып, ұйықтағанға дейiн қайталау керек.

Қәзір жауап берсеңіз,Әссәләмуалайкум! Жекеге жауап берсеңіз, бүгін таңғысын ұйқыдан тұрып сағатыма қарасам 3,15 содан 10 минуттай өтпей сағатыма қайта қарасам 3,53 болған екен мен бұл уақытта мен нәпіл оразасына ауыз бекіту үшін тамақ ішіп отыр едім сағатты байқамай қалғанмын айталық ауыз бекіту уақыты 3,30 десек мен байқаусызда ішіп жедім ғой ауыз бекіте алам ба себебі мен білмей ішіп жедім ғой ережепте 10 күн ораза ұстайым деп ниет етіп едім енді 9 күн болып қалды бүгін сұрағыма жауап бере алсаңыз тамақ ішкен жоқпын ертең алдымызда парыз оразасында осындай болса не істейміз? 

Уа ғалейкумуссалам! Анар, дер кезінде жауап жолданбай қалғандығы үшін кешірім сұраймыз! Сәрелік уақыты шығып кеткен кезде, шықпады деп ойлап ішіп-жеген адамның оразасы бұзылған болады.Осы сияқты күн батты, уақыт кірді деп ойлап ішіп-жеген адамның оразасы бұзылған болады, бірақ каффарат қажет емес, қаза етіп өтеу қажет болады.
Ал, ұмытып ішіп-жеудің үкімі басқа. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізгенде - Алла» (Муслим, Сиям, 171). Ұмытқан адам ораза екені есіне түскен кезде дереу ішіп-жеуін тоқтатып, аузындағысын тастап, оразасын жалғастыру керек.

Намазды үйреніп оқығым келеді, бірақ мен қойып қоя беремін, қатты әлім құриды немесе ауырамын мен қайтсемде намаз оқығым келеді өзіме тағы қандай сүре оқуым керек не істеймін?

Құрметті Гүлзинеп! Бұл жалған дүние болған соң сыналмайтын пенде жоқ. Алла Тағала әркімді әрқалай сынайды. Біреуді бай не кедей, патша немесе құл қылып жаратады. Оларға өтеуге тиіс болған бүкіл әмірлерді бұйырып, тыйым салынған нәрселерден тию арқылы сынайды. Кейін ақыретте есеп беру алаңына жиналғанда ешқандай сылтау таба алмай қиналады. Патша болған едім құлшылық қылуға қолым тимеді десе, Алла Тағала Сүлеймен де патша болды, бірақ құлшылығын тастамады. Кедей едім десе, Иса да кедей еді, бірақ кедейлігі ғибадатына кедергі бермеді. Аурумын десе, Аюып та науқас болды, бірақ Алланы еске алуды ұмытпады. Құл болдым десе, Юсуф та құл болды, бірақ құлдығы өзінің құлшылыққа арналған пенде екеніне кедергі болмады дейді.

Сондықтан бұл сынақ өмірдің қиыншылығына сабыр етіп Алланың бұйырған әмірлерін өз уақытында өтеуге тырысу қажет. Өйткені ертеңгі күніміз не болары бір Аллаға аян. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Намазды толық орындаңдар. Өйткені, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз етілді» (Ниса сүресі, 103-аят).
Сізге айтар кеңесіміз намазды бастай беріңіз. Қолдан келгенше намазды өз уақытында орындауға тырысыңыз. Өйткені, кім Алла Тағаладан шынайы қорықса Алла пендесіне құтылар жол тауып берері хақ.

Ассаламу алейкум. Менин курбым катты ауырып актобе каласына бир атага барып каралмакшы болган еди ол киси курбымды коре салысымен даригерге бар маган кеш келдин деп айтыпты.ол кандай киси деп сураганымда ол елши деди.мен курбымнын минез кулкынын озгергенин байкадым алги кисилер калай емдейди дегенге коп адамдар келеди бир уйде жиналады сойтип барине окид.курбым сол кисинин суретин касына алып жур.даригерден сон тагы барам дейди. Мен тергеп сураганымда оган тил тиггизбеумди! отини ойткени бир киси тил тигизды оган жаман болды диды. АЛЛАГА сен сосын маган деп айтады Мен ушин бул уайымдататын нарсе .елши деген не жане сол каладагы елши жайлы естулериниз барма курбыма калай асер етсем болады Алла разы болсын

 

Уа ғалейкумуссалам! Шолпан, қазіргі уақытта өзін елшімін (пайғамбармын) деп ел ішін дүрліктіріп жүрген жалған елшілер төбе көрсетуде. Діни тақырыптан хабары аз қарапайым халық олардың жетегіне еріп, алдауына сеніп жатқанына да куәміз. Ал мұндай алаяқтардың басты мақсаты ел ішіне іріткі салып, аңқау халықты алдап, пайдаға кенелу екенін көп адам түсіне бермейді. Осы мақсатта, ұлтымыздың бірлігі мен халқымыздың амандығы, ұрпағымыздың болашағы үшін жалған елшілер мен нағыз елші, яғни, пайғамбар жайында ақпарат бере кетуді жөн көрдік.

Ислам тарихына көз жіберсек, мұндай сорақылық біздің заманымыздан бұрын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) уақытында да болғанын тарихтан білеміз. Жалпы пайғамбарлық адам баласына Алла Тағала тарапынан берілетін үлкен міндет. Пайғамбарлық оқумен, көп білумен жететін дәреже емес, бұл Алла Тағаланың өз әмірлерін жер бетіндегі құлдарына жеткізу үшін адамдардың арасынан таңдап алған сүйікті құлдары. Біз Алла Тағала тарапынан келген барлық пайғамбарларға иман келтіреміз және ең соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) екенін білеміз, одан кейін пайғамбар келмейтіндігі ақиқат. Өздерін пайғамбармыз деп жүрген адамдардың бұл әрекеті жалған. Алла Елшісі  Мұхаммед (с.ғ.с) көз тірісінде Мусәйләматул Кәззаб, Сәжах Харис ибн Сууәйд (әйел), Әсуад ибн Зәйд және Туләйха ибн Хууәйлид әл-Әсәди деген төрт жалған пайғамбар шығып, Құран мәтіндеріне ұқсас жазбаларды оқып, қарамағына бірнеше ел жинаған еді. Бірақ олардың бәрі де қатаң жазаланған! Ал бүгінгі жайбарақат заманда өзін «пайғамбар» санағандардың діттегені не болды екен? Атақ па, абырой ма, мүмкін көкейлерін тескен ақша шығар. Әлде ақырзаман жақындап қалды ма екен?

 Мұхаммед (с.ғ.с) Алла Тағаладан келген соңғы пайғамбар екендігін Құран Кәрімде былай баяндалады:«Мұхаммед сендерден ешбір еркектің әкесі емес, бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші»(«Ахзаб» сүресі, 40-аят). Осы аяттан байқағанымыздай, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Алла Тағаланың елшісі және соңғы пайғамбары екендігін білеміз.

Және Мусайляма Кәззаб өзінің жалған пайғамбар екендігін жариялап Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) елшілерін жіберген оқиға Сәләма ибн Нуғайым ибн Мәсғұд Әшжәғи, Нуғайым әкесінен (р.а) риуаят еткен хадисте: «Мен Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Аллаға ант етемін, егер де «Елшілерді өлтіруге болмайды» деген қағида болмаса, бастарыңды шауып тастайтын едім», – дегенін естідім, сосын Пайғамбарымыз осы келген елшілерден (Мусәйләма Кәззаб жіберген): Алланың Елшісі Мұхаммедтен (с.ғ.с) өтірікші болған Мусәйләмаға: «Тура жолмен жүргендерге Алланың сәлемі болсын, расында бүкіл жер Алланікі, оны өзінің қалаған құлдарына ғана мирас қылады. Ақырет (ақыреттің нығметтері) тек тақуалар үшін», – деп жауап хат жазды да, сөзін былай деп жалғастырды: «Отыз өтірікші шықпағанша қиямет қайым болмайды және олардың барлығы өз-өздерін Пайғамбар деп ойлайды», - деді(Ибн Аби Ғасим, Ахад уа масани).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің тағы бір хадисінде былай деп баяндайды:Ибн Аббастан (р.а) жеткен риуаятта:Мусайляма Кәззаб Мәдина қаласына өз қауымынан болған бір топ жақтастарымен Мұхаммедтің (с.ғ.с) алдына келіп: «Егер басшылықты өзіңнен кейін маған қалдыратын болсаң, сенің артыңнан ерушілерден боламын», - деп сөз бастады. Сол сәтте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасында Сәбит ибн Қайс ибн Шәмс және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мүбарак қолында құрма ағашының бір тал бұтағы бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мусәйләма Кәззабқа:  «Сен менен осы бұтақты сұрасаң да оны саған ешқашан бермеймін! Алла Тағала сен жайында берген әмірге ешқашан қарсы келе алмайсың. Егер де сен итағат етпесең, Алла Тағала міндетті түрде сені жоқ қылады  және мен сені маған көрсетілген сияқты көріп тұрмын», - деді. Мен Ибн Аббастан Пайғамбарымыздың: «Мен сені маған көрсетілген сияқты көріп тұрмын» деген сөзді не мақсатта айтқан? – деп сұрадым. Әбу Хурайра (р.а) маған былай деп жауап берді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с)былай айтқан еді: «Бір күні түсімде, қолымда екі алтын білезік көрдім және түсімде көрген екі нәрсе жайында қам жедім. Алла Тағала: «Оларға үрле!» - деп уахи етті, мен үрлегенде олар ұшып кетті. Мен оларды, менен кейін шығатын екі өтірікші деп түсіндім», - дейді. Убайдулла: «Осы екеуінен біреуі Санға жерінің иесі аль-Анаси, екіншісі Ямама жерінің иесі Мусәйләма», - деген(Бұхари, Мүсілім).

Алла Тағала Пайғамбарымызға ерекше сипаттар берген. Бұл сипаттар тек қана оның бойында болатын қасиеттер:

  1. Сыддық: Пайғамбарлар шыншыл. Олар ешқашан жалған сөйлемейді.
  2. Аманат: Олар сенімді. Аманатқа қиянат жасамайды. Кез-келген мәселеде оларға сенуге болады.
  3. Тәблиғ: Хақ Тағаланың әмірлері мен тыйымдарын еш нұқсансыз және ешкіммен қорықпай жариялайды.
  4. Фәтәнәт: Асқан ақыл иелері.
  5. Исмәд: Күнәсіз, күнә істеуден Алланың құдіретімен сақталған.

Имам Табари: «Пайғамбарлардың соңы»(«Ахзәб» сүресі, 40-аят) – деген аяттың мағынасын: «Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың келуімен пайғамбарлықтың есігі жабылды, бұдан былай қияметке дейін пайғамбар келмейді», - деп түсіндірген. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Менен бұрын келген пайғамбарлардың мысалы әдемілеп, сәндеп үй соққан кісі секілді, бірақ үйдің бұрышынан бір кірпіштің орнын бос қалдырған екен. Көпшілік бұл үйді айналып, әдемілігін көріп, таңырқайды, бірақ: «Мына кірпіштің орны неге бос тұр» деп таңданады. Міне, мына мен сол кірпішпін, мен соңғы елшімін», - деген. Басқа сөзінде: «Мен соңғымын, менен кейін пайғамбар келмейді»,(Бұхари)- деген.

Бұл дәлелдермен қатар мынадай тұжырымдар да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) соңғы елші екендігін көрсетеді:

1. Алдыңғы пайғамбарлардың барлығы дінді тарату міндеттерін толық орындау үшін шектеулі бір қауымға, белгілі бір уақытқа ғана келген. Ал Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың дінді тарату міндеті барлық адамдарға және белгілі бір мекенмен, қауыммен  шектелмей, ақиретке дейін жалғасатын барша адамзатқа елші болып келген. Міне, сондықтан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) діні ақиретке дейін жалғасатындықтан, басқа пайғамбардың келуіне қажеттілік жоқ.

2. Алдыңғы пайғамбарларға түскен киелі кітаптар (Тәурат, Інжіл) бұрмаланып, өзгертіліп, дұрысы мен бұрысын ажырату қиын жағдайға жетті.

Ал,  Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түскен Құран Кәрім Алланың қалауымен бір әрпі де өзгертілмей, көктен түскен күйінде сақталды. Құран мұсылмандардың көкірегінде жатталуы арқылы сақталды, тіпті араб тілін білмейтіндер де Құранды жатқа білді  әрі түрлі жазу құралдары арқылы да сақталды. Сондай-ақ, Аллаһ Тағала: «Шындығында, Құранды біз түсірдік әрі оны міндетті түрде біз сақтаймыз»,(«Хижр» сүресі, 9-аят) деп уәде берген, сондықтан басқа пайғамбардың жаңа дінмен келуі қажет емес.

3. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әкелген шариғаты қияметке дейін жарамды, ешбір кемшіліксіз, әр заманға сай қоғамның бүкіл қажеттіліктерін өтей алатын қабілетке ие. Ал алдыңғы пайғамбарлардың шариғаттары тек өздері өмір сүрген заманға ғана тәуелді.

4. Бұрынғы пайғамбарлардың үмметі күн өте келе азайып, тіпті өз пайғамбарларының өсиеттері мен көрсетіп кеткен үлгілерін ұмыта бастаған, ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмметінің күн өткен сайын саны артуда және айтып кеткен хадистері мен істеген ізгі іс-әрекеттерін үлгі тұтып, еш ұмытпастан ұрпақтан ұрпаққа беріп келеді.

Осындай ерекшелікке ие Расулулла (с.ғ.с) адамзат баласының соңғы елшісі болып табылады. Олай болса, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздан кейін Алладан Елші  келмейді де. Өйткені бұл – Алла Тағаланың уәдесі.

Алла Елшісі екінші хатын Дихиәтул-Кәлби арқылы Ираклийге жіберді. Ираклий – Рим императоры. Оған жолданған хатта мыналар жазылған-ды:

«Алланың Елшісі – Мұхаммедтен Рим патшасы Ираклиге! Алланың сәлемі тура жолға түскендерге болсын! Мен сені Исламға шақырамын. Мұсылман бол да, саламат тап. Сонда Алла саған сауабыңды екі есе береді. Егер теріс қарасаң, онда барлық ақиқатты жоққа шығарғандардың обалы сенің мойныңда.

Ей, Кітап иелері, келіңдер, арамыздағы ортақ сөзде бірігейік. Алладан басқасына құлдық етпейік, Оған ешқандай да ортақ қоспайық және Алланы қойып, бір-бірімізді құдай орнына қоймайық. Егер олар сонда да жүздерін бұрса, онда: «Біздің мұсылман болғанымызға куә бол!» – деңдер».

Бұл сөздер Ираклийге айрықша әсер етеді. Сол күні жақын жерде Әбу Суфиян жүрген болатын. Император мен Әбу Суфиян арасындағы әңгіме былайша өрбиді. Ираклий:

– Бұл адамның нәсілі қандай?
– Текті, ақсүйек нәсілге ие.
– Бұрынғы ата-бабаларынан осындай пікірде болғандар бар ма еді?
– Жоқ, болған емес.
– Ата-бабалары арасында патша болғандар бар ма?
– Жоқ, болған емес.
– Оған ілескендер әлсіздер ме, әлде бай-бақуаттылар ма?
– Көбісі әлсіз жандар.
– Жамағаты азаюда ма, әлде көбеюде ме?
– Күн өткен сайын көбеюде.
– Жалған сөйлеген жері болды ма?
– Жоқ, оның ешқашан жалған сөйлегенін көрмедік.
– Опасыздық жасаған жері болды ма?
– Бұдан кейінгісін қайдам. Бүгінге дейін жасаған жоқ.

Міне, Әбу Суфиян ол кезде әлі мұсылмандықты қабылдамаған әрі Алла Елшісінің адуынды дұшпаны болатын. Осы әңгімелесудің соңғы сөзінде ғана көңілге аздап күмән ұялатар сөз айтты.

Ираклий Әбу Суфиянның берген жауабын қайталап, осы айтылғандардың бәрі Алла Елшісінің пайғамбарлығына дәлел екенін айтады. Содан өзінің епископын шақырып алып, одан да осы жайды сұрайды. Сонда екеуінің пікірі бір жерден шығады. Император иманын жариялап: «Көп ұзамай, мына менің аяғым басқан жерлердің барлығы түгелдей соныкі болады», – дейді. Көп кешікпей айтқаны айдай келді.

Бірақ поптардың келіспеуінен қорыққан Ираклий сөзін өзгертіп: «Мен сендердің қаншалықты діндеріңе берік екендеріңді білейін деп, әдейі сендерді сынадым», – дейді. Епископқа келсек, иман келтіріп, Алла Елшісіне алыстан серт береді. Міне, Пайғамбарымыздың  дұшпаны болған Әбу Суфиян оған осындай баға беруде ақиқат деген осы. Ақиқат ол дұшпанының да  мойындауы деген.

 Отызға жуық жалған пайғамбарлардың шығуы, әрқайсысы өзін Алланың елшісімін деп сендіруі қияметтің белгілерінен екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінен байқаймыз. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Отызға жуық дажжалдар мен алаяқтар жіберілмейінше және олардың барлығы өздерін «Алланың елшісіміз» демейінше, қиямет болмайды», – деген. Сәубаннан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Менің үмметімдегі адамдар мүшріктерге (көп құдайшылдарға) қосылмайынша және үмметімнің бір бөлігі пұттарға табынбайынша, үмметімнен өзін пайғамбармын деп атайтын отыз өтірікші шықпайынша, Қиямет Күн болмайды. Расында, мен ең соңғы пайғамбармын, менен кейін ешқандай пайғамбар болмайды»(Бухари; Мүсілім; Ахмад 5/278; Әбу Дәуд 4252).

Адамзаттың ардақтысы, екі дүниенің Сұлтаны – Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Мұстафаның бойындағы асыл қасиеттер өздерін пайғамбармыз деп санап жүрген жалған пайғамбарлардың бойынан бірі де табылмақ емес. Мұхаммедтің (с.ғ.с) бойындағы сипаттар:

1. Көп сөйлемейтін.
2. Жаман сөз айтпайтын.
3. Өзгелермен ерегіспейтін.
4. Сөзі мен ісі сай келетін.
5. Әрқашан ойланып жүретін.
6. Берген уәдесіне берік болатын.
7. Салақтықты жаны қаламайтын.
8. Ешкімнің кемшілігін іздемейтін.
9. Сыпайы және кішіпейіл болатын.
10. Туған-туыстарын құрмет тұтатын.
11. Адал болған азықты алып жейтін.
12. Ретсіз не болса, соны сөйлемейтін.
13. Әрдайым байсалдылық танытатын.
14. Дүние істеріне бола ашуланбайтын.
15. Көрші ақысына қатты көңіл бөлетін.
16. Жүрегі өте жұмсақ, сезімтал болатын.
17. Күмәнді нәрселерден өте сақ болатын.
18. Баршаның қайғы-қамына ортақтасатын.
19. Пайдасыз нәрселермен еш айналыспайтын.
20. Көңілі ұнатпаған мәселеде үнсіз қалатын.
21. Кімге болса да бірінші болып сәлем беретін.
22. Кешірімділігі соншалықты – кек сақтамайтын.
23. Адамдардың әрдайым табысқа жетуін тілейтін.
24. Әркіммен ақылы мен түйсігіне қарай сөйлесетін.
25. Сөйлегенінен гөрі ой үстінде жүруі көп болатын.
26. Жеке басы үшін ашуланып, өзгеден өш алмайтын.
27. Айыбы мен кемшіліктері үшін ешкімді кекетпейтін.
28. Адамдардың қасынан ақырын және күлімдеп өтетін.
29. Сөйлеген кезде айналасындағыларды баурап алатын.
30. Өзгелер үшін жақсылық әкелмейтін сөзді айтпайтын.
31. Жүзінен әрдайым нұр төгіліп, жайдары болып жүретін.
32. Әдетте, жаман сөздерді аузына алмайтын.
33. Сөйлеген кезде кем сөйлеп немесе артық сөз айтпайтын.
34. Үй иесі рұқсат бермейінше, табалдырығынан аттамайтын.
35. Шындық пен адалдыққа келгенде, алдына жан салмайтын.
36. Киім кигенде мақтаншақтыққа жол бермей, орташа киінетін.
37. Ақиқатқа қайшы келетіндей сүйіспеншілікті қабыл етпейтін.
38. Шаш пен сақалдың үрпиіп, шатасып тұрғанын құптамайтын.
39. Ешкімнің бетіне келіп немесе артынан айыптап кінә артпайтын.
40. Сөйлесіп тұрған кезде жүзін басқа жаққа бұрып алып кетпейтін.
41. Жетімдердің басынан сипап, оларға қамқор болуды бұйыратын.
42. Кез-келген мәжіліске қатысқанда жеке дара бөлініп отырмайтын.
43. Киімнің әдемі киілуін әмір етіп, масқаралыққа түсуін ұнатпайтын.
44. Есігін қағып жәрдем сұрай келген кісінің бетін қағып қайтармайтын.
45. Балалардың бақытты болуын тілеп, оларды қарғауға тыйым салатын.
46. Ар-ұяттың күштілігінен қатты дауыспен күлмейтін, тек күлімдейтін.
47. Адамзаттың ардақтысы болса да, ел қатарлы қарапайым өмір сүретін.
48. Сөйлеген сөздері тізілген моншақтай тартымды, әрі берекетті болатын.
49. Кедейлердің жабырқау көңілдерін көтеріп, оларға мейірбандық танытатын.
50. Сауда-саттықта әдептілігі сондай – ел оны сенімді («әл-Әмин») деп сипаттайтын.
51. Адамдардың ең жомарты болса да, оның жомарттығы оразада тіптен арта түсетін.
52. Кедейлермен қатар отырып тамақтанатыны сондай – олардан ерекшеленіп тұрмайтын.
53. Ізін басқан достарына: «Бұл дүниеде бір бейшарадай, яғни жолаушы секілді бол!» – дейтін.
54. Күнә не, сауап не, әмір не, тыйым не екенін білмейтін адамдардың жағдайына қайғыратын.
55. Өзіне дұшпандық жасағандарды кешіріп қана қоймай, оларға құрмет пен мәрхамат танытатын.
56. Қиыншылыққа немесе әлдеқандай жағдайға түскен кезде әдепсіздікке салынып ашуланбайтын.
57. Қасында отырып ең соңынан сөйлеген кісілердің өзін бірінші кісіні тыңдағандай мұқиятпен тыңдайтын.
58. Адамзат баласының ең мәртебелісі болса да, достарына: «Мені Алланың құлы, әрі елшісі деп атаңыздар», - дейтін.
59. Әйел заты адамдық қасиеттен айрылып қорланған дәуірде: «Жәннат аналардың аяғының астында», - деп, оларға құрмет көрсетілуін айтып, дәрежелерін көтеретін.
60. Ол әрдайым таңертең үйінен шығарда: «Иә, Раббым! Тура жолдан адасудан және адастырылудан, алданудан және алдандырылудан, хақсыздық етуден және хақсыздыққа бас ұрудан, құрметсіздік етуден және құрметсіздік етілуден саған сыйынамын», - дейтін.

Өзін пайғамбармын деп жариялаушылар қазіргі уақыттың өзінде алысқа бармай-ақ өз елімізде де шығып жатқаны жасырын емес. Мысал келтіретін болсақ, Нұрәлі және Абзал атты азаматтар «Мен пайғамбармын» деп жар салуда, өзін пайғамбармын деп адасуда. Бұлардың жалған айтулары өздерін жалған пайғамбармын деп жариялауында. Алла Тағала баршамызды осындай адасушылықтан сақтасын. Өйткені, жоғарыда айтылған аят хадистерге сүйене отырып соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) екендігін күмәнсіз айта аламыз. Осындай келеңсіз оқиғалар ақырзаман белгілерінен болып есептеледі.

Құранда Алла Тағала: «Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тәмәмдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым»(«Мәида» сүресі, 3-аят). Қорыта айқанда, Ислам діні - ең соңғы дін, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ең ақырғы пайғамбар екендігін бұдан кейін пайғамбар келмейтіндігін, шариғаты қиямет күніне дейін жалғасатындығын баяндауда.

 

Ассаламу алейкум! Сұрақ Осы Тәуіп, балшы ягни дуга окып адамның бақ табыс т.б. жолдарын ашамын дегендерге және бір түкіру дұғамен емдейтин молдаларға сенуге болады ма? Менің өзімнің түсінігім бойынша оларға сенген аллаға күман және серік қосу деп ойлаймын бұл ойым дұрыс па? Егер дұрыс сұрақ қаймаған болсам, алдын ала кешірім сұраймын.

Уа ғалейкумуссалам! Ербол, көріпкел, балгер, құмалақшы, жұлдызшы және тәуіп. Бұлардың атаулары әртүрлі болғанымен тірлігі бір. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен айналысады. Адамның өткен шағы мен болашағы жайлы айтқысы келеді. Олар карта, кофе, тас немесе құмалақ пайдалануы мүмкін.

Көріпкелдер жайлы Құран Кәрімде: «Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәкарға түседі. Олар шайтандарға құлақ салады. Олардың көбі өтірікші(Шұғара сүресі, 221-223 аяттары)»,-деп айтылған.

Ғайып тек Аллаға аян. Шын мәнінде, ғайыпты тіпті таңдаулы пайғамбар да, ең ұлық періште де білмейді. Алла тағала: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер көместі білген болсам, әрине, жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ, маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді ескертуші және қуантушы ғанамын» де(Ағраф сүресі, 188-аят)»,–деп беймәлім өткеннің мен бұлыңғыр болашақтың ақиқаты айтылған.

Фиқһ ғалымдары пікірінше, көріпкелдікпен айналысу (ғайыпты білемін деп жариялау) және сол ісін кәсіп етіп тапқан табысы – харам. Бұл шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша. Сонымен бірге, «тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген.

Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді: Адамдар көріпкелдер жайлы сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар түкке тұрғысыз»,– деп жауап береді. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Олардың кейде айтқан сөзі рас боп шығады»,–дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол бір шындық сөзді жын естіп, серігінің (көріпкелдің) құлағына сыбырлайды, ал ол оған жүз жалған сөзді араластырып айтады(Бұхари 2210, Муслим 2228)»,–деген екен. 

 

Ал, молдаға дем салдыруға келсек, әркімде демді өзі де өзгеге де салдырса болады. Оған дәлел Бухари мен Муслимнің хадисінде кейбір сахабалардың бір ауыл башысына Фатихамен дем салғанда, Алла оған шипасын бергені жайлы келеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың істері мен сол ауыл басшысы оларға берген сый ақысын құптап, Алланың кітабымен емдеу - ақы алуға лайық екенін баяндады.

Сол сияқты тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) төсегіне жатарында Ықылас, Фәлах, Нас сүрелерін оқып, алақанына ақырын түкірді де, сол алақанымен бетін және қолы жеткен жеріне дейін денелерін сүрткені жайлы келген. (Бухари, Муслим.)

Міне осы хадистерден өзі дем салуға және өзгеге де дем салдыруға болатынын аңғарамыз. Сондықтан мұндай жағдайда діни сауаты бар білімді имамдарға барып дем салдырыңыздар.