Ассаламу алейкум ! Сұрақ Әр адамның жанында ең аз дегенде бір кәпір жын, бір шайтан болады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Әр мұсылманға жүз алпыс періште уәкіл. Егер адам бір сәтке болса да жалғыз қалдырылғанда, шайтандар оған шабуылдайтын еді.» (Табарани) Дейді сонда Адам мысалы азаңғы және кешкі дұғаларды оқып жүрсе Немесе намаз оқитын адам болса Ол адамдарға ешқашан алдына жындар шайтандар жола алмайдыма Тіпті азғырушы шайтандарда жолай алмайдыма Және үйге кірерде бір адам Бисмилләмен кірсе екіншісі ештене айтпай кірсе үйге шайтан кіреді дейді Сонда ол кірген шайтандар ол үйде құран оқылса қашадыма ?
Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Жеңіс, шайтанның түп атасы жын болып табылады. «Жын» – араб сөзі. Мағынасы: «жасырын, көмес болу, көзге көрінбеу» дегенді білдіреді. Жындар да мұсылман, кәпір болып екіге бөлінеді. Жынның кәпірін «шайтан» деп атай береміз. Адамның да шайтаны болатынын жоққа шығармаймыз. Ал «шайтан» деген сөз «Алланың рахыметінен ұзақтатылған мақұлық» деген ұғымды береді. Мұсылман жындарды бауырымыз дейміз. Мұхаммед (с.ғ.с) – жынның да пайғамбары еді.Алла Тағала Өз кітабы – Құран-Кәрімде айтады:
«Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (Зәрият: 56).
Жаратылу мақсатында жын мен адамның арасында айырмашылық жоқ. Алайда, жын мен адамның неден жаратылғандығы жөнінде айырмашылық бар. Алла Тағала айтады: «Расында, адамды бейнеленген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық. Жындарды (адамнан бұрын) түтінсіз оттан жаратқан едік» (Хижр: 26-27).
Бұл аяттардан жындардың адамзаттан бұрын жаратылғаны анық айтылып тұр. Алла Тағала айтады: «(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине, Мен жер бетінде бір орынбасар жаратамын» – деген еді. (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен, біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз» деді. Алла: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін» – деді» (Бақара: 30).
Жер деген планетада адам деген мақұлық жаратылса, онда оның бұзақылық істеп, қан төгетінін періштелер қайдан білді? Ғайыпты Алла Тағаладан басқа ешкім де білмейді емес пе? Мұның мәнісі мына жайтта жатқан секілді: Кейбір дерек көздерінен келген хабарларға қарағанда, осы жер планетасында адамзаттан көптеген дәуірлер бұрын жындар қауымы өмір сүрген көрінеді. Осы жындар қауымы бірте-бірте Алланың айтқандарынан бас тартып, жер бетінде күнә-күпірлікті, зұлымдықты қаптатып жібереді. Ақыры олар Алланың қаһарына ұшырайды. Құдіреті күшті Құдайдың пәрменімен жерге түскен періштелер жындардың тоз-тозын шығарып, қырып-жоя бастайды. Жындар жанұшыра қашып, алыс аралдарға, шың-құздарға тығылып бас сауғалайды. Әйтеуір, тасаланып, пана тауып жан сақтауға тырысады. Солардың ішінде бір жынның баласы бір үңгірде бой тасалап отыр екен. Оның Алла сөзін айтып отырғанын періштелер естиді. Қараса, өрімдей жас, өзі сүйкімді бала жын екен. Періштелер оны өлтіруге қимайды. Ақыры, оны Алланың рұқсатымен періштелер көкке көтеріп ұшады. Осы жынның баласы кейін Ібіліс атанады. Міне, осы кезден бастап Ібіліс періштелердің арасында тәрбиелене бастайды. Ол қабілеттілігімен көзге түседі. Ол тіпті Аллаға мадақ-мақтау айту жағынан нұрдан жаралған періштелерден озып кетіп, өзі де періште дәрежесіне көтеріледі. Тіпті, Ібіліс періштелерге жетпіс мың жыл дәріс берген екен деген де дерек бар. (Рас-өтірігін Алла біледі). Әйтеуір, осындай жетістіктер Ібілісті аса дандайсытып жіберген секілді. Кейбір деректерге қарағанда «Алланың менен жақсы көретін мақұлығы жоқ шығар» деген де астамшылыққа барған көрінеді. Сонымен, Ібілістің түбі – жын екеніне толық көзіміз жетті. Бұған Құраннан да дәлел бар. Алла Тағала Құран Кәрімде Кәһф сүресінің 18-аятында: «(Мұхаммед Ғ.С) сол уақытта періштелерге «Адамға сәжде қылыңдар» деген едік. Ібілістен басқа бүкіл періштелер сәжде қылған еді. Жыннан болған ол Раббының әмірінен бас тартты».
Енді Ағраф сүресінің 12-аятында айтылады: «(Алла Ібіліске): «Саған Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?» – деді. Ол: «Мен одан артықпын, мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың» деді».
Өстіп көңіліне астамшылық кіріп, тәкаппарлығы оянған Ібіліс Аса Құдіретті Алланың өзіне қарсылық білдірді. Сөйтіп, Алланың қаһарына ұшырады.
«Алла: «Онда сен бұл жерден құрып кет. Мұнда сенің менменсуіңе болмайды. Дереу шық, қор болушылардансың» деді» (Ағраф 13).
««Сен жәннаттан қуылдың» деді» (Хижр: 34).
««Шын мәнінде, сен рахметімнен ұзақтатылдың» деді. «Шынында қиямет күніне дейін қарғыс-лағнетім саған болады» деді» (Сад: 77-78).
«Ібіліс: «Ендеше маған қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер» деді. Алла: «Шынында, сен мұрсат берілгендерденсің» деді» (Ағраф: 14-15).
Алла Тағаланың кешірімшіл кеңшілігі арқасында Ібіліс шайтан лағынеті Қиямет күніне дейін мәулет алды. Бірақ, Алла Тағаланың рахметінен толық ұзақтатылды. Мәңгі тозақы екені мәлім етілді. Ібілістің жәннаттан үміті мүлдем үзілді. Негізі Ібіліс сөзінің өзі «Әбләсә», яғни, «жақсылықтан үміті жоқ» деген ұғымды білдіреді. Қазақ атамыздың: «Үмітсіз – шайтан» деген сөзі осы тұрғыдан айтылса керек. Сөйтіп, Ібілістің басы мәңгіріп, өзі қаңғырып қалды. Қатты қайғырып, шыңғырды. Негізінде ғалымдар Ібілісті төрт рет қатты шыңғырған екен деседі:
1) Аллаға қарсы шығып, қарғыс алғанда;
2) Жұмақтан қуылғанда;
3) Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) туылғанда;
4) Фатиха сүресі түскенде.
Сонымен, Алланың қаһарына ұшырап қайғырған, қапаланған, ызаланған Ібіліс адамдарға қатты кектесті. Енді өзінің Алладан қарғыс алып, рахымынан қуылуының себебі – Адамның кесірі деп білді. Сондықтан, (Ібіліс Аллаға): «Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті, әлбетте, мен де оларға қарсы Сенің жолыңда отырып аламын» – деді. Сонан соң, оларға алды-артынан, оң-солынан келемін де, олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың» – деді. Алла: «Қорланып, қуылған түрде ол жерден шық! Әрине, олардан кім саған ілессе, сендердің барлықтарыңмен тозақты толтырамын» – деді» (Ағраф: 17-18).
Міне, бұл аяттардан Ібіліс лағынетінің бақилық мақсат-мүддесі айқын көрінеді. Ондағы мақсат-мүддесі – адамдарды алдап-арбап азғырып, өзінің артынан ертіп, топырлатып тозаққа түсіру болып табылады. Өйткені, ол өзі тозақы болған соң, құрбандығын да қоса құлатпақшы, яғни жастығын ала кетпекші. Мұның бәрі Ібілістің күншілдік дерті әбден асқындауынан туындап отырған еді. Алланың махаббатпен және абзал, артық қылып жаратқан Адамды өлердей күндеп, өштесті.
«(Ібіліс): Менен аса ардақты қылған адамың осы екен ғой. Егер мені қиямет күніне шейін кешіктірсең, әлбетте адам ұрпақтарының өте азынан басқасын қырыма бір аламын» деді. Алла: «Кет! Енді олардан кім саған ерсе, сонда рас жазаларың жаһаннам болады. Тозақпен толық жазалаймын» деді» (Исра: 62-63).
Бұл аяттардан Ібіліс лағынетінің адамдардың ата жауына әбден айналғанын көреміз. Ол адамдардың ата жауы әрі аса қауіпті дұшпаны екеніне біз келтірген келесі аяттар дәлел болады: (Алла Ібіліске): «Олардан (адамдардан) шамаң келгенін даусыңмен әуліктір. Және оларға атты-жаяу келген түрде келіп, байбаламдап дүрліктір. Сондай-ақ, олардың малдарына, балаларына арамдық араластырып, ортақ бол. Оларға жалған уәде бер. Негізінде, шайтан оларға алдаудан басқа уәде бере алмайды» (Исра: 62).
«Әй, адам баласы!… Ол (Ібіліс) және оның сыбайластары сендер оларды көрмеген жерден көреді» (Ағраф: 27).
Сондай-ақ, шайтанның адамдардың көкейлеріне, көңілдеріне күдік салып, оларды сыбырлап азғыратыны, олардың бұзақы қылықтарын өздеріне сүйкімді етіп көрсетіп қоятыны Хаж сүресінің 52, Фуссиләт сүресінің 25, Нас сүресінің 3-4 аяттарында айтылады. Ал, шайтанның адамдардың қан тамырларында жүретіндігі жөніндегі дерек хадистерде келеді. Сонда, Ібілістің Алла Тағаладан адамдарды алдау-арбау үшін сұрап алған біршама артықшылықтары да бар көрінеді. Атап айтсақ, аса мейірімді, аса рақымды Алла Тағаладан Ібіліс:
1. Мен адамды көрейін, адам мені көрмесін;
2. Мен адамдардың қан тамырлары арқылы жүріп, көкейлеріне азғыру ойларын салатын болайын;
3. Мен оларға орындалмайтын жалған уәде беретін болайын;
4. Адамдардың нәпсісін (яғни, барлық қызық-шыжық, байлық- дәулет, атақ-абырой,жар сүю, бала-шаға, мансап, дәрежеге қатысты нәрселердің бәрін) мен қару ретінде пайдаланатын болайын – деген артықшылықтар сұрап алған секілді.
Міне, Ібілістің адамдар үшін аса қауіпті жауға айналып кеткенін енді айқынырақ көріп отырмыз. Алла Тағала әзәзіл Ібіліске мұншама үстемдік пен басымдылықты не үшін берді? Оған қарсы қоярлық адамдарда қандай қажыр-қайрат, қарым-қабілет бар? Алайда адамдарға лағінеті Ібілістің айла-амалдары артық болып көрінгенмен, Алла Тағала: «Негізінен, шайтанның әдісі нашар» деп айтады. (Ниса: 76).
Алла Тағала және айтады: «Шын мәнінде, иман келтіріп, Раббыларына тәуекел еткендерге шайтанның бір үстемдігі болмайды. Шынында, оның үстемдігі оны дос тұтып, Аллаға серік қатушыларға ғана жүреді» (Нахл: 99-100).
Ендеше, албасты әзәзілдің азғыру артықшылықтарына адамдардың қарсы қояр қаруы – Аллаға шынайы ықыласпен беріліп, Оған лайықты түрде тәуекел етіп, Оны лайықты түрде сүйіп, Одан лайықты түрде қорқып, Одан лайықты түрде үміт етуінде жатса керек. Яғни, шайтан шынайы иман иелерін ғана адастыра алмайды.
«Ібіліс: «Раббым, мені қаңғыртқандығың үшін әлбетте адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын» – деді. «Бірақ, олардың ішіндегі нағыз құлдарыңды адастыра алмаймын» (деді). (Алла): «Маған келетін тура жол осы, Менің шынайы құлдарыма ықпалың жүрмейді» (Хижр: 39-42).
(Алла Ібіліске): «Менің (сенімі берік) шынайы құлдарымды азғыра алмайсың. Раббың кепілдікке жетік» деді» (Исра: 65).
Құранда Аллаға ғана арқа сүйеген құлдарды шайтан да азғыра алмайтынын мойындайды: «Ол (Ібіліс): «(Раббым), үстемдігіңе серт, әлбетте, олардың (адамдардың) барлығын аздырамын. Бірақ, олардан ықыласты құлдарың ғана (аман) қалады» (Сад: 83). «… «Бірақ олардың ішіндегі нағыз құлдарыңды адастыра алмаймын» (деді)» (Хижр: 40).
Ал шайтан адамдардың қалай осал тұсын оп-оңай тауып ала қояды? Пенделерге әзәзілден сақтану қажеттілігін екі елі естен шығармай жүруге болмас па еді? Сөйтсек, адамдардың осал тұсының өзі осы екен.
Адамның бір аты – «инсан». Кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл сөз араб тілінен қазақшаға аударғанда «ұмытшақ» деген ұғымды береді екен. Адамның ұмытшақтығын «Әл-мисәқ» уәдесімен байланыстырып айтуға болады. Дүниені жаратпай тұрып Раббымыз біздің рухтарымызды жаратып қойса керек. Яғни, Алла Тағала келешекте дүниеге келетін адамдардың рухтарын кемерінен шығарып алып, олардан уәде алған екен. Алла Тағала айтады: «(Мұхаммед Ғ.С.), сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да, өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» дегенде, олар: «Бәлә, шәһиднә (әрине, куәміз)» деген. Қиямет күні «бұдан хабарымыз жоқ» демеңдер» (Ағраф: 172).
Алла Тағала адамдарды олар дүниеге келмей тұрғанда уәдесін алып, енді олар сол сертінде тұра ма, тұрмай ма деп сынап қойған екен. Сондықтан, «”Алланы жоқ екен” деп қалдық!» – деп ешкім сылтаурата алмайды. Өйткені, ол бұл дүниеге келмей тұрып, Алланы Раббым деп танып куәлігін айтып қойса керек. Сол уәде Адам рухының бір түкпірінде сақталып қалатын секілді. Оған дәлел ретінде есі кірмеген екі жасар баладан «Алла қайда?» – деп сұрасаңыз, аспанды көрсететінін айтуға болады. Екі жасар балада ешқандай ілім жоқ, бірақ Алланың қайда екенін біледі. Мұны «фитри иман» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады: «Әрбір нәресте табиғатынан мұсылман болып туады. Содан соң сол нәрестенің ата-анасы оны яһуди, христиан немесе мәжуси етіп тәрбиелеп шығарады (яғни, сәбидің тумысынан дарыған мұсылманшылық сипатын өзгертіп жібереді)» (әл-Бухари, Муслим).
Бұл жердегі біздің айтпағымыз – адамның өз Раббын еске алуды, Оның бұйрықтарын орындауды оның өмір сүрген ортасы ұмыттырып жіберуі әбден мүмкін екенін ескерту. Өйткені, адамдарға Алланы еске алуды ұмыттырып жіберудің де әзәзіл шайтанның әрекеті екенін есте тұтуымыз ләзім. Алла Тағала айтады: «Егер саған шайтан ұмыттырса, есіңе түскеннен кейін залымдар тобымен бірге отырма» (Әнғам: 68).
Ал біз түп атамыз – Адамға Алла Тағаланың алдын-ала айтқан ескертпелерін Ібілістің ұмыттырып жібергенін Құран-Кәрімнен білеміз. Сөйтіп, Адамның жұмақтан қуылып кетуіне Ібіліс себепші болады. Алла Тағала айтады: «”Сонда, Адамға мынау (Ібіліс) – сенің нағыз дұшпаның, жұбайыңның да дұшпаны. Сен екеуіңді жәннаттан шығып кетуіңе осы себепші болмасын. Әйтпесе, тақсірет тартасыңдар” – дедік» (Таһа: 117).
(Алла): «Әй, адам! Сен және жұбайың жәннатқа орналас. Екеуің қалағандарыңша жеңдер. Алайда, мына ағашқа жоламаңдар. Әйтпесе, залымдардан боласыңдар» (Ағраф: 19).
«Ақыры, шайтан оған азғыру жүргізіп: «Әй, адам! Саған мәңгілік ағашын және таусылмайтын салтанатты көрсетейін бе?» – деді» (Таһа: 120).
«Сонда, шайтан ол екеуін ұятты жерлерін ашу үшін азғырды да: «Раббыларың сендерді осы ағаштан, екеуің періште болып кетеді және (жұмақта) мәңгі қалып қояды деп ғана тыйған» деді. «Шынында мен екеуіңе адал ақылшымын» – деп ант ішті. Сөйтіп, екеуін алдап түсірді. Сонда, екеуі ағаштан дәм татқан кезде ұятты жерлері ашылып кетті. Екеуі жәннат жапырақтарын үстеріне жапсыра бастады. Раббылары екеуіне: «Екеулеріңді осы ағаштан тыймап па едім? «Расында, шайтан сендерге ашық дұшпан» демеп пе едім» деп дабыстады. (Адам Ата мен Хауа Ана): «Раббымыз, біз өзімізге кесір істедік. Егер Сен бізді жарылқап, мархамат етпесең, әлбетте зиян шегушілерден боламыз» деді. (Сонда Алла): «Жәннаттан бір-біріңе дұшпан болып түсіңдер. Сендерге жер жүзінде бір мезгілге дейін тұрақ және пайдалану бар» деді. «Ол жерде тіршілік етесіңдер де, ол жерде өлесіңдер және ол жерден қайта шығарыласыңдар» – деді» (Ағраф: 20-24).
Міне, осылайша Ібіліс шайтан Адам ата мен Хауа ананың жәннаттан қуылуына себепші болған еді. Сондай-ақ, Ібіліс адамдарды азғыру үшін олармен бірге жер бетіне түсірілді. Алланың аятынан біздер адамдардың жер бетіне уақытша ғана тіршілік жасап, уақытша ғана өмір сүру үшін келгенін білдік. Ендеше, біз бұл дүниеге сынақ үшін келген екенбіз. Ендеше, біз бұл дүниеге Алланың істе дегенін істеп, істеме дегенінен тыйылу үшін келген екенбіз. Яғни, біз бір Аллаға құлшылық жасау үшін ғана келген екенбіз.
Соңғы келтірген аяттан кейін келетін Алла сөзінде былай делінеді: «Әй, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік бұйым жараттық. Негізінде, тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері. Әрине, түсінерсіңдер» (Ағраф: 26).
Яғни, әуретімізді толық жабу Алланың бұйрығын орындау болып табылады. Ерлерге кіндік пен тізенің екі арасын жабу – парыз. Ал әйелдерге өздігінен көрінетін жерлерден (Нұр: 31) (екі қолдың басы, екі аяқ тобыққа дейін және бет) басқа мүшелердің бәрі әуретке жатады. Қазіргі таңда шайтандар әйелдердің әуреттерін ашу үшін өте қатты жұмыс жүргізу үстінде. Нәтижесінде, біздің өңірлерде де санын жарқыратқан келіншектер мен кіндігін көрсеткен қыздар толып кетті.
Белгілі дінтанушы ғалым Қайрат Жолдыбай айтады: «Жартылай жалаңаш киінген әйелдер еркектерді еліктіріп нәпсі құмарлығын қоздырады. Бұл жағдай бүгінде көптеген шаңырақтың шайқалуына, көпшілік бойжеткендердің абыройынан айырылуына себеп болуда. Көзі жәутеңдеген мыңдаған пәк сәбилер тастанды болып, жетімханаларға тоғытылса, саналы түрде аборт жасатушылардың саны жыл асқан сайын арта түсуде. Қазақтың «есті қыз етегін қымтап ұстайды» деуі де бекер емес. Интернеттен алған информацияларға сенсек, Канадада әр 6-минут сайын бір әйел зорлау оқиғасы тіркеліп, әрбір 3-әйелдің біреуі әйтеуір өмірінде бір рет болса да зорлау оқиғасына тап болады екен. Тағы бір ірі мемлекетте 1998-жылы ғана 49280-зорлау оқиғасы ресми тіркелген көрінеді. Міне сондықтан Ислам әйел адамға ашық-шашық киінбеуді оларды төмен санағандықтан емес, қайта олардың ар-намысын қорғау, абырой-беделін көтеру мақсатында бұйырған. Күнделікті өмірде біз құнды, асыл заттарды қоғамдағы бұзық ниеттілердің арам пиғылынан қорғаудың сан түрлі жолын іздейміз. Ендеше әйел заты да құндылардың құндысы, асылдардың асылы, нәзіктердің нәзігі. Олай болса олардың бөгде еркектердің алдында ашық-шашық жүргені өз қадірлерін өздері кетіру боп табылады».
Біздің қазақ қыздары осыны ұқпай жартылай жалаңаш жүруі өкінішті-ақ. Оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай тұр. Ал әзәзіл шайтанның азғыруынан сақтандыру үшін айтылған Алла сөзіне олар әзір құлақ салмай жатыр. Оларға Алла сөзіне құлақ салу қажет екенін азғырушы шайтан ұмыттырып жүргені анық. Ал Алла сөзінде не айтылып еді? Енді, соған назар аударайық: «Әй, адам баласы! Шайтан ата-аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, жәннаттан шығарғаны сияқты сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені, ол және оның сыбайластары сендер оларды көрмеген жерден көреді. Шайтандарды иман келтірмейтіндерге дос қылдық» (Ағраф: 27).
Қадірлі жамағат, Алла Тағала алдын-ала Өзінің аят-аянымен адамдарды сақтандырып қойған екен. Соған қарамастан, қазір кейбір қыз-келіншектер қымсынбастан, ұятты жерлерін көрсетіп, киімдерін шеше бастағанын әлгінде айтып өттік. Адам Ата, Хауа Ананы шайтан шешіндіріп, жәннаттан қудырып еді. Енді сол шайтан оның ұрпақтарын да шешіндіріп, жәннатқа кіргізбеу үшін жан таласып, жұмыс жүргізіп жатыр. Шүкір, әуреттерін толық жапқан мұсылман әйелдер баршылық. Бірақ әлгі шешінгендер өздерімен кетпей, мұсылман әйелдерді де азғыруда. Адам Ата, Хауа Ана тәубе келтірді. Алла оларды кешірді. Ал әлгі әйелдер мен қыздар тәубе келтіріп үлгере ме, жоқ па, бір Алла біледі.
Негізінде барлығымыз да тәубе етіп үлгеріп қалу үшін ертерек қам жасауымыз қажет. Қазір көп жас адамдар алда әлі өмір бар ғой деп құлшылық жасауды кейінге қалдыра беретіні жасырын емес.
Алла Тағала айтады: «Шынында, өздеріне тура жол айқындалғаннан кейін шайтан (олардың өз істерін) жақсы етіп көрсетіп қойды. (Ажал әлі алыс деп) оларға үміт берді» (Мұхаммед: 25).
Жоғарыда шайтандардың азғыру амалы көп дедік. Бірақ шайтандар Аллаға толық тәуекел еткен адамдарды ғана азғыра алмайтынын да айтып өттік. Біз Алла емес, басқа нәрседен қорқа бастасақ, онда әзәзілдің торына шырмалып қалатынымыз анық екен. Өйткені, өзге нәрсемен бізді шайтан қорқытады екен. Алла Тағала айтады: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да, арсыздықты әмір етеді. Ал Алла Тағала сендерге Өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші» (Бақара: 268).
Кедейліктен қорқу дегеніміз Алладан үміт үзушілікті туғызады.Ал жақсылықтан үміті жоқ болушылық шайтан сыйпатынан екенін жоғарыда айттық. Алла Тағала айтады: «Алланың мархаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені Алланың рахыметінен қарсы болған қауым ғана күдер үзеді» (Юсуф 87). Бұл жердегі қарсы болған қауым шайтандар мен кәпірлер болса керек.
Ендеше, Алладан үміт үзу дегеніміз адамды имансыздыққа апарады. Сахабалар кедейшіліктен қорықпаған, күнәдан қорыққан. Кедейліктен қорқушылардың қазіргі замандағы көрінісі қандай? Енді соған келейік: Қазіргі таңда кедейліктен қорыққан адамдар кредит алып жатыр. Баспана мәселесін шешу үшін өсімге жүгінеді. Оларға халәл жолмен пәтер алу мүмкін еместей көрінеді. Сонда олар Алла Тағаланың: «Егер Алладан қорықсаңдар, сендерге бір шығар жол пайда қылады және Алла ойламаған жерден ризық береді. Кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол оған жетіп асады» (Талақ: 2-3) деген сөзіне сенбегені ме?
Ендеше біздің Аса Құдірет Иесі Аллаға сеніп, иман келтіргеніміз қайсы? Егер ол адам аздаған қиыншылыққа сабыр еткен болса, ол өз проблемасын халәл жолмен шешуі әбден мүмкін еді. Мақұл, кредит алдық. Ол қаржыға келістіріп үй салдық делік. Бұл үйдің көп болса 50-60 жыл рәтін көретін шығармыз. Бірақ оның есесіне ешқандай есеп машинасы хисабына жете алмайтын сансыз уақыт – мәңгі-бақи жан рахатына тұрақты түрде бөлейтін жәннаттағы жақсы жайдан айырылғалы тұрғанымызды түсініп, түйсіне аламыз ба? Оның орнына межелеу мүмкін емес мезгіл – мәңгі-бақи о дүниеде отқа оранып тұруды айырбастап алғанымызды ұқсақ қой, шіркін! Міне, бізді шайтанның жеткізген жері. Мұның өзі – бұл фәнидегі жақсы жағдайға қол жеткізген адамның халі. Тіпті бұл дүниенің өзінде кредит зардабы мен зиянын тартып жатқандар көп екеніне анық.
Көптеген адамдар кедейліктен қорқып, харам саудамен айналысады. Арақ, темекі, есірткі сатады. Қазір шошқа бағатын қазақтар да бар. Ата-бабасының мұсылман екенін ұмытып, баю жолында барлық арсыздыққа барып жатыр. Әйтпесе, «Аштан өліп, көштен қаласың» – деп шайтан лағынеті адамдарды қатты қорқытып қойса керек. Ибн әл-Қаиийм айтады: «Алланың қас жауы – шайтан, өзінің бүкіл әскерімен, бүкіл сыбайластарымен мұсылмандарды қорқытуға тырысады. Ондағы мақсаты мұсылмандардың өздеріне қарсы күресін тоқтату, тақуалардың жақсылыққа шақырып, жаманшылықтан тыю әрекетіне кедергі келтіру болып табылады. Алла Тағала біздерге білдірген бір нәрсе, кім де кім шайтаннан қорықса-ол шайтан қауымынан болады. Сондықтан Алла бізге шайтаннан қорқуға тыйым салды…».
Шайтандар адам кеудесіндегі үрейді ұлғайтып жібереді. Олар өздерін тым қорқынышты қылып көрсетуге тырысады. Кімнің иманы толық болса, оның жүрегінен шайтанның сыбайластары салған үрей тез кетеді. Ал кімнің иманы әлсіз болса, қорқыныш оның қожайыны болып қалады. Бір ғана Раббыға иман келтіргендер, Одан басқа ешкімнен қорықпайды, тек Оған ғана зор ықылас танытады. Оны ғана ұлықтайды,Оған ғана құлшылық жасап, Оған ғана бағынады. Осындай ықыласты құлдар ғана Алланың ақ жолынан таймайды. Өйткені олар шайтаннан қорықпайды. Ал Алла Тағала айтады: «Негізінен, шайтан өз достарын қорқытады. Сондықтан мүмин болсаңдар, олардан қорықпаңдар да, Менен қорқыңдар» (Әли Ғимран: 175).
Қазір «аузына келгенін талғамай сөйлеу – наданның ісі, алдына келгенін талғамай күйсеу – айуанның ісі» деген қағиданы ұмытып кеткен қазақтар көп. Ақ дастарханына қойған асы халәл ма, харам ба, мән беруді қойған. Өйткені, әзәзіл шайтан азғырып, оларды Алланың нығметінен тосқысы келеді. Алланың елшісінің (с.ғ.с): «О, Сәъд, жеген тамағың халәлдан болсын. Сонда дұғаң қабыл болады. Мұхаммедтің жаны қолында болған Затпен ант етейін, егер Алланың құлы бір түйір харам (нәрсе) жұтса, Алла оның амалдарын қырық күн бойы қабыл етпейді. Ал кез-келген пенденің харамнан нәр алған тәніне тозақ лайығырақ болады» (Табарани) – деген ескертуінен қалай қорықпаймыз. Бауыздалмаған мал, Бисмилләсіз бауыздалған мал, тыйым салынған жануарлар еті және харам кәсіптің ақысына келген ас-тағам, бәрі де харам үкімінде болады.
О, мұсылмандар! Біздер біліп қоялық, шайтандар адамдарға аса қамқор болып көрінгісі келеді. Иеговаға кірген кейбір қазақтар олардың жанашырлық жасайтынын айтып жүр. Бақсы-балгерге барушылар олардың Алла жолына шақырып, намаз оқу қажет екенін еске салатынын айтады. «Егер олар шайтан жолында болса, онда олар неге жақсылыққа шақырады?» – дейді. Мұны айтушылар мұсылмандарды азғырушы шайтандар мұсылман кейпінде келіп, қамқор болып көрінетінін түсіне бермейді. Өйткені, адамдарға адал ақылшы немесе жанашыр жан болып көріну арқылы азғыру-шайтанның бірден-бір тәсілі болып табылады. (Ағраф 21-ді қараңыз).
Шын негізінде, шайтандар адамдарға жанашыр көрінгенмен, оларға түк те жаны ашымайды. Әли Ғимран сүресінің 175-аятын Рәтбек Нысанбайұлы: «Жақтастарына жандары ашымайтындар – шайтандар» – деп аударыпты. Расында, шайтанның адамдарға шын жаны ашыса, оларды тозақтың жолына салмаған болар еді.
Қажылық парызын атқарып келген мұсылмандардың бәрі біледі. Қажылықта «шайтанға тас ату» деген рәсім бар. Үш жерге атады. Олар «үлкен шайтан», «орта шайтан», «кіші шайтан» деп аталады. Олардың шарғи атаулары: «жамаратул-ақаба», «әл-жамаратул-уста», «әл-жәмаратус-суғра». Әрқайсысына жеті тастан лақтырылады. Мұның тарихы былай баяндалады: Ибраһим (ғ.с) Сараға үйленеді. Екеуі де қартаяды. Бірақ, бала көрмейді. Содан соң Сара оған (ғ.с) Ажар деген қызметшісін алып береді. Ажар ұл туады. Оның атын Исмаил қояды. Сара қызғанады. Сосын Ибраһим (ғ.с) Ажар мен Исмаилды (ғ.с) Меккеге апарып тастайды. Ол жерде көлеңке де, су да жоқ еді. Олар шөлдеп өліп қала жаздайды.Исмаил шөлдеп шырылдап жылайды. Ажар су іздеп, Сафа және Маруа арасында әрі-бері жеті мәрте жүгіреді. Ақыры оларға Алла Зәмзәм суын шығарып қояды. Сөйтіп екеуі аман қалады. Ибраһим (ғ.с) әйелі мен баласына анда-санда барып тұрады. Олар иманды әрі сабырлы еді, сондықтан шыдап бағады. Алда оларға Алланың тағы да бір қиын сынағы бар еді.
Әкесі ұлына: «Балам, мен түсімде сені бауыздап жатқанымды көрдім. Сені құрбандыққа шалуым керек!» – деп Алланың әмірін жеткізді. Баласы болса: «Әке, Алла бұйрығын орындаңыз. Ин ша Алла, мені сабырлылардан табасыз!» – деді. Бұл өте қиын іс еді. Сондықтан оның сауабы да сансыз көп еді. Міне, осы сауап пен әкелі-балалы екеуінің ақыреттегі бақытын қатты қызғанған шайтан оларды райынан қайтаруға жан сала кірісті. Алдымен Ибраһимді (ғ.с) азғырып, жолдан тайдыруға тырысты: «Аузыңды ашып өпкен, көзіңді ашып көрген, тұла бойы тұңғышыңды құлағыңа жынның сыбырлағанына бола құрбандыққа шала саламысың?» – деп өтірік жанашыр бола қалып, суқиттады. Ибраһим (ғ.с): «Кет! Лағынеті шайтан. Мен Алланың бұйрығын орындауға бара жатырмын» – деп, сол жерде әзәзілге жеті тас атты. Пайғамбардан (ғ.с) күдер үзген шайтан енді оның әйелі Ажарды азғыра бастады: «Сенің тас құрсағыңды кеңітіп, тас емшегіңді жібіткен тұла бойы тұңғышың Исмайылды (ғ.с) ана жынды күйеуің түс көрдім деп бауыздап тастайын деп жатыр ғой. Балаңды бауыздауға қалай қиясың? Қой деп қолынан неге жармаспайсың? Неге байбалам салып жыламайсың? Оған обал ғой, он екіде бір гүлі ашылған жоқ қой!» – деп, шайтан тағы да қамқорси сөйлеп, Ажарды алдап соққысы келді. Ажар болса: «Кет! Малғұн! Менің күйеуім Алланың бұйрығын орындауға бара жатыр» -деді. Сөйтіп жерден жеті тас алып, шайтанға лақтырды. Ажардан да үміті үзілген шайтан енді бала Исмайылды (ғ.с) жағалады: «Ей, Исмаил! Әкең мен шешең сені жек көреді екен. Енді сенен құтылғысы келіп, құрбандыққа шалғалы жатыр. Қазір сені өлтіреді. Қаш, басың ауған жаққа. Бақырып жыла. Бекерден бекер өлме. Саған әлі өмір сүру керек» – деп баланың басын айналдыруға кірісті. Адал ақылшысы болып көрінгісі келді. Бірақ бала: «Кет, әзәзіл шайтан, менің әкем Алланың бұйрығын орындауға бара жатыр» – деп шайтанға жеті тас атып, қуалады.
О, мұсылмандар! Шайтанның бізге жаны ашымайтынын білдік. Оның өзіне-өзі жаны ашымайды. Жаны ашыса, бұл дүниеде ақырет азабын тарту үшін, тозақы болу үшін жұмыс істер ме еді? Ойланып көрелікші, біздің өзімізге өзіміздің жанымыз аши ма? Ашыса, неге өзімізді Алланың азабынан құтқару керек екенін әркез есте ұстамаймыз? Қайсымыз тахажжут намазын жібермей, таң намазын мешітте оқып жүрміз? Ахиретте аяқ-қолы жоқ адамдар: «Таң намазының мұншама сауабын білген болсақ, мешітке домалап барып оқитын едік!» – деп өкінеді екен. Сондықтан, шайтан бізге таң намазын мешітте оқытпау үшін оны бізге тым қиын етіп көрсетуге тырысады екен. Ал біз өзімізге жанымыз ашымағандықтан, шайтанға ырық беріп қояды екенбіз. Адамдарды қайда Алланың игілігі, берекесі болса, содан тосқысы келеді екен малғұндар. Біздің өзімізге-өзіміз жанымыз ашымайды, олай болса біздің кімге жанымыз ашуы мүмкін?
Алла Тағала айтады: «Ол (Сүлеймен Ғ.С) әскерімен ақыр құмырсқаның ойпатына келген сәтте, бір құмырсқа: «Әй, құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер. Сүлеймен және оның әскерлері сендерді білмей жаншып кетпесін» – деді» (Нәміл: 18).
Мінекей, құмырсқа екеш құмырсқа да қандастарын абайсыз ат тұяғының астында қалып кетпесін деп, шыбын жаны шырқырап шырылдайды екен. Қандастарына жаны ашып, оларды қауіптен сақтандыратын болса керек.
Ал біз ше? Өзіміздің ағайын-туған бауырларымызды, бала-шағамызды ахиреттегі қауіптен сақтандырып жатырмыз ба? Құмырсқа құрлы болмағанымыз ба?
Алла Тағала: «Әй, мүміндер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан (жанұшыра) қорғаңдар» (Тахрим: 6) демеп пе еді?
Негізі өзімізге өзіміздің жанымыз ашыса, біз өзімізді, үй-ішімізді ахирет азабынан құтқару үшін қолдан келген нәрсенің бәрін жасауымыз керек еді. Ал біз бақилық ахирет бақытын бұл дүниедегі бір сәттік ашудың бодауына қиып жіберіп жатамыз. Жоқ нәрсеге ашу шақырамыз. Ашу үстінде бірдеңені бүлдіріп тынамыз. Сөйтеміз де оған өзгені кінәлі еткіміз келеді. Өз күнәмізді өзіміз көрмейміз. Неге? Өйткені, ашу – шайтаннан.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Шындығында. ашу – шайтаннан, ал шайтан оттан жаралған. Егер сендерден кімде-кім ашуға берілсе, дәрет алсын» (Ахмад, Әбу Дәуд). Ашу адамның қанын қыздырып, температурасын көтереді, жүйкесін ширықтырады. Оны суық су салқындатады. Қалыпты жағдайға түсіреді. Алла Тағала айтады: «Егер шайтаннан саған бір түркі болса, онда Алладан пана сұра. Өйткені Ол толық естуші, өте білуші» (Ағраф: 200).
«Бір күні екі адам өзара сөзге келіп қалды да, оның бірін екіншісі тілдеп, беті қызарып кетті. Оны көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ақиқатында мен сондай сөзді білемін, егер оны айтқан болса, (екеуі) міндетті түрде тиышталар еді. Ол екеуі: «Ағузу билләһи минаш-шайтанир-ражим» (Қарғысқа ұшыраған шайтаннан Алладан пана сұраймын)» десе, (ол ашуын) басар еді» (Ахмад, Әбу Дәуд).
Алла Тағала айтады: «Қашан Құран оқымақ болсаң: «Ағузу билләһи минаш-шайтанир-ражим» – деп айт» (Нахл: 98).
Адамдарға тура жол көрсетуші, ақ пен қараны ажыратушы Алла кітабы – Құранды оқу үшін де шайтаннан сақтанбаса болмайды екен. Олай етпесек, Құран мағынасын қате ұғып қалады екенбіз. Ал біз шайтаннан сақтану орнына, шайтанның тілін алып, бір-бірімізді сыртынан жамандап, ғайбаттауға барып қаламыз.
Хасән Басриге біреу: «Сені анау жамандады» дейді. Басри: «Шайтан сенен басқа жіберетін адамды таппай қалды ма екен?» деп жауап қайтарыпты. Сонсоң әлгі жамандады деген кісіге мол сыйлық, тарту-таралғы жібереді: «Қиналмай жүріп қыруар сауап табуыма себепші болғаның үшін» деп. Сонда, біреуді ғайбаттау да үлкен зұлымдық екен. Ал адамның біреуге зұлымдық жасауы түптің түбінде өзіне ғана зұлымдық жасағаны болып шығады. Өйткені, ол осы зұлымдығы үшін ақыретте барлық сауабынан айырылып, оның пайдасының бәрі өзі жамандаған адамға ауыстырылады.
Сонымен, адам баласы әзәзіл шайтанның азғыруына ілесіп, әлденені ұмытуы, аңғармай қалуы немесе нәпсісінің қалауына тартылып, күнә істеп қоюы әбден мүмкін екен. Алла Тағала айтады: «Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Алланы еске алады да, қырағылық істейді» (Ағраф: 201).
Яғни, күнә істеп қойған тақуа кісі тәубеге келуге асығуы керек екен. Шайтанның салған шатағынан құтылатын жалғыз жол осы болса керек.
Алла Тағала айтады: «Егер адамдар шайтанның салған ылаңына қырағылық істемесе, адасады. Өйткені, шайтан олардың істерін өздеріне әдемі етіп көрсетіп қояды» (Нәміл: 24).
«Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) сахабалар: «Уа, Алла Елшісі (с.ғ.с), адамдарға Алла Тарапынан қаншама Пайғамбарлар келді. Қаншама кітаптар түсті. Соған қарамастан адамдар неге адаса береді?» – деп сұрады. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): «Өйткені, әркімнің бір-бір азғырушысы бар» – деді. Сахабалар: «Ол кім?» – деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с) айтты: «Әркімге бекітіліп берген бір шайтан бар. Ол адамға азғыру ойларын салып тұрады». Сахабалардың бірі: «Уа, Алла Елшісі, сонда сенің де шайтаның бар ма?» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ия, менің де шайтаным бар. Бірақ Алла маған көмектесті. Мені шайтаным азғырмайтын болды. Естеріңде болсын, кімде-кім мені түсінде көрсе, ол – менмін. Өйткені, шайтан менің кейпімді ала алмайды».
Адамзат баласының ішінде Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) басқасының бәрі шайтан тарапынан азғырыла береді екен. Абайламаса, адамдардың кез-келгені адасуы мүмкін екен.
Алла Тағала айтады: «(Алла адам баласының) бір тобын тура жолға салды. Және бір тобы да адасуға тиісті болды. Өйткені, олар Алланы емес, шайтандарды дос тұтты да, олар өздерін тура жолдамыз деп есептеді» (Ағраф: 30).
Сонымен, шайтанды дос тұтқандар ғана адасады. Алланы дос тұтқандар адаспайды. Ал Алланы дос тұтудың көрінісі қандай? Алланы дос тұтқандар тура жолдан адаспас үшін Құран-Кәрімге және сүннетке жүгінеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Мен сендерге екі нәрсе қалдырамын. Бірі – Құран, бірі – Сүннетім. Осы екеуін ұстасаңдар, ешқашан адаспайсыңдар!» (имам Малик).
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с): Иуда дініндегілер 71, христиан дініндегілер 72 ағымға бөлінген еді. Ал мұсылмандар 73 ағымға бөлінеді, олардың ішіндегі біреуі ғана жәннатқа барады» – деді». Сонда сахабалар: «Тозақтың отынан аман қалатын сол бақытты топқа кімдер жатады?» – деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Бүгінгі күні мен және менен кейінгі халифалар қалай әрекет етсе, дәл солай іс-әрекет ететіндер» – деп жауап қайтарды». (имам Ахмад).
Ал бөлінбейтін бір жамағат болуға тиіс Ислам үмбетін соншама көп ағымға бөліп тастап жүрген кім? Әрине, шайтан. Бұған тек жын-шайтан емес, адам-шайтанның да үлесі бар.
Алла Тағала айтады: «Алла Тағала адаспауларың үшін, сендерге ашық түсінік береді» (Ниса: 176).
Әрине, ашық түсінік Құран мен Сүннетте тұр. Ақиқат та аят пен хадис арқылы берілген. Ақиқат табуымыз үшін әрі адаспауымыз үшін Құран мен Сүннетке амал етуіміз керек. Даусыз нәрсе мынау – ақиқат тапқан адам адаспайды, адаспаған адам ахиретте азап шекпейді. Ақиқаттан адасқан адамның ақыры тақыр болады. Амал қанша, арамызда адасып, ал ақиқатты іздеуге тәкаппарлығы иліктірмей жүрген адамдар аз емес. Тәкаппарлық – шайтаннан. Шайтан ақиқатты дәлел етіп алмайды.
Алла Тағала айтады: «Өздеріне ашық дәлел келгеннен кейін, сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне, соларға зор азап бар» (Әли Ғимран: 105).
Ал бөлініп қайшылыққа түскендер кім еді? Әрине, яһудилер мен христиандар болатын. Олар өздеріне түскен Тәурат, Інжіл кітаптарына амал етпеді. Ал мұсылмандар да өздеріне түскен Құранмен жүрмесе, яһудилер мен христиандардың кебін киері анық.
Адасу нәтижесінде адамдар Алланың елшісінің (с.ғ.с.) жолымен жүруден бас тартады. Олар қателесіп жүргендердің сөзіне көзсіз сенеді. Олар өз ниетінің орынсыз екенін, тілегінің іске аспайтынын білмейді. Олар басқа ғылымдар қарама-қайшылығын анықтап, айқын дәлелдермен жоққа шығарса да, өз сөзін өлердей қорғайды. Олар, Алла айтты, Пайғамбар айтты дегеннен басқа білімнің бәрінде шайтанның уәсуәсі болатынын білсе ғой, шіркін!
Ибн Мәсъуд айтады: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) біздің алдымызға түзу бір сызық сызды да: «Мынау Алланың тура жолы» деді. Сонсоң ол (с.ғ.с.) әлгі түзу сызықтың оң және сол жағына тағы да сызықтар сызып: «Осы әрбір жолда шайтан отыр және ол сендерді сол қисық жолға қарай итеріп тастауға тырысады» деді де, Алланың: «Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, түссеңдер сендерді Алланың жолынан айырады. Сендерге осыларды Алла нұсқады. Сақтанарсыңдар» (Анғам: 153) деген сөзін оқыды».
Абу Даудтың риуаятында былай келтіріледі: Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Егер бір кісі үйінен шығарда Алланың атымен бастап, «Аллаға тәуекел еттім, күш-қуат Алладан ғана» – десе, ол кісіге: «Жеткілікті, негізінде тура жол тауып құтылумен қатар, өзіңді сақтап қалдың» – деп айтылады, сол кезде шайтан кетіп қалады. Сонда тұрып екінші шайтан: «Тура жол тауып құтылған адамды қалай жолдан тайдырасың?» – дейді.
Алла Тағала айтады: «Алайда олар өзара (дін) істерінде бөлшектеніп, әр топ өз алдарындағысына мәз болды» (Мүминун: 53). «Сондай олар діндерін бөлшектеп, топтарға бөлініп, әрбірі өз алдындағыларға мәз болғандар. (Рұм: 32).
Әр ағым өз дәлелдерін алға тартады. Өздерінікін дұрыс деп есептейді. Сондықтан өзгелерді де өз қатарына қосылуды үндейді. Яғни, әрбір топ адамдарды өздеріне шақырады. Бұл қауымды бөлінушілікке әкеліп соқтырады. Өйткені, олар адамдарды Исламға шақыру керек еді. Құран мен хадиске, таухидке шақыру ғана мұсылмандардың басын біріктіре алады.
Шайтан адамның иманын суырып ала алмайды. Сондықтан, адамның ақидасын бұзумен айналысады. Сонда адам иманын өзі-ақ тастап қояды екен.
Қандай топ өз жолының дұрыс-бұрыстығын Құран мен хадиске қарап таразылаудан қорықпаса, ин шә Аллаһ, ол дұрыс жолда болмақ. Ал қайсы-бір топ Құран мен хадистен жалтара бастаса, онда олар адасушы ағымдардан болуы әбден мүмкін.
Егер біз Құран мен Сүннетке амал ететін болсақ, жын-шайтан мен адам-шайтанның барлығы жабылса да, бізді тура жолдан тайдыра алмаған б