Ислам асыл дініміз

Ассаламаалекум уа рахматуллахи уа баракатух!темекі жайында ,және темекіні қалай қойдыруға болады сол туралы діни тұрғыда айтып түсіндірсеңіз!

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Темекі тарту пайғамбарымыздың, сахабалардың, одан кейін келген төрт мәзһаб имамдарының кезінде әдет болмаған. Сондықтан темекі тартудың адал яки арамдығына байланысты хадистерден, не төрт мәзһаб имамдарының пәтуаларынан нақты дәлел табу қиын. Ал, темекі алғаш рет XVI ғасырда пайда бола бастағаннан бері оның адал не арамдығына байланысты ислам ғұламаларының түрлі пікір білдіргенін байқаймыз. Қайсібір ғұламалар темекіні нақты харам ететін Құран, не хадистен айқын дәлелдің жоқтығын және сол ғасырларда оның адам ағзасына зияндылығы анық дәлелденбегендігін алға тартып «мәкрүһ» немесе «мүбах» деп үкім шығарса, енді біреулері Құрандағы кейбір аяттарға сүйене отырып «харам» деп кесіп айтқан.

Ислам шариғатында кейбір үкімдердің заманы мен жағдаятқа қарай түрленетіні мәлім. Темекі тарту үрдісінің кең тарамаған әрі денсаулыққа аса зияндылығы нақты дәлелдене қоймаған ертеректе берілген «мәкрүһ» үкімі бүгінгі таңда басқаша қаралатыны анық. Сондықтан кейінгі ғасырларда темекі тарту әдетінің әлемде, оның ішінде мұсылмандар арасында да кең жайылып, денсаулыққа аса зияндылығы ғылыми тұрғыда нақты анықталғаннан кейін басым көпшілік ислам ғұламалары мен бірқатар ислами ұйымдар оның анық харам екендігін айтып пәтуа шығарды. Мысалы, Мысырдағы «әл-Әзһар» университетінің жанындағы «Пәтуа комитеті» 1979 жылы темекіге «харам» деп пәтуа шығарған [1] . Сондай-ақ, әл-Әзһар университетінің бұрынғы шейһул-әкбары Жәддул Хақ Али Жаддул Хақ, Мысыр республикасының бұрынғы мүфтиі Наср Фәрид, заманымыздың Атия Сақр, Юсуф Қардауи сынды бірқатар ғалымдары да харам деп пәтуа берген.

Темекінің харамдығына байланысты мынандай дәлелдер келтіруге болады:

  1. «(Мұхаммед пайғамбар) Оларға пайдалы пәк нәрселерді адал етіп, зиянды нахош нәрселерді харам етеді...» [2] -делінген. Демек, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың әкелген дінінде адамға зиянды барлық нәрсе харам. Яғни, адамның ағзасына, жүрегіне, санасына, ұрпағына зиянды барлық нәрсе Құран бойынша харам деген сөз. Ал, темекі адам ағзасына, санасы мен ұрпағына зиян болғандықтан, Құранның осы аяты бойынша оның харам екендігін айту қиын емес. Құранда:«Өздеріңді өз қолдарыңмен қатерге итермеңдер!»[3] , «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер!»[4] делінеді. Ал шылым шегіп денсаулығына зиян тигізген кісі өз қолымен өзін қатерге итермелейді әрі өз-өзін ұзақ мерзімде «баяу өлтірген» болады.

Қазіргі таңда ғылым темекінің адам ағзасына аса зиянды екенін дәлелдеді. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәлiметiне сүйенсек, Жер шарындағы 1,8 миллиард 10-24 жас аралығындағы жеткіншектер темекiнiң түтiнiмен уланған. Ал Қазақстан халқының 27 пайызы (4 миллион адам) темекi шегеді. 4 миллионның 600 000 астамы қыз-келiншек болса, 120 мыңы – 13-15 жас аралығындағы жасөспiрiмдер. Отандастарымыздың басым бөлiгi 20-ға толмай жатып, шылымның “дәмiн” татады екен. Сорақысы сол, елiмiзде жылына – 25 мың, күн сайын 70 пенде темекiнiң кесiрiнен туындаған дерттерден көз жұматын көрiнедi. Дүниежүзі ғалымдарының зерттеуінше, өкпе рагы ауруларының 90 пайызы шылым шегетіндердің үлесіне тиеді екен. Егер шылым шегушілер күніне 20 тал темекі шексе, олардың өкпе рагы ауруына шалдығу қаупі өзгелерге қарағанда 10-15 есе артып, ал бүйрек дертіне бес есе көп шалдығады екен.

Езуiне шылым қыстырғандардың үштен бiрi, кейде тiптi, тең жартысының ғұмыры 15 жылға кемиді екен [5] . Әлемде әр 13 секунд сайын бір адам, әр 65 секундта бес адам темекі кесірінен көз жұмады. Жылына үш миллион адам темекіден пайда болған кеселдердің нәтижесінде қайтыс болатын көрінеді.

Шылым алдымен, қан тамырларына әсерін тигізеді, қан тамырларының жұмысын нашарлатып, оларды жіңішкертіп, қан қысымын көтеріп, жүрек талмасына жетелейді. Темекі құрамында 4000 мөлшерде химиялық зат барлығы анықталған.

Тек бір тал темекі шеккен адамның ағзасында никотиннің зардабынан бүйрек үстіндегі бездерден арденамен және норадренамен деп аталатын гармондардың жұмысы бұзылады. Осының кесірінен асқазанның қышқыл сұйықтығы (запран) артады. Үнемі темекі шегетіндер уақыт өткен сайын асқазанында гастрит (асқазанның қабынуы) және жара пайда болады.

Никотиннің әсерінен денедегі бүкіл тамырлар белгілі мөлшерде жиырылады да, жүрек бұл жұмысты атқару үшін қина лады, адамның қан қысымы артады. Миға баратын қан азаяды. Ми өз деңгейіндегі жұмыс істемейді, қандағы холестерол артады, бүйрек үсті бездерінен адренамен атты гармон қабынады да, бүтін денені өртейді. Тамырлар жиырылады, жүрек бұрынғы қызметін ауырсынады, қан қысымы жоғарылайды. Қол, аяқ тамырлары тартылып, қол мен аяққа баратын қан азаяды, қол мен аяқтың қызуы қайтады. 
Денеге сіңген никотиннің әсерінен дененің барлық ағзаларында тамырдың жиырылуынан қан аз өтеді, бұл дененің, бүтін ағзалардың өз деңгейінде жұмыс істемеуіне әкеп соғады. Ми жөнінде де осындай жағдай. Демек, темекі тартатындардың жүрегі тез соққандықтан жүректің қанға және ауаға қажеттілігі артып, осыған орай, жүрекке келетін қан мен ауа азаяды. Темекі түтініндегі төрт мыңнан астам зиянды заттың біреуі – көміртегі. Көміртегі – автокөліктердің тетігінен шыққан улы газдардың бірі. Темекінің түтінімен бірге бұл да белгілі бір мөлшерде денеге кіреді.

Еркектер мен әйелдер арасындағы жыныстық қатынасқа салқындықтың басты себебі де – осы никотин.

Жалпы зерттеудің нәтижесінде, темекіден өкпе рагы, жүрек ауруы, амфизем, тыныс жолдары қабынуы сияқты аурулар пайда болады [6] .

Темекінің зардабынан пайда болатын негізгі аурулар:

· Асқа деген тәбетті қайтарады.

· Ас қорытуды қиындатады.

· Тісті сарғайтып, ауызды сасытады.

· Асқазанда жара пайда болады.

· Ерін, тіл және өңеш рагына жол ашады.

· Жөтел және қақырық пайда болады.

· Созылмалы тыныс жолдары қабынуына әкеліп соқтырады.

· Көмекей және өкпе рагына тап болушылардың 90 пайызының себебі темекіден.

· Тамырды қатайтады (атересклероз).

· Қол – аяқ тамырлары бітеді, гангрена (тән талшықтарының жансыздануы, шіруі) пайда болып, қол – аяқ кесіліп, кемтарлыққа дейін апарады.

· Ми қызметін реттейтін тамырларды да қатайтып, салдануға себепші болады.

· Жүрек ауруларына, әсіресе жүрек бұлшық еті инфарктіне (жүрек ұстамасы) қолайлылық туғызады.

· Есте сақтау қабілетін азайтады.

· Көңілсіздікке душар етеді.

· Ұйқыны азайтады.

· Теріге әжім түсіреді.

· Ер - әйелдің жақындасуына енжарлықтың басты себебінің бірі.

  1. 2. Құранда: «...Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырып етпеңдер!»[7] делінсе, басқа бір аятта: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші-дүр»[8], – деп ысырап етудің күнә екендігін, тіпті, кісіні шайтанға бауыр ететін Жаратушыға жағымсыз іс екенін білдіреді.

Иә, адам ағзасына аса зиянды нәрсе үшін маңдай теріңмен тапқан ақшаңды жұмсаудың ысырып екені айтпаса да түсінікті. Әр күні – бір-екі құты темекіні тауысқан адам ғұмыр бойы қанша ақшаны босқа жұмсайтынын есептеді ме екен? Күніне шамамен 300 теңгенің темекісін тартқан кісі айына 9000 теңгеге, ал жылына 108000 теңгеге, ал шамамен 50 жыл тартты деп есептесек, онда 5 400 000 теңгені текке рәсуа етеді екен. Бұл сіріңке мен ауыздың жағымсыз иісін кетіру үшін шайналған сағызға кеткен ақшаны қоспағандағысы. Ал жоғарыдағы мөлшерге темекі зардабынан бұзылған денсаулығын емдеуге жұмсаған қаржысын қоссақ, аталмыш мөлшердің тағы да көбейе түсері анық. Ал енді мұндай көлемдегі қаржымен қанша мұқтаж адамның қарнын тойдырып, неше зәру жанның киімін бүтіндеп, талай науқасты емдеуге болатыны күмәнсіз. Ысырап дегенде тек ақшаны ойламауымыз керек. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде: «Адамдардың көбі Алланың өздеріне берген екі үлкен нығметінің қадірін білмейді. Олар денсаулық пен бос уақыт»[9] делінеді. Тәулігіне 20-22 дана шылым шегетіндер жылына уақытының шамамен 40 күнiн темекі тартуға пида ететінін білуші ме едіңіз?

Олай болса, «Дәрет алған кезде өзеннің жағасында болсаң да суды ысырап етпе!» деп ысырапқа қарсы соғыс жариялаған Ислам сияқты ықтиятты бір діннің темекінің үкіміне «мәкрүһ» деп жеңіл қарап, ысырапқа рұқсат беруі әсте мүмкін емес.

  1. 3. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Пияз, не сарымсақ жеген кісі бізден аулақ жүрсін немесе, намаз оқитын жерімізге жақындамасын, үйінде отырсын!»[10] деген. Неліктен? Себебі, көпшілік жиналатын жерге жағымсыз иіспен бару – Ислам этикасына қайшы. Құлшылығын алаңсыз жасағысы келетін жандардың мазасын қашырып, жеке құқығына қол сұғу деген сөз. Ал, енді адал тамақ пияз бен сарымсақты жеп мешітке кіруге, көпшілік жүретін жерге баруға болмайтын болса, тұла бойынан темекінің жағымсыз исі мүңкіген кісінің мешітке барып құлшылықтағы жамағаттың құтын қашыруға бола ма? Бұл өзгеге жасалған зұлымдық емес пе? Себебі, кез келген шылым шекпейтін кісі темекінің исін мүлде жақтырмайды, тіпті кейбір жандардың басы айналады. Құранда: «Сөзсіз Алла тағала зұлымдық жасағандарды жақсы көрмейді»[11] деп, өзгеге зияны тиген адамдардың Жаратқанның махабатынан алшақтайтынын ескерткен.

Шылым шегетіндердің айналасындағы бала-шағасы, басқа да адамдар темекі тартатындарға қарағанда анағұрлым көбірек зардабын тартатындығы анықталып отыр. Сондай-ақ, шылым шегетін әйелдерден туылған сәбилер көп жағдайда аурушаң боп дүниеге келеді. Бала емізген әйелдерде никотин емшек сүтіне араласып, осы арқылы сәби денесіне өтетінін көп аналар біле бермейді. Анасының жауапсыздығы нәтижесінде дүниеге келген аурушаң балалар мен ағзасын ана сүті арқылы улаған сәбилер ертең ақырет күні әкесі мен шешесінің жағасына жабысып, оларды қиын сұрақтың астына алары сөзсіз.

  1. «Бір іске себепкер болған кісі сол істі істегенмен бірдей күнә не сауап алады» деген негізгі қағида бар.

Әкесінің не жақын адамының, өзіне дәріс үйреткен ұстазының, тіпті, бейтаныс үлкен кісінің шылым шеккенін көрген бала санасында ол іс өзінің жиіркеніштілігін жоғалтады. Будақтап шыққан темекінің көк түтініне кішкентайынан көзі үйреніп, жан дүниесіне жақын қабылдаған жас жеткіншек темекі тартуға әрдайым құмарланып, құмбыл тұрады. Тіпті, шылым шегу олар үшін есеюдің нышанындай боп көрінеді. Міне, сондықтан темекі тартқан кісі қанша адамды өзі секілді жиіркенішті нәрсеге тәуелді еткенін ұмытпауы тиіс.

Кейбіреулер «темекі тартсаң жүйкеңді жұбатып, ашуыңды тарқатады» деп өздерін алдаған болады. Алайда Хақ пайғамбары (с.а.у.) ашуланғанда шылым шегуді емес, дәрет алып, намаз оқуды бұйырғанын ұмытпайық.

Сөз соңы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Қиямет күні әрбір құл ғұмырын қайда өткізгенінен, алған білімімен қандай амал жасағанынан, дүние-мүлкін қалай тауып, қайда жұмсағанынан және дене мүшесін қайда тоздырғандығынан сұралып, есеп бермейінше орнынан бір қадам алға жылжымақ емес»[12], – деген жауапкершілігі ауыр, тағылымы мол хадистерін әркез жадымызда ұстасақ игі.

Темекі шегуді тастау қиын емес. Әлемде сол әдетті тастағап, оған қайта оралғылары келмейтіндер көп. Темекіден құтылу кезеңі іске асарлық болу үшін керегі: 1. Темекінің адам организіміне келтіретін зияны туралы көрсетілген видео немесе кітап оқу. Ол не үшін доғару керек екендігі туралы түсінуге көмектеседі. 2. Шегетіндердің жанында көп болмау. Дәл осы таныстардың шеккендері үшін көбісі қайталап, тоқтай алмайтындары да сол. 3. Темекіні сағызға немесе шемішкеге ауыстыру. Одан да жақсысы-қолыңды бірдемемен босатпау.

Тісс канаса дарет бузыла ма?

Ханафи мәзһабы бойынша, денеден қан, ірің немесе су шығып, айналасына жайылған болса, ол дәретті бұзады. Бұған дәлел Пайғамбарымыз (с.а.у): «Барлық «аққан қан» себепті дәрет керек»(Даруқутни – 571), – деген. Хадис бойынша, дәреттің бұзылуы үшін қан не іріңнің шыққан жерінен ағуы шарт. Ал, тек жара бетінде көрініп, шет-шетіне жайылмаса, дәретті бұзбайды(Хидая – 1/35 бет).   
Ауыздан шыққан қанға келер болсақ, жоғарыда айтқанымыздай  дәреттің бұзылуы үшін қанның ағуы шарт. Ал, ауыздағы қанның аққан, ақпағанын түкірікке қарап білеміз. Егер түкіріктің жартысынан көбі қан болса, ол кезде дәрет бұзылады. Ал, жартысынан аз болса, дәрет бұзылмайды(Әль-Майдани, Лүбәб – 1/12 бет; Әл-Маусули, әл-Ихтияр – 1/52бет).Осы қағидаға сүйенсек, қызыл иектен аққан қан түкіріктің жартысынан аз болса, дәретіңіз бұзылған болып есептелмейді.

 

Әссәләму әлейкум! Иманды сақтап қалу жолдары қандай? Сіздерден толық жауап күтемін. Көп рахмет.

Уа ғалейкумуссалам! Қияметке жақындаған сайын әлемді қараңғылық қаптай береді. Ал қараңғылық артқан сайын адамдардың қақтығысы да артады, бірі екіншісімен, ол үшінші біреуімен қақтығысады. Ортаны қарайтып нұрды қашыратын нәрсе харамдардың, бидғаттардың және күпіршіліктің қараңғылығы. Имам Раббани хазреттері ғасырлар бұрын өз заманы туралы «Бидғаттардың көбейгені соншалық дүние қарайды» деген. Ол кезде бидғаттар барлық жерді қарайтқан еді. Ақыр заманда болса күпірдің қараңғылығы барлық жерді қарайтады.

«Ақыр замандағы үмметім әмірлердің онда бірін орындаса құтылады» хадис шәрифіндегі «онда бірі»  деуден мақсат – иманды сақтап, дұрыс, тура иманмен өлу. Мұны игере алған адам құтылады, өйткені ақыр заманда ең үлкен пәлекет – имансыз өлу. Имансыз өлген адам мәңгі жаһаннамға кетеді. Бұл заманда харам мен халалдың араласып кеткені соншалық, көп адам харамдарды білмейді. Харам болған нәрсенің бірін жеңіл көрген, яғни менсінбеген адам иманын жоғалтады.

Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ақыр заманда өмір сүретін үмметімнің ең үлкені дерті – иманын сақтап және оны құтқарып қала алу болмақ. Ең үлкен пәлекеті болса – иманын жоғалту» деп бұйырған. Ғибадаттар бізді құтқармайды, бірақ, иманды сақтап қалуға көмекші болғаны үшін өте құнды болып саналады. Бұл мынаған ұқсайды: Мысалы, үрейлі бір дауыл, жел болып жатыр. Бұл желден шырағдамның шырағын сөндірмей сақтап қалу үшін бір-біріне кигізіп 20-30 дана шыны қою керек. Шырағдам ашықта қалса дереу өшіп қалады. Сондықтан, ақыр заманда көп ғибадат жасау керек. Иманды сақтап қалу үшін ықыласты болу керек. Бұрынғы замандарда иманды сақтап қалу қазіргідей қиын емес еді, өйткені ол уақыттарда қазіргідей дауылдар жоқ еді. Сыртына шыны қоймаса да шырағдамның шырағы жанып тұра беретін. Барлық жерде тыныштық еді. Шырағдамдар сөнбей жанып тұратын, сонымен қатар шырағдамдардың саны да көп еді. Қазіргі таңда нұр қалмағаннан кейін күпірлер мен харамдар қалыпты нәрсеге айналды. Міне, осы жағдай өте қауіпті. Өте жаман күндер келеді, заман уақыт өткен сайын жаман бола береді.

Кәпір болып өлудің қасында күнәхар болып өлудің өзі – үлкен бақытқа айналды. Күнәхар адам ерте болсын, кеш болсын әйтеуір құтылады. «Үлкен күнәлары болғандарға шапағат етемін» және«Иманмен өл, қалғанына араласпа» деген хадис шәрифтерге мойынсұнып иманды сақтап қалуға тырысу керек. Бұл, Әһли сүннет ақидасында болу және харамдардан тыйылып ғибадаттарды орындаумен іске асады. Иманымызды сақтауымыз үшін пайғамбарымыздың алейһиссалам білдіргеніндей «Аллаһуммә инни әузу бикә мин ән-ушрикә бикә шәй-ән уә әнә аләму уә әстағфиру-кә ли ма ла-аләму иннәкә әнтә алламулғуйуб» дұғасын таңертең және кешке оқу керек. Бұл «Аллаһым біле тұра шірк жасаудан саған сыйынамын. Білмей жасап қойған болсам мені кешір. Сен барлық нәрсені білушісің» деген мағынада. «Ла илаһә иллаллаһ, Мухаммадун расулуллаһ» деп иманды жиі-жиі жаңартып тұру керек. Күпірге себеп болатын сөз және істерден аулақ болып, иманды сақтауға тырысу керек. Аллаһу та’ала барлығымызды күпір пәлекетінен сақтасын, иман саламатын берсін!

 

салеметсіз бе? Мен намазды 2 ай бұрын бастағанмын, тым жақсы оқып жүр едім, қазір енді неге екенін білмеймін еріншектік басып бара жатыр, тіпті таң намазына оянбайтын болдым, таң намазын ұйқыдан тұрғасын оқитын болдым,ниет еттім қаза болған таң намазын өтемекке деп оқитынды шығардым, не істесем болады, тіпті кейде бүйтетінім бар неге бастадым деп өз өзіме жынданамын, не істесем болады

Мүмкін Сіз мына "Әбу-Нұрхаят. Намазын тастап кеткен бауырыма хат!" деген хатты оқысаңыз, ойыңыз дұрысталар.

Ассалаумағалейкум, бауырым!

Намазың аман ба? Парызың мен сүннетің түгел ме?

1

Намазға жығылғандар әртүрлі себеппен жығылады: біреулер жақындарының уағызымен маңдайын сәждеге апарса, енді біреулерге бастарына түскен ауыр сынақ себеп болып жатады. Сен де сондай себептердің бірімен намазға келген боларсың, сондай себептердің бірімен осындай бақытқа жеткен шығарсың. Енді намазға жығылмай тұрған уақытыңды бір еске алып қойшы? Сол уақытта не ойлап жүрдің? Намаз оқитындарға деген көзқарасың қандай болды? Қандай күнәлар жасадың?

Біз көбінесе осы нәрселерді ұмытып кететін секілдіміз. Сөйтеміз де әлі дінді түсіне қоймаған адамдарға жақтырмай қарап қаламыз, оларды түсінуге тырыспаймыз, тіпті кейде ренжітіп те аламыз. Міне, бүгін қолыма қалам алып, өзіңе хат жазуыма себеп болған осы мәселе.

2

Намазға жығыла қоймаған бір досым айтып еді: «Намаз оқитын жігіттер намаз оқитын адамдармен ғана араласқысы келеді», деп. Рас, бес уақыт намазы түгел бауырыңмен араласу әлдеқайда жақсы әрі жеңіл: пікірің бір, сенімің бірдей дегендей. Бірақ намазын оқымаса да, оқығысы келіп жүрген, саған қызыға қарайтын адамдар да көп қой? Егер оларды сыртқа теуіп тұрсақ, мінезіміздің көркемдігі қайсы? Өз басым намазға келмей тұрған кезімде намаз оқитын достарым маған да бауыры секілді қараса екен деп тілейтін едім іштей. Мүмкін өзің де сөйткен боларсың?

3

Біреудің иман келтіруі де, намазға жығылуы да Алланың қолындағы нәрсе. Сен оған насихат айтарсың – жүрегіне жетер, я жетпес. Жүрегіне жеткен болса, сенің уағызды жақсы айтқандығыңнан емес, Алланың бұйыртқанынан. Жүрегіне жетпеген болса, сенің нашарлығыңнан емес, бауырым, керісінше досыңның «намаз» атты нығметке әлі лайық болмағандығынан. Ал егер лайық боп тұрса, Құдай оған бұйыртып тұрған болса, ол біздің уағызымызсыз-ақ сол күні тәубесіне келіп, сапқа тұрады. Біз осы нәрсені де ұмытып кетіп жатамыз, өкінішке қарай.

Тағы бір танысым былай дейді: «Намаз оқитындар Құдайды жекешелендіріп алғандай сөйлейді». Біз кейде өзіміз тозаққа түспейтіндей сөйлеп кететін болсақ керек. Пендешілігіміз түрткілеп, бір жағынан шайтан итермелеп, тәкаппарлығымыз ұстап қалатын шығар осы. Өзіміз саналы түрде ойламасақ та, ішіміздегі бір әзәзіл ой: «Мен намаз оқимын, бірнеше сүре білемін, хадис жаттағанмын, ал бұл кім менің жанымда?» деп тұратын шығар? Бұндай кездері: «Надан», «дінсіз» деген сияқты сөздерді айтып қоятын шығармыз мүмкін. Көбінесе, дауласқан кездерде. Әрине, дініңе тисіп тұрса, қате нәрселер айтып тұрса, ашуың келеді, ондай кезде сабыр сақтау өте қиын. Бірақ, ойланып көрші, ол шынымен де әлі көп нәрсені білмейді ғой? Ол әлі сен тыңдаған уағыздарды тыңдаған жоқ қой. Ол Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянынан бейхабар емес пе? Ал біз ше? Біз – намаз оқитын мұсылмандар? Бізге Алла Тағала сондай бір нығметті бұйыртқан жоқ па? Біз күн сайын намаздың ішінде болса да кәлиманы айтып жүрміз ғой. Біз әлі ондай бақытқа ие болмаған адамның алдында исламның атынан сөйлеп тұрған жоқпыз ба? Оның біз туралы пікірі – ислам туралы пікірі емес пе? Осыны неге ұмытып кетеміз?

Тозақтың сипаттары туралы айтқан кезімізде «осы саған қатысты» деген ой ішімізде тығылып жатса, тыңдап тұрған адам оны сезбейді емес, сезеді. Содан кейін: «Мынау Құдайды жекешелендіріп алған ба», – демегенде не дейді? Ал шындығында, Құдай өзі сақтасын, қайсымыздың қалай өлерімізді кім білсін? Қазір иманымыз бар, ертең айрылып қалмасымызға кім кепіл? Жан тапсырарда тіліміз кәлимаға келмей қалса ше? Осы нәрсені уайымдамай, біреудің күнәларын көргіш боп кеткеніміз неліктен?

4

Ислам – ақиқат, біз бұған, Аллаға шүкір, сенеміз. Бірақ кейбір адамдардың ойынша дін деген бар болғаны идеология, тақуа деген – фанат! Оларға сенсек, шариғатпен жүрген адам бар қызықтан құр қалады.

Бірақ осындай пікірді айтқан адамның өзі Алланың рақымы түссе, тақуа бауырларымыздың біріне айналуы ғажап емес қой? Хатымыздың басына қайта оралайықшы: біреулер жақындарының уағызымен маңдайын сәждеге апарса, енді біреулерге бастарына түскен ауыр сынақ себеп болып жатады. Біз де сондай себептердің бірімен намазға келдік қой. Намазға жығылмай тұрған уақытымызды бір еске алып қояйықшы? Сол уақытта не ойлап жүрдік? Намаз оқитындарға деген көзқарасымыз қандай болды? Қандай күнәлар жасадық? Сол кездегі қай қылықтарымыз үшін Алладан кешірім сұрап жүрміз…

5

Бауырым, өзімсініп жазған хатым еді, өзімсініп қабыл аларсың. Намазымыз түгел болсын, қатарымыз көбейе берсін. Ассалаумағалейкум!

Құптан намазының оқылу тәртәбін суретпен сала аласыздар ма? Алдын ала рахмет!

ҚҰПТАН НАМАЗЫНЫҢ 4 РӘКАТ ПАРЫЗЫ

1-РӘКАТ                                   2-РӘКАТ                                    ОТЫРЫС

 

 

3-РӘКАТ                               4-РӘКАТ                                СОҢҒЫ ОТЫРЫС

 

ҚҰПТАН НАМАЗЫНЫҢ 2 РӘКАТ СҮННЕТІ

      1-РӘКАТ                               2-РӘКАТ                                СОҢҒЫ ОТЫРЫС


Сәлеметсіз бе! Азан кай уакыт, камат кай уакыт,айтасыз дар ма ? Тілекті қалай тілеген дурыс,бағытын білгім келеді,

Уа ғалейкумуссалам! Алла қаласа, ертең (14.08.2014):
1. Таң намазына азан 04.32-де шақырылады, күн шығу уақытынан (06.19-ден) 30-40 минут бұрын, яғни, 05.40-та парыз намазына қамат айтылады.
2. Бесін намазына азан 13.21-де шақырылып, 13.40-та парыз намазына қамат айтылады.
3. Екінті намазына азан 18.16-да шықырылып, одан (18.16-дан) 5-10 өткеннен кейін парыз намазына қамат айтылады.
4. Ақшам намазына азан 20.27-де шақырылып, артынша парыз намазына қамат айтылады.
5. Құптан намазына азан 22.02-де шақырылып, одан (22.02-ден) 10 өткеннен кейін парыз намазына қамат айтылады.

Дұға жасау – өте маңызды ғибадат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) – «Дұға – ғибадаттың негізі» деді. Адам баласы кішірейіп,  Алладан алақан жайып тілек тілесе, ол Алланың алдында әлсіз екенін мойындауы. Жарататушы Жаббар иеміз сіз бен бізге дұға тілеу жайында былай дейді: «(Мұхаммед с.ғ.с) егер құлдарым, Мен туралы сұраса: Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше оларда әмірімді қабыл етсін. Және маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді.» Сондай-ақ, келесі аятта: – «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын.» Мінекей Алла тағала бізге дұға тілесек қабыл ететіндігін айтуда. Дұға етіу үшін алдымен төмендегі амалдарды орындасаңыз екен дейміз:

1.Ең әуелі жеген асыңыз адалдан болуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сағдқа (р.а) былай деген: «Әй, Сағд асыңды жақсарт, дұғаң қабыл болады», - деді.
2.Дұғаны үнемі жасау,
3.Қабыл болмай жатса, қабыл етілуіне шыдамсыздық танытпай, сабырмен дұғаны жалғастыру,
4.Дәретпен болу,
5.Құбылаға қарау,
6.Дұға қабыл етілетін кезді таңдау. Мәселен, азан мен қаматтың арасында, түннің үштен бір бөлігінде, арафа күні, айт күндері, жаңбыр жауған кезде тілеген жақсырақ.  
7.Дұға тілегенде ықыласты болуы және жүрек, тілеп жатқан дұғаға сәйкес келуі керек. Тілімен дұға тілеп жүрегі басқа жақта болса пайдасы шамалы болады. Әли (р.а.): «Ықылассыз жасалған дұғада қайыр жоқ» деді.
Дұға тілеп бастағанда әуелі Аллаға мақтау айтып кейін пайғамбарымызға салауат айтып, жүрегі қалаған тілегін тілейді. Сосын тағы пайғамбарымызға салауат айтып, Аллаға мақтау айтып тәмамдайды. Дұға жасағанда ата-анаға, туған-туыстарға, басқада мұсылман бауырларымызға  дұға тілеген нұр үстіне нұр болады. Біріншіден Құран кәрімде Алла тағала бізге ата-анамызға дұға жасауға бұйырып былай дейді: 
– «Ол екеуіне кішірейіп мархамет құшағын жай да: Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей, Сен де оларды мархаметіңе бөлей гөр! де».  
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): 
– «Мұсылманның бауырына жасаған дұғасы қабыл болады. Дұға етуші адамның үстінде періште тұрады. Әрқашан бауырына жақсылық тілеген сайын періште: «Әмин, сағанда соны берсін деп тұрады». Мұсылмандар бір-біріне жақсылықта тілектес болса екен дейміз.

Сәлеметсіздер ме жалпы қыз алып қашу күнә ма мысалы мүлдем танымайтын қызды алып қашып ұрып соғып қинап үйлендіріп жатыр осы жайлы исламда не делінген

Уа алейкум ассалам! Құрметті Арна! Жалпы адамның бостандығы мен құқығына қол сұғуға шариғатымызда қатаң тиым салынған. Бұл адамның ар-намысын аяқ асты ету және күнә іс. Қыз алып қашу да сол сияқты.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында Мина жазығында тұрып, құрбандық күні: «Расында, сендердің қандарың, мал-дүниелерің және ар-намыстарың бір-біріңе осы қасиетті (Мекке) қаласы, осы қасиетті (қажылық) айы, осы қасиетті (құрбан айт) күніндей қастерлі (қол сұғуға тыйым етіледі)», – деп,(Бұхари мен Муслим) адам ар-намысының қаншалықты қастерлі екендігін ескерткен.
Сонымен қатар, ҚР Ата Заңы бойынша да мұндай әрекет қылмыс саналады. Адам ұрлау және бас бостандығынан айыру заңмен жазаланады(ҚР Қылмыстық кодексінің 125 және 126-баптары).
Халқымызда «Қыз мұраты – кету» дегендей, теңін тапқан қыздың жолын байламау дәстүр тағы бар. Бұл – шариғатқа негізделген дәстүр. Шариғатта «Ең жақын уәли ұзақ сапарда болса, қыздың теңін күттірмеу үшін кейінгі уәли тұрмысқа береді(Әл-Ихтияр лит-таълил мухтар, 2-том, 119-бет)» деп айтылған. Мәселен, қыздың жақын туыстары қайтыс болса, қызды айттырып келу ерсі саналады. Қазалы үйде біраз уақытқа дейін құда күту сияқты қуанышты шаралар жасалмайды. Бірақ, қыздың бағын байламау үшін ана-атасы өз баталарын береді де «қыз қашып» кетеді. Алайда, бұл қызды зорлықпен алып қашу емес.
Қызды тұрмысқа ешкім мәжбүрлеп бере алмайды. Неке мәселесінде қыздың өзі шешім қабылдайды Тіпті, әкесі де еріксіз тұрмысқа бере алмайды.
Ибн Аббас (р.а.): «Бір қыз Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп әкесі еркінен тыс тұрмысқа беріп жатқанын айтып шағымданады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) қызға өзіне таңдау жасауға рұқсат етеді(Ахмет, Әбу Дауд, Ибн Мажаһ)»,-деп риуаят етеді.

 

Ассалямуалейкум! Мен Сізден сұрайын дегенім өзім намаз оқимын, Ораза ұстадым, бирақ ата-анам намаз оқымайды, олар бір орыс кемпірге барып бір нәрселер оқытады. Ол кемпір мен жайлы барлығын айтып берген, отбасымыздағы барлық болған жайттарды айтқаннан кейін ата-анам оған сенеді. Енді мен ойланып отырмын, әрине Аллахтан басқа Құдай жоқ екеніне күмән келтірмеймін. Бірақ оған жай барып көрсем деген ой мазалап жүр, шайтан азғырып жүргені ме?! Егер оған жай ғана сынап көру үшін барсам, барлық сауаптарым құрып кетеді ме? Ақыл қосыңызшы өтінемін!

 Айкерім

Уа ғалейкумуссалам! Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с):«Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болатын болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с)келтірген дінге қарсы шыққанмен тең»(Ахмад, 2/429 бет), - дейді. Бал ашқан адам ғайыпты айтамын деп Алланың әміріне қарсы шығады. Кейбіреулер емші, балгерлерді қасиетті адам деп әспеттейді.
Айша анамыз (р.ғ.): «Бірде бір топ адам Алла Елшісінен (с.ғ.с) сәуегейлер жайлы сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Олардың айтатыны шындық емес»,-деді. Екі әлем Сардарына осы сауалды қойғандар: «Уа, Алланың Елшісі! (с.ғ.с) кейде олардың бізге айтқандары рас болып жатады»,-деді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с) оларға: «Ондай ақиқат сөздерді жындардың бірі алдымен (періштелерден) ұрлап алып, кейін оны досының (яғни, балгердің) құлағына сыбырлайды. Ал, балгерлер сол сөзге өз ойынан жүз өтірік қосып (болашақты білетіндей бал ашады)»-деп айтты»(Бұхари, Тәухид 57),-деген.
Кей кезде балгерлердің айтқанының дәл келетіні рас. Бұны олардың жындармен байланыста болғанымен түсіндіруге болады. Жындар көбінесе рухани төмен, тәні лас адамдарға кіреді, сондаай-ақ кәпір жындар өздеріне дос ретінде кейбір адамдарды әдейілеп таңдап алады. Сөйтіп оларды алдапарбау арқылы, түрлі айлакерлік әдістермен өз ырқына көндіреді. Негізінен жындар ғайыппен байланысты мағлұматтардан бейхабар екені анық, олар тек адамдарға белгісіз кейбір мәліметтерді ғана жеткізе алады. Көбіне олар, көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасайды. Осы тыңшылықтан алған мәліметтерін жердегі достарына өтірік қосып жеткізеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және бір хадисінде: «Кімде-кім балгерге барып, одан бірдеңе жайлы сұраса және сол естігеніне сенетін болса, оның дұғасы, қырық күн бойы намазы қабыл етілмейді»(Мүсілім және Ахмад),-деген. Яғни, ол адамның намазы, құлшылығы, тілегі қабыл болмайды деген сөз. Ғибадаттың үлкені – намаз. Намаз қабыл болмағаннан кейін басқа ешбір амалдар да қабыл болмайды.

Ассалаумағалейкум! Менің қояйын деген сурағым мынадай еді: Ин ша Аллах отау құрсам деген едім, бирақ алатын қызым Орыс халқынын қызы. Ол қыз менің дінімді, яғни Исламды қабылдауға қарсы емес. Қабылдау ушін не істеуіміз керек? Алдын ала дайындалып келу керек пе? Осы сұрағыма түсінікті жауап беріңіздер. Алдын ала рахмет айтамын. Алла риза болсын!

Самат

Уа ғалейкумуссалам, Самат мырза! Ислам дінін қабылдау шарты өте жеңіл. Ол үшін шәһәдә кәлимәсын айту керек. Шәһәдә кәлимәсы: арабшасы: أَشْهَدُ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ транскрипциясы: "Әшһәду әлләә иләәһә илләллааһу уә әшһәду әннә мухәммәдән ғәбідуһу уә расуулуһу" қазақша мағынасы: "Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне куәлік етемін және Мұхаммед Оның елшісі әрі құлы екендігіне куәлік етемін" орысша мағынасы: "Я свидетельствую языком, признаю и верю сердцем, что нет ничего достойного поклонения кроме Аллаха Единственного, у Которого нет сотоварища, и я еще раз свидетельствую, признаю и верю сердцем, что, воистину, Мухаммад - Его раб и Посланник".
Шәһәдә кәлимәсын айтудың үш шарты бар. Олар: 1. Шәһәдә кәлимасы міндетті түрде Құран тілімен айтылу керек. Яғни, арабшасы: أَشْهَدُ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ транскрипциясы: "Әшһәду әлләә иләәһә илләллааһу уә әшһәду әннә мухәммәдән ғәбідуһу уә расуулуһу".
2. Шәһәдә кәлимасының мағынасы білу керек. Яғни, қазақша мағынасы: "Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне куәлік етемін және Мұхаммед Оның елшісі әрі құлы екендігіне куәлік етемін" орысша мағынасы: "Я свидетельствую языком, признаю и верю сердцем, что нет ничего достойного поклонения кроме Аллаха Единственного, у Которого нет сотоварища, и я еще раз свидетельствую, признаю и верю сердцем, что, воистину, Мухаммад - Его раб и Посланник".
3. Шәһәдә кәлимаға мызғымас сенім арқылы жүрекке бекіту керек. Және ешқашан күмән келтірмеу керек.

 Сәлеметсіз бе!

1. Намаз уақытын алты бөлікке бөлініп көрсеткен. Ол қалай, түсіндіресіз бе?

2. Таңертең, төсекке жатқанда, қатты қиналғанда, уайым-қайғыдан құтылу үшін оқылатын дұғаларды қай жерде оқиды? Шарттары бар ма? Алақанды жайып айтуға болады ма?

 Эльмира

Сәлеметсіз бе, Эльмира!  1. Намаздың уақыты бесеу, олар: Таң, Бесін, Екінті, Ақшам, Құптан. Ал, намаз уақыты кестелерінде "Таң" мен "Күннің шығуы" деп бөлек көрсетілген уақыттар, таң намазының басталу мен аяқталу уақыты етіп көрсетілгендігін ескертеміз. Қалған төрт (Бесін, Екінті, Ақшам, Құптан) уақыт намаздардың басталу уақыттары көрсетілген, себебі, олардың уақыттары келесі намаздың уақыты кірумен аяқталады.
2. Таңертең ұйқыдан тұрғанда, Төсекке жатқанда, Уайым-қайғыдан құтылу үшін оқылатын мына: http://hibatulla.kz/ru/islam_32.html сілтемедегі дұғаларды таза жерде, таза халде, мүмкіндігінше дәретпен, алақан жайып оқып бетті сипаумен жасайсыз. Қабыл болсын!