Ислам асыл дініміз

 Әссәләму әлейкум уа рахматуллаh 

Менің білгім келетіні, Имам Ахмадттан  келетін сахих хадисте Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәллім айтады: «Константинополь мұсылмандардың қаласына айналады. Сол қаланы барып мұсылмандардың қаласына айналдыратын басшы қандай жақсы басшы және оның әскерлері қандай жақсы әскер» деп.  Сонда, ол қаланы Пайғамбарымыздан кейін неше ғасырдан кейін алды. Ол Константинополь қандай қала еді. Ол оқиға түріктердің ханы болған Сұлтан Сүлейменнен алдын болған ба?
Әлде одан кейін болган ба? Және сол қаланы басып алған кісі имам Абу Ханифа мазхабын ұстанған дейді.  Осы сұрағыма толығырақ жауап берсеңіздер екен?

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһ! Абдулла ибн Бишр әл-Ғунауи жеткізген хадисте Аллаһ елшісі Мұхаммад (саляллоху алейхи уа саллям):

«Константинополь міндетті түрде ашылады (Ислам жетеді), оны алған қолбасшы қандай игі (ғажап) адам, оның әскері қандай керемет!? »

деп, 1453 жылы Мұхаммед ибн Мұрад ибн Мұхаммед ибн Осман, лақап аты – Султан Мұхаммед әл-Фаатихтың (Ашушы Мұхаммед) Константинополді ашып, «Ислам бол» аттап (кейін Стамбул деп аталып кеткен), исламға қосқан үлесін сегіз ғасыр бұрын хабар беріп кетті.

Айдаһардай айбарлы Византияның ең көркем каласы Канстантинопольді басып алған Мұхаммед әл-Фаатих өте білімді, әрі ғалым адам болған. Ол Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы мен Имам Матуриди сенім мектебін ұстанған.

Енді ойланып қарайықшы, егер, кейбіреулер айтқандай, Имам Матуриди және оның жолындағылар адасқан болса, онда Пайғамбарымыз (саляллоху алейхи уа саллям) Матуридилік дәстүрлі жолды ұстанған Мұхаммед әл-Фаатихты сонша мақтар ма еді? Әрине, мақтамас еді. Ендеше, Расул Карим Мұхаммад (саляллоху алейхи уа саллям) «…қандай игі адам!» деп мақтаған матуридилік жолды ұстанған мұсылмандарды адасқан, имансыз деп сөгуге адамның дәті қалай барады!?

Атам қазақ ғасырлар бойы Құран мен сүннетке Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы мен Имам Матуриди сенім мектебін ұстану арқылы амал етіп, ел ынтымағын айрандай ұйытып, оны атадан балаға мұра қалдырған. Ендігі кезекте соны бекем ұстанып, болашақ ұрпаққа аманат күйінде жеткізу – біздің мойнымыздағы басты міндет деп біліңіз, ағайын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллахи уа баракатуху... Кешіріңіздер, Осы Қабірдегі сұрақтар қанша уақытқа созылатыны және осы оқиға қалай болатыны жайлы айтып берсеңіз қиын болмаса хадистерден... (Егер болса)

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Өлімнен кейін қайтадан тірілуге дейін жалғасатын өмір – қабір немесе барзах әлемі деп аталады.
Кез келген адам өлгеннен кейін топыраққа көмілсе де яки көмілмей суға батып балықтарға жем болып немесе отқа жанып күл болып кетсе де, міндетті түрде қайта тірілгенге дейін қабір, яғни барзах өмірін бастан өткереді. Өйткені, рух сол бөлек-бөлек боп шашылып кеткен денемен байланыс құра алатындай қабілетте.

Мысалы, бір жерден жіберілген радио толқындар дүниедегі миллиондаған радиолармен байланыс құрып, бір хабарды әлемдегі миллиардтаған адамға таратып жатқанда, рухтар неліктен өз денесінің бөлшектерімен белгілі бір байланыста бола алмасын? Негізінде өлген адамдардың денелерінің қабірге жерленуіне байланысты барзах өмірі – қабір өмірі делінген. Өйткені, рух қабірдегі денесімен белігілі бір байланыста болады. 


Қабір, барзах әлемі ерекше бір әлем болғандықтан, өзіне тән заңдылықтары мен өлшемдері де болуға тиіс. Сондықтан, барзах әлемінде болатын азапты яки рахатты, адамдардың иманына қарай қабірдің қысуы мен қараңғы болуын немесе керісінше кең және жарық болуын бұл дүниеге тән заңдылықтармен түсіну әсте мүмкін емес. Оны түсінуге біздің шектеулі ақылымыздың да, мына дүниедегі физикалық заңдылықтардың да өлшемі сай келе бермейді.

Адам баласы қабірге жерленгеннен кейін «Мункәр» және «Нәкир» деп аталатын екі періште келіп оған: «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Дінің не?» деген сияқты сұрақтарды қояды. Сұрақтарға жауап берген иманды жандар дүние өмірінен де тамаша, жұмақ өміріне жақын дәрежеде, рақат және ләззат ішінде болады. Ал, сұрақтарға жауап бере алмаған имансыз яки күнәһар жандар дүние өмірінен де бетер, тозаққа жақын кейіптегі азап ішінде ғұмыр кешеді. Демек, қабір адамдардың дәрежелеріне қарай жұмақ бақшаларынан бір бақша яки тозақтың шұңқырларынан бір шұңқырға айналады. Бір хадисте: «Кісі жан тәсілім еткен уақытта таңертең және кешкісін оған отыратын жері көрсетіледі. Егер жәннаттық болса, жәннат, тозақтық болса тозақ көрсетіледі. Сосын оған, міне, Алла сені қиямет күні қайта тірілткенге дейін отыратын жерің осы делінеді».


Дүниеде мұсылман құлдардың басына келетін әртүрлі аурулар мен қиыншылықтар дүниеде істелген кішігірім күнәлардың кейбіреулеріне кәффарат болып, сол күнәлардың тазалануына себеп болса, дүниеде де тазаланбайтындай кейбір күнәларға қабір азабы кәффарат болмақ. Қабірде де тазаланбайтындай үлкен күнәлар ақыретке, үлкен есеп күніне аманатталады. Бір хадисте: «Қабір ақырет аялдамаларының алғашқысы, кімде-кім осы аялдамадан аман-есен өтсе, кейінгі аялдамалардан да оңай өтеді, ал өте алмаса кейінгілерді өту одан да қиын болады», – делінеді. Басқа бір хадисте: «Мүшріктер (Аллаға серік қосқандар) қабірлерінде қатты азапқа душар болуда. Олардың (шыңғырған) дауыстарын тек қана жануарлар естиді», – деп қабір азабының ауыр екендігін білдірілген.


Қайтыс болған кісі үшін артында қалған адамдар көбірек дұға жасап, күнәларының кешірілуін тілеу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамды жерлеп болғаннан кейін қабірдің жанына тұрып былай дейтін: «Бауырларыңыз үшін Алладан кешірім тілеп (иманында) тұрақты етуі үшін дұға етіңдер. Еш күмәнсіз ол қазір сұраққа тартылып жатыр».
Мына дүниеде оқыған құранымыз бен түнде оқыған тәһажжуд намазымыз тар орнымызды кеңейтіп, қараңғы қабірімізді ерекше нұрға бөлейді.

Ассаляму алейкум Омар р.а. жүн носкиге масих тартканы туралы естідім. Сахабанын амалын істесе болады ғой. Себебі, қазіргі мәсілер 3 км жүруге жарамайды және масих тартқанда ішке су өткізеді.

Уа ғалейкумуссалам! Бүгінгі таңда кейбір  жастар дәреттің төрт парызының бірі саналатын «аяқты жууға» жеңіл қарап, жаз болсын, қыс болсын жұқа шұлыққа мәсіх тарта салуды әдетке айналдырып, тіпті өзгелерді де осыған уағыздап жүр. Дәлел ретінде Муғира ибн Шуъбадан риуаят етілген:

عَنْ الْمُغِيرَةِ بْنِ شُعْبَةَ قَالَ تَوَضَّأَ النَّبِيُّ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ
 وَ مَسَحَ عَلَى الْجَوْرَبَيْنِ وَالنَّعْلَيْنِ

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәрет алды және екі шұлығына және аяқ киіміне (наъл – аяқ киімнің тәбішке секілді тобықтан төмен келетін жеңіл түрі) мәсіх тартты» деген хадисті келтіреді. Алайда бұл хадис көптеген хадис ғалымдары бойынша «сахих» емес. Әбу Дәуід, ән-Нәсаий секілді хадис ғалымдары бұл хадисті «әлсіз» деген. әт-Тирмизидің хадис жинағына «Тухфатул-ахуази» атты кең түсіндірме жазған Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдур-Рахим да жоғарыдағы хадисті және пайғамбарымыз (с.а.у.) шұлыққа мәсіх тартты деген басқа үш хадистің де түгелдей «әлсіз» екенін білдірген.

Негізінде Муғира ибн Шуъбадан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шұлыққа емес, мәсіге мәсіх тартқандығы дұрыс жолмен риуаят етілген[1]. Имам ән-Нәуауий жоғарыдағы хадис жайлы былай дейді: «Бұл хадис – әлсіз. Көптеген Хафыз ғалымдар әлсіз деген. әл-Бәйһақи бұл хадисті «мүнкәр» дей отырып Суфиян әс-Сәури, Абдур-Рахман ибн Мәһди және Ахмад ибн Ханбал, Али ибн әл-Мәдини, Иахия ибн Мағин, Муслим ибн Хажжаж секілді мәшһүр хадис ғалымдарының да «әлсіз» деп бағалағанын жеткізді[2]. Әт-Тирмизи бұл хадисті «хасан-сахих» деп бағалағанымен жоғарыда аты аталған хадис ғалымдарының деңгейі одан жоғары деп есептеледі.

Тіпті ілім иелерінің келісілген пікірі бойынша бұл ғалымдардың қай-қайсысы да әт-Тирмизиден (хадис ілімінде) жоғары. Екіншіден, хадисті «сахих» деп қабылдағанның өзінде басқа қайшы дәлелдермен үйлестіріп дұрыс түсіну үшін онда айтылған «шұлықты» (аяқ киімсіз) жүруге жарайтын шұлық деп жорамалдау қажет. Себебі, хадисте жалпылай шұлықтың барлық түрін білдіретін сөз жоқ[3]. Үшіншіден, әл-Бәйһақи (кітабында) ұстаз Әбул-Уәлид ән-Нәйсабуридің былай дегенін жеткізді: Бұл хадистегі шұлық – жеке шұлық және жеке аяқ киім емес, асты терімен қапталған шұлық. Яғни, хадисті: «Пайғамбарымыз екі шұлығына және аяқ киіміне мәсіх тартты» деп емес, «табаны терімен қапталған екі шұлыққа мәсіх тартты» деп түсіну қажет. әл-Бәйһақи Әнас ибн Мәликтің де хадиске байланысты осы мағынаны меңзейтін сөзін жеткізді»[4].

Тіпті, имам әт-Тирмизидің өзі аталмыш хадистегі шұлықты жай жұқа шұлық деп емес, «қалың байпақ» деп түсінген. Оған дәлеліміз, Имам әт-Тирмизи жоғарыдағы хадисті келтіргеннен кейін былай дейді: «Суфиян әс-Сәури, Ибн Мүбәрак, Шафиғи, Ахмад және Исхақ сияқты көптеген ғылым иелері: «Наъл (тәпішке тәрізді жеңіл түрі) болмаса да қалың шұлыққа[5] мәсіх тартуға болады»[6].

«Жұқа шұлыққа мәсіх тартуға» болады дейтіндердің дәлел ретінде келтіріп жүрген жоғарыдағы Муғира ибн Шуъбадан риуаят етілген хадисті түйіндер болсақ:

Біріншіден, хадис – Муслим ибн Хажжаж[7] сияқты көптеген мәшһүр хадис ғалымдарының пікірінше, «әлсіз».

Екіншіден, хадисті дәлел ретінде қабылдағанның өзінде онда айтылған шұлық жұқа емес, қалың шұлық. Тіпті хадисті «хасан-сахих»деп бағалаған әт-Тирмизидің өзі осылай түсінген.

Үшіншіден, Әбул-Уәлид ән-Нәйсабури сынды  кейбір ғұламалар хадисте айтылған «екі шұлығына және аяқ киіміне мәсіх тартты»дегенді шұлығына жеке, аяқ киіміне жеке мәсіх тартты деп емес, «табаны терімен қапталған шұлыққа» мәсіх тартты деп түсінген.

Төртіншіден, хадисте тек шұлыққа ғана мәсіх тартты делінбеген, шұлықпен бірге тәпішкесіне (аяқ киімнің тобықтан төмен жеңіл түрі) де мәсіх тартты делінген. Осының өзі аталмыш хадистің тек шұлыққа мәсіх тартудың дұрыстығына дәлел бола алмайтынын білдіреді.

Ендеше, Құранда «аяқтарыңды жуыңдар» деп әмір етілген дәреттің төрт парызының бірі саналатын «аяқ  жууды» – хадис ілімінің көптеген ғалымдары  «әлсіз» санаған, тіпті, дәлел ретінде қабылдағанның өзінде әртүрлі түсінуге әрі жорамалдауға болатын күмәнді хадиспен айырбастауға болмайды. Төрт мәзһаб ғұламаларының ешқайсысы «жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болады»- деп пәтуа бермеген. Яғни, бұл мәселеде ғұламалар арасында «ижмағ» бар.

 


[1]     Муслим ибн Хажжаж, Сахих Муслим, 1-том, 229-бет. «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.

[2]     Мәғрифатус-сунан уәл-әәсаар лил-Бәйһақи, 1-том, 349-бет. «Дәрул-кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут.

[3]     Жалпылай барлық шұлықты білдіретін сөз жоқ деуі – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Шұлыққа мәсіх тартыңдар» деген әлсіз де болса, ешбір хадисі жоқ. Бар болғаны Муғира ибн Шуъбаның «пайғамбарымыз шұлығына және тәбішкесіне мәсіх тартты деген» оқиғаны баяндау сөзі ғана. Ал мұндай түрлі жорамалдауға болатын әрі бірнеше ықтималға жүкті оқиғаларды баяндау – Усулул-фиқһ ілімінде жалпылықты білдірмейді. Себебі баяндауда қолданған сөздер мен оқиғаны бағалау – баяндаушының көзқарсына тікелей қатысты.

[4]     Имам Әбу Зәкәрия ән-Нәуауий, әл-Мәжмууъ, 1-том, 566-бет. «Дәрул-фикр», Бәйрут, 1997 ж.

[5]     әт-Тирмизи жинағының «Тухфатул-ахуази» атты түсіндірмесінде әт-Тирмизидің: «Наъл» болмаса да деген сөзімен – табаны терімен қапталған шұлық болмаса да» деп айтқысы келгендігі жазылған. (Тухфатул-әхуази Шарху жамиъит-тирмизи, 398-бет, 1-том, «Байтул-афкарид-даулия» баспасы).

[6]     Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 1-том, 167-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.

[7]     Сунанул-Бәйһақил-кубра,1-том, 284-бет.  «Мәктабату Дарил-Бәз» баспасы, Мекке, 1994 ж.

Ассалаумағалеикум ағалар! 

Мені бірнеше сұрақ мазалап жүр еді. 1)Маликиді тақлид ету дегенді түсіндіріп жіберсеңіз! 2) Мысалы: мен жұмыс істедім, қолыма балшық немесе басқа да нәрсе жағылып кетсе, дәрет бұзыла ма? Тағы дәретті бұзбау үшін қандай шара қолданса болады, кейбір кезде күмәнданып қаламын дәретім бар ма, әлде бұзылды ма деп. 3) Мен өз жерімнен 100 км жерге жол жүріп барсам, 4 рәкәт парыз намазды 2 рәкәт оқуға болады деп, оқығанмын (Ғылымхал) кітабынан, бірақ мен 4 рәкәт толығымен оқуға жағдайым бола тұра, сол кітапта жазылғандай (кімде кім 4 рәкәт парызды сапарда жүрген кезінде 4-еу етіп оқыса, 2-еуі парыз, соңғы екі рәкәті нәпіл болады, бірақ парызға нәпілді қосқаны үшін күнәһар болады делінген). Қалайша сонда? Мен апамның уйінде (яғни туған жерімнен 100 шақырым жер) 4 рәкәт намаз оқуға шама бола тұрып 2 рәкәт оқу дұрыс па? Мен  ол жерге 3-4 күнге барған кезде. 

Уа ғалейкумуссалам! 1) Мәликиді тақлид ету дегеніміз Мәлики мәзһабының пәтуаларына сүйену дегенді білдіреді. 2) Қолға немесе денеге нәжіс жағылу дәретті бұзбайды, бірақ нәжісті тазалау міндет. 3) Қазіргі жол жүру үрдісі бағзы замандармен салыстырғанда, жетілген әрі қолайлы болғанымен, сапарға шыққан адамның үйреншікті өмір салты бәрібір өзгереді және жайсыз жағдайдың пайда болу мүмкіндігі де арта түседі. Сондықтан, мұсылмандардың намаздарын уақытында орындауына жеңілдік беру үшін сапар барысында намаздарды қысқартып оқуға шариғатта рұқсат етіледі.


Әбу Ханифа мәзһабы бойынша сапарда төрт рәкат парыз намаздарды қысқартып екі рәкат етіп оқудың үкімі – уәжіп. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Қашан жер жүзінде сапарда болсаңдар, намазды қысқартуда күнә жоқ» делінген («Ниса» сүресі, 101-аят).
Сондай-ақ намазды қысқартып оқу хадис және фиқһ ғалымдардың бірауыздан қабылдаған пікірімен де (ижма) бекітілген.


Намаздарды қауіп төнген жағдайда да, қауіпсіз жағдайда да қысқартып оқуға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл мүмкіндікті жол жүргенде: қажылық  пен ұмра (кіші қажылық) кезінде және жорыққа аттанған кезінде де қолданған. Бұның дәлелдерінің бірі ретінде келесі хадис жеткізілген.


Яғла ибн Умайя бірде Омар ибн әл-Хаттабтан былай деп сұраған: «Неліктен біз қауіпсіз жағдайда бола тұра намаздарды қысқартып оқимыз?» Бұған Омар (р.а.) былай деп жауап береді:
«Мен Алланың елшісінен дәл осылай сұрадым, ол маған: «Бұл Алланың сендерге берген сыйы. Оның садақасын қабыл алыңдар», – деді» деп түсіндірген (Муслим, Китабус-салә, 1108).
Сапарда қысқартып оқитын намаздар мыналар: бесін, екінті құптан. Ал таң, ақшам намаздарының парыздары мен үтір уәжіп намазы қысқартылып оқылмайды.

Салеметсизбе! Таухид деген не сол туралы айтып берсениз?

Уа ғалейкумуссалам! Таухид деген – Аллаһты жалғыз деп тану. Таухидтің үш түрі Аллаһқа иман келтіру төрт нәрсені қамтиды:

1) Аллаһтың барлығына иман келтіру; 2) Аллаһтың істеріндегі жалғыздығына иман келтіру; 3) Аллаһтың адамдардың құлшылықтарындағы жалғыздығына иман келтіру; 4) Аллаһтың есімдері мен сипаттарындағы жалғыздығана иман келтіру.

Аллаһқа иман келтірудің екінші негізі – бұл оның істерінде жалғыздау. арабша бұл таухид ар-рубубийя деп аталады. бұл Аллаһ тағаланы барлық істерінде жалғыздау, яғни жаратушы, ие, билеуші, тәрбиелеуші, ризық беруші, өлтіруші, тірілтуші, пайда мен зиян әкелуші және басқа да сипаттарға лайықты тек Аллаһ екенін мойындау.

Біз адамдардың ішінде, Аллаһпен бірге әлем жаратылысында біреудің қатысқанын немесе Аллаһтың сипаттарына ие біреу бар екенін жариялағандарды білмейміз.

Пайғамбарымыз Мухаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!) заманында өмір сүрген көпқұдайшылардың (мушриктердің) өздері де, құлшылық етіп жүрген тәңірлерін: ол періште болсын, пайғамбар болсын, ай немесе күн болсын, немесе қандай да бір пұт болсын – бұлардың барлығы Аллаһтың иелігінде екенін растайтын.

Аллаһ тағала айтты: «Егер олардан: «Аспандар мен жерді кім жаратты», - деп сұрасаң, олар әлбетте: Аллаһ», - дейді», (анкәбут, 25).

Tағы Аллаһ тағала айтты: «Айт: «Егер білсеңдер, жер мен оның бетіндегі барлығы кімдікі», - деп сұрасаң. олар «Аллаһ», - дейді», (муминун, 84-85).

Тағы да Аллаһ тағала айтты: «Айт: «Жеті көктің раббысы және ұлы арштың раббысы кім?». сонда олар: «Аллаһ», - дейді», (муминун, 86-87).

Тағы Аллаһ айтты: «айт: «Сендерді аспан мен жерден кім ризықтандырады? Құлақ пен көздерге кім иелік етеді? Өліден тіріні, тіріден өліні кім шығарады? Әр істі кім басқарады?». Олар «Аллаһ», - дейді. айт: «Ендіше, аллаһтан неге қорықпайсыңдар?»,(юнус, 31). Олар таухид ар-рубубийяны, яғни аллаһтың істеріндегі жалғыздығын мойындаған. «…Өліден тіріні, тіріден өліні кім шығарады? Әр істі кім басқарады?». Олар «Аллаһ», - дейді…», ия, олар бұны теріске шығарған жоқ, алайда бұған қарамастан Аллаһқа серік қосатын еді. Аллаһ тағала айтқандай: «Олардың көбісі Аллаһқа серік қоспай иман келтірмейді»,(юсуф, 106). Олар тек Аллаһтың істеріндегі жалғыздығына ғана сенеді, бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан, міндетті түрде таухид әл-улюһияға да иман келтіру керек, яғни Аллаһтың ғана құлшылыққа лайықты екеніне!

Барлығымызды жаратқан бір Аллаһ, ризық беретін де бір Аллаһ, денсаулық пен ем беретін де бір Аллаһ, бақыт пен тыныштық әкелетін де бір Аллаһ, өмір беретін де бір Аллаһ, аспандардан жаңбыр жаудыратын да бір Аллаһ, жерден өсімдіктерді шығаратын да бір Аллаһ, күн мен түнді ауыстыратын да бір Аллаһ және т.б. осы әлемдегі барлық істерді басқаратын бірАллаһ - демек біз тек сол бір Аллаһқа ғана құлшылық етуіміз керек. Басқа ешкім ол құлшылыққа лайықты емес: ол періште болсын, пайғамбар болсын, әулие болсын - бұның барлығы жаратылыс, ал біз тек әлемдердің жаратушысы Аллаһқа ғана құлшылықтарымызды арнауымыз қажет. Аллаһ тағала айтты: «Әй, адамдар! Сендерді және сендерден бұрыңғыларды жаратқан Раббыларыңа құлшылық етіңдер! Мүмкін тақуа боласыңдар. Ол сондай Аллаһ сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әр-түрлі өсімдіктен ризық шығарды. Сондықтан біле тұра аллаһқа серік қоспаңдар!», (бақара, 21-22).

Ал Аллаһтан өзге құлшылық етілетін нәрселер ештеңкені жаратпаған, ешнәрсеге ие емес. Аллаһ тағала айтты: «(Әй, мұхаммед! оларға) айт: «Аллаһтан өзге құлшылық ететін нәрседеріңді шақырыңдар. Олар аспандар мен жерде де кішкентай құмырсқаның салмағындай да түкке ие бола алмайды, олардың онда еш серіктестігі жоқ. Сондай-ақ, Аллаһқа олардың ешбіреуі көмекші де емес», (сәбә, 22). Аллаһқа иман келтірудің үшінші негізі: таухид әл-улюһийя, яғни Аллаһты құлшылықта жалғыздау.

Бұл мәселені талқылау алдын біз құлшылықтың не екенін біліп алуымыз қажет. Ғалымдар «әл-`ибәдаһ» (құлшылық) терминіне келесідей анықтама береді: Аллаһ разы болып, сүйетін жасырын немесе жария сөздер мен амалдардың барлығы. Егер Аллаһ бір сөзді жақсы көрсе, онда ол сөзді айтып жүру құлшылық болып есептеледі. Немесе егер Аллаһ бір іске разы болса, демек ол іс - құлшылық болып табылады, ол үшін оны жасаушы мұсылман адам сауап алады. Ал Аллаһтың қандай істі жақсы көріп, қандай іске разы болатынын біз оның кітабы Құраннан және елшісі мұхаммедтің (оған аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!) сүннетінен біле аламыз.

Аллаһ тағала Құранда өзінен дұға етуді, көмек сұрауды, қолдау күтуді, тәуекел етуді, қорқуды, үміт етуді, құрбандық шалуды, намаз оқуды, ораза тұтуды және т.б. амалдарды бұйырды. Осыдан түсінетініміз Аллаһ бұл істерді жақсы көреді, демек бұл аталған істер құлшылық! Ал құлшылықты тек Аллаһқа ғана арнау керек. Аллаһ тағала айтты: «Расынды, мешіттер Аллаһтікі, Аллаһпен басқа ешкімге құлшылық етпеңдер!», (жын, 18).

Сондықтан, тек Аллаһқа ғана құлшылық етуіміз керек: Аллаһқа ғана тәуекел етіп, Аллаһтан ғана қолдау тілеп, Аллаһқа ғана үміт етіп, Аллаһқа ғана құрьандықтарымызды шалуымыз керек. Өөйткені, құлшылықтардың барлығына Аллаһ қана лайықты. Міне, осы – таухид әл-улюһийя деп аталады, яғни Аллаһты құлшылықта жалғыздау.

Таухидтің осы түріне шақыру барлық пайғамбарлардың бірінші қадамы еді, әрі бұл – кез-келген балиғат жасына жеткен мүмкіншілігі бар адамның басты міндеті. Осы үшін Аллаһ жындар мен адамдарды жаратты; осы үшін өз елшілерін жіберіп, кітаптарын түсірді. Бұдан басқа, осы үшін ғана халықтар мен оларға жіберілген елшілер арасында таластар пайда болатын, және бұл адамдардың имандылар мен имансыздарға, бақыттылар мен бақытсыздарға бөлінудің себебі еді.

Аллаһ тағала айтты: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым», (зәрият, 56).

Аллаһ тағала тағы айтты: «Раббың, өзіне ғана құлшылық етулеріңді әмір етті…», (исра, 23).

Тағы Ол айтты: «Олар, құлшылықты, нағыз Аллаһқа шын ықыласпен ханиф түрінде орындаулары үшін ғана әмір етілген…», (бәйина, 5).

Ибн Аббастан келтірілген хадисте, пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!) Муаз ибн Жәбәлды Иеменге жіберерде былай деді: «Расында, сен кітап иелеріне барасың. Сондықтан сенің оларды шақыратын ең бірінші нәрсең «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ әрі Мухаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!) оның елшісі» куәлігі болсын. Егер олар осыны қабылдаса, онда Аллаһ оларға тәулік бойы бес уақыт намаз оқуларын бұйырғанын айт. Ал егер олар осыны да қабылдаса, Аллаһ олардың байларынан, кедейлерге берілетін зекетті бұйырғанын айт», (бұхари, муслим).

Басқа хадисінде Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!) айтты: «Адамдармен олар Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқтығына және Мухаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!) Оның елшісі екеніне куәлік айтқанға, намаз оқып,зекет бергенге дейін, күресуге бұйырылдым. Егер соны істесе, менен ислам ақысынан өзге қандары мен мал-дүниелерін сақтайды, ал есептері Аллаһтың міндетінде», (бұхари, муслим).

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!) тағы айтқан: «шын мәнінде, аллаһтың жүзіне ұмтылып «лә иләһа илләллоһ» деп айтқан адам үшін, қиямет күні аллаһ тозақ отын харам етеді», (бұхари, муслим).

Аллаһ тағала айтты: «Расында әр үмметке: Аллаһқа құлшылық қылыңдар, одан өзге құлшылық етілетіндерден (тағут) аулақ болыңдар», дейтін елші жібердік», (нахыл, 36).

Аллаһ тағала былай деді: « Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған күдіксіз менен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Маған ғана құлшылық қылыңдар» деп уахи етіп жібердік», (әнбия, 25).

Тағы да Аллаһ тағала нұх, һуд, солих және басқа пайғамбарлардың өз елдеріне былай айтқанын хабарлайды: «Әй елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар!сендердің одан басқа тәңірлерің жоқ», (ағраф, 59,65,73). Аллаһқа иман келтірудің төртінші негізі – бұл Аллаһтың есімдері мен сипаттарындағы жалғыздығы.

Әр бір адам Аллаһтың есімдері мен сипаттарына лайықты түрде иман келтіру керек. Оларды шынайы мағынасынан өзгертпей, ақылға симағандарын немесе көңілге жақпағандарын теріске шығармай, ойға салып «қалай» деген сұрақ қоймай, жаратылыстарының сипаттарына ұқсатпай, қабылдауы керек.

Аллаһ тағала айтты: «Eң жақсы есімдер Аллаһқа тән, оған солар арқылы дұға етіңдер! Аллаһтың есімдерінде қиғаштық істейтіндерді қалдырыңдар. Олар істегендерінің сазайын тартады», (ағраф, 180).

Тағы Аллаһ тағала айтты: «Әрі аспандар мен жердегі ең жоғары сипат оған тән. Ол өте үстем, хикмет иесі», (рум, 27). Тағы Аллаһ тағала былай деді: «Оған еш нәрсе ұқсамайды. әрі ол - естуші, көруші», (Шура, 11).

Ассаламу алейкум, сіздерге төмендегі сұрақпен хабарласып тұрмын: 1.Көлік жүргізуге отырғанда қандай дұға айту керек? 2. Ер-Дәуітке деп шелпек таратып, қан шығарып жатады осылар дурыс па? Бұлар  дұрыс болмаса қандай амалдар жасаған дұрыс?

Уа ғалейкумуссалам! Көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі мен мәдениеті

Адамзат баласы бұрынғы мінсең көлік, жесең тамақ болып саналатын төрт аяқты тұлпарларды төрт доңғалақты темір тұлпарға ауыстырғалы ғасырлардан асты. Қазіргі кезде темір тұлпардың адамның тіршілігі үшін де, құлшылығы үшін де алар орны орасан. Бұл темір көліктер бұрынғыдай мінсең көлік, жесең тамақ емес, мінсең көлік, жүрсең ақша. Себебі, көлік жүрген сайын жанармай жейтіні белгілі. Ал, жанармайды ақшаға аласыз. Оны қойшы. Одан да темір тұлпардың пайдаларын айтайық. Алысты жақындатады, ауырды жеңілдетеді.

Біреулер осы көлікпен-ақ бала-шағасының күнделікті нәпақасын тауып жүр. Ал енді біреулердің жұмысы көліксіз алға баспайды. Сөзіміздің басындағы адамның тіршілігі үшін деген ойымызды осылар растаса керек. Ал, адамның құлшылығы үшін дегенді қалай түсінеміз? Бұл өзіміздің намазхан бауырларымызға айтылатын жәйт.  Неге десеңіз, біреуге мешіт алыс орналасуы мүмкін. Не болмаса қоғамдық көліктер тоқтап қалатындығынан түнгі намаздарға (құптан, тарауих) қатыса алмауы мүмкін. Міне, осындай жағдайларда темір тұлпардың орны білініп-ақ қалады.

Темір көліктер шыққан жылына, көлеміне (объем), беріліс қорабына (автомат немесе механика) және т.б. сипаттамалық түрлеріне байланысты бөлініп жатады. Солардың ішінде көлемдісіне тоқталайық. Көліктің көлемі үлкен болған сайын жанармайды да көбірек жейді. Ал, ондай көлемді көліктердің көлемі төмендерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Баратын жеріңізге көлемі аз көлікпен де лезде жетуге болады. Қазіргі кезде кімнің қалтасы қалың болса, сол көлемі үлкен көлік мінеді. Бұл дегеніңіз жанармайды шамадан тыс шығындау. Одан қала берді ысырап. Ойлап қарасақ, көптеген бауырларымыз жанармайды аз шығындайтын көлемі кіші көліктерге қарағанда, жанармайды ысырап етуге жол беретін көлемі жоғары көліктерді таңдағанға құмбыл тұрады.

Бұл мұсылман баласына жараспас қылық. Басқа жақтан алғанда мұның бірнеше айтарлықтай зияны бар. Мысалға делік, жанармай мұнайдан өндіріледі. Мұнай сарқылатын қазба байлықтарына жататындықтан оны үнемдеп жұмсамаса мезгілінен ерте таусылуы мүмкін. Оның үстіне көлемі үлкен көліктер басқаларға қарағанда сыртқы ортаға зиянды түтінді көбірек шығарады. Бұл дегеніңіз экологияға айтарлықтай зиянын тигізеді. Көптеген дамыған елдердің өзі көлемі аз көліктерге көшуде. Көлемі үлкендерге тыйым жоқ, бірақ салынатын салығы ауыр.

Қазір кез келген елде өздерінің отандық көліктері шығарылады. Сол елге, жерге деген жанашырлығы бар азаматтарға отандық көліктерден неге мінбеске?! Дамыған және дамушы елдерде қазіргі таңда тек қана отандық көліктердің саудасы қызып тұр. Оны бәрінен бұрын мемлекеттік қызметкерлер алады екен.  

Арнайы ұсыныс

Көліктің қай түрі болса да қоршаған ортаға залал келтіреді. Сондықтан, қалалық жерлерде велосипед санын көбейтіп, оған арнайы жолдар салу керек. Жылдың жылы мезгілдерінде мемлекеттік қызметкерлерден бастап, жеке кәсіпкерлерге дейін бір мезгіл велоарбамен жүрсе, қаланың тынысы кәдімгідей кеңіп қалар еді.

Ежелгі көліктер

Ертеректе көлік ретінде жылқы, түйе, сиыр немесе өгіз, бір елдерде піл, бизон секілді жануарлар пайдаланылды. Екі дүние сардары Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түйесінің яғни, көлігінің аты Қусуа болатын. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қусуамен Мәдинаға хижрет еткен еді.     Пайғамбарымыздың басқа да көліктері болған. Алайда, жанына ең жақыны осы Қусуа екенінде дау жоқ. Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында жылқы мен түйе негізгі көлік түріне жатқызылды. Бір хадисінде Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Салихалы әйел, жақсы көлік, кең үй – бақытқа себеп. Мінезі жаман әйел, жаман көлік, тар және қысылыңқы үй бейбақтыққа себеп» (Әбу Дауд) деген болатын.

Әбу Са‛ид әл-Худри (р.а.) былай әңгімелейді:

«Бірде Пайғамбарымызбен (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарға шыққан едік. Жол-жөнекей түйеге мінген бір кісі оңына бір, солына бір жалтақтап қарай бастады. Оның жағдайын елден бұрын түсінген Аллаһ елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Кімнің артық көлігі болса, көлігі жоққа берсін. Кімнің қажетінен артық азығы болса, азығы жоққа берсін – деп, басқа да дүниелерді тізіп айтты. Біз бұл сөзінен ешкімнің де өз қажетінен артық дүниені қолда ұстауға құқығы жоқ екенін түсіндік».

Белдікті тақ, телефонмен сөйлеспе!

Қазіргі таңда көлік жүргізушілерге қойылатын талап та, бекітілген заң да жоқ емес. Солардың ішіндегі адамдардың көбісі мән бере бермейтіндерге: мас күйінде көлік жүргізу, көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефонмен сөйлесу, қауіпсіздік белдігін тақпау, жылдамдықты шамадан тыс асыру т.б. тәртіп бұзушылықтар кіреді. Жол көлік апатының көбісі осы талаптардың орындалмауынан болып жатады. Қауіпсіздік белдігін тақпағандықтан ажал құшқандар қаншама. Әрине, ажалдан ешкім қашып құтыла алмасы белгілі. Бірақ, сақтансаң Алла Тағала да сақтайды деген бар емес пе?!

Жол көлік апаттары тек көлік жүргізушілердің тарапынан емес, бәлки жаяу жүргіншілердің де себебінен болып тұрады. Иә, мұндай жағдайлар көп тіркеледі екен. Мысалға қазір көп адамдар арнайы сызылған жаяу жүргінші жолымен жүрмей, кез келген жолдың бөлігін кесіп өте салуға жақын тұрады. Негізінде әрбіріміз он, жиырма немесе отыз, мейлі елу метр жер болса да, ерінбей барып, арнайы сызылған сызықпен (жолақпен), не болмаса бағдаршамның кезегімен жолдың келесі бөлігіне өтуді әдетке айналдыруымыз керек-ақ.

 Көлікке отырғанда оқылатын дұға

«Һұд» сүресінде Нұх пайғамбардың оқиғасы баяндалады. Сондағы әр жануардан екі жұптан алып, өзінің жанұясы мен иман келтіргендерді кемеге отырғызу жайында Нұх пайғамбарға бұйрық келеді. Осы аяттың жалғасында Нұх (а.с.): «Кемеге отырыңдар. Оның жүруі де, тоқтауы да Алланың атымен. Расында Раббым өте жарлықаушы, әрі мейірімді» («Һұд» сүресі, 41-аят) дейді.Көлікке отырғанда айтылатын дұға да осы аяттан алынады. Аталған дұға мына түрде болады: «Бисмилләһи мәжрәәһа уа мурсәәһа инна рабби ләғафуурур рахим». Мағынасы: Оның жүруі де, тоқтауы да Алланың атымен. Расында Раббым өте жарлықаушы, әрі мейірімді». Бұл аятты барлық көлік түріне мінгенде оқыған адам апаттан, бәле-жаладан қорғалады.

Көлік әдептері

1.      Көлікті барынша таза ұстау.

2.      Белдікті жүрер алдында тағып алу.

3.      Жүрер алдында көлік дұғасын және аятүл күрсиді оқу.

4.      Жол ережелерін қатаң сақтау.

5.      Көлікті қатты жүргізбеу.

6.      Көлікте телефонмен сөйлеспеу.

7.      Көліктен сыртқа қарай қоқыс тастамау, түкірмеу т.б. тазалық ережелерін сақтау.

8.      Көлік салығын уақытында төлеп отыру.

9.      Көлікті сақтандыру.     

10.  Көлікті техникалық байқаудан өткізу.

11.  Көлікті жиі тексеруден өткізіп тұру. Көлік иесінің өзі де тексеріп тұруы.

АССАЛАУМАҒАЛЕИКУМ! 1) Тәхәжүд намазы дегенді түсіндіріп берсеңіз. 2) Намазда қателескенде не істелінеді? 3) Биыл арапа жұма уақытысына түсіп тұр,  менің естуімше жұма күні ораза ұстауға болмайды делінген, осыны түсіндіре кетсеңіз.

Уа ғалейкумуссалам! Тәһәжжуд намазы. Тәһәжжуд – түнде оқылатын намаз. Оны оқуға ниеттенген адам екі ракағатты етіп бір рет, екі рет және төрт рет қалағанынша оқуға болады. Әбу Ханифа «түнгі намазды төрт ракағатты бір сәлеммен оқыған абзал» десе, оның екі шәкірті Әбу Юсуф пен Мұхаммед «екі ракағатты бір сәлеммен оқыған абзал» дейді.

Имам Шафиғи мен Ахмад та соңғы пікірді ұстанады. Пайғамбар (с.а.с.) тәһәжжуд намазын ұзақ оқитын және рукуғ пен сәждеге барғанда көп дұға айтатын. Аллаһ Құранда түнде тұрып, құлшылық қылатын құлдарын мақтаған. «(Ал осылар) бойсұнып, түн ішінде сәжде етіп, тіке тұрып, сондай-ақ Ақыреттен қорқып, Аллаһтың рахметінен үміт еткен кісі сияқты ма? (Мұхаммед!) оларға: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» – де. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады»(«Зумар» сүресі, 9-аят.), – деген.

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Рамазаннан кейінгі ең абзал ораза – Аллаһтың айы мухаррамдағы ораза, парыз намазынан кейінгі ең абзал намаз – түнгі намаз», – деді», – деген(Сахих Муслим, Китәб әс-сиям, 1982). Имам әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ риуаят еткен хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с.) Мәдина қаласына алғаш келген кезіндегі адамдарға айтқан өсиеттерінің бірінде: «Адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар. Жаннатқа амандықпен кіресіңдер», – деген. 
Намазда қателесудің түрі көп, сұрақты анықтау етіп қойсаңыз жақсы болар еді!
Арапа күнгі оразаға "жұма күнгі" деп емес "арапа күнгі" деп ниет еткендіктен ораза дұрыс болып саналады.

 

Несие алу қаншалықты  күнә? 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Өсім жеушіден басқа ешкім қалмайтын бір заман әлбетте адамдарға келеді. Тіпті ол (кез-келген адам) өсім жемесе де, оған оның буы (зияны, ықпалы) жетеді».

Өсім (кредит, риба, пайыз) бүгінгі біздің күнделікті өмірімізге кіріп әбден сіңді. Шариғатта өсім алу, беру харам етілген. Қазіргі кезде көбісі той жасауға, адам жерлеуге, үй-баспана алуға, автокөлік мінуге т.б. үшін кредит алып жатады.

Ал негізінде Алла тағала өсім жайында «Бақара» сүресінің 275-аятында: «Сондай өciм жегендер, (қабырларынан) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың: “Сауда да бейне өciм” дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Алла сауданы халал, өciмді харам еткен. Сонда Раббынан насихат келгенде кім тыйылса, өткені өтіп кетті. Оның ici Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, мінe солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады», - дейді.

Ибн Аббас өсім жеуші жайында былай деп айтқан: «Өсім жеуші қиямет күнінде қылқынып жатқан мәжнүн сияқты тіріледі!».

Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Мен Исра түнінде жыландарға толы үй сияқты қарындары бар қауымға жолықтым. Ол жыландар сол қауымның іштерінен сыртқа қарай шығып жатты. Мен Жәбрәйілден (ғ.с.): «Бұл кімдер?» - деп сұрадым. Ол (Жәбрәйіл ғ.с.): «Бұлар өсім жеушілер», - деп айтты». (Ахмад)

Жалпы, өсім жеушілердің қиямет күнінде қатты азаптармен азапталынатыны жайында хадис-хабарлар көп. Өсім жеушілердің осыншама азапталуының себебі, олардың Алла тағаланың анық аяттарына қарсы шығуларынан болады. Яғни, жоғарыда аятта келтірілгендей: «Сауда да бейне өciм дегендіктерінің салдарынан».

Адам пенде болғаннан соң, пендешілікке барып қойып жатады. Бұл жалған дүниеде ақша тауып, бай болуға, мал-дүние жинауға бейім келеді. Осылайша, адам баласы сол көздеген мақсаттарына жетудің оңай жолдарын іздейді. Сөйтіп жүріп «өсімге» (пайыз, кредит) бас сұғады. Белгілі бір соммаға қарыз ақша алып, оны бірнеше есе (пайыздық мөлшермен) қайтарып жатады. Пайызбен ақша, мал-дүниені алған және берген адам Алланың алдында екеуі бірдей күнәһар.

Алла ол өсімді бәрібір сол иесінен толық кетіреді, не ақша-малы болғанымен оның берекесі болмайды. Өсіммен байланысы бар адамның тапқан табысы қанша көп болғанымен, жиған-тергенінен өзіне еш пайда келтіре алмайды. Алла тағала адал атқарылған сауда-сатыққа берекет береді. Адал сауда-саттықпен айналысатын адамға пайдасын арттырады. Бұл жайында «Бақара» сүресінің 276-аятында: «Алла өсімді жояды да сауданы арттырады. Әpi Алла барлық қарсы келуші күнәһарды жақсы көрмейді», - делінген.

Хадисте: «Шындығында өсім, тіпті көбейсе де оның соңы аздыққа (қорлыққа) айналады». (Ибн Мәджә; имам Ахмад)

Жәбирден жеткен хадисте Алланың елшісі былай айтқан: «Өсім жеп, өсіммен төлейтіндерге, соған куә болғанға, келісімді жазып отырғанға Алла қарғыс атты...». (Ахмад, Мүслім)

«Негізінен иман келтіріп iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер, олар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқу жоқ әpi олар қайғырмайды». («Бақара» сүресі, 277-аят)

Ал енді, қазіргі кезде келесі жағдай көп кездесуде. Қайсыбіріміз өсім аламыз да, кейін оны қайтару үшін тағы басқа өсім аламыз немесе қарызға белшемізден батамыз. «Алла сауданы халал, өciмді харам еткен» - бұл Құрандағы Алланың сөзі. Олай болатын болса, өсімге жоламайық. Өсімді алмайық та бермейік те, Алланың ризалығына жететін адал сауда-саттықпен, кәсіптерімізбен айналысайық.

Алла тағала бізге: «Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар. Егер сенсеңдер өсімнен қалып қалған (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар). Егер оны істемесеңдер, (өсім алғанды қоймасаңдар) бұны Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс деп біліңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздеріңдікі. Зұлымдық етпеген және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар», - деген. («Бақара» сүресі 278,279-аяттар)

Осы күнге дейін өсім мен оның харам екендігі жөнінде дін өкілдерінің біраз мақалалары, басқа да еңбектері жарық көруде. Алайда қазіргі таңда өсімге бас сұққандардың сандары көбеймесе азаяр емес. Сол себепті «өсім алуға да, беруге де болмайды» деген ұғым ашық күйінде қала бермек. Сәйкесінше біз де көпшілікке өсімнің қаншалықты арам іс екенін түсіндіруден тоқтамаймыз. Алла баршамызды харамнан сақтап ізгі жолдан тайдырмасын.

Пайғамбарымызды (с.а.с.) түсімізде көруіміз үшін не істеуіміз керек?

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Кімде-кім мені түсінде көрсе, өңінде де көргені, өйткені шайтан менің бейнеме ене алмайды» (Бұхари, «Табир» 2, 10)деген хадис жеткен. Алайда кейбір ғұламалардың көзқарасы бойынша, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)  көрген адам оның сипаттарымен де қоса көруі керек екендігін айтқан.


Жоғарыдағы хадис шәріпті естіген бір кісі, өзіне жақын маңдағы мешіттің имамына келіп, - : "Мен Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) түсімде қалай көрсем болады? - деп сұрапты. Сонда әлгі имам сұрақ қоюшы кісінің ауамдығын (діни білімі таяздығын) біліп, - : "Үйіңізге барып, балықты әбден тұздап, пісіріп жеп, су ішпестен ұйықтап қалыңыз, сонда Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) түсіңізде көресіз, - депті. Әлгі кісі үйіне барып, дәл имам айтқандай етіп, балықты әбден тұздап, пісіріп жеп, су ішпестен ұйықтапты. Сөйтсе, түсінде үлкен дария суды көріпті, ол судан қанша су ішсе де шөлі қанбастан, әбден шөл қысып ояныпты.

Оянған соң су ішіп, шөліп қандырып алып, әлгі имамның алдына барыпты. Имамға болған жағдайды толықтай айта келіп, неге ондай жауап айтқанын сұрапты. Сонда имам ол кісіге: - "Сіз дария суды суға қатты шөлдегендіктен түсіңізде көрдіңіз. Сол секілді Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) да қатты шөлдеңіз, сонда Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) түсіңізде көресіз, - деген екен. Демек, кімде-кім Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы көп ізденсе, көп білсе, көп таныса, көп жақсы көрсе, көп сағынса сонда оны (с.ғ.с.) түсінде көреді екен.

Дұха намазы туралы айтып бересіз ба?

Дұха қазақ тіліндегі сәске сөзімен мағыналас. Яғни сәске уақытында оқылатын намаз дегенді білдіреді. Сахих кітаптарында Әбу Һурайрадан (р.а.) мынадай хабар жеткен: «Сүйікті досым (Расулалла (с.а.с.)) үш нәрсені өсиет етті: әрбір айда үш күннен ораза тұту, дұханын екі рәкағаты, ұйықтауға үтірді оқып барып жату» (Бұхариде № 1178, Мүслімде № 721).

Оқылатын уақыты: Дұха намазын күн найза бойы көтерілген бастап күн тас төбеге келгенге дейін оқуға болады.

Рәкағат саны: Бұл ерікті намаздың азы екі рәкағат, ал көбі сегіз рәкағатқа дейін созылады. Имам Әбу Йағланың Айша анамыздан (р.а.) риуаят еткен хадисінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұха намазын екі рәкағаттан төрт рәкағат етіп оқитындығы айтылған.

Термези таратқан мынадай хадис бар. Әнес ибн Мәліктің (р.а.) риуаят етуі бойынша Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқып, сосын күн шыққанға дейін Алла Тағаланы зікір етіп, содан соң екі рәкағат намаз оқыса, дәл хаж бен умраның сауабындай сауап алады» (Термези, № 586 хадис).