Ислам асыл дініміз

Kөңіл жарасын емдеу үшін қай сүрені көп оқу керек және көңіл жарасына шипа болатын психологиялық көмек беріңіздерші. 

Уайым-қайғыдан құтылу үшін оқылатын дұға

ياَ حَىُّ يَا قَيُّومُ بِرَحْمَتِكَ اَسْتَغِيثُ

Оқылуы: «Я хайю, я қайюуму. Бирахматика әстағису».

Мағынасы: «Уа, мәңгі тірі тұрушы және әр нәрсені толық меңгеруші Раббым! Сенің мейіріміңе сиынып, сенен жәрдем тілеймін».

 

Ассалаумағалейкум! Осыдан  1 жыл бұрын денсаулық жағынан бір тәуіп кісіге барған едім, бірақ жақсы көп көмектесті. Енді осы айдың 23 келесің деген, бірақ ол кісі бал ашпайды тек ем жағынан көмек береді, сонымен оқыған намазым қабыл болмайды 40 күн имансыз қаласың дейді. Енді  ол кісіге бармасаң қайта ауырып қаласың дейді, кешіріңіздер не істесем болады?

Уа ғалейкумуссалам! Исламда дем салдыруға болады. Бірақ шариғат заңына сәйкес келетін дем салу кезінде (пайдаланылатын сөздер) тек Құран мен Сүннеттен алынады. Ал дем салу дұғалары арабша айтылады. Дем салушы да, дем салынушы да (дем салу кезінде айтылатын) бұл сөздер тек қана Алла Тағаланың рұқсат-қалауымен шипа болады деп сенуі тиіс. Мәселен, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жәбіре­йіл (ғ.с.) періште дем салған. Тіпті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де көп­теген сахабаларына дем салып­ тұрған. Сондай-ақ сиқырдың болатынын айтып қана қоймай, осылай дем салуға бұйыр­ған, ол үшін ақы алуға да рұқ­сат еткен. Бұл туралы көптеген сахих хадистерде айтылған.­


Пайғамбардың (с.ғ.с.) дем салған­дарының ішінде өз немере­лері Хасан (р.ғ.) мен Хусайн (р.ғ.) да бол­ған. Дем салу кезінде ол: «Шын мәнінде, сендердің аталарың Исмаил (ғ.с.) мен Исхаққа (ғ.с.) қорғау туралы осының жәрдемімен Алла Тағалаға жалбарынған», – деп қасиетті дұға сөздерін, яғни: «Кез-келген шайтан және улы жәндіктер мен жаман көз­ден Алла Тағаланың кемел сөз­дерімен сендерді пана сұрата­мын» (Уъизукумә бикәлимәтилләһит-тәәммәһ, мин кулли шайтаниу-уә һәәммәһ, уә мин кулли айнил-ләәммәһ)», – деген.


Құран мен Сүннетке қатысты болмаған әрі арабша айтылмаған барлық нәрсеге тиым салынады. Мұндай істер – шай­танның амалдарынан, оны пайдалану, ол сүйетін нәрселермен оған жақындау болып табылады. Мұндай істермен айналысып жүрген алаяқ, дүм­ше, адасушылар өте көп. Олар Исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, ислам дұшпандарының құрас­тыр­ған кітаптарында жазылған түрлі бойтұмар, тағы басқа нәрселер туралы оқиды әрі олар адамдарды қорғайды деп түсінеді.

Сондықтан дем салдырғыңыз келсе, шариғат үкімімен жүретін, Құран мен қасиетті дұғалар оқу арқылы емдейтін емші-молдаларға барғаныңыз жөн.

Құлақ неге шыңылдайды... Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) миғраж сапарында алып бәйтеректі көреді. Ағаштың жапырағына сан жетпейді. Әр жапырақта өмір сүріп жатқан адамдардың аттары жазылыпты. Пайғамбар Жәбірейілден: - Бұл не? - деп сұрайды. Жәбірейіл: - Бұл - адамның тағдыры. Кімнің дәм-тұзы таусылса, жапырақтың біреуі үзіліп жерге түседі. Жапырақ қиылғанда адамның өмірі қоса үзіледі. Жапырақ жерге түскенше, марқұм болған адаммен аттас пенделердің құлақтары шыңылдайды. Яғни періштелер: "Сенімен аттас бір адам дүниеден өтті. Бұл күн сенің де басыңа келеді", - деп, тірілердің есіне өлімді салып тұрады. Егер ол марқұм жәннатқа кетсе, тірінің оң құлағы шыңылдайды. Ал егер тозаққа кетсе, аттасының сол құлағы шыңылдайды, - дейді. Пайғамбар миғраждан қайтқан соң, үмбеттерін жинап алып: - Оң құлақтарың шыңылдаса, "СубханАлла" деп айтыңдар, сол құлақтарың шыңылдаса, "Астағфирулла" деп тәубе етіңдер, - деп өсиет айтыпты. Осы хадис туралы ақпарат берсеніздер?

Кешіріңіз, бұндай хадис жоқ!

Ассалаумағалейкум, Намазда отырыста саусақты көтеру жайында білейін деп едім.

Уағалейкумассалам уа рахматулла! Намазда «ташаһһуд» оқылған кезде оң қолдың сұқ саусағын бір көтеріп түсіру сүннет. Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын):  «Пайғамбар (с.а.у) намаздың соңғы отырысында сол қолын сол тізесіне, оң қолын оң тізесіне қойып, оң қолының саусағын көтерді», – деген. [«Сунан әд-Дарими»: 1/354]

Оның бейнесін толығырақ келесі хадистен көруге болады:  «Абдулла ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын) намаз оқып отырған бір кісінің отырыста қолымен ұсақтасты қозғап отырғанын көрген. Намазын аяқтап болғанда Абдулла оған: «Намазда болғаныңда қолыңмен ұсақтасты қозғама! Расында, бұл іс – шайтаннан. Алайда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істегендей жаса!», – деген. Ол кісі: «Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қалай істеуші еді?», – деп сұраған.

Абдулла: «Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оң қолын оң санына қойған және бас бармағынан кейінгі сұқ саусағымен құбылаға сілтеген. Көзімен сұқ саусағының дәл өзіне немесе соның тарапына қараған. Сосын Абдулла: «Мен Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осылай істегенін көрдім», – деп айтқаны риуаят етілген. [«Сунан ан-Насаи әл-Кубро»: 1/249]

Біздің мәзһабта оң қолдың сұқ саусағы Аллаһ тағаладан басқаға тәңірлікті теріске шығару үшін «лә иләһә» бөлігінде көтеріліп, тәңірліктің жалғыз Аллаһ тағалаға ғана тәндігін мойындау үшін «илләллаһи» бөлігінде түсіріледі. Сондай-ақ, сұқ саусақ көтерілгені болмаса, әрі-бері қозғалмайды. Бұған жоғарыда келтірілген хадистердегі: «Оң қолын оң қолының тізесіне қойып, саусағын көтерді», «бас бармағынан кейінгі сұқ саусағымен құбылаға сілтеген», – деген сөздер дәлел болады.

Ассалаумағалейкум! Қасиетті айлардың бірі жақындап келе жатыр дейді, соны түсіндіріп берсеңіз, ол қандай ай және сол айда жасалатын ораза немесе құлшылықтың түрлерін айта кетсеңіз.

Уа ғалейкумуссалам! Салман ибн Сахим: «Түсімде Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көргенде, Алланың елшісі! Сізге (с.ғ.с.) әр тараптан келіп қәбіріңізге барып сәлем беріп жатқан адамдардың сәлемі жетеді ме?»- деп сұрадым. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жауабы: «Әлбетте жетеді. Мен (с.ғ.с.) олардың сәлеміне жауап қайтарамын»,- деді.


Ғұламаларымыз айтты кімде-кім осы зулхижжа айының бастапқы күндерін, яғни құрбан айт күніне дейін оразамен өткізсе, Алла Тағала ол адамға он жақсылық береді деп.


1. Өміріне береке кіргізеді.
2. Байлығын арттырады.
3. Отбасына жамандық жібермейді.
4. Күнәләрін кешіреді.
5. Сауаптарын арттырады.
6. Өлім сәтін жеңілдетеді.
7. Қараңғы қабірін жарық қылады.
8. Мизан таразысында сауабы басым болады.
9. Қиямет қорқынышынан аман болады.
10. Дәрежесі биік болады.

Алла Тағала жыл ішінен үш он күнді тандап алды олар, рамазан айының ақырғы он күні себебі осы он күн ішінде Қадыр түні бар.
Екінші он күн ол зулхижжа айының он күні, себебі бұл он күнде таруия, арафа, құрбан айт, тәлбия, қажылық тағы басқа құлшылықтар болғаннан кейін.
Үшіншісі Мухаррам айының он күні, бұл айда Ашура күні болғаннан кейін.
Абу һурайрадаң жеткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде Алла Тағала алдында осы он күнде істеген амалдан артық амал жоқ, осы күннің оразасы бір жыл оразаға тен, осы күннің түнің құлшылықпен өткізсе қадыр түні құлшылығымен тең.


Хабарда келеді Мұса (ғ.с.) я Раббым! Дұға қылдым қабыл болмады, маған (ғ.с.) бір дұға уахи қылшы мен (ғ.с.) сол дұғаны оқығанда тілегім қабыл болатын деді. Сонда Алла Тағала Мұсаға (ғ.с.) зулхижжа айы кіргенде Лә иләһә иллАлла кәлимасын айтсаң қажетіңді өтеймін деп уахи қылады. Бұл уахиды алған Мұса (ғ.с.) я Раббым! Бұл кәлиманы барлық құлдарын айтады ғой дейді. Сонда Алла Тағала егерде кім осы кәлиманы осы күндері бір мәрте болсын айтса, егер сол кәлиманы қиямет күні мизан таразысының бір жағына, жеті қат аспан мен жерді бір жағына салып өлшесе кәлима жағы басым түседі деп уахи етеді.


Абдулла ибн Аббас риуаят қылған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіңде, осы зулхижжа айының 1-ші күні Алла Тағала Адам (ғ.с.) атаның тәубасын қабыл қылды. Егерде кім осы күнді оразамен өткізсе күнәләрі кешіріледі.


2-ші күні Юністің (ғ.с.) дұғасы қабыл болып балық ішінен шықты, осы күнді оразамен өткізген адам жыл бойы құлшылық қылғандай сауап алады.
3-ші күні Зәкәрияның (ғ.с.) тілегі қабыл болған күн, осы күні ауызы берік болған адамның тілегі қабыл болады.


4-ші күні Исаның (ғ.с.) туған күні, осы күнді оразамен өткізген адам пақырлықпен қиындықтан аман қалады.
5-ші күні Мұсаның (ғ.с.) туған күні, осы күнді оразамен өткізген адамды; Алла Тағала екіжүзділіктен және қабір азабынан сақтайды.


6-шы күні Алла Тағала Пайғамбарына (с.ғ.с.) жақсылығын төккен күн, егерде кім осы күнді оразамен өткізсе, ол адам Алла Тағаланың рақметіне ілігеді және одан кейін еш азап көрмейді.
7-ші күні тозақ есіктері жабылып осы он күн өтпейінше ашылмайды, бұл күнді ауыз бекітіп өткен адамға қиындықтын отыз есігі жабылып, жеңілдіктін отыз есігі ашылады.
8-ші күні таруия деп аталады, бұл күнді оразамен өткізсе мөлшерін Алла Тағала ғана білетіндей сауап алады.


9-шы күні арафа деп аталады, кімде-кім осы күні ораза ұстаса алдынғы және артқы күнәләріна кәффарат (кешірім) болады. Осы күні Құранның ақырғы аяты нәзіл болды.
10-шы күні Құрбан айт күні, егерде кім осы күні құрбан шалса, құрбаннан аққан бірінші тамған қанмен Алла Тағала сол құрбан шалған адамның және туған-туысының күнәләрін кешіреді, егер сол құрбан етімен құдайы тамақ берсе, немесе садақа берсе Алла Тағала ол адамды қиямет күні қорқытпайды, саубының ауырлығы ухуд тауынанда басым болады.

Ассаламуалейкум уа рахматуллахи уа баракатух. Күнәлардан қалай тиылуға болады, күнәдан тиятын дұғалар бар ма?  2. Иманды күшейту үшін, иманды сақтау үшін не істеу керек? Алла разы болсын, рахмет.

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Екі сауалыңызға қарап, Сізге мешітке келуге кеңес берер едік! Сізге де Алла разы болсын!

Ассаламу алейкум уа рахматуллаh Менің мамам темекі шегетінімді біліп қойды.  Енді темекі шексең, тілеуіңді тілемеймін, намазың қабыл болсын демеймін деді. Енді шекпеймін дегенмін, бірақ, тағы шегіп қойдым. Енди тәубе етсем енді шекпеймін деп, бірақ, анама айтпасам не болады?

Уа ғалейкумуссалам уа рахматуллаһ! Біріншіден айтарымыз, 

Темекі тарту пайғамбарымыздың, сахабалардың, одан кейін келген төрт мәзһаб имамдарының кезінде әдет болмаған. Сондықтан темекі тартудың адал яки арамдығына байланысты хадистерден, не төрт мәзһаб имамдарының пәтуаларынан нақты дәлел табу қиын. Ал, темекі алғаш рет XVI ғасырда пайда бола бастағаннан бері оның адал не арамдығына байланысты ислам ғұламаларының түрлі пікір білдіргенін байқаймыз. Қайсібір ғұламалар темекіні нақты харам ететін Құран, не хадистен айқын дәлелдің жоқтығын және сол ғасырларда оның адам ағзасына зияндылығы анық дәлелденбегендігін алға тартып «мәкрүһ» немесе «мүбах» деп үкім шығарса, енді біреулері Құрандағы кейбір аяттарға сүйене отырып «харам» деп кесіп айтқан.

Ислам шариғатында кейбір үкімдердің заманы мен жағдаятқа қарай түрленетіні мәлім. Темекі тарту үрдісінің кең тарамаған әрі денсаулыққа аса зияндылығы нақты дәлелдене қоймаған ертеректе берілген «мәкрүһ» үкімі бүгінгі таңда басқаша қаралатыны анық. Сондықтан кейінгі ғасырларда темекі тарту әдетінің әлемде, оның ішінде мұсылмандар арасында да кең жайылып, денсаулыққа аса зияндылығы ғылыми тұрғыда нақты анықталғаннан кейін басым көпшілік ислам ғұламалары мен бірқатар ислами ұйымдар оның анық харам екендігін айтып пәтуа шығарды. Мысалы, Мысырдағы «әл-Әзһар» университетінің жанындағы «Пәтуа комитеті» 1979 жылы темекіге «харам» деп пәтуа шығарған [1] . Сондай-ақ, әл-Әзһар университетінің бұрынғы шейһул-әкбары Жәддул Хақ Али Жаддул Хақ, Мысыр республикасының бұрынғы мүфтиі Наср Фәрид, заманымыздың Атия Сақр, Юсуф Қардауи сынды бірқатар ғалымдары да харам деп пәтуа берген.

Темекінің харамдығына байланысты мынандай дәлелдер келтіруге болады:

«(Мұхаммед пайғамбар) Оларға пайдалы пәк нәрселерді адал етіп, зиянды нахош нәрселерді харам етеді...» [2] -делінген. Демек, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың әкелген дінінде адамға зиянды барлық нәрсе харам. Яғни, адамның ағзасына, жүрегіне, санасына, ұрпағына зиянды барлық нәрсе Құран бойынша харам деген сөз. Ал, темекі адам ағзасына, санасы мен ұрпағына зиян болғандықтан, Құранның осы аяты бойынша оның харам екендігін айту қиын емес. Құранда: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қатерге итермеңдер!»[3] , «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер!»[4] делінеді. Ал шылым шегіп денсаулығына зиян тигізген кісі өз қолымен өзін қатерге итермелейді әрі өз-өзін ұзақ мерзімде «баяу өлтірген» болады.

Қазіргі таңда ғылым темекінің адам ағзасына аса зиянды екенін дәлелдеді. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәлiметiне сүйенсек, Жер шарындағы 1,8 миллиард 10-24 жас аралығындағы жеткіншектер темекiнiң түтiнiмен уланған. Ал Қазақстан халқының 27 пайызы (4 миллион адам) темекi шегеді. 4 миллионның 600 000 астамы қыз-келiншек болса, 120 мыңы – 13-15 жас аралығындағы жасөспiрiмдер. Отандастарымыздың басым бөлiгi 20-ға толмай жатып, шылымның “дәмiн” татады екен. Сорақысы сол, елiмiзде жылына – 25 мың, күн сайын 70 пенде темекiнiң кесiрiнен туындаған дерттерден көз жұматын көрiнедi. Дүниежүзі ғалымдарының зерттеуінше, өкпе рагы ауруларының 90 пайызы шылым шегетіндердің үлесіне тиеді екен. Егер шылым шегушілер күніне 20 тал темекі шексе, олардың өкпе рагы ауруына шалдығу қаупі өзгелерге қарағанда 10-15 есе артып, ал бүйрек дертіне бес есе көп шалдығады екен.

Езуiне шылым қыстырғандардың үштен бiрi, кейде тiптi, тең жартысының ғұмыры 15 жылға кемиді екен [5] . Әлемде әр 13 секунд сайын бір адам, әр 65 секундта бес адам темекі кесірінен көз жұмады. Жылына үш миллион адам темекіден пайда болған кеселдердің нәтижесінде қайтыс болатын көрінеді.

Шылым алдымен, қан тамырларына әсерін тигізеді, қан тамырларының жұмысын нашарлатып, оларды жіңішкертіп, қан қысымын көтеріп, жүрек талмасына жетелейді. Темекі құрамында 4000 мөлшерде химиялық зат барлығы анықталған.

Тек бір тал темекі шеккен адамның ағзасында никотиннің зардабынан бүйрек үстіндегі бездерден арденамен және норадренамен деп аталатын гармондардың жұмысы бұзылады. Осының кесірінен асқазанның қышқыл сұйықтығы (запран) артады. Үнемі темекі шегетіндер уақыт өткен сайын асқазанында гастрит (асқазанның қабынуы) және жара пайда болады.

Никотиннің әсерінен денедегі бүкіл тамырлар белгілі мөлшерде жиырылады да, жүрек бұл жұмысты атқару үшін қина лады, адамның қан қысымы артады. Миға баратын қан азаяды. Ми өз деңгейіндегі жұмыс істемейді, қандағы холестерол артады, бүйрек үсті бездерінен адренамен атты гармон қабынады да, бүтін денені өртейді. Тамырлар жиырылады, жүрек бұрынғы қызметін ауырсынады, қан қысымы жоғарылайды. Қол, аяқ тамырлары тартылып, қол мен аяққа баратын қан азаяды, қол мен аяқтың қызуы қайтады. 
Денеге сіңген никотиннің әсерінен дененің барлық ағзаларында тамырдың жиырылуынан қан аз өтеді, бұл дененің, бүтін ағзалардың өз деңгейінде жұмыс істемеуіне әкеп соғады. Ми жөнінде де осындай жағдай. Демек, темекі тартатындардың жүрегі тез соққандықтан жүректің қанға және ауаға қажеттілігі артып, осыған орай, жүрекке келетін қан мен ауа азаяды. Темекі түтініндегі төрт мыңнан астам зиянды заттың біреуі – көміртегі. Көміртегі – автокөліктердің тетігінен шыққан улы газдардың бірі. Темекінің түтінімен бірге бұл да белгілі бір мөлшерде денеге кіреді.

Еркектер мен әйелдер арасындағы жыныстық қатынасқа салқындықтың басты себебі де – осы никотин.

Жалпы зерттеудің нәтижесінде, темекіден өкпе рагы, жүрек ауруы, амфизем, тыныс жолдары қабынуы сияқты аурулар пайда болады [6] .

Темекінің зардабынан пайда болатын негізгі аурулар:

· Асқа деген тәбетті қайтарады.

· Ас қорытуды қиындатады.

· Тісті сарғайтып, ауызды сасытады.

· Асқазанда жара пайда болады.

· Ерін, тіл және өңеш рагына жол ашады.

· Жөтел және қақырық пайда болады.

· Созылмалы тыныс жолдары қабынуына әкеліп соқтырады.

· Көмекей және өкпе рагына тап болушылардың 90 пайызының себебі темекіден.

· Тамырды қатайтады (атересклероз).

· Қол – аяқ тамырлары бітеді, гангрена (тән талшықтарының жансыздануы, шіруі) пайда болып, қол – аяқ кесіліп, кемтарлыққа дейін апарады.

· Ми қызметін реттейтін тамырларды да қатайтып, салдануға себепші болады.

· Жүрек ауруларына, әсіресе жүрек бұлшық еті инфарктіне (жүрек ұстамасы) қолайлылық туғызады.

· Есте сақтау қабілетін азайтады.

· Көңілсіздікке душар етеді.

· Ұйқыны азайтады.

· Теріге әжім түсіреді.

· Ер - әйелдің жақындасуына енжарлықтың басты себебінің бірі.

2. Құранда: «...Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырып етпеңдер!»[7] делінсе, басқа бір аятта:«Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші-дүр»[8], – деп ысырап етудің күнә екендігін, тіпті, кісіні шайтанға бауыр ететін Жаратушыға жағымсыз іс екенін білдіреді.

Иә, адам ағзасына аса зиянды нәрсе үшін маңдай теріңмен тапқан ақшаңды жұмсаудың ысырып екені айтпаса да түсінікті. Әр күні – бір-екі құты темекіні тауысқан адам ғұмыр бойы қанша ақшаны босқа жұмсайтынын есептеді ме екен? Күніне шамамен 300 теңгенің темекісін тартқан кісі айына 9000 теңгеге, ал жылына 108000 теңгеге, ал шамамен 50 жыл тартты деп есептесек, онда 5 400 000 теңгені текке рәсуа етеді екен. Бұл сіріңке мен ауыздың жағымсыз иісін кетіру үшін шайналған сағызға кеткен ақшаны қоспағандағысы. Ал жоғарыдағы мөлшерге темекі зардабынан бұзылған денсаулығын емдеуге жұмсаған қаржысын қоссақ, аталмыш мөлшердің тағы да көбейе түсері анық. Ал енді мұндай көлемдегі қаржымен қанша мұқтаж адамның қарнын тойдырып, неше зәру жанның киімін бүтіндеп, талай науқасты емдеуге болатыны күмәнсіз. Ысырап дегенде тек ақшаны ойламауымыз керек. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде: «Адамдардың көбі Алланың өздеріне берген екі үлкен нығметінің қадірін білмейді. Олар денсаулық пен бос уақыт»[9] делінеді. Тәулігіне 20-22 дана шылым шегетіндер жылына уақытының шамамен 40 күнiн темекі тартуға пида ететінін білуші ме едіңіз?

Олай болса, «Дәрет алған кезде өзеннің жағасында болсаң да суды ысырап етпе!» деп ысырапқа қарсы соғыс жариялаған Ислам сияқты ықтиятты бір діннің темекінің үкіміне «мәкрүһ» деп жеңіл қарап, ысырапқа рұқсат беруі әсте мүмкін емес.

3. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Пияз, не сарымсақ жеген кісі бізден аулақ жүрсін немесе, намаз оқитын жерімізге жақындамасын, үйінде отырсын!»[10] деген. Неліктен? Себебі, көпшілік жиналатын жерге жағымсыз иіспен бару – Ислам этикасына қайшы. Құлшылығын алаңсыз жасағысы келетін жандардың мазасын қашырып, жеке құқығына қол сұғу деген сөз. Ал, енді адал тамақ пияз бен сарымсақты жеп мешітке кіруге, көпшілік жүретін жерге баруға болмайтын болса, тұла бойынан темекінің жағымсыз исі мүңкіген кісінің мешітке барып құлшылықтағы жамағаттың құтын қашыруға бола ма? Бұл өзгеге жасалған зұлымдық емес пе? Себебі, кез келген шылым шекпейтін кісі темекінің исін мүлде жақтырмайды, тіпті кейбір жандардың басы айналады. Құранда: «Сөзсіз Алла тағала зұлымдық жасағандарды жақсы көрмейді»[11] деп, өзгеге зияны тиген адамдардың Жаратқанның махабатынан алшақтайтынын ескерткен.

Шылым шегетіндердің айналасындағы бала-шағасы, басқа да адамдар темекі тартатындарға қарағанда анағұрлым көбірек зардабын тартатындығы анықталып отыр. Сондай-ақ, шылым шегетін әйелдерден туылған сәбилер көп жағдайда аурушаң боп дүниеге келеді. Бала емізген әйелдерде никотин емшек сүтіне араласып, осы арқылы сәби денесіне өтетінін көп аналар біле бермейді. Анасының жауапсыздығы нәтижесінде дүниеге келген аурушаң балалар мен ағзасын ана сүті арқылы улаған сәбилер ертең ақырет күні әкесі мен шешесінің жағасына жабысып, оларды қиын сұрақтың астына алары сөзсіз.

«Бір іске себепкер болған кісі сол істі істегенмен бірдей күнә не сауап алады» деген негізгі қағида бар.

Әкесінің не жақын адамының, өзіне дәріс үйреткен ұстазының, тіпті, бейтаныс үлкен кісінің шылым шеккенін көрген бала санасында ол іс өзінің жиіркеніштілігін жоғалтады. Будақтап шыққан темекінің көк түтініне кішкентайынан көзі үйреніп, жан дүниесіне жақын қабылдаған жас жеткіншек темекі тартуға әрдайым құмарланып, құмбыл тұрады. Тіпті, шылым шегу олар үшін есеюдің нышанындай боп көрінеді. Міне, сондықтан темекі тартқан кісі қанша адамды өзі секілді жиіркенішті нәрсеге тәуелді еткенін ұмытпауы тиіс.

Кейбіреулер «темекі тартсаң жүйкеңді жұбатып, ашуыңды тарқатады» деп өздерін алдаған болады. Алайда Хақ пайғамбары (с.а.у.) ашуланғанда шылым шегуді емес, дәрет алып, намаз оқуды бұйырғанын ұмытпайық.

Сөз соңы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Қиямет күні әрбір құл ғұмырын қайда өткізгенінен, алған білімімен қандай амал жасағанынан, дүние-мүлкін қалай тауып, қайда жұмсағанынан және дене мүшесін қайда тоздырғандығынан сұралып, есеп бермейінше орнынан бір қадам алға жылжымақ емес»[12], – деген жауапкершілігі ауыр, тағылымы мол хадистерін әркез жадымызда ұстасақ игі.
Демек, Сізге Алладан да, анаңыздан да кешірім сұрап, қайталамауға уәде етуіңіз керек!!!

Әжем 77 жаста қатты ауырып аяғынан жүре алмай қалды. Қазір қаза намаздарын қалай оқысам дұрыс болады дейді.  4 ай колеміндей болып қалды намаз оқымай жургеніне. Әжем өте қарт адам аяғын бүге алмайды дәрет алу да көп қиындық келтіріп жүр. Сол  себепті намаз бен қаза намазын калай бөліп оқыса болады?  Жеңілдің ретінде  толық 4 айдың бес уақыт намазын толық өтемесе де бола ма? 

Уа ғалейкумуссалам! Хадис шәрифте: «Науқас намазын түрегеп тұрып оқи алмаса, отырып оқиды. Бұған да шамасы жетпесе, шалқайып жатып ишарамен оқиды» делінген. Али Имран сүресінің, «Олар түрегеп тұрғанда, отырғанда, жамбастап жатқанда да Аллаһты зікір етеді» деген мағынадағы 191-ші аятындағы "зікір" сөзі намаз дегенді білдіреді. «Намазды, күші жететін адам түрегеп оқиды, аяқта тік тұра алмайтын адам отырып оқиды, бұны да істей алмайтын адам жатып ишарамен оқиды» деген сөз. (Бахрур раиқ)

Ақылы-есі орнында болса намазды қалдырмайды. Отырып немесе жатып оқуы керек. Сәждеге бара алмайтын болса, отырып руку үшін басын біраз иеді, сәжде үшін көбірек иеді. Бір нәрсеге сүйеніп орнынан тұра алатын болса жанына үстел сияқты бір нәрсе қойып аяққа тұрады. Аяқта тік тұра алмайтын адам отырып оқиды. Отыра алмайтын адам жатып оқиды. Дінімізде жеңілдік бар. Бірақ бұл әркімнің ойына келгенін, қалағанын жасауы деген сөз емес. Аяққа тік тұра алатын болса отырып оқи алмайды. Отырып оқи алатын болса, жатып ишарамен оқи алмайды.

Науқас адам үшін дәрет алу қиын болса, Маликиде екі намазды жәм етіп (біріктіріп) оқуы жаиз болады. Жақындары дәрет алдырмаса, сол кезде ғана тәйәммум ете алады.

Менің намазға жығылғым келгеніне 1 жылдан аса уақыт болды. Жолдасым да рұқсат беріп отыр. Бірақ бір оймен жығыла алмай жүрмін. Жасым 25-те жұмыс басты адаммын. Бізде жұмыста тек орыс тілімен айтқанда «офисный» киімдер кигізеді. Соған байланысты қояйын деген сұрағым киім мәселесі. Намазға жығылған адамдар тек оранып жүру керек дейді. Ал мен намазға жығылып дәретімді уақытылы алып, таза жүріп жұмыс талабына сай киіне берсем болады ма? 2-ші сұрағым: Мен де, жолдасымда жаспыз,  бірақ біздің араласатын достарымыз отырыстарда, тойларда арақ ішеді. Шыны керек жолдасымда ішеді бірақ көп емес анда-санда кейбір адамдар, намаз оқитындар ондай жерлерде отырмау керек дейді. Осыған  байланысты да жауап берсеңіздер. 

Уа ғалейкумуссалам! Ниетіңіз қабыл болсын! 1. Сіздің бірінші сұрағыңызға ешкім солай етсең болады деп жауап бере алмайды. Бұл жауап Сізді намаздан тоспау керек, керісінше намазды дұрыс орындаудың жолдарын қарастыруға, құлшылық етудің барлық жолдарын қарастыруға жол ашу керек. 2. Бұл сұрауыңызда бірінші сұрақ секілді. Харам болған нәрселерді болады деуге желеу іздеуге болмайды. 
Жалпы, Сізге мешітке келіп діндарларымызбен жолығуға кеңес береміз!

Ассалаумағалейкум! Кальян туралы айта кетсеңіздер. 

Ислам - барша адамзаттың екі дүниедегі бақытын көздейтін дін. Олай болса, ислам шариғаты адам баласына қандай да бір зиян тигізетін жағдайға жол бермейді. Себебі Аллаһ тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге түсірмеңдер»(«Бақара» сүресі, 195-аят.),-деп қатаң ескерткен. Осы бұлтартпас дәлелге сүйене отырып, әлемге аты әйгілі әл-Азһар университетінің пәтуә беру алқасы темекіні харам екендігіне үкім шығарған. Темекіден зияны анағұрлым басым келетін қорқордың да харамдығын көрсеткен заманауи ғалымдар да бар. Қорқордың қаншалықты зиян, харам екендігін растайтын медицина мамандарының ғылыми зерттеулері мен пікірлеріне тоқталар болсақ:

Медицина мамандары қорқордың да темекі өнiмдерi арқылы әзiрленетiнiн, оның қаншалықты зиян екенін айтуда. Осы са­ладағы жасалған соңғы зерттеулерге көз жүгіртсек, қорқор құрбандарының өкпе, жүрек-қан тамырлар ауруларын, сондай-ақ жаман ауру - қатерлі ісіктің өршуіне әкеп соқтырады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дабылына құлақ түрсек, қорқор түтіні темекіде­гіден де көп көмірқышқыл газы мен ауыр металдардан тұрады. Қорқор шегушілердің қанындағы котонина (cotinine) шылым шегушілерге қарағанда жоғары болады екен. Канадалық медицина мамандарының мәліметіне сүйенсек - әдеттегі табак шөбін қабылдағанға қарағанда кальянның зияндылығы едәуір үлкен деген тұжырымда. Неміс ғалымдары кальянның зияндығын анықтайтын аппарат ойлап тапқан. Олар адам өкпесіндей цилиндрдің ішіне қорқордан шығатын түтінді жіберген. Нәтижеде сол цилиндрдің ішіне енген түтінді көрсетіп тұратын құрылғы өзіне жұтылған түтіннің көлеміне қарай соншалықты зиянды қалдықтардың жиналғанын көрсеткен. Қорқор шегі арқылы ішке кіретін 25 грамм табак 60 тал шылым шеккендей әсер береді. Ал ол үш қорап шылымның зияндылығын берері сөзсіз.

Құрамында никотині бар заттың зиянды екендігінде ешкімнің де шүбәсі жоқ. Қорқордың құрбандарының пайымдауынша «қорқор құтысында су сүзгіші (фильтр) бар, ол қорқор құрамындағы зиянды заттарды жақсы сүзгіден өткізеді» деп өздерін ақтап алып жатады. Алайда қорқор құтысындағы баяулап жанып тұрған көмір мен түтіннің қызуы - Цельсий бойынша 400 құрайды. Тіпті, оның кальяндағы салқын су арқылы өтуінің өзі залалсыз температураға дейін суытып үлгере алмайды дейді мысырлық медицина саласының ғалымдары.

Әрине, хош иіске құныққан адамның құмарлығы одан да арта түсетіні белгілі. Түбінде ол дертке айналады. Гигиеналық тұрғыдан таза деп те айта алмайсыз. Себебі бір емес, бірнеше адам бір түтіктен сорған соң, оны «жұқпалы індеттің ордасы» деп атауға да болады. Ауыздан-ауызға өткен соң, одан герпес, туберкулез, сарауру сынды жұқпалы дерттердің өрши түсетіні дәлелденген.

Шариғат талаптарының қойған бес мақсаты - дінді, адам жанын, ақылын, тегін және мал-дүниесін сақтауды көздейді. Осы аталмыш бес мақсатты тарқатып айтар болсақ - біріншіден, қорқорды шегу - жоғарыдағы берілген Құран үкімі мен соған негізделіп берілген білікті ғалымдардың пәтуәсына байланысты шариғатқа қайшы амалдардың қатарына жатады. Екіншіден, жоғарыдағы медицина мамандары мен ғалымдардың деректеріне сүйене отырып, адам жанының саулығын бұзатындығы ғылыми тұрғыдан анықталған. Ендеше аталмыш медицина мамандары мен ғалымдардың көзқарасына қарағанда кальянның адамға келтірер зияны орасан зор. Исламда адамға зиян тигізуге жол жоқ. Бұған байланысты Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Зиян шегуге де, зиян келтіруге де болмайды»(Субулу-с сәләм, әс-Сунғани, 3-том, 84-бет),-деген мағынасы терең сөз қалдырған. Сондай-ақ мұны шеккен адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, өзіне еріксіз тәуелді етіп қояды. Осылайша адам оны басында қызығушылықпен, басқаларға еліктеумен шегудің нәтижесінде, бірте-бірте сатылап тәуелді болып қалғанын өзі де білмей қалады. Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әке-шешесіне қарсы келуші, күнәлі іске тәуелді (Арақ, есірткі, темекі және қорқор секілді зиянды заттарға тәуелділік) кісі және істеген жақсылығын бетіне басып міндетсінуші жәннатқа кірмейді»(Мусаннаф ибн Әбу Шәйбә, 5-том, 98-бет, 24079-хадис),-деп қатаң ескерткен хадисі лас затқа тәуелділіктің шариғатқа томпақтығын көрсетеді. Олай болатын болса, мұндай заттар еліміздің болашағына еңбек ететін, жанашыр азаматтары мен азаматшаларына зияны көп.

Үшіншіден, қорқордың генге зияндылығын бағамдап көрер болсақ, бұл лас зат адам ішіне әдеттегі біз білетін никотинді кіргізгенімен қоса, қауіпті деп танылған бензапирен деген улы затты да ендіреді. Бензапирен - жоғары дәрежелі қатерлі ісіктің пайда болуына апаратын заттектің қатарына жатады. Сонымен қатар бұл зат адам генінің бұзылуына апаратын бірден бір фактор. ДНК-ның мутациялық бұзылуына себепкер болады. Ал бұл қанмен болашақ балаға да барып, тұқым қуалайтын дертке айналады деп дабыл қағуда медицина мамандары. Демек, шариғат мақсаттарының үшіншісі тектің амандығын бұзып, кесірін тигізеді.

Төртіншіден, кальянды пайдалану - от тегіне қарағанда көмірқышқыл газы гемоглобинмен көп байланысты болады. Сол себепті қорқорқұмарлар үнемі гепоксияға (от тегінің жетіспеушілігі) түсіп жатады. Оның салдарынан ми, жүрек, бауыр, бүйрек, бұлшық еттер мен басқа да жасушалар от тегінің жетіспеуінен қатты қиналады. Әсіресе, ми мен жүрек ауыр соғады,-дейді медицина мамандары. Мұны қасиетті Құран тілімен айтар болсақ: «Оларға жаман нәрселерді харам етеді»(«Ағраф» сүресі, 157-аят),-деген.

Бесіншіден, адамның қалтасын қағып, бос түтінге ақша шаштырады. Мал-дүниесін ауаға ұшыруға итермелейді. Ал бұл ысырапқа жататынын ескерткіміз келеді. Нәтижесінде өз ақшасына, басына бәле болып жабысатын, кей жағдайда еміне кететін қаражат сатып алған дертіне қарағанда бірнеше есе болып шығаратын ауру сатып алады. Аллаһ тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы. Шайтан Раббысына өте қарсы»(«Исра» сүресі, 27-аят),-деп ысырапқорлардың дәрежесін көрсетіп берген.

Қорыта келе, Жаратушы Жаппар иеміз адам баласын барша жаратылыстан артық, үстем, әдемі әрі ешкімге де берілмеген ақылды етіп жаратқан. Алайда адам баласы берілген ой санасы арқылы бір нәрсенің дұрыс емес екенін түсінсе де соған үйірсек келетіні, әсіресе Аллаһтың тыйым салған, лас заттарға бейім болатыны өкінішті-ақ. Аллаһ тағала қасиетті Құранда: «Олар жер бетінде жамандық, бұзақылық жасауға ұмтылады»(«Мәида» сүресі, 33-аят),-деп айтқан. Осыған қарамастан өзімізге аманат етіп берілген дене мүшемізді, ақыл-санамызды улап жатамыз. Қасиетті Құранда: «Расында адам баласын ардақты еттік. Сондай-ақ оларды құрлықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Сонымен қатар оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық»(«Исра» сүресі, 70-аят),-деген. Олай болатын болса, артық әрі әсем етіп берген Жаратқанның сыйын шайтанның лас істерімен бүлдірмейік. Одан біз қиямет күні сұралатынымызды ұмытпағанымыз жөн. Мұндай зияны шаш етектен келетін харам заттан аулақ болайық.