Ислам асыл дініміз

Әссәләму әлейкум уа рахматуллаh!  Осы кейде намазда және т.б.  ғибадатта рия кетіп қалады,  Астағфируллаh!  Рия істеген адамның барлық амалы жойылады ма немесе  тек сол риямен жасаған құлшылығы ғана жазылмай жәй күнә алады ма? Мені  осы сұрақ мазадлайды. Рияны істегенім үшін шын өкінемін.

Жеңіс 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух!  Рия оттың отынды жаққанындай сауапты жоқ етеді. Риядан қашуға тырысыңыз.

Алла есімдерін күніне көп рет қайталағанда дәретті болу керек пе?

Кәмшат 

Дәрет тек намаз оқығанда, Құран ұстағанда, Қағбаны айналғанда шарт. Қалған уақытта шарт емес, мүмкін болса әр уақытта дәретті болу өте жақсы.

Қырағатпен Құран оқу парыз ба? Жалпы  қырағат дегенді қалай түсінуге болады? 

Баука

Қырағат деген мәнерлеп оқу. Яғни созатын жерін созып,  созылмайтын жерін  созбай, тоқтайтын жеріне тоқтау дегенді білдіреді. Даусыңыз болмасада түзу оқу.

Ассалямуалейкум! Шам  намазы мен асыр намазының арасында намаз оқуға болады ма? Кейбір хадистерде осы намаздардың  арасында Пайғамбарымыз (с.а.у.) 2 ракағат намаз оқитын еді деген. Соны түсіндіре жауап жазсаңыздар.

Болат 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Екiнтi (намаздыгер, аср) намазының уақыты – Бесiн намазының уақыты бiтiсiмен басталады. Имам Юсуф және Имам Мұхаммедтiң үкімі бойынша бiр нәрсенiң көлеңкесi сол затпен бiрдей болғаннан бастап күн батқанға дейiнгi уақыт. Ал Имам Ағзам Абу Ханифаның үкімі бойынша, бiр заттың көлеңкесi өзiнен екi есе ұзын болғаннан бастап күн батқанға дейін.

Бiрақ күн қызарғаннан кейiн, яғни батуына найза бойы қалғанда қандай да бiр намаз оқу харам болады. Екінті намазын бұл уықытқа дейін кешіктіру харам. Алайда, сол күннің екінті намазы оқылмаған болса, күн батқанға дейін оқу керек.

Ақшам намазының уақыты: Күн батқаннан кейiн басталып көк жиектің қарайғанына дейiн, яғни қызарудың жоқ болуына дейiн жалғасады.

Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Үй краскалағанда шашыма жағылып кетіпті, кетіруге тырыстым, кетпей жатыр. Бұл краскадан  шашыма су тимегендіктен ғұсыл толық болмай қалады ма деп қорқамын. Әлде краска тиген жерлерін қиып тастау керек пе?  

Асия 

 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Ғұсылға зияны жоқ себебі шашты краскамен бояғанмен тең. Ал егер басқа дене мүшелерінің бірінде болса дәретке, ғұсылға кедергі болады. Сондықтан  кетіру керек болады.

Ассаламуалейкум!  Дін  дегеніміз не?  Егер  де ата-анамыз намазға қарсы болса,  не істеу керек?

Елдос  

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух.

1 «Дін» дегеніміз Аллаһу Тағала разы болған нәрселерді және орындалуы тиіс болған ғибадаттарды, құлшылықтарды, дүние мен ахыретте бақытқа жетудің жолын адамдарға үйрету үшін Аллаһу Тағала тарапынан оның пайғамбарларына жіберген үкімдер жиынтығы. Адамдардың ойдан шығарған жүйелеріне дін деп айтуға болмайды. Ақыл діннің әмір мен тыйымдарын түсіну және бұларға мойынсұну үшін берілген. Бірақ әмір мен тыйымдардағы сырларды, ақиқаттарды, олардың себептерін түсінуге күші жетпейді. Олардың үстінде ой өрбіте алмайды. Бұл хикметтер Аллаһу Тағаланың  пайғамбарларға білдіруі арқылы және әулие құлдарының жүректеріне илхам және аян етуі арқылы білінеді. Бұл да тек Аллаһу Тағала тарапынан ихсан-сый ретінде беріледі.

2. Әке-шеше баласының бақытты болуын қалайды және намаз оқуына қарсы болмайды,  тек біз оны түсіндіре алмаймыз. Ата-анаңыз сіздің қандайда бір ағымға кетуіңізден  қорқатын шығар. Жақсылап түсіндіру керек.

Ғұсыл жоқ, таяммуммен намаз оқысам болады ма?   

Ғұсыл алуыңызға кедергі болса, таяммум алуға шариғат рұқсат  береді.

Тәйәммумды бұзатын жағдайлар: Тәйәммумды керек ететін үзір халі бiтіп, су табылған соң, дәрет және ғұсыл бұзатын басқа да жағдайларда тәйәммум да бұзылады.

Ассалямуалейкум уа рахматуллаhи уа баракатуh! 1. Сәждеде дұғаны тек араб тілінде тілеу керек пе?  Мен араб тілін білмейтңн едім.  Мысалы, нәпіл намаздарын оқығанда  тахаджуд сияқты және т.б., сәждеде қазақша дұға тілеуге бола ма?

2. Намаз оқығанда көзді жұмуға болады ма?  

Марал 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух.

  1. Намаз ішінде дұға жасалмайды. Намаздан кейін кез келген уақытта сәждеде жатып кез келген тілде дұға жасауға рұқсат.
  2. Намазды сәжде жасайтын жерге қарап оқу – сүннет. Ал көзді жұмып намаз оқу «тәнзихан-мәкрүһ»,  яғни жеңіл мәкрүһ қатарына жатады.[1] Бұған дәлел төмендегідей:

 

"عن ابن عباس قال: قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: "اذا قام احدكم في الصلاة فلا يغمض عينيه

Абдулла бин Аббас сахаба (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.у.): «Кім де кім намаз оқыса, көзін жұмбасын», – деген хадисін риуаят еткен.[2]

[1] Илә-әс Сунна: 5-том, 122 бет.
[2] Хайсами, Мәжмағуз Зәуәид – 2/192 бет, 2450-хадис.

Намазда тиләуәт  сәждесі бар аят оқысам қалай сәжде етуім керек? Тиләуә т  сәждесін бір бөлек, намазға бір бөлек сәжде етемін бе намаздың ішінде?

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух.Құранның 14 сүресінде  сәжде аяттары бар. Олар:

  • «Ағраф» 206,
  • «Раъд» 15,
  • «Нахл» 41,
  • «Исра» 107,
  • «Мәриәм» 58,
  • «Хаж» 18,
  • «Фурқан» 60,
  • «Нәмл» 25,
  • «Сәжде» 15,
  • «Сад» 24,
  • «Фуссиләт» 37,
  • «Нәжм» 62,
  • «Иншиқақ» 21,
  • «Ъалақ» 19.

Ислам шариғаты бойынша осы сәжде аяттарының қайсы бірін оқыған не естіген адамға тіләуәт сәждесін жасау уәжіп болып есептеледі. Тиләуәт сәждесін жасайтын адамның дәреті, әурет жерінің жабық болуы тиіс. Ниет етіп, құбылаға қарап, қолдарын көтермей «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Үш рет «субхана раббиал-а’ла» дегеннен кейін қайта «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрады. Бұлай істеу – сүннет. Бірақ артынан «Ғуфранака рәббәнә уа иләйкал-масир» деу – мұстахап. «Аллаһым! Кешіріміңді тілеймін. Сөзсіз саған қайтамыз». Кісі бір жерде тұрып, бір сәжде аятын бірнеше мәрте қайталаса, бәріне бір сәжде жеткілікті. Бірақ бір жерде әр түрлі сәжде аятын оқыса, әрқайсысына жеке-жеке сәжде қажет. Аятты радио, телеарнадан естуі мен жанындағы адамнан естуі арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Хайыз бен нифастағы әйелдерге сәжде аяты уәжіп емес.Егер намаз ішінде оқыса келген жерінен бірден сәждеге барады да тұрып намазын ары қарай жалғастырады.

Ассаламалейкум  уа рахматтулахи уа баракатух! Мен  өзім тойларды  тойлауға қарсы адаммын,  бірақ басқаларға ерсі көрінбеу үшін қандай амал қолдануға болады? Сіздерге қояр сұрағым жаңа жылды қалай өткізуге болады? Алла разы болсын!

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Шариғатта желтоқсан айының соңы жаңа жыл деген жоқ. Мұсылмандардың жаңа жылы мұхаррам айы. Мүмкін болғанша сақтану керек.