Ислам асыл дініміз

Ханафи мазхабында таспихти неге намаздың соңында тартады? Хадис шарифте Пайғамбарымыз  (ол кiсiге Аллаhтын игiлiгiмен салемi болсын) парыз намаздарынан кейін тартқан дейді ғой.

Абзал 

Жалпы парыз намаздардан кейін зікір айтып, дұға жасау – сүннет. Алла елшісінің (с.а.у.) бұған қатысты сахих хадистері жеткілікті. Мысалы, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен Муслимдегі риуаятта Алла елшісі былай дейді:

«Кімде-кім әрбір намаздан кейін 33 рет «сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар» десе, бәрін қосқанда тоқсан тоғыз болады, ал жүзіншісінде «Лә иләәһа иллаллаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа алаа кулли шаийн қадиир» деп айтса, теңіз толқынының көбігіндей күнәсі болса да кешіріледі.»[1] Басқа бір риуаятта: «Кімде-кім парыз намаздарының артынан аятул-курсиді оқитын болса, келесі намазға дейін Алланың қорғауында болады»[2] - делінген. Сондай-ақ, басқа бір хадисте Ъуқба ибн Амр былай дейді: «Алла елшісі әрбір намаздан кейін «фалақ» пен «нас» сүрелерін оқуымды бұйырды.»[3]

Жоғарыдағы риуаяттардан байқағанымыздай намаздан кейін зікір тартып, дұға тілеу Алла елшісінің (с.а.у.) маңызды сүннеті. Ал оның дәл намаздың парызынан кейін немесе соңғы сүннеттен соң жасалатындығына байланысты мәзһаб ғұламалары арасында екі түрлі көзқарас бар. Алла елшісінің (с.а.у.) зікір мен дұға жасауды білдірген кейбір хадистеріндегі «парыз намаздан кейін» деген сөзді негізге алған ханафиден өзге мәзһабтарда зікір мен дұға парыз намаздан кейін дереу жасалады. Ал ханафи мәзһабының ғұламалары Муслимдегі Айша (р.а.) анамаздан риуаят етілген: «Алла елшісі (с.а.у.) намазда сәлем бергеннен кейін (шамамен) тек «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей уақыт қана отыратын» деген хадисті, сондай-ақ сахихул-Бухариде Умму Салама (р.а.) анамаздан жеткен: «Алла елшісі (с.а.у.) намазда сәлем бергеннен кейін әйелдер тұрып кететін. Ал өзі аз ғана кідірістен кейін ғана орнынан тұратын»[4] сынды хадистерге қайшы келмеу жағын ескеріп, зікір мен дұғаны дереу парыздан кейін емес, ақырғы сүннеттен кейін жасау қажет деген тұжырымға тоқтаған. Себебі зікір мен дұға егер парыздан кейін дереу жасалатын болса, жоғарыда Айша анамыздан риуаят етілген хадиске қайшы болмақ. Яғни, намаздан кейін жасалуы сүннет «Аятул-курсиді» немесе «фалақ» пен «нас» сүрелерін оқу, 33 рет «сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар» және «Лә иләәһа иллаллаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа алаа кулли шаийн қадиир» сынды дұғаларды айту «Аллаһумма антас-салаам уа минкас-салаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей мезгілден көп уақытты алатындығы сөзсіз. Ал Алла елшісі Айша анамаз жеткізгендей парыз намазынан кейін шамамен тек «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей уақыт қана отыратын.

Ендеше, Алла елшісі соңғы сүннеті бар парыз намаздарынан кейін «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дұғаларына шамалас қысқа зікірлерді айтқаннан кейін орнынан тұратын да, мешіттің шетінде орналасқан бөлмесіне барып, намаздың соңғы сүннетін сонда оқитын. Артынан жоғарыда келтірілген ұзағырақ зікір, дұғаларды жасайтын. Ал соңғы сүннеті жоқ «таң» мен «екінті» намаздарында Алла елшісі (с.а.у.) зікір мен дұғаны дереу парыз намаздан кейін жасайтын. Алла елшісінің: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқығаннан кейін күн шыққанша Алланы зікір етіп отыратын болса, содан кейін екі рәкат намаз оқыса, толық қажылық пен умраның сауабын алады. Толық, толық, толық»[5] - деген хадисі осы айтқанымызды нақтылай түспек.

Тарқатып түсіндірер болсақ, «Алла елшісі (с.а.у.) намазда сәлем бергеннен кейін тек «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей уақыт қана отыратын» - делінген хадис ақырғы сүннеті бар парыз намаздарына байланысты болады да, ал парыздан кейін сүннеті жоқ «таң» мен «екінді» намазы бұдан тыс қалмақ.

Яғни, «Аятул-курсиді» және 33 рет «сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар», «Лә иләәһа иллаллаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа алаа кулли шаийн қадиир» сынды ұзағырақ зікір, дұғалардың «парыз намазынан» кейін айтылатындығын білдіріп келген кейбір риуаяттарды ханафи ғұламалары сүннеті жоқ парыз намаздардан кейін деп түсінген. Сондай-ақ, хадистердегі «парыз намазынан кейін» деген анықтаушы сөз – зікір мен дұғаның соңғы сүннеттен кейін айтылуына мүлдем қайшы емес. Себебі, парыз намаздардың бекітілген сүннеттері сол намаздардың маңызды бөлігіне жатады. Себебі бұл сүннет намаздар «тәһажжүд», «сәске» намаздары секілді жеке басына бөлек намаз емес, парыздардың алдында немесе артында бірге орындалады. Мысалы, «бес уақыт намазымды оқыдым» деген кезде, әдетте парыз намаз бен қатар сүннетерін де оқылғандығы білдіріледі. Міне сондықтан хадистердегі ұзағырақ дұғалардың «парыз намазынан кейін» оқылады дегенін ханафи ғалымдары сүннетімен бірге парыз намазынан кейін деп түсінген. Бұл жайлы ханафи ғалымы ибн Ъабидин «Раддул-мұхтарда» былай дейді: «Зікірлердің парыз намаздың артынан жасалатындығына байланысты жеткен хадистер олардың сүннет намазынан бұрын жасалатындығын емес, керісінше соңғы сүннеттен кейін орындалатындығын білдіреді. Себебі сүннет намаздар парыз намаздан бөтен емес, оның ажырамас бір бөлігі һәм толықтырушысы. Сондықтан парыз намаздың соңғы сүннетінен кейін орындалған зікір, дұғаларға да парыз намаздан кейін жасалды деп айтылады»[6]

Сонымен қатар, ханафи ғалымдары ізгі амалдардың артынан жасалатын дұға-тілектерің қабыл болуға жақынырақтығын ескере отырып, парыз намазды соңғы сүннетімен бірге орындағаннан кейін барып қана дұға-тілектің жасалғанын құп көрген. Себебі парыз бен соңғы сүннет қоса атқарылғанда олардың ізгі амалдығы арта түседі.

Байқағанымыздай зікір мен дұғаны намаздың соңғы сүннетінен кейін жасаудың ханафи мәзһабында қуатты дәлелі бар. Сондықтан оған бидғат деп немесе сүннетте дәлелі жоқ деп асығыс «фәтуа» беру әсте дұрыс емес. Төрт мәзһабтың бірін ұстанатындар әдетте бір-біріне әрдайым құрметпен қараған. Әр мәзһабтың өзіндік шариғи көзқарасы мен дәлелі болғандықтан бір-біріне түсінікпен қараған.

Алайда бүгінгі таңда «мәзһаб ұстанбаймын» деп, өздерін салафи атап жүрген мәзһабсыздар осындай ұсақ мәселелерді қайта-қайта қазбалап, жамағат арасына іріткі салып жүр. Олар өздерінің аннан-мұннан шала оқыған немесе жарым естіген жарты ойын түгелдей Ислам деп пайымдайды. Өздері ұнатқан діни көзқарасты басқаша түсінуге болмайтын Құранның анық аяты немесе Алла елшісінің нақты сүннеті деп біледі. Міне сондықтан олар өздерінен өзгеше ойлайтындардың бәрін бидғатшы деп шала бүлінеді. Шын мәнінде олар діннің тармақ мәселелерінде түрлі көзқарастың болатындығын қабылдамау арқылы өздерінің нағыз бидғатшыға айналғандарын біле бермейді.

Бүгінде мешіттерімізде имамның жетекшілігінде намаз соңында тәспі тартылып, жамағатпен бірге дұға жасалады. Мұндағы мақсат намаздан кейінгі зікір-дұғаларды әлі дұрыс біле бермейтін кейбір жандарға оларды үйрету. Сондай-ақ, көп адамдар Алла елшісінің намаз соңындағы зікір, дұғаларға қатысты маңызды сүннетін орындауға аса мән бермей, көбіне тәрк қылып жатады. Сондықтан имам дауыстап тәспі тартуды бастап бергенде жамағат та өздері әрі қарай ілесіп тартып, маңызды сүннетті орындап жүр.

Кейбір кісілер жамағатпен зікір тартып, дұға жасауды «бидғат» деп ойлауы мүмкін. Алайда дінімізде бұған ешқандай тыйым жоқ. Себебі белгілі бір істі бидғатқа шығару үшін жасалатын ол істің дінде ешбір негізі болмауы шарт. Ал намаздан кейін зікір айтудың және жамағатпен дұға жасаудың шариғатта қуатты негізі бар. Яғни, жалпы алғанда намаздан кейін зікір тарту шариғатта бар. Белгілі бір істі жамағатпен істеудің сауаптылығының да дінімізде орны ерекше. Ендеше жамағатпен тәспі тартып, дұға жасау «дұға жасаңдар», «зікір айтыңдар» деп көпше түрде келген көптеген аят-хадистердің аясына кіргендіктен, шариғатқа қайшы емес. Тіпті, бұл жерде жамағатпен тәспі тартылмайды, тек имамның бастап беруімен әркім өзі тартады.

Және бір ескере кететін жайт мешітте парыз намазды оқығаннан кейін үйге барып намаздың соңғы сүннетін оқу әрине шариғатқа қайшы емес. Алайда үйлеріміз Алла елшісінің бөлмелері тәрізді мешіттің шетінде немесе оған жақын болмағандықтан, бұған қоса көшедегі жұмысымыздың көптігін ескерсек, сүннет намаздарды үйге барып оқу бүгінгі мына қауырт заманда қиын іске айналып отыр. Сондықтан мүмкіндігінше мешітте намаздың соңғы сүннетін қоса оқып, артынан зікір, дұғаларымызды жасап, бірақ шыққанымыз абзал.

 

[1] Сахих Муслим, 1-том, 418-бет. «Дәру Ихиа'ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.

[2] Сүлейман ибн Ахмад ибн Айюб Әбул-Қасым әт-Табарани, әл-Мұъжамул-кабир, 3-том, 83-бет. «Мәктабутуз-заһраа» баспасы, 1983 ж.

[3] Ахмад ибн Ханбал Әбу Абдиллаһ әш-Шайбани, Муснаду Ахад ибн Ханбал, 4-том, 155-бет. «Муссисату Қуртуба» баспасы, Мысыр.

[4] Сахихул-Бухари. 1-том, 296-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж.

[5] Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 2-том, 481-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.

[6] Ибн Ъабидин Мұхаммед Амин ибн Омар, Хашияту ибн Ъабидин раддул-мұхтар ъала дуррул-мұхтар, 3-том, 424-бет. «Дарус-сақафати уат-турас» баспасы, Сирия, Дамаск, 2000ж.

Қаза болған намаздарды қай уақыттарда оқиды? Алдын ала рахмет!

Нұрмұхаммед

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Парыз намаздар үшін мұстахап уақыттар болғанындай, жалпы намаз оқудың мәкрүһ уақыттары да бар.

1. Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт.

2.  Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады.

3. Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.

Бұл үш уақытта ешқандай қаза намазы да, жаназа намазы да оқылмайды. Бұл үш уақыт жайлы Уқба ибн Амир әл-Жуһени (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) үш уақытта бізге намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, төмен түсе бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта» (Муслим, Мусафирин, 293; Әбу Дәәуд, Жәнаиз, 51; Тирмизи, Жәнаиз, 41).Осы уақыт сыртында оқысаңыз болады.

Ассаламу алейкум  уа рахматуллахи уа баракатух! Жаңа жылды қарсы алу ширкке жата ма?

Меруерт

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Ширк деп айтпасақта,  мұсылманның мейрамы емес.

Өмірде жолым болмай жүр, не істеуім керек?

Руслан

Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Кімде мына үш нәрсе бар болса, дүние мен ахиреттің қайырына қауышты деген сөз: Тағдырға разылық, бәлеге сабыр, рахаттықта дұға».  (Дәйләми)

«Аллаһу та'ала сабыр еткен адамды жақсы көреді». (Табарани). Құлшылыққа, намазға  көңіл бөлу керек. Демек арты жақсы болады.

Ассаламуалейкум! Маған кеңес беріңізші. Мен намаз үстінде ойым бос тірлікке ауысып кетеді,  ақырында, қай ракағатқа  келгенімді ұмытып қаламын.  Не  істеу керек?

Гүлназ 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Намазға тұрғанда ойды жинап,  ықыласпен оқуға тырысу керек. Шатасқан жағдайда 2 немесе 3 ракағатпа деген жағдайда 2 ракағаттан  басталады.

Әжетханаға барғанда нәжістерді сумен емес, қағазбен тазаласа болады ма?

Абдурахман

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Тазалық сумен, сүртумен, құрғақтаумен тазаланады. Қайсысы жеңіл болса сонымен тазаланса болады.

Мен енеме қатты ашулымын. Басымызда 3 кредит, тағы дубленка аламын кредитке дейді. Онысы дұрыс емес, түсіндірейін десеп ұрысып шығады. Қатты  ашуланып отырмын. Қандай ақыл айтасыз, көмектесіңізші?

Әсем 

Сізге сабыр берсін Аллаһ! Қарызға беруде, кепілде (ипотека, яғни өтелетін мүліктің өтемі ретінде бір мүлікті аманатқа алашақтыға (қарыз берушіге) немесе басқа бір әділ адамға қалдыруда) және сауда-саттықта алушыдан немесе берушіден, біреуінің екіншісіне артық мүлік немесе ақша үстеме беруін шарт ету арқылы келген табыс. Файыз, риба, өсім деп те айтылады.

Аллаһу та’ала аяти кәрималарда былай деген:

«Пайыз (өсім) жегендер қиямет күні қабірлерінен қояншық ауруы бар адамдай есеңгіреп тұрады.» (Бақара сүресі 275)

«Аллаһу та’ала пайыз (өсім) алған және бергендердің мал-мүліктерін жояды. Ізін де, белгісін де қалдырмайды. Зекет бергендердің мал-мүліктерін әлбетте арттырады.» (Бақара сүресі 276)

«Ражаб айының алғашқы жұма түні құлшылық қылған адамды Аллаһу та’ала қабір азабынан құтқарады. Дұғаларын қабыл етеді. Тек 7 түрлі адамды кешірмейді және дұғаларын қабылдамайды: Пайызға(өсім) ақша берген және алған адам, мұсылмандарды төмен санаған адам, ата-анасына қарсы келген бала, мұсылман және діннің бұйрықтарына бағынатын күйеуін тыңдамайтын әйел, өлең айтып, сазды аспаптар шалатын адам, зинақорлық жасайтын адам, бес уақыт намаз оқымайтын адамдар». (Хадис шәриф – Риядун-Насихин)

"Берген мөлшерінен артығымен қайтарып алу шартымен қарызға беру пайыз (фаиз-өсім) болады. Яғни осындай келісімшарттар харам болып табылады. Харам келісіммен табылған мал-мүліктің барлығы харам болады. Мысалы: 12 кг бидай қайтарып алу шартымен 10 кг бидай қарызға берілсе, алынған 12 кг-ның барлығы харам болып табылады. Өсімге қарыз беру және алудың харам екендігі Құран кәрімде ашық түрде білдірілген."(Имам Раббани)

"Ысыраптың яғни мал-мүлікті діни тұрғыдан дұрыс болмаған жерлерге жұмсаудың жаман екендігін көрсеткен дәлелдердің біреуі пайыздың харам болуы. өсімге ақша алу және беру үлкен күнә. Пайыздың харам болуының себебі адамдардың мал-мүлкін сауда-саттық жасағанда зиян көруден қорғау болып табылады." (Имам Биргиуи)

"Соңғы демде имансыз кетуге себеп болатын нәрселердің бірі – пайыз (фаиз - өсім) алу және беру." (Хамза)

"Пайыз тек Исламда емес, сәмауи діндердің яғни алдыңғы келген хақ діндердің барлығында харам еді. Пайыздың азы да, көбі де харам. Ең үлкен күнәлардан болып табылады." (Мұхаммед Рабхами)

"Әрбір табыс және пайда түсіретін қарыз – пайыз (өсім) болып табылады." (Алауддин Хаскәфи) деп түсіндіріңіз.

Қыздардың қиғаннан қалған шаштарын, өздігінен түскен шаштарды не істейді? Шариғатта бұл турасында не делінген? 

Сәнім 

Қиылған шаш адам аяғы баспайтын жерге көміледі.

Ассалаумағалейкум! Молда мен имамның не айырмашылығы бар? Адамға  қандай кезде кол жұмсауға болады? Мысалы, сені мазақтап қоймай жатса балағаттаса?

Әлішер 

Әуелі молда атауының түп төркініне, сөздің мәніне зер салайық. Молда арабша «мәулә» сөзінен келген. Мағынасы ұстаз, қожа, мырза дегенді білдіреді. «Мәулә» сөзі арабшада «مولى», парсышада «مولا» деп жазылады. Парсы тіліндегі «мәулә» кішіпейіл, салмақты, білімді мағынасын қамтиды. Ал туысқан түркі халықтары «молда» немесе «молла» деп екі түрлі айтылады.

Молда тек қазақ тілінде ғана емес, Орта Азияда, сондай-ақ Иран, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан сияқты исламмен етене елдерде өмір сүрген дін ғұламаларына да осы ат берілген.

Қазіргі уақытта қазақ ұғымында  «имам» сөзі «молда» сөзінің баламасы ретінде қалыптасқан. Алайда түп негізінде «имам» сөзінің мағынасы «молда», «мешіт қызметкері» ұғымдарынан әлдеқайда ауқымды. Себебі, «имам» сөзі «басшы», «нұсқаушы», «қолбасшы» деген мағыналарда кеңінен пайдаланылады.

Қол жұмсауға яғни ұруға шариғат тиым салған. Барлығы уағыз насихатпен түсіндірілген.

Сәлеметсіздер ме? Мен намаз үйренгім келіп еді. Бірақ,  жағдайыма байланысты жай намаз, таспих, ұзын етекті көйлек сатып ала алмай жүрмін. Намазды уақытша таспих пен ұзын етек көйлексіз оқуға бола ма?

Балауса

Сәләмәтсіз бе, Балауса! Ниетіңізді Алла қабыл етсін!

1. Намазды жай ғана емес таза жерде оқу керек.

2. Тасбихты қолмен тартса болады,  яғни саусақ буындарымен санауға болады. Екі  қолда 15 буыннан 30 болады,  тағы да 1 саусақты тағы санауға болады.

3. Ұзын киім деген дене мүшелерін білдірмейтін киім яғни кең киім киюіңіз керек.