Ислам асыл дініміз

Қанша жастан үйленген абзал? Үйленбей тұрып қыз бен жігіт қанша уақыт жүреді? Ал менің қызым бар. Екеуіміздің ойымыз жақсы. Бірақ, біз әлі оқимыз және ата-анамыз білемейді. Біз жаман нәрсеге бармаймыз. Екеуіміздің де ерте үйленгіміз келеді. Бірақ, оған мүмкіндік болмай жатыр. Мен кейде қорқамын, иманымды жоғалтып аламынба деп. Кейде  ой келеді қызыма жүрмейік деп айтайын десем,  екеуіміз де бауыр басып қалдық. Екеуіміз тек Алла туралы және басқа жақсы уағыз айтып отырамыз. Әрине, Алладан тілейміз екеуімізді қосуды. Бірақ, осылай жүріп тілегеніміз дұрыс па?  Не істеуге болатынын айтып берсеңіз. 

Шариғатта қызбен үйленетін кезде және  жақсы танып білу үшін жүруге болады. Одан артығына неке керек. Үйленгілеріңіз келсе, алдымен нәпіл намаз оқып, Алладан сұрап дұға еткеннен кейін,  ата-аналарыңызға айтып әрекет жасау керек. Аллаһ жеңілдігін берсін.

Əжетханада нəжістен тазаланудың белгілі бір ережелері бар ма? Бар  болса жазып жіберсеңіз? 

Нұрболат 

Әжетханаға кіруге ниет еткен кісі төменде тізбектелген әжетхана әдебіне де аса мән бергені дұрыс. «Әжетхана әдебі» деп Пайғамбарымыздың кейде істеп, кейде істемеген мұстахаб амалдарды айтамыз[1]. Дегенмен, төмендегі көрсетілген тізімдегі кейбір мәкрүһ, уәжіп сияқты мұстахаб амалдарға жатпайтын мәселелерге де тоқталып өттік:
1. Кісі елдің көзінен таса жерде әжетін өтеуі керек. Сахаба Жәбир ибн Абдулла былай дейді:«Пайғамбарымыз (с.а.у) түзге шығарда (әжетін өтерде), ешкім көрмейтін жерге кетіп қалатын». [2] Қазіргі таңда бұған арнайы әжетханалар бар.

2.Тамақтан кейін әжетханаға кірмей тұрып, қол шайған абзал. Бұнымен қатар, қол жуу арқылы сырттан қолымызға жұққан түрлі микробтар мен паразиттердің басқа жерлерге таралуының алдын аламыз.

3.Әжетханаға кіргенде, басына бас киім, аяққа арнайы сүйретпе киіп кірген абзал. Бір «мүрсәл» хадисте:«Пайғамбарымыз әжетханаға кіргенде аяқ киімін киіп, басын жабатын»[3] делінеді. Бұл, әсіресе, әжетханасы үйдің ішінде орналасқан кісілерге көбірек қатысты. Үйдегі  әжетханаға жалаң аяқ кірмей, арнайы сүйретпе қойған дұрыс. Қолды сыбанып, шалбардың балағын түруді де ұмытпаған жөн.

4.Әжетханаға Алланың және Пайғамбарымыздың есімдерін немесе Құран аяттарын ала кірмеу керек. Тирмизиде риуаят етілген хадисте сахаба Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у) әжетханаға кіргенде қолындағы сақинасын шешіп кіретін (онда Мұхаммад Расулуллаһ деген жазу бар еді)»[4]

5.Әжетханаға сол аяқпен кірген жөн. Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта: «Кімде-кім әжетханаға сол аяғымен емес, оң аяғымен кірсе, кедейлікпен сыналады»[5],–делінген.

6.Кірген кезде: «Әғузу билләһи минәль Хубси уәль Хабаис» (еркек және ұрғашы жындардан Саған сыйынамын) деген дұғаны оқу – мұстахаб. Зәйд ибн Әрқамнан Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына хадисі риуаят етіледі: «... Кімде-кім әжетханаға кіретін болса, «Әғузу билләһи минәль Хубси уәль Хабаис» деген дұғаны оқысын» [6].

7.Қажеттілік туындамаса, әжетханада сөйлемеу керек. Әжетханада сөйлеу – мәкрүһ.   Бұл жайында Ибн Мәжәнің «Сүнәнында» риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Түзге шыққан екі адам бір-бірінің әуретіне қарамасын, сөйлеспесін. Ақиқатында, Алла Тағаланың мұндайға ашуы келеді»[7],– делінген.

8.Әжетке отырғанда, мүмкіндігінше, құбылаға алдымен яки артымен  қарамай, оң немесе сол жақ бүйірімен отыру керек.  Бұл жайында сахаба Әбу Әйюб әл-Ансари Пайғамбарымыздың (с.а.у) былай дегенін риуаят етеді: «Түзге шығатын болсаңдар, үлкен дәретте де, кіші дәретте де Құбылаға алдымен де, артымен де қарамай, шығысқа не батысқа  қарап отырыңдар. (Бұл құбыласы оңтүстікте не солтүстікке сай келетіндер үшін. Ал,  құбыласы батыста не шығыста болса, онда  оңтүстікке не солтүстікке қарап отырады[8].[9]

9.Әжетханада жүрелеп отырғанда оң тізесін көтеріңкіреп, сол аяғын басыңқырап отырған жөн.  Бәйһақидің хадис жинағында келген бір хадисте  Сурақа ибн Жағшам былай дейді: «Бізге әжетханаға кіргенде салмағымызды сол аяғымызға салып, оң аяғымыздың тізесін тік ұстауымызды үйретті»[10]

10.Әжетін өтеп болғаннан  истинжа жасау – сүннет. Истинжа дәрет қағазымен, кесек таспен, яки су қолдану арқылы орындалады. Бұның ішінде ең абзалы – су қолдану. Ал, егер, үлкен не кіші дәрет шыққан жеріне жайылатын болса, онда сумен тазалану уәжіп болмақ.[11] Кіші дәрет сындырғаннан кейін зәр жан-жағына, шамамен алақандай жерге[12]   жайылмаса, онда дәрет қағазымен ғана тазалану жеткілікті.

  • Осы тұрғыда айта кететін маңызды мәселе, ішкі дәретте мұсылман бауырларымыз барынша денсаулыққа назар аударғаны дұрыс. Ол үшін мына үш нәрсені естен шығармауы тиіс: Бірінші – тек белгілі жағдайда ғана истинжада су қолдану уәжіп болмақ, ал көбіне үкімі – мұстахаб. Яғни, кіші дәретте дәрет қағазымен де шектелсек жеткілікті. Екінші – барынша жылы су қолдануға тырысу керек.  Үшіншісі – әжет мүшесінің тек нәжіс шыққан жерін ғана жуса жеткілікті, айналасын жуудың қажеті жоқ.

11.Истинжаны сол қолмен жасау керек. Оң қолмен истинжа жасаудың үкімі – жеңіл мәкрүһ[13]. Әбу Дәуідте келген бір риуаятта Айша анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз оң қолын таза нәрселер мен аста қолданатын. Ал, сол қолын әжетханада және басқа да лас нәрселер үшін қолданатын»[14].  

12.Кіші дәретті, мүмкіндігінше, отырып сындырған жөн. Тирмизиде келген бір хадисте Айша анамыз былай дейді: «Біреу сендерге Пайғамбар (с.а.у) тұрып дәрет сындырды десе, ол сөзге сенбеңдер. Ол тек қана отырып дәрет сындыратын»[15]

13.Дәрет сындыратын кезде денеге, киімге зәр шашырамау жағына қатты көңіл аударған жөн. Әбу Дәуідте келген бір хадисте сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің риуаяты бойынша Алланың Елшісі (с.а.у) былай дейді:«Дәрет сындырғысы келген кісі, зәрі тез сіңіп кететін жер таңдасын»[16].

14.Жуынатын жерлерге дәрет сындырмау керек. Бұл – мәкрүһ. Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: «Ешкім шомылатын (және дәрет алатын) жеріне кіші дәрет сындырмасын. Ол жерге кейін жуынады ғой. Шындығында, күмәннің көбі содан туындайды (нәжіс тиіп кеткен жоқ па деген күмән туындайды)»[17]

15.Нәжіске қарамау.

16.Ер кісілер кіші дәреттен кейін қалған зәрден толық арылу керек. Бұны шариғатта «истибра» дейді. Бойдағы зәр толығымен шығып кеткеніне сенімді болғанға дейін белгілі бір қимылды істеу керек. Бұның үкімі – уәжіп. Мысалы, жүру, жөтелу, отырып тұру т.б.[18]. Пайғамбарымыз бір сөзінде былай дейді:«Зәрлеріңді толықтай шығарыңдар (Истәнзиһу). Шынында, қабірдегі азаптың көбі соның салдарынан болмақ!»[19]

17.Көпшілік орындарға, жолға, көлеңкеге дәрет сындыруға тыйым салынады. Сахаба Муғаздың айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Лағынетке ұшырағандардан ұзақ тұрыңдар. Олар мына үш жерге дәрет сындыратындар: Тұрған суға (немесе адамдар жиналатын су жағалауларына), жол ортасына және көлеңке жерлерге».[20]

18.Әжетханадан оң аяғымен шығып, «Ғуфранәкә» деу – мүстәхаб. Айша анамыз былай дейді: «Пайғамбар әжетханадан шығарда «Ғуфранакә» (кешіріміңді тілеймін) дейтін».[21]

19.Әжетханадан шыққаннан кейін мүмкін болса, қолды иіс сабынмен жуу керек.

[1] Бадаиғ – 1/223 бет.
[2] Тирмизи, Китабут Тахарат, №16-баб/20-хадис.
[3] Әл-Бәһути, Кәшшәфуль Қинағ, Бәбуль Иститаба уә Әдәбут Тәхалли.
[4] Тирмизи, Китабуль Либас, №1746-хадис.
[5] Әл-Бәһути, Кәшшәфуль Қинағ, Бәбуль Иститаба уә Әдәбут Тәхалли.
[6] Әбу Дәуід, Китабут Тахарат, №6-хадис. (Сахих)
[7] Ибн Мәжә, Китабут Таһарат, 342-хадис.
[8] Алиуль Қари, Мирқатуль Масабих, «Бәбу әдәбуль Хала» – 2/48бет.
[9] Тирмизи, Китабут Тахарат, №6-баб/8-хадис.
[10]Байһақи - №418-хадис.
[11]Әл-Масули, әл-Ихтияр – 1/121 бет.
[12]Асғат Мухаммад Сағид ас Сағиржи, әл фиқһуль ханафи уә әдилләтуһу, 1-том, 40-41 беттер.
[13]Алиуль Қари, Мирқатуль Масабих – 2/49 бет.
[14]Әбу Дауід, Китабут Тахарат, 17-баб/33-хадис, 1/26бет.; Сахих Муслим, Китабут Тахарат, (267)-64 хадис, 137-бет.
[15]Тирмизи – №8-баб/12-хадис. 1/56-бет.
[16]Әбу Дәуід, «Бәбу әр-Ражүлу иәтәбәууәу  либәулиһи», №3-хадис. Ғаунуль Мағбуд - Әбу Дәуід шархы.
[17]Әбу Дәуід, Китабут Тахарат, №27-хадис.
[18]Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар, «Бабуль Әнжәс».
[19]Сүнәну Даруқутни,  Китабут Тахарат- (7) -457-хадис.
[20]Әбу Дәуід және Ибн Мәжә риуаят еткен; Алиуль Қари, Мирқатуль Масабих – 2/67 бет
[21]Әбу Дәуід – 11-баб/30-хадис.

Духа намазы жайлы сұрайын деген едім. Мысалы, біздің Алматыда күн 08:22-де шығады.  Яғни, духа намазын сағат қаншада оқимын? Және таң намазын оқып болған соң, жұмыстарымды істеп, сосын уақыт кіргенде оқысам болады ма? Әлде таң намазынан кейін жайнамаздан тұрмай уақыт күткен абзал ма?

Марал 

Духа намазын таң намазы шыққанан кейін 40 -45 минуттан кейін оқи берсеңіз болады. Таң намазынан кейін жұмыстарыңызды бітіріп уақыт болғаннан кейін оқисыз бесін уақтына 40 -45 минут қалғанша оқысаңыз болады.

Сапар намазын қалай оқиды? Пойызда, автобуста қалай оқиды? Рукуғ, қиям, сәжде  қалай орындалады?

Әлия 

Сапар дегеніміз тұрғылықты жерден жолаушы деп аталатындай түрде орын ауыстыру.  Дінімізде сапарда болған адамдар төрт ракағаттық парыз намаздарды екі ракағатқа қысқартып оқуына, Рамазан айында болса ораза тұтпай, басқа күндері қазасын өтеуіне, үш тәулікке дейін мәсіге масих тартуына рұқсат етіледі.

Міне, көріп отырғанымыздай жолға шыққан жолаушы төрт ракағаттық парыз намаздарды екі ракағат етіп оқылуы тиіс. Бұл жайлы Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Мен Алла елшісі (с.а.с) және Әбу Бәкір (р.а), Омар (р.а) және Османмен (р.а) сапарда бірге болатынмын. Олар сапарда екі ракағатқа ешнәрсені қоспаған» (Бухари 1051). Бұл жердегі «...Екі ракағатқа ешнәрсені қоспаған...» дегені төрт ракағаттық намаздарды, екіге қысқартып, оларды төртке толтырмай оқыған дегенді білдіреді.

Сапардағы мұсылманның намаздарды қысқартып оқуы – Алланың құлдарына деген ерекше сыйы, мейірімділігі және жеңілдігі. Бұл тек төрт ракағаттық парыз намаздарға ғана қатысты. Сондықтан, таң намазы мен ақшам намаздарының парызы қысқартылмайды. Құбылаға қарау шарт емес.  Руку үшiн бiраз иiлiп, ал сәжде үшiн одан төменiрек еңкейеді. 

Ниеттенбей шомылса, ғұсыл алғанға жатады ма?  

Есім 

Ғұсыл ниет парыз емес, яғни ғұсыл саналады. Ниет сүннет амалына жатады.Ғұсылдың парыздары 

 Ханафи мазһабында ғұсылдың парыздары үшеу:

1.       Ауыз ішін шаю. Ауыз ішінде иненiң ұшындай су тимеген жер қалса, тiстерінiң тесiктерiне су тимесе ғұсыл алған болып есептелмейдi.

2.       Мұрынды шаю. Мұрындағы құрғақ кiрдiң астына және ауыздағы нанның астына су тимесе ғұсыл өтпейді. Ханбали мазһабында ауызды және мұрынды шаю дәретте де ғұсылда да парыз. Шафии мазһабында болса, ғұсыл алуға ниет ету де парыз.

3.       Дененiң барлық жерiн жуу. Кiндiктiң iшiн, мұрт, қас және сақал, оның астын және шашты жуу парыз. Тырнақта, ерiнде, көз қабағында немесе дененiң қандай да бiр жерiнде су өткiзбейтiн заттар  болатын болса ғұсыл өтпейді. 

Ғұсылдың сүннеттерi                                  

1.       Алдымен қолын жуу.

2.       Әурет  жерлерiн жуу.

3.       Дененi нәжістен тазалау. 

4.       Ғұсылдан бұрын дәрет алу, жүзiн жуып жатқанда, ғұсылға ниет ету. Шафииде ниет парыз.

5.       Барлық дененi үш рет жуу.

6.       Барлық дененi жуған соң екi аяқты жуу.

Қыз баланың таң намазын оқуында бірінші парыз оқылады ма, әлде сүннет пе?  Және екеуінің оқылуы бір ме?

Гүлжайна

Ерлер мен әйелдерге де  таң намазы 2 ракағат сүннет, 2 ракағат парыз. Бірінші сүннет оқылады, кейін парыз оқылады. Екеуінің айырмашылығы ниетте және жамағат болса парыз дауысталып оқылады. Сүннет іштей оқылады.

Алла Тағала еңбектеріңізге разы болсын. Қызыммен сөйлесіп, кездесіп жүргенімізге біраз болды. Сонымен некемізді қидырып алсақ деген ниетіміз бар. Соған қандай талаптар бар?

Асқар 

Дінімізде некелесу – сүннет. Ал зинаға барып қою қаупі болса, онда үйлену уәжіп болады. Отбасы құрып, ұрпақ көбейту – Ислам дінінде қасиетті де ардақты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деп, үйленудің қаншалықты маңызды екенін айтады. Сондықтан да, осы өсиетті орындаудың жолы – неке қию.  Мешітке келіп мына шарттарды орындағаныңыз жөн. Некенің шарттары төмендегідей:

1.Неке сөзі. 
Тұрмыс құрғалы жатқан ер мен әйел үйленбек ниеттерін сөз жүзінде білдірулері керек. Бұны «ижәб» және «қабуль» дейді[1]. Неке сөзі «өткен шақта», бір-біріне түсінікті тілде және бетпе-бет отырған кезде (иттихадуль мәжлис) айтылуы тиіс. Мәселен, жігіт «мен сенімен некемді қидым» немесе «сені өзіме жар етіп алдым» т.б. деуі керек, ал қыз сол жерде жауабын беруі керек.

Тағы да айта кету керек, бірінші айтылған сөз (ижәб) үйленуді, некелесуді ашық білдіруі шарт. Ал оған жауапты «қабыл еттім, разымын, келістім т.б.» (қабуль) деген сөздермен беруге болады.

Сондай-ақ, неке сөзі өмірлік некені білдіруі керек. Уақытша некелесуді білдіретін сөз некеге жарамайды. Мысалы, «мен сені бір жылға жар етіп алдым» десе, екінші тарап оған келісім берсе де, ол неке қиылған болып есептелмейді. Бұл Әбу Ханифа және көпшілік ғалымдардың тұжырымы.

2. Ақыл есі дұрыс және балиғат жасына толған болуы керек.
Некелесуді ұйғарған екі жастың екеуі де балиғат жасына толған әрі ақыл есі дұрыс болуы шарт. Ақылы толыспаған бала мен есі дұрыс емес жындының некесі есепке алынбайды. Ақылы толысып, оңды-солын білетін, алайда, балиғат жасына әлі тола қоймаған ұлдың не қыздың некесі қамқоршысының рұқсат беруінен кейін ғана өз күшіне енеді. Балиғат жасына толған қыз өзінің қамқоршысының рұқсатынсыз некелескен болса, Әбу Ханифаның пікір бойынша, ол неке дұрыс болып есептеледі. Ал Имам Мұхаммәдтің тұжырымы бойынша, қиылған неке қамқоршысының рұқсатына дейін өз күшіне енбейді. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қамқоршының рұқсаты маңызды екенін өзінің хадистерінде айтқан.

3. Неке кедергілерінің болмауы.
Үйленгелі жатқан ерлі-зайыпты арасында шариғат бойынша некелесуге тыйым салынған жақын туыстық немесе уақытша кедергі болмауы тиіс. Мұндай кедергісі бар ерлі-зайыптылар неке қиса да некелері дұрыс боп есептелмейді. Мысалы, бірге туған болмау, сүт бауыр болмау, өзгенің некесінде болмау, жігіт өзге дін иесі болмау т.б. 

4. Куәгерлердің болуы.
Болашақ ерлі-зайыптылар неке қиярда мұсылман, ақыл есі дұрыс, кәмелетке толған екі ер немесе екі әйел бір ер кісіні куәгер етуі керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Куәгерлерсіз неке жоқ», – деген. Куәгерлерсіз қиылған неке шариғат бойынша неке болып есептелмейді.

5. Қызға тең келер жігіт. Үйленген жігіті теңі болмай шықса да, қиылған неке дұрыс. Десе де, Ханафи мәзһабы бойынша, қыздың үйленгісі келген жігіті: біріншіден, қыздың тегіне сай; екіншіден, мәһрін беріп болашақта нәпәқамен қамтамасыз ете алатын; үшіншіден, қыздың «діні» мен «тақуалығына» сай болғаны жөн. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл жайында: «Әйелдерді тек теңіне үйлендіріңдер...», –деген. Теңіне шықпаған жағдайда, оның қамқоршысы қызға тиер зиянның алдын алу мақсатында соттан некенің бұзылуын талап ете алады. Бірақ, ол неке дұрыс.

6. Мәһр[2].
Мәһр көлемі бекітілмей немесе мәһр бермеуге келісіп, қиылған неке дұрыс. Алайда, «мәһр мисл» есептеліп берілуі тиіс. «Мәһр мисл» дегеніміз – қыздың туыстары арасында қай жағынан алғанда да өзіне тең әйелдерге берілген мәһрдің көлемі. Қамқоршысының рұқсатынсыз теңі болмаған жігітке үйленген қыздың мәһрі «мәһр мислдің» көлемінен аз болса, оны толықтырмайынша, қыздың қамқоршысы некенің бұзылуын талап ете алады.[3]

[1] Ижәб деп – бірінші боп үйлену ниетін білдірген кісінің сөзін айтамыз. Мысалы: «Мен сізді өзіме жар етіп алдым» дегені сияқты. Ал «қабул» болса – бірінші айтқан кісінің сөзіне келісім беруі. Мысалы, «Мен де сізге жар болуды қабыл еттім» дей отырып, әлгі кісіге тұрмысқа шығуға ризашылығын білдіруі.
[2] Мәһр жайында толығырақ білгіңіз келсе мына сілтемеге кіріңіз:http://muslim.kz/kk/question/68-mahr-beruge-mindettimin-be.html 
[3]Кәсәни, Бадиғ, Никах; Әл-Хәләф: Әхкәмул Әхуалуш Шахсия.;
    Әл-Әхкәмуш Шәрғия филь Әхуәлиш Шәхсия; Әр-Рази, Хуләса;
    Зухайли, Әл-Уәжиз: Китабун никах; Мәдани, Любаб – 3/13бет.
    Абдрахман әл-Хазири, Әл-Фиқһуль Алаль Мәзәхибиль арбаға, Китабун никах.
    Дәрукутни, Китабун Никах – 3545.;
    Әз-Зубайди, Әл-Жаухаратун Нәйира, Китабун Никах – 668 бет.

1. Намазда  «Фатиха» сүресінен кейін бір сүрені оқығанда тасмияһ айтылады ма?

2. Сәждеге барғанда екі тобықты қосу сүннет пе?

1. «Фатиха» сүресінен кейін бір сүрені оқығанда  тасмияһ айтылмайды.

2. Сәждеге барғанда екі тобықты қосу мустахаб амалына жатады.

Алдынғы жауабыңызға рахмет. Тағы  бір сұрағым бар еді, әр намаздың уақытында азан шақыру керек пе? Және  намазды оқып болған соң Құранды міндетті түрде оқу керек пе?  Мен  тәсбихті қайтарып, бата қайтарып намазымды аяқтаймын солай дұрыс па?

Бауыржан  

Әр намазға азан шақыру сүнне. Егер  естісеңіз қайта шақыру керек емес. Намаздан кейін уақтыңыз болса Құран оқуға болады. Мүмкіншілік болмаса шарт емес. Қалғаны дұрыс.

Тұмар жайлы айтып берсеңіздер.

Сүйіндік

Жалпы тұмар тағуды Пайғамбарымыз тыйғаны рас. Ол өзінің бір хадисінде: «Кім тұмар тағатын болса, Алла тағала оған денсаулық бермесін»[1] десе, басқа хадисте «Кім тұмар тақса, Аллаға серік қосқаны» делінген. Осыған қарап ғалымдардың бір тобы тұмар тағу дұрыс емес, ол шариғатқа теріс деген пікірде.

Әйтсе де кейбір ғалымдар «Ішінде Құран аяттары жазылған тұмарды тағудың әбестігі жоқ»[2] және «аталмыш хадистерде тұмардан медет тілеуге тыйым салынған, ал Құран аяттарын таққан адам Аллаға сыйынары анық» деп Құран аяттары жазылған тұмарды тағуға рұқсат берген[3].

Дегенмен, Құран аяттары жазылған тұмарды да тек сабилерге таққан дұрыс. Ал үлкен кісілер Құран аяттарын жаттап алып күнсайын ұйқыға жатар кезде өздеріне дем салып жүруі ардақты Пайғамбарымыздың сүннетіне жатады[4]. Яғни бұлай жасаудың бұл дүниедегі пайдасымен бірге сауабы да болмақ. Өйткені Абдулла бин Омар Пайғамбардан үйренген дұғаны сәбилерге тұмар етіп тағып,  ересек балаларға жаттататын болған[5].

[1] Ахмәд – 16781;[2] ИбнАбидин – 9/523 бет.; Әл Маусуғатуль Фиқһия – 14/30 бет
[3] Құртуби тәпсірі, Исра сүресі  82 аят – 10/319-320 бет [4] Тирмизи, Дағауат – 3402. [5] Тирмизи, Дағауат – 3528.