Ислам асыл дініміз

Құрметті редакция! Аллаһ разы болсын! Сiздерге көп-көп рахмет. Сұрақтарымыздың бәріне керекті жауаптарымызды алып жатырмыз. Аяғы ауыр болған әйел баласы түсіп қалмас үшін әр намазда қандай дұға айту керек?

Гүлнұр

Жауаптарға көңіліңіз толса болғаны. Аяғы ауыр әйел немесе болашақ ананың күйеуі және басқа да тумалары Құран және хадисте келтірілген зиянкестен құтылуға арналған дұғаларды оқуына болады. Әрине, мұның барлығы арнайы медициналық шараларды мұқият орындаумен және дәрігерлік талаптарды қадағалаумен қатар болуы шарт. Осы тақырыпқа қатысты белгілі дұғалардың бірерін айта өтейік.

1. Аятул Курси.
Транскрипциясы: 
«Аллаһу лә иләһә иллә һууәл хәййул қаййуум. Лә тә'хуз̃уһу синәтуу уәлә нәум.  Ләһу мә фиис сәмәуәти уәмә фиил әрд.Мән з̃әл ләз̃ии йәшфәъу ъиндәһу иллә бииз̃ниһ. Йәъләму мә бәйнә әйдииһим уәмә халфәһум. Уәлә йухиитуунә бишәйим мин ъилмиһи иллә бимә шә. Уәсиъа курсиййуһус сәмәуәти уәләрда. Уәлә йәуудуһу хифзуһумә. Уәһууәл ъалиййул ъазиим»
Аудармасы: «Алла Тағала, Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Олар, Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді. Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді сыйдырады. Оған, ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Және Ол өте биік, аса зор[1]».

2. Ағраф сүресінің аяты.
Транскрипциясы: «
Иннә Раббәкумуллаһул ләз̃ии халәқас сәмәуәти уәләрда фии ситтәти әййәмин с̃уммә стәуә ъаләл ъарши йуғшиил ләйлән нәһәрә йәтлубуһу хәс̃иис̃әу уәшшәмсә уәлқамәрә уәннужуумә мусәххарәтин биәмриһ. Әлә ләһул халқу уәләмр. Тәбәрәкаллаһу раббул ъаләмиин»
Аудармасы: «Күдіксіз Раббыларың Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Сонан кейін ғаршыны меңгерген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және күн мен айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру Оған тән. Өте жоғары Алла, бүкіл әлемнің Раббы[2]». 

3. Екі қорған (муъаууизатайн) сүресі (Фәлақ сүресі):
Транскрипциясы: 
«Қул әъууз̃у бираббил фәләқ. Мин шәрри мә халәқ. Уәмин шәрри ғасиқин из̃ә уәқаб. Уәмин шәррин нәффәс̃әти фиил ъуқад. Уәмин шәрри хәсидин из̃ә хәсәд»
Аудармасы: «(Мұхаммед (с.ғ.с.): «Таңның Раббына сиынамын. Жаратқан нәрселерінің кесірінен. Қараңғылық басқан сәтте, түннің кесірінен. Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен. Күншілдердің кесірінен, ол күндеген сәтте (сиынамын)» де.[3]» 

Нәс сүресі:
Транскрипциясы: «
Қул әъууз̃у бираббин нәс. Мәликин нәс. Иләһин нәс. Мин шәррил уәсуәсил ханнәс. Әлләз̃ии йууәсуису фии судуурин нәс. Минәл жиннәти уәннәс».
Аудармасы: «(Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адамдардың Раббына. Адамдардың Иесіне. Адамдардың Тәңіріне. Сыбырлап азғырушының кесірінен. Сондай адамдардың көкейлеріне салатын. Мейлі жыннан, мейлі адамдардан болсын, (бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға) сиынамын» де[4]».
Риуаят бойынша, Фатиманың (р.а.)  толғағы жақындағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Үмму Сәләма мен Зайнаб бинт Жахшқа (Алла Тағала екеуінен де разы болсын) қызына барып аталмыш Құран Кәрім сүрелері мен аяттарын оқуды тапсырған екен[5]

[1] Бақара сүресі, 255-аят
[2] Ағраф сүресі, 54-аят
[3] Фәлақ сүресі
[4] Нәс сүресі
[5] Дурр Мәнсур фи Тафсир бил Масур, 2/12

Әс саляму ъалайкум! Менің  сізге қояр сурағым зекетке қатысты. Мен  еңбек ақымды әкеме беріп қоямын, сол 1 жыл көлемінде жылдың басынан соңына дейін 85 грамм алтын құнынан асып тұрды. Менің әкем шариғатты білмейді және түсінбейді. Исламды насихаттасам ұнатпайды. Сол  менің жағдайымда зекет төлеуім керек пе? Және  бізде айлық еңбек ақымыздан подоходный налог деп 8% ұстап қалады мемлекетке, осы зекетке кіреді ме?

Әзиз

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Айлықтан зекет берілмейді. 85 грамм алтынның құнындай ақша 1 жыл айналымда болып табыс әкелсе, сол уақытта есептеліп беріледі.

Асаламу алейкум! Мен намаз бастағалы 1 апта болды. Аяғым ауыр. Сол себепті ауруханада көп жүремін. Намазды қосып оқуыма болады ма? Аяғы ауырларға қандай да бір жеңілдіктер бар ма? Рахмет.

Зульфия

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Аяғы ауыр себепті  отырып оқуына рұқсат. Және намаз уақыттарын келесі намаз уақытына жақындатып оқысаңыз болады. «Фәләқ» және «Нас» сүрелерін риуаят бойынша, Фатима анамыздың  (р.а.)  толғағы жақындағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Үмму Сәләма мен Зайнаб бинт Жахшқа (Алла Тағала екеуінен де разы болсын) қызына барып аталмыш Құран Кәрім сүрелері мен аяттарын оқуды тапсырған екен.

Мен 9-сыныптан кейін медреседе оқығым келеді,  бірақ қайда оқитынымды шеше алмай жүрмін.  Таразда  қыздарға арналған медреселер бар ма?  Мүмкін  болса айта аласызба? 

Бибіразия

Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің жанында медреседе қыздарға арналған курс бар. Сол  жерге  ата-анаңызбен келіп ұстаздарға жолықсаңыз болады.  Олар  жақсылап түсіндіреді. Барлығының жолы бар, ниет болса шешіледі. Күтеміз.

Шашты  кәдімгі бояулармен бояса, ғұсыл жүреді ме?

Айгүл

Ислам дінінде шаш бояуға болады. Өйткені, Алланың Елшісі (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Христиандар мен Яхудилер (шаш, сақалдарын) боямайды. Сендер оларға ұқсамай, керісінше әрекет етіңдер»[1], – дей отырып, шашты, сақалды бояуға рұқсат еткен. Мүмкіндік болса, қына секілді[2] химиялық қоспалары жоқ, табиғи бояуларды қолданғаныңыз жөн[3].

Алайда, шашын қырау шалған жасы ұлғайған кісілер ағарған шашын боямағаны абзал. Өйткені, Пайғамбарымыз  (с.а.у.): Сендер ақ шаштарыңды жұлмайынша немесе боямайынша ол сендердің нұрларың болып қала береді[4]», – дейді. Ал, бояған жағдайдың өзінде қара түске боямауы тиіс. Сахаба Әбу Бәкірдің әкесінің ағарып кеткен шашын көріп Алланың Елшісі: «Шашының түсін өзгертіңдер, бірақ қараға емес»[5], – деген.  

[1] Әл Айни, Ғумдатуль Қари – 22/51 бет
[2] Тирмизи.
[3] http://ecovoice.ru/blog/health-beauty/1417.htm
[4] Фатхуль Бари, Либас/Хиздаб - 5559
[5] Фатхуль Бари, Либас/Хиздаб - 5559

Әссәләму әлейкум! Нарды,  шахмат, карты, бильярд ойындарына шариғат не дейді?  Екінші  сұрағым боғауыз ға не дейді?

Елдос 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух!  Асыл дініміз ойын секілді көңілді сергітетін әрекеттерден тыймайды. Сахих Бухариде риуаят етілген хадисте Эфиопиялық бір кісілер Алла Елшісінің жанында (с.а.у) найзаларымен ойнап жатады. Сол мезетте кіріп келген Әзірет Омар әлгілерге аса таяғын лақтырайын деп ұмтылады. Сонда мейрімді Пайғамбарымыз оған: «Уа Омар! Оларды жайына қоя бер!»[1], – дейді. Нарды, Карта ойындары харам.

Дегенмен, еш пайдасы жоқ құр уақыт өлтіретін ойын түрлерінен де қолдан келгенше ұзақ жүруге шақырады. Ол (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «...Мұсылманның алданып, ермек еткен бос ойындарының (әл-ләһу) барлығы бекершілік (батыл). Тек садақ атып, атқа мінуді үйрену және әйелімен қалжындасу басқа»[2] , – деген. Хадистің мазмұнына үңілсек, құр уақыт өткізетін және адамға пайдасы жоқ ойындарды ермек етуді мәкрүһ (ұнамсыз) деп отыр. Ал, керісінше, адамды рухани әрі физиологиялық тұрғыда шыңдайтын спорт ойындарын дініміз қолдайды.

Ендеше, аталмыш ойындарда (бильярд, боулинг ) спорттық ерекшелігі басым болғандықтан, бұл ойындарды ойнауға рұқсат[3], алайда мына талаптарды қатаң ескеру керек. Олар:

  1. Ақша тігілмеу керек. Өзара ақша тігіп ойнау – харам.
  2. Бұл ойындар Алланың парыз еткен бес уақыт намазын қаза етуге апармау керек.
  3. Ойын барысында ұрыс-керіс, боғауыз, бір-бірінің намысын таптау сияқты мұсылманшылық тәлім-тәрбиеге жат әрекеттер болмауы тиіс.
  4. Бүкіл уақытын соған арнап, одан да маңызды істерден мақұрым қалмау[4].
  5. Аталмыш ойындарды ойнау үшін бильярд үстелін не боулинг жолағын жалға алатындықтан, қызығына шектен тыс батып тапқан таянған қаржысын сол ойынды ойнауға жұмсамау шарт. Себебі, бұндай әрекет те «бекер мал шашпақ» қатарына кіретіндіктен дұрыс емес. Бекерден бекер шектен тыс ойынға жұмсағаннан гөрі, сол қаржыны мұқтаж жанға беру әлдеқайда пайдалы.

Жоғарыдағы талаптар ескерілмеген жағдайда, аты аталған ойындарды ойнау да күнә.

[1] Бухари, Китабуль Жиһад - №2745 – хадис.
[2] Тирмизи, Фазаилуль Жихад - №1637-хадис.
[3] http://www.hayrettinkaraman.net/kitap/helalharam/0203.htm
[4] http://fatwa.islamweb.net/fatwa

Иман келтіру дегеніміз не? Оны қалай келтіреді?

Жайна

Иман – “Әмәнту билләһи...де” білдірілген алты нәрсеге сену және Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарын толық қабылдау, оған сену және сенгендігін тілімен айтып растау дегенді білдіреді. 

ӘМӘНТУ: «Әмәнту билләһи уә Мәлаикәтиһи уә Кутубиһи уә Расулиһи уәл-яумил-ахири уә бил-қадари, хайриһи уә шәрриһи мин аллаһи таала уәл-баъсу баъдал мәути хаққун, Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһү уә Расулүһ»

Мағынасы: «Аллаһу та’аланың бар және бір екендігіне, періштелеріне, жіберген кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтан екендігіне, өлгеннен соң қайта тірілуге сендім. Аллаһу та’ала бір, серігі және ұқсасы жоқ екендігіне, Мұхаммед алейһиссалам – оның сүйікті құлы және пайғамбары екендігіне шаһадат (күәлік) етемін».

Ғұсыл бұзылып, оны бір себептермен (ауруханада ауырып) жасай алмасаң, таяммуммен намаз оқыса болады ма? 

Болады. Таяммум осындай жағдайда соғылады. Кімде-кім шамамен екі шақырымдай ұзақтықтағы суға жете алмаса немесе науқастанып тұрса, әлде күннің суықтығынан қауіптенсе, яки су алатын ыдыс таба алмаса және тағы осы сияқты қиындықтар себепті суды қолдана алмаған жағдайда, «жер жынысына» жататын барлық затқа таяммум соқса болады.[1] Жер жынысы деп – отқа жанбайтын және ерімейтін барлық[2]  жер тектес заттарды айтамыз. Мысалы, шаң-тозаң, топырақ, тас, кірпіш, бетон, әктас, цемент т.б.

Ал ағаш, шөп, темір, әйнек, пластмасса, резинка сияқты отқа жанатын заттар мен еритін заттар жер жынысына жатпайды.  Сондықтан бұларға таяммум соғу дұрыс емес.

[1] Маусули, Ихтияр, 1-том, 81-бет.
[2] Әл Кәсәни, Бадайғ, 1- том, 339 бет.

Түсімде Мұхаммед Пайғамбар аспаннан ақша бұлтқа отырып ұшып келіп маған 1 саусағын ұсынады, мен ұстап едім тартып мені орнымнан  тұрғызды, сосын қайта ұшып кетті. Ояна келе түсім екен, 1 жылдан соң қызды болдым. Қазір жасы 16-да. Қызымның өмірі жақсы болатын шығар?

Ардақ 

Көрген түсті жақсылыққа жору керек. Ұйқыдан оянғаннан кейін Аллам көрген түсім жақсы болса орындалуын, жаман болса жамандығынан сақта деп дұға ету керек.  Хадисте: «Сендер жағымды түс көрсеңдер, ол Алла тағаладан. Алла тағалаға шүкіршілік айтып, көрген түстеріңді әңгімелеп беріңдер. Ал, ұнамайтын түс көрсеңдер, ол шайтаннан, көргеннің жамандығынан сақта деп Алла тағалаға жалбарыныңдар. Жаман түсті ешкімге айтпаңдар, өйткені сендерге оның ешбір зияны тимейді», - деп айтылған.

Ассалямуалейкум! Фазаил  амалы деген кітапты оқуға болады ма? Көп адамдар оны уахабилердің кітабы деп айтады, сол рас па? 

Болат 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Астана қаласының Сарыарқа сотының сот шешімімен  «Таблиғи» жамағаты экстремистік  топ деген шешім шыққан болатын.  «Фазайл ағмал» кітабы сол жамағаттың оқитын кітабы болатын. Ол кітапқа да  тыйым салынды.