Ассалаумағалейкүм! Егер имам қателессе не істеу керек? Намаз қандай кезде бұзылады? Макрух уақыттарда ешқандай намаз оқылмайды ма? Толық жауап берсеңіздер. Алла разы болсын, рахмет.
Әлішер
Уағалайку м сәләм уа рахматтулахи уа баракатух.
- Намазда қателессе сәһу сәжде жасау керек. Сәһу сәждесі (қателік сәждесі) намазда кеткен кейбір қателіктер мен кемшіліктерді түзету мақсатында намаз соңында орындалатын әрекет. Бұл – уәжіп[1]. Өйткені, Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім де кім намазда күмәнданса сәлем беріп, екі сәжде жасасын», - дейді. Тағы бір хадисінде:«Намаздағы қателіктерге, сәлемнен кейін екі сәжде бар»[2], - деген.
Бұл сәждені жасайтын адам соңғы отырыста « әттахиятты» оқығаннан кейін екі жаққа сәлем беріп, қайта «Аллаһу әкбәр» деп, екі рет сәждеге барып, қайта отырады. Одан кейін әрі қарай қайтадан «әттахият» оқып, артынан салауат және дұға оқып, сәлем беріп намазын бітіреді. Егер Имам қателессе, тек қана бір жағына сәлем беріп, екі сәжде жасайды[3]. Имран бин Хусайнның риуаят етуі бойынша: «Пайғамбарымыз (с.а.у) имам боп тұрып қателсекен еді, (намаз соңында) екі сәжде жасап артынан тәшәһһуд оқып, сәлем беріп намазын аяқтады»[4]
Сәһу сәждесі жасалатын қателіктер төмендегідей:
1. Намаздың уәжіптерін ұмытып орындамаса (парыздарын ұмытса намаз бұзылады). Мысалы, фатиханы ұмытып оқымау, екінші отырысқа отырмау, тәшәһһуд дұғасын оқымау, құнут дұғасын оқымау т.б.;
2. Намаздың парыздарын артығымен істеп қойса.Мысалы, екі сәжденің орнына үш сәжде бір рукуғтың орнына екі рукуғ жасау сияқты;
3. Намаз ішінде дұға оқылатын жерлерде, құран оқыса. Мысалы, рукуғда, қағдада (тәшәһһуд отырысы) оқылатын дұғаның орнына құран оқып қою осыған жатады;[5].
4. Намаздың парызын кешіктірсе. Мысалы, төрт не үш рәкәғатты намаздардың бірінші отырысында тәшәхуттан кейін салауат, дуға оқып қойса сәһу сәжде жасау міндет.
[1] Сәмәрқанди, Тухфатуль Фуқаһа – 1/209 бет.
[2] Әбу Дауід - 1033. Сахих хадис.
[3] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ғылымхал, 264 бет. Алматы.
[4] Әбу Дәуід – 1039 хадис,
[5] Маусули, Ихтияр – 1/247 бет.
2. Намазды бұзатын нәрселер:
1. Үзiрсiз жөтелу немесе қақыру.
2. Намаз оқып жатқан кiсiнiң, басқа бiреу түшкiргенде«Ярхамукаллаһ» деп айтуы.
3. Намазын жеке оқып жатқан кiсi жанындағы жамағаттаимамның жаңылғанын байқап, ескертсе немесе жөндесе өзінің намазы бұзылады. Егер имам да бұл кiсiнiң жөндегенiне ұйып жөндеп оқыса, имамның да намазы бұзылады.
4. Намаздың iшiнде «Ла илаһә иллаллаһ» десе, бiрақ мақсаты жауап болса намазы бұзылады. Егер мақсаты бiлдiру болса намазы бұзылмайды.
5. Әурет жерiнiң ашылуы.
6. Ауру немесе басқа бiр дерт себебiмен жылау. (Жаннат немесе тозақ есiне түсiп, соны ойлап жыласа бұзылмайды)
7. Қолымен және тiлiмен сәлем алу.
8. Қаза намаздарының саны бестен аз болып, намазда тұрғанда есiне түссе.
9. Намазда тұрғанда бiр iс-әрекет жасаса, оны сыртынан көрген адам намаз оқып жатқан жоқ деп ойласа намазы бұзылады.
10. Намазда тұрғанда бiр нәрсе жеу немесе iшу.
11. Намазда тұрғанда сөйлеу.
12. Имамнан басқасының қатесiн жөндеу.
13. Намазда тұрғанда күлу.
14. Намазда тұрғанда ыңылдау.
3. Мәкрүһ уақыттар Парыз намаздар үшін мұстахап уақыттар болғанындай, жалпы намаз оқудың мәкрүһ уақыттары да бар:
1. Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт.
2. Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады.
3. Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.
Бұл үш уақытта ешқандай қаза намазы да, жаназа намазы да оқылмайды. Бұл үш уақыт жайлы Уқба ибн Амир әл-Жуһени (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) үш уақытта бізге намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, төмен түсе бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта» (Муслим, Мусафирин, 293; Әбу Дәәуд, Жәнаиз, 51; Тирмизи, Жәнаиз, 41). Осы уақыт сыртында оқысаңыз болады.