Ислам асыл дініміз

«Кахри-кул» деген салауатты білесіздер ме? Соның Сіздерде аудармасы бар ма? Неге бұл салауатты сиқыршылықпен байланыстырады? Оны оқыған дұрыс па?

Дамир

Дұрыс еме. Себебі, арабшадан аударғанда  «Бәрін жоқ ету» деген мағынаға келеді. Көбінесе сиқыршылардың оқитыны сондықтан.

Үйіңе кіргенде қай аяқпен, шыққанда қай аяқпен шығу керек?

Ақмарал 

Айша (р.а.) анамыз: «Пайғамбар (с.ғ.с.) барлық ісінде: дәрет алғанда, киімін және кебісін кигенде, шамасы келгенше оң жақтан жасауды ұнататын[1]», – дейді. Бұл хадис жағымды істе оң (қол және аяқты) пайдалану, ал басқасында сол қол мен аяқты қолдану керектігін көрсетеді.
Имам ән-Науаи: «Бұл қағида шариғатта үнемі қолданылады. Жақсы да жағымды киім-кешек кию, аяқ киім кию, мешіткежәне үйге кіру, мисуак қолдану, намазда сәлем беру, дәрет  алғанда, дәретханадан шығарда, тамақтану, су ішу, қол беріп амандасу, қара тасты ұстау және тағы басқа осы сияқты әрекеттерді оң жақтан бастау – мұстахаб. Ал, дәретханаға кіру, мешіттенүйден  шығу, мұрынды шаю, үлкен-кіші дәреттен тазалану, киім-кешекті шешу және осы сияқты амалдарда сол жақтан және сол қолмен болғаны мұстахаб...»,-дейді.
Ал, енді адамның оң қол сал немесе сынған сияқты үзірлі жағдай болса сол қолдың көмегімен тамақтануға және дәрет алудың ешбір сөкеттігі жоқ.     [1] Ибн Ражаб

Шариғат бойынша аборт жасатқан әйел күнәсін қалай жуып-шаяды?  Баланың құнын төлеу керек дегенді естідім. Қаншалықты дұрыс?

Жанар 

Қазақстанда жыл сайын 170 мыңнан астам сәби жасанды түсіктің құрбаны болады екен. Бұл – ресми тіркелген дерек. Тіркелмегенін есептей беріңіз...  Қасиетті Құран Кәрімде: «біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі – барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнәсіз өлтірілген балалардың есебі сұралғанда…» деген аяттар бар. Бала алдыртқандар сәбиді өлтіргенімен қоймай, Алланың адамға берген үлкен сыйы – өз денсаулығына да қиянат жасайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Өз балаларыңды бағып-қағудан қорқып, ризығын тауып беруді қиынсынып, оны өлтірмеңдер»,- деген хадисі бар.

 Тек бір ғана жағдайда рұқсат етіледі. Егер өмірге сәби әкелу барысында ана денсаулығына қатер төнсе ғана ол баланы алдыртуға болады. Іштегі сәбиге 40 күн дегенде жан беріледі. Яғни 40 күннен кейін ол кәдімгі адам, тірі жан болып есептеледі. Ол кезде оны алдыртуға мүлдем болмайды.

Ешқандай құн өтелмейді тек тәуба жасалады. Тәуба дегеніміз жасаған күнәға қайта бармау Алладан шынайы кешірім сұрау.

Қызым екеуіміз кездесіп жүргенімізге біраз болды. Некемізді қидырып алсақ деген ниеттеміз. Соған дінімізде қандай талаптар қойылады?

Асқар 

Дінімізде некелесу – сүннет. Ал зинаға барып қою қаупі болса, онда үйлену уәжіп болады. Отбасы құрып, ұрпақ көбейту – Ислам дінінде қасиетті де ардақты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деп, үйленудің қаншалықты маңызды екенін айтады. Сондықтан да, осы өсиетті орындаудың жолы – неке қию. Некенің шарттары төмендегідей:

1.Неке сөзі. 
Тұрмыс құрғалы жатқан ер мен әйел үйленбек ниеттерін сөз жүзінде білдірулері керек. Бұны «ижәб» және «қабуль» дейді[1]. Неке сөзі «өткен шақта», бір-біріне түсінікті тілде және бетпе-бет отырған кезде (иттихадуль мәжлис) айтылуы тиіс. Мәселен, жігіт «мен сенімен некемді қидым» немесе «сені өзіме жар етіп алдым» т.б. деуі керек, ал қыз сол жерде жауабын беруі керек.

Тағы да айта кету керек, бірінші айтылған сөз (ижәб) үйленуді, некелесуді ашық білдіруі шарт. Ал оған жауапты «қабыл еттім, разымын, келістім т.б.» (қабуль) деген сөздермен беруге болады.

Сондай-ақ, неке сөзі өмірлік некені білдіруі керек. Уақытша некелесуді білдіретін сөз некеге жарамайды. Мысалы, «мен сені бір жылға жар етіп алдым» десе, екінші тарап оған келісім берсе де, ол неке қиылған болып есептелмейді. Бұл Әбу Ханифа және көпшілік ғалымдардың тұжырымы.

2. Ақыл есі дұрыс және балиғат жасына толған болуы керек.
Некелесуді ұйғарған екі жастың екеуі де балиғат жасына толған әрі ақыл есі дұрыс болуы шарт. Ақылы толыспаған бала мен есі дұрыс емес жындының некесі есепке алынбайды. Ақылы толысып, оңды-солын білетін, алайда, балиғат жасына әлі тола қоймаған ұлдың не қыздың некесі қамқоршысының рұқсат беруінен кейін ғана өз күшіне енеді. Балиғат жасына толған қыз өзінің қамқоршысының рұқсатынсыз некелескен болса, Әбу Ханифаның пікір бойынша, ол неке дұрыс болып есептеледі. Ал Имам Мұхаммәдтің тұжырымы бойынша, қиылған неке қамқоршысының рұқсатына дейін өз күшіне енбейді. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қамқоршының рұқсаты маңызды екенін өзінің хадистерінде айтқан.

3. Неке кедергілерінің болмауы.
Үйленгелі жатқан ерлі-зайыпты арасында шариғат бойынша некелесуге тыйым салынған жақын туыстық немесе уақытша кедергі болмауы тиіс. Мұндай кедергісі бар ерлі-зайыптылар неке қиса да некелері дұрыс боп есептелмейді. Мысалы, бірге туған болмау, сүт бауыр болмау, өзгенің некесінде болмау, жігіт өзге дін иесі болмау т.б. 

4. Куәгерлердің болуы.
Болашақ ерлі-зайыптылар неке қиярда мұсылман, ақыл есі дұрыс, кәмелетке толған екі ер немесе екі әйел бір ер кісіні куәгер етуі керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Куәгерлерсіз неке жоқ», – деген. Куәгерлерсіз қиылған неке шариғат бойынша неке болып есептелмейді.

5. Қызға тең келер жігіт. Үйленген жігіті теңі болмай шықса да, қиылған неке дұрыс. Десе де, Ханафи мәзһабы бойынша, қыздың үйленгісі келген жігіті: біріншіден, қыздың тегіне сай; екіншіден, мәһрін беріп болашақта нәпәқамен қамтамасыз ете алатын; үшіншіден, қыздың «діні» мен «тақуалығына» сай болғаны жөн. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл жайында: «Әйелдерді тек теңіне үйлендіріңдер...», –деген. Теңіне шықпаған жағдайда, оның қамқоршысы қызға тиер зиянның алдын алу мақсатында соттан некенің бұзылуын талап ете алады. Бірақ, ол неке дұрыс.

6. Мәһр[2].
Мәһр көлемі бекітілмей немесе мәһр бермеуге келісіп, қиылған неке дұрыс. Алайда, «мәһр мисл» есептеліп берілуі тиіс. «Мәһр мисл» дегеніміз – қыздың туыстары арасында қай жағынан алғанда да өзіне тең әйелдерге берілген мәһрдің көлемі. Қамқоршысының рұқсатынсыз теңі болмаған жігітке үйленген қыздың мәһрі «мәһр мислдің» көлемінен аз болса, оны толықтырмайынша, қыздың қамқоршысы некенің бұзылуын талап ете алады.[3]

[1] Ижәб деп – бірінші боп үйлену ниетін білдірген кісінің сөзін айтамыз. Мысалы: «Мен сізді өзіме жар етіп алдым» дегені сияқты. Ал «қабул» болса – бірінші айтқан кісінің сөзіне келісім беруі. Мысалы, «Мен де сізге жар болуды қабыл еттім» дей отырып, әлгі кісіге тұрмысқа шығуға ризашылығын білдіруі.
[2] Мәһр жайында толығырақ білгіңіз келсе мына сілтемеге кіріңіз:http://muslim.kz/kk/question/68-mahr-beruge-mindettimin-be.html 
[3]Кәсәни, Бадиғ, Никах; Әл-Хәләф: Әхкәмул Әхуалуш Шахсия.;
    Әл-Әхкәмуш Шәрғия филь Әхуәлиш Шәхсия; Әр-Рази, Хуләса;
    Зухайли, Әл-Уәжиз: Китабун никах; Мәдани, Любаб – 3/13бет.
    Абдрахман әл-Хазири, Әл-Фиқһуль Алаль Мәзәхибиль арбаға, Китабун никах.
    Дәрукутни, Китабун Никах – 3545.;
    Әз-Зубайди, Әл-Жаухаратун Нәйира, Китабун Никах – 668 бет.

Ата аналарыңыз бен бірге осы шарттармен мешітке келіп некелеріңізді қидырсаңыз болады.

Бір мұсылман бауырым сұрап еді «шариғат ипотекаға үй алу мәселесінде не дейді?» деп. Мүмкін болса, толығырақ айтыңыздаршы. Рахмет.

Дәурен

Пайыз. Қарызға беруде, кепілде (ипотека, яғни өтелетін мүліктің өтемі ретінде бір мүлікті аманатқа алашақтыға (қарыз берушіге) немесе басқа бір әділ адамға қалдыруда) және сауда-саттықта алушыдан немесе берушіден, біреуінің екіншісіне артық мүлік немесе ақша үстеме беруін шарт ету арқылы келген табыс. Файыз, риба, өсім деп те айтылады.

Аллаһу та’ала аяти кәрималарда былай деген:

«Пайыз (өсім) жегендер қиямет күні қабірлерінен қояншық ауруы бар адамдай есеңгіреп тұрады.» (Бақара сүресі 275)

«Аллаһу та’ала пайыз (өсім) алған және бергендердің мал-мүліктерін жояды. Ізін де, белгісін де қалдырмайды. Зекет бергендердің мал-мүліктерін әлбетте арттырады.» (Бақара сүресі 276)

«Ражаб айының алғашқы жұма түні құлшылық қылған адамды Аллаһу та’ала қабір азабынан құтқарады. Дұғаларын қабыл етеді. Тек 7 түрлі адамды кешірмейді және дұғаларын қабылдамайды: Пайызға(өсім) ақша берген және алған адам, мұсылмандарды төмен санаған адам, ата-анасына қарсы келген бала, мұсылман және діннің бұйрықтарына бағынатын күйеуін тыңдамайтын әйел, өлең айтып, сазды аспаптар шалатын адам, зинақорлық жасайтын адам, бес уақыт намаз оқымайтын адамдар». (Хадис шәриф – Риядун-Насихин)

"Берген мөлшерінен артығымен қайтарып алу шартымен қарызға беру пайыз (фаиз-өсім) болады. Яғни осындай келісімшарттар харам болып табылады. Харам келісіммен табылған мал-мүліктің барлығы харам болады. Мысалы: 12 кг бидай қайтарып алу шартымен 10 кг бидай қарызға берілсе, алынған 12 кг-ның барлығы харам болып табылады. Өсімге қарыз беру және алудың харам екендігі Құран кәрімде ашық түрде білдірілген."(Имам Раббани)

"Ысыраптың яғни мал-мүлікті діни тұрғыдан дұрыс болмаған жерлерге жұмсаудың жаман екендігін көрсеткен дәлелдердің біреуі пайыздың харам болуы. өсімге ақша алу және беру үлкен күнә. Пайыздың харам болуының себебі адамдардың мал-мүлкін сауда-саттық жасағанда зиян көруден қорғау болып табылады." (Имам Биргиуи)

"Соңғы демде имансыз кетуге себеп болатын нәрселердің бірі – пайыз (фаиз - өсім) алу және беру." (Хамза)

"Пайыз тек Исламда емес, сәмауи діндердің яғни алдыңғы келген хақ діндердің барлығында харам еді. Пайыздың азы да, көбі де харам. Ең үлкен күнәлардан болып табылады." (Мұхаммед Рабхами)

"Әрбір табыс және пайда түсіретін қарыз – пайыз (өсім) болып табылады." (Алауддин Хаскәфи)

Әссәләму әлейкум уа рахматуллаh! Осы Пайғамбарымызды (с.а.у.) уасила етіп Алладан сұрауңа болмайды дегендер діннен шығып кетеді ме?  Және де уасила етуге күмәнданған кісі, яғни әлбетте Аллаh дұғаларды қабыл етуші, тікелей Алладан сұрасаол адам күнаһар болмайды ма?  Уасила  етуге күмәнданған кісі,  яғни Пайғамбарымызды (с.а.у.) ортаға қойып, құрметіне деп дуға етуден күмәнданған кісі және де  біз неге уасила етеміз? Біздің күнәларымызың зардабынан дұғамыз қабыл болмауына себебі болғандықтан ба?

Жеңіс 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух!

Тәуәссул: Пайғамбарымызбен барлық уақытта – ол жаратылмастан бұрын, жаратылғаннан кейін, өмірінде және қайтыс болғаннан кейін қабір әлемінде  тәуәссул етілген, қиямет күні тірілгеннен кейін Арасат алаңында және жаннатта да тәуәссул етіледі. Яғни пайғамбарымызды араға қойып Аллаһтан тілектер сұралған. Тәуәссул (Уәсилә) – Аллаһу та’аланың өз алдында жақындық пен қажеттіліктердің қанағаттандырылуына себепші еткен барлық нәрсесі.

Расулуллаһпен тәуәссул ету, яғни Расулуллаһты Аллаһу та’аланың құзырында өз тілектерінің қабыл болуына уәсилә (арашы) ету, Оның көмегін және шапағатын сұрау жаиз. Бұлар – пайғамбар алейһимуссалам, сәләф-и салихин, ғұламалар және басқа да мұсылмандардың ғасырлардан бері жасап келе жатқан амалдары. Мұсылмандардың ешқайсысы бұған жаман көзбен қарамаған. Қазірге дейін жолдан адасқан сектанттардан басқа мұны қабылдамайтын ешкім кездеспеген.

Адамдардың атасы – Адам алейһиссалам жер бетіне түсірілген кезде Расулуллаһ алейһиссаламды уәсилә еткен. Мұны сүйікті пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде былай айтып берген: «Адам(алейһиссалам) жаннатта жіберген қателігіне байланысты жұмақтан шығарылғанда: «Йа Раббым! Мені Мұхаммедтің құрметіне кешіре  гөр» деді. Аллаһу та’ала: «Йа Адам! Сен Мұхаммедті қалай білдің. Мен оны әлі жаратқан жоқпын ғой» деп бұйырды. Адам(алейһиссалам): «Йа Раббым! Мені жаратып, маған рух берген кезіңде, көзімді ашып қарағанымда арштың шетінде «Лә илаһә иллаллаһ Мухаммәдән расулуллаһ» деген жазуды көрдім. Есімін есіміңмен сүйген адамың Сол болу керек» деді. Аллаһу та’ала: «Дұрыс айтасың ей Адам! Жаратқандарымның ішінен ең қатты жақсы көретінім – Сол. Соның құрметіне кешірім сұрағаның үшін сені кешірдім» деп бұйырды.» Бір риуаят бойынша: «Ол сенің тегіңнен келетін бір пайғамбар. Оны жаратпағанымда сені, әулетіңді жаратпас едім. Оны шапағатшы етіп көрсеткенің үшін сені кешірдім»- деген.

Бұған (тәуәссулге) қатысты мыңдаған мысалдар бар. Солардан бірнешесі төменде келтірілді:

Екі көзі көр бір адам көздерінің ашылуы үшін пайғамбарымыздан дұға етуін сұрады. Пайғамбарымыз «Қаласаң дұға етемін. Бірақ, сабыр етіп, шыдасаң сен үшін одан да жақсы болады»- деді. «Сабыр етуге күшім қалмады. Дұға етуіңіз үшін жалынамын»- деді. «Олай болса, дәрет алып, мына дұғаны оқы» деді. «Аллаһуммә инни әсәлукә уә әтәуәжжәһу иләйкә би нәбийикә Мухаммәдин нәбиир-рахмәти. Йа Мухаммед! Инни әтәуәжжәһу бикә илә Рабби фи хажәти литақдиә Аллаһуммә шәффиһу фиййә».

Ол адам бұл дұғаны оқыған кезде Аллаһу та’ала дұғасын қабыл етіп, көзінің ашылғанын хадис ғалымы Имам Нәсаи білдіреді.

Расулуллаһ алейһиссаламның уәсилә етілуімен байланысты Осман бин Ханиф хазіреттері мынадай оқиғаны айтады: «Осман бин Аффан халифа болып тұрғанда қатты қиналып жүрген бір адам халифаның алдына баруға ұялып, маған дертін айтты. Мен «Дереу дәрет алып, Мешіт саадәтке бар. Жоғарыда көрсетілген дұғаны оқы, тілегіңді айт»- дедім.

Ол адам дұға еткеннен кейін халифаның отырған жеріне барып, құзырына шығарылыпты. Халифа оны жайнамазының үстіне отырғызып, тілегін тыңдап, қабыл етіпті. Ол кісі ісінің бір сәтте шешілгенін көріп, қуанып, маған келді. «Аллаһу та’ала саған разы болсын! Халифаға сен айтпағанда қиыншылығымнан құтыла алмас едім»- деді. Мені халифамен сөйлесті екен деп ойлады.

Хазіреті Омар халифа кезінде жұт болды. Сахабалардан Біләл бин Харс Расулуллаһтың кесенесіне барып «Йа Расулаллаһ! Үмметіңіз аштықтан өлудің алдында тұр. Жаңбыр жаууына уәсилә болуыңызды жалбарына сұраймын» деді. Расулуллаһ алейһиссалам сол күні оның түсіне кіріп «Халифаға бар. Менен сәлем айт. Жаңбыр дұғасына шықсын!» деп бұйырды. Хазіреті Омар жаңбыр дұғасына шыққаннан кейін жаңбыр жауа бастады.

Аллаһу та’ала жақсы көретін адамдарының құрметіне дұғаларды қабыл етеді. Аллаһу та’ала Мұхаммед алейһиссаламды өте қатты жақсы көретінін білдірген. Сондықтан да бір адам «Аллаһумма инни әсәлука би-жаһи Нәбийик-әл-Мустафа» деп дұға етсе, дұға қайтарылмайды. Алайда, ұсақ-түйек дүниелік істер үшін Расулуллаһты уәсилә ете беру де әдепке жат қылық болады.

Күйеуімен сүйіссе, ғұсыл дәрет алынады ма?

Гули

Жағдайға және жасқа байланысты.

Ғұсыл алынатын  арнайы жағдайлар бар. Осымен салыстырасыз.

1. Жүнүп болу: Жыныстық қатынас, ихтилам немесе соған ұқсас жағдайлар арқылы мәнидің сыртқа шығуы. Есінен танған, мастығынан айыққан, ұйқысынан тұрған адам бойынан бөлінген ылғал бір нәрсе көрсе, ғұсыл алғаны абзал. Ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қатынаста мәни шықпаса да ғұсыл қажет. Пайғамбарымыз осылай ескерткен (Әбу Дәәуд, Таһарат; 83). Аллаһ Елшісі былай дейді:«Мәзиде – дәрет, мәниде – ғұсыл бар». Яғни, құмарлық сезімсіз ақса да ғұсыл қажет. Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің көзқарасы осындай.

2. Хайыз және нифас: Әйел затының хайыз бен нифас кезеңі аяқталғанда ғұсыл алуы – парыз. Құранда былай дейді: «(Мұхаммед) олар сенен етеккір жайында сұрайды. Оларға: Ол жиіркенішті нәрсе, етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар. Оларға тазарғанға дейін жақындаспаңдар. Қашан толық тазарса, Аллаһтың өздеріңе бұйырған жерінен оларға жақындасыңдар де» (Бақара, 222). Пайғамбарымыз Әбу Хубайш қызы Фатимаға былай дейді: «Хайыз қаны аққанда намаз оқуды доғар. Тоқтағанда ғұсыл алып оқы».

3. Мәйітке (өлікке ғұсыл): Яғни, шейіттен басқа барлық мәйітке ғұсыл құю – мұсылмандарға кифая парыз.

4. Жаңа мұсылман болған адамға ғұсыл алу – парыз. Қайс ибн Асым мұсылман болуға келгенде, Пайғамбарымыз оған ғұсыл алуды әмір етеді (Әбу Дәәуд, Таһарат; 129; Сунән, Жұма; 72).

Мен 1 жылдан бері намаз оқимын, бірақ, тұрмысқа шыққалы намазымды тастап қойдым. Одан кейін қайта бастадым. Аяғым ауыр болғаны себепті ауырып қайта тастап қойдым. Бұл күнаға жатады ма?

Гүлназ 

Өз уақытында оқылмаған намаз қаза болады. Яғни уақытынан өткізіп алсаңыз қазасын оқисыз. Үзірсіз (себепсіз) қазаға қалдыру үлкен күнә болады. Қаза болған намазды мүмкіндік болуымен дереу оқып алу керек. Қаза намазды оқу парыз болып табылады, сонымен қатар қазаға қалдырғаны үшін қосымша тәубе ету де керек. Парыз намаздардың ғана қазасы оқылады. Сүннеттердің қазасы оқылмайды. Аяғы ауру себебті  отырып оқуына рұқсат. Және намаз уақыттарын келесі намаз уақытына жақындатып оқысаңыз болады. Фәләқ және нәс сүрелерін Риуаят бойынша, Фатиманың (р.а.)  толғағы жақындағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Үмму Сәләма мен Зайнаб бинт Жахшқа (Алла Тағала екеуінен де разы болсын) қызына барып аталмыш Құран Кәрім сүрелері мен аяттарын оқуды тапсырған екен.

Жын шығару қаншалықты рас? Интернетте  сол жайлы роликтер көп екен.

Сәбит

Кейбір адамдардың жындарды елес (иллюзия, қиял) деп санап, оларды жоққа шығаруы қате. Қорыққан кездегі көз алдында пайда болған елестер әрине жоқ. Бірақ бұл елестерді жын деп санау – жыннан хабары жоқ болу деген сөз. Бір нәрсеге жоқ деп айта алу үшін ол нәрсені тану керек. Танымай тұрып жоқ деу жас баланың сөзі болады. Осындай адамдарға білімді деп айту орынсыз болады. Бүкіл пайғамбарлар хабар берген және әсіресе біздің пайғамбарымыз әр түрлі уақыттарда хабар берген мәліметке ақылға, тәжірибеге сүйенбестен, болжамдау жолымен «Жоқ» деп аузына келгенін айту білімді адамға жарасатын тірлік емес.

Жындарға, періштелерге, жәннатқа, тозаққа сенбейтіндер «Кім барыпты ол жаққа, кім көріпті? Бар болғанда көрер едік. Көрмеген нәрсеге сенбеу керек» деп жатады. Көз ақылға емес, ақыл көзге бағыну керек деп санайды. Алайда ақыл сезім мүшелерінен жоғары бір қуат және сезілген нәрселердің дұрысын, қатесін ажырататын басқару мүшесі. Адамдар көзге бағынышты болғанда, адамның қадірі көздің қуатымен өлшенгенде, мысық, ит және тышқан адамдардан қадірлірек болуы қажет болар еді. Өйткені бұл жануарлар қараңғыда да көреді, ал адам көре алмайды. Олай болса, көре алмағанына сенгісі келмейтін адам, адамды жануардан да төменге түсіруде. Демек, сезім мүшелері – ақылдың құралдары. Басқарушы, бұйрық беруші – ақыл. Ақыл көрінбейтін, сезілмейтін нәрселерді жоққа шығармайды, дәл осылай жоқ екендігі анықталмаған, аңғарылмаған нәрселерге де жоқ демейді. Бұларға жоқ деп айту ақылға сай болмайды. 

Мен таң намазын оқиын деп жүр едім. Таң намазы аяқталған соң «Астағфируллах» дұғасы оқылуы тиіс пе? Кітапта сәлем беруден кейін намаз аяқталады деп тұр. Енді қайсысы дұрыс екендігін білсем деп едім.

Маусымжан  

Намазын жалғыз немесе имаммен оқыған адам екі жаққа сәлем бергеннен кейін «Аллаһуммә әнтәс-сәләм уа минкәс-сәләм, тәбарактә иә зәл-жәләли уәл-икрам» деп айтады.

Кейін 3 рет «Әстағфируллаhәлазыйм  уә әтубу иләйh» деп айтады. Бұған истиғфар дұғасы деніледі.

Одан кейін Аят-әл-курси оқылады және артынан 33 рет«Субханаллаh», 33 рет «Әлхамдулилләh», 33 рет «Аллаhу әкбәр», және 1 рет «Лә илаhә иллаллаһу уахдәhу лә шәрикә ләh ләhул-мулку уә ләhул-хамду уә hуә алә кулли шәйин қадир» деп айтылады. Бұлардың арасына басқа дұғаларды араластыру – бидғат.

Кейін қолдар жайылып дұға етіледі. Дұғадан кейін амин деп қолдармен бет сипалады. Дұғаны сергек, ояу көңілмен дауыссыз оқу керек. Дұғаны тек намаздардан кейін ғана немесе белгілі бір уақыттарда ғана жасау және белгілі бір нәрселерді жаттап алып, тақпақ оқығандай судыратып, не оқып жатқанын білмей дұға ету мәкрух болып табылады.

 Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) да (күнәдан пәк бола тұра) үнемі аузынан истиғфарын тастамай жүруді өзіне әдет еткен. Бір ерекшелігі, оны үзбей, белгілі бір саннан аз айтпағандығы. Әбу Хұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте «Ант етейін, мен күніге Аллаһ Тағаладан жетпіс реттен көп кешірім тілеймін» десе, басқа бір сөзінде күн сайын жүз рет кешірім тілегендігі айтылады (Мүслим, Зікір, 41).