Спиртті дәкемен бір нәрсені сүртсе дәрет бұзылады ма?
Дәрет бұзылмайды. Дәрет денеден бір нәрсе шықса бұзылады. Спиртпен сүрткенде спирт ұшып кетеді.
Шайтан қандай болады?
Расул
Басты сипаттары тәкаппарлық, өзімшілдік, көре алмаушылық, менмендік. Бұл шайтандар жын тайпасынан және Ібілістің ұрпағынан. Ібіліс үлкен ғалым еді. Адам алейһиссаламға қарай сәжде етуі әмір етілгенде тәкәппарланып сәжде етпеді. Одан бұрын періштелердің ұстазы болғанымен, кейіннен мәңгілікке лағнеттелді және шайтандардың басшысы болды. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Ашу шайтаннан. Шайтан оттан жаратылды. От сумен сөнеді. Ашуланған адам дәрет алсын». (Нәсаи).
«Түшкіру Рахманнан, есінеу шайтаннан». (Тирмизи)
«Мен адам ұрпақтарын алдынан, артынан, оңынан, солынан келіп, азғырамын. Ей, Раббым, сен өзіңнің құлдарыңның көбін, берген нығметтеріңнің қадірін біліп, шүкіршілігін қылатындардың қатарынан таппайсың» («Ағраф» сүресі, 17-аят) деген Шайтаннан пана табудың жолы Алла есімін көп еске алып, зікір ету.
4 ракағаттық намазда 2-ракағатқа отырғанда «Ат-тахият» дұғасын оқып қойсаң намаз бұзылады ма? Әлде ары қарай жалғастырса болады ма?
Арон
Намаз бұзылмайды сәжде саху керек болады. Сәһу сәждесі (қателік сәждесі) намазда кеткен кейбір қателіктер мен кемшіліктерді түзету мақсатында намаз соңында орындалатын әрекет. Бұл – уәжіп[1]. Өйткені, Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім де кім намазда күмәнданса сәлем беріп, екі сәжде жасасын», - дейді. Тағы бір хадисінде:«Намаздағы қателіктерге, сәлемнен кейін екі сәжде бар»[2], - деген.
Бұл сәждені жасайтын адам соңғы отырыста « әттахиятты» оқығаннан кейін екі жаққа сәлем беріп, қайта «Аллаһу әкбәр» деп, екі рет сәждеге барып, қайта отырады. Одан кейін әрі қарай қайтадан «әттахият» оқып, артынан салауат және дұға оқып, сәлем беріп намазын бітіреді. Егер Имам қателессе, тек қана бір жағына сәлем беріп, екі сәжде жасайды[3]. Имран бин Хусайнның риуаят етуі бойынша: «Пайғамбарымыз (с.а.у) имам боп тұрып қателсекен еді, (намаз соңында) екі сәжде жасап артынан тәшәһһуд оқып, сәлем беріп намазын аяқтады»[4]
Сәһу сәждесі жасалатын қателіктер төмендегідей: 1. Намаздың уәжіптерін ұмытып орындамаса (парыздарын ұмытса намаз бұзылады). Мысалы, фатиханы ұмытып оқымау, екінші отырысқа отырмау, тәшәһһуд дұғасын оқымау, құнут дұғасын оқымау т.б.; 2. Намаздың парыздарын артығымен істеп қойса.Мысалы, екі сәжденің орнына үш сәжде бір рукуғтың орнына екі рукуғ жасау сияқты; 3. Намаз ішінде дұға оқылатын жерлерде, құран оқыса. Мысалы, рукуғда, қағдада (тәшәһһуд отырысы) оқылатын дұғаның орнына құран оқып қою осыған жатады;[5]. 4. Намаздың парызын кешіктірсе. Мысалы, төрт не үш рәкәғатты намаздардың бірінші отырысында тәшәхуттан кейін салауат, дуға оқып қойса сәһу сәжде жасау міндет.
[1] Сәмәрқанди, Тухфатуль Фуқаһа – 1/209 бет.
[2] Әбу Дауід - 1033. Сахих хадис.
[3] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ғылымхал, 264 бет. Алматы.
[4] Әбу Дәуід – 1039 хадис,
[5] Маусули, Ихтияр – 1/247 бет.
Жаңа жылды мұсылмандардың тойлауына болмайтынын білемін. Бірақ, шыршаға да, аяз атаға да сенбей, тек Алла Тағаладан тілеп, дастархан халал нәрселерден болса, тойлауға болады ма?
Барлық нәрсе ниетке байланысты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кемде-кім бір қауымға ұқсаса, қияметте солармен бірге тіріледі», - деген.
Намаз күніне неше рет және қай сағаттарда оқылады? Әр намазда неше ракағаттан оқылады?
Эльмира
Сәләмәтсіз бе, Эльмира! Намазды 5 уақыт оқу парыз.
Таң 7:02
Күн 8:43
Бесін 13:16
Екінті 16:07
Шам 17:54
Құптан 19:18
Қала: Тараз Таң 2 сүннет 2 парыз.
Бесін 4 сүннет 4 парыз 2 сүннет.
Екінті 4 парыз.
Шам 3 парыз 2 сүннет
Құптан 4 парыз 2 сүннет 3 үтір уәжіп.
Тұрмыстық техниканы кредитке алуға болады ма?
Дәулет
Кредит картасын қолдану жаиз. Кредит картасымен бір затты бөліп төлеу шартымен қымбатырақ алу да жаиз. Зәруліксіз кредит картасынан қолма-қол ақша шешіп пайызын өтеу жаиз емес. Сонымен қатар, зәрулік болмағанша кредит картасының қарызын уақытылы өтемей, кешіктіру үшін айыппұлын өтеу жаиз болмайды. Осы сияқты электр, су есептеуіштерін де өтемей, айыппұл төлеу жаиз емес. Ақша таба алмаса немесе ұмытып кешіктірген болса, күнә болмайды.
Зәрулік болған жағдайда пайызға болса да кредит алу жаиз болады, өйткені «Зәрулік харамдарды мубах қылады» делінген. Сондай бір жағдай туындап, зәрулікке саналатындығы немесе саналмайтындығы белгісіз болса, мұндай жағдайларда пайызсыз ақша алудың бірнеше жолы бар. Яғни дінімізге мойынсұнғысы келген адамға бір шарасы табылады.
Нaскидин сыртынан масих тартуға бола ма? Және қай қолымен тарту керек?
Гүлназ
Ешбір әһли сүннет ғалымдары құр нәскидің үстіне масих етуге рұқсат бермеген. Аяққа киілген мәсі кем дегенде 5,5 км-ден артық жол жүруге шыдайтындай болуы керек.
Мәсіге мәсіх тартудың парыз болған мөлшері – әр аяқтың алдыңғы жағындағы мәсінің үстіне қолдың үш саусағының ені және ұзындығының өлшеміндей. Ал мәсіхті саусақтарын ашық ұстап, аяқ саусақтарынан жоғары қарай қонышына дейін тарту – сүннет. Муғира ибн Шуғбә (р.а.): «Аллаһ Елшісі мәсіге мәсіх етті. Оң қолын – оң мәсісінің үстіне, сол қолын – сол мәсісінің үстіне қойып, жоғары қарай бір рет мәсіх тартты» (Әбу Дәәуд, Таһарат, 63; Ханбәл, 6, 247).