1. Әжетханаға қатысты сүннетті 2. Тағам ішкендегі сүннеті, 3. Су ішкендегі сүннеттерді, 4. Ұйықтағандағы сүннеттерді, 5. Үйге кірерде ,шығардағы сүннетті, т.б. сүннет амалдарды толығымен рет-ретімен жазып берсеңіз, Алла разы болсын! Алла істеріңізге береке берсін!
Әділет
Дәреттің сүннеттері:
1. Дәрет алуға ниет ету.
2. «Бисмиллаһ» деп Аллаһ Тағаланы зікір ету.
3. Екі қолды білекке дейін жуу.
4. Мисуәк қолдану.
5. Ауызды үш рет шаю.
6. Мұрынды үш рет шаю.
7. Қастың, мұрттың түбіне су жеткізу.
8. Қалың сақалды араластырып жуу.
9. Қол, аяқ саусақтарын салалап, бәріне су тигізу.
10. Бастың барлығын су қолмен сипау.
11. Әр мүшені үш рет жуу.
12. Басқа масих тартқаннан кейін, құлақтың іші сыртын сулы қолмен сипау.
13. Мүшелерді тәртіп бойынша жуу.
14. Мүшелерді оңнан бастап жуу.
Тамақтану сүннеттері:
- 1. Тамақты “бисмилләһ” айтып бастау (қасындағылардың естеріне түсіру үшін дауыстап айтуға болады).
- 2. Тамақтың соңында “әлхамдулилләһ” деу.
- 3. Тамақтан бұрын және соңында қолдарды жуу (тамақтан бұрын қол жуғанда алдымен жастар, ал тамақтан кейін алдымен үлкендер бастап жуады.)
- 4. Оң қолмен ішіп-жеу.
- 5. Ыдыстың шетінен бастау, өз алдынан жеу.
- 6. Оң аяқтың тізесін бүгіп, сол аяқтың үстіне отыру (отырғанда бір нәрсеге сүйену, басы ашық күйінде жеу жаиз.)
- 7. Тамақты тұзбен бастап, тұзбен аяқтау (тұзбен бастап, тұзбен аяқтау шипа болады. Тамақты нанмен бастап, нанмен аяқтап, нандағы тұзға ниет етілсе, бұл да сүннеттің орнына өтеді.)
- 8. Қолмен желінетін тағамдарды үш саусақпен жеу.
- 9. Қарбызбен нан жеген кезде, нанды оң қолымен, қарбызды сол қолымен жеу.
- 10. Ыдыста қалған жұғынын сыйырып жеу (компот, айран секілді сусындардың қалдығына су құйып, шайқап ішу үлкен сауап. Қалып қойғанын кейін жеп-ішу шартымен табақта, стаканда қалдыру жаиз. Расулуллаһ алейһиссалам мүминнен артылған тамақты жегенді жақсы көретін).
- 11. Қолды жумас бұрын немесе майлықпен сүртпес бұрын саусақтардағы тамақ қалдықтарын жалау.
- 12. Соңында тістерді мисуакпен немесе тіс тазартқышпен тазалау. Тістердің арасынан шығарылған қалдықтарды жұтпау керек. (Тістерді оңаша жерде тазалау керек. Дастарханда отырған адамдарды жиіркендірмеу керек.)
Су ішудің әдептері келесідей:
1. Су ішпес бұрын "бисмилляхи рахмани рахим" деп айту.
2. Суды отырып ішу. Пайғамбарымыздың (с.а.у), суды тұрып ішкендігі жайлы да хадистер кездеседі. Алайда, суды тұрған күйі ішуі бұл әрекеттің рұқсат екендігін көрсетсе, ал одан тыйғаны отырып ішудің абзал екенін білдіреді. Сондықтан, мүмкін болса отырып су ішкенді дағдыға айналдырған дұрыс. Олай болған себебі, отырып су ішу – адамның бойына, тұрып ішкендегі суға қарағанда сінімдірек екендігі қазіргі ғылымда да айтылады.
3. Суды оң қолмен ішу керек.
4. Суды бір ыдысқа құйып ішу керек.
5. Суды 3 бөлікке бөліп, асықпай, үш жұтыммен ішу.
6. Ішіп жатқан суыңа қарап деп алмау керек.
7. Су ішіп болғасын, Пайғамбарымыз (с.а.у) мына дұғаны оқыған:
"الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي جَعَلَهُ عَذْبًا فُرَاتًا بِرَحْمَتِهِ ، وَلَمْ يَجْعَلْهُ ملحًا أُجَاجًا بذنوبنا".
Жатардағы сүннет.
1) Төсекке дәрет алып жату керек! Хадис шәрифте былай делінген:
«Дәретті болып жатқан адамның рухы Аршқа көтеріледі және түстері дұрыс болады. Дәретсіз ұйықтаған адамның рухы көтерілмейді, көрген түстері аралас болады, дұрыс шықпайды». (И.Ғазали)
«Дәретті болып жатқан адам түнде ғибадат еткен және күндіз ораза ұстаған адам сияқты сауап алады». (Хаким)
2) Мисуак қолданып, оң жаңымен құбылаға қарап жату сүннет. Ғибадаттарды тыныққан халде қуатпен және дұрыс орындау ниетінде ұйықталған ұйқы ғибадат болады. Хадис шәрифте: «Ғалымдардың ұйқысы ғибадат» - делінген. (И.Ғазали)
3) Қарыздары және маңызды жұмыстары болған адамның өсиет жазбастан ұйықтамауы керек! Өйткені таңға дейін тірі болатындығына ешкім кепіл емес. Егер өсиетсіз өлетін болса, қияметке дейін сөйлей алмайды. Мәйіттер оны зиярат етеді, онымен сөйлесуге тырысады, алайда ол жауап бере алмайды. Сол кезде «Бұл бейшара өсиетсіз өлген екен» дейді. Өсиет ретінде бар болса құл қарыздарын, намаз және ораза қазалары сияқты Аллаһқа болған қарыздарын жазу керек, өлімінен кейін орындалуын қалаған нәрселерін білдіру керек!
4) Күнәларына тәубе етіп ұйықтау керек! Баршаға жақсылық жасауға, оянғаннан кейін ешкімге жамандық істемеуге ниет етіп жату керек! Хадис шәрифте былай делінген:
«Ешкімге зұлымдық және кек сақтау сезімі болмай ұйықтаған адамның күнәлары кешіріледі.» (И.Әбиддүнийа)
5) Ұйықтарда түнде ғибадат ету үшін оянып тұруға ниет ету керек! Хадис шәрифте былай делінген:
«Түнде ғибадат ету ниетімен ұйықтаған, бірақ ұйқыдан таңға дейін ояна алмаған адамға ниеті үшін түнде ғибадат еткендей сауап беріледі. Ұйқысы да өзіне Аллаһу та’ала ихсан еткен садақа болады.»(Ибн Мажа)
6) Қатты ұйқы келмегенше жатпау керек! Қадірлі өмірді ұйқымен өткізбеу керек! Қажеттілік мөлшерінде ұйықтау керек!
7) Жатарда Аят-әл курси, үш Ихлас, бір Фатиха және екі «Құл әузу» сүрелерін оқу керек! Салауат айту керек! «Әмәнаррасулу»-ді құптаннан кейін оқуды әдетке айналдыру керек! Хадис шәрифте былай делінген:
«Түнде Бақара сүресінің соңғы екі аятын оқыған адамға осы екі аят бүкіл нәрсе үшін жеткілікті болады.» (Мүслим)
8) Ұйқыны өлімнің бір түрі, ал оянуды тірілу деп қабылдау керек!Хазреті Лұқман баласына «Ұлым, өлімге күмәның бар болса ұйықтама! Ұйықтауға мәжбүр болып қалатыныңдай, өлімге де душар боласың. Егер тірілуден күмәнданатын болсаң, ұйқыдан оянба! Ұйқыдан оянғаның сияқты өлгеннен кейін де тірілесің» деген.
9) Ұйықтарда ертеңгі қайырлы істерді орындай алу үшін тынығып алуға, таң намазына оянуға және ертеңгі күні қайырлы істер жасауға ниет ету керек! Осылай ниет еткен адамның ұйқысы ғибадат болады. Түнде оянған кезде дұға етуді әдетке айналдыру керек! Хадис шәрифте былай делінген:
«Ұйқыдан оянған кезде "Аллаһуммағфирли" деген адамның дұғасы қабыл болады.» (И.Әбиддүнийа)
10) Әлі таң намазының уақыты кірмеген кезде, яғни сәре уақытында тұруға тырысу керек. Сәре уақытында тұру – берекет. Әсіресе таң намазының уақыты кіргеннен күн шыққанға дейін ұйықтау – ризық тұрғысынан да зиянды. Хадис шәрифте: «Таңғы ұйқы ризыққа кедергі»делінген. (Бәйһақи)
Үйден Шығарда Және Кірерде Оқылатын Дұғалар
Үйден шығарда “Аятул-Күрсиді” оқу керек. Үйінен шығарда“Аятул-Күрсиді” оқыған адам үйіне қайтқанға дейін бәле-жалалардан амандықта болады, жұмыстарында табысты болады. Үйге кірерде де оқыса екі “Аятул-Күрси” арасындағы істері қайырлы, берекелі болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Үйінен шығарда Аятул-Күрси оқыған адамға жетпіс періште үйіне қайтқанға дейін дұға және истиғфар айтады.»(Әййухал уәләд илмихалы)
«Үйінен шығарда “Бисмилләһи тәуәккәлту алаллаһ, лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ” деген адам қауіптерден қорғалады, шайтан одан ұзақтасады.» (Тирмизи)
«Үйге кірерде “Ихлас” сүресін оқыған адам жоқшылық көрмейді!» (Әййухал уәләд илмихалы)
Үйге кірерде бір рет “Ихлас” сүресін және бір рет “Аятул-Күрси” оқыған адамның үйіне шайтан кіре алмайды.
Күнде таңертеңгісін «Өзімнің, жанұямның ризықтарын халалдан табуға, ешкімге мұқтаж болмауға, дұрыс ғибадат ету үшін және адамдарға қызмет ете алу үшін жұмысқа барамын» деп ниет ету керек.