Ислам асыл дініміз

Жаңа туған нәрестенің шашын неше күнде алу керек? Бұрынғы ұғым бойынша жаңа туған нәрестенің шашын қырқынан шыққасын алып жүрміз. Соңғы кезде естіп жүрмін, нәрестеге жеті күн толған соң шашын алу керек деп. Осы қаншалықты рас?

Салтанат 

Жетінші күні баланың балапан шашы алынып, соның салмағындай күміс беру, не оның құнына шақтап ақшалай садақа беру мүстәхаб (сауапты). Әзірет Алидің айтуы бойынша Ол (с.а.у) Хасан туылғанда бір қой құрбан шалып қызы Фатимаға: «Шашын ал да, алынған шаштың салмағындай күміс садақа бер», - деген. Қырқынан шығару (салт). Қырық күннен сәби ширап, көз тоқтатады, құбылыс, дыбысты сезе бастайды. Қырқынан шығару салты міне, осыған байланысты шығып, ол сәбидің жан- жүйесінің қалыптасып денесі сау болып өсуіне деген ақ батадан (тілектен) шыққан.

Егер мен таң намазын оқымай ұйықтап қалсам, күн 08:33-те шыққан болса, мен намазды 09:15-те оқуыма болады ма? Ал екінті намазын 18:00-ден 18:20-ға дейін оқуыма болмайды ма?  Себебі, мен екінті намазын оқуға кешкі алтыға дейін жұмыстан босай алмаймын.

Бахыт 

Ұйықтап қалғанда жағдайда күн шыққанан кейін 40-45 минуттан кейін оқи аласыз, яғни 09:15-тен кейін  оқисыз. Екінді намазын шам намазына азан шақырғанша  оқи аласыз. Ол уақытта тек қаза және жаназа намазы оқылмайды.

Таң 6:56
Күннің шығуы 8:33
Бесін 13:29
Екінті 16:42
Ақшам 18:30
Құптан 19:54

Менің әкеме үйден, болмаса басқа үйден көзіне қара адамдар көрінеді екен. Әкемнің айтуы бойынша бойлары адамның белінен келеді екен.  Әкем арақ ішеді. Ішкен сайын басылып қалады. Басылып  оянып кетсе, сол қара адамдар жүгіріп қашады екен ылғи. Әкем айтады сол қара адам мені екі рет шешіндіріп кетті дейді. Түнде ұйықтап жатқанда іш киімін шешіп, лақтырып кетепті. Әкеме ішпеңіз, намаз оқыңыз десем, айтқаныма құлақ аспай жүр. Енді Сізге қояр сұрағым ол не немесе кім? Және не істеу керек?

Нұрсұлтан 

Әкеңізге арам нәрсесін қойып тазаланып құлшылық ету  керек. Олар жын немесе шайтандар. Бұл ол кісіге ескерту. Қоймаса  қиын болуы мүмкін. 

Мысалы: таң намазы 08:33-те шығады. Дәл сол уақытта (08:33) таң намазының сүннеті мен парызын оқыса қаза болады ма, қаза болмайды ма? Ондай жағдайда не істеу керек?

Сүйіндік 

Дәл көрсетілген уақытта күн ұясынан шығады, сол уақытқа дейін асығыс болған жағдайда тек парыз намазы оқылады. Оқи алмаған жағдайда 40-45 минуттан кейін қазасын оқуға болады.

Құптан намазы қаза болған жағдайда Алматы уақытымен дәл қай уақытта болады?

Талант 

Алматыда 08:13-те күн шығады, 40-45 минуттан кейін қазасын оқуға болады.

Мен бұрынғы қаза намаздарды оқып жүр едім. Аср намазынан кейін нəпіл намаз оқылмайды дегенді естідім. Ал парыздың қазасын оқуға бола ма?

Жомарт 

Дінімізде 3 мәкрух уақыт бар. Сол уақыт сыртында оқи берсеңіз болады. Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт. Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады. Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер намазын мәкрүһ түрде оқуға болады. Бұл үш уақыт жайлы Уқба ибн Амир әл-Жуһени (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) үш уақытта бізге намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, төмен түсе бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта» (Муслим, Мусафирин, 293; Әбу Дәәуд, Жәнаиз, 51; Тирмизи, Жәнаиз, 41).

Мен намаз бастап едім жақын арада. Кейде  намаз оқып тұрып екінші ракағаттан кейін «Аттахият» дұғасын қмытып кетемін, кейде ұмытпаған сияқты боламын, аздап шатасамын. Сондай сенімсіздікте намазды қайта бастау керек пе? Сосын, қай кездерде дауыс шығарып оқу керек, соны толық ашып айта кетесіз бе? Кейде сүрелердің  сөзінен шатасып, қайта-қайта оқып жіберемін, сол дұрыс па? Кейде, ниетсіз де дәрет алып қоямын, оны байқасам, қайтадан ниеттеніп барып дәрет алу керек пе?

Нұрболат

1.Құлшылығыңызды Аллаһ қабыл етсін. 2 ракағаттан кейін «Аттахият» дұғасын  оқу уәжіп болғандықтан  сәху сәжде жасалады. 2. Таң, шам,  құптандағы парыздар дауысталып оқылады, бесін, асыр парыздары іштен оқылады. 3. Намазда ең азы 3 аят оқып шатассаңыз рукуғке бара берсеңіз болады. 4. Дәретке ниет ету сүннет амалы ниетсіз алсаңыз да жарайды.

Тәуіп, бақсы жайында толығырақ айтып өтсеңіз.

Нұрсұлтан 

Тәуіптік, бақсылық дінімізде тиылған амалдар. Көріпкел, балгер, құмалақшы, жұлдызшы және тәуіп. Бұлардың атаулары әртүрлі болғанымен тірлігі бір. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен айналысады. Адамның өткен шағы мен болашағы жайлы айтқысы келеді. Олар карта, кофе, тас немесе құмалақ пайдалануы мүмкін.

Көріпкелдер жайлы Құран Кәрімде: «Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәкарға түседі. Олар шайтандарға құлақ салады. Олардың көбі өтірікші[1]»,-деп айтылған.

Ғайып тек Аллаға аян. Шын мәнінде, ғайыпты тіпті таңдаулы пайғамбар да, ең ұлық періште де білмейді. Алла тағала: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер көместі білген болсам, әрине, жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ, маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді ескертуші және қуантушы ғанамын» де[2]»,–деп беймәлім өткеннің мен бұлыңғыр болашақтың ақиқаты айтылған.

Фиқһ ғалымдары пікірінше, көріпкелдікпен айналысу (ғайыпты білемін деп жариялау) және сол ісін кәсіп етіп тапқан табысы – харам. Бұл шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша. Сонымен бірге, «тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген.

Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді: Адамдар көріпкелдер жайлы сұрағанда пайғамбар (с.ғ.с.): «Олар түкке тұрғысыз»,– деп жауап береді. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Олардың кейде айтқан сөзі рас боп шығады»,–дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол бір шындық сөзді жын естіп, серігінің (көріпкелдің) құлағына сыбырлайды, ал ол оған жүз жалған сөзді араластырып айтады[3]»,–деген екен. 

[1]Шұғара сүресі, 221-223 аяттары
[2]Ағраф сүресі, 188-аят
[3]Бұхари 2210, Муслим 2228

Азан шакырып ат қою рәсімі жайлы толық айтып берсеңіз, азан мен қаматтан кейін сүрелер оқыла ма?

Нұрлан

Туылған баланың оң құлағына азан, ал сол құлағына қамат айту сүннет амал. Мұны, баланың әкесі, атасы немесе ізгі адам орындағаны жөн[1].


Құндақтағы бала құлағына азан шақырудың да өзіндік сыры бар. Нәрестенің ең алғаш естіген сөздері Жаратушының есімі болуымен қатар оның дүние есігін ашқанын білдіру.
Сондай-ақ, Пайғамбар (с.ғ.с.) немересі Хусайн бин Әлиден (р.а.): «Туылған баланың оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол балаға Үмму Сибианның (нәрселерге маза бермеуші жын-шайтан) зияны тимейді[2]»,-деген хадис риуаят етілген.


Хадисте айтылғандай азан сөздерінен жын-шайтан қашатыны мәлім болды. Ал, бала туылғанда оны шайтан мазалайтындығы жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мәриям және оның ұлынан басқа, әрбір балаға туылған сәтте шайтан тиіседі. Шайтан тиіскенде бала шырылдай бастайды.[3]»,-деген.


Ал, Мәриям ана мен оның ұлы Иса (ғ.с.) пайғамбар дүниеге келгенде шайтан тиіспегендігі жөнінде Құранда Имранның әйелі қыз босанған сәтте: «...Мен оның атын Мәриям қойдым. Оны да ұрпағын да шайтаннан Саған сиындырамын[4]»,-деп дұға жасаған баяндалған.
Сондықтан, бала құлағына азан шақырылса, ұйқысы тыныш болады. Бірақ, балаға азан шақыру парыз емес. Айтпағымыз, міндетті амалға жатпайды.

[1] Фиқһ Уадих, 2-том, 470-бет
[2] Ибн Сунни
[3] Тафсир Ибн Касир, 1-том, 336-бет
[4] Әли Ғимран, 36-аят

Салауат қалай жасалады, толық жазсаңыз?

Нұрсұлтан  

Аллоһуммә солли

«Аллоһуммә солли ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммадин кәмә солләйтә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһимә иннәкә Хамидум Мажид».

Аллоһуммә бәрик

«Аллоһуммә бәрик ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммадин кәмә бәрактә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһимә иннәкә Хамидум Мажид».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір дұға-тілек аспан астында бүркеліп тұрады. Егер маған айтылған салауат келсе дұға көкке көтеріледі[9]», – деген. Салауат айту – дұға-тілектің қабыл болуына үлкен себепкер.