Әйел адамның ғұсыл дәреті қандай жағдайда бұзылады? Және оның бұзылмауына әсер ететін қандай да бір жеңілдіктер бар ма?
Гүлжанар
Ғұсылды қажет ететін жағдайлар мыналар:
1) Хайз (етеккір) немесе нифас (босанғаннан кейінгі қан) жағдайы біткен кезде немесе жүніп болған кезде ғұсыл алу парыз. Хайз біткеннен кейін, жүніп те болса екеуі үшін бір ғұсыл алу жеткілікті. Әйел жүніп кезінде хайз көрсе, қаласа бірден ғұсыл алады, қаласа хайз біткенге дейін күтеді. Одан кейін екеуі үшін бір рет ғұсыл алады.
2) Еркек жыныстық мүшесінің ұшы, сүннет терісі астындағы домалақ бөлігі, әйелдің жыныстық мүшесіне кірсе, мәни келмесе де, еркек те, әйел де жүніп болып саналады. Домалақ бөлігі кірмесе жүніп болмайды.
3) Еркекте қою ақ және әйелде сұйық сары мәни шаһуетпен атып шықса жүніп болады.
4) Ихтиламмен (поллюция), яғни түсінде шахуеттеніп оянған кезде мәни аққанын көрген еркек және әйел жүніп болады. Түсінде жыныстық қатынасқа түскенін көріп, бірақ оянған кезде мәни ақпаған болса, мәни жоқ болса ғұсыл алмайды. Кейбір ғалымдар, әйелдің мәниі ішке ағады, сенімді болу үшін жуынуы жақсы болады деген.
5) Шаһуетпен шыққан мәни, сідік жолында қалып, кейінірек осы жерден шаһуетсіз шықса да ғұсыл алу керек болады. Сідік шығарғаннан кейін немесе кішкене ұйықтағаннан кейін шықса ғұсыл керек емес.
6) Истимна (мастурбация) ғұсылды қажет етеді.
7) Жүніп болып, сідік шығармастан ғұсыл еткеннен кейін мәнидің қалған мөлшері шаһуатсыз ақса, қайтадан ғұсыл алу керек болады. Сондықтан, ғұсыл алудан бұрын алдымен сідік шығарып, сідік жолында қалған мәни мөлшерін шығарғаннан кейін ғұсыл алу керек.
8) Еркек жыныстық мүшесінің ұшы әйелдің немесе еркектің артына кірген кезде, мәни ақса да, ақпаса да екеуіне де ғұсыл алу парыз болады. Хайз кезінде де, таза кезінде де әйелге артынан жақындау харам, үлкен күнә. Лиуата немесе гомосексуализм деген қатынастар одан да үлкен күнә. Жануарға жақындаған адамға да ғұсыл керек. Өте жаман және үлкен күнә.
9) Ихтилам болғанын есіне түсіре алмай, мәни көрген адамның ғұсыл алуы керек. Оянып іш киімінде мәни көрген адам ихтилам болғанын есіне түсіре алмаса да ғұсыл алады. Мәзи болса, сенімді болу үшін ғұсыл алады.
10) Әйел күйеуін ойлаған кезде, шаһуетпен дірілдегеннен кейін сарғыштау бір сұйық келсе, ғұсыл керек болады.
Ғұсылды қажет етпейтін жағдайлар
Көпшіліктің ойынша ғұсыл қажет болып саналған кейбір жағдайлар ғұсылды қажет етпейді. Ғұсылды қажет етпейтін жағдайлар:
1) Бір еркек бір әйелді немесе еркекті жалаңаш көрсе ғұсыл қажет емес. Қараған кезде шаһуеттеніп мәни келетін болса ғұсыл қажет, мәзи келсе ғұсыл керек емес.
2) Бір әйел өз күйеуін немесе бір әйелді жалаңаш көрсе ғұсыл қажет емес.
3) Ерлі-зайыптылар ойнасқанда, жалаңаш адамның суретіне қарағанда немесе ойлаған кезде мәзи келсе, бірақ мәни келмесе ғұсыл қажет емес.
4) Кіші немесе үлкен дәреттен кейін шыққан жабысқақ простат сұйығы және уәди ғұсылды қажет етпейді.
5) Ауыр бір зат көтеру немесе бір жерден құлау сияқты себеппен мәни шықса Шафииде ғұсыл қажет болады, қалған үш мазһабта керек емес.
6) Ихтилам болғанын есіне түсірген адам оянған кезде іш киімінде мәни көрмесе ғұсыл алуы керек емес. Ихтилам болған адам оянған кезде жатқан орнында, киімінде немесе аяғында дымқылдық байқаса, мұның мәзи деп аталатын ақ сұйық нәрсе екенін түсінсе немесе ояу кезде мәзи ақса, ғұсыл қажет емес.
7) Жүніп болып ғұсыл алғаннан кейін әйелден күйеуінің мәнисі шықса ғұсыл қажет емес.
8) Әйел немесе еркек әурет жерін қырса ғұсыл керек емес.
9) Әйелдер себінген иіссуды еркектер иіскесе, иіссу себінгенге де, иіскегенге де ғұсыл қажет емес. Тіпті дәретті де бұзбайды. Бірақ әйелдердің күйеулерінен басқа адамдар үшін иіссу себінуі жаиз емес.
10) Жүніп кезде киілген киімді, үстінде нәжіс жоқ болса қайтадан киюдің және сол киіммен намаз оқудың зияны жоқ.