Ислам асыл дініміз

Таң намазының уақыты кірмей, таң намазын  оқыса болады ма? Өйткені, сабағыма таңғы сағат алтыда шығуым керек. Таң намазын сағат бесте оқыса болады ма? Сонымен  қатар басқа намазды да 30 минут ерте оқыса болады ма?

Рахат  

Намаз оқу үшін уақыт парыз. Оқи алмасаңыз қаза болады. Намазды кірген уақытынан бастап шығатын уақытына дейін оқуға болады. Қазаны кейінірек оқисыз.

Мен намаз оқимын, күйеуім де оқиды. Бір баламыз бар. Үйлену тойымызды жасап, екі жақтың келісімімен үйлендік. Бірақ, некеміз шариғат жолымен қиылмаған. Неке қиылмаған жағдайда намаз қабыл болады ма? Әлде, бір баламыз болса да неке қидыртсақ болады ма?

Салтанат 

Намаздың жөні бөлек ешкім қабыл болмайды деп айта алмайды. Некенің жөні бөлек. Ертерек некелеріңізді қидырып алыңыздар.

Қыздардың шаш қиюының  шариғатта орны қандай?

Саят  

Әйел баласына керек кезде шашын қиюына рұқсат. Себебі «Сахих Муслимде» жеткізілген хадисте Абдрахман бин Ауфтың баласы табиғин әрі ғұлама Әбу Сәләмәның[1] айтуы бойынша, ардақты Пайғамбарымыздың жұбайлары шаштарының ұзындығын кейде қысқартатын болған[2].  Бұл әйелдерге шаш қиюға рұқсат деген сөз. Осы уәжді хадисші әрі Шафиғи мәзһабының фиқһ білгірі Имам Нәуәуи (р.а.) аталмыш хадиске түсініктеме беру барысында: «Сондай-ақ бұл хадис шашты аздап қысқарту әйелдерге рұқсат екеніне дәлел» [3] , - деу арқылы құптап отыр.

Алайда, шаш алу кезінде еркектердің шашына ұқсатып тым қысқа алмауды ескерген жөн. Өйткені Алла Елшісі өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Қиямет күнінде Алла назар аудармайтын кісі үшеу. Олар: Ата-ананы құрметтемейтіндер, еркекке ұқсауға тырысатын әйелдер  және өз жарын қызғанбайтын еркектер... .»[4], - деп қатаң түрде ескертеді. Ендеше, бұл хадистен әйел заты өзінің табиғи ерекшеліктерін қай жағынан болмасын өзгертпеуі керек екенін аңғарамыз.  

Ал, екінші сұрағыңызға келер болсақ, ондай пікірдің шариғатта негізі жоқ.

[1] Айша анамыздың сіңлісі Умму Кульсумнің сүт баласы.
[2] Сахих Муслим, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[3] Сахих Муслим шарихы, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[4] Нәсәий, Китабуз Зәкәт, 2562-хадис.

Әжетханаға кірерде айтылатын дұғамен кіремін. Бір досым алдында әжетханаға кірерде «Бисмиллаһ» деп кіретін еді. Бұл  күнә емес пе? Және сұрағым намазда соңғы отырыста «Әттәхият» дұғасынан кейінгі салауатпен «Роббана атина» дұғасын оқу уәжіп пе әлде сүннет пе? Және «Джазакаллаһу хайран» деген сөз не мағына береді және не деп жауап қайтару керек? Намазда  әр отырыста аяқ саусақтарын құбылаға қаратып майыстырып отыру шарт па,  өзіңе ыңғайлап отыруға болады ма?

Жеңіс 

1. Дәретханаға кірерде  «Бисмиллаһ» деп айтуға болмайды. Себебі дұға да ол жердегі жаманшылықтан Аллаға сиынуды білдіреді. 2. Салауат пен «Роббана атина» дұғасын оқу сүннет амалына жатады. 3. «Джазака Аллаху хайран!»  сөзінің мағынасы: «Аллах тағаланың разылығы болсын!» деген сөз. Оған «Уа якум», яғни  «Сізге де разы болсын!» деп жауап беріледі. 

Егер түсінде намаз оқыса не болады? Сонымен қатар, Дәжжал туралы айта кетсеңіз.

Тәңірберген 

Шариғатта түспен амал жасалмайды. Намаз жақсылық болсын.

"Дәжжал" сөзі - өтірікші, алдампаз деген мағынаны білдіреді."Дәжжал" - Адам атаның ұрпағынан шыққан жан. Аллаһ тағала оған бірнеше ерекше мүмкіндіктерді беріп, оны адамдарға сынақ үшін жіберген. Пайғамбарымыз үмбетінің Дәжжалдың ылаңынан аман қалуы үшін бізге оны сипаттап, әрі одан құтылудың жолдарын үйретіп кеткен. Оның сипаттарына келер болсақ, ол - қызыл өңді, қысқа бойлы, қисық аяқ, бұйра басты, ашық маңдайлы, жуан мойынды және оң көзі соқыр. Оң көзі солған жүзім сияқты, кіріп те кетпеген, әрі шығып та тұрған жоқ. Сол көзін шел басқан. Екі көзінің арасына арабша "к" - "ф" - "р" деп немесе "кәпір" деп жазылған. Оны сауаты болсын, болмасын әрбір мұсылман оқи алады. Сондай-ақ Дәжжалдың ұрпағы болмайды.

Менің жұмыс уақытым ерте басталады. Сағат 07:10-да автобус келеді. жұмыс орнымда намаз оқитын орын жоқ. Мен үйде уақытынан бұрын оқимын. Сағат алтыда. Бұл таң намазы қате ме? Сол үшин қатты қиналамын.

Жұлдыз 

Намаз оқу үшін уақыт парыз. Оқи алмасаңыз қаза болады. Намазды кірген уақытынан бастап шығатын уақытына дейін оқуға болады. Қазаны кейінірек оқисыз. Таң намазы  сағат 06:55-те кіреді.

Фикх  туралы толық мәлімет берсеңіз.

Ғалымжан 

Фиқһ – исламды білу, түсіну дегенді білдіреді. Исламның үкімдерін білетін ғалымдар факих деп аталады.

 Фиқһ ілімі адамдардың жасауы керекті нәрселерді, жасауға болатын және болмайтын істерді үйретеді. Фиқһ ілімдері Құран кәрімнен, хадис шәрифтерден, ижма-и үмметтен және қиястан құралады. Хадис шәрифте «Фиқһ ілімі үйретілетін мәжілісте болу, бір жылдық ғибадаттан да абзал болады.» делінген.

 Хазреті Имам Малик: «Фиқһты үйренбей тұрып тасаууфпен айланысқан адам діннен шығып, зындық болады. Фиқһты үйреніп, тасаууфтан бейхабар қалғандар бидғатшы, адасқан ағымдарға түседі. Екеуін де меңгерген ақиқатқа қауышады» деп бұйырған. Хазреті Әбу Бәкір Уәррақтың да осылай дегені кітаптарда өткен.  

Сунниттер мен шииттер  жайлы толық ақпарат берсеңіз.

Нұржан

Сүннет – араб тілінде «тура, дұрыс жол, үлгі алатын іс-әрекет» деген мағынаға ие. Туатын қорытынды: сүннет – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың айтқан сөздері (хадистері) бүкіл өмір салтын қамтитын іс-әрекеттерінің жиынтығы. Сүннетті ұстану – Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың жүрген жолын ұстанғандықты білдіреді. Исламның барлық ағымдары суннаны Аллаһ Тағаланың қандай пікірде болатынынан, қандай мінез көрсететінінен хабардар ететін Құраннан кейінгі ұғым ретінде құрмет тұтады. Сунна жолымен жүру – мұсылман ғұмырының бар мәні мен мазмұны. Суннаны үйрену – мүминдердің білім алуының басты құрамдас буыны. Суннаны білу – факих беделін, оның имам болуға деген құқығын танудың ең басты белгілерінің бірі.

«Шиа» сөзінің араб тілінен аударғанда «топ», «партия», «жақтаушылар», «көмекшілер» деген мағынаны білдіреді. Исламдағы шииттік бағыт Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың жалғыз мирасқоры, мұсылман уммасын басқаруға лайықты имам ретінде төртінші «тақуа халиф» Әли (Али) мен оның ұрпақтарын ғана мойындайтын мұсылмандардың басын біріктіреді.

Шииттер (аш-шиа-жақтаушылар, «партия») сөздерін Әли ибн Әбу Тәліп пен оның мұрагерін Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бірден бір заңды мұрагерлері деп санайды. Шииттер әлемдегі мұсылмандардың 10 пайызға жуығын құрайды. Исламның бұл бағытын Иран мұсылмандарының түгелге жуығы, Ирак мүминдерінің жартысынан көбі, Әзірбайжан, Ливан, Иемен, Бахрейн мұсылмандарының елеулі бөлігі ұстанады. Қазақстанда шииттік бағытты ұстанатындар Әзірбайжан ұлты өкілдерінің өте аз бөлігі.

Шииттерден сунниттердің айырмашылығы

1. Сунниттер Алла мен адам арасында Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан соң елшілік етуші жан жоқ деген идеяны жоққа шығарады.

2. Сунниттер Алидың «құдайи» табиғатын қабыл алмайды және оның ұрпақтарының имаматқа (мемлекет басқаруға) толық мұрагер екендігін мақұлдамайды.

3. Суннизмнің аясында ерекше секталар пайда бола қойған жоқ.

4. Суннизм бастапқыда шииттік исламға қарсылық ретінде қабылданатын.

Ғұсылды моншада алуға болады ма?

Әрине, ғұсылды моншада алуға болады.

Мен 12 жастамын. Таң мен құптан намазын оқимын. Осы екі намазда ең бірінші парызы оқылады ма, әлде сүннеті ме?

Талант 

Таң намазы:  2 ракағат сүннет,  2 ракағат парыз. Құптан намазы:  4 ракағат парыз,  2 ракағат сүннет, 3 ракағат үтір уәжіп. Реті  осылай.