Ассалаумағалейкум аса қадірменді Имам көкелер! Менің сұрағым: Ғұсылға байланысты. Ғұсыл алу кезінде әурет жерлер жабық тұру керек пе? Жалпы ғұсыл алу жайында терең мағлұмат берулеріңізді сұраймын. Алла разы болсын!
Жеңіс
Уағалейкумуссалам, Жеңіс! «Ғұсыл» (араб тілінде) – жуыну, шомылу деген мағынаны берсе, шариғат терминінде бүкіл дененің арнайы түрде толық жуылуын білдіреді.
Ғұсыл алынатын жағдайлар
1. Жүнүп болу: Жыныстық қатынас, ихтилам (ұйқыда мәнидің сыртқа шығуы) немесе соған ұқсас жағдайлар арқылы мәнидің сыртқа шығуы. Есінен танған, мастығынан айыққан, ұйқысынан тұрған адам бойынан бөлінген ылғал бір нәрсе көрсе, ғұсыл алғаны абзал. Ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қатынаста мәни шықпаса да ғұсыл қажет. Пайғамбарымыз осылай ескерткен. Аллаһ Елшісі былай дейді: «Мәзиде – дәрет, мәниде – ғұсыл бар». Яғни, құмарлық сезімсіз ақса да ғұсыл қажет. Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің көзқарасы осындай.
2. Хайыз және нифас: Әйел затының хайыз бен нифас кезеңі аяқталғанда ғұсыл алуы – парыз. Құранда былай дейді: «(Мұхаммед) олар сенен етеккір жайында сұрайды. Оларға: Ол жиіркенішті нәрсе, етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар. Оларға тазарғанға дейін жақындаспаңдар. Қашан толық тазарса, Аллаһтың өздеріңе бұйырған жерінен оларға жақындасыңдар де». Пайғамбарымыз Әбу Хубайш қызы Фатимаға былай дейді: «Хайыз қаны аққанда намаз оқуды доғар. Тоқтағанда ғұсыл алып оқы».
3. Мәйітке (өлікке ғұсыл): Яғни, шейіттен басқа барлық мәйітке ғұсыл құю – мұсылмандарға кифая парыз.
4. Жаңа мұсылман болған адамға ғұсыл алу – парыз. Қайс ибн Асым мұсылман болуға келгенде, Пайғамбарымыз оған ғұсыл алуды әмір етеді.
Сүннет және мәндүп (амал етсе де, етпесе де болады) ғұсыл
1. Айт намазы мен жұма намазынан бұрын. Пайғамбарымыз хадисте: «Жұма намазға келетін адам ғұсыл алсын», – дейді. Пайғамбарымыздың жұма күні ғұсыл еттірудегі мақсаты – адамның тер мен кірден арылып, таза болуын қалауы. Басқа хадистерінде Пайғамбарымыз жұма күні ғұсыл етіп, жақсы, таза киім киюді және әтір (спиртсіз) сеуіп, тістерін тазалап келуін насихаттайды.
2. Қажылық немесе умра үшін ихрамға кіргенде;
3. Арафат күні Арафатқа тұрарда;
4. Күн мен ай тұтылғанда оқылатын намаз бен жауын тілеу намазы үшін ғұсыл ету – мәндүп.
5. Мүбәрак түндерде, ақыл-есі орнына келгенде, өлікті жуған және қан алдырған адамның жуынуы – мәндүп.
6. Үзір қанынан айыққан әйелдің жуынуы;
7. Сапардан оралған, жаңа киім киген адамның жуынуы;
8. Күнәға тәубе ету үшін жуыну;
Ғұсыл парыздары
Құранда ғұсылдың парыз болуы айтылады: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар». Бұл аяттағы «тазаланыңдар» сөзі, дененің жуылуының парыз екендігін көрсетеді. Басқа бір аятта былайша берілген: «Тазаланбастан, жүніп күйінде намаз оқымаңдар». Пайғамбарымыздың қалай ғұсыл алатынын Хазіреті Айша жеткізеді: «Аллаһ Елшісі жүніп болған кезде, алдымен қолдарын жуумен бастайтын. Сосын оң қолымен сол қолына су төгіп, ұятты жерлерін жуып, артынан дәрет алатын. Одан кейін су алып, саусақтарымен шаштарының түбіне дейін сулайтын. Сосын басына үш рет су құйып, одан кейін денесіне су құятын. Ең соңынан аяқтарын жуатын».
Ханафи мәзһабы бойынша ғұсылдың парызы – үшеу
1. Ауызды сумен шаю (мадмада). Ауызды сумен шайғанда, тамаққа дейін апарған абзал;
2. Мұрынға (кеңсірікке дейін) су тарту (Истиншақ);
3. Тұтастай тұла бойын сумен жуу. Яғни, шаш пен сақалдың түбіне, құлақ пен кіндіктің ойығына түгелдей су тиюі тиіс. Пайғамбарымыз былай дейді: «Әрбір шаштың түбінде жүніптік бар. Сондықтан шаштарыңды жуыңдар. Денені де жақсылап тазалаңдар».
Ислам дінінде тазалыққа қандай маңыз берілсе, жеңілдікке де соншалық маңыз берілген. Сол себепті ханафи мәзһабында, қиындық келтіретін жағдайда ғұсыл құйынатын әйелдердің өрген шаштарын ашып жуғаны қажет емес. Тек қана өрілген ұзын шаштардың түбіне су барса, жетіп жатыр. Бұған Умми Сәламаның мына хадисі дәлел: «Пайғамбарым! Менің шаштарым өрулі. Жүніптік немесе хайыз үшін ғұсыл алғанда шашымды тарқатайын ба»? «Жоқ, басыңа үш рет су құйсаң жеткілікті. Сосын үстіңе су құйып, жуынарсың». Хазіреті Айша былай дейді: «Біз өрілген шаштары- мызды жаймай-ақ жуынатынбыз». Кейде адам асығыстықтан денесінің кейбір мүшесін жууды ұмытып кетіп, кейіннен есіне түссе, қайта ғұсыл алудың қажеті жоқ. Тек қана сол жерді жуса, жетіп жатыр. Бірақ парыз намазын оқып қойған болса, қайта оқуы керек. Ғұсыл алған адамның егер тісі алтын, күміс секілді нәрселермен қапталған, ойықтары толтырылған болса, ғұсылға кедергі етпейді. Өйткені, бұл жараға таңған орауыш секілді. Орағыштың бетіне мәсіх тарту қандай болса, бұл да сондай. Ханафилардың атақты ғұламаларынан Кәсанидің «қапталған тіс – тістің рөлін атқарады» деген фәтуасы бар. Жүніп адам ғұсыл алу ниетімен аузы мен мұрнын сумен шайқап, одан кейін көлге, өзенге, хауызға сүңгісе немесе – жауын астында тұрып, барлық денесіне су тисе, ғұсыл алған болып саналады. Жүніп мұсылман тәндік тұрғысынан лас саналмай- ды. Мұндай жағдайда дәрет алып, тым болмаса қолы мен аузын сумен шайып тамақ жей алады. Басқа істерін де жасай алады. Жүніп – рухани ластық. Ондай адаммен амандасуға да, әңгімелесуге де болады. Хазіреті Хузәйфә сахаба былай дейді: «Аллаһ Елшісі сахабаларымен кездескенде қол алып амандасатын. Жақсы тілек, бата беретін. Бір күні таңғы уақытта Аллаһ Елшісін көрдім. Бірақ көрмей қалған адамдай бұрылдым да, басқа жаққа қарай кетіп қалдым. Кейіннен сәске кезінде қайтадан алдына бардым. Сонда Аллаһ Елшісі (с.а.у.) маған қарап: «Мен сені көрген едім, бірақ сен дереу бұрылып кетіп қалдың. Неліктен бұлай жасадың?», – деп сұрады. «Пайғамбарым, мен ол кезде жүніп едім. Менімен қол алысып амандасуыңнан қорқып, бұрылып кетіп қалдым», – дедім. Аллаһ Елшісі сонда: «Мұсылман ешқашан лас болмайды» деп жауап қатты». Ғұсыл құйынған адамның дәреті де болады. Яғни, жекелей дәрет алудың қажеті жоқ. Өйткені, ғұсыл алған адам барлық мүшесін жуады. Дәреттің парыздары да соның ішіне кірмейтін бе еді?! Бұған байланысты Хазіреті Айша айтады: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) ғұсыл құйынып, таң намазының сүннеті мен парызын оқитын. Оның ғұсылдан кейін дәрет алғаны есімде жоқ».
Ғұсыл алудың тәртібі
1. Алдымен «Бисмиллаһ» деп бастау;
2. Ниет ету (Шафиғилерде ниет ету парыз);
3. Әурет (ұятты) жерлерді жуу. Денеде лас жерлері болса тазалау;
4. Дәрет алу;
5. Үш рет басын, үш рет оң иыққа және үш рет сол иыққа су төгу. Әрбір құйылған суды дененің барлық жеріне жеткізу;
6. Ғұсыл алғанда сөйлемеу;
7. Ғұсыл құйынып жатқанда құбыла жаққа тура да, теріс те қарап тұрмау. Яғни, жанымен тұру. Әурет жері жабық тұрса қарауға болады;
8. Жалғыз өзі болса да, әурет жерін жабу. Монша, көл, т.б. адамдар арасында әурет жері ашық күйде жуыну – харам. Бір адамның көпшілік арасында тұрып, жуынғанын байқаған Аллаһ Елшісі қатты қамығып былай дейді: «Күмәнсіз, Аллаһ Тағала ұят иесі және күнәлар мен кемшіліктерді жауып, жасырушы. Сол себепті, ұятты болуды және әурет жерлерін жабуларын жақсы көреді. Ендеше, бір адам ғұсыл құйғанда әурет жерлерін жапсын». Ислам діні адам денсаулығына қатты мән берген. Сол себепті, бір адам су ысытуға мүмкіндігі болма- са, суық сумен жуыну ауруға себеп туғызса, мұндай жағдайда мүмкіндік туғанға дейін тәйәммүм соғып намаз оқиды. Өйткені, «Дінде зорлық жоқ». Бірде Амр ибн Ас бір сапарында жүніп болып қалып, ауа-райы қатты суық болған соң, жуынбай тек қана тәйәммүм алып намаз оқиды. Осы мәселе Пайғамбарымызға айтылғанда, ләм- мим демеді. Жалғыз қалған адамның әурет жерлері ашық болуы харам болмаса да, жабық болуы Ислам әдебіне жатады. Өйткені, Пайғамбарымыздан бір сахаба «Біріміз жалғыз қалғанда қалай болады?», – деп сұрағанда: «Аллаһтан ұялу – адамдардан ұялғаннан әлдеқайда жоғары», – деп жауап қатады.
9. Ғұсыл құйғанда суды ысырап етпеу;
10. Ғұсылдан кейін сүлгімен сүртіну. Пайғамбарымыздың зайыбы Мәймунәнің бір риуаятында Пайғамбарымыздың бірде сүлгімен сүртінгені жайлы айтылады;