Ислам асыл дініміз

Сұрақ:

Ассаламуғалейкум құрметті имам мырзалар! Сіздерге Аллаһ разы болсын!!! Менің сұрағым былай: жұма күні имам құтпа оқып тұрғанда кейбіреулер сәлем намазын оқып жатады, оларға "сен неге үйтесің, құтпа тыңдау міндет қой, неге сәлем намаз оқисың" -десең, хадисте "имам құтпа оқып тұрсада сәлем намазын оқы"-деп бұйырған деп, жеңістік бермейді. Осының басын ашып нақты дәлелдермен жауап беріңіздер!

Мұхтар

Уағалейкумуссалам! Мұхтар, ондай хадистің бар екендігі рас. Пайғамбарымыз (с.а.у.) құтпа оқып тұрғанда, кіріп келген бір кісіден «Намаз оқыдың ба?» деп сұрайды. Әлгі кісі оқымағанын айтады. Сонда Алла елшісі: «Тұр да екі ракәғат намаз оқы!», – дейді. Тағы бір риуаятта «Кімде кім, Имам құтпа айтып жатқанда жұмаға келген болса, екі ракағат намаз оқысын. Ол екеуін қысқа-шапшан оқысын» делінген(Муслим: әл-Жұмъа – №875 хадис). Осындай риуаяттарға сүйеніп Имам Шафиғи мен Имам Ахмед (р.а.) құтпа оқылып жатса да мешітке келген кісінің екі ракағат сәлем намаз оқуы сүннет деген.

Ал Имам Әбу Ханифа және Имам Мәликтің (р.а.) пәтуасында имам құтпа оқу үшін минбарға шыққаннан соң сөйлеу де, намаз оқу да жоқ. Сәлем намазы оқылмайды. Имам құтпа оқу барысында жұмаға келген кісі намаз оқымай отырады(У.Зухайли, әл-Мәусуъа – 2/268 бет). Өйткені «Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жұма күні имам құтпа оқып тұрғанда сөйлеп отырған адамға «тыныш» деген адамның өзі артық сөйлеген болады. Ал көп сөздінің намазы жоққа есептеледі», – дей отырып, құтпа оқылып жатқанда ештеңемен айналыспай құтпа тыңдау керек екендігіне мензеп тұр. Бұнымен қатар, қасиетті Құрандағы: «Қашан сендерге Құран оқылса, үндемей оны тыңдаңдар!»(«Ағраф» сүресі, 204-аят), – деген аят та құтпаны тыңдау жайында түскендігі туралы деректерде келеді(Бадаиъ – 2/200 бет).

Және де Әбу Дәуідтің хадис жинағында мынадай сахих риуаят келтірілген: «Алла елшісі құтпа оқып тұрғанда бір кісі кіріп келіп, қатар отырғандардың арасын бөліп-жарып, аттап-пұттап өтпекші болған кісіге: «Отыр! Шындығында сен кешіктің!»( Әбу Дәуід: «Китабуль – Жұмъға» – 237 баб/1118 хадис), –дейді. Осы хадиске үңілсек, Пайғамбарымыз әлгі кісіге «намаз оқы» деместен отыруын айтып отыр.

Сондай-ақ, Ибн Әби Шәйбә өзінің хадис жинағында Абдулла ибн Аббас, Әзірет Омар және оның ұлы Абдулла, Әзірет Осман сахабалар мен табиғиннен Ъата ибн Рабах және Саъид ибн Мүсәйяб сыңды ғалымдар, имам құтпаға шыққанда намаз оқуды мәкрүһ санаған(Ибн Әби Шәйбә, әл-Мусаннаф: «Китабуль Жұмға»).

Ал құтпа оқылып жатқанда сәлем намазын оқу жайында айтылған хадисті Ханафи ғалымы, хадисші әрі фиқһшы Бәдруддин әл-Ъайни былай түсіндіреді: «Бұл хадис «құтпада сөйлеуді тыймас» бұрын айтылған. Ол құтпаны құлақ беріп тыңдауды әмір еткен аят түскеннен бұрын болған оқиға»(Биная – 3/88 бет).

Ассалъамуъалейкум уа раһматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Менің қояр сұрағым... аққу, сұңқар, әулие аралайтындарды қалай көзін жойса болады???? Рахмет!!!

Мубарак

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ, Мубарак! "Ақ жол", "Ата жолы", "аққу", "сұңкар"... Бұл сөздер біраз жұртқа таныс. Аруақ аралап, мола, зират, мазар жағалап, аруақтардан "бата сұрап" жүргендер өздерін "Ата жолында" жүрміз деп санайды. Олар пәленбай баба ордасы, түгенбай ата ордасы деп атаулар қойып алған. Сол ордаларда қызмет ететіндер "аққу", "сұңкарлар" деп аталады. Олар былайша айтқанда "делдалдар". Аққу - әйелдердің, ал сұңқар - ерлердің дақпырт атауы. Бұл топтың бастаушысы - Қыдырәлі Тарыбаев. Оны ордашылар - "Ақ ұл" дейді. «Ата жолының» емдік әдістерін халық медицинасына жатқызу мүмкін емес. Сондықтан «Ата жолы» қозғалысының салдары ұлттық қауіпсіздікке зор қауіп-қатер төндіреді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 3-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы ұлттық қауіпсіздік туралы» Қазақстан Республикасы заңының 19-бабына сәйкес, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерді насихаттауға немесе үгіттеуге және халықтың денсаулығына қауіп төндіретін факторларға жол берілмейді. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2009 жылғы 5 ақпандағы шешімімен Қазақстан халқының денсаулығына зиян келтіру арқылы мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, «Ата жол» ЖШС-ның және «Ата жол» (Ақ жол) қозғалысының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратуға және насихаттауға тыйым салынған.

Ассаламуғалейкум, Аллаһ сіздердің еңбектеріңізге разы болсын! Сіздерден сұрайын дегенім, алыс сапарға шығайын деп едім, жол ұзақ болатын жағдайда намазды қалай оқимын? Алдын ала рахмет!!!

Уағалейкумуссалам, Аллаһ сізге де разы болсын! Әбу Ханифа мәзһабы бойынша сапарда төрт рәкат парыз намаздарды қысқартып екі рәкат етіп оқудың үкімі – уәжіп. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Қашан жер жүзінде сапарда болсаңдар, намазды қысқартуда күнә жоқ» делінген («Ниса» сүресі, 101-аят).

Сондай-ақ намазды қысқартып оқу хадис және фиқһ ғалымдардың бірауыздан қабылдаған пікірімен де (ижма) бекітілген. Сахаба Абдулла бин Аббастың (р.а.) риуаят етуі бойынша, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Алла Пайғамбарларыңның аузымен намазды парыз қылып, «жай кездеріңде төрт рәкәғат, жолаушы кездеріңде екі рәкәғат» етіп оқуды бұйырды» (Муслим – 6/687).

Намаздарды қауіп төнген жағдайда да, қауіпсіз жағдайда да қысқартып оқуға болады.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл мүмкіндікті жол жүргенде: қажылық пен ұмра (кіші қажылық) кезінде және жорыққа аттанған кезінде де қолданған. Бұның дәлел ретінде хадис жеткізілген. Яғла ибн Умайя бірде Омар ибн әл-Хаттабтан былай деп сұраған: «Неліктен біз қауіпсіз жағдайда бола тұра намаздарды қысқартып оқимыз?» Бұған Омар (р.а.) былай деп жауап береді: «Мен Алланың елшісінен дәл осылай сұрадым, ол маған: «Бұл Алланың сендерге берген сыйы. Оның садақасын қабыл алыңдар», – деді» деп түсіндірген (Муслим, Китабус-салә, 1108).

Шариғатта жолаушы үкіміне кіру үшін тұрғылықты елдімекеннің соңғы шетімен баратын елдімекеннің кірер шеті (Бәдруддин Айни әль –Ханафи: Әль Биная Шархуль Хидая – 16 бет, 2 том.) арасындағы қашықтық 86-90 шақырым болуы керек. Яғни, бұл қашықтық қалалардың шеткі нүктелерінен бастап есептеледі.

Сапарда қысқартып оқитын намаздар мыналар: бесін, екінті, құптан. Ал таң, ақшам намаздарының парыздары мен үтір уәжіп намазы қысқартылып оқылмайды.

Сәлеметсіздер ма! Мен үнемі ұзақ сапарға шығамын. Естуім бойынша «САПАР» айында, яғни қазыр, ұзақ сапарға шығуға және неке қиюға болмайды дейді. Сол рас па?

Балхия

Уағайкумуссалам! Балхия ханым, «сапар айында» ұзақ жолға шықпау және некелеспеу деген түсінік сонау ертеректе Ислам діні келмей тұрып арабтарда болған ырым. Оларда сапар айы – бақытсыздық айы. Сондықтан, бұл айда үйленсе яки бір істі бастаса ол іс нәтижесіз болады деген наным бар еді. Алайда, Ислам келгеннен кейін ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) «..Сафар айында сәтсіздікке ұшырау деген нәрсе жоқ»-(Бухари, Тыб-№5425 хадис), дей отырып, сапар айы жайында қалыптасқан теріс түсініктің исламда жоқ екенін білдірген. Бұл айда некелесудің ешбір ағаттығы жоқ.

Ассалямуалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!!! Өтініш, осы сұрағымды жауапсыз қалдырмауыңызды сұранамын! Саляфиттер деген кімдер? Қазіргі кезде Оны ұстанып жүргендер дұрыс жолда ма???

Айгерім

Уа алейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһу, Айгерім! Сәләфилер (Саляфиттер) ұстанымы, яғни, «Сәләфилік» ағым – дұрыс емес, дін атын жамылған саяси ағым. Бұл ағым ХҮІІІ ғасырда Арабстанның Нәжд өлкесінде пайда болған. Олар ХVІІІ ғасырдың 40 жылдарынан бастап өзінің діни-саяси күресін ауқымды жүргізе бастады. Араб елдерін біріктіру деген ұранмен шыққан бұл әрекет көп ұзамай Саудтың туына, кейіннен династияның ресми идеологиясына айналды. Қазіргі таңда олар барлық жерде өкіметті қолға алу және сол арқылы өз мақсатына жету үшін тоқсаусыз күрес жүргізуде. Осы ниеті амалға асу үшін дінді құрал ретінде пайдалануда. Ислам әлемі 14 ғасырдан бері мойындап келе жатқан 4 мазһабты мойындамайды. Олар тиым салған амалдар: Өлгендерге Құран оқу, бағыштау; Мазарларға бару; Тәспі қолдану; Дұғаларда пайғамбарлардың, әулиелердің, періштелердің есімдерін айту; Мешіттерге садақа беру; Пайғамбарымыздық туылған күні, яғни мәуліт күнін атап өту, т.б.. Олар мен ханбали мазһабы арасындағы айырмашылықтар: Намазды міндетті түрде жамағатпен оқу; Иман калимасын айтумен, иманды саналмайды; Тәспінің орнына саусақ буындарын қолданады; Мешіттердің мұнарасы болуына, сәнделуіне қарсы; Пайғамбарымыздың «с.ғ.с.) қабірін зиярат етуді көп тәңірлікке теңейді, т.б.. «Сәләфилік» ағымы туралы «Ислам және Өркениет» газетінің «“Сәләф” және “сәләфилік” ұғымдары арасындағы айырмашылық» (http://www.islam-orkeniet.kz/?p=5265) атты және «Сәләфилер – шын сәләфтардың ізбасарлары ма?» (http://www.islam-orkeniet.kz/?p=5788) атты мақалаларында кеңінен түсіндірілген.

Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! 4444 рет айтылатын хаджат дұғасын жазып беріңіздерші.

Азиза

Уағалейкумуссалам уарахматуллаһи уабаракатуһ, Азиза! «Тафсир аль-Куртуби» кітабының тәпсіршісі Имам Куртуби: – қандай да бір қиын сәттерде «Ас-Салатун-Нәрия» салауатын 4444 рет оқып, дұға оқылса, Аллаһ Тағала айтылған тілектерді қабыл алады, – деген екен. «Ас-Салатун-Нәрия» салауатынның транскрипция: «Аллахумма салли салятан камилятан васаллим саляман тамман ‘аля сайидина Мухамадини-ллязи танхалю бихиль-‘укаду ватанфариджу бихиль-курабу ватукза бихиль-хаваиджу ватуналю бихи-рагаибу вахуснуль-хаватим. Ваюстаскаль-гамаму биваджхихиль-кярими ва‘аля алихи ва сахбихи фи кули лямхатин ванафасин би'адади кули ма‘люммин ляк». Мағынасы: «Уа, Аллаһ! Ол арқылы түйіндер шешілетін, қайғы-қасірет кетірілетін, қажеттер өтелетін, мұрат-мақсаттар мен көркем нәтижелерге қол жеткізетін, жарқын дидары арқылы бұлттар жауан төгетін асыл мырзамыз Мұхаммедке және оның әулиетіне һәм сахабаларына әрбір қас қағымның, әрбір шыққан демнің Өзіңе белгілі санындай мөлшерде кәміл салауатың мен толықтай сәлеміңді жолдай гөр!». Сауаттан кейін оқылытын дұға: «Раббана атина фиддуня хасанатан уа фил ахирати хасанатан уа қина ғазабаннар» Мағынасы: «Уа, Аллаһым! Бұл дүниенің жақсылығы мен ахыреттің жақсылығын бере гөр, тозақ отынан сақтай гөр!».

Ассалаумағалейкум! Қызбен жүруге бола ма?

Жамбыл

Уағалейкумуссалам, Жамбыл! Жігіттің қызбен жүруі былай тұрсын, шариғатта жігіттің үйлену ниетімен қызды көрудің өзіндік талаптары мен шарттары бар. Олар төмендегідей:

· Үйлену ниетінде болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім бір қызды айттырғысы келсе, оған (мұқият) қарауына рұқсат, егер шынымен де айттыру мақсатында болса. Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес» (Әл-Һайсәми, Мәжмәғ, ән-Никах – №7455 хадис), – дей отырып, қызды тек айттыру мақсатымен көре алатындығын айтуда.

· Қыздың жүзіне, білезікке дейін қолына қарауына рұқсат. Себебі, арада неке болмағандықтан, қыздың қалған жерлері шариғат бойынша жабық болуы шарт.

· Қол ұстасу, құшақтасу сияқты тыйым салынған (неке қиылмайынша) әрекеттерге бармауы керек.

· Оңаша қалатын жерде кездеспеуі тиіс. Кездескенде қыз жалғыз емес, қасында туысының бірі болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ер кісі өзіне бөтен әйелмен оңаша қалмасын. Сөзсіз, үшіншісі шайтан болады. Бірақ (қыздың) туысын серік қылса, ол басқа» (Ахмад ибн Ханбал – №15269 хадис.), – деген.

· Өз таңдауына толығымен сенімді болуы үшін бірнеше рет көрісуіне рұқсат.

· Сондай-ақ, айттырғысы келген қызды сырттай бақылауға да рұқсат. Жоғарыда келген хадисте Алланың Елшісі: «...Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес»(Әл-Һайсәми, Мәжмәғ, Китабун-Никах – №7455 хадис), – дей отырып, айттырғысы келген қызды сыртынан бақылауға болатындығын айтып отыр. Кей кездерде қызды әуелі сырттай көрудің де пайдалы жағы жоқ емес. Өйткені, жігіт ұнатпаған жағдайда, қыздың көңіліне қаяу түспеуіне септігін тигізеді.

Қазіргі таңда жоғарыдағы талаптарға көбіне назар аудармағандықтан, арты сүйкімсіз әрекетке алып кеп жатады.

Ассаламу алейкум, сайт администраторлары! Менің білгім келгені, орталық мешітте Құран жаттап журген адамдарды қабылдап, үйрететін ұстаздар бар ма, яғни толық жаттап шығу үшін? Алла разы болсын!

Азамат

Уағалейкумуссалам, Азамат! «Һибатулла Тарази» медресесінде Құранды толық жаттап шыққан қары Мырзабеков Құттыбай Төлендіұлы ұстаздық қызмет атқаруда. Медресеге келіп ұстазбен жолығуыңызға кеңес береміз!

Ассаламуалейкум, Имам мырза! Менің сұрағым Намазда саусақ көтеру жайлы еді. Сол жайлы айтып берсеңіз! Аллаһ разы болсын!!!


Ерсұлтан

Уағалейкумуссалам, Ерсұлтан! Намазда әттахият дұғасының «иллаллаһ» яғни, «Тек қана Алла бар» деген жерінде сұқ саусақты көтеріп, Алланың бір, дара екендігін ишарат ету барлық мәзһабтарда мұстахаб амал. Яғни істесең сауап, істемесең күнә емес. Ханафи мәзһабындағы айырмашылық мынау: сұқ саусақ «Лә иләһа» деген кезде көтеріліп, «иллаллаһ» деген кезде түсірілу керек. Яғни, сұқ саусақты «Лә иләһа» деген кезден ерте көтеру немесе «иллаллаһ» деген кезден кеш тусіру жайз емес. Сол себепті, Әбуссууд хазреті “намазда отырғанда сұқ саусақты көтеру жақсы ма әлде көтермеген жақсы ма?” деген сұраққа “екеуі де жақсы. Бірақ ең жақсысы саусақты көтермеу” деп пәтуа берген.

Ассаламуғалейкум! Шариғат бойынша егер жігіт намаз оқыса, ал қыз намаз оқымайды, онда көп кездесуге болмайды деген дұрыс па? Естігенім бар 3 рет кездесуден кейін үйлену керек дейді.


Алима

Уағалейкумуссалам, Алима! Исламда үйленгісі келген жігіт, болашақ жарын алдымен көргені дұрыс. Өйткені, өзара ұнату маңызды. Ұнатқандығын не ұнатпағандығын білудің бастапқы жолы бірін-бірі көру екендігі сөзсіз.
Алланың Елшісі бірнеше хадисінде айттырғысы келген қызды алдымен көруді кеңес етеді. Бірде сахаба әл-Муғира бір әйелді айттырғанын айтқанда, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Оны көр! Көру – араларыңды нықтай түседі» (Тирмизи, ән-Никах – №1087 хадис.; Әл-Мустадрак, ән-Никах – №2743 хадис.), – деген.
Дегенмен, айттырғысы келген қызды көрудің шариғатта өзіндік талаптары мен шарттары бар. Олар төмендегідей:
· Үйлену ниетінде болуы тиіс.Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім бір қызды айттырғысы келсе, оған (мұқият) қарауына рұқсат, егер шынымен де айттыру мақсатында болса. Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес» (Әл-Һайсәми, Мәжмәғ, ән-Никах – №7455 хадис), – дей отырып, қызды тек айттыру мақсатымен көре алатындығын айтуда.
· Қыздың жүзіне, білезікке дейін қолына қарауына рұқсат.Себебі, арада неке болмағандықтан, қыздың қалған жерлері шариғат бойынша жабық болуы шарт.


· Қол ұстасу, құшақтасу сияқты тыйым салынған (неке қиылмайынша) әрекеттерге бармауы керек.
· Оңаша қалатын жерде кездеспеуі тиіс. Кездескенде қыз жалғыз емес, қасында туысының бірі болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ер кісі өзіне бөтен әйелмен оңаша қалмасын. Сөзсіз, үшіншісі шайтан болады. Бірақ (қыздың) туысын серік қылса, ол басқа» (Ахмад ибн Ханбал – №15269 хадис.), – деген.


· Өз таңдауына толығымен сенімді болуы үшін бірнеше рет көрісуіне рұқсат.
· Сондай-ақ, айттырғысы келген қызды сырттай бақылауға да рұқсат. Жоғарыда келген хадисте Алланың Елшісі: «...Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес»(Әл-Һайсәми, Мәжмәғ, Китабун-Никах – №7455 хадис), – дей отырып, айттырғысы келген қызды сыртынан бақылауға болатындығын айтып отыр. Кей кездерде қызды әуелі сырттай көрудің де пайдалы жағы жоқ емес. Өйткені, жігіт ұнатпаған жағдайда, қыздың көңіліне қаяу түспеуіне септігін тигізеді.


Қазіргі таңда жоғарыдағы талаптарға көбіне назар аудармағандықтан, арты сүйкімсіз әрекетке алып кеп жатады.