Ассаламуғалейкум, Сіздердің еңбектеріңізге Аллаһ разы болсын! Асыл дініміз армияға байланысты не дейді? Яғни, армияда намаз оқуға тиым салған, енді қалай амал етеміз? Бір кісіден сұрап едік, ол бізге: – Армияға бару парыз емес, намаз оқу парыз – деді. Осы пікірге байланысты не дейсіздер? Алдын ала рахмет!
Асқар
Уағалейкумуссалам, Асқар! Сізге де Аллаһ разы болсын! Расында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-IV Заңының 7-бабында «Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ... аумағында және ғимараттарында жол берiлмейдi.» деп көрсетілген. Заң талаптары баршамызға ортақ. Заң міндетті түрде орындалуы тиіс.
Ал енді әскерге бару мәселесіне келсек, қасиетті дініміз – Исламда отансүйгіштікке ерекше мән берген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Отан қорғаудың қаншалықты сауапты іс екендігі жөнінде көптеген хадистер айтқан. Бір сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Расулаллаһ, ең абзал амал не?», – деп сұрағанда Алла елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – депті.
Өз дәуірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден көп қиыншылық көріп, Мединаға қоныс аударып бара жатып бір тауға шығып артына қарайды. Қараса, Мекке толықтай көрініп тұр екен. Сонда Алла елшісі: «Ей, Ибраһим (ғ.с.) дұға қылған шаһар, жетпіс алты пайғамбар өткен шаһар, Құран аяттары түскен шаһар, ей, Алланың үйі Қағба орналасқан шаһар, кіндік қаным төгілген шаһар, сені тағы көруді Алла тағала нәсіп етсін!»,- деп көзіне жас алыпты.
Түркияда Темір Қаяр деген жер бар. Ертеде осы жерді Темір деген бір қарақшы мекендепті. Ол әрдайым керуендерді, жолаушыларды тонап, әлсіздерге күш көрсетіп, жеңіл пайда табумен шұғылданыпты. Бірде керуенді тонап жатса, онда бір әулие кісі келе жатыр екен. Әлгі әулие Темірге: «Ей, Құдайдан қорықпаған, сен әлсіз бейшараны тонап, әлімжеттік көрсетіп жүрсің. Сені ата-анаң осы ісің үшін дүниеге келтіріп пе еді? Алла сені пенделердің жолын тосып, өлген соң жаһаннамда жану үшін жаратып па еді», – дейді. Әулиенің бұл сөздері Темірге қатты әсер етіп, жүрегіне хидаят, иман кіре бастайды. Кешірім сұрап, әулиенің аяғына жығылады.
«Кешірімді менен емес, Алладан сұра», – дейді әулие. Темір қарақшы: «Маған артқа жол жоқ қой, күнәм өте көп. Мені Алла кешірмес…», – дейді жылап. Сонда әулие: «Алла кешіруші. Бірақ, сен қалай тәубе етуіңді білуің керек. Күнәң қаншалықты үлкен болса, сонша үлкен сауапты іс жасауың қажет. Сонда Алла кешіреді», – дейді. «Мен Алла тағаланың кешіргенін қайдан білемін? Енді бар ықыласыммен ғибадат қылсам, Алла мені кешіре ме?», – деп сұрайды қарақшы. Әулие: «Мына көшет ағашты жерге ек. Сосынсауапты істерді баста. Осы ағаш көгергенде Алла сенің күнәңді кешіргендігінің белгісі болады», – дейді. Осы сәттен бастап, Темір жаңа өмір бастайды. Жолаушылар тоқтайтын жаңа үй салып, керуендер жүретін жолға тағамдар әзірлеп, жолаушыларды күтіп, өткен керуендерге қызмет көрсетіп, ризашылығына бөленеді. Бірақ көшет көгермейді. Бір жыл өтеді, екі жыл өтеді. Жолаушылар келіп қонып, ақ батасын беріп, ризашылығын білдіріп кетіп жатады. Ал көшет сол қалпында. Бір күні ол бір жолаушының асығып кетіп бара жатқанын көріп, алдынан шығып: «Ей, жолаушы, бұл жерден ешкім дәм татпай өтпеген. Құрметті қонағым бол», – дейді.
«Жолымды бөгеме. Асығып барамын», – дейді жолаушы. Темір: «Бауырым, жалынамын, тым болмаса бір кесе су ішіп, кет», – дейді өтініп. Жолаушы: «Кет, жолымнан, әйтпесе өлтіремін», – деп қамшымен бетіне салып қалып жүре бергенде, Темір: «Әй, жақсылықты білмеген сорлы», – деп, белінен қанжарын суырып алып лақтырып қалады. Арқа-сына қанжар қадалған жолаушы аттан құлап түседі. Темір жанына жүгіріп барса ол: «Алла маған өз жазасын берді», – деп жан тапсырады. Қалтасынан бір қағаз сусып түседі. Қараса өз Отанының қорғаныс күшінің құпиялары, шептер сызылған карта екен. Мұнда елді қалай оңай басып кірудің жолдары анық көрсетілген. Жолаушы бұл мәліметті жауласқан елдің патшасына апара жатқан жерінен қаза табады. Бір кезде Темір еккен көшетіне қараса, көгеріп қалыпты. Сонда Темір: «Иә, Алла, мыңдап мүсәпір жолаушыларға көмек көрсеттім, ас ауқатын беріп, көмектерін жасадым. Көшет көгермеді. Бір ғана Отанын сатқан опасыздың жа-засын бергенім үшін күнәм кешіріліп көшет көгерді. Сонда Отанын сатқан сатқындардың күнәсі соншалықты болғаны ма?!» – деген ойға қалады.
Міне, қаншама, күнә арқалаған қарақшы бір опасыздың жазасын беру арқылы әділетті Алла тағаланың кешіріміне ие болыпты. Өйткені, ол елінің бейбітшілігін, халқының қауіпсіздігін, күнәсіз жандарды қырғыннан сақтап қалды. Сол себепті, «Отанды сүю – иманнан» деп хадисте бекер айтылмаған.