Ислам асыл дініміз

Ассалаумағалейкум Имам мырза! Алла жұмыстарыңызға берекет берсін! Осы тойларда тамадалар "айтқан тілектеріңіз періштенің құлағына шалынсын " деп жатады. Осы айтқандары құлаққа түрпідей тиеді. Ол айтқандары қаншалықты дұрыс. Менімше дұрыс емес сияқты. Бұған не дейсіздер? Шариғат бұған не дейді?

Уағалейкумуссалам Жеңіс!

Періштелердің кейбірі жер бетін шарлап құлшылық мекендерін аралайды. Жер бетін шарлаған періштелер Аллаһқа құлшылық жасап жатқан құлдарын көріп Ұлы Жаратушыға былай деп дұға етеді: «Уа, Раббым! Дәл қазір сенің құлдарыңның жанындамын. Олар сенің кітабыңды оқуда. Сенің елшіңе салауат айтып Сені ұлықтауда» – дейді. Сонда Ұлы Жаратушы: «Оларды мейіріміме бөлеңдер, олармен бірге болғандар да жаманшылыққа ұшырамайды»,– дейді.Періштелер мүміндердің жасаған дұғаларына да «әмин» (дұғаларымызды қабыл ет) деп тұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Мұсылман адамның бауырына жасаған дұғасы өзі үшін де қабыл. Өйткені ол жерде періште болады. Ол адам дұға еткенде: «Cен үшін де әмин’ дейді». Иә, хадистің мағынасына бойласақ, әрбір айтылған сөздің дұға ретінде қабыл болып қалу ықтималы бар деген тұжырым шығаруға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сіздер өздеріңізге тек жақсылық үшін дұға етіңіздер. Өйткені, періштелер сіздің жасаған дұғаларыңызға «әмин» деп тұрады»,– деп ескерткен еді. Халықтың бата бергенде: «Періштенің құлағына шалынсын» деп жататындығы да бекер болмаса керек. Яғни, бұл халық арасында періштеге деген сенімнің берік болғанын, әрі олардың кісінің жасаған дұғасына «әмин» деп тұратынын жақсы білгендігін аңғартса керек.

Ассаламуалейкум, еңбектеріңізге Аллаһ разы болсын! Сіздерден сұрайын дегенім, менің бір туысқаным бар. Ол намаз оқуды жақында ғана бастаған, бірақ екеуміздің намаз оқуымыз әр түрлі, ол қолын кіндіктен жоғары қойып оқиды. Онысын сүннетке сай деп бой бермейді және намаздан соң дұға етпейді. Мен «біз Әбу Ханифа мәзһабымен оқимыз» - десем, ол «біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті бойынша оқимыз» - дейді. Сонымен қайсымыздікі дұрыс екенін айтуларыңызды сұраймын. Аллаһ разы болсын!!!

Асқар

Уағалейкумуссалам Асқар!

Ханафи мен ханбали мәзһабтарында ер адамдар намазда қолдарын кіндіктің астына байлайды. Ер адам бас бармағымен және шынашағымен сол қолының білезігін орап және қалған үш саусағын білегінің үстіне жабыстырып, осы бейнеде кіндігінің астына қояды. Әйел кісі оң қолының алақанын сол қолының сыртына қойып, омырауына перде етіп, кеудесіне қояды. Бұл намаздың сүннеттері. Бұл жайында Әбу Дәудтің риуаяты бойынша Хазіреті Әли, Алла тағала оған разы болсын, былай дейді: «Намазда оң қолды сол қолдың үстіне қойып, кіндіктен төмен ұстау – сүннет». (Әбу Дауд, Салат, 115.; Имам Ахмәд - 877 хадис.; Имам Таханауи, Илә-ус Сунна, 2 том, 192 бет.) Және Уә-иль Бин Хижр, Алла тағала оған разы болсын, былай дейді: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.), кіндіктің астына, оң қолын сол қолының үстіне қойғандығын көрдім.»,- дейді. (Ибн Әби Шайбә.; Имам Таханауи, Илә-ус Сунна, 2 том, 198 бет.) Және мына сайтқа да қараңыз:http://www.azan.kz/islam/blog/id/1096.html

Сондай-ақ, намаз соңында жамағат боп қол жайып Алладан дұға тілеу – бидғат емес. Өйткені, дұға жасауға дінімізде негіз бар. Сондықтан да, ол бидғатқа жатпайды. Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Уа Алланың Расулы! Қай дұғалар тез қабыл болады?» – деп сұрағанда. Ол (с.а.у): «Түннің соңғы бөлігінде жасалған дұға және бес уақыттағы намаз соңында жасалған дұға» (Фатхуль Бари Шарху Сахихиль Бухари, 5970 хадис шархы.), – деп жауап берді. Яғни, бұл хадистен бес уақыт намаздарды сүннетімен түгелдей оқып біткеннен соң дұға тілеу – ардақты Пайғамбарымыздың сүннеті екенін аңғаруға болады. Ал, жамағатпен дұға жасауға келер болсақ, Құран Кәрімнің көптеген жерінде «дұға тілеңдер» деген бұйрық көпше түрде келеді. Мәселен, Фатиха сүресінде Алла тағала мүминдерді: «Біз тек саған ғана құлшылық етеміз, тек сенен ғана жәрдем тілейміз. Бізді тұра жолға бастай гөр!» (Фатиха сүресі, 5-6 аят.), – деп «біз» дегізу арқылы жамағатпен бірігіп дұға етуге шақыруда. Ал Ғафир сүресінде де: «Маған дұға етіңдер, дұғаларыңды қабыл етейін»( Ғафир сүресі, 60 аят.), – дейді. Сонымен қатар, көпшілікпен жасалған ғибадат пен құлшылықтың берекелі әрі берер пайдасы көп екенін ұғындырғысы келген сүйікті Пайғамбарымыз: «Жамағатпен оқыған намаз жалғыз оқыған намаздан 27 есе артық», – дейді. Ендеше жамағатпен дұға жасау да сауапты іс. Және мына сайтқа қараңыз:http://hibatulla.kz/ru/analityc_258.html

Ассаламуалейкум мұсылман ағалар! Менің сұрағым келгені сәбиге ат қою жайлы еді. Үш сәби бір жерде, үшеуіне үш рет АЗАН шақыру керек пе, әлде үшеуіне естілетін етіп бір рет Азан айтса жеткілікті ме?Осы жайлы айтып берсеңіз жане есім қоюдың шарттары жайлы білгім келген еді. Рахмет.

Мейірбек

Уағалейкумуссалам Мейрамбек!

Сәбиге есім қояр кезде құлағына азан оқылады. Ибн Аббастың (р.а.) жеткізуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немересі Хасан туыла сала оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтқан. Балаға ат қою тәртібі азан шақырумен басталады. Баланың аяғын Құбылаға қаратып жатқызып, оң жағында тұрып азан, сол жағында қамат айтады. Соңынан: «Сенің атың пәлен болсын»,-деп құлағына қойылған есімді үш рет естіртеді. Нәрестеге ат қоятын адам баланың оң құлағына – азан, сол құлағына қамат айтқан кезде өз құлағын жабу шарт емес.Нәрестенің құлағына азан шақырып, оған жақсы ат қою – ата-ананың перзенті алдындағы маңызды міндеттерінің бірі.

Ибн Сунни Хасаннан риуаят еткен хадисте ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде кім дүниеге келген баласының дереу оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтса, баланың қыр-соңынан қалмайтын умму сибян (сәбилердің анасы) есімді шайтанның оған зияны тимейді»,– деген.

Осылайша, нәрестенің ең алғашқы естігені азан болғаны абзал. Дей тұрғанмен, кейін де баланың құлағына азан айтуға тыйым жоқ. Сондай-ақ, қатты ашуланған, науқастанған, жаман мінезді адамның немесе жан-жануардың құлағына азан оқуды да шариғат құптайды. Жын мен шайтан қорқынышты бір бейнеде көрінген кезде, бұлардың кесірінен сақтану үшін де азан оқылады. Өйткені, шайтанның азан оқылған кезде қашатындығы хадисте айтылған. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әлидің ренжіп отырғанын көріп былай деді: «Ей, Әбу Тәліпұлы! Саған не болды? Ренжулісің ғой. Отбасыңның біріне айт, құлағыңа азан айтсын. Өйткені, азан қайғыны кетіреді»,– деді. Сосын ол құлағына азан айтқызып көрген еді, шындығында, дәл солай болып шықты. Сондай-ақ, Әлиге дейінгі риуаят етушілер де осылай жасап көрген еді, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан сөзі тура шыққандығы баян етіледі. Демек, әр сәбиге жекелеп оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтқан абзал.

Сәлеметсіздер ме?! Менің жолдасым намаз оқиды, менің де оқығым келеді, бірақ намазды толығымен, еш қатесіз қалай оқимын? Медресеге барсам мені қабылдайды ма?

Ақерке

Уағалейкумуссалам Ақерке!

Жолдасыңыздың оқыған намаздары мен Сіздің намаз оқуға деген ниетіңіз қабыл болсын! Намазды қате - кемшіліксіз оқымақ ниетіңіз өте орынды, медресеміз әрбір мұсылман ұл және қыз баласы үшін айқара ашық! Медресемізде қыздарға арналған діни сауат ашу курсы жұмыс жасауда, КЕЛІҢІЗ!

Ассалаумағалейкум имам мырзалар! Менің сұрағым Құранды жаттау үшін міндетті түрде арабшасымен жаттау керек пе? Жоқ әлде кирил әріптерімен жаттай берсек бола ма? Қазір кирил әріптерімен тажуид қағидаларына сай жазылған кітаптар бар ғой. Осыған жауап берсеңіз. Алла разы болсын!

Уағалейкумуссалам, Жеңіс мырза!

Қасиетті Құран Кәрімді арапша әріптерімен дұрыс оқу мақсатымен, арапша үйренгенше, уақытша кирилл әріптерімен оқуға болады. Бірақ, Құранды кирилл әріптерімен дұрыс оқу мүмкін емес.Дұрыс оқылмаған кезде Құран Кәрімнің мағынасы өзгеріп, күпірге себеп болатын мағыналар шығатын жағдайлар өте көп. Мәселен “халәқ” сөзі, “Х”әріпімен оқылғанда жаратушы, “Һ” әріпімен оқылғанда шаштараз (шаш алушы) деген мағынаға келеді. Бұлай қате оқылған кезде мәселен “Ясин” сүресінің 81 аятындағы «Оның жаратқандары өте көп. Ол барлық нәрсені біледі» деген сөзі «Ол шаштараз, ол барлық нәрсені біледі» деген мағынаға өзгеріп кетеді.

            Арапша әріптердің бірнешеуі кирилл әріптерінде жоқ. Арапшада үш түрлі“С”, үш түрлі “З” әріпі бар. Біреуі қалың “Зы”, екіншісі жіңішке оқылатын “Зә”, үшіншісі (пәлтек) “Зәл”. Бұлардың үшеуі де үш түрлі оқылады. Рукуғ тәсбихінде“Зы” әріпімен “азыйм” деп қалың оқылады,бұл “Раббым ұлық” деген мағынаны білдіреді. Ал егерде “Зә” әріпімен оқылса, яғни “әзим” деп оқылса, “раббым менің дұшпаным” деген мағынаға келеді. Құран кәрімді кириллл әріптерімен үйреніп оқыған адам бұл үш түрлі әріптерді ажырата алмағандықтан намазы дұрыс болмайды.Сондықтан, Құран кәрімді де арапшасынан жаттау керек. Арапшасынан оқылмайтын болса сауап аламын деп отырып күнәға, тіптен күпірге де кіру мүмкін.

Ассалаумағалейкум имам мырзалар! Менің сұрағым, өлім жазасы туралы дінде не айтылған?

Уағалейкумуссалам, Құрметті Тұрарбек!

Дінімізде Құдайды мазақтау, дінін ауыстыру, ел басына қарсы шығу, жезөкшелік, дәлелсіз түрде жезөкшелікпен айыптау, жала жабу, малмен жыныстық қатынасқа түсу, ұрлық, қарақшылық, басқаның мүлігін алып қою, спирттік ішімдіктерді ішу және т.б. мұндай қылмыстар үшін қасиетті Құран Кәрім­нің қылмыстық құқыққа қатысты бір­қатар аяттарымен әртүрлі шаралар және өлім жазасы қарастырылған. Пайғамбарымыз Мұхам­мед (с.ғ.с.) кезінде өлім жазасына бұйырылған адам өз ісіне өкініп, дінді қабылдап, ең жоғарғы сот – Алла тағаланың жолына түсемін десе, оған мұсылмандар кешірім жасап, өмірінің бағытын дұрыс арнаға бұруына мүм­кіндік берген.

Құрметті имамдар,хаттарым жауапсыз қалдырып жатырсыздар,тағы бір мәселені қозғауды жөн көрдім,намаз уақыттары,белгілі уақыт аралығында намаз оқу керек,жамағатқа былай айтса қалай болады,намаз уақытында, қай уақытта қолын босайды,мүмкіндік болады сол уақытта дереу намаз оқыуын керек деп

Дархан

Уағалейкумуссалам, Құрметті Дархан!

Шын мәнінде, сұрағыңызды нақтырақ етіп жазсаңыз қуанышты болар едік, Аллаһ разы болсын! Намаз уақыттарына қатысты тағлым: Парыз Намаздармен бірге қоса оқылатын сүннеттер, үтір, тарауих және айт Намаздары үшін уақыт шарт. Парыз Намаздар: бамдат (таң), бесін, Намаздыгер (асыр), ақшам(намазшам) және құптан Намаздарынан тұрады. Жұма Намазы да бесін Намазының орнына өтеді. Уақыты кірмей ешқандай Намаз оқылмайды. Уақытынан кейін оқылған Намаз - Намаздың қазасы. Намаз парыз адамға Намаздың уақыттарын білу аса қажет. Ал сол уақыттары кітап пен сүннетте белгіленген. Олар мыналар:

Бамдат (таң) Намазы Бамдат Намазының уақыты.Екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл. Екінші таңға қарай шығыс көкжиегінің бозаруы. Бұл уақытпен бамдат уақыты кіріп, құптан Намазының уақыты шығады. Осы сәттен бастап ораза ұстайтындар үшін ғибадат уақыты басталады. Сол себепті бұны «шынайы шапақ» деп атайды. Бұның алдында бірінші таң бар. Бұл - шығыс көкжиегінің ортасында жоғарыға тікелей көтерілген, екі жағы қараңғы бейне бір созылған сымдай жайылған жарық. Осы жарық аз уақыт ішінде жоғалып, орнын қараңғылық басады. Осыдан кейін екінші таң атады. Бірінші таң, таң уақытының кіргенін көрсетпегендіктен әрі жалған жарық болғаны үшін «жалған таң» деп аталады. Бұл таң -түннің жалғасы. Бұл уақытта құптан уақыты шықпайды, таң Намазы кірмейді. Ораза ұстайтындар осы уақытта ішіп-жеулеріне болады. Бұған мына хадис дәлел: Аллаһтың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Таң (шапақ) екеу. Біріншісі -бамдат Намазын оқуға болмасын, бірақ ішіп-жеуге болатын жалған шапақ. Екіншісі- ішіп-жеуді харам, таң намазын оқуды адал еткен таң шапаты». «Таң намазының уақыты - екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл» (Бухари, Мауақит, 27; Әбу Дауд, салат, 2.). Күн шыққаннан бастап, түскі уақытқа дейінгі мезгіл - ешқандай парыз Намаз міндеттелмеген аралық уақыт. Бамдат Намазн айнала көрініп жарық болған кезде оқу - мұстахап.

Бесін Намазы Бесін уақыты - күннің көктің ең жоғары тұсынан батысқа қарай ауа бастағанда басталып, барлық нәрсенің көлеңкесінің өзінен бір есе ұзаруына дейін жалғасады. Бесіннің осы уақыты - алғашқы асыр (намаздыгер) деп аталады. Бұл - ӘбуЮсуп, Имам Мұхаммед, Шафиғи, Малик және Ханбалдың көзқарастары. Әбу Ханифа бойынша, бесіннің уақыты барлық нәрсенің көлеңкесі, екі есе ұзарғанға дейін жалғасады. Осы кезде бесін Намазы шығып, асыр (намаздыгер) уақыты кірелі. Мұны -екінші асыр деп атайды.Факиһтердің көпшілігінің дәлелі мына хадис: Жәбірейіл (а.с.) Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) Намаздың уақытын үйреткен кезде, екінші күні барлық дененің көлеңкесі бір есе болғанға дейін Намазын оқыған (Әбу Дауд, Салат, 2; Тирмизи, Мауақит, 1). Әбу Ханифаның дәлелі болса, хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) мына хадисі: «Бесін намазын салқын түскен сәтте оқыңдар. Өйткені бесін уақытындағы ыстық жаһаннамның ыстығын еске түсіреді» (Бухари, Мауақит,9 - 1 0 . Муслим, Масажид, 180-81). Араб түбегінде қатты ыстық болған уақыт - барлық нәрсенің көлеңкесі бір есе болған кезде. Сол себепті бесінді жаздың салқын уақытында оқу - мұстахап.Бесін Намазы уақытының бастауыш байланысты барлық мүштәһиттердің сүйенген дәлелі мына аят: «Күн батысқа ауғаннан, түн қараңғылығына дейін намаз оқы» (Исра, 17/78). Бесін Намазының соңғы уақыты жайлы екі түрлі көзқарастың құтылу үшін бесін Намазын алғашқы асырдан бұрын оқу, ал асыр (намаздыгер) Намазын - екінші асыр болғанша оқымаған абзал.

Асыр (намаздыгер) Асыр уақыты - бесін уақытының шыққан сәтінен бастап,күннің батуына дейінгі мезгіл. Жоғарыда айтылған көзқарас бойынша, асыр уақыты -мүштәһиттердің басым көпшілігі бойынша, барлық нәрсенің көлеңкесі бір есе, ал Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, екі есе болған сәттен басталып, күннің батқан уақытына дейін жалғасады. Бұған мына хадис дәлел: «Күннің батпай тұрып, асыр намазының бір рәкатына үлгерген адам, асыр намазына үлгереді» (Малик, Муатта, Уқут, 5; Әбу Дәәуд, Салат, 5). Мүштәһиттердің басым көпшілігі бойынша, асыр намазын күннің сарғаю уақытын дейін кешіктіру - мәкрүһ. Өйткені Аллаһ Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Бұл уақытта оқылатын намаз - мүнафықгардың (екі жүзді) намазы. Мүнафық отырып алып, күнді күтеді. Күн шайтанның екі мүйізінің арасына кірген (бата бастаған) кезде, апыл-ғұпыл асыр Намазын төрт бас оқып, Аллаһты өте аз еске алады» (Малик, Муатта, Қурай, 46.).

Ақшам Намазы Ақшам (намазшам) Намазынын уақыты - күннің толық батуымен бастадың шапақтың жоғалуымен аяқталады. Әбу Ханнфа бойынша, шапақ - ақшам уақытында батыстың көкжиегіндегі қызылдан кейінгі бозамық. Әбу Юсуп, Имам Мұхаммед және Ханафилардан басқа үш мазһаб пен Әбу Ханифадан риуаят етілген басқа бір риуаят бойынша шапақ - көкжиекте пайда болған қызамық.Осы қызыл кеткен кезде ақшам Намазның уақыты шығады. Бұған ибн Омар анықтама береді: «Шапақ - көкжиектегі қызамық». Ханафиларда пәтуаға негізделген көзқарас - Әбу Юсуп пен Имам Мұхаммедтің көзқарасы.

Құптан Намазы Құптан Намазның уақыты - қызыл шапақтың жоғалған сәтінен екінші таңның атуына дейінгі мезгіл. Екінші таң атқан сәтте құптанның уақыты шығады. Бұған ибн Омардың (р.а.) бізге жеткізген мына хадисі дәлел: «Шапақ - қызамық. Шапақ жоғалған сәтте, намаз оқу парыз». Құптан Намазын түннің үштен біріне дейін кешіктіру - мұстахап. Тұннің ортасына дейін кешіктіру - мүбаһ, себепсіз екінші таңға дейін кешіктіру - мәкрүһ. Өйткені бұл уақытта адам Намаз оқып үлгермеуі ықтимал.

Үтір Намазның уақыты - құптан Намазнан кейін басталады. Оның соңғы уақыты - екінші таңның атуына аз уақыт қалғанға дейін. Үтір Намазын оянуына күмән келтірген адам ұйықтамай тұрып, ал оянатынына сенімді жан осы Намазды түннің ақырына дейін кешіктірсе абзал.

Тарауих Намазының уақыты, таңдалған көзқарасы қарай, құптан Намазынан кейін басталып, бамдат Намазның уақытына дейін жалғасады. Тарауих Намазы үтір Намазнан бұрын оқылады. Бірақ құптан Намазнан бұрын тарауих оқылса, қайта оқуға тура келеді.

Мұстахап уақыттар Намаз уақыттарының қай бөлігі мұстахап немесе абзал екені Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тікелей іс жүзінде орындауы мен хадистерінде белгіленген. Олар: Таң (бамдат) Намазын төңірекке жарық түсіп, айнала көрінген уақытта оқу жөнінде Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Таң намазын жарықта оқыңдар,өйткені мұның сауабы өте үлкен» (Тирмизи, Салат, 3; Дарими, Салат, 21). Бесін Намазын жазда кешіктіріп, салқын уақытта оқу - мұстахап. Қыста болса, бесін Намазды уақыты кіре оқу - мұстахап. Әнас (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі қатты суықта бесін намазын ерте окитын, жазда салқын түскенге дейін кешіктіретін» (Бухари, Жума, 17). Намаздыгер Намазның парызын төрт мезгілде де күннің көзді алмайтындай сарғыш тарқанға дейін кешіктіру - мұстахап. Ақшам Намазын кірісімен оқу - мұстахап. Азан мен қамат арасында тек қана үш аят оқылатындай уақыт бөлінеді. Өйткені ақшам Намазын кешіктіру - мәкрүһ.Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді «Ақшам намазын жұлдыздар көрінгенге дейін кешіктірмесе, үмбетім берекетте» (Әбу Дауд, Салат,6; Ибн Мажа, Салат, 7).Құптан Намазын түннің алғашқы үштен біріне дейін кешіктіру - мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үмбетіме қиын болмағанда, құптан намазын түннің үштен біріне дейін кешіктіруді әмір етер едім» (Тирмиз, Мәуақит, 10). Үтір Намазын түнде ояна алатынына сенген адам түннің ақырына дейін кешіктіру - мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Түннің ақырына дейін ояна алатынынан қорыққан адам, үтір намазын түннің алғашқы уақытында оқысын. Түннің ақырында ояна алатынына көзі жеткен адам болса, үтірлі түннің соңында оқысын. Себебі түнгі Намаз - періштелер қатысатын Намаз.

Мәкрүһ уақыттар Парыз Намаздар үшін мұстахап уақыттар болғанындай, жалпы Hамаз оқудың мәкрүһ уақыттары да бар. Бұлар екіге бөлінеді. Біреуінде ешқандай Намаз оқуға болмайды. Екіншісі - нәпіл Намаз оқуға болмасын, бірақ қаза Намаз оқуға болатын уақыт. Ешбір Намаз оқылмайтын уақыттың өзі үшке бөлінеді: 1) Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40 -45 минуттай уақыт. 2) Күннің дәл тас төбеле тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады.3) Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі.Шамамен бұл да күн батуға 40 - 45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер Намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.Бұл үш уақытта ешқандай қаза Намазы да, жаназа Намазы да оқылмайды. Бұл уақыттарда сәжде аяты да жасалмайды. Сәжде аятын жасай қалған күнде де, оны кейіннен қайтадан өтеу тиіс. Нәпіл Намазы оқылса, оның кейіннен өтеу тиіс емес. Ол - мәкрүһ ретінде іске асады. Бірақ кейіннен қазасын өтеу - абзал. Бұл уақытта Намаз оқуға салынған тыйым - күнге табынғандарға ұқсамау үшін берілген. Бұл үш уақыт жайлы Уқба ибн Амир әл-Жуһени (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) үш уақытта бізге Намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, төмен түсе бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта».

Нәпіл Намазын оқудың мәкрүһ уақыты Таң атқан уақытта сол таң Намазның сүннетінен басқа ешқандай нәпіл Намазы оқылмайды. Хадисте: «Бамдат намазынан бұрын және бамдат намазы кірген кезде, бамдат намазының екі рәкат сүннетінен басқа намаз жоқ» - делінген.1) Бамдат (таң) Намазын оқығаннан кейін күн шыққанға дейін; » Намаздыгер Намазын оқығаннан кейін күн батқанға дейін; « Ақшам Намазының парызынан бұрын;2) Айт Намаздарынан бұрын үйде де, мешітте де;3) Айт Намазнан кейін мешітте;4) Арафат пен Муздәлифәда қосып оқыған екі Намаздың арасында;5) Парыз Намазның уақыты бітуге шақ қалғанда.Парызға тұрып, тәкбір (қамат) айтылып жатқанда оқуға болмайды. Ал таң Намазның сүннеті бұтарлан тыс. Яғни, бұл сүннет басқа сүннеттерге қарағанда әлдеқайда маңызды болғаны үшін оқылуға тиіс. Аллаһ Елшісі былай дейді: «Бамдат (таң) Намазның екі рәкат сүннеті дүние мен оның ішіндегі барлық нәрседен артық» - делінген. Жұма күні имам мінберге шығып хұтба оқып, жұма Намазы біткенге дейін нәпіл H. оқуға болмайды. Хадисте: «Жұма күні имам хұтба оқып жатқанда, мұсылман адам жанындағы адамға тіпті «тыныш» дегенінің өзі қателік» - делінген.

Ассалаумағалейкум имам мырза! Менің сұрағым: намазды қаза қылғанның үкімі қандай? Кейде намазымыз амал жоқтан қаза болатын кездерде не істейміз?

Жеңіс

Уағалейкумуссалам, Жеңіс!

Біріншіден намазды себепсіз қаза етіп оқу – дұрыс емес және өте үлкен күнә. Бірақ ұмыту немесе ұйықтап қалу себептерімен намазын оқи алмаса, қазасын өтеуі қажет. Кейбір ғалымдар себепсіз намазын қаза еткендер кейіннен қазасын өтерде алдымен тәубе ету керектігін айтады.

Автобуста отырып намаз оқуға бола ма?

Марат

Құрметті, Марат! Ханафи мәзхабы бойынша нәпіл намаздары мен сүннет намаздарын көлікте (немесе автобуста) оқыса болады, ал намаздың парызын «мүмкіншілік болса» тоқтап, жерде оқу керек. Көлікті тоқтату мүмкін болмай жатса немесе жер лайланып намаз оқуға қолайсыз болып, т.б. (мәселен, автобус көпшіліктің көлігі болғандықтан, оған жекелеген жолаушы билік етпейді) осы сияқты кедергілер болса, онда намазды көлікте ишарамен оқуға рұқсат. Яғни, рукуғқа барғанда аздап иіліп, ал сәждеде көбірек иілесіз. Құбылаға жүзді қарату шарт емес [1]. Өйткені, кейде Алланың Елшісі мүмкіншілік жоқ жерде намазын түйенің үстінде отырып оқыған.

Бұған дәлел мына хадис: Яғлә бин Әмия сахабаның риуаят еткеніндей: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) және оның ардақты сахабалары екі тау өткелінен өткенде төбелерінен жаңбыр жауып жер лайланады.Осы кезде намаз уақыты кірген еді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) азаншыға азан айтқызып, қамат түсіртеді де, өзі түйесінде отырған күйі жамағаттың алдына шығып, ишарамен намаз оқытады. (сол кезде) Сәждеге, рукуғтан көбірек иілген еді» [2].

[1] Маусули (р.а.), Ихтияр: 1-том, 262 бет; Prof.Doktor H.Donduren: Delilleriyle Islam Ilmihali, 290 бет. Стамбул.

[2] Ахмад бин Ханбаль; Тирмизи - 411; Проф Доктор, Хусамудин әл Ғафана: Ясәлунака 2-том, 268 бет.

Әйелдерге немесе қыздарға шаш қиған күнә ма?Дінде бул туралы не айтылган?

Турарбек

Уағалейкумуссалам, Тұрарбек! Әйелдерге немесе қыз баласына керек кезде шашын қиюына рұқсат. Себебі «Сахих Муслимде» жеткізілген хадисте Абдрахман бин Ауфтың баласы табиғин әрі ғұлама Әбу Сәләмәның[1] айтуы бойынша, ардақты Пайғамбарымыздың жұбайлары шаштарының ұзындығын кейде қысқартатын болған[2].  Бұл әйелдерге шаш қиюға рұқсат деген сөз. Осы уәжді хадисші әрі Шафиғи мәзһабының фиқһ білгірі Имам Нәуәуи (р.а.) аталмыш хадиске түсініктеме беру барысында: «Сондай-ақ бұл хадис шашты аздап қысқарту әйелдерге рұқсат екеніне дәлел» [3] , - деу арқылы құптап отыр.
Алайда, шаш алу кезінде еркектердің шашына ұқсатып тым қысқа алмауды ескерген жөн. Өйткені Алла Елшісі өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Қиямет күнінде Алла назар аудармайтын кісі үшеу. Олар: Ата-ананы құрметтемейтіндер, еркекке ұқсауға тырысатын әйелдер  және өз жарын қызғанбайтын еркектер... .»[4], - деп қатаң түрде ескертеді. Ендеше, бұл хадистен әйел заты өзінің табиғи ерекшеліктерін қай жағынан болмасын өзгертпеуі керек екенін аңғарамыз. 

[1] Айша анамыздың сіңлісі Умму Кульсумнің сүт баласы.
[2] Сахих Муслим, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[3] Сахих Муслим шарихы, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[4] Нәсәий, Китабуз Зәкәт, 2562-хадис.