Ассалаумағалейкум уа рахматуллахи уа баракатух.Осы Мұсылман адамға шұжық (колбаса) жеуге бола ма, болмай ма?
Төлеген
Уағалейкумуссалам уарахматуллаһи уабаракатуһ! Төлеген, иә, мұсылман адамға мейлі шұжық (колбаса) болсын, мейлі басқа тағам болсын тек халалынан жеу парыз. Себебі, қасиетті Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінің 172-173-аяттарында: «Ей, иман келтіргендер! Сендер Біз ризық етіп берген жақсы тағамдарды ғана жеңдер! Егер Аллаһқа шүкіршілік етеді екенсіңдер, онда тек соған ғана ғибадат етіңдер. Өлекселерді, бауыздау қанды, доңыз етін, Құдай атымен емес (бисмилла демей), басқа нанымда бауыздалғандардың бәрін Аллаһ харам деп есептейді», – деп бұйырылған. Және «Майда» сүресінің 3-аятында : «Өлексе (бауыздалмаған мал еті), доңыз еті, Аллаһтан басқаға бағышталып бауыздалған, буынып, құлап өлген, сүзісіп өлген мал етін, жыртқыштардан қалған жемтік етін жеуге тыйым салынады (харам етілді). Малды жаны шықпай тұрып, бауыздап алсаңдар, оны жеуге болады...»,– деп әмір еткен.
Тыйым салынған (харам) нәрселерді жеудің зияны мен қауіпі – оның себебінен амалдар мен дұғалар қабыл болмайды, ал Ақыретте ол үшін жаза бар. Әбу Хурайра,оған Аллаһтың ризашылығы болсын, Аллаһ елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сә лемі болсын, былай деп айтқанын жеткізген: «Расында, Аллаһ Тағала – Игілігінде Пәк, және ол игі болған нәрседен басқаны қабыл етпейді. Расында, Аллаһ пайғамбарларға нені жүктеген болса, иман келтіргендерге де соны жүктеді. Аллаһ Тағала былай деді: «Иә, пайғамбарлар! Таза нәрселерден жеңдер де, таза амалдар жасаңдар». (әл-Муминун 23: 51). Ұлы Аллаһ сондай-ақ былай деді: «Иә, иман келтіргендер!
Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер». (әл-Бақара 2: 172). Әбу Хурайра, оған Аллаһтың ризашылығы болсын былай деді: “Осыдан кейін Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, шашы жалбырап, үстін шаңбасқан адам жайлы ескертті: «Ол адам ұзақ уақыт бойы сапарда жүріп, кейін қолын көкке көтеріп: «Иә, Раббым, иә, Раббым!»-дейді.
Бірақ оның жегені-харам, ішкені-харам және оның кигені- харам, сонда оның дұғасы қалайша қабыл болмақ?!” Муслим 1015. Хафиз Ибн Касир былай деген: “Рұқсат етілген нәрселермен тамақтану дұғалар мен ғибадаттардың қабыл болуының себебі болады, ал тыйым салынған нәрселермен тамақтану дұғалар мен ғибадаттардың қабыл болмауына апарып соқтырады”. “Тәфсир Ибн Касир” 1/280. Бірде адамдар Жундубқа, оған Аллаһтың ризашылығы болсын: “Бізге насихат айтшы”,-деді. Сонда ол: «Расында, адамның ең бірінші шіритіні-қарны болады, сондықтан кімде-кімнің таза нәрселерден басқа еш нәрсе жемеуге мүмкіншілігі болса, солай жасасын».
(Бұл сөздерді Жундуб, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, тек Аллаһтың елшісінен ғана, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, естуі мүмкін еді, өйткені сахабалар ғайыб мәселесінде, яки болмаса болашақта болатын жайлар туралы өз тараптарынан еш нәрсе айтпайтын.) әл-Бухари 7152. Зәйд ибн Арқам, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай айтқан: “Әбу Бәкрдің, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, өзінің төлемін беріп азат етуіне келіскен бір құлы болатын. Ол Әбу Бәкрге не алып келсе де ол одан: «Бұны қалай таптың?» -деп сұрайтын. Егер оның жауабы оны қанағаттандырса-оның әкелгенін жейтін де, ал егер қанағаттандырмаса-жемейтін. Әбу Бәкр ораза ұстаған күндердің бірінде ол құл оған тамақ алып келді. Әбу Бәкр оның алып келген тамағынан бір түйірін, одан қайдан алғанын сұрауды ұмытып, жеп қояды. Жеп болған соң одан: «Бұны қайдан алдың?» -деп сұрайды. Сонда ол: «Надандық дәуірінде мен көріпкел болмасам да, адамдарды алдап көріпкелдікпен бал аштым. Маған сол үшін ақымды берді»,-деп жауап берді. Әбу Бәкр оған: “Сенің жасағаның қандай жиіркенішті, сен сәл болмағанда мені құрта жаздадың!», -деді.
Осыдан кейін ол жегенін құсып шығарғысы келді, бірақ, құса алмады. Оған (біреу) жегенінің сумен шығатындығын айтты. Осыдан кейін ол су ішіп құса бастады. Осыдан кейін ол асқазанындағының бәрін құсып тастады! Сонда одан: «Сен шынымен-ақ осының бәрін бар-жоғы бір түйір асқа бола жасадың ба?!»-деп сұрайды. Олардың сұрағандарына ол: «Егер бұл жегенім менің жаныммен ғана шығатын болса да, мен оны суырып алған болар едім! Расында, мен Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Адамның денесіндегі отқа ең лайық бөлігі оның тыйым салынғанымен жеп өскен бөлігі!»-дегенін естідім»,-деді.” Әбу Ну’айм 1/31, әл-Байхақи 5760. Шейх әл-Әлбани хадисті сенімді хадистер қатарына жатқызған.
Тыйым салынған нәрселерді тамаққа қолданудың екі түрі болады: Біріншісі – негізінде рұқсат етілген, бірақ тыйым салынған жолмен табылған нәрселермен тамақтану. Мысалы, олардың қатарына ұрлықпен, өсіммен, парамен неболмаса зорлық пен күштеп тартып алынған, не болмаса тыйым салынған нәрселерді(арақ, шошқа еті т.с.с.) сату арқылы келген табысқа алынған, т.б. сол сияқты нәрселер жатады.
Екіншісі бұл-негізінде тыйым саналған доңыз, жыртқыш аң, арақ секілді және т.б.сол сияқты нәрселермен тамақтану. Бұл ретте негізінде тыйым салынған нәрселер, рұқсат етілген адал жолмен табылған ақшаға сатып алынса да, олардың негізі харам болғандықтан,оларды жеуге болмайды.