Ислам асыл дініміз

Ассалаумалейкум!!! Мен ауруханада дәрігер болып істейтін едім. 1 ай бұрын Алматы қаласына іс-сапарға 2 аптаға барып келдім. Келген соң іс-сапар шығынын 108000 теңгенің орнына 44000 теңге счетыма түсірді, бірақ неге түгел түсірмедіңдер деп айтуға бас дәрігерге қорықтым. Іс-сапардан келген соң еңбек демалысына 36 күнге демалуға кеттім. Жұмысқа 23 желтоқсан шықтым. Жұмысқа шыққан соң старшая медсестра айлық берілетін табельді өткізіп қойыпты. Сұрастыра келе табельге 23 желтоқсан жұмысқа шықты деудің орнына 9 желтоқсанда шықты деп жазып жіберіпті. Енді бүгін айлықты түсірейін деп жатыр. Енді менің сұрағым артық түскен ақшаны не істесем болады. Отбасыма жұмсайын ба немесе іс-сапар шығыны деп жұмсайын ба? Мүмкін болса шешімін бүгін шығарып беріңіздерші!!!

Дастан

Уағалейкумуссалам! Дастан, Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) бір хадис шәріпінде: «Күмәнді істі бастама, күмәнсіз істі тастама» – деген. Демек, әлгі артық түскен ақшаны өзіңіздің хақыңыз екендігіне көз жеткізіп алыңыз. Кезінде іс-сапар шығыны үшін кем алған қаржыңыздың есебі бөлек, ал кейінгі еңбек демалысыңыз үшін алған ақшаңыздың есебі бөлек. Бұл есептердің бір-біріне қаншалықты байланысы барлығын анықтаңыз.

Мемлекеттің қаржысы – ол халықтың қаржысы. Мемлекеттің, яғни, халықтың ақысын жеу, жеке адамның ақысын жегеннен де ауыр күнә. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Кімде-кім бір мұсылманның ақысын жесе, Аллаһ оған тозақты уәжіп, пейішті  харам етеді» (Муслим, Иман, 137).

 

Ассалаумагалейкум! Маған есте сақтау қабілетін қалай жақсартуға болады? Мен сосын бір дұғаларды оқысаң өзіңді жоқ қылып жіберуге болады деп естіп едім, сол рас па? Егер рас болса сондай керемет дұғалар берініздерші! Және сұрағым, темекі шегудің үкімі қандай? Дәрет алған соң темекі шексең дәретін бұзыла ма жане темекі шегіп бес уақыт намаз оқып жүруге бола ма?

Ернар

Уағалейкумуссалам! Ернар, бірінші сұрағыңызға кеңінен жауап берер болсақ, жалпы, есте сақтау қабілеті неден нашарлайды? Ислам діні адамның есте сақтау қабілетінің нашарлауы күнә істерге былыққан деп есептейді. Бұған фиқх мектебінің негізін қалаған ұлы имам Мұхаммед ибн Ыдырыс әш-Шафиғидің өмірі мысал бола алады. Бірде имам Шафиғидің көзі бөтен әйелдің жалаңаш тобығына түсіп кетеді. Осыдан кейін есте сақтау қабілеті біршама нашарлап кетеді. Бұрын бір беттік мәтінді бір қарағаннан-ақ оқығанын көңіліне тоқып, жаттап алатын болса, әлгі жағдайдан кейін мәтінді жаттау үшін бір оқығанын бірнеше қайталауға мәжбүр болады. Бұл жағдайын өзінің ұстазына айтып, мұңын шағады. Ұстазы оған күнәлі істерден аулақ болуға кеңес береді.

Осының бәрін неге сөз етіп отыр дейсіз ғой? Біз бұл арада пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) өзі үйреткендей есте сақтау қабілетін жақсарту тәсілдері жайлы бөліссек деп едік.

Абдуллах ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте былай айтылған: «Бірде пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафамен (с.а.с.) бірге отырғанымызда Әли Асхаб (р.а.) келді де: – Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, уа, Расулаллаһ! Кейінгі кезде Құран сүрелері мен аяттары есімнен тез шығып кететін болыпты. Жаттай алмай жүрмін, – дейді.

Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) оған былай дейді:

– Уа, Хасанның әкесі, есте сақтау қабілетіңді арттыратын сөздерді үйретейін бе? Өзің үйреніп алған соң өзгелерге де үйретерсің.

– Үйретіңізші, Уа Алланың елшісі, – дейді Әли (р.а.).

– Жұмаға қараған түні, шамаң келсе, түннің үштен бір бөлігінің соңғысында тұр. Бұл Алланың барлық құлдарының дұғасын қабыл қылатын және береке нәсіп ететін уақыт. Жақып (р.а.) Пайғамбар балаларына: «Мен күнәларыңның кешірілуі үшін Аллаға кейінірек дұға қылайын», – деп, жұмаға қараған түнді ишарат еткен. Егер бұл уақытта тұра алмасаң, түннің ортасында тұр. Оған шамаң келмесе, түннің алғашқы бөлігінде тұрып, төрт рәкат намаз оқы. Бірінше рәкатта «Фатихадан» кейін «Ясин» сүресін оқы. Ал екіншісінде «Дұхан» сүресін оқы. Үшіншісінде – «Сәжде», төртіншісінде – «Мүлік» сүресін оқы. Екі жаққа сәлем бергеннен Алланы мадақтап, Мұхаммед Пайғамбарға және өзге пайғамбарларға салауат айт. Содан соң, барлық мұсылманның және арамыздан кеткен діндес бауырларыңның күнәсіна жарылқау тіле. Соңынан мына дұғаны оқы:

اللَّهُمَّ بَدِيعَ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ وَالْعِزَّةِ الَّتِي لَا تُرَامُ أَسْأَلُكَ يَا أَللَّهُ يَا رَحْمَنُ بِجَلَالِكَ وَنُورِ وَجْهِكَ أَنْ تُلْزِمَ قَلْبِي حِفْظَ كِتَابِكَ كَمَا عَلَّمْتَنِي وَارْزُقْنِي أَنْ أَتْلُوَهُ عَلَى النَّحْوِ الَّذِي يُرْضِيكَ عَنِّيَ اللَّهُمَّ بَدِيعَ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ وَالْعِزَّةِ الَّتِي لَا تُرَامُ أَسْأَلُكَ يَا أَللَّهُ يَا رَحْمَنُ بِجَلَالِكَ وَنُورِ وَجْهِكَ أَنْ تُنَوِّرَ بِكِتَابِكَ بَصَرِي وَأَنْ تُطْلِقَ بِهِ لِسَانِي وَأَنْ تُفَرِّجَ بِهِ عَنْ قَلْبِي وَأَنْ تَشْرَحَ بِهِ صَدْرِي وَأَنْ تَغْسِلَ بِهِ بَدَنِي فَإِنَّهُ لَا يُعِينُنِي عَلَى الْحَقِّ غَيْرُكَ وَلَا يُؤْتِيهِ إِلَّا أَنْتَ وَلَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِاللَّهِ الْعَلِيِّ الْعَظِيمِ

«Аллаһумма бадиъа-ссамауати уал ардый зәл жәләли уәл икрами уәл ъиззәтиль ләти лә тураму әс әлукә. Йә, Аллаһу, йә рахмәну бижәләликә уә нури уәджһикә ән тулзима қалби хифза китәбикә кәмә ъәлләмтәни. Уәрзуқни ән әтлуаһу ъала- ннахуиль-ләзи йурдыйк ғанниә Аллаһуммә бадиъа-ссамауати уәл ардый зәл жалали уәл икрами уәл ъиззатиль ләти лә тураму. Асалука. Йа, Аллаһу, йа рахмәну бижәләликә уә нури уәджһикә ән тунаууира бикитабикә бәсари уа ан тутлиқа биһи

лисани. Уа ан туфаррижа биһи ъан қальби. Уа ан ташраха бихи садри. Уа ан тусиля биһи бадани, фә иннәһу лә йуъинуни ъәләл хаққии ғайрука уә лә йуътиһи илла анта. Уә лә хәулә уәлә қуәтә иллә биллаһи ъалйил ъазыим».

– Уа, Хасанның әкесі, мұны үш, бес немесе жеті жұма бойы қайтала. Алланың қалауымен нәтижесіне көресің. Мені хақ дінмен жіберген Алланың атымен ант етейін, бірде-бір мүміннің осы дұғасы қабыл болмай қалған кезі жоқ».

«Әли Асхаб бес әлде жеті түн өтпей жатып, арамызға тағы келді, – деді Абдулла ибн Аббас (р.а.). – Келді де:

– Уа, Алланың елшісі (с.а.с.), бұрын мен Құранның төрт аятынан артық есте сақтай алмайтын едім. Қанша жаттасам да, есімде қалмайтын. Ал қазір күніне 40 аяттан жаттап алатын болдым. Жаттаған Құран аяттарын оқи бастасам Алланың Кітабы көз алдымнан өтіп жатқандай болады. Бұрын қандай да бір сөзді не хадисті тыңдап, кейін еске түсірейін десем, ойымда түк қалмайтын еді. Қазір естігендерімнің әрбір әрпіне дейін жаттап алатын болдым, – деді.

Сонда Алла Елшісі (с.а.с.) тұрып:

– Қағбаның Иесімен ант етейін, сен мүмін болдың, уа, Хасанның әкесі! – деді.

 

Екінші сұрағыңызға қатысты, пенде өзін-өзі жоқ қылып жіберетін дұға жоқ! Бұндайға сенудің өзі үлкен қателік, себебі, жоқтан бар етуші, бардан жоқ етуші, өліден тірі жасайтын, тіріден өлі жасайтын рақымды да мейірімді Аллаһ Тағаланың өзі екендігіне иман келтірдік!

 

Үшінші сұрағыңызға қатысты, Ислам - барша адамзаттың екі дүниедегі бақытын көздейтін дін. Олай болса, ислам шариғаты адам баласына қандай да бір зиян тигізетін жағдайға жол бермейді. Себебі Аллаһ тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге түсірмеңдер»(«Бақара» сүресі, 195-аят),-деп қатаң ескерткен. Осы бұлтартпас дәлелге сүйене отырып, әлемге аты әйгілі әл-Азһар университетінің пәтуә беру алқасы темекіні харам екендігіне үкім шығарған. Жаратушы Жаппар иеміз адам баласын барша жаратылыстан артық, үстем, әдемі әрі ешкімге де берілмеген ақылды етіп жаратқан. Алайда адам баласы берілген ой санасы арқылы бір нәрсенің дұрыс емес екенін түсінсе де соған үйірсек келетіні, әсіресе Аллаһтың тыйым салған, лас заттарға бейім болатыны өкінішті-ақ. Олай болатын болса, артық әрі әсем етіп берген Жаратқанның сыйын шайтанның лас істерімен бүлдірмейік. Одан біз қиямет күні сұралатынымызды ұмытпағанымыз жөн. Мұндай зияны шаш етектен келетін харам заттан аулақ болайық ағайын.

Төртінші сұрағыңызға қатысты, темекі тарту дәретті бұзбайды, бірақ пияз және сарымсақ жеген кісінің үкімінің негізінде темекі тартып намазға кіру макруһ болады.

Ассалаумағалейкум! Мен намаз оқиын деп едім бірақ қазір аяғым ауыр 5 айлық, намаз оқуға бола ма? Сосын жолдасыммен бір төсекте жатамыз таң намазын оқымай күні бойы шомылып оқуға бола ма? Жасым 27-де рахмет жауабын асыға күтемін.

Жаннат

Уағалейкумуссалам! Жанат, жүкті әйелге тұрып оқу қиынға соғатын болса, отырып оқуына рұқсат. Аяғы ауыр болуы себепті сәждеде маңдайды жерге қою қиындаса, отырған күйі иілу жеткілікті. Тек рукуға иілгеннен кейін, сәждеге көбірек иіледі(Хидая – 1/194 бет, «салатуль марыз»).

Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Ъимран ибн Хусайын деген сахабаға: «Намазды тұрып оқы. Тұрып оқи алмасаң отырып оқы. Отырып та оқи алмасаң бір жаныңа жатып оқы»(Әбу Дауід – 952; Тирмизи – 371), – деп айтқан хадисі бар.

Тағы бір хадисінде: «Мүмкін болса жерге маңдайынды қой. Оған шаман келмесе, қимылмен оқы. Бұл кезде сәждеге рукуғдан көбірек иіл!»(Әз-Зайлағи, Насбур риуая), – деген.

Сондай-ақ, жерге отыру қиынға соқса, орындыққа отырып оқуға да рұқсат. Алла біздерге ауырлық емес, жеңілдік қалайды(Бақара – 185-аят).

Ал енді таң намазын уақытында оқу турылы Абу Хурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқан: «... таң намазына түнгі періштелер мен күндізгі періштелер жиналады». Сосын Абу Хурайра (Алла оған разы болсын): «Қаласаңдар «Расында, таң намазына періштелер де қатынасады»(Исра: 78) аятын оқыңдар», –деді(Имам Бухари, имам Муслим). Бұл хадисте таң намазына Аллаһ Тағала және перштелері куә болатындығы және таң намазының дәрежесі өте биік екендігі білдірілген.

Тағы бір Абу Хурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мұнафықтарға ең ауыр намаз – құптан мен таң намазы. Егер бұл екі намазда қандай сауап барлығын білгенде еді, қандай халде болса да оқыған болар еді ...»,–деген(Имам Бухари, имам Муслим).

Және ғибратты сөздердің бірінде: «Таң намазының уақытында ұйықтап жатқан адамды көрген шайтан лағнет: – мен Аллаһтың бір әмірін орындамай лағнетке ұшырадым, ал мынау күнде осылай Аллаһтың әмірін орындамауда ...  – дейді екен»,-делінген.

Ассалаумағалейкум! Неге 9-шы сыныптан кейін медресеге болмайды түсуге. Мен баламды еш жерге оқытпай бірден медресеге жіберсем деп ойлап едім. Аллаһ разы болсын.

Ляззат

Уағалейкумуссалам! Ляззат, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-IV «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» заңының 3-бабының 16-тармағында «Дiни бiрлестiктiң басшысы кәмелетке толмағандардың ата-анасының бiреуi немесе оның өзге де заңды өкiлдерi қарсылық бiлдiрген кезде кәмелетке толмағандарды дiни бiрлестiктiң қызметiне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.»-деп көрсетілген. Бұл заң талабы орындалуы тиіс, демек, кәмелетке толмаған балаларды ресми медресеге қабылдай алмаймыз. Сондықтан балаңыз орта мектепті толық бітірсін немесе оқуын колледжде жалғастырсын. Содан кейін аттестатымен немесе колледж дипломымен медресеге келсін.

Ассалаумағалейкум! Маған ас қайырғаннан кейін оқылатын Құран сүресі керек еді. Қанша іздесемде таба алар емеспін. Мүмкін дұрыс іздемедім ба. Жазып жібере аласыздар ма?

Динара

Уағалейкумуссалам! Динара, ас қайырғаннан кейін оқылатын Құран сүре деп еншілеп қою дұрыс емес. Құраннан, өзіңіз білетін кез келген сүрені оқуыңызға болады. Қысқа бірнеше сүрелерді жолдаймыз:

Ықылас сүресі

Бисмилләәһир-рахмаанир-рахим

«Қул һуаллаһу ахад, Аллаһус-самад, ләм иәлид уә ләм иуләд, уә ләм иәкул-ләһу куфуан ахад».
(Бұл сүрені үш қайтара оқысаңыз да болады)

Мағынасы:
1.    Былай де: Аллаһ – жалғыз.
2.    Аллаһ –  Самад (Күллі жаратылыс әлем Оған мұқтаж. Ол еш нәрсеге мұқтаж емес. Барлық нәрсе тек сол Ұлы Жаратушыдан жәрдем тілейді. Одан өзге ешкім көмек бере алмақ емес).
3.    Ол тумады да туылмаған.
4.    Оған тең келер еш нәрсе жоқ (Ол теңдесі жоқ, теңдессіз. Жаратылғанға мүлде ұқсамайды. Жаратылмаған, жаратылу, туу мен туылудан мүлдем пәк, әуелі мен ақыры болмаған аса құдіретті Жалғыз Ұлы Жаратушы).

Фалақ сүресі

Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим

«Қул ә’узу бираббил-фәлақ, мин шәрри мәә халақ, уа мин шарри ғаасиқин изә уақаб, уа мин шаррин-нәффәәсәәти фил-’уқад, уа мин шарри хәәсидин изәә хәсад».
Мағынасы:
1.    Таңның Раббысына сиынамын.
2.    Жаратқан нәрселердің кесірінен.
3.    Қараңғылық басқан сәтте түннің кесірінен.
4.    Түйіншектерге дем салған дуалаушылардың кесірінен.
5.    Һәм қызғаныштан тұла бойын өрт шалған көре алмаушылардың күндеген сәтте кесірінен, –  деп айт.

Нас сүресі

Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим

«Қул ә’узу бирраббин-нәәс, мәликин-нәәс, иләәһин-нәәс, мин шәррил-уәсуәәсил-ханнәс, әлләзи иуасуису фи судуурин-нәәс, минәл-жиннәти уәннәәс».
Мағынасы:
1.    Адамдардың Раббысына,
2.    Адамдардың  жалғыз Иесіне,
3.    Адамдардың Құдайына сиынамын.
4.    Сол бір азғырған шайтанның кесірінен.
5.    Ол – адамдардың жүрегіне жаман ой салып азғырады.
6.    Ол шайтан жындардан да, адамдардан да шығады, деп айт.

Сұрақ:
Ассалаумағалейкум! Менің білейін деген сауалым қөп. 1-ші: намаз оқығанда ештеңе жайлы ойламау үшін не істеу қажет; 2- намазды кешіктірмеу үшін жұмыстағылар не істеу қажет? мен таң атқаннан кешке дейін жұмыста болғандықтан, намазды жиып кешкісін оқимын. Алдын ала рахмет!

Нұржамал

Жауап:

Уағалейкумуссалам! Нұржамал, 1-ші: Намазда дүниелік істерді ойлау, ықыластың кемшілігінен туындайды. Бұған себеп болатын кемшіліктерді кетіруге тырысу керек. Барлық іс-әрекеттер Аллаһ разылығы үшін жасалса ықылас пайда болады. Шынайы намаз болуы үшін, намазға бастарда Аллаһу та’аланы көріп тұрғандай, әдеппен намазға бастау керек. Егер дене намазда, көңіл басқа жақта болса, ол намаз сахих болса да, мақбул (қабыл болған) намаз болмайды.

Ислам ахлақы кітабында былай делінген: адам намазда: «Оң жағымда жаннат, сол жағымда жаһаннам, төбемде Әзрейіл алейһиссалам, қарсымда бәйтуллаһ (Қағба), алдымда қабір және аяғымның астында сират көпірі, менің есебім оңай бола мекен? Жасаған ғибадатым ахиретте басыма тәж, қасыма жолдас және қабірімде нұр бола мекен? Жоқ әлде қабыл болмай ескі шүберектей бетіме ұрыла мекен?-деп пікір ету керек»(Мифтахул-жаннат).

 2-ші: Бұл жалған дүние болған соң сыналмайтын пенде жоқ. Алла Тағала әркімді әрқалай сынайды. Біреуді бай не кедей, патша немесе құл қылып жаратады. Оларға өтеуге тиіс болған бүкіл әмірлерді бұйырып, тыйым салынған нәрселерден тию арқылы сынайды. Кейін ақыретте есеп беру алаңына жиналғанда ешқандай сылтау таба алмай қиналады. Патша болған едім құлшылық қылуға қолым тимеді десе, Алла Тағала Сүлеймен де патша болды, бірақ құлшылығын тастамады. Кедей едім десе, Иса да кедей еді, бірақ кедейлігі ғибадатына кедергі бермеді. Аурумын десе, Аюып та науқас болды, бірақ Алланы еске алуды ұмытпады. Құл болдым десе, Юсуф та құл болды, бірақ құлдығы өзінің құлшылыққа арналған пенде екеніне кедергі болмады дейді.

Сондықтан бұл сынақ өмірдің қиыншылығына сабыр етіп Алланың бұйырған әмірлерін өз уақытында өтеуге тырысу қажет. Өйткені ертеңгі күніміз не болары бір Аллаға аян. Алла Тағала Құранда былай дейді:«Намазды толық орындаңдар. Өйткені, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз етілді» (Ниса сүресі, 103-аят).

Сізге айтар кеңесіміз қолдан келгенше уақыт тауып намазды өз уақытында орындауға тырысыңыз. Өйткені, кім Алла Тағаладан шынайы қорықса Алла пендесіне құтылар жол тауып берері хақ. 

Ассалаумағалейкум! Сіздерден сұрағым, нәпіл намаз оқығанда екі ракағаттан сәлем береміз ба? Одан көп оқысақ, әр ракағатта ниет етіп тәкбір айтамыз ба?

Жұлдыз

Уағалейкумуссалам! Жұлдыз, шариғат бойынша сүннет пен нәпіл намаздарды жұп ракағат етіп оқыған абзал. Демек, нәпіл намаздарды жұп-жұптан, яғни, екі, төрт, сегіз немесе қырық, жүз (шектеусіз) ракағаттан сәлем беріп оқуға да болады. Ал, екі ракағат сайын сәлем беріп, қайта ниет етумен (тәкбір айтумен) оқыған абзалырақ.

Ассалаумағалейкум! Дәрет алып болғаннан кейін орамалмен сүртінсе болама? Біреулер болмайды деп жатыр. Мен сүртіп жүредім.

Жәния

Уағалейкумуссалам! Жәния, біршама ғалымдар «сүлгімен сүртінбеу-мустахаб1» деп есептеген. Өйткені әт-Тирамизидің айтуынша, сүлгімен сүртіну жөнінде сенімді хадис келмеген. Әйтседе, Ән-Нәуәуи, сүлгімен сүртінуге де, сүртінбеуге де рұқсат етілетінін айтқан. Демек, сүлгімен сүртінудің ешбір әбестігі жоқ.

1Орындаса сауабы бар, орындамаса күнә жоқ.

Ассалаумағалейкум! Мен намаз оқығаныма бір жарым жыл болды . Әуелі өзім кітаптан сосын дискіден үйреніп бір апаның артынан жығылдым. Өзіміздің дәстүрлі ата-бабамыздың оқыған имам Ағзам жолымен. Бірақ діни сауаты бар адам маған: – ұстазың болу керек, ұстазы жоқтың ұстазы шайтан – деді. Сонда менің намаздарым қате ма? Кімді ұстаз етемін. Тек әйел адам болу керек па? Соның айтқанымен жүруім керек па? Күйеуім намаз оқымайды мешітке баруыма көп рұқсат ете бере бермейді?

Жамила

Уағалейкумуссалам! Жамила, Алла тағала: «Егер білмесеңдер, онда білетіндерден сұрап біліңдер» («Нәһл» сүресі, 43-аят),- деп әмір етеді. Бабаларымыз: «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен болмаса кішіден сұрап біл!», - деп ақыл айтады.Имам Ғаззали «Мұстасфә» атты кітабында: «... Діни сауаты жоқ кісілердің білмегенін ғалымдардан сұрауы және олардың артынан еруі уәжіп», - деп айтады. Демек, діни білімді (діни басқарма тағайындаған) ұстаздан үйрену өте маңызды.  Сондай-ақ , әйел кісіге әйел ұстаздың үйреткені дұрыс. Егер әйел ұстазды кезіктіре алмаса ер ұстаздан үйренуіне болады.

Ал намазды кітаптан оқып немесе бейне таспадан (дискіден) тыңдап үйренсе, оның қателігі жоқ. Дегенмен, әлгі кітаптың немесе бейне таспаның (дискінің) діни басқарма тарапынан рұқсат етілгендігіне көз жеткізу керек я болмаса, мешітке әкеліп имамдарға тексертіп алу керек.

 

Ассаламуғалейкум! Қияметтік дос дегенді түсіндіресіз бе? Сондай бар деп естіп едім.


Жазира

Уағалейкумуссалам! Жазира, ел аузында “қияметтік дос” деген сөз бар екені рас. Оның мағынасы бұл дүниеде кіммен дос болсаң, кімді жақсы көрсең қияметте сонымен бірге боласың деген сөз. Бұған қатысты Әбу Муса әл-Әш’ари жеткізген хадисте, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қиямет Күні адам өзінің дос тұтқанымен, жақсы көргенімен бірге болады». әл-Бухари 6170, Муслим 2641.
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам өз досының дінінде. Сондықтан, әрбірің өз жақын достарыңның кім екеніне қарасын!» Әбу Дәуд 4833, әт-Тирмизи 2378. Хадистің сенімділігін имам ән-Нәуәуи, хафиз Ибн Хәжәр, имам Ибн Муфлих, хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбәни растады.
Хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр былай деп жазған еді: «Бұл хадистің мағынасы, бірақ Аллаһ жақсырақ біледі, мынада: адам өз досынан көрген нәрсеге дағдыланып үйреніп қалады. Дінге де дағдыланып үйреніп қалуға болады, міне сондықтан, мұсылман адам тек жақсы нәрсе көрсете алатын адаммен ғана дос болуға бұйырылған, өйткені жақсы нәрсеге де дағдыланып үйреніп қалуға болады». Қараңыз: “Бәхжәтул-жәлисин” 2/751.
Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Мен Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), Әбу Бәкр мен ‘Умарды (дос тұтамын) жақсы көремін және оларға деген махаббатымның себебімен (қияметте) олармен бірге боламын деп үміт етемін, олар істеген нәрсені істемесем де!» әл-Бухари 1/162.
Әбу Суләймән әд-Дарани айтады: «Тек мына екі адаммен ғана дос бол: осы дүние істерінде пайда әкелетін адаммен және о дүниелік өмірге пайда әкелетін адаммен. Ал басқа адамдармен дос болу – үлкен ақымақтық!»Қараңыз: “әл-Мәу’изатул-муттақин” 128.