Ислам асыл дініміз

Ассаламуғалейкум! Сізге қояр сұрағым бар еді, мен осы жылы тұрмысқа шыққанмын, намаз оқуға ниетім бар, әкем қарсы емес, бірақ ата-енем бұған қарсылық білдіріп отыр, осыдұрыс па? Берер кеңес, айтар сөздеріңіз бар ма? Алдын ала көптен-көп рахмет! Аллаһ разы болсын!

Айнагүл

Уағалейкумуссалам! Айнагүл, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кішілерімізге мейірім көрсетіп, үлкендерімізді құрметтемеген адам бізден емес» деп ескерткен. Демек, ата-енені сыйламау мұсылмандыққа сын.  Әйел кісілер өз күйеуін қалай сыйласа, оның ата-анасы мен туған – туыстарын да солай сыйлауы тиіс. Демек, келіннің ата-енесін құрметтегені, күйеуін құрметтегенмен бірдей.

Дегенмен, олар кейде пендешілікке беріліп кісіні шариғатқа теріс келетін әрекеттерге итермелеп, күнә істерге шақыруы мүмкін, мұндай жағдайларда келіспеуіңізге дініміз рұқсат береді.

Ендеше, ата-енеңіз намаз, ораза сияқты дін негіздерін орындауға қарсы шықса, мұнысына құлақ аспауыңыз күнә саналмайды.  

Бірақ,  бұл «ата-енеге дөрекі мінез көрсетіп яки араздасып, оларға қарсы келу керек» деген сөз емес. Керісінше, майдалап, жұмсақ түсіндіруге тырысуыңыз тиіс. Алда-жалда көнбей жатқан күннің өзінде сый-құрметіңізді аямауыңыз ләзім!

Әйел босанғаннан кейін, қырқынан шықпай тұрып, үй тірлігіне араласып, бала-шағасына, жарына тамақ әзірлеп беруге бола ма? Пломбаланған тіс, қапталған тіс ғұсыл алуға кедергі бола ма, немесе ғұсылы дұрыс болмай ма?

Ибрагимова Айгерим

Уағалейкумуссалам! Ибрагимова Айгерим, әлбетте, жаңа босанған әйел кісінің қырқынан шыққанша күтінгені дұрыс. Десекте, егер денсаулығы көтерсе үй тірлігіне араласуына, бала-шағасына, жолдасына тамақ әзірлеуіне болады.

Тіске пломба салу емдік мақсатта болғандықтан, алдын ала ғұсыл құйынудың не дәрет алудың қажеті жоқ. Себебі, тіске салынған пломба – жарақат үстіне оралған таңғыш іспетті. Ал шариғатта су денедегі жарақатқа зиянын тигізсе, жарақат таңылып, ғұсыл мен дәретте сол таңылған орамалға мәсіх тартылады. Алдын ала дәретті болу шарт емес(Маусули, Ихтияр, 1-том, 97 бет.; М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, ғылымхал, 87 бет).

Сондай-ақ, Имам әл-Маусули өзінің Ихтияр ли Тағлилиль Мухтар атты еңбегінде былай дейді: «...Егер аяғының жарылған (http://www.almaany.com/home.php?language=arabic) жеріне дәрі жақса және жағылған дәріден теріге су жұқпайтын болса, дәрінің үстінгі бетінен судың ағуы жеткілікті»(Маусули, Ихтияр, 1-том, 98 бет)Сондықтан да, ауызды шайғанда пломбаның салдарынан тісіңіздің ойығына су тимей жатса, оның ғұсылға еш кедергісі жоқ.

Ассаламуалеикум! Жұмабаев Данияр ага, менің қойатын сауалым, сақал турасында, сақал Ханафи мазһабында сүннет пе, уәжіп пе? Дәлелмен жазып жіберсеңіз ИншаАллаһ! Сосын дәреті бар айел адам бала емізсе дәреті бұзыла ма, жоқ па?

Нұрбек

Уағалейкумуссалам! Нұрбек, мұсылман адамның сақал қоюы - сүйікті Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қалған сүннет амалына жатады. Ол жайында Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «сақалды жіберіңдер, мұртты басыңдар» (қысқартыңдар) деп сақал қоюға шақырған. Сақал өсірудің уәжіп екендігін айтатын ғалымдардың бар болуына қарамай көпшілік ғалымдар бұл амалды Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті деп атайды. Негізінде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сақалды өзіне жарасымды етіп жан-жағын күзеп, ұзарып кетсе, қысқартып қояды екен. «Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сақалды алғанда жандарын қысқартқандай ұзынын да қысқартатын» деген Омар ибн Харуннан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисті естен шығармағанымыз ләзім. Сонымен бірге, Әбу Ханифа (Алланың оған рахымы болсын) мазһабының ғалымдары «Ибн Омар (Алла оған разы болсын) сақалын уыстап ұстап, уысынан шыққан сақал талшықтарын қиятын» деген сенімді (сахих) хадисті негізге алып, қысқартып, ретке келтіруге кеңес берген. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Он нәрсе жаратылыс (пайғамбарлар) сүннетерінен: мұртты қысқарту, сақал өсіру, мисуак қолдану, мұрынға су алу, саусақтардың арасын жуу, қолтықтың түктерін жұлу, әуреттің айналасындағы түктерді қыру және истинжа қылу (дәрет сындырғаннан кейін әуретті жуу)» Риуаят етуші айтады: «Оныншысын ұмытып қалдым, ауызды шаю болса керек».(Имам Муслим)-деп айтқан болатын. Ғалымдарының осы хадиске сүйене отырып, сақал өсіруді сүннет амалына жатқызған.

Екінші сұрағыңызға келсек, шариғат бойынша әйел адамның бала емізуі, сүтінің шығуы дәретін бұзбайды. Өйткені дәретті бұзатын шарттарынан емес. ӘбуХанифа мәзхабы бойынша дәрет тек төмендегі жағдайларда ғана бұзылады.

1. Үлкен-кіші дәрет, қан, мәни, мәзи, уәди секілді нәжісаттың немесе қандай бір сұйық, не қою нәрсенің шығуы.

2. Мұрыннан немесе дененің кез-келген жерінен қан, ірің секілді нәрселердің шығуы. Ауыздан келген қан егер түкіріктің көлеміндей немесе түкіріктен көп болса, дәретті бұзады. Аз болса бұ-зылмайды. Дененің басқа жерінен шыққан қан айналасына жайылса, дәретті бұзады. Пайғамбары-мыз (с.а.у.): «Әрбір аққан қан үшін дәрет алу керек», – дейді. Егер ине ұшындай бір қан шығып, қатып қалса дәретке зияндығы жоқ. Тіпті оны қолмен сүртіп не үгітіп тастау да дәретті бұзбайды. Сол секілді жарадан аққан ірің мен сары су да қан секілді.

3. Жел шығуы. Хадисте желдің шығып-шықпағаны жайлы күмәнданған адамға желдің дыбысы яки исі сезілмейінше, дәреттің бұзылмайтыны жайлы айтылады(Бухари, Уду', 34).

4. Аузы толып құсу. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құсу – дәретті бұзады», – дейді(Тирмизи, Таһарат, 64). Ауыз тола су, тамақ, қан, запыран секілді құсықтар дәретті бұзады. Қақырық түкірік секілді болғандықтан дәретті бұзбайды.

5. Намазда дауыстап күлу. Бұл – жанындағы адамға естілетіндей күлуі. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім намазда дауыстап күлсе, дәретін жаңалап, намазын қайта оқысын» дейді(Зәйлаи, Хафз Абдуллаһ ибн Юсуп. Насбур-Раиә ли Ахадиси Һидаиә. 1973. 1, 47-54).

6. Ақыл-есінен айыратын жағдайлар дәретті бұзады. Ұйықтау, ақылына нұқсан келу, талу, мас бо-лу секілді жағдайлар. Бірақ ұйықтау мәселесі басқа. Егер адам бір нәрсеге сүйеніп немесе жан-тайып жатса, я болмаса аяқтарын созып отырып ұйықтаса, дәрет бұзылады. Өйткені, мұндай еркін ұйықтаған жағдайда жел шығу ықтималы бар. Бірақ адам жерге жақсылап отырып, ешбір жерге сүйенбесе немесе намазда қиямда, рүкүғта, сәждеде ұйықтаса, тіпті намаздан тыс осылайша ұйық-таса, дәреті бұзылмайды.

7. Жыныстық қатынаста болу.

8. Ерлі-зайыптылардың жыныс мүшелерінің киімсіз бір-біріне тиюлері.

9. Мәсілерге мәсіх етілгеннен кейін тұрғынға бір күн, бір түннің, ал жолаушыға үш күннің өтуі не-месе мәсіх етілгеннен кейін сол уақыт ішінде мәсінің біреуін болсын шешуі.

Үзірлі адамның алған дәретінің уақыты шығуы. Белгілі бір себебі бар, мысалы, тісі қанай беретін адам әр намаз уақытының ішінде сол уақыт үшін дәрет алу керек. Жаңа азан оқылғанда сол уақыт-қа арналып алған дәреті бұзылады да, оған жаңа уақыт үшін қайта дәрет алуы қажет.Тәйәммүм жа-саған адамның суға қолы жетуі.

Ассалаумалейкум!!! Намазды көзді жұмып оқыса бола ма? Көзді ашып оқысам сан ойлар мазалайды.

Дастан

Уағалейкумуссалам! Дастан, намазды сәжде жасайтын жерге қарап оқу – сүннет. Ал көзді жұмып намаз оқу «тәнзихан-мәкрүһ»,  яғни жеңіл мәкрүһ қатарына жатады(Илә-әс Сунна: 5-том, 122 бет). Бұған дәлел: Абдулла бин Аббас сахаба (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.у.): «Кім де кім намаз оқыса, көзін жұмбасын», – деген хадисін риуаят еткен(Хайсами, Мәжмағуз Зәуәид – 2/192 бет, 2450-хадис).

Намазда дүниелік істерді ойлау, ықыластың кемшілігінен туындайды. Бұған себеп болатын кемшіліктерді кетіруге тырысу керек. Барлық іс-әрекеттер Аллаһ разылығы үшін жасалса ықылас пайда болады. Шынайы намаз болуы үшін, намазға бастарда Аллаһу та’аланы көріп тұрғандай, әдеппен намазға бастау керек. Егер дене намазда, көңіл басқа жақта болса, ол намаз сахих болса да, мақбул (қабыл болған) намаз болмайды. Ислам ахлақы кітабында былай делінген: адам намазда: «Оң жағымда жаннат, сол жағымда жаһаннам, төбемде Әзрейіл алейһиссалам, қарсымда бәйтуллаһ (Қағба), алдымда қабір және аяғымның астында сират көпірі, менің есебім оңай бола мекен? Жасаған ғибадатым ахиретте басыма тәж, қасыма жолдас және қабірімде нұр бола мекен? Жоқ әлде қабыл болмай ескі шүберектей бетіме ұрыла мекен?-деп пікір ету керек»(Мифтахул-жаннат).

Ассалямуалейкум. өзін суфии ағымына жатқызып, нақшбанди тариқатындамыз дейтін мұсылмандар тура жолда ма? Олар тасаууф бағытындамыз дейді. Осыған дінибасқарманың ресми көзқарасы, жауабы қандай?

Ескендір

Уағалейкумуссалам! Ескендір, Ибн Халдун өзінің «мұқаддимасында»: «Сопылық білімі кейін пайда болған шариғи ғылымдарға жатады. Алайда сопылық жолының негізі мен мәйегі белді сахабалар мен табиғиндерде және олардың артынан келгендерде ақиқат пен һидаят жолы ретінде бар болатын.  Бұл жолдың негізі – құлшылықта тереңдеу, тек Аллаға ғана берілу, дүниенің сән-салтанатынан бас тарту, көпшіліктің жүгіре ұмтылатын мал-мүлік пен мансапқа, рахат пен ләззатқа бату секілді нәрселерді жүрегімен тәрк ету, елден оңашаланып Аллаға құлшылық жасау. Бұлардың бәрі жалпы түрде сахабаларда, үмбеттің алғашқыларында бар болатын. Екінші және одан кейінгі ғасырларда адамдар дүниеге ұмтыла бастады. Міне сол кезде құлшылыққа берілген жандар «сопы» деген атпен таныла бастады»- дейді.

Имам әл-Қушайри: «Алла елшісі (с.а.у.) бақилық болғаннан кейін мұсылмандар «сахабалар» деген аттан өзге айдармен танылған жоқ еді. Өйткені, «сахаба» дегенен артық дәреже де жоқ болатын. Кейіннен адамдар әртүрлі болып, мәртебелері де өзгере бастады. Сөйтіп аса діндарларға «әз-зүһһад» (дүниені жүрегімен тәрк етуші), «әл-Ъүббад»  (құлшылығы мол адамдар) делінетін болды. Одан кейін бидғаттар бой көтере бастады. Әр топ өздерін «зүһһад», «ъүббад» дейтінді шығарды. Сол кезде Аллаға шынайы беріліп, ғафылдықтың барлық жолдарынан өздерін сақтай білетін әһлү сүннетті ұстанатындардың озықтары «тасаууф» есімімен ерекшеленді. Һижри бірінші жүз жылдықтың соңында аталмыш ұлыларға «сопы» деген ныспы кең қолданыла бастады»-деп сопылықтың һижри жыл санауы бойынша екінші жүз жылдықтың алдында пайда бола бастағанын айтқан.

Сопы Аллаяр: «Ей, жақсылар, мен сендерге шайтанның жетегіне түсіп азғындаған, бұзық жолдарды малданған бірнеше топтардың оңбаған істерін баяндап берейін. Сендер тыңдаңдар. Өздерін тариқат жолында жүрміз деп білетіндердің ішінде арамға белшесінен батқан бірнеше топтар бар. Олар өздерін тариқаттың қақ төрінде отырғандай пайымдап: «Біз әһлі жәзәбамыз» дейді. Бірақ, өздері жәзәбаның не екенін де білмейді. Тек қана «Тариқат әһліненбіз. Біздің жолымыз жахрия (дауыстап) зікр салу» деп, айқай-шу жасап дуаналанып жүреді. Хазірет Әбулхасан Әл-хирқанидің айтуынша, мұндай топтар ақырет жақындағанда қайта шығып, өте көбейіп кетеді. Олар надан адамдарды өз сөздеріне сендіру үшін «Бұл ұстанған жолымыз Ахмет Ясауидің жолы. Біздің силсиламыз соған барып ұштасады» деп, білімсіз халықты арбайды»- деген.

Оның қарсыластары: «Тасаууф сөзі Құранда да, сүннәда да жоқ. Ол һижридің үшінші ғасырынан соң пайда болған бидғат»-деп дәлел айтады.

Оны жақтайтындар:«Тасаууф һижридің бірінші ғасырында-ақ болған. Табиындердің ең үлкендерінен саналатын, көптеген сахабалардың сұхбатын тыңдаған Имам Хасан Басридің бір риуаятында: «Тауафта бір суфиді (сопыны) кездестірдім. Оған бір нәрсе берген едім алмады. Менің төрт теңгем бар, сол маған жетеді деді»-делінген. Және үлкен табиғиндерден бірі саналатын Суфян Әс-Саури рахматуллаһи алайһиден: «Егер Әбу Хашим Суфи болмағанында, рияның нәзік тұстарын білмеген болар едім»-деген. Бұл риуаяттар тасаууф сөзі мен оның мағынасы һижридің бірінші ғасырында-ақ болғанына айғақты дәлел екендігін айтады.

 

Ассалаумағалейкум! Жолда еліміздің ішінде бір қаладан басқа қалаға қыдырып барсақ, діни кітаптарды алып жүруге бола ма? Оларды мешіттің қасыдағы діни кітаптар сататын дүңгішектерден алдым, поезда оқиын деп, мысалы Ғибрат және мұсылман баспа үйі және Нығымет баспақанасынан шыққан, Мешіт имамдары мешіт қасында сатылатын діни кітаптардың қандай кітаптар екендігін тексере ма? Себебі бізде діни сауат аз не жазса соған сенуіміз мүмкін ғой сұрағым қате болса кешірерсіздер ...

Абадан

Уағалейкумуссалам! Абадан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ары қарай-ҚМДБ) саpаптау комиссиясы мақұлдаған немесе ҚМДБ-ның облыстардағы өкілдіктерінің тексеруінен өткен діни кітаптарды жолда алып жүруіңізге заңда шектеу қойылмаған. Мешіттердің қасындағы діни дүкендерде сатылатын кітаптар ҚМДБ-ның саpаптау комиссиясының мақұлдауынан немесе ҚМДБ-ның облыстардағы өкілдіктерінің тексеруінен өтеді. Десекте, күдік тудырған кітаптар табылып жатса, мешіттердің имамдарына көрсетіп, тексеруінен өткізіп алыңыз.

Ассаламуғалейкум!!! Еңбектеріңізге Аллаһ разы болсын! Қояйын деген сұрағым, Жаңа жылды қарсы алмау жайлы әңгіме қозғасам әке-шешем жаман көзбен қарайды, сол жағынан ақыл, кеңес берсеңіздер. Алдын ала рахмет!!!

Асқар Лутипуллаев

Уағалейкумуссалам! Асқар Лутипуллаев, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Сондай бір заман келеді. Иманмен жүру қолына шоқ ұстағандай қауіпті заман болады», – деп айтып кеткен. Дәл сол кезең келгендей. Сондықтан, ата-анаңа немесе өзге де адамдарға насихат айтуда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадис шәріпіндегі: «Қорқытпаңдар сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар жеңілдетіңдер» – деп айтылған төрт қағиданы есіңде ұста.

Шын мәнінде адамдарды тура жолға салушы Аллаһ Тағаланың өзі. Насихат айту сіз бен біздің міндетіміз болғанымен, оған амал ету немесе амал етпеу олардың еркі екендігін еш уақытта ұмытпауымыз керек.

Ал, жаңа жыл деген мейрам қайдан шықты? Кімдер тойлаған еді және жаңа жылдың астарында не бар? Басын ашып айтар болсақ. Кеңес Одағында 1927-1936 жылдары жаңа жыл тойлап, шырша тігіп жаңа жыл тойлауға тиым салынып, 1937 жылы Сталиннің бұйрығымен 1–қаңтарда шырша тігіліп, жаңа жылды тойлауға рұқсат етіліпті. Бұл мерекені тойлаудың тарихына үңілсек, ІY-ғасырда христиан дінін ұстанушы Византияның императоры Константиннің түсінігі бойынша, 25-желтоқсан Исаның туған күні деп, жариялап тойлау дәстүрге айналған. Қалаберді көпқұдайшыл Римдіктердің сенімі бойынша, егер адам өз үйіне үнемі жасыл болып өсетін, ағаштың бір түрін тігіп қойса, онда оның үйінен көктем үзілмейді-мыс. Сондықтан, олар сол ағашты өз үйлеріне әр қыс келген сайын тігіп қоятын болған. Бүгінгі таңда азаттық алып, ақ-қараны таныған кезімізде де, ескі дерттенайыға алмай жүргеніміз жанымызға батады....

 

Адыраспан пайдалану дұрыс па? ол емдік шөп пе?

Шерхан

Құрметті Шерхан! Расында, адыраспанды қазақта әр түрлі емдік мақсатта түтіндетіп жатады. Жалпы, адыраспанды түрлі микроптарды аластау үшін дизенфекция ретінде қолдануға болады. Жасыратыны жоқ, адыраспан – барынша улы өсімдік. Оның мұндай қасиеті барын аталмыш өскінді ыстау үшін отқа тигізген кезінде ұшатын ащы түтінінің өзі байқатады. Өсімдіктің химиялық құрамына көз жүгіртсек, бұл сөзіміздің дәлелді екенін анық аңғара түсер едік. Адыраспанның тұқымында 3,5-6 пайыз алкалойд, 60 пайыз гармалин, 30 гар­мин және шамалы ғана мөлшерде гармалол, пеганин (вазицин) мен дезоксивицинон шөбінің құрамында 1,5-3 пайыз алкалойд, 60 пайыз пеганин мен вазицинон бар. Бұдан басқа аздау көлемде пеганидин, пегамин, дезоксипеганидин, пеганол табылған. Тамырында -1,7-3,3 пайыз, сабағында -0,23-3,57 пайыз, жапырағында – 1,07-4,96 пайыз, гүлінде – 2,82 пайыз, жемісінде – 1,08 пайыз, тұқымында 2,38-4,59 пайыз алкалоидты заттар, хинализин мен индол бар. Ал жас өсімдіктің тамырындағы алкалоидты заттың мөлшері 2 есе көп келеді.

Фармакологияда адыраспан шөбінен жасалған дәрілер қабыну ауруын, бас, зәр айдауды жақсарту, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, орталық жүйке жүйесін қоздыру үшін қолданылады. Гармин мен пеганин қан қысымын көтереді, тыныс алуды жиілетеді, асқазан мен жүректің жұмысын баяулатады. Ал адыраспан шөбінен қолдан дайындалған тұнбаларды емшілер бұдан да басқа алуан түрлі науқастарды жазу үшін пайдаланады.

Құбыла қай жақта Тараздан солтүстік батыс па әлде оңтүстік батыс па?

Нұркелді

Құрметті Нұркелді! Бүгінгі таңда құбыланы табудың түрлі тәсілі бар. 1. Тараз қаласында орналасқан мешіттердің мехрабы қай жаққа бағытталса, сол жақты Құбыла тарап деп тану керек. 2. Құбыла тарапты көрсететін арнайы компос арқылы табуға болады. 3. Бізде күн жаз мезгілінде батысқа батса, қыс мезгілінде батыстың оңтүстігіне қарай батады. Ал, Тараз қаласы үшін Құбыла тарапты күннің қыс мезгілінде бататын жағына жақын тұсты назарға алса болады. 4. Құбыланы түнде жұлдыздарға қарап та табуға болады. Ол үшін “темір қазық” жұлдызын оң йықтың артқы жағына, яғни, оң жауырынға қою керек.

 

Ассаламуғалейкум! Еңбектеріңізге Аллаһ разы болсын! Қояр сұрағым, жаңа жылды қарсы алу туралы не дейсіздер??? Алдын-ала рахмет!!!

Асқар

Уағалейкумуссалам! Сізге де Аллаһ разы болсын! Асқар, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Аллаһ сендер үшін, олардан да абзал болған Ораза айт пен Құрбан айт мерекелерімен ауыстырды» — деген. Және осыған қосымша әр аптада болатын мейрам – жұма. Олай болса, мұсылман үмбетінің қуанышпен қарсы алатын, күнәдан емес сауаптан тұратын, құлшылықпен өткізетін өз мерекелері бар. Біз бен сіздің бақытыңыз үшін Алла Тағала осы мерекелерді сыйға тартқан. Алла Тағалаға және Оның елшісіне иман келтірген адам, осыны қабылдайды да, қалғанын тастайды. Сондай-ақ, біздің сайтта жарияланған «Жаңа жылды жаңсақ атамайық.» атты мақаланы оқыңыз: http://hibatulla.kz/ru/analityc_257.html?cityid=19