Имани гүл.

ТАҒДЫРҒА ИМАН

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дініндегі иман негіздерінің соңғысы - тағдыр- ға иман. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) «Иман дегеніміз не?» - деп сұраған уақытта: «Аллаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына иман ету», - деп жауап берген.

Тағдыр сөзі - бір нәрсені белгілі бір өлшем, мөлшерге қарай реттеу, арнайы есеппен жүйелеу, жобалау деген мағыналарды білдіреді.

Ал, шариғаттық термин бойынша: өткен шақ, осы шақ және келер шақтан, яғни, жалпы уақыт ұғымынан пәк - Ұлы Алланың әу бастан қияметке дейін және қияметтен кейін болатын барлық нәрсені, барлық оқиғаны жаратпас- тан бұрын шексіз, әзәли ілімі арқылы егжей-тегжейіне дейін білуін және оларды белгілі бір өлшем, мөлшерге қарай реттеуін, белгілі бір есеппен жүйелеуін, арнайы бір жобамен тағайындап белгілеуін «тағдыр» дейміз. Ұлы Жаратушының тағдыры тек адамға ғана бай- ланысты емес, жалпы болмысты, күллі жаратылысты қамтиды.

Жалпы жаратылысқа байланысты тағдыр

Жалпы ғаламға көз жүгірткен уақытта әр нәрседегі арнайы өлшемді, нәзік есепті, жалпы әлемді қамтыған таңғажайып жүйені байқаймыз. Әр нәрсе өзінің бойына берілген бағдарламамен жүруде. Мысалы, өрік ағашы кішкене дәнегіне қойылған бағдарлама арқылы жер бетіне қылтия шығып, күннен-күнге жайқала өсіп, көктем кіре бүршігін атса, артынан жемісінің сүйіншісі іспетті гүлін

182

-----------------------------------------------------Page 182-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

ашады. Сосын сол бағдарламаға қарай өзіне тән аңқыған исімен, көзді тартар реңімен, балдай тәтті дәмімен құлпыра өскен жемісін береді. Күн Алланың қойған бағдарламасына қарай арайлап атып, алаулап батады. Сол бағдарламаға қарай сәулесін шашып, жылуын төгеді. Жердегі судың бу боп көтеріліп, артынша бұлтқа айналып, уақыты жеткенде жерге қайта жаңбыр боп жаууы, құрғақ топырақтың, жалпы суға мұқтаждардың қажетіне жара- уы - Ұлы Жаратушының арнайы бағдарламасына қарай жүзеге асады. Судағы ағу, тастағы қаттылық, жердегі тартылыс заңдары - бұл әрқайсысының өзіндік тағдыры. Құстардың ұшуы, балықтың жүзуі, еліктің жүгіруі - бәрі- бәрі Ұлы Жаратушының әрқайсысына лайық етіп қойған заңдары, арнайы тағдыры болмақ.

Құран Кәрімде: «Еш күмәнсіз біз барлық нәрсені арнайы есеппен жараттық» 97 . «...Барлық нәрсені жа- ратып, әрқайсысына белгілі бір өлшем берді» 98 , - деп жалпы әлемдегі осы арнайы есепке, тағдырға назарымыз- ды аударады.

Демек, Ұлы Жаратушымыз әр нәрсеге өзіндік тағдырын жазған. Жаратылыстағы әрбір нәрсе сол тағдырдан, арнайы бағдарламадан асып, жалпы жүйеден шығып кете алмайды. Әлемдегі бас айналдырар мына теңдессіз сұлулық, ерекше жүйе алдын-ала белгіленген арнайы жобаны, дәлме-дәл есепті, яғни, иләһи тағдырды нұсқайды.

Жымыңдап, жарқыраған сансыз жұлдыз белгіленген өз межесінен еш ауытқымай қозғалып, ғарышта жүзіп жүрсе, жан-жануар, өсімдік, жалпы жаратылыс Алла Тағаланың жазған арнайы бағдарламасын айна-қатесіз қайталап ғұмыр кешеді.

97 98

Қамар сүресі/49 Фурқан сүресі/2.

183

-----------------------------------------------------Page 183-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

Адамға байланысты тағдыр

Адамға байланысты тағдыр мәселесі, задында, күрделі болғандықтан кейбір адамдар қате түсінеді. Бәзбіреулер істеген күнәларынан «Тағдырымда осылай болса, не істеймін?» деп ақталып жатса, енді біреулер әр істеген ісімді өз қалауыммен істеймін, «олай болса, тағдыр жоқ» деп шектен шығып жатады. Бұл екі пікірдің біреуі астамдық болса, екіншісі нұқсандық. Орта жолды, дұрыс тағдыр ұғымын түсіне алмаған.

Адам баласы басқа жаратылыстардан өзіндік ақыл- ойымен, айрықша ерік-қалауымен екшеленгендіктен Оның тағдыры да өзгеше.

Адамға байланысты тағдырдың екі жағы бар. 1. Адамның еркінен тыс жағы

Адамның еркінен тыс Алла Тағаланың қалауы, ар- найы белгілеуі арқылы болатын құбылыстар осыған жа- тады. Мысал ретінде, адамның ұлты, туылған жылы, жынысы, денінің сау, яки ауру болып дүниеге келуі, бойының ұзын немесе қысқа болуы, зерек және әр түрлі қабілеттерге ие болуы, басына жер сілкінісі, өрт секілді пәлекеттердің келуі, жетім қалуы тәрізді қалауынан тыс болатын нәрселерді айтуға болады. Адам баласы қалауынан тыс бұл істерден ақыретте сұраққа тартылмай- ды. Бірақ тағдырдың жанында адамның ерік-қалауының бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, бір адамның тағдырында жетім қалуы жазылғанмен, сол жетімдікке са- быр етіп, қиындықтарға мойымай адамдығын, арын таза ұстап, сынақты жіберген Ұлы Жаратушысына бас иіп, имеуі - өз еркінде. Ол жетім қалғандығы үшін сұраққа тартылмағанымен, өзінің қалауы мен еркі арқылы іске асатын басқа істерден сұралмақ.

184

-----------------------------------------------------Page 184-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

Алла белгілі бір адамға сәтін салып, барлық шарт- тарды ыңғайлап, күні-түні жүгіріп істеген істеріне бе- рекет беріп, бай етті делік. Яғни, Алла Тағала оның бай болуын қалап, тағдырына байлықты жазды. Демек, Ұлы Иесі бұл құлына мына дүниеде «байдың рөлін» беріп, байлықпен сынағысы келді. Бірақ бұл байлықты жақсы жолда қолданып, жетімдердің басын сипап, кедей- кепшікке қол ұшын беріп, Ұлы Иесіне шүкіршілік етуі не- месе керісінше байлықтың буына мастанып, Жаратқанды ұмыт қалдырып, тәкаппарлыққа бой алдыруы - бәрі-бәрі құлдың өз қолында, өз еркінде. Құл екі жолдың біреуін өз қалауымен таңдап, жәннатқа яки тозаққа қарай жол сала- ды.

Иә, пешенеге жазылған тағдырдың жанында адамға берілген өзіндік ерік-қалау бар. Тағдырдың өзіне жүктеген рөлін дұрыс жолда, салиқалы мағынада ойнап-ойнамауы әркімнің өз еншісінде.

2. Адамның қалауына байланысты жағы

Алла Тағала әу баста әр адамның қай жерде, қай уақытта не істейтінін бастауы жоқ әзәли әрі шексіз ілімі арқылы білген. Өйткені Алла үшін өткен шақ, осы шақ, келер шақ деген ұғым жоқ. Міне, Ұлы Жаратушымыз сол білгенін адам үшін тағдыр етіп «Ләухул-Махфузға» жазған. Басқаша айтқанда, адамның қалауы - Алла Тағаланың жазған тағдырында есепке алынған.

Адам баласы күнә немесе ізгі іс істеуге мәжбүр емес. Өйткені адамда таңдау еркі бар. Мысалы, жолда кетіп бара жатып, түсіп қалған ақшаны көрдік делік. Осы сәтте адамның таңдауына бірнеше нұсқа келеді. Біз соның біреуін өз қалауымызбен таңдаймыз.

1. Ақшаны ақырын ғана қалтамызға сүңгітіп жіберіп,

ол жерден дереу қарамызды батырамыз.

185

-----------------------------------------------------Page 185-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

2. Ақшаны алып, иесін тауып қайтарамыз.

Жоғарыдағы таңдаулардың қайсысын таңдасақ та өз еркімізбен, дербес қалауымызбен іске асырамыз. Бірінші таңдауды істеп күнәға батуымыз да, екіншісін таңдап сауапқа кенелуіміз де мүмкін.

Алла Тағала Құранда: «Оған (адамға) жақсылық және жамандық жолдарын көрсетпедік пе?» «Кім жақсылық істесе пайдасы өзіне, ал, кім жаманшылық істесе оның зияны да өзіне. Раббың құлдарына ешқашан зұлымдық жасамайды» 99 , -деп жақсы, жа- манды таңдаудағы адамға берілген ерікті білдіреді. Ақын Майлықожа да осы ақиқатты мына жыр жолдарымен жеткізген:

«Алла берді екі жол Бірі оңда, бірі сол.

Ойланыңдар, бауырлар!

Дүние қысқа, ақырет мол».

Алла Тағаланың бұйрықтарын орындаған адам Жаратушының салиқалы құлдарының тұғырына көтеріледі. Ал бұйрықтарына қарсы шыққан пенде күнә- һар болады. Алла Тағала әу баста күнәһар және салиқалы құл болудың жолдарын осылай тағайындап белгілеген. Сондықтан кімде-кім осы екі жолдың қайсысын ұстанса, жазылған нәтижесіне жетеді. Міне, осы құлдың қалауына қарай таңдалған нәтиженің Алла Тағала тарапынан әу ба- стан білінуіне «тағдыр» делінсе, білінген нәрсенің уақыты жеткен мезетте Алла Тағаланың құдіретімен жүзеге асуы- на «қаза» делінеді.

Жоғарыда Ұлы Жаратушымыз әзәли ілімі арқылы біздің мына дүниеде не істейтінімізді біліп, білгенін тағдыр етіп «Ләухул-Махфузға» жазған дедік. Демек, біз бұл дүниедегі барлық істерімізді Алла Тағала алдын

99

Фуссилат сүресі/46

186

-----------------------------------------------------Page 186-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

ала білгені үшін істемейміз, керісінше, Алла Тағала не істейтінімізді білгені үшін тағдырға жазған. Яғни, Алла Тағаланың біздің істейтін ісімізді алдын ала білуі - бізді сол істі істеуге мәжбүр етпейді.

Мысалы, біз күннің шығу сағатын астрономия ғылымы арқылы алдын ала біліп, күнтізбеге жазып қоямыз. Уақыты жеткен мезетте, дәл сол минутта күн шығады. Ал енді осы күннің шығуы біздің алдын ала есептеп білгеніміз үшін жүзеге асты ма? Жоқ, әлде сол уақытта шығатын болғаны үшін біз білеміз бе?

Тағдырды сылтау ету дұрыс па?

Кейбір адамдар өз ерік, дербес таңдауларымен істеген күнәларынан «тағдырымда осылай жазылып қойса, қайтем?! Немесе тағдырымда ғибадат жасау болғанда ғибадат етер едім» деп, тағдырды сылтау етіп ақталып жатады. Тағдырымен осылай ақталып, әрбір жаман ісіне жазмышты сылтау еткен әлгі адамдар өздерінің өмірде қолы жеткен кейбір жетістіктерімен «Мен істедім, мен жасадым» деп көкірегін қағып мақтанып жатады. Ал, енді әрбір ісін тағдырда жазылғаны үшін жүзеге асырып жатса, бұл мақтануларын, паңдануларын қалай түсінуге болады? Тіпті, басқа бір адам үйіне кіріп мал-мүлкін ұрлап кетсе, сот алдында «Бұл байғұс тағдырында ұрлау болған соң мәжбүрлікпен ұрлаған ғой», - деп ұрыны ақтау - әлгі әрбір жаман ісін тағдырға сілтеушінің үш ұйықтаса түсіне де кірмейді. Тағдырды себепші етіп көрсеткен ешбір адам кішкентай баласын қылқындырып өлтірейін деп жатқан адамды көріп: «Бұл кісінің тағдырында менің баламды өлтіру жазылған екен, қаласа да, қаламаса да баламды өлтіреді» деп баласын айналып өте шықпайды. Демек, мұның бәрі ғибадаттан қашу үшін көрсетілген арзан сылтау мен күнәлардан оп-оңай ақталу үшін шай-

187

-----------------------------------------------------Page 187-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

тан «ұстаздың» үйреткен қисық жолы ғана. Әйтпесе, тағдырдың жазмышына мәжбүр болғандықтан емес. Өйткені адам әрбір ісін өз қалауымен істейді. Және ертең тағдырында не бар екенінің ол үшін көмескі, беймәлім екенін ескерсек, «Тағдырымда болса қайтем?» деу - іші қуыс салмақсыз әшейін сылдыр сөз ғана. Егер адамдардың бәрі әрбір істерін ежелден Алла Тағала та- рапынан жазылған тағдырларына мәжбүр болғандықтан атқаратын болса, Ұлы Жаратушымыздың пенделеріне пайғамбар жіберіп, кітап түсіруінің, адамдарды тозақпен ескертіп, жәннатпен сүйіншілеуінің ешқандай мағынасы қалмас еді.

Тағдырдан тағдырға қашып барамын...

Бір кездері Омар (р.а.) Мәдина қаласындағы бірнеше сахабаны жанына ертіп Шамды бақылап, тексеру үшін жолға шығады. Шамның сол кездегі бастығы Әбу Убәйда ибну Жәррах Омар (р.а.) мен жанындағы жолдастарын қаланың сыртынан күтіп алады. Әбу Убәйда Омарға (р.а.) Шамда оба ауруының етек алғанын жеткізеді. Ха- барды естір-естімес хазреті Омар жанындағы сахабалар- мен ақылдасады. Сахабалардың кейбіреуі: «Осы жер- ге дейін келдік қой, Аллаға тәуекел етіп қалаға кіріп, жұмысымызды бітіріп кетейік» , - десе, енді біреулері: «Кері қайтайық» , - деген ойларын ортаға салады. Хазіреті Омар да осы кері қайтайық деушілерге қосылады. Сонда Әбу Убәйда:

- Уа, Омар Алланың тағдырынан қашқаның ба?-

дейді.

Омар (р.а.):

- «Бұл сөзді сенен басқа біреу айтқанда ғой! Иә, Әбу Убайда, Мен Алланың тағдырынан оның басқа

188

-----------------------------------------------------Page 188-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

бір тағдырына қашып бара жатырмын», - деп жауап қатады. Сосын түсінікті етіп ойын ашпақ ниетпен: - Уа, Әбу Убәйда, сенің түйелерің бар делік. Мына жердің бір жағы жасыл-желек, балғын шөп, ал екінші жағы құрғақ, сусыз тап-тақыр жер делік. Сен егер түйелеріңді жасыл желек, балғын шөпке жайсаң Алланың тағдырымен жайған боласың. Ал егер, керісінше, құрғақ жерге жаяр болсаң Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба? Бұл әңгімеге кейіннен қосылған Абдуррахман ибн

Ауф былай дейді:

- Уа, Омар, менің бұл турасында мағлұматым бар. Бұл мәселеге байланысты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) мы- нандай хадис естідім. Пайғамбарымыз былай деді: «Бір жерде оба ауруының бар екенінен хабар- дар болсаңдар, ол жерге бармаңдар, ал егер сол жерде болсаңдар сыртқа шықпаңдар».

Омар (р.а.) бұл хадисті естігеннен кейін қатты қуанады. Пікірінің дұрыс шыққаны үшін Алла Тағалаға шүкір етеді.

Тәуекел

Тәуекел сөзі «сенім арту, істі біреуге тапсыру» де- ген мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: «Белгілі бір мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті заттық және рухани барлық себеп- салдарларды орындағаннан кейін нәтижесін Аллаға тап- сыру, күту» дегенге саяды.

Мысалы, диқан уақыты келгенде жерін жыр- тып, тұқымын сеуіп, сосын суарып, содан соң арам шөптерін жұлып, қажет болса түбін қопсытып, керекті тыңайтқыш дәрілерін шашқаннан кейін жақсы өнім беруін Ұлы Жаратушыдан тілеп, еңбегінің нәтижесін Одан күтуі, құдіретіне сенім артып, тапсыруы Ислам

189

-----------------------------------------------------Page 189-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

құптаған тәуекелге жатады. Бұлардың ешқайсысын орын- дамай жатып «тағдырымда не болса, сол болады» деп қол қусырып қарап жату - тәуекел емес, жалқаулықтың дәл өзі. «Атыңды арқандап, тұсаулағаннан кейін ғана Жаратқанға тәуекел ет» деген атам қазақтың мақалы - дәл Исламдағы осы тәуекел түсінігіне сай айтылған. Тіпті бұл мақал пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінен алынған. Тәуекел - мұсылмандардың тағдырға деген бекем сенімдерінің табиғи нәтижесі. Тәуекел еткен адам - Ұлы Жаратушысына ешбір шартсыз бас иіп, тағдырына, өзіне берілген үлесіне риза болған иманды жан. Тағдырға иман етіп, тәуекелге бел байлау - жалқаулық етіп, ай қарап, жұлдыз санау емес, керісінше, бар күшіңді салып, бар мүмкіншіліктеріңді қолданғаннан кейін нәтижесін Жара- тушыдан күту. Себебі, Алла Тағала әрбір істің нәтижесіне жету үшін белгілі себептер мен заңдар жаратқан. Яғни, бидай екпей, егін өспейді, ауру емделмей, жазылмайды. Игі істер істеп, күнәлардан аулақ болмайынша, Алланың ризашылығы да болмайды, жәннат та қашық. Олай болса, тәуекел - еңбек етіп, тер төгіп, барлық керекті себептерді орындағаннан кейін нәтижесін Аллаға тапсырып, Жаратқанның берген үлесіне риза болу, бас ию.

Алла Тағала Құранда: «...Шешіміңді қабылдағаннан кейін Аллаға тәуекел ет. Еш күмәнсіз Алла Тағала тәуекел еткендерді жақсы көреді», - деп мүминдердің басқа біреуге емес, тек Өзіне ғана сенім артып, бас июлерін бұйырады.

Рызық

Рызық сөздікте: «Азық, жейтін, ішетін, жал- пы пайдаланатын нәрсе» деген мағыналарды білдірсе, шариғаттық терминде: Ұлы Жаратушының жан иелеріне жеп-ішу, пайдалану үшін берген несібеге айтылады.

190

-----------------------------------------------------Page 190-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

Барлық жан иелерінің рызығын беруші тек қана Алла Тағала. Құранда: «Жер басып жүретін барлық жан иелерінің рызығын беру тек қана Алла Тағалаға тән» 100 .

«...Қалаған жан иесінің рызығын кеңейтіп, қалағанікін тарылтады» 101 - деп барлық жан иелерінің мол, яки аз етіп рызығын беруші шексіз құдірет иесі тек Алла Тағала екенін білдіреді.

Біз қолымыздан келгенше еңбек етіп, рызық табу үшін Алла тарапынан қойылған барлық заңдар мен себептерді орындаймыз. Сосын, Алланың нәсіп еткен азды-көпті тағдырымызға жазылған рызығымызға қол жеткіземіз. Адал рызықтың себептерін орындаған адамға - адал, ал харам рызықтың себептерін орындағанға - харам рызық беріледі. Адал рызық тапқан құл сауапқа кенелсе, хараммен қоректенген құл күнәға белшесінен батады. Еңбек етіп, тер төкпей жатып тағдырды сылтау ету дұрыс емес. Алла құлдарының кейбіреулеріне рызық- нәсібесін көп етіп берсе, енді біреулеріне аз береді. Бір адамның бай болуы - Алланың ол құлын жақсы көретіндігінің немесе кедей болуы - жек көретіндігінің белгісі емес. Оның берген байлығы да, кедейлігі де құлдарына берілген сын.

Еңбек еткен ешбір құлын Алла Тағала аш қалдырмайды. Бұл дүниеде әркім өзіне тағайындалған рызығын жейді. Ешкім ешкімнің рызығына аузын сала алмасы анық.

Тағдырдағы әділдік

Мұса (алейһиссәлам) бір күні «Уа, Раббым, маған әділдігіңді көрсетші» деп өтініш жасаған екен. Алла

100 101

Һуд сүресі/6.

Шура сүресі/12.

191

-----------------------------------------------------Page 191-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

Тағала Мұса алейһиссәламға: «Бұлаққа маңына барып, онда болып жатқан барлық оқиғаларды қадағалап, бақыла», - деп уахи етеді. Муса (алейһиссәлам) Раббысының айтқанын бұлжытпай орындап бұлақтың маңына барып тасаланып қалады.

Бұлақтың басына бір атты адам келіп атын суарып жа- тып, қалтасындағы алтынын түсіріп алады. Алтынының түсіп қалғанынан бейхабар бұл адам артына қарамастан жөніне кете барады. Ол кете салысымен, бір кішкене бала бұлақтың басында жатқан алтынды көре сала дереу алады да қойнына тыққан күйде қаша жөнеледі. Бала кете са- лысымен, бұлақтың басына бір соқыр адам келеді. Осы мезетте әлгі алтынын түсіріп алған атты адам жоғын іздеп қайта келіп қалады. Атты адам соқыр адамға: «Алты- нымды қайтар, сенен басқа бұл жерге ешкім келген жоқ, алтынды сен алдың», - деп жағасына жабысады. Соқыр адам: «Мен алған жоқпын», - деп қанша ақталса да, атты адам сенбейді. Сөйтіп, атты адам соқыр адамды сол жерде мерт етеді. Мұса алайһиссәлам бір қарағанда зұлымдық сияқты көрінген бұл оқиғалардың мән-мағынасын Алла Тағаладан сұрайды. Сонда Алла Тағала: «Атты адам бұрын баланың әкесінің алтынын ұрлаған еді. Біз сол алтынды балаға мұрагер етіп қайтардық. Ал анау соқыр адам баяғыда атты адамның әкесін өлтірген еді. Енді, міне, атты адамға соқырдан әкесінің өшін әпердік».

Ажал

Ажал сөзі - «уақыт, мезет» және «алдын-ала белгіленген уақыт» деген мағыналарды білдіреді. Шариғаттағы терминде - адам баласы және басқа жан иелері үшін белгіленген өмірдің бітуіне, яғни, өлім уақытына айтылады.

192

-----------------------------------------------------Page 192-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

Әрбір адамның өзіндік ажалы бар. Алла Тағала әрбір адамға белгілі бір уақытқа дейін өмір сыйлаған. Ажал деп осы белгіленген уақыттың бітуін айтамыз. Құранда: «Араларыңда өлімді біз белгілеп, тағайындадық...» 102 - делінеді.

Әр пенде Ұлы Жаратушымыз тарапынан алдын ала тағайындалып, белгіленген ажалынан бір мезет бұрын яки кейін қалмай, дәл уақытында өліммен қауышады. «Мунафиқун» сүресінде былай делінеді: «Ажалы келіп жеткен ешбір адамды Алла Тағала (ажалынан) мүлде кешіктірмейді» 103

Ажалдың уақыты ешбір себеппен өзгермейді. Пайғамбарымыздың «Туысқандармен жақсы қарым- қатынаста болу - өмірді ұзартады» мағынасындағы хадисіне Ислам ғұламалары екі түрлі түсінік береді. 1. Ғұмыры мол сауап, қайырлы амалдармен берекеттеніп, аз уақытта бейне бір көп уақыт өмір сүргендей болады.

2. Алла Тағала мұндай құлдарының жақсылық жа- сайтынын алдын ала әзәли ілімімен білгендігі үшін ол құлының өмірін әу баста ұзақ етіп тағдырына жазған.

Сұрақ:

Әрбір адамның ажалы алдын-ала тағдырында белгіленген. Ал енді осы ажалы жеткен адамды өлтіргеннің күнәсі не? Бәрібір сол уақытта өлетін еді ғой.

Тағдыр себеп пен оның нәтиже сіне біртұтас қарай- ды. Яғни, Алланың әзәли ілімінде әр адамның ажалы мен ажалына себеп болар іс-қимылдың қай уақытта, қай жерде жүзеге асатыны алдын ала белгілі болғандықтан тағдырға солай жазылған. Өлген адамның өлім уақыты

102 103

Уақиға сүресі/60.

Мунафиқун/11.

193

-----------------------------------------------------Page 193-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

ғана емес, онымен бірге оның өліміне себеп болатын іс- әрекет те алдын ала білінгендіктен, себеп-нәтиже тағдырға бірге жазылған. Өлген адамды ол адам өлтірмегенде, оның өлімі немен жүзеге асатыны бізге беймәлім. Мысалы, жол апатынан болды дейік. Онда оның тағдырына ажалы « жол апатынан болады», деп жазылар еді.

Демек, оны өлтірген адам өз қалауы мен

өлтіргендіктен ақыретте жауапқа тартылады.

Тағдырға байланысты тартысуға

неліктен тыйым салынған?

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) тағдырға байланысты сөз таластырып отырған сахабаларын көріп: «Сендер- ге осыларды істеу әмір етілді ме? Жоқ, әлде Мен сен- дерге осы үшін жіберілдім бе? Сендерден бұрынғылар (адамдар) осы тақырыпта тартысқандықтан құрып кеткен», - деп тағдыр турасында тартысудың дұрыс емес екенін білдірген.

Пайғамбарымыздың тағдырға байланысты қажетсіз сөз таластыруды тыюының хикметін былай деп түсінуге болады.

1. Адамның өз қалауымен болатын және қалауының тысында болатын тағдыры бар. Қалауынан тыс болатын тағдырдың себептері мен хикметтері бізге беймәлім. «Ақыл жаратылған, жаратушыны толық түсіне ал- майды» демекші, ақылымыз қалауымыздан тыс болатын тағдырдың себептері мен хикметтерін және сырын толық шеше алмайды. Адамның туылған жылы, әке-шешесінің кім болуы, ұлты, жынысы және қалауынан тыс болатын аурулар мен пәлекеттердің хикметтері мен сырларын, себептерін түсіну үшін өзімізді қинау, бір-бірімізбен сөз таластыру түбі жоқ тұңғиыққа батумен бірдей.

194

-----------------------------------------------------Page 194-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

Пайғамбарымыздың тыйған тартыс мәселесі тағдырдың осы екінші түріне байланысты болуы мүмкін.

2. Адам баласы жалпы тағдырды толық әрі дәл түсіне алмайды. Өйткені тағдыр тақырыбы - өте қиын әрі күрделі мәселе. Сондықтан әрбір мұсылман тағдырға байланысты мәселелерді дін мамандарынан сұрап, осы тақырыпқа байланысты жазылған кітаптарды оқып түсіне алғанынша түсініп, ал түсінбей ақыл жеткізе алмаған мәселелерін Алланың шексіз ілімі мен әділдігіне тапсы- рып, адамдармен бос дау-дамайға кірмегені жөн. Алла ең дұрысын біледі.

195

-----------------------------------------------------Page 195-----------------------------------------------------

ТАҒДЫРҒА ИМАН КЕЛТІРУДІҢ

ПАйДАЛАРЫ

Тағдырға иман адамды жауапсыздық пен

паңданудан сақтайды.

Адам табиғатында өз қателігін мойындамай, екінші біреуге сілтеу неме се тағдырға жала жа- уып, жауапкершіліктен қашу бар. Әрдайым жасаған күнәларына әр түрлі сылтау құрастырып, бас сауғалап қашып кетер жол іздейді. Міне, о сы өз ерік-қалауымен жасаған күнәларын тағдырға жауып, жауапкершіліктен қашқысы келетін адамның алдына Алла Тағала тара- пынан берілген «дербес ерік-қалауы» шығып, «Қайда барасың? Сен істеген әрбір ісіңді өз ерік-қалауыңмен атқардың. Сондықтан күнәларыңа тағдырды сыл- тау ете алмайсың», -деп тозақтың қызыл отын көзіне еле стетіп, жауапкершілігін е сіне салады.

Сондай-ақ, адам табиғатында қолы жеткен жетістіктермен мақтанып, паңдануы тағы бар. Күнәларынан ақталып, тағдырды сылтау еткен әлгі адам істеген кейбір жақсылықтары мен қолы жеткен бәзбір жетістіктерін көлденеңдетіп: «Мен істедім, мен бүйттім, мен сөйттім» деп, дем арасында өзгеріп, күбідей ісініп шыға келеді. Менмендігі бара-бара ұлғайып, тәкаппарлыққа айналып, ақыры әрбір ісін жаратқан Ұлы Жаратушысын ұмыт қалдырып, кердең басып, айналасындағы адамдарға мысқылдай қарап, жеңінің ұшымен сәлем береді. Осындай нәпсісіне адамдық тізгінін ұстатып, тәкаппарлыққа, менмендікке құл болып, мұрнын шүйіргісі келетін пенденің алдына «тағдыр» шығып:

196

-----------------------------------------------------Page 196-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

«Сенің мақтануға, паңдануға ешбір ақың жоқ. Барлық жақсылыққа апарар жолды көрсетіп, ниетіңе жеткізіп сәтін салған, ізгілікті жаратып, жетістікті нәсіп еткен Алла емес пе?», - деп құлдың шамасын көзіне көрсетіп, «тәкаппарлықтан аулақ бол!» дейді.

Иә, адамның қолы жеткен жетістіктері мен жасаған игіліктеріне иелік етуге еш ақысы жоқ. Себебі, әрбір жақсы істің жасалуын Алла Тағала қаламаса қалай жүзеге асар еді? Құлдың ниет етіп, істегісі келген ізгі ісіне «жоқ» деп Ұлы Жаратушысы тосқауыл қойса, құлдың қолынан не келер? Адамға істің жақсысын ажырата білетін ақыл сыйлаған, қабілет берген, оның жасауға ниет еткен әрбір ісін жүзеге асырған Ұлы Иесі емес пе?! Иә, жақсылықты қалаған - біз, ал оны жаратқан - Алла Тағала.

Жақсылық атаулыны жүзеге асырудағы адамның алар еншісі лифтің ішіндегі түймені басуындай-ақ. Мысалы, лифтпен жоғары қабатқа шығуды қалап, саусағыңыздың ұшымен түймені басасыз, сөйтіп, лифт сізді қалаған қабатыңызға шығарады. Шыққаннан кейін «лифтіні жоғарыға мен шығардым» деп, мақтана алмайсыз. Өйткені сіз лифтіні емес, лифт сізді шығарды.

Таразының екі басын тең ұстап, астамшылық пен нұқсандықтан бойын аулақ ұстаған тақуа жан барлық істеген күнәлары үшін «нәпсімді тыңдап, шайтанның арбауына алданып, жаманшылықты таңдаған, қалаған менмін, олай болса өзім кінәлімін» деп Ұлы Иесінен істеген күнәларының кешірілуін тілесе, қолы жеткен жетістіктері үшін «Алла Тағалам мұны нәсіп еткен Сенсің, сәттілігін салған тағы Өзіңсің!» деп, жақсылықтың шынайы иесі Алла Тағалаға рахметін білдіріп, өзінің борыштарлы- ғын сезінеді. Мұндай тақуа жанның жадында әрдайым: «Саған келген барлық жақсылық Алладан, ал басыңа

197

-----------------------------------------------------Page 197-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

келген барлық жамандық нәпсіңнен» 104 , - деген қасиетті аят жаңғырып тұрады.

Басына қиыншылық түскен жан

тағдырдан жұбаныш табады.

Тағдырға иман етіп, әрбір істің Алланың рұқсатынсыз іске аспайтынына жүрекпен сенген кез келген адам ба- сына келген қиыншылықтар мен пәлекеттердің әсерінен өз-өзін жеп, іштей тынып, үмітсіздікке бас имейді. Ұлы Жаратушысының құлын жақсылықпен де, қиыншылықпен де сынайтынын білгендіктен: «Алла Тағалам, маған са- быр бер! Сауабыңа кенелейін» деп, келешекке деген үмітін қанат етіп, қайрат-жігерін қамшылайды. Басына келген айықпас ауруға: «сау болғанда бәлкім Аллаға де- ген мұқтаждығымды ұмытып, әр түрлі күнәға батар ма едім? Бәлкім, Алла маған сауап жинаудың, Өзіне жақындаудың жолын осылай берген шығар. Ендеше, ауру- ларым күнәларыма кәффарат болар» деп, сынық көңіліне медет табады. Мал-мүлкін жоғалтып алса, яки басқа біреудің қолында кетсе: «Алла Тағала менің тағдырыма жазбаған ғой, бұйырмаған екен, барлық мал-мүліктің шынайы иесі - Ұлы Жаратушым Сен өзіңсің, қалағаныңа бересің, қалағаныңнан аласың» деп, Ұлы Иесінің алдында басын барынша иіп, әр нәрсенің Оның қалауымен ғана бо- латынын жадында тағы бір рет жаңғыртып, түгесілмес са- уабы мен жәннаттағы мәңгілік сый-сияпатынан үміт етеді. Себебі, сабыр сақтап, шүкір еткен құлдың мына дүниеде жоғалған пәни мал-мүлкі ақыретте мәңгілік мал-мүлікіне айналып, жәннат төрінен менмұндалап тұрады.

Жобасын жасап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен ойындағы ісі, армандаған мақсаты орындалмай қалса,

104

Ниса сүресі/79.

198

-----------------------------------------------------Page 198-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

«қайырлысы болсын» деп, сабыр танытады. Ал тағдырға иманнан нәсібін ала алмаған байғұс жандар басына түскен жоғарыда айтылған қиыншылықтар мен пәлекеттерге: «Неге бұлай болды, қап, әттеген-ай», - деп санын сабалап, айналасынан кінәлі пенделерді іздеп, басын тастан-тасқа ұрып, өмірден түңіліп, үмітсіздіктің қараңғы әлемінде тұншығып жатады.

Тағдырға иман ержүректік пен

батылдыққа бастайды.

Басына не келсе де, Алланың рұқсатымен, қалауымен келетініне бек сенген жанның бойына ерекше батылдық бітеді. Ар-намысын таптауға төніп келген дұшпаннан ота- нын, дінін, халқын қорғау үшін ерен ерлікпен шайқасады. Ажалының алдын ала Ұлы Жаратушысы тарапынан белгіленгенін білгендіктен «тағдырымдағы өлімім қай жерде, қай уақытқа белгіленсе, міндетті түрде сол жерде, сол мезетте өлімді татамын, жазмыш ажалым мұндай қасиетті соғыста емес, үйде жылы төсекте жатсам да келіп жетер» деп «алғалап» ұран тастап, жау жүрегін аузынан шығарады.

Белгілі бір пайдалы іске кірісер болса, алдымен, барлық қолынан келер қажетті іс-шараларды атқарып, керекті себептерді орындағаннан кейін, «тағдырыма жазылғанын, бұйырғанын, Алланың қалағанын көрерміз, жазмыштан озмыш жоқ» деп, тәуекелге бел байлай- ды. Шегіншектеп, қорқу тағдырға сенген жанның пәк дүниесіне аяқ баспайды.

199

-----------------------------------------------------Page 199-----------------------------------------------------

ИМАНИ ГҮЛ

Тағдырға иман қанағатқа тәрбиелеп, көре алмаушылық пен қызғаныштан сақтайды. Барлық адамның бұл дүниеде дәм т ат ар рызық- не сібе сі алдын ала Ұлы Жаратушысы т арапынан белгіленгеніне иман еткен жан өзіне жүктелген міндеттерін, қолынан келер барлық с ебептерді атқарғаннан кейін Жаратқанның берген үле сіне ризалық білдіріп, қанағатты пір тұтып, басқалардың мал-мүлкіне сұқ көзбен қарап, пәк жүрегіне қызғаныш с е зімін қонақ етпейді.

Тағдырға иман адамды жүйелі жұмыс істеуге, әрбір ісін тап-тұйнақтай атқаруға тәрбиелейді. Жаратылыстағы әр нәрсенің арнайы есеппен, белгілі жүйемен жұмыс істеп тұрғанын көріп, одан сабақ ала білген жан әрбір ісін тап-тұйнақтай атқаруға, жоба- жоспарсыз ешбір істі бастамауға тырысады. Жүйелілік оның табиғатына сіңіп, тұрақты мінезіне айналады.

200

-----------------------------------------------------Page 200-----------------------------------------------------