Ассалаумағалейкум.Мен өз ішкі сырыммен бөліскім келеді. Сіздер осы мәселемді ислам аясында шешіп, кеңес берсеңіздер деймін.
Жауап: Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух.
Дана халқымыздың «Отан отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» деген ғибратқа толы қанатты сөздерінде терең мән-мағына жатыр. Әрбір отбасы өзінше бір Отан. Оның басшысы отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер адам. Адамзаттың абзалы ардақты Елші Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің хадисінде: «وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِهِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ» «Ер кiсi жанұяның бақташысы. Сондықтан да ол – қол астындағыларға жауапты»[1], – деген сөзі қуаттай түссе керек.
Өкінішке орай, «Үйлену оңай, үй болу қиын» – демекші бүгінгі күнде ажырасқан отбасылар қатары көбейіп келеді. Бірін-бірі шынайы сүйеміз деп «екі жарты бір бүтін» болып шаңырақ көтерген екі жастың арасына жік түсіп, бір-біріне деген ыстық сезімдерін жоғалтып, шаңырақтың шайқалуына нендей нәрсе себеп болды екен? – деген сауалдың астарында көбінесе ер мен әйел бір-бірлерінің алдындағы міндеттерін орындамаудан туындап жатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «أَلاَ إِنَّ لَكُمْ عَلَى نِسَائِكُمْ حَقًّا وَلِنِسَائِكُمْ عَلَيْكُمْ حَقًّا» «Шын мәнінде, әйелдерiңнiң сендердiң алдында және сендердiң әйелдерiңнiң алдында тиiстi мiндеттерiң бар»[4], –деп ескертті.
Әуелі, сүйікті жұбайыңа жұмсақ мінез танытып, әрдайым көркем мәміледе болу. Өйткені әйел адам – ер азаматтың өмірлік адал жары, кеңесер қабырғасы, қуанышта да, қайғыда да қасынан табылатын сүйеніш досы. Ата-бабаларымыз әйел затын бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен дүниені тербеткен абзал жан, асыл ана деп бағалаған. Сондықтан да ол – жұмсақ мінез бен көркем мәміле жасауға ең лайықты пенде. Әйелге лайық, отағасылық мiндеттi атқару әрбір мұсылман ерге парыз. Себебі, әйел заты Жаратқан Иенің ер адамға тапсырған аманаты болғандықтан, сол аманатқа қиянат жасау мұсылмандыққа тән қылық емес. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «اتَّقُوا اللهَ فِي النِّسَاءِ, فَإِنَّكُمْ أَخَذْتُمُوهُنَّ بِأَمَانَةِ الله» «Әйелдеріңізде Алладан қорқыңыздар! Өйткені сіздер Алла алдында оларды аманат етіп алдыңыздар»,[5]– деген. Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «وَإِنَّ لِزَوْجِكَ عَلَيْكَ حَقًّا» «Әлбетте, жұбайыңның сенде хақысы бар»[6] – деп әйелдерімізге қатысты міндеттерді ұмытпауға үндеген. Ал төмендегі хадисте мұсылман ер азаматтың әйелі алдындағы бір қатар міндеттерді атаған. Муғауия ибн Хайда (р.а.): «يَارَسُولَ اللهِ! مَا حَقُّ زَوْجَةِ أَحَدِنَا عَلَيْهِ؟ قَالَ: أَنْ تُطْعِمَهَا إِذَا طَعِمْتَ، وَتَكْسُوَهَا إِذَا اكْتَسَيْتَ أَوِ اكْتَسَبْتَ وَلا تَضْرِبِ الْوَجْهَ، وَلاَ تُقَبِّحْ، وَلاَ تَهْجُرْ إِلاَّ فِي الْبَيْتِ» «Мен: «Уа, Алла Елшісі! Әйелдерiмiзге қатысты бiзге не нәрсе мiндеттелiндi?» – деп сұрағанымда, Ол (с.ғ.с.): «Өзiң жегенiңнен жегiзу, өзiң кигенiңдi кигiзу. Және оның бетiнен ұрма, сондай-ақ балағаттап жаман сөз айтпа! Үйiңнен тыс орында дауысыңды көтерiп ұрыспа!»[7]– деп жауап қатты.
Міне, Ислам діні – жанұяны материялдық һәм рухани тұрғыдан қамтамасыз етуді ер адамға жүктеді. Өмірлік жарының киім-кешегі мен ішіп-жеуі күйеудің мойнында. Ардақты Елші (с.ғ.с.): «أَلاَ وَحَقُّهُنَّ عَلَيْكُمْ أَنْ تُحْسِنُوا إِلَيْهِنَّ فِي كِسْوَتِهِنَّ وَطَعَامِهِنَّ» «Әйелдерге келер болсақ, олар сендерден өздерiн жақсы киiндiруiлерiң мен тамақтандыруларыңды талап еткенге құқылы»[8]деген.
Жоғарыдағы хадисте әйеліне қол көтеріп ұрып-соғуға, ауыр сөздер айтып ренжітуге, дауыс көтеріп кіжіндеуден қайтарған. Керісінше әйелінің алдында сөзімен де, ісімен де, жан дүниесімен де жан-жақты әдемі көркем болуға тырысу керек. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) майталман сахабасы ибн Аббастың (р.а.) нақыл етуі бойынша: «إني لأحب أن أتزين للمرأة كما أحب أن تتزين لي المرأة ؛ لأن الله يقول ( وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ )» «Әйелдің мен үшін көркем әсем болғанын ұнатқанымдай, өзімнің де әйел алдында көркем болғанымды қош көремін. Өйткені, Алла: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар»,[9] – деген.
Отбасы отағасының тағы бір басты міндеттерінің бірі – бала тәрбиесінде жұбайына жәрдем беріп, отбасы мүшелеріне пайдалы білім үйрету. Білім үйрету дегенiмiз жұбайы мен бала-шағасына екі дүниенің де азабынан құтқаратын пайдалы бiлiм алуына жағдай жасау және дініміздің талаптарын орындауға баулу.
Омар (р.а.): وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلاَةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا – «Үй-iшiңдi намаз оқуға бұйырып, өзiң де оған көңiл бөл», – деген аят түсiрiлген кезде: «يَا رَسُولَ اللهِ، نَقِي أَنْفُسَنَا، فَكَيْفَ لَنَا بِأَهْلِينَا؟. فَقال: "تَنْهونَهُمْ عَمَّا نَهَاكُمُ اللهُ وَتَأْمُرُونَهُمْ بِمَا أَمَرَ اللهُ» «Уа, Алла Елшісі! Бiз Алла тағаланың азабынан сақтануға тырысамыз. Ал, жанұямызды қалай қорғасақ болады?», – деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Алла сендердi не нәрседен қайтарған болса, сендер де жанұяларыңды содан тыйыңдар! Сондай-ақ Алла сендерге ненi iсте деп бұйырса, сендер де бала-шағаларыңа соны бұйырыңдар!», – деп жауап бередi»[10].
Ендігі кезде мұсылман әйелдің күйеуі алдындағы кейбір міндеттеріне тоқталайық. Әйел адамның отбасы отағасы алдында бірнеше міндеттері бар. Соның ең маңыздысы күйеуінің көңілін тауып, Құдайдың тыйым салмаған істерінде оған бойұсыну. Алла елшісі Мұхаммад (с.ғ.с.): «إِذَا صَلَّتْ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا وَصَامَتْ شَهْرَهَا وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا قِيلَ لَهَا ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ» «Әйел бес мезгіл намазын оқыса, оразасын тұтса, өзінің ар-намысын қорғаса және еріне бағынған жағдайда оған: «жұмаққа қалаған есіктен кір»[12] деп айтылады» – деп айтты. Ал Муаз ибн Жәбал (р.а.) Алла Елшісінің былай дегенін жеткізеді: «لَوْ كُنْتُ آمِرًا أَحَدًا أَنْ يَسْجُدَ لأَحَدٍ لأَمَرْتُ الْمَرْأَةَ أَنْ تَسْجُدَ لِزَوْجِهَا فَوَالَّذِى نَفْسِى بِيَدِهِ لاَ تُؤَدِّى الْمَرْأَةُ حَقَّ رَبِّهَا عَزَّ وَجَلَّ حَتَّى تُؤَدِّىَ حَقَّ زَوْجِهَا كُلِّهِ حَتَّى إِنْ لَوْ سَأَلَهَا نَفْسَهَا وَهِىَ عَلَى قَتَبٍ أَعْطَتْهُ أَوْ قَالَ لَمْ تَمْنَعْهُ» «Егер мен Алладан өзгеге сәжде жасауды бұйыра алғанымда, әйелге күйеуінің алдына сәжде жасауын бұйырар едім. Мұхаммедтің жаны қолында болғанмен ант етемін! Әйел адам күйеуінің алдындағы міндеттерін орындамайынша өзінің Раббысының алдындағы міндеттерін орындамайды. Және күйеуі оны, тіпті ол ертоқымның үстінде отырғанда қаласа да, әйелі күйеуіне бұл нәрседе қарсы келмеуі керек»,[13] – деген.
Имам Ибн Қудама (р.а.): «Әйел үйінен күйеуінің рұқсатынсыз шықпайды, алайда күйеуі оған ата-анасына барып тұруға тыйым салмауы керек, себебі бұл нәрседе туыстық қарым-қатынасты үзу бар!», –деп айтқан. Ал имам әл-Ғазали «Ихия-у улумид-дин» атты кітабында былай деген: «Әйел адам күйеуінен қажеттен тыс мал-дүние талап етпеуі және отағасының харам жолмен кәсіп қылмауын өтінуі қажет. Исламның алғашқы дәуірінде өмір сүрген салихалы әйелдер осылай жасайтын еді. Ер азаматы үйінен шығарда әйелі немесе қызы оған:«Харам кәсіп табудан аулақ бол. Себебі, біздер аштық пен қиындыққа бірдеңе қылып төзерміз, алайда тозақ отына шыдай алмасымыз рас».
Жақсы әйел күйеуінің сырын сақтап, оны ешкімге жар салып таратпауы тиіс. Сонымен қатар, күйеуін ренжітіп мұңайтатын әрекеттер мен қылықтардан бойын аулақ ұстап, үй шаруасы мен тамақтың уақытында әзір болуын жіті қадағалауы маңызды. Халқымыз:«Жақсы әйел, жаман еркектi түзетедi» дегендей күйеуінің көңіл-күйі болмаған кездерде де төзімділік танытып, ашуды сабырға жеңдіре білуі керек.
Хадисте: «Әйел – өз күйеуі мен үйінің және балаларының бақташысы; сондай-ақ сол үшін жауапты» делінген. Сондықтан да әйел адам өзіне қатысты міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындап, үй иесі ерін қуантатын болса, мұндай жардың барар орны – жәннат болмақ. Қысқасы, күйеуін риза қылуға тырысқан жар пейішке барады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «اَيُّمَا امْرَأَةٍ مَاتَتْ وَ زَوْجُهَا عَنْهَا رَاضٍ دَخَلَتِ الْجَنَّةَ» «Қайсы бір әйел күйеуі одан риза болған күйінде жан тәслім етсе, әлгі (қайтыс болған) әйел жәннатқа кіреді»[15],– деп сүйіншілеген.
Әрине ер мен әйелдің аят-хадистерде келген міндеттері көп-ақ. Бұл тақырыпта қалам тебірентіп жаза берсек жалғасын таба берері сөзсіз.
Көп жағдайларда ерлі-зайыптылар өздерінің міндеттерін толықтай орындамаудың соңы шаңырақтың шайқалуына, талай отбасының еріксіз ажырасуына апарып жатады. Қазіргі күнде өзекті мәселенің біріне айналғаны да жасырын емес. Біле-білсек бір-бірлерімізге қатысты міндеттерді толыққанды орындағанда ғана отбасы бақытына бөленіп, қоғамымызда ажырасу мәселесі шешімін табар еді. Әрине сыныққа сылтау іздегендерге ажырасудың мың сан себептері табылады. Бірақта ажырасуды Жаратқан жақтырмайтын іс екендігін ұғынуымыз қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «أَبْغَضُ الْحَلاَلِ إِلَى اللَّهِ الطَّلاَقُ» «Алланың құзырында рұқсат етілгенімен, қатты ұнамсыз іс – ажырасу»[16] деп текке айтпаса керек.
Иә, себепсіз ажырасуды Жаратқан қош көрмейді. Алайда, жұбайлардың жарасуы қиынға соққан жағдайда ерлі-зайыптылардың мүддесі мен пайдасы үшін ажырасу мәселесі қажеттілікке айналуы да мүмкін. Осы жағдайда талақ – ерлі-зайыптылар мен олардың жақын-жуықтарына қаншалықты қиындыққа соқса да, ушыққан ұрыс-керісті доғарудың бірден-бір жолы болмақ. Сонымен қатар Алла тағала ерлі-зайыптылардың «ажырасамын» деген райларынан қайтуға мүмкіндік пен уақыт беріп, некені тек әйелдің үш етеккірден тазарған кезінде ғана бұзуға рұқсат етті. Демек, ер адам әйеліне талақ бере сала әйелінің үш етеккірден тазарғанын күтпестен үйінен себепсіз қуып жіберуіне болмайды. Алла тағала қасиетті аятта: «يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ إِذَا طَلَّقْتُمُ النِّسَاء فَطَلِّقُوهُنَّ لِعِدَّتِهِنَّ وَأَحْصُوا الْعِدَّةَ وَاتَّقُوا اللَّهَ رَبَّكُمْ لا تُخْرِجُوهُنَّ مِن بُيُوتِهِنَّ وَلا يَخْرُجْنَ إِلاَّ أَن يَأْتِينَ بِفَاحِشَةٍ مُّبَيِّنَةٍ ....فَإِذَا بَلَغْنَ أَجَلَهُنَّ فَأَمْسِكُوهُنَّ بِمَعْرُوفٍ أَوْ فَارِقُوهُنَّ بِمَعْرُوفٍ» «Уа, Пайғамбар! Қашан әйелдерді талақ қылсаңдар, оларды белгілі мерзімінде ажыратыңдар және ол мерзімді есептеңдер. Раббыларың Алладан қорқыңдар. Оларды үйлерінен шығармаңдар әрі өздері де кетпесін, тек ашық арсыздық істесе ғана болады. Ал қашан олардың мерзімдері жетсе, оларды дұрыстықпен ұстаңдар немесе туралықпен ажыратыңдар» деп үкімін баян етті.
Болмашы ұрыс-керіске бола ерлі-зайыптылар Алланың ақ некесін бұзып, ажыраса берсе, елдігіміздің келешегі жас ұрпаққа кім дұрыс тәлім-тәрбие береді. Асыл дініміз – талақ беру құқығына ер азамат лайығырақ деп есептеп, аталмыш құқықты оның қолына беріп қойды. Әйел адамға бұл құқық берілмеген. Себебі, талақ ету құқығы әйел адамға берілетін болса, ол болмашы нәрсе үшін некені бұзып жіберуі мүмкін. Тек некеге отыру кезінде әйелі ажырасу құқығын шартқа қосқан болса, онда ол басқа мәселе.
Тіпті, ерлі-зайыпты жұптар Алланың қош көрмейтін «талақ» сөзін ойнап болсын айтудан аулақ болу керек. Өйткені, қалжыңдап айтылған талақта ескеріліп, талақ ретінде есептелуі ықтимал. Бір топ ғалымдар әзілдеп айтылған талақ ескеріліп есептеледі десе, келесі ғалымдар ниетке байланысты деп айтқан. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «ثَلَاثٌ جِدُّهُنَّ جِدٌّ وَهَزْلُهُنَّ جِدٌّ : النِّكَاحُ ، وَالطَّلَاقُ ، وَالرَّجْعَةُ » «Үш нәрсенің әзілі де шын, шыны да шын: үйлену, талақ ету және қайта еріне қайту»[17] деген болатын.
Отбасында ер мен әйел – шаңырақтың негізгі іргетасы саналатындықтан, жұбайлық өмірдің ыстық-суығын бірге төзіп, жарасымды тіршілік ету парыз. Данагөй халқымыз «Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жарасар, екі жаман қосылса, ырылдасып айрылысар» дегендей көз көргенде қуанатындай үйлесімді жұп болғанға не жетсін десеңізші!