Намазхан орыс қыздар Абу ханифа мазхабы бойынша оқитындар бар. Медресе бар ма деп сұрап жатыр. Орысша бере алатын медреселер бар ма? Исламтанушы немесе қарилыққа.
Досбол
Бар. Орталық медресеге хабарлассаңыздар болады.
Намазхан орыс қыздар Абу ханифа мазхабы бойынша оқитындар бар. Медресе бар ма деп сұрап жатыр. Орысша бере алатын медреселер бар ма? Исламтанушы немесе қарилыққа.
Досбол
Бар. Орталық медресеге хабарлассаңыздар болады.
Алладан күнәлар үшін кешірім сұрау дұғасын білгім келеді.
Арайлым
Күнәміз таудан үлкен, тастан қатты...
Күнә істеу пендеге жараспаса да, Жаратушы иеге әрдайым кешірім ету жарасқан. Күнәлары үшін құлдардың Аллаһ Тағаладан жалбарына кешірім тілеуі араб тілінде «истиғфар» деп аталады. «Астағфируллаһ» (астапыралла) деген сөз осыдан туындап, Аллаһтан өзіме кешірім тілеймін дегенді білдіреді. Сөз арасындағы «Құдай өзі кешірсін» деген де осы мағыналас.
Құран мен хадистерде кешірім тілеуге ынталандыратын сөздер көп кездеседі. Айталық, «Раббыларыңнан кешірім тілеңдер, Ол көп кешірім етуші» (Нұһ сүресі, 10); «Ағаттығыңа кешірім тіле! Раббыңды ертелі-кеш мақтап, ұлықта» (әл-Мүмин, 55); «Мінсіздігіңді айтып Сені ұлықтаймыз. Мен өзіме кесір қылдым, кешіріміңді тілеймін» (Әнбия сүресі, 21/87)» деген аяттар осының айғағы.
Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) да (күнәдан пәк бола тұра) үнемі аузынан истиғфарын тастамай жүруді өзіне әдет еткен. Бір ерекшелігі, оны үзбей, белгілі бір саннан аз айтпағандығы. Әбу Хұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте «Ант етейін, мен күніге Аллаһ Тағаладан жетпіс реттен көп кешірім тілеймін» десе, басқа бір сөзінде күн сайын жүз рет кешірім тілегендігі айтылады (Мүслим, Зікір, 41).
Әз Елшінің бұл әдетіне жиі куә болған Әбу Хұрайра (р.а.) «Мен пайғамбарымыздан көп өзіне кешірім тілейтін адамды әлі көрмедім» деген (әл-Құртуби, әл-Жамиил ахкамил-Құран, l V, 210)
Көп хадистерінде үмбетіне де күн сайын кешірім тілеп жүруді өсиеттеп, «Күніге жетпіс рет күнә істесе де кешірім тілеген адам әлгі күнәда табандап тұрып алушы болып есептелмейді» деген (Тирмизи, Дағуат, 107).
Күнәнің артынша ізін суытпай истиғфар айтылуы тиіс. Өйткені, кешірім тілеу сол істің күнә екенін сезініп пұшайман күй кешуді, сондай-ақ жасалған күнәларды бақылап тұрған Раббымыздың бар екенін ескеріп, өте кешірімді екенін еске алуды білдіреді. Кешірім тілеудің қаншалықты маңыздылығы жайында бір хадисте «Кімде-кім жатарда үш рет «Астағфируллаһал Азим, әлләзи лә иләһа иллә хуәл-Хайюл-қайюум» (Өзінен басқа тәңір жоқ, тірі әрі сәт сайын бәрін бақылап тұрған ұлы Аллаһтан кешірім тілеймін) десе, оның күнәлары теңіз суының тамшыларындай көп болса да, кешіріледі» делінген (Тирмизи, Дағуат, 17).
Кешірім тілеудің де өзіне тән әдебі жоқ емес. Айталық, кісі кешірім сұрарда әуелі Аллаһ Тағаланың ұлылығы мен құдіретін еске алып, тәкбір мен тәсбих айтуы керек. Артынша Пайғамбарымызға салауат айтып, сәлем жолдау да истиғфардың қабыл болуы үшін өте маңызды. Өйткені, салауаттар қабыл болатын дұғаға жатады. Ең жақсы кешірім тілеу дұғасы (сәидул-истиғфар) деген де ұғым бар. Мына дұғаның соған жататындығы айтылады: «Аллаһ Тағалам, Сен менің Раббымсың. Ғибадат етуге лайық Өзіңнен басқа құдай жоқ. Мені Сен жараттың. Мен Сенің құлыңмын. Әу баста Өзіңе берген уәдемде тұруға шамамның келгенінше тырысып жатырмын. Жасаған қателіктерімнің кесірі тимесін деп Саған сиынамын. Маған берген нығметтеріңе алғыс пен шүкір айтып, күнәларымды мойындап тәубе етемін. Мені кешір. Күмәнсіз, тек Сен ғана күнәларды кешірушісің».
Бұл дұға жайлы пайғамбарымыз былай деген: «Кімде-кім сауабы мен артықшылығына шын сеніп осы дұғаны күндіз оқып, кешке дейін қайтыс болса, жұмаққа барады. Егер осылай кешке оқып, күндізге дейін қайтыс болса, тағы жұмаққа барады» (Бұхари, Дағуат, 2).
Кешірім тілеген адам бұны шын көңілімен айтуы тиіс. Шын өкінгенін білдіріп, тек тілмен емес, іс-әрекетімен де дәлелдеп, сол қателікті қайталамауға тырысуы керек. Сондай-ақ кешірімді тек өз басына емес, туған-туыс, дос-жаран, ата-анасына, тіпті күллі мұсылман үмбетіне де жасай алады. Оны мына аяттан көреміз: «Уа, раббымыз! Есепке тартылатын күні мені, ата-анамды және барша мүминдерді кешіре гөр!» (Ибраһим сүресі, 41).
Бір ескерте кетерлігі, әркім өзінің жағдайы мен жасаған күнәсіне қарай күніне «астағфираллаһ» пен «субханаллаһты» мыңдап айтса да артықтық етпейді. Мәселен, Әбу Хұрайраның (р.а.) күніне он екі мың «Субханаллаһ» деп айтуды әдет еткені риуаят етіледі. Оған әлдекімдер «Мынауың көп емес пе?» дегенде ол кісі: «Күнәм қаншалықты болса, Аллаһты да соншалықты ұлықтаймын» деген екен (Ибн Шәйба, әл-Мусаннаф 5/345). Әрине, бұл әйгілі сахабамыздың күнәсінің көптігін емес, тақуалығының күштілігін аңғартуда.
Кісі истиғфарда күнәларына кешірім тілегеннен кейін соңында да Пайғамбарымызға салауат пен сәлем жолдауы керек.
Намаздан кейін кейбір адамдар қол жаймайды, сол туралы айтып берсеңіздер. Және мазхаб ұстанбайтындар бар, сол дұрыс па?
Рахат
Мәзһаб ұстанудың қажеттілігі.
Мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта – арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығына «мәзһаб» делінеді.
Мәзһаб ұғымын жете түсіне алмаған шала сауатты кейбір адамдар халық арасында: «Сен пайғамбардың сүннетімен жүресің бе, жоқ әлде ханафи мәзһабын ұстанасың ба» дегендей сөздерімен ханафи мәзһабын пайғамбар жолынан бөлек етіп көрсетуге тырысуда. Әрине, мұндай сөздердің астарында мәзһаб ұстанушылардың адасқандығы меңзелгендіктен ел арасында діни дүрдараздық пен бүлікке себеп болуда.
Ханафи мәзһабы пайғамбар жолынан бөлек, жеке басына дара жол емес.
Шариғат үкімдерінің қайнар көзі болып табылатын Құран және хадистің әрбір сөзінің тілдік негізгі бірнеше мағыналарымен қатар ауыспалы мағыналары да бар. Тіпті, кейде аят пен хадистердің бір әрпінің өзі бір неше мағынаны білдіреді. Аяттардың түсу себептері, кейбір себептерге байланысты хадистердің бір-біріне қарама-қайшы келетін, яки бір қарағанда қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де кездеседі. Және хадистердің «сахих лизәтиһи», «сахих лиғайриһи», «хасан лизәтиһи», «хасан лиғайриһи», «әлсіз», «жалған», «мутауатир», «ахад», «мәшһур», «ғариб» сияқты қуаттылық жағынан үкім шығаруда үлкен әсерлі дәрежелері бар. Бұларды кез-келген қарапайым адам тереңнен талдап, аражігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайды. Аллаһ Тағаланың өзі барлық мұсылмандарды мұндай ауыр жүкпен міндеттемейді. Керісінше, Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахл» сүресі, 43-аят.) деп білім иелеріне жүгінуді құлдарына жүктеген. Сондықтан пайғамбарымыз бақилық болғаннан кейін сахабалар мен табиғиндардың Хижаз аймағындағылары АбдуллаҺ ибн Омардан, ал Куфадағылары Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды ғалым сахабалардан фәтуа сұрап, солардың айтқан үкімдерін негізге алып амал еткен болатын.
Ендеше, ана тілдері арапша әрі Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды көздері көрген сахабалардың және сахабаларды көзі көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділерге жүгінген болса, кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа секілді Құран ілімімен қоса хадис ілімін, мантық-қисын, фиқһ негіздерін, сахаба фәтуалары мен басқа да ғұламалардың көзқарастарын, т.б. ислами ілімдерді жетік біліп, әрбір аятты зерделеп, мыңдаған хадисті мұхият зерттеген мүштәһид ғалымдардың шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Ал өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы әрі өзгелерді де адастыруы әбден мүмкін. Бейнебір асау толқынды теңізге желкенсіз әлсіз қайықпен шыққан ақылсыз бейшараға ұқсамақ.
Мәзһаб ұстанбаймын деген қатардағы адамның мысалы мынаған ұқсайды: Физика ғылымында білгірлердің анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адамдар сол формулаларды қолдана отырып есептерін шығарады. Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Ал ол үшін ондай адам өзінің алдындағы білгірлерден де асып түсіп, білімі олардан да терең болуы қажет. Олай болмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекер. Міне, дәл осы тәрізді мәзһаб ұстанбаймын деген адам да Имам Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Имам Ахмад ибн Ханбал секілді мүжтаһиттік дәрежеге жетпеген жан болса, мәзһабсыз жүрем деуі де бос әурешілік.
Олай болса, ханафи мәзһабы исламнан бөлек, пайғамбар сүннетінен өзгеше жол емес, керісінше Құран аяттары мен хадистерде білдірілген ақиқаттарды анықтап, үкімдерді халыққа түсіндіруші мектептердің бірі болмақ.
Қазіргі таңда хадис кітаптары алдымызда, қай хадистің сахих, ал қайсысының әлсіз екені де белгілі. Олай болса, мәзһаб ұстанудың қажеттілігі қанша?
Қазіргі таңда хадис кітаптары алдымызда, қай хадистің сахих, ал қайсысының әлсіз екені де белгілі. Ендеше, мәзһаб ұстану қажет емес деген түсінік те қате. Олай дейтініміз,
Біріншіден, мәзһаб ұстанбаймын деген адам хадистердің сахихтығы мен әлсіздігін өз біліміне сүйеніп біліп отырған жоқ. Хадис ғалымдарының хадистерге берген анықтауына жүгініп отыр. Ал хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтау – әр хадис ғалымының хадистерді қабылдаудағы шарттары мен талаптарына, зеректігі мен ыждақаттылығына қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан, кейде біреуінің сахих дегенін екінші бірі қабылдамауы мүмкін. Олай болса, әр хадисті өзі жеке зерттеп, оларды риуаят еткен хадис тізбектеріндегі мыңдаған адамдардың өмірбаянын жеке-жеке тексеріп, сараламаған адам хадистің дәрежелерін білуде белгілі бір хадис ғалымдарының берген анықтауын місе тұтып отыр. Олардың мынау сахих дегеніне сахих деп, анау әлсіз дегеніне әлсіз деп хадиске берген үкімін ұстануда. Бұл дегеніміз хадис ілімінде белгілі бір мәзһаб ұстанып отыр деген сөз. Ал енді фиқһта белгілі бір мәзһаб ұстауға қажеттілік жоқ деген адам хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтауда да мәзһаб ұстанбауы тиіс. Ал ұстанады екен, онда фиқһ мәселелеріндегі мәзһаб ұстануға да қарсы шықпауы тиіс (Зафар Ахмад әл-Ъусманиют-Таһауани, Қауағиду Ъилмил-хадис, 466-457-бет. «Дарус-Салам» баспасы, Каир қаласы, 2000ж.).
Екіншіден, хадистердің сахих, әлсіз секілді дәрежелерінің белгілі болуы –үкім шығару үшін жеткіліксіз. Себебі, хадистердің қайсысының үкімінің жалғасып, қайсысының мәнсұх болғанын білмек керек. Қайсысының қандай жағдайда айтылғанын білу үшін мыңдаған хадистерді толық оқып, ондағы нәзік мағыналарды бір-бірімен салыстырып бүтіндей білу қажет. Ал мұның бәрін базардағы саудада тұрған, яки, көлік жүргізіп жүрген қарапайым мұсылмандарды былай қойғанда, арнайы бес-алты жыл діни ілім алып шыққан маман да біле бермейді.
Үшіншіден, фиқһта тек қана сахих хадистермен емес, кейде әлсіз хадиспен де амал етіледі. Мысалы «әлсіз» делінген хадис басқа жолдармен риуаят етілсе, «Хасан ли ғайриһи», яғни басқа жолмен «жақсы» дәрежесіне көтеріледі. Ал мұндай хадиспен амал етуге әбден болады.
Мысалы, Омар ибн Хаттабтан риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамастан түсірмейтін еді» (әт-Тирмизи, 3308. Қосымша қараңыз: әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1923. Муснад Абд ибн Хамид, 40. әл-Муғжамул-әусат лит-Табарани, 7252. Субулус-сәлам шарху булуғул-Марам лис-Санғани).
Сондай-ақ, Ибн Аббастан риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): Аллаһ Тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар деді» ( әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1924. Және қосымша қараңыз: Әбу Дәәуід, Бабуд-Дуға. Муснад Абд ибн Хамид, 717) -делінген.
Жоғарыдағы келтірген хадистердің барлығының дәрежесі әр хадисті жеке алғанда «әлсіз». Бірақ әлсіз хадис басқа да риуаяттармен келер болса, бірін-бірі қуаттағандықтан хадистердің жалпы топтамасы «хасан» дәрежесіне жетеді. Ал «хасан» дәрежесіндегі хадиспен амал етуге әбден болады. Сахих Бухариге «Фатхул-бари» атты 15 томдық түсіндірме жазған Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани өзінің «Булуғул-Марам мин әдиллатил-әхкам» атты еңбегінде жоғарыдағы бет сипауға байланысты Тирмизидегі хадисті келтіргеннен кейін: «Бұл хадис басқа да жолдармен келген мысалы, Ибн Масғудтан. Сондықтан бет сипауға байланысты хадистердің топтамасы бұл хадистің «хасан» болуын қажет етеді» деген. Ғалым Мухаммед ибн Исмағил әс-Санғани «Булуғул-Марамға» түсіндірме етіп жазған «Субулус-Сәлам» атты кітабында Ибн Хажардың осы сөздерінен кейін: «бұл жерде дұғадан кейін бет сипаудың шариғатта бар екенін көреміз» дейді (Субулус-сәлам, лис-Санғани).
Сондай-ақ, кейде ханафи ғұламалары бір мәселені білдіретін сахих хадистер көп бола тұра, ол хадистерді негізге алмай басқа хадистерге сүйенгендіктен өзгеше үкім берген. Мысалы, ханафи мәзһабында намазда бір-ақ жерде қол көтеріледі. Намазға бастаған уақытта ғана. Ал рүкүғке барғанда және қайтқан кезде тәкбір айтылғанмен қолдар көтерілмейді. Бұған байланысты сахих хадисте:
عَنْ عَلْقَمَةَ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ أَنَّهُ قَالَ أَلَا أُصَلِّي بِكُمْ صَلَاةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَصَلَّى فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِلَّا مَرَّةً وَاحِدَةً
Алқама Абдуллаһтан риуаят етті: Ол (Абдуллаһ ибн Мәсғуд): «Мен сендерге Аллаһ Елшісінің намазын оқып көрсетейін бе? -деп намаз оқыды. Намазда екі қолын бір-ақ рет көтерді». Бұл хадис Насайиде келтірілген. Дәрежесі сахих. Және бұл хадис Ибн Әби Шәйбада да келтірілген. Оның риуаятындағы жеткізген жеткізушілердің бәрі Бухари мен Муслимнің шартына сай. Бұл хадис тағы да Ахмадтың «Муснадында» келген.
Ханафи ғалымдары рүкүғқа барарда және рүкүғдан қайтқанда қол көтерілетіндігіне байланысты басқа сахих хадистерді емес, Ибн Масғудтың осы хадисін негізге алған. Себебі, Ибн Масғуд сахабалардың арасындағы ең көп фиқһ білімін меңгерген әрі жас жағынан да ең үлкені еді. Сондай-ақ қолды рүкүғқа бара жатқанда және қайтқанда көтерілетіндігіне байланысты сахих хадисті риуаят еткен Абдуллаһ Ибн Омардың өзі іс жүзінде намазда бір-ақ рет қол көтергендігі сахих жолмен жеткен. Ендеше, ханафи мәзһабында хадисті жеткізген адамның хадисін емес, ісін негізге алғандықтан қолдар алғашқы тәкбірлерде ғана көтеріледі. Жоғарыдағы мысалдардан байқағанымыздай, белгілі мәселеде сахих хадистердің болуы үкім шығару үшін жеткіліксіз.
Ислам діні – белгілі бір уақытқа ғана емес, қияметке дейін жалғасатын жүйе, һәм, нақтылы бір қауымға ғана емес, жербетіндегі барша адамзатқа жіберілген ақырғы дін. Ал мұндай діннің еш өзгермейтін негізгі (кулли) ата заңдарының жанында кейбір тармақ мәселелері адамзаттың ой-өрісінің жетілуі, заманының өзгеруі, шарттар мен жағдаяттардың әрқилы болуына байланысты өзгеру мүмкіншілігіне ие боп келеді. Сондықтан пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үмметімнің (кейбір мәселелерде) әртүрлі көзқараста болуы – рақымдылық» деген. Себебі, адам мен заман, қоғам мен ахуалдың түрлі болуы – тармақ мәселелерде біргейлікті қабылдай бермейді. Міне, сондықтан мәзһаб ғұламалары діннің ата заңдары шеңберінде қоғамның менталитеті мен жағдаятын ескере отырып кейбір тармақ мәселелерде түрлі үкімдер шығарған. Ал егер тармақ мәселелерде жаппай біргейлік болғанда мұсылмандар кей жағдайларда қиындыққа тап болар еді.
Мысалы, ханафи мәзһабында, екі намазды біріктіріп қосып оқу тек қажылық мезгілінде Арафат пен Муздәлифәда ғана рұқсат етілген. Бұдан тыс жолаушылық секілді себептерге байланысты қосып оқи алмайды. Бірақ басқа мәзһабтарда жолаушылықта т.б. қиын жағдайларда екі намазды қосып оқуға рұқсат. Осыны мүмкіншілікті негізге ала отырып, ханафи мәзһабындағы кісі ұзақ сапар кезінде көпшілікке арналған көлікте болғандықтан, дәрет алып намазын уақтылы оқи алмаса, онда шафиғи мәзһабы бойынша екі намазды қосып оқып жатса, рақымдылық әрі жеңі лдік болмақ.
Негізінде, Ислами мәселелер «Муттафақун а'лайһ», «Мухтәлафун фиһ» деп екіге бөлінеді. Біріншісі – нақты, бұлтартпас дәлелдермен дәлелденген барлық Ислам ғұламаларының бір көзқарастағы мәселелері. Мысалы, Аллаһтың даралығында, соңғы пайғамбардың Мұхаммед екендігінде, намаздың бес уақыттығында, т.б. осы сияқты мәселелерде жалпы мұсылмандар арасында еш талас-тартыс жоқ. Осы мұсылмандардың бір көзқараста болған мәселелеріне қарсы шыққан адамға «сенікі дұрыс емес, сен адасудасың» деп айта аламыз. Бірақ «Мухтәлафун фиһ», яғни, мұсылмандардың әу бастан әр түрлі көзқараста болған тармақ мәселелерінде белгілі бір көзқарасты таңдаған адам екінші бір ханафи мәзһабын таңдаған адамға «сендердікі дұрыс емес, тек қана біздікі дұрыс, біздің жол ақиқат жолы, сендер адасып жүрсіңдер» деп айта алмайды. «Бәлкім, менің таңдағаным, меніңше, дұрысырақ» деп қана айта алады. Өйткені барлық мәзһабтың өзіндік шариғи дәлелдері болғандықтан, «тек қана менікі дұрыс» деу – мұсылмандар арасында бүлік шығарып, өзара қырқысуларына әкеліп соғады.
Сахабалардың да одан кейін келген табиғиндардың да арасында діннің кейбір мәселелерінде әр түрлі көзқарастар болмай тұрмайтын. Мысалы, олардың арасында пайғамбарымыздың (с.а.у.) миғражқа рухымен бе, жоқ әлде, рухымен қоса тәнімен шыққандығы, ол жерде Аллаһ Тағаланы көріп-көрмеуіне байланысты әр түрлі көзқарастар бар болатын. Бірақ, бұл әр түрлі көзқарастар олардың бірліктері мен ынтымақтарына зәредей де кері әсерін тигізбейтін. Кейінгі мәзһаб ғұламалары да бір-бірін қатты сыйлаған. Мысалы, ханафи ғұламасы әл-Қади Әбу Усам Шафиғи ғалымы Қаффалдың мешітіне барады. Әбу Усамды көрген Қаффал муәззинге азанды ханафи мәзһабы бойынша оқылуын тапсырады. Әбу Усам намаз оқытады. Бірақ, өзі ханафи мәзһабын ұстанатындығына да қарамастан «бисмиллаһты» шафиғи мәзһабы бойынша жария оқыған (Мәурәуи, әл-қаулус-садид. (Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 45-бет)). Міне, ғұламалардың арасындағы әр түрлі көзқарас ұстануы мен мәзһаб ерекшелігі бір-біріне деген сый-құрмет, ықыластарына кері әсерін тигізбеген. Сондықтан, біздер де ортақ мәселелерімізде бір-бірімізді қолдап, әр түрлі келіспейтін мәселерде бір-бірімізге кең түсінікпен қарай білуіміз қажет.
Христиандар мен еврейлер екеуі екі бөлек халық, діндері де екі бөлек. Ғасырлар бойы бір-бірімен шайқасып, қырқысып келген. Бірақ осындай діндері де ұлттары да екі бөлек бірбірімен ғасырлар бойы соғысып келген екі халық мұсылмандарға қарсы күресте тарихтарындағы соғыстарын, бір-біріне деген ыза-кектерін ұмытып, бірігіп ынтымақтаса білді. Ал енді мұсылмандардың болмайтын тармақ мәселелерінде қызыл кеңірдек болып, бір-бірін ренжітіп, бүлік шығаруларына не демекпіз. Барлық мұсылмандардың Жаратушылары бір, Құрандары бір, Пайғамбарлары бір, сүннеттері бір, намаздары бір, ораза-зекеттері бір, Қағба-құбылалары бір, дұшпандары бір, осындай сан жетпес ортақ мәселелері бола тұра «намазда қолыңды ханафи мәзһабы бойынша емес, біздікі сияқты байла, құныт дұғасын олай емес, бұлай оқы» деу сияқты маңызды емес түймедей мәселелерді түйедей қылып, ала көзбен қарап, «менің таңдаған көзқарасыммен жүрмедің» деп жүрегін ыза мен кекке бұқтыруы қандай ағаттық десеңізші.
Ғибадатта негізгі мәселе құлшылық болғандықтан, уақытымызды қолыңды алай байла, бұлай байла сияқты маңызсыз нәрселерге кетірмей, тақуалыққа, көркем мінезді болуға, Аллаһты көріп тұрғандай ғибадат етуге, халқымыздың иманына себеп болуға, жалпы еліміздің негізгі мұқтаж нәрселеріне жұмсасақ қандай жақсы. Бәлкім кейбір мұсылмандардың маңызды мәселелерін тастап, осындай нәтижесінде ешқандай пайдасы жоқ мәселермен айналысуының арт жағында басқалардың ойыны да бар шығар дей келе мұсылмандарды қырағылыққа, парасаттылыққа шақырамыз.
Құрметті мұсылмандар! Енді-енді ғана тәй-тәй басып, мұсылманшылықты жаңадан үйреніп жүрген аз ғана халқымыздың арасында бәрінен бұрын бірлік, ынтымақ қажет. Еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанғандықтан халық арасындағы ауыз біршілікті сақтау әрі енді енді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан-саққа жүгіртпеу үшін халқымыздың үйреншікті мәзһабын насихаттауға ат салысайық. Біз бұл сөздерімізбен ханафи мәзһабынан тыс басқа суннит мәзһабтарды адасып жүр деуден де аулақпыз.
Тек айтпағымыз шет елден келген келімсек миссионерлерлер руханиятқа аш адал халқымызды алайда арбап, бұлай да арбап жатқан мына кезеңде біздің өте парасатты, аса қырағы болуымыз қажет. Сондықтан қазіргі Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ұстанып әрі насихаттап отырған жолы ата бабамыз ежелден ұстанған ханафи мәзһабы біздің кез келген сұрағымызға жауап беріп, қандай да болсын қажеттілігімізді өтей алатындай бай әрі өте қолайлы екенін естен шығармайық. Ендеше, басқа мәзһабты уағыздап жаңалық ашудың адамдардың басын қатырғаннан басқа қандай пайдасы болмақ? Олай болса, біз күш-қуатымызды жаңа жол салуға жұмсағаннан гөрі ықылым заманнан үйренген жолымызды жандандырып, халықты ізгілік пен имандылыққа, бірлік пен ынтымақтыққа шақырайық.
1 Осы тойларды камераға түсіретін адамның (видеооператор) немесе видеомантаждаушының шариғаттағы үкімі қалай? Тойда көбінесе әйел адамдардың әурет орындары көрініп тұрады, камерамен түсіргенде оператор немесе видеомонтаждаушы күнә жүктемей ме? Бұл жұмыспен айналысу дінімізде рұқсат па, яғни бұл жұмысты істеу шариғатқа сай ма?
Алмаз
Қазір бұл құралдар заманауи болғандықтан қолдануға рұқсат. Жұмыс болғаннан кейін жақсы жерлерін түсірген жөн.
Тұрмысқа шықпаған қызға боянуға сүрме қолдануға болады ма? Мысалы көз ісіп тұрады немесе ерін жарылады дегендей себептер болса, дәлел келтірсеңіз.
Айдос
Шариғатта сырт көзге әсем көріну үшін қас жұлу бояну дұрыс емес. Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Жасанды шаш кигендер мен кигізгендер және қастарын жұлғандар мен жұлғызғандар, сондай-ақ денеге сурет салғандар мен салғызғандар Алланың лағынетіне душар болады» [1], – деген.
Десе де, «хадистегі "қас жұлмандар" деген сөз - қасты түгелімен жұлуды айтуда. Ал түгелімен жұлмай, тек қастың жан-жағын реттеуге рұқсат. Өйткені бұл да әйелдер үшін әшекейленудің бір түрі»[2] дейтін ғалымдар да жоқ емес.
[1] Әбу Дауд, Тәрәжжүл-5 (4170).
[2] У.Зухайли, Фатауа Муғасыра
Хадис шәрифте былай делінеді: «Әйел көшеге шығарда иіссу себінбесін.» (Мүслим)
Әйелге жаиз болып еркекке жаиз болмаған нәрселер:
1) Жібекпен алтын бөтен еркектерге көрсетпеу шартымен әйелдерге жаиз, ал еркектерге ешкімге көрсетпесе де жібек және алтын харам болып табылады. (Табарани)
Хадис шәрифте былай делінеді: «Алтын және жібек әйелге халал, ал еркекке харам.» (Табарани)
2) Сырға, білезік, алқа секілді бұйымдар да бөтен еркектерге көрсетпеу шартымен әйелге жаиз, ал еркектің бұларды тағып әйелдерге ұқсауы харам болады. (Рәддул мухтар)
Хайыз кезінде неке қидыруға болады ма?
Абзал
Неке қидыруға болады, бірақ жыныстық қатынас жасау, қосылу харам болады.
Біздің Ханафи мазхабымызда Мәуліт тойлау бар ма? Болса, нені мақсат етеміз?
Ұлан
Әлбетте, Мәуліт мерекесіне қарсы шығуға қандай сенімнің итермелеп отырғаны айтпаса да түсінікті. Рас, діни мәдениетімізге кейіннен енген ережелер мен рәсімдер «бидға» деп аталады. Жөн-жосықсыз бидға жасау шариғатта ауыр күнә саналады. Бірақ, әһлі сүнна сенімінде бидға Исламға қайшы (бидғат-ул харб) және қайшы емес (бидғат-ул хасана) болып екіге бөлінеді. Әсілі, Мәуліт мерекесінде екі дүниенің сәруары болған Мұхаммед (с.ғ.с) еске алып, оның (с.ғ.с) адамзат баласына қалдырған өнегесін қастер тұту сөлекет емес. Әйгілі мұсылман ғалымы Әс-Сахауидің бұған қатысты: «Мәуліт һижри жыл санағымен үшінші ғасырдан соң пайда болды. Содан бастап әлемде мұсылмандар мәулітті садақа берумен және «мәулітті» оқумен атап өтетін болды», – деген сөзі бар («Мұхаммед», Мұхаммед Риза).
Мәуліт – Хақ тағалаға мақтау, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту.
Әйелім мені тыңдамаса, мысалы шелпек пісір десем, пісәрмеймін дейді. Оны ұрып,соғуға болады ма? Жай сөзге түсінбейді, не таңда тұрып ата-анама ыстық шай бермейді. Не істеуге болады немесе ажырасайын ба?
Сіздге бұл туралы уағызбен жеткізуге тырысып көрейік.
Ерлі-зайыптылардың міндеттері:
Әйел ақысы: Әйелінің жақсы мінезді болуын қалайтын адам, алдымен өзі жақсы мінезді болуы керек! Құран кәрімде адамға келетін қиыншылықтар өзінің жасаған күнәларының себебімен келетіні білдірілген. Олай болса дініміздің әмірін орындап, тыйымдарынан ұзақ болғандар әйелімен жақсы қарым-қатынаста болады.
Хадис шәрифтерде былай бұйырады:
«Мұсылман әйеліне ашуланбасын! Жаман мінезі болса, жақсы мінезі де болады.» (Муслим)
«Әйел – әлсіз жаратылыс. Әлсіздігін үндемеу арқылы жеңіңдер! Үйдегі кемшіліктерін көрмеуге тырысыңдар!» (Ибни Лал)
«Мұсылмандардың иман тұрғысынан ең үстемі – мінезі ең жақсы болғаны және әйеліне ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғаны.»(Тирмизи)
«Мұсылмандардың ең жақсысы, ең пайдалысы әйеліне ең жақсы, ең пайдалы болған адам. Сендердің араларыңда әйеліне ең жақсы, ең қайырымды, ең пайдалы болған менмін.» (Нәсаи)
«Әйелінің және балаларының ақыларын өтемейінше адамның намаздары, оразалары қабыл болмайды.» (Мүршид-ун-ниса)
«Күйеуі разы болғанға дейін әйелдің намаздары және ешбір жақсылығы қабыл болмайды.» (Табарани)
«Намаздары қабыл болмайды» дегені, намаз борышынан құтылады, бірақ оған берілетін үлкен сауаптарға қауыша алмайды дегенді білдіреді. Намаздары босқа кетеді деген сөз емес. Бір әйелден күйеуі разы болмаса әйел күнәсының жазасын тартқаннан кейін Жаннатқа кіреді. Жаннатқа тек кәпірлер кірмейді.
Мұсылманның күнәсі көп болса да, соңында міндетті түрде Жаннатқа кіреді. Құран кәрімде былай бұйырады:
«Жақсы әйелдер, Аллаһқа мойынсұнады және күйеулерінің ақыларын орындайды. Күйеулері жоқ кезде олардың намысын және мал-мүлкін Аллаһтың көмегімен қорғайды.» (Ниса 34)
Үйге келгенде әйеліне сәлем беріп хал-жағдайын сұрау керек, ренішімен қуанышына ортақ болу керек. Өйткені ол басқалардан үмітсіз және өзіңе ғана байланған жолдасың, дертіңе ортағың, көңіліңді көтеруші, бала тәрбиелеп жетілдіруші және түрлі қажеттіліктеріңді толықтырушы. Хадис шәрифтерде былай бұйырады:
«Ақысыз (әділетсіз) әйелін ұрған адамның Қияметте дұшпаны мен боламын. Әйелін ұрған Аллаһқа және Расулына қарсы шыққан болады.» (Р. Насихин)
«Әйелдеріңді жәбірлемеңдер! Олар Аллаһу та’аланың сендерге берген аманаты. Оларға жылы мәміледе болыңдар, жақсылық жасаңдар!» (Муслим)
«Әйеліне күлімдеп қараған еркектің амал дәптеріне бір құл азат еткендей сауап жазылады.» (Р. Насихин)
«Әйелімен жақсы мәміледе болып, қалжыңдасқан адамды Аллаһу та’ала жақсы көреді, ризықтарын арттырады.» (И. Лал)
Күйеу ақысы: Еркектің де ақылары көп. Әйел күйеуімен жақсы мәміледе болуы керек!
Заманымыздың жұмыс істеу шарттары өте ауыр, ақша табу өте қиын. Жұмыс ұжымындағы ара-қатынас та шиеленісіп жатады. Еркек көбінесе осындай ауыр жағдайлардан күйзеліп қиыншылық тартады. Шаршап-шалдығып, стреске ұшырап, үйіне әбіржіген күйде келеді. Ендігі бұл жағдайды түзеу, қиыншылықтарын ұмыттыру, оның көңілін көтеру, оған көмекші болу, қолдау әйелдің мойнына түседі. Осындай жағдайда үйге келген күйеуі ең азынан жылы шыраймен жағымды сөз күтеді, өзіне көңіл бөлуін қалайды. Бұны да көре алмаса жағдайы одан төмен түсіп кетеді. Сөздері әрекеттері де өзгереді. Ислам ғалымдары «үйінде тыныштығы болмаған еркек дүние Жаһаннамында жүргенмен тең» деген.
Осыншама азапта жүрген адамнан әртүрлі нұқсан әрекеттер күтуге болады. Әйел онсыз да толып келген жүйке ыдысын тасытатын соңғы тамшы болмау керек. Керісінше дереу жылы шырай танытып, көңілін аулауға кірісуі керек. Оны түсінуге тырысуы, сабыр етуі керек. Ол үйде болған кезде үй тірлігіне де қарамау керек, оның көңілін көтеріп оны қуанту керек. Үй тірлігі т.б. жұмыстарды ол болмаған кездерде жасауы керек.
Тұрмыстағы әйелдерге әрдайым айтатын кеңесіміз мынау: сырттқы дүние отқа толы, күйеулеріңе ие болыңдар, жақсы мінездеріңмен, жылы сөздеріңмен, дәмді тағамдарыңмен, үй тазалығы, тиянақтылығымен немесе күйеулерің ұнататын амалдар арқылы оны үйге байлаңдар. Ол үйге қарай қадам басу үшін жанталасып асығатын болсын. Ұяны ұрғашы құс жасайды, үйді де үй ететін әйелдер осыны ұмытпаңдар.
Ислам ғалымдары «шайтан кәпірлермен емес, Мұсылмандармен әлек» деген. Нәпсіміз қатты құтырады. Қалай құтырады? Орануға, намазға, дұрыс сенімге қарсы құтырады. Шайтан әскерлерін таңертеңгісін жіберіп кешке есеп алады екен. Біреуі намазын бұздырдым десе, жарайды депті. Біреуі оразасын бұздырдым десе, оған да жарайды депті. Біреуі харам жегіздім дегеніне де жарайды депті. Басқа біреуі күйеуімен әйелін араздастырдым дегенде шайтан қуанып, орнынан атып тұрып, жарайсың депті, маңдайынан сүйіп, ең үлкен істі сен атқардың, араздасатын болса қалғанының бәрі уақыт өтуімен бұзылады деген екен.
Сондықтан әрдайым сақ жүру керек, шайтанмен нәпсінің мұндай әрекетіне жол бермеу керек.
Ислам тек әйелге келмеді, тек күйеуге де келмеді. Тек ата-анаға да келмеді, бүкіл адамзатқа келді. Барлық адамдар Исламға мойынсұнуға міндетті. Кім Ислам бойынша жүретін болса дүниеде де, ахыретте де бақыт табады, пайдасын көреді. Егер машинаның бір дөңгелегі жарылған болса машина жүрмейді. Сағаттың да бір тісі сынса істемейді немесе дұрыс жүрмейді. Сол сияқты жанұяда да бір адамның қатесі, кемшілігі бүкіл жанұяның тыныштығын, бақытын бұзады, тіпті ұяның бұзылуына да әкеп соғуы мүмкін.
Сондықтан әркім өзіне мұқият болуы керек, өз міндетін білуі керек, шектен аспауы керек, кемшілігі болса кешірім сұрап жаңа парақ ашып қуанышпен өмірді ары қарай жалғастыруы керек. Дінімізде ренжітуге тыйым салынғаны секілді, ренжуге де тыйым салынған, Мұсылманға үнемі жақсы көзбен қарау керек, кемшілігін көрмеу керек. Мен білмейтін бір себебі болса керек деп оны кешіру керек, тілімен де оны ренжітпеу керек. Кешірген кешіріледі, жақсы көрген жақсы көріледі.
Күйеуіне қолынан келгенше жылы шырай көрсетіп, сүйіспеншілігін білдіру керек, тілімен де оны ренжітпеу керек. Хадис шәрифтерде былай бұйырады:
«Қияметте Аллаһу та’ала күйеуін тіліменен жәбірлеген әйелдің тілін 70 аршын ұзын етіп мойнына орайды. Күйеуіне жаман көзбен қараған әйелді басы кесілген, денесі бөлшектенген күйге айналдырады.»(Шира)
Әйелге әшекей бұйымдар мубах саналады. Алайда әшекей алу үшін күйеуін қиын жағдайға түсірмеуі керек, бөтендерге әшекейлерін көрсетпеуі керек! Сонда ғана әшекейлері Жаннатқа кіруге кедергі болмайды. Хадис шәрифте былай бұйырады:
«Жаннатта әйелдердің аз болғанын көрдім. Себебін сұрадым “Оларды алтын және әшекей бұйымдары алдандырды” деді.» (И. Ахмет)
«Сенен не көрдім» деп күфрани нимет (жақсылықты түсінбеушілік) етпеу керек! Екі хадис шәрифте былай айтылады:
«Егер күйеулеріне күфрани нимет етпегенде, намаз оқыған әйелдер дереу Жаннатқа кіретін еді.» (Шира)
«Жаһаннам халқының көпшілігін әйелдер құрайтынын көрдім. Себебі көп лағынет айтып күйеулеріне қарсы күфрани нимет етуі.» (Бұхари)
Күйеуіне бір жақсылық жасаған болса міндет етпеуі керек. Азық-түлік, киім-кешек сияқты мәселелерде күйеуін ренжітпеуі керек, орындай алмайтын нәрсені одан сұрамауы керек! Күйеуінің намысын қорғауы керек, әркез оның разылығын алып оны қуантуға тырысуы керек! Хадис шәрифте былай бұйырады:
«Әйел мойнындағы күйеу ақысы, сендердің мойныңдағы менің ақым секілді. Олай болса күйеуінің ақысын орындамаған әйел, Аллаһу та’аланың ақысын орындамаған болады.» (Шира)
Әйел күйеуін ренжітпеуі керек.
Бір күні хазреті Фатима, әкесінің алдына жылап келеді. Расулуллаһ алейһиссалам:
- Ей Фатима, неге жылап тұрсың?-деді.
- Ойланбай айтқан сөзіме Али ашуланды. Мен кешірім сұрадым. Бірақ оны ренжіткенім үшін жылап тұрмын.
- Қызым білмейтін бе едің, Аллаһу та’аланың разылығы күйеуіңнің разылығына байланысты. Әрдайым күйеуінің разылығын іздейтін, күйеуі де одан разы болған әйел ең бақытты әйел. Әйелдер үшін ең үлкен ғибадат күйеуіне мойынсұнуы. Күйеуі әйелінен разы болса ол әйел қалаған есігінен Жаннатқа кіруге құқылы болады. Күйеуін ренжіткен әйел оны разы еткенге дейін Аллаһу та’аланың лағынетінде болады.» (Р. Насихин)
Күйеуінің ақысына мән беріп орындаған әйел жихад еткендей сауапқа кенеледі. Хадис шәрифтерде былай бұйырады:
«Күйеуінің ақысын орындау Аллаһ жолында жихад ету секілді.»(Табарани)
«Әйел күйеуінен рұқсатсыз нәпіл ораза тұта алмайды. Егер рұқсатсыз тұтса аш және сусыз жүрген болады, сауап жазылмайды. Күйеуінің рұқсатынсыз сыртқа шыға алмайды. Шықса көктегі періштелер үйіне қайтқанға дейін лағынет айтады.» (Табарани)
«Еркек қажеттілігі үшін әйелін шақырса, әйелі тандыр басында болса да дереу жауап берсін!» (Тирмизи)
«Күйеуі шақырғанымен төсекке келмеген әйелге періштелер таңға дейін лағынет айтады.» (Бұхари)
«Әйел, күйеуінің рұқсатынсыз өз малын да жарата алмайды.»(Табарани)
«Рұқсатсыз үйден шыққан әйелге күйеуі разы болғанға дейін жер бетіндегі барлық нәрсе лағынет айтады.» (Дәйләми)
«Әйел күйеуінен рұқсатсыз ешкімді (әке, шеше, бауырларын да) үйіне кіргізе алмайды, нәпіл намаз оқи алмайды.» (Табарани)
«Әйелдеріңнің сәнді киінулеріне тыйым салыңдар! Бәни Исраил әйелдері сәнді киініп мешітке тәкаппарланып барғандары үшін лағынеттелген еді.» (Ибни Мажа)
«Күйеуі разы боғанға дейін әйелдің намаздары және ешбір жақсылығы қабыл болмайды.» (Табарани)
«Әйел күйеуінің ақысын өтемейінше Аллаһу та’аланың ақысын өтеген болмайды.» (Табарани)
«Әйелдің ең үлкен міндеті күйеуінің ақысын орындау, ал еркектің міндеті анасының ақысын орындау.» (Хаким)
Мысалы таң намазы қаза болды. Мен аср намазына 10 минут қалғанда бесін намазын оқып болып, сосын асрды қаза болған таң намазын оқуға болады ма және қаза намаздар қай намаздардың арасында оқылмайды?
Алдымен бесін кейін асыр намазын оқисыз.Қаза намазын мына 3 уақыт сыртында оқысаңыз болады.
Бұл үш уақытта ешқандай қаза намазы да, жаназа намазы да оқылмайды. Бұл уақыттарда тиләуат сәждесі да жасалмайды. Тиләуат сәждесі жасай қалған қүнде де, оны кейіннен қайтадан өтеу тиіс. Нәпіл намаз оқылса, оны кейіннен өтеу тиіс емес. Ол – мәкрүһ ретінде іске асады. Бірақ кейіннен қазасын өтеу – абзал. Бұл уақытта намаз оқуға салынған тыйым – күнге табынғандарға ұқсамау үшін берілген. Бұл үш уақыт жайлы Уқба ибн Амир әл-Жуһени (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) үш уақытта бізге намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, төмен түсе бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта» (Муслим, Мусафирин, 293; Әбу Дәәуд, Жәнаиз, 51; Тирмизи, Жәнаиз, 41).