Жаңадан намаз бастап оқып жүр едім. Бүгін бесін намазының соңғы екі ракағат сүнетінде бірінші ракағатындағы сүрені қателесіп, оқымай кетіппін. Осы намазым қабыл болады ма? Қателескенде не істеу керек?
Ақтоқты
Сәһу сәждесі (қателік сәждесі) намазда кеткен кейбір қателіктер мен кемшіліктерді түзету мақсатында намаз соңында орындалатын әрекет. Бұл – уәжіп[1]. Өйткені, Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім де кім намазда күмәнданса сәлем беріп, екі сәжде жасасын», - дейді. Тағы бір хадисінде:«Намаздағы қателіктерге, сәлемнен кейін екі сәжде бар»[2], - деген.
Бұл сәждені жасайтын адам соңғы отырыста « әттахиятты» оқығаннан кейін екі жаққа сәлем беріп, қайта «Аллаһу әкбәр» деп, екі рет сәждеге барып, қайта отырады. Одан кейін әрі қарай қайтадан «әттахият» оқып, артынан салауат және дұға оқып, сәлем беріп намазын бітіреді. Егер Имам қателессе, тек қана бір жағына сәлем беріп, екі сәжде жасайды[3]. Имран бин Хусайнның риуаят етуі бойынша: «Пайғамбарымыз (с.а.у) имам боп тұрып қателсекен еді, (намаз соңында) екі сәжде жасап артынан тәшәһһуд оқып, сәлем беріп намазын аяқтады»[4]
Сәһу сәждесі жасалатын қателіктер төмендегідей: 1. Намаздың уәжіптерін ұмытып орындамаса (парыздарын ұмытса намаз бұзылады). Мысалы, фатиханы ұмытып оқымау, екінші отырысқа отырмау, тәшәһһуд дұғасын оқымау, құнут дұғасын оқымау т.б.; 2. Намаздың парыздарын артығымен істеп қойса.Мысалы, екі сәжденің орнына үш сәжде бір рукуғтың орнына екі рукуғ жасау сияқты; 3. Намаз ішінде дұға оқылатын жерлерде, құран оқыса. Мысалы, рукуғда, қағдада (тәшәһһуд отырысы) оқылатын дұғаның орнына құран оқып қою осыған жатады;[5]. 4. Намаздың парызын кешіктірсе. Мысалы, төрт не үш рәкәғатты намаздардың бірінші отырысында тәшәхуттан кейін салауат, дуға оқып қойса сәһу сәжде жасау міндет.
[1] Сәмәрқанди, Тухфатуль Фуқаһа – 1/209 бет.
[2] Әбу Дауід - 1033. Сахих хадис.
[3] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ғылымхал, 264 бет. Алматы.
[4] Әбу Дәуід – 1039 хадис,
[5] Маусули, Ихтияр – 1/247 бет.