Ислам асыл дініміз

Жол жүрген кезде намазды қалай оқуға болады? Әлде қаза қылуға болады ма? 

Ержан 

Жолда намаз оқуға болады. Мүмкіндік болмаса қаза болады.

Дұға еткенде 124 000 пайғамбар,  33 000 сахаба дейді. Неліктен сахабалар аз? Мүмкіндік болса, дұғаның транскрипциясымен қоса арабшасын да берсеңіздер.

Жауап: Дұғада сахабалар мен пайғамбарларды қосу шарт емес. 

«Аятуль курси» дұғасын жазып жібере аласыздар ма?

Нұрлан 

«Аятул-Күрсі»

ا لاَ إِلَهَ إِلاَّ هُوَ الْحَيُّ الْقَيُّومُ لاَ تَأْخُذُهُ سِنَةٌ وَلاَ نَوْمٌ لَّهُ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ مَن ذَا الَّذِي يَشْفَعُ عِنْدَهُ إِلاَّ بِإِذْنِهِ يَعْلَمُ مَا بَيْنَ أَيْدِيهِمْ وَمَا خَلْفَهُمْ وَلاَ يُحِيطُونَ بِشَيْءٍ مِّنْ عِلْمِهِ إِلاَّ بِمَا شَاء وَسِعَ كُرْسِيُّهُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضَ وَلاَ يَؤُودُهُ حِفْظُهُمَا وَهُوَ الْعَلِيُّ الْعَظِيمُ

Оқылуы: «Аллаһу ләә иләәһә илләә һуәл-Хайюл-Қайюм. Ләә тәхузһу синәтун уә ләә нәум. Ләһу мәә фис-сәмәәуәәти уә мәә фил-ард. Мән зәлләзии яшфа′у ′индаһу илләә бизниһ. Иа′ламу мәә бәйнә әйдиһим уә мәә халфаһум. Уә ләә юхитуунә бишәйм-мин ′илмиһи илләә бимәә шәә′. Уаси′а курсиюһус-сәмәәуәәти уәл-ард. Уә ләә иәуудуһу хифзуһумәә уә һуәл-′Алюул-′Азиим».

Мағынасы: «Аллаһ, Одан басқа ешбір құдай жоқ. Ол Хай (Әрқашан бар һәм тірі, бастауы мен ақыры болмаған өмір иесі. Һәм Қайюм (Өзіне тән затымен бар, жоғалудан пәк, ада және барлық болмысты болмыс әлемінде ұстап, оларды басқарушы). О қалғымайды да ұйықтамайды. Көктер мен жердегі нәрселердің бәрі Соныкі. Оның құзырында өз рұқсатынсыз кім шапағат ете алмақ? Ол жаратқан болмыстарының алды мен артының бәрін түгелдей біледі. Олар Оның қалауынан басқа ілімінен еш нәрсе ұға алмақ емес. Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді қамтиды. Оған, ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Ол – аса ұлы һәм аса зор».

Пайғамбарымыз: «Кұранда ең үлкен аят – Аятул-Күрсі. Бұны кім оқыса Аллаһ сол сәтте бір періште жіберіп, ертеңге дейін жақсылықтарын жазып, жамандықтарын өшіртеді. Шайтан бұл аят оқылған үйге отыз күн бойы жақындай алмайды. Һәм ол үйге қырық күн сиқыр әсер етпей, сиқыршы кіре алмайды. Ей, Әли! Осыны бала-шағаңа, отбасыңа, көршілеріңе үйрет» деп аталмыш аяттың қасиетін айтып кеткен.

Әлеуметтік желіде мынандай ақпаратқа бар: «Жалаң аяқ намаз оқу мәкрух. Тек қана кіндік пен тізе арасын жауып оқылған намаз сахих болса да, мәкрух болады. Намаз борышынан құтылатын болса да, намаздан пайда болатын үлкен сауаптарға қауыша алмайды». Фиқһ кітаптарында былай делінген: 1) Намазды таза мәсі немесе аяқ киіммен (шұлықпен) аяқтарын жауып оқу, жалаң аяқ оқудан қаншама есе абзалырақ. Хадис шәрифте жабық аяқпен намаз оқу әмір етілген. (Дуррул мухтар)

2) Расулуллаһ және Асхаби кирам аяқ киіммен намаз оқитын еді. Намазды шұлық немесе мәсімен оқу керек, ғибадаттарын жалаң аяқ орындайтын яһудилерге ұқсамау керек. (Рәддул мухтар)

3) Намазды аяқтарды жауып оқудың сауабы өте көп. (Халеби, Бәриқа, Хадиқа)

4) Еркектердің жалаң аяқтарымен намазға тұрулары мәкрух. Аяқ киім немесе мәсі кір болса, аяққа таза шұлық кию сүннет болады. Намаздың уәжібі сияқты, сүннетін де тәрк ету мәкрух болады. (И. Ахлақы)

5) «Яһудилерге ұқсамау үшін намаздарды аяқ киіммен оқыңдар» хадис шәрифі жалаң аяқ намаз оқудың мәкрух екенін көрсетуде. (С.Әбәдийа).

Осының дұрыс-бұрыстығын ашып берсеңіздер, Алла сіздерге разы болсын!

Мереке 

Иә, болады. Бұдан намаз бұзылмайды. Амр бин Шұғайыб әкесінен және атасынан риуаят етеді: «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) жалаң аяқ және аяқ киімде намаз оқығанын көрдім». Жалаң аяқ намазға тұру мәкрух амалына жатады. Әйелдердің аяқтарының ашық болуына қатысты екі қаулы бар. Бірінші қаулы бойынша мәкрух, екінші қаулы бойынша намаз бұзылады. Әйелдер шұлықпен немесе аяқтарын жабатындай ұзын юбка, көйлек киіп намаз оқу керек! (Мәзаһиби Әрба’а)

Мен намазымды оқығанда әртүрлі ойлар келе береді. Бір Аллаға құлшылық жасап, яғни жалбарынып, ойымды бөлмей оқығанымда жүрегім ауырып, басым қысылып кетеді. Иманымның төмендігінен осылай оқимын ба, осыны түсіне алмадым. Бұған не айтасыздар?

 Сания 

Хушу – Аллаһу та’аладан қорқу деген сөз. Имам Раббани хазреттері былай деген: «Намаздарды жамағатпен, хушу және худумен оқу керек, өйткені адамды екі әлемде пәлекеттерден, қиыншылықтардан құтқаратын тек хушумен оқылған намаз.» Құран кәрімде: «Намаздарын хушумен (Көңілдері Аллаһ қорқынышымен толы болып, тадили әрканға мойынсұнып) оқыған мүминдер міндетті түрде құтылды» делінген.(Мүминун 1, 2)

Намаздың кемшіліксіз болуы, парыздарын, уәжіптерін, сүннеттерін және мүтаһабтарын орындаумен жүзеге асады. Намазда хушу, яғни барлық мүшенің қарапайым болуы осы төрт нәрсені орындаумен болады. Көңілдің худуы, яғни Аллаһтан қорқуы да осыларды толық орындаумен болады. «Көңіл дайын болмаса, намаз да болмайды» деген хадис шәриф көңілдің жоғарыда білдірілген төрт нәрсенің орындалуында дайын болуы, ояу болуы дегенді білдіреді. Яғни бұлардың бәрінің орындалуында немқұрайлылық болмауына мән беру деген сөз. 

Намаздың қабыл болуының шарты, харамдардан сақтану, хушу және тақуалықпен оқу және малаяниді (бос, әбес нәрселерді) тәрк ету деген сөз. (Мифтахул-Жаннат)

Тақуалық – бүкіл мүшелерді харамнан және мәкрухтан қорғау дегенді білдіреді. Малаяниді тәрк ету – дүниеге және ахиретке пайдасы болмаған істі тәрк ету деген сөз.

Намаз оқығанда адамның неше түрлі ойлар келеді. Сол ойдан құтылу үшін «Ағузу билләһи минаш-шайтанир раджим» дұғасын айтып, сол жаққа 3 рет суф-суф деу дұрыс па? Дұрыс болса, намаз бұзылмайды ма?

Ақтөре 

Oл дұға намаз алдында оқылады. Намаз ішінде оқылмайды.

Балиғат жасы неше жас және жастардың неше жаста отау құрып, неке қидырғаны жөн?

Ақжол 

Ер балада 12-15 жас аралығында,  қыз балада 9-12 жас аралығында.  Кейде  15 жасқа дейін барады. Әке-шешесі рұқсат беріп жатса, 16 жастан жоғары болуы мүмкін.

Намаз оқитын қыздарға аздап болса да боянуға болады ма?

Индира 

Тырнақ бояуға болмайды. Себебі дәретке кедергі. Крем түрлеріне рұқсат.

Не себепті Дарын Мубаровты тыңдауға болмайды? Керемет  жүректен өтетін уағыдары бар, қаншама адамға ой салатын уағыздары бар, бәрі Құраннан алынған десе де болады. Тағдыр мәселесі, ата-ананың қадірі, тозақ пен жаннат жайлы уағыздары бар. Менің білгім келетіні, не себепті тыңдамаймыз, дәлелдер бар ма оған қарсы?

Арай 

ҚМДБ  қолдамағандықтан, Д.Мубаровтың уағыздарын тыңдауға тиым салынған.  

Намаз оқуды үйренгім келеді. Ниеттеніп жүрмін. Қайдан үйренсе болады?

Нұрдәулет 

Орталық медреседе сабақ болады, соған келіп қатыссаңыз болады.