Ислам асыл дініміз

Жүйелік маркетинг (сетевой маркетинг) шариғаттағы үкімі қандай? Нақтылай айтар болсам, осы өзіміздің отандық атақты ірі компания "Асыл Арман" деген табиғи шөптермен, бальзамдар т.б. арқылы адамның денсаулығын түзететін, салауаттылыққа негізделген бірден бір табиғи өнімдерді шығаратын тұңғыш отандық ірі компания болып саналады. Тіпті барлық сертификат, реквизиттері де бар. Телеарналарда да көрсеткен. Компанияның президенті қазақ, және барлық жұмыскерлердің көбі  каракөздеріміз. Осы компанияның жұмысымен айналысу дінімізде қалай екенін тексеріп беріңіздерші.

Алмас  

Аталмыш фирма ешкімнің ақысын жемейтін болса жұмыс істеуге болады. Жұмыстарында арамдық жоқ болса.

Әйел адамға зират басына барып, дұға қылуға бола ма? Осы жөнінде толық мағлұмат білгім келеді. Рахмет!

Әсел 

Әйелдер зиярат етулеріне болады. Барғанда білген Құранын  оқып, дұға етуге болады. Бірақ сол жердегі жатқан адамнан сұрауға болмайды. Себебі ол да пенде.

Хиджаб қылмай ақ ұзындау көйлек пен орамалды кәдімгі үйреншікті артқа байлап тағуға бола ма? Әлде хиджаб міндетті ме? Сосын, қәзіргі таңда жұмыс орындарында орамал тақтырмайды, оны қалай шешуге болады? Не орамал, не жумысың деп талап қойса мәселені қалай шешуге болады?

Алтынай 

Заманға сай  ұзындау көйлек пен орамалды кәдімгі үйреншікті артқа байлауға болады.

Алтын зат тағуға болады ма? Зияны  болса кандай?

Алишер 

Шариғат бойынша ер адамның алтын жүзік тағуының үкімі харам. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с) бірқатар хадисінде алтын жүзіктің харамдығы жөнінде ашық айтқан. Онда: «Алтын мен жібек үмбетімнің әйелдеріне — халал еркектеріне харам» десе, тағы бірде: «Аллаһ елшісі(с.а.с) бір адамның саусағынан алтын жүзік көріп оны шешкізіп лақтырып жібереді де: «Сендердің қайсыбірің қолына шоқты ұстай алады? » деп алтынның ерлерге шоқтай зияны барын ескертеді. Кейін жүзіктің иесіне лақтырған алтынды жерден алып, оны сатып пайдасын көруді айтады. Сол кезде ол адам: «Аллаһ атымен ант етейін, Аллаһ елшісі(с.а.с) жүзікті алып лақтырғаннан кейін мен оны алмаймын деп жауап қатады.
Шариғат мәзхабтары мұндай хадистерге сүйене отырып, ерлердің алтын жүзікті әдемілік үшін тағатынын ескере келе, бірауыздан харам деп үкім берген.
Кейбір ислам ғалымдары Пайғамбарымыздың(с.а.с) ерлер үшін алтын жүзікті харам етуінің бірнеше хикметтеріне тоқталған.
Онда былай дейді:
1. Ғасырлар бойы алтын ақша болып экономикада үлкен рөл ойнаған. Бұларды ерлердің әшекей ретінде пайдалануы экономикаға кері әсерін тигізеді.
2. Сол секілді әшекей бұйым ретінде қоғамнан тыс қалтарыста қалдырып қоюы елдің қазынасына үлкен залалын тигізеді.
3. Ер кісінің табиғаты алтын мен жібекпен сәнденуге лайық емес.
4. Үсті-басын түгелдей алтынмен аптап , күміспен қаптап ел алдында жүру қоғамдағы әділдікке кері әсерін тигізіп, елді «бай», «кедей» деп екіге бөлуі мүмкін.
5. Сондай-ақ бүгінгі таңда ғалымдар медициналық тұрғыдан, алтынның ер адамдардың гормонына айтарлықтай кері әсер тигізетінін дәлелдегенін де жадымыздан шығармаған дұрыс.

2 мезгіл намаз оқыса болады ма? Таң намазы мен құптан намазын.

Таңат

Әрине намазды толық оқыған дұрыс. Еш болмаса осы намазды жалғастырсаңыз Аллаһ  арғы жағына жеңілдігін берер.

Намазды оқып болғаннан кейінгі имам оқитын дұғаларды жазып бересіз бе? 

Бектас 

Намазын жалғыз немесе имаммен оқыған адам екі жаққа сәлем бергеннен кейін «Аллаһуммә әнтәс-сәләм уа минкәс-сәләм, тәбарактә иә зәл-жәләли уәл-икрам» деп айтады.

Одан кейін Аят-әл-курси оқылады және артынан 33 рет «Субханаллаh», 33 рет «Әлхамдулилләh», 33 рет «Аллаhу әкбәр», және 1 рет «Лә илаhә иллаллаһу уахдәhу лә шәрикә ләh ләhул-мулку уә ләhул-хамду уә hуә алә кулли шәйин қадир» деп айтылып дұға етіледі.

Бес уақыт намазын оқып жүрмін. Соның ішіндегі құптаннан кейінгі уәжіп қалып кетеді. Себебі, құныт дұғасын әлі жаттамадым. Жаттағанға дейін 5 уақыт намаз қабыл болады ма?

Мадияр  

Құныт дұғасы жаттамағаныңыз үшін намазды қаза ету дұрыс емес. Сол себепті,  жаттағанша құныт дұғасының орнына «Фатиха» сүресін оқысаңыз болады.

Қайтыс болған екі ағам кезек-кезек түсіме кіре береді. Жиі ойланғаннан ба?

Ол да мүмкін. Бірақ, сіздерден Құран дәметулері де мүмкін.

Көп қарызданып қойып едім. Аллаһтан күнәларым үшін кешірім сұрап, күндіз-түні көмек сұрап жүрмін. Қарыздарымнан құтылатын жол көрсетіңдерші.

Ғани 

Сахабалардан Әбу Саид Худри баяндайды:

Бір күні пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” мешітке кіріп ол жерде Әбу Умамәні көрді. Одан «Ей Әбу Умамә! Мен сені неге мешітте намаз уақытынан тыс уақытта көріп тұрмын?» деп сұрады. Әбу Умамә: «Мені қаптаған дерттер мен қарыздарымның кесірінен Йа Расулаллаһ.» деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Саған бір дұға үйретейін, бұл дұғаны оқығаныңда Аллаһ дертіңе дауа береді, қарыздарыңнан құтылдырады. Таңертең және кешке осы дұғаны оқы.» дейді. Ол дұға мынадай:

«Аллаһуммә инни әузу бикә  минәлһәмми уәлһазән уә әузу бикә минәл ажзи уәл кәсәл уә әузу бикә минәл жүбни уәл бухл уә әузу бикә мин ғаләбәтиддәйни уә қаһрир-рижал.»

(Йа Раббым! Қайғы-қасіреттен, дерттен, қабілетсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қарызымды қайтара алмаудан және адамдардың қысымынан саған сиынамын.)

Хазреті Әбу Умамә: «Осы дұғаны оқыдым, дертім де жоғалды, қарызымды да төледім» деді. (Әбу Дауд)

Қара дұға, яғни дуалау деген бар ма? Және дуаны қалай қайтаруға болады? 

Жұпар 

Қазіргі кезде бұндай жағдайлар көптеп кездесіп жатыр. Дұғалаудан Аллаһ сақтасын. Дегенмен, абай болғанымыз абзал. Сақтансаң, сақтайды! «Фәләқ» пен «Нас» сүрелерін, «Аятул Курсиді» оқып қорғануыңызға болады.