Ислам асыл дініміз

Мені сан мыңдаған ойлар іштей мазалайды. Ол  ойлар күнә болып жазылады ма? Мазалаған ойлардан қалай арылуға болады? 

Өркен 

Шариғатта жаман ойды іске асырмағанша күнә жазылмайды. Ал сауапты істі іске асырмаса да, сауап жазылады.

Әйел адам жүкті  кезінде кайтыс болса ол шахид болады деген рас па? Ол тек тақуа айелдер хақысында айтылған ба? Жүкті болып, босанғанша, одан кейін емізулі уақытында да, көптеген сауаптар алады делінген. Баласы  кішкентай кезінде қайтыс болғанда, ол ата-анасын жұмақтың есігінің алдында күтіп отырады дейді. Ол  да тек тақуа отбасы болғанына байланысты ма? Әйел кісі босанған соң бүкіл күнәлары кешіріледі дейді. Солар хақысында толық айтып өтсеңіз екен.

Алтынай  

Иә, шәһид болады. Шәһидтің парыз амалдардағы қарыздары және құл ақыларынан басқа бүкіл күнәлары кешіріледі. Үш хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Әйел жүктілік кезінен босанғанға дейін және сәбиін емізе бастағаннан сүттен шығаратын күнге дейін Аллаһ жолында қарауылдық қызметіндегі мүджаһид сияқты болады. Осы кездерде қайтыс болатын болса, оған шәһид сауабы бар.» (Табарани)

«Жүкті кезінде, босанып жатқанда және нифас уақытында қайтыс болған әйел – шәһид.» (Әбу Дауд, Табарани)

«Әйел жүкті кезінде күндіз саим (ораза тұтқанның), түнде қаим(ғибадат еткеннің) және Аллаһтан қорқатын мүджаһидтің сауабын алады. Ауру күшейген кезде оған берілетін сауаптың көптігін ешкім біле алмайды. Сәбидің әр емгенінде бір жан тірілткендей сауап алады.» (Әбушшәйһ)

Поезда жол жүргенде намазды қалай орындау керек?  Тұрып орындауға жер тар, жанында адамдар да көп.

Мереке 

Отырып оқисыз. Жол жүріп  бара жатқанда құбыла парыз емес. Рукуғта сәл иіліп оқисыз.

Біздің Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарымыздың хадистерін, оқиғаларын оқығанды өте жақсы көремін. Соларды қайдан алсам болады? Кітаптары  болса өте жақсы болар еді.

Айгүл  

Ондай кітаптарды кітап сататын дүкендерден алуға болады. Бірақ ҚМДБ рұқсат берген кітаптарын алыңыз.

Мен түнде жатқан кезде ұйқым келіп жатамын, бірақ сол орныма енді жатқан кезде ұйықтай алмаймы. Ойыма намаз оқу, Аллаға шүкіршілік ету, жаман істерден тиылу, тіпті Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарымыз есіме түсіп кетеді. Енді осыларды ойлап жата бергім келеді, бірақ, өзімді қинап тұрып ұйықтаймын. Әрең ұйықтаймын. Бірақ, ойлаған нәрселерімді ойлап жатқым келе береді немесе Арман Қуанышбаевтың уағыздарын тыңдап жатқым келеді. Намаз оқымаймын. Бірақ, Алла қаласа, әкешім рұқсат берсе оқимын. Сұрағым сол, не үшін түнде ұйқым келмейді, не үшін тыңдап жатқым келе береді?

Айгүл

Ол ойлар дінге, намазға деген ынтаңыздың бар болғанынан болар.  Намаз бастаңыз, мүмкін болса орталық медресеге келіп түсінбеген сұрақтарыңызді білгеніңіз жөн. Адасқан топтарға ілесіп кетпеңіз.

Мен  тұрмыс құрғанмын. Бірақ, баяғы жүрген жігітімді ұмыта алмаймын, есіме түсіп кете береді. Ол күнә ма? 

Бұрынғыны ұмытып жаңа өмір бастаған екенсіз. Бұрынғы қателіктерге тәубе жасау керек. Ертеңгі өміріңізді бұзады, күнәға итермелейді. Өткенді ұмытқаныңыз жөн .

Жолдасымды қалай жұрыс жолға салуыма болады? Жолдасым «иә, болды, жөнделемін» дейді де, сөзінде тұрмайды. 

Дұға тілек жасаңыз, уақыт келер түзелер.

Мен 17 жастамын. Намаз оқығым келеді. Бірақ, ата-анам, ағаларым бәрі қарсы.  Мысалы, мен ұзын етек киіп, орамал тақсам күледі. Бірде, солай сабаққа бара жатқанымда ағам ұрысқан еді. Намазды бастайын десем, кей сүрелерді, айтатын сөздерді ұмытып қала беремін.  

Ойыңыз басқа жерде болғандықтан, басқа қона бермейді. Туған-туыстарыңыз түсінсін деп дұға жасаңыз. Аллаһ Тағала жол ашады.

Менің соңғы кездері дiнге деген сенімім, қызығушылығым арта бастады. Бұл жақсы ма?  Алла бұйыртса, алдағы уақытта, болашақта намаз оқуды ойлап жүрмiн. Мен дұрыс бағыттамын ба деген ой мазалайды?  

Талғат 

Әрине дұрыс бағыттасыз. Намаз оқуыңызға тілектеспіз.

Құмар ойыннан ұтқан қаржыны қайырымдылыққа жұмсауға болады ма және құмар ойыннан түскен қаржыға мешіт салдыруға болады ма?

Ерсін 

Кейбір ғалымдар: «Ондай ақша харам саналғандықтан оны алуға да, садақа ретінде де беруге де болмайды. Оны алып, жоқ қылып жіберу керек немесе тек қана лас жерлерде қолдануға (мысалы, әжетхана салуға) болады»,– деген. Бірақ, бұл өз кезегінде қаржыны желге шашып, жоқ қылу һәм қоғамда мұқтаж, кембағалдардың мүддесін көздеген шариғаттың рухына қайшы болғандықтан мәселені шешудің оңтайлы жолы емес. Сондықтан оны алып, қоғамдағы кедей, пақырларға  беруге болады. Имам Ғазали бұған қатысты манадай дәлел келтірген екен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне сыйға тартылған қойдың етінің харам жолмен келгендігін білген кезде оны кедейлерге жібергізген. Сонымен қатар әзірет Әбу Бәкір де Византиялықтардың ирандықтармен шайқаста жеңіске жететіндігіне қатысты біс тігіп, бәсі дұрыс шыққандығы үшін ұтып алған түйелерді де кедейлерге жолдаған.