Ислам асыл дініміз

Ассәламуғалейкум, құрметті имам! Сізге қояр сұрағым адыраспанды үйде жағады, сол нәрсе дұрыс па? Осының шығу тарихын айтып берсеңіз? Аллаһ разы болсын! 

Әділет

Құрметті, Әділет мырза, халқымыз дәрілік шипасы мол деп санаған шөптердің бірі -   адыраспан. Біздің ата-бабаларымыз оны үйдің босағасына іліп қоятын болған. Жын-шайтаннан сақтайды деп сенген. Әрине, адыраспан жын-шайтаннан сақтайды деу исламға қайшы түсінік екені анық. Дегенмен оның емдік шипасын жоққа шығаруға болмайды. Тұмау өршіген кезде үйді адырспан түтінімен ыстау - тұмау микроптарының жойылуына себеп болады. Адыраспан шөбінен дайындалған тұнбаларды біздің қазақ түрлі науқастарды емдеуге пайдаланған. Мәселен, адыраспан тұнбасымен ішкі мүшелерге суық тигенін, малярия, безгек, мерез ауруларын жазып емдеген. Тіпті оның түтінімен сал ауруын емдеген жағдайлар да болған. Бұрынғы уақытта адыраспанды ішек құртты түсіруге пайдаланған. Ауылшаруашылығындағы зиянкестермен күресте адыраспан ерітіндісі пайдаланылған.
Міне адыраспанның пайдасы осылай тізбектеле береді. Бірақ оны түтету Аллаға серік қосу деп қателесуге болмайды. Алла тағаланың емдік шипаларының бір тармағы осындай шипалы шөптерде жасырулы жатқанын ұмытпағанымыз жөн.

Исламдағы ер мен әйелдің құқықтары қалай?

Қуаныш

Құрметті Қуаныш мырза, Ислам діні отбасылық ғұмырдың баянды болуына тікелей әсер ететін міндеттерді ер мен әйелге мықтап жүктеген. Ислам жанұяның бақытты болғанын қалайды. Ал осы жанұяда тепе-теңдік, үйлесімділік сақталуы үшін ер мен әйелге өзіндік жауапкершіліктерді жүктеген. Әйелдің  ері алдындағы міндеттері:
1. Күйеуінің ар-намысын, абыройын қорғауы.
2. Күйеуінің мал-мүлкін, тіпті туысқанына беріп жібермей қорғауы.
3. Перзенттеріне тәрбие беруі.
4. Күйеуінің келісімінсіз, тіпті өз туысы болса да үйіне кіргізбеуі.
5. Қажет жағдайда болмаса, күйеуінің рұқсатынсыз үйден шықпауы.
6. Егер күйеуі Аллаға қарсы келмейтін болса, оған толықтай бағынуы.
7. Аяғы ауыр кезде және баласын емізу кезінде сабырлық көрсетуі.
8. Күйеуі айтқан сырларды өзгеге жарияламауы.
9. Күйеуінің ашуын тудыратын іс-әрекеттерге бармауы.
10. Күйеуі сырттан (жұмыстан, сапардан т.б.) келгенде күлімдеп қарс алуы.
11. Күйеуіне шамасы жетпейтін ұсыныс айтпауы.
12. Күйеуінің ата-анасына құрмет көрсетуі. Алайда әйел оларға құрақ ұшып қызмет етуге міндетті емес. Қызмет етсе, нұр үстіне нұр.
13. Күйеуінің көңіліне жақпайтын сөздерді айтудан сақтануы.
14. Күйеуі төсекке шақырса (үзірлі жағдайлардан тыс) міндетті түрде баруы.
Әйел жоғарыда айтылған жауапкершіліктерді орындауға міндетті. Лайықты түрде орындаса, нағыз салихалы әйелге айналады. Сонымен қатар, кез келген іске епті, пысық болса, екі дүниеде де күйеуіне бақыт сыйлайды.
Ерінің әйелі алдындағы міндеттері:
1. Ер азамат әйелінің тіл тигізгеніне сабырлықпен қарап, оған сөз қайтармауы.
2. Әйелін тура жолға тәрбиелеу.
3. Адал аспен қамтамасыз ету.
4. Бала тәрбиесінде әйеліне жәрдемдесу. Мұның барлығы да еркекке парыз етілген.
5. Әйелі өзіне ұнамайтын бір іс істеп қойса, қателіктерікне түсіністікпен қарауы.
6. Етеккір кезінде және жүктілік кезеңдерінде мүмкіндігінше оны шаршатпауға және тынықтыруға тырысу.
7. Әйел айтқан сырларды басқа жария етпеу. Бұл міндетті атқару екі жаққа да парыз.
8. Әйелі діндар және көркем мінезді болса, соның құрметіне, болар-болмас қателіктеріне кешіріммен қарауы.
9. Әйелінің кішігірім шатақ мінездеріне  сабырлық көрсету.
10. Әйелін сөкпеуі, жазғырмауы, кемішіліктерін бетіне баспауы.
11. Әйеліне жылы сөздерін арнап, тек жақсы сөз айтуы.
12. Әйеліне діни міндеттерді, әсіресе парыз-уәжіптерді үйретуі.
13. Әйелі өзін төсекке шақырғанда көңілі соқпаса да, әйелінің бір тілегін орындап жіберуі.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бес уақыт намазын оқыған, парыз оразасын тұтқан, етек-жеңін жапқан және күйеуіне бағынған әйел кісі жәннатқа кірді» деп айтқан екен. Бұл хадисте «жәннатқа кіреді» деп тұрған жоқ, «кірді» деп нақты айтып отыр. Дәл осындай әйелдер шейіттердің сауабына ие болады.

Құрметті өкіл имам, неге азан дауысы орталык мешітте шықпай қалды, егер көршілер арызданса шығармай қала беру керек пе, мүмкін ертең  әкімшілік  барлық  мешіттердің  азан даусын өшірткізетін шығар? Осының  бір  жолын тапсаңыз, рахмет.

Орталық мешітте соңғы кездері азан дауысы техникалық ақауларға байланысты дұрыс шықпай қалып жүр.  Бұл мәселе жақын арада өз шешімін табады.

Дуа, сиқырдың көмегімен екі жас ерлі-зайыптыларды  ажыратса нендей көмек бар?

Ерлі-зайыптылар сиқырдың жаман әсерімен ажырасқан жағдайда: алдымен сиқыр болды ма, әлде басқа себеп бар ма тексеру керек.  Егер, сиқыр болса, оны тауып жоқ қылу керек. Содан кейін екі жас намаз оқып таза жүруі керек. Үйде көбірек Құран оқылу керек.

Ел арасында бата-тілектерде Қыдыр қияласын, періште ұяласын, Қыдыр жолдас болсын деген айтылады. Осының  мағынасын түсіндіріңіздерші, жалпы дұрыс па?

Бата-тілектердегі  қолдау-қорғауды, жақсылықты Аллаһ Тағаладан сұрау керек. Қадыр, періштелерден, т.б. сұраудың қажеті жоқ.

Ассалаумағалейкум! Мен Нұрлыкент ауылынан болам. «Нұр-Мубарак» университетіне   түскім келеді.  Бірақ, үйдегілер қарсы болып жатыр. Қалай түсіндіремін?

«Нұр-Мүбаракта» оқу - парыз кифая («парыз кифая» - жалпы мұсылманға парыз бола тұрса да, кейбір мұсылмандардың іске асыруы арқылы барша мұсылманның мойнынан түсетін парыздар). Ата-ананы тыңдау - парыз айн («парыз айн» - әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, өтеуге борышты парыздар. Мұсылман бұл парыздарды жеке өзі орындауға тиіс).  Сол үшін ата-аныңыз қалаған оқуға түсіп, діни сабақтарды мешіттен алған дұрыс.

Сізге тағы да бір сұрағым бар еді, келіншегіммен некеге тұрғанда оған сыйға беретін махр деген сыйлығын сыйламаса ештеңе болмайма ?Рахмет.

Некенің дұрыс болу шарттарының бірі - махр беру. Махрсыз неке дұрыс емес. Кешіксе де беру керек.

Сәлеметсіз бе? Менің білгім келгені, зекет беру мен садақаның айырмашылығы неде? Рахмет.

Зекет беру нисапқа  жетсе, әр адамға зекет беру - парыз айн («парыз айн» - әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, өтеуге борышты парыздар. Мұсылман бұл парыздарды жеке өзі орындауға тиіс). Садақа - берсе сауап, бермесе күнә жоқ. Ол нәпіл амалға жатады.

Ассаламуалейкум, қазақтың домбырасын тарту харамға жатама? домбыра  тартқанда  тек күйлерді, термелерді орындағым келеді. Бұл жайында Исламда не айтады? Толық дәлелдермен айтып берсеңіз.

Уағалейкум ассалам! Музыка және музыкалық аспаптармен өлең айту, тыңдау үкімі жайлы Ислам ғұламалары 2 түрлі пікір айтады. І топ: Музыка тыңдау, орындау - харам дейді. ІІ топ: Егер бұзық өлеңдер немесе шахуатқа әсер ететін болса немесе жүрекке әсер етсе, онда музыка тыңдау, аспаптар  тарту - харам. Егер ондай әсерлер болмаса, онда үкімі - мубах (рұқсат етіледі).

Ассалаумағалейкум! Кейінгі кезде қолданыстағы  косметика және орбит сағызы халал емес екенін білдім. Сіздерден сұрарым Тараз қаласында кай жерде халал косметика сатылады?  Мешіттің жанынан басқа білесіздер ме? Алдын ала рахмет!

Уағалейкум ассалам! Негізінде барлық нәрсе - халал. Бір нәрсені харамға шығару үшін, оған анық өте мықты дәлел қажет. Ол күмәнсіз, яқин дәрежедегі дәлел болу керек. Біздегідей, косметика, «Орбит» сағызы,  т.б. бәрі мұсылман, араб мемлекеттерінде бар және пайдаланылады. Сол жердің ғалымдары оларды харамға шығарылмады.