Ислам асыл дініміз

Сәлеметсіздер  ме!  Мен сұрайын дегенім  Ислам  дінінде қай бағыт  дұрыс?

Ислам дінінде аһли-суннат уал-жамағат бағыты дұрыс. Оған 4 мәзхаб кіреді.

Ассаламуғалейкум курметті имамдар! Менің  сұрағым жауапсыз қалганы ма? Мен сіздерден Дарын  Мубаров деген уағызшы  жайлы сұрап едім... Оның уағыздарын  тыңдауға бола ма, әлде болмай ма? Не үшін?

Уағалейкум ассәлам! Дарын Мубаров діни басқармада тіркелмеген.  Оның уағыздарының қандай екенін білмейміз. Сол үшін уағыздарды мешіттерде тыңдау дұрыс болады. Немесе мешіттің сайттарында тыңдаңыз.

Ассалаумағалейкүм! 2-3 адам жамағат болып оқығанда Ханафи мәзһабы бойынша әйел адамға имам болуға бола ма? Фиқһ бойынша намазды көп оқыған (Құранды) адам оқысын делінген. Осындай жағдайда әйел адамның білімі маған қарағанда мол болса?

Уағалейкум әссалам! Барлық мазхабта әйел адам ешқашан имамдыққа шықпайды, қанша білімді болса да. Имам болуы шарттарының бірі - имам ер кісі болуы керек.

Ассаламуғалейкум! Күйеуім айлығыңды түгел үйге әкеліп бермесең өз тамағыңды өзің әкеліп бөлек іш деді. Мұндай жағдайда маған енді оның әкелген азығын жеу харам бола ма?

Уағалейкум  ассәлам! Әйелге күйеуі тапқан тамақты жеу харам емес. Себебі, әйел мен балаларын тамақтандыру шариғат бойынша ер адамның міндеті. Сол үшін ер адам тапқан тамақта әйел адамның хақы бар. Бірақ, әйел адам тапқан табыста, ақшада ер адамның ешқандай хақы жоқ. Бірақ, әйелі өз табысынан үйіне өз разылығымен тамақ алып келсе, ер адамға жеуге болады. Ақшасын әйелінің рұқсатынсыз әйелден ала алмайды.

Ассаламуғалейкум, кұрметтi бас имам! Мені мазалап жүрген үш сұрақ бар: 1) Әт-тәхиятты оқығанда сұқ саусақты көтеру дұрыс па? 2) Әрдайым дәретім бұзылғандай күмән туады, яғни бұзылмаса да бұзылды деген ой келеді. 3) Намаз оқып тұрғанда басыма неше түрлі жаман ойлар келеді, өте жаман ойлар, сол ойлардан қалай арылуға болады?

Уағалейкум ассәлам!

1)  Әт-тахиятты оқығанда сұқ саусақты бір көтеріп, қайта түсіреді.
             2)  Дәрет алғаны анық болса,  күмәнмен бұзылмайды. Дәрет бұзылды деуге анық себеп
                  болу керек.
             3)  Намазда «Ағузу биллаһи минаш-шайтонир-Ражим» деп айту керек.

Ассаламуалейкум! Кредит алу харам екені бәрімізге де белгілі. Енді менің сұрағым: қандай жағдайларда кредит алуға шариғат рұқсат етеді?

Уағалейкум ассалам! Кредит мәселесін ҚМДБ (муфтият) шешеді. Пәтуаны сол жақтан сұрау керек.

Ассалаумалейкум! Мен ауруханада, жан сақтау (реанимация) бөлімшесінде қызмет етемін. Сізге қоятын сұрағым: намаз оқып жатқан кезде бір науқастың жағдайы нашарлап, өміріне қауіп төніп тұрса намазымды бұзып көмек корсеткен соң, намазымды қайта жалғастырып окуға бола ма?

Уағалейкум ассалам! Мұндай қызметте болғанда, намаздың парыздарын оқу жеткілікті. Егер намазда тұрғанда көмек қажет болып қалса, онда көмек көрсетіп, кейін сол парызды оқу керек.

Ассәламуалейкум, құрметті имам! Қазірде өлген адамның қырқын жасағанда суретін іліп қойып, видео роликтер жасап  еске алу әдетке айналып жатыр. Осы дұрыс па? Ол жерге Құран түсе ме?

Уағалейкум ассәлам! Шариғатта  көп ысырап жасау құпталмайды.  Өлген адамның артынан  қалғандары ол үшін  ас беріп, Құран оқытып сауабын бағыштаса жеткілікті.

Ассаламуалайкум!  Мен шет  елден келгенмін. Менің намазым жолаушы намаз деп есептеле ме немесе намаздарды  толық окуға бола ма? Тараз қаласына келгеніме 7 ай болды.

 Уағалейкум ассәлам! Намаз толық оқылады. Себебі, сапар намазы 15 күн.

Ассәламуғалейкум! Шариғат бойынша қызға жақындау харам, ханафи мазхабы бойынша, қыздың қолына қолың тисе дәрет бұзылады, сонда қыздың қолынан ұстауға шариғат рұқсат бермеген бе?

Уағалейкум ассәлам! Ханафи мазхабы бойынша қыздың қолына бөтен адамның қолы байқамай тиіп кетсе, (мысалы: автобуста) дәрет бұзылмайды. Бірақ, бөтен қыздың қолынан ұстап жүру - шариғатта харам.