Ассалам уағалейкум! Иман дегенді қалай түсінсек болады?
Ержан
Уағалейкум ассалам, Ержан мырза! Ислам дінінің басты негіздерінің бірі иман болып табылады. Барлық пайғамбарлар әуелі иманның негіздерін жеткізген. Өйткені иман келтірмей тұрып жасалған ғибадаттың Алла Тағала алдында құны жоқ. Адам алдымен сенеді, артынан сенімнің қажеті болған ғибадатын өтейді. Сол себепті иманды және иманның шарттарын білу қажет.
Иман қалай жүзеге асады? Шүбәсіз сену жүректің ісі, тіл тек қана жүректе болған сенімді бейнелейді.
Алла Тағалаға шын көңілден сеніп оны мойындаған кісі мүмін. Көңілден сене тұрып оны мойындамаған, тілімен білдірмеген кісі Алла Тағала алдында мұсылман деп саналғанымен, сенген ісін мойындамағаны үшін де ол күнәһар деп есептеледі. Иманның негіздері жеті түрден тұрады. Әйгілі хадисте Жабрейл (Ғ.С) Пайғамбарымызға (Ғ.С):
«Иман дегеніміз не?» -деп, сұрағанда, Пайғамбарымыз (Ғ.С):
« Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне сенуің, сонымен бірге тағдырға және жақсылықта-жамандықта Алладан деп білуің, өлгеннен кейін қайта тірілуің»-деген.
Имам Бухари, Муслим риуаяты.
Шынында іс-әрекетті иманның негізгі бөлшегі етіп көрсеткен осы тектес аят және хадистер көп.
Алла Тағала Құран Кәрімде : «Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, пайғамбарларға, кітаптарына иман келтірсе және жақындарына , жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып мал сарып қылса әрі намазды толық орындап зекет берсе өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар»
(Бақара сүресі-177 аят.)
« Шын мәнінде иман келтіріп , Раббыларына тәуекел еткендерге шайтанның бір үстемдігі болмайды. Шынында оның үстемдігі, оны (шайтанды) дос тұтып Аллаға серік қатушыларға ғана жүреді»
Нахыл сүресі - 99,100 аяттар.)
Пайғамбар (Ғ.С) « Иман 60-тан аса бұтағы бар ағашқа ұқсайды . Аллаһ және адамдардан ұялып күнәға бармау, осы бұтақтардың бірі» -деген.
Пайғамбар (Ғ.С) : «Бір адамда осы үш қасиет болмайынша иманы толық болмайды:
1. Ынсапты және әділетті болу.
2. Баршаға сәлем беріп жүру.
3. Өзі кембағал болса да садақа беріп жүру »-деген.
Пайғамбар (Ғ.С): «Жақсылық істерің еске түскенде жүрегің қуанышқа толып, жамандықтарың еске түскенде жаның қысылып, өз-өзіңді қоярға жер таппасаң- сен имандысың», - деген.
« Имандылықтың үштен бірі - ұялу, үштен бірі- даналық, үштен бірі-жомарттық»
хаз. Омар (р.л.ғ)
«Құдайдың қарғысы тиген ауру - надандық, кешпес күнәсі-тәкаппарлық. Иманды ақыл табады, сабыр сақтайды. Шайтаннан қашсаң дәрет ал. Себебі, шайтан оттан жаралған, ал өрт сумен өшіріледі»
Қанатты сөз.
Умар ибн Абдулъазиз Ади ибн Адиге былай деп жазды: «Шын мәнінде иманның да парыз амалдары, белгілі шекаралары, орындалуы тиіс сүннеттері бар. Демек, кім осыларды толық орындаса, иманы кәміл болады. Кім жеткілікті дәрежеде орындамаса, иманы әлсірейді.»
Ибн Омар: « Адам көңіліндегі күнаға апаратын күдікті тастамайынша, толық иманды бола алмайды», -деген.
Адам үнемі Алланың азабынан қорқып , рахматынан үміт үзбей, қауіп пен үміттің арасында болып тілек, дұға қылу керек.
«Кімде-кім жақсы болсын, жаман болсын ғибадат қылып жүрсе, оны ғибадаттан тиюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Бірақ ондай адамдар толымды ғибадатқа ғылыми жетпесе де, тастамаса екен. Сондай-ақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі иманның сенімін берік қылу керек. Екіншіден үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене беру керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Бірақ, кімде-кім иман неше нәрсемен кәміл болатынын және неше жерден бұзылатынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көріп, рузашыл, намазшыл болып жүргені көңілге қалың бермей тұрып жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласымен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.»
Абай.
«Әркіммен жылы жақсы сөйлесіп жүріңіздер. Өйткені ол адам сенің соңғы кездескен, соңғы сөйлескен адамың болуы мүмкін»
Л.Н.Толстой.
«Иман мен намаз егіз. Бірақ иман намаздан бұрын дүниеге келген.»
Қанатты сөз.