Ассаламуалейкум! Менің намаз оқығаныма ата-анам қарсы болып жүр, бірақ, менің жұма намазға барғаныма қарсы емес, кей адамдар айтатын маған ер бала әке-шешесіне бір жағдайда ғана қарсы шығу керек деп. Бірақ мен соны тыңдап оқимын деп әке-шешеммен ұрысып қалдым содан бері әке-шешем араларымыздағы қарым-қатынасымыз шиеленісіп кетті. Бірақ, намаз оқығым келеді не істесем болады? Көмектесіңізші.
Самат
Уағалейкум ассалам! Самат мырза, біле білсеңіз бұл дүние сынаққа құрылған. Жалған өмір сонысымен мәнді. Егер өмірдегі барлық жағдай тек жақсы жағына бұрыла берсе, сынақтың да мағынасы қалмас еді. Мысалы, ыстықтың не екенін суықты сезіну арқылы білеміз.
Тәттіні ащы арқылы дегендей. Ал бірыңғай тәтті, жақсы, сұлулық, молшылық, байлық, тоқтық, т.б. болса, біз оның пайдалы жағын қалай айырамыз? Міне сол секілді сынақ әлемінде біз ізгілікпен қатар қатігездікке, жауыздыққа, әділетсіздікке де тап келеміз.
Біздің міндетіміз сол келеңсіз жағдайларға тап болғанда сабырлылық, салихалылық танытып, қайта сол қиындықты шешудің төте жолын табу. Мен сізге бір уақиғаны айтып берейін: Баяғыда бір патша түс көріпті, түсінде бір іс көріпті. Қорқынышты түс екен. Патшаның екі түс жорушысы болыпты. Содан әлгі патша бірінші түс жорығышты шақырып алып, жағдайды айтқанда, түс жорушы: «Алдияр патшам, түсіңіздің мәнісіне қарағанда, сіздің мына үрім бұтағыңыз түгел қырылып қалып, тек сіз ғана қалады екенсіз» деп көсіліпті. Бұған ашуланған патша: «Жағыңа жұмыртқа ұялағыр, сен айтып оттап кеттің» деп зынданға тастапты. Содан екінші түс жорушыны әкеліпті.
Ол сондай салиқалы, ақылды түс жорушы екен. Әлгі түс жорушы: «Алдияр патшам, түсіңізге қарап мынадай қорытындыға келдім, сіздің жасыңыз мына әулеттегі туыстарыңызға қарағанда әлдақайда ұзақ болады екен» депті. Бұның жауабына дән риза болған патша иығына шапан жауып, сый-сияпат жасапты. Ал осы оқиғаға қарар болсақ, екі түс жорушының айтқаны бірдей, бірдей нәтиже, бәрібір соңында патша қалады, туысқандары дүниеден қайтады. Бірақ бірінші түс жорушы айтарын дұрыс жеткізбеді, төтесін тарс еткізді. Ал екінші түс жорушы асқан ақылдылықпен жеткізді, майдалап жеткізді.
Міне Самат, сіз де ата-анаңызға түсіністікпен қарап, сабыр етіңіз. Исламды жеткізіңіз, бірақ ашуға ерік бермеңіз. Пайғамбарымыз немере ағасы Әбутәліп иманға келмеді деп кейіген жоқ қой, керісінше сыйлады оны, сабыр көзімен қарады. Сіз де солай жасаңыз, бәлкім Алла оларға тура жолды нәсіп етіп, күндердің күнінде намазхандардың қатарына қосылар.