Ассәламуғалейкум! Жақын арада бес уақыт намазды бастап едім. Бильярд ойынын достарыммен ойнап тұрсам болады ма? Рахмет.
Уағалейкум ассалам! Аллаһ намазыңызды қабыл етсін! Жалпы, ислам діні адамның денсаулығына, асыл уақытын зиян келтірмейтін спорттың қай-қайсысына болсын қарсы емес. Спорт ойындары адам денсаулығының мығым болуына әсер ететінін ғылым әлдеқашан мойындаған. Ал адамға пайдалы істерді Ислам әлдеқашан әмір етіп қойған Құран, хадистерде.
Бильярдқа келсек, егер ол құлшылық етуге, сауапты істерді жасауға кедергі болмаса, ислам бұйырған әмірлер өрескел бұзылмаса, бильярд ойнауға рұқсат. Бильярд ойыны жайдан-жай тасты таяқпен ұра салатын ойын емес. Ол адамның қырағылығын, ептілігін талап етеді. Сондықтан бильярд спорттың бір түріне жатады. Бильярд ойынына ақша тігілетін болса, онда харамға жатады. Исламда ақша тігіліп ойналатын ойынның қай-қайсысы да харам болып саналады. Бильярд ойынының бір ерекшелігі, бильярд ойынында бірінші, адам ойланып, дәлдеп, көздеп тұрып, содан кейін нақты әрекетке көшеді. Ал құмар ойынында керісінше, адам әуелі әрекет етіп, кейіннен нәтижесі қалай болар екен деп ойланып, мүмкіндікті дәмете бастайды. Осыған қарап бильярд ойынын құмар ойындарына жатпайтынын байқаймыз. Бірақ мына төмендегі шарттардың табылғаны жөн:
1. Ақша тігілмеуі керек.
2. Ойын барысында бірін-бірі балағаттауға, күш көрсетуге, намысқа тиер сөздер айтуға болмайды.
3. Ойнаушы адам бильярдың кесірінен өзінің басты міндеті саналған құлшылық етуін, білім алуын, жанұя тәрбиесін ұмыт қалдыруға болмайды.
Дегенмен, асыл уақытымызды мүмкіндігінше құлшылықпен өткізу, бәрінен де қайырлы екенін ұмытпайық, қысқа ғұмырымызды сауапты істерге арнайық. Намаздың спортқа бергісіз теңдессіз құлшылық екенін есімізден шығармайық.