Ислам асыл дініміз

Ассаламуалейкум!  Әйел адамды не азғырады? Және  соны қалай түзеуге болады?

Зарина

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух.  Азғыратын шайтанмен жын бар. Сынақ ретінде берілген бұл пәниде адам баласын азғыратын нәрселер көп. Соның ең бастысы нәпсі мен шайтан екені анық. Алла Тағала әу баста періштелер мен жындарды жаратқанда, шайтан жындар қатарынан табылған. Оны кейде әртүрлі атап жатамыз. Шайтан (сатан) сөзі иудейлердің Тәуратында «қарсы күш» ретінде сипатталса, христиандардың Жаңа Өсиетінде бұл дүниенің иесі ретінде білінген. Алланың қарғысына ұшырағанға дейінгі есімі «Әзәзіл» (Құдайдан қолдау тапқан) болған. Әзәзіл от мәңгілік, ал топырақ мәңгілік бола алмайды деп түсінген деседі. Әзәзіл Адам атаның өзінен артық жаратылғанын мойындап, сәжде жасамаған уақыттан бастап «Ібіліс» атанған. Ібіліс «жақсылықтан үміт үзген, опық жеп өкінген» деген мағынаға келеді. Ал «шайтан» (рақымнан аластатылды, ызаға булықты) атануы өзінің оттан жаратылғанын артық санап, Жаратушы иенің қарғысына ұшырап, Адам ата мен Хауа анаға өштесіп азғыра бастауымен байланыстырылады. Оның Ғарур (тым тәкаппар), Кафир (кәпір), Малғұн (лағынеттелген), «Адуу» (дұшпан), Мұдилл (адастырушы) деген секілді т.б. өзінің нашар қылықтарына тән атаулары жоқ емес.     

Ислами түсінікке сай әр адамда өзін азғыратын шайтан мен оған дұрыс жол сілтейтін періште болады. Тіпті, пайғамбарлар да бұдан шет қалмаған. Өзге қасиетті кітаптарда Әйүп (а.с.) пен Иса пайғамбарға да (а.с.) шайтанның жамандықтар жасағандығы келтірілген. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) бір жолы бір мәселеге орай «Әр адамның шайтаны болады» дегенде, «Уа, Алланың елшісі, сізде де бола ма?» деген тосын сұрақ қойылады. Сонда Расулалла «Иә, бірақ Раббым маған көмектесті, сол себепті ол маған бағынады» деп жауап қатқан (Мүслим, Мұнафиқун 11).

Құранда айтылған сұрықсыз қылықтарына қарап отырып шайтанға тән дұшпандық түрлерін, адамды қалай азғыратыны жайлы жалпы түсінік алу қиын емес. Әуелі оның өте әккі, әбден машыққан, тәжірибелі, мың сан айлалы әрі адамға қас пиғылды дұшпан екенін ескерудің мәні зор. Шайтан пенденің осал тұстарын жақсы біледі. Сондықтан да, рингтегі боксшының сәл мүлт жіберген тұсынан соққы алғанындай, ол да адамның бір сәттік осал тұсын қапы жібермейді.

Шайтан адамға өмірлік мақсатын түсінуге, «Кіммін? Не үшін өмір сүріп жүрмін? Өлген соң не болады?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеуге мұрша бермеуге тырысады. Сол үшін де көңілін басқа жаққа бұрып, оны арзан ойын-күлкі, сауық-сайранмен алдап, ойсыздықта ұстайды. Үсті-үстіне күнәға тартып, ар жағын ойлатпай, іштей тек рахат іздеп тұратын құмарлыққа салады. Есін жиюға талпынған сәттерінде «өмір бір-ақ рет беріледі, тіршілікте армансыз ойнап-күл» деген тым таяз түсініктен әріге барғызбайды.

Адамның алдағы күнге деген үмітін үзу, әр ісінде өзін ақтау, бәрін бүгінмен шектеу, құмар ойындары, асығыстық, жауапсыздық, өркөкіректік, өзімбілемдік пен мақтан да оның белгілі құрығына жатады. Арсыздыққа салса да атаққа құмарту, қандай жолмен болса да байысам деу, құлқынның құлы болу, өткінші нәрселерге деген әсіре әуестік те шайтанның лас істерінен.

Ғапылдық, күмән, шешімсіздік пен табансыздық, қараңғылық, өтірік, өсек, жала, көзбояушылық, тағдырға разы болмау, сараңдық, қырсықтық, шектен шығу, өз ісін әрқашан ұнату, алда есеп күні барын ұмыту да адамды шайтанға байлап беретін тұзақтар болып саналады.

Адам бұндай кеселдерден тек берік иман арқылы ғана құтылады. Сол үшін де әр ісіне шайтанның араласуы мүмкін екенін ескеріп, «Аузу биллаһи минаш-шайтанир-ражим» (Алланың рақымынан қуылған шайтанның кесір- кесепатынан сақтай гөр) деп айтуды өзіне әдет етеді. Шексіз құдіретінен медет тілеп, жалбарынып пенде Алла Тағалаға жақындай түскен сайын шайтан оған ештеңе істете алмай дымы құриды. Өйткені, адамның көңілін азғырып, түрлі ой салып түрткілегеннен басқа шайтанның өзге ештеңеге қауқары жоқтығы белгілі. Иманы артып, руханияты күшейген сайын тіпті шайтан ондай мұсылманнан сескеніп қашатын болады. Бұған әйгілі сахабамыз хазірет Омардың (р.а.) өмірі дәлел. Бір жолы ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Әй, Хаттабұлы Омар! Шайтан жүзбе-жүз келуге әрдайым сенен тайсақтайды. Сенің бір жолда кетіп бара жатқаныңды көрсе, міндетті түрде ол одан басқа жолға бұрылып кетеді» деген болатын (Бұһари, Фадаилул-асхаб, 6). 

Менің қоятын сурағым жолда кетіп бара жатқанда моланы көргенде қол жайып аумин деп жатады сол дұрыс па бұрыс па не стеу керек?

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух.  Моланың жанынан өтіп бара жатқанда қабырдағыларға сәлем беріп  дұға жасап өту керек.яғни «Әссәләму алейкум я әһләл қубур» аудармасыАлланың сәлемі қабыр иелеріне болсын. Деп алладан жарылқау тілеп өту керек.

Мен намазға жығылғалы 1 жыл толды, бірақ соңғы кездері иманым әлсіреп намазды уақытында оқымай жүрмін. Иманымды арттыру үшін не істей аламын? 

Айгері

Иманды күшейту үшін көп нәрсе бар. Бұлардан бірнешеуін білдірейік:
1) Жақсы мінезді болу;
2) Үнемі Аллаһ Тағаланы еске алу;
3) Ықыласты болу;
4) Жомарт болу;
5) Өз еркінде болмай үлкен бәлелерге тап болу (Салих адамдар үшін);
6) Харамдардан қашу;
7) Күпірге түсуден қатты қорқу;
8) Жақсы көретін адамын Аллаһ үшін жаұсы көру. Жаман көретін адамын Аллаһ үшін жаман көру;
9) Салих болу;
10) Намазға қатты мән беру.

Бұл тақырыптағы хадис шәрифтерде былай делінеді:

            «Иманы ең қуатты мұсылман жақсы мінезді болғаны. Адамдар жанына оңай жақындай алады, келіп, кетушілері көп болады. Барлық адамдармен жақсы қарым-қатынаста болады. Айналасындағылармен сиыса алмайтын адамда қайыр болмайды.»(Табарани)

            «Қайда болса да Аллаһу та’аланы ұмытпайтын адамның иманы қуатты.» (Бәйһақи)

            «Аллаһ үшін жасаған істерінде жазғырылудан қорқпайтын, амалы ықыласты болатын, екі істің бірі ахыретке, бірі дүниеге пайдалы болса, ахыретке пайдалы болғанын таңдайтын адамның иманы қуаттанады.» (Дәйләми)

            «Құран оқу және Аллаһты зікір ету иманды қуаттандырады.»(Дәйләми)

            «Ең ауыр бәле пайғамбарларға, әулиелерге және бұларға ұқсағандарға келеді. Адамның иманы мықты болған сайын бәлеге душар болады. Иманы мықты болса, бәлесі ауыр болады. Иманы әлсіз болса, бәлесі жеңіл болады.» (Тирмизи)

            «Жомарт мұсылманның иманы қуатты болады.» (Дәйләми)

            «Аллаһтан қорқып харамға қарамаған адам иманының ләззатын сезінеді.» (Табарани, Хаким)

            «Аллаһты және расулуллаһты барлық нәрседен артық жақсы көретін адам, тек Аллаһтың жақсы көгендерін жақсы көретін және күпірге түсу қорқынышы отқа жану қорқынышынан да басым болған кісі иманының ләззатын сезінеді.» (Бұхари)

            «Үш нәрсе иманның ләззатын арттырады: Аллаһ және расулуллаһты барлық нәрседен де артық жақсы көру, өзін жақсы көрмеген мұсылманды Аллаһ разылығы үшін жақсы көру және Аллаһтың дұшпандарын жақсы көрмеу.» (Табарани)

«Жақсылық еткенде қуанып, күнә істегенде өкінетін адам иманды.» (Табарани)

Таң ертең және кешке мына дұғаны оқыған адам ширкке түсуден құтылады және иманы қуаттанады:

«Аллаһуммә инни ә’узу бикә мин ән ушрикә бикә шәй-ән уә әнә ә’ләму уә әстағфирукә лимә лә ә’ләму иннәкә алламул-ғуйуб.» (И. Ахмед)     

Мен араб тілін білмеймін, бірақ дұға мен сүрелерді оқимын, ол күнә емес пе?

Салтанат

Мүмкін болса араб әріптерімен оқыған жөн. Бірақ басқа тілде оқу күнә емес.

Ассалаумағалейкум! Ораза  кезінде ауыздағы түкірікті  жұтыуға бола ма?

Сайра

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух!  Түкірікке адам баласы мұқтаж. Бірақ оразада түкірікті жинап жұтуға болмайды,  яғни мәкруһ амалына жатады.

Әссәләму әлейкум уа рахматуллаh! «Ия Муджибу дағуати тәммати»  арабшасын жаззаңыздар және аудармасын. Осылай дұға етсе Аллаһ жауап беруі сөзсіз дейді рас па?

Жеңіс 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! «Ия Мужибуд  дағуатит тәммати» дұғасының аудармасы «Барлық дұға тілектерге жауап беруші Аллаһым». 

Ассаламуалейкум уа рахматулахи уа баракатух! Адам жұмаққа барса жасы 33-те болатыны рас па?

Жұмағали 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Иә, Пайғамбарымыздан келген хадисте жап-жас қалшылдаған жаста кіреді делінген. Бұйырса, сол жаста кіреді екенбіз.

Ассалаумағалейкум! Намазға жығыла алмағандар тәспі  қайыруына болады ма,  яғни 5 уақыт намаз орнына тәспі қайырса болады ма? Ақыл  қосыңызшы өтінемін.

Хантөре 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Әрине тәспі кез келген адам 33 рет  «Субханаллаһ»,  33 рет «Әлхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар»  деп қайырса болады. Басқа да дұғаларды,  қысқа сүрелерді тәспімен оқысаңыз болады.

Ассалямуалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Автобуста  қыз тұрса,  қасында немесе қызбен сөйлескенде қасында тұрғанда немесе қасында көп отырғанда, немесе қолдан ұстап құшақтағанда, жыныс мүше суланып кетсе,  аз мөлшерде немесе орташа мөлшерде ғұсыл алу парыз ба?

Мағжан 

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух!  Ерлі-зайыптылар жыныстық қатынаста болса, ұйқыда немесе ояу кезінде ләззатпен шәуіт шықса жүніп болады. Сонымен  қатар есінен танған, мастығынан айыққан, ұйқысынан тұрған адам бойынан ылғал бір нәрсе тапса, ғұсыл құйынғаны абзал. Бұл жағдайларда намаз оқуға, Құран ұстауға болмайды.

Ассаламуалейкум! Пайғамбарымызға  (с.а.у) ең абзал қандай салауат айтса болады?

Данияр  

Уағалайкум сәләм уа рахматтулахи уа баракатух! Құран Кәрімде: «Расында, Алла пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер[1]»,-деп әмір етілген.

Алла тағаланың пайғамбарға (с.ғ.с.) салауаты – періштелерге мақтауы, періштелер салауаты – пайғамбарға дұға етуі. Суфиян Сәури (р.а.): Алла тағала салауаты – рақымет, періштелер салауаты – истиғфар. Бұл аятта Алла тағала пенделерге құлы әрі елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көктегі мәртебесі айтылып, салауат айтылу әмір етілуде.

Салауат – дұға тілек дегенді білдіреді. Араб тілінде намазды да салауат деп айтады. Өйткені, намаз ең үлкен дұға. Құран әмірі бойынша мұсылманға өмірінде бір рет болса да салауат айту міндет. Сондай-ақ, күнделікті айтып жүру мұстахап.

Ибн Ато: Дұғаның қабыл болуы үшін оның: негізі, қанаты, себебі және уақыты бар. Дұға негізімен түйіссе күшейеді, қанатына сай келсе аспанға ұшады, уақытына сәйкессе ұтады, ал себебіне орындалса қабыл етіледі. Дұға негізі – жүрек тыныштығы мен жұмсақтық, барлық себептерден бас тартып қалыпты Аллаға байлау. Қанаты – шынайылық, уақыты – сәресі, қабыл болу себебі – пайғамбарға салауат,-деген екен.

Ибн Мәсғұд (р.а.): «Сендердің бірің Алла тағаладан сұрайтын дұғасы болса Оған лайықты түрде мадақ айтудан бастасын, сосын пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып барып тілесін, осылай ету қабыл болуға лайықтырақ[2]»,-деген екен.

 

Салауат айтудың артықшылығы

 

Абдулла бин Масғуд (р.а.): «Қиямет күні ең жақсы адамдар маған көп салауат айтқандары[3]»,-деген хадис риуаят еткен.

Әбу Талха әкесінен риуаят етеді: Алла елшісі (с.ғ.с.) бір күні жүзінен қуаныш байқалып келді. Адамдар: уа, Алла елшісі! Жүзіңізден қуаныш көріп тұрмыз,-деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Маған періште келіп: уа, Мұхаммед! Раббың: үмбетіңнен саған біреу бір салауат айтса, Мен оған он салауат (рақымет) беремін, үмбетіңнен саған біреу бір сәлем айтса, Мен оған он сәлем беремін, осыған ризасың ба?,-деді. Мен: әрине,-деп жауап бердім[4]».

 

Салауат айтпау – сараңдық

 

Пайғамбарымыз есімі айтылғанда салауат айтпау нағыз сараңдық. Себебі, пайғамбарға бір салауат айтып, есесіне Алла тағаладан он салауат алғысы келмеген адамнан асқан сараң болмайды. Әли бин Хусейн әкесінен (р.а.) риуаят етуде: «Сараң – менің атым айтылған кезде маған салауат айтпаған адам[5]».

 

Салауат үлгілері

 

Салауаттың түрлері көп. Ең қысқасы Пайғамбарымыз есімін естігенде «алейһис соләту уәс сәләм» немесе «салла Аллаһу алейһи уәс-сәләм» деп айту. Бұл жөнінде Имам Науаи: Пайғамбарға дұға салауат пен сәлем қоса айтылып жасалады. Бұл «Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер[6]»,-аятынан алынған[7],-деген.

Риуаятта сахабалар пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): уа, Алла елшісі! Сізге қалай салауат айтамыз?,-дегенде пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллоһумма солли ала Мұхаммадин уә әзуәжиһи уә зурриятиһи, кәмә солләйтә ала әли Ибраһимә, уә бәрик ала Мұхаммәдин уә әзуәжиһи уә зурриятиһи, кәмә бәрактә ала әли Ибраһимә, иннәкә Хамидум Мажид»,-деп айтыңдар[8],-деген екен.

Мағынасы: Аллаһым, Мұхаммедке, оның жұбайлары мен ұрпағына Ибраһим отбасына салауат еткендей рақымет ет. Және Мұхаммедке, оның жұбайлары мен ұрпағына Ибраһим отбасына берекет еткеніңдей береке бер. Расында, Сен Хамид (мақтаулысың) Мажид (даңқтысың).

Салауаттың ең көп айтылатын түрі намазда оқылатын «Аллоһуммә солли» және «Аллоһуммә бәрик» салауаттары.

 

Аллоһуммә солли

 

«Аллоһуммә солли ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммадин кәмә солләйтә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһимә иннәкә Хамидум Мажид».

 

Аллоһуммә бәрик

 

«Аллоһуммә бәрик ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммадин кәмә бәрактә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһимә иннәкә Хамидум Мажид».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір дұға-тілек аспан астында бүркеліп тұрады. Егер маған айтылған салауат келсе дұға көкке көтеріледі[9]», – деген. Салауат айту – дұға-тілектің қабыл болуына үлкен себепкер.

 

[1] Ахзап сүресі, 56-аят
[2] Әш-Шифа, 306-бет
[3] Термизи
[4] Ахмед, Насаи
[5] Ахмед
[6] Ахзап сүресі, 56-аят
[7] Мұхтасар Ибн Касир, 3-том, 141-бет