Әссәләму әлейкум! Ырымға сену дұрыс па? Ол деген шариатта бар ма? Бойтұмар деген ширк па, оны тағу дұрыс амал бола ма? Үшінші сұрағым хиджаб кию парыз ба?
Елдос
Уағалейкум сәләм уа рахматуллахи уа баракатуһ, Елдос бауырым! Адам табиғаты естіген, көрген нәрселерінен бір мағына шығарып, оны жорамалдауға құмбыл тұрады. Жақсы нәрсе естіп немесе көңіліне хош нәрсені көрген сәтте оны жақсылыққа жорамалдаса, ұнамсыз сөз естіп, жағымсыз нәрсе көрген кезде оларды жамандыққа ырымдай бастайды. Міне сондықтан пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ешбір адам үш нәрседен: жорамалдау мен күдікті ойдан, қызғаныштан құтыла алмайды» деп, адам баласының осы табиғатын білдірген. Бірақ нағыз мұсылман мұндай сезімдерге жол берместен барлық істерінде Жаратқанға тәуекел етеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жоғарыдағы хадистің жалғасында: «Көңіліңе келген ырымға иек артпай, жолыңды жалғастыр, қызғанышың сыр берсе, оны шектен шығарма, ойыңа күдікті ой оралса, оны ақиқатқа айналдырып, жүзеге асырма!» деп көңілге түскен ырымды негізге алып, жолдан қайтуға, яки бастаған істі тастауға болмайтындығын ескерткен.
Міне, сондықтан Алла елшісі: «Ырым жасап, оған иек арту – ширк. Алайда Алла ырымды тәуекелмен жояды» деп ырымдаудың күнә екенін әрі тәуекел арқылы одан құтылуға болатындығын білдірген.
Тұмар тағу дегеніміз – түрлі қауіптен қорғайды деп, өзіңді-өзің жұбату ғана, психологиясы әлсіз, рухы нашар адамдардың ісі секілді, меніңще. Егер Рухыңызды күшейткіңіз келсе, өзіңізге деген сенімді арттырғыңыз келсе, Құран сүрелерін жаттап алып, оқып жүріңіз, мұңайған, қиналған, шошынған сәттерде жаныңызға демеу болары сөзсіз, және де оның пайдасы болмаса, жеке басыңызға ешбір зияны жоқ...
Ислам дінінде, ақыл-есі толмаған балаларға, немесе есін білмейтін ауру адамдарға рұхсат. "Ата-бабаларымыз бұрын тұмар таққан" деуіңіз мүмкін?! Ия, дұрыс айтасыз, бұрынғы ата-бабаларымыз оны көбіне, кішкентай нәрестенің бесігіне тағып қоятын болған. Біріншіден, сәбидің ақыл-есі әлі толмаған, екіншіден, бесіктің маңайы әрқашан таза болады. Тұмар тағудың тағы бір және ең басты "күнәсі" бар, сіз тұмар таққан соң, "бұл мені жын-періден, түрлі қауіптен қорғайды" деп сенесіз, сондай сәтте бірінші, сол тұмарға, екінші Аллаға сенесіз. Бұндай сәттерде шайтанның арбауына түскендей, Алла еріксіз екінші орынға ысырылып қалғандай болады... Шайтанның да бар мақсаты да сол, сенбейтін нәрсеге сендіріп, Жаратушыны кейінге ысыру! Сөйтіп, ол сізді Исламдағы ең үлкен күнә - бір Аллаға ширк (серік) қосуға итермелейді, және де ұстаған оразаларыңызды, тілеген тілектеріңізді, жасаған сауаптарыңызды жойып, бәрінен жұрдай қылуы мүмкін...
Хиджабқа қатысты жауап, бұл — балиғатқа толған ақыл-есі дұрыс кісілерге міндеттелген істер. Сол міндеттелген істің бірі — хиджаб тарту. «Әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын. Ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын. Мәжбүр көрінген жерлерінен тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Орамалдарын жағаларын да жабатындай етіп тақсын». («Нұр» сүресінің 31-аяты).
Хиджаб — құлшылық-ғибадат мақсатымен киілетін киім. Құранда қыз-келіншектердің киетін киімінің нақты пішімі көрсетілмеген. Бірақ нақты қай жерлерді ашық қалдыру керектігі жазылған. Мәжбүр көрінген жерлер дегеніміз — бет, білектен төмен екі қол, тобықтан төмен екі аяқ. Сондықтан басқа дене мүшелерін жабу керек. Бұл — Алланың бұйрығы.