- Құрбан айт
- ҚАРАЛДЫ: 5944
Құрбан айт – ұлттық мереке
Құрбандық шалу
Құрбан – араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – “шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау” дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал “ұдһия” деп аталады.
Құрбандық шалу мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан Құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда “Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым” (“Зарият” сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.